СӘБЕҢ ЖАРЫҚТЫҚ
─ Сәбең (Сәбит Мұқанов) жарықтық мені жақсы түсінетін. Не айтсам да, көтеруші еді. Бірде көңіліне тиіп қалғаным. Сасып, сұп-сұр болған кезде бетінің шұбары тереңдеп кетеді екен.
─ Әп-е, — деп, біраз үндемей отырды да, әлден соң:
─ Әй, Бауыржан, Мәриям жеңгең қазы асып жатыр еді, — деді. — Әлі піспеген көрінеді. Екеуіміз саяхаттап, серуендеп кеп соны жейік.
Серуенде әлгі тақырыпқа қайта оралмадық. Өзі бір нәрсе бастайтын шығар деп мен үндемеймін. Көп жерге ұзап кеттік.
Сәбең және қылжақ кісі болатын. Арадағы ренішті ұмытайық деді ме, күлкілі әңгімелерді соға берді. Мен күліп қоямын. Медеу шатқалына қарай біраз жүріп тастаппыз.
Сәбеңнің палатасына келдік. Қазы дегенге жылқының қазысы ма десем, қозының үлкендігіндей үйректің ағайыны, кәдімгі қаз екен.
Мәриям жеңгей тамақ әзірлеуге ұста ғой. Шара толы қаздың етін Сәбеңнің алдына қойды. Ол рахаттанып отырып кездікпен қанат, борбайын бөлшектеп тұрады.
─ Мәриям, Бауыржан екеуіміз жақсы әңгімелесіп қайттық, — деді сосын. Тамақты жақсы жейді екен. Мен шұқылап қоям.
─ Әй, Бауыржан, асап-асап же. Сен батырсың ғой. Батырдың ыстық быламық ішкені туралы мынандай аңыз бар, — деп соғып отыр. Мен білетін қазақ жазушыларының арасында дәл Сәбеңдей әңгімені қызықты етіп айтатын ешкім жоқ.
Тамақтан кейін біраз әңгімелесіп, Сәбең мені жоғарыдағы санаторийге шығарып салды. Жолда:
─ Бауыржан, бүгін жақсы әңгімелестік, — деді. Дауыс ырғағынан мұңайғанын сезіп келем. Серуенде де, үйінде де бәрін жуып-шаям деді. Мен болсам, бедірейіп, түсімді жылытпадым.
Кенет «аһ!» деп күрсінді.
«Е, өкініп келе жатыр екенсің ғой, шал» дедім ішімнен. Обалы не керек, Сәбең сонда мені дұрыс түсініпті. Олай дейтінім, ертесіне өзі кеп тағы мені серуенге шақырды.
─ Әй, Бауыржан, біз пәлен жылдан таныспыз. Бірақ та, менің байқауымша, сен бетің бар, жүзің бар деместен, ашық айтады екенсің, тіке айтады екенсің, — деп екі минуттай үндемей қалды. Мен жауап бергем жоқ. Сәбең шыдай алмай:
─ Сен кеше маған қатты сөз айттың. Мен де саған қатты сөз айтам. Көтергін.
─ Айтыңыз, Сәбе.
─ Осынша атағың бар. Тағы да сен атақты ақымақ емессің, білімің бар. Текті жердің баласы екенсің. Көп нәрседен ұғымың бар екен. (Айқайлап келе жатыр). Бірақ та сен соны бағаламай жүрген ақымақсың, — деді.
─ Сәбе, дұрыс айтасыз. Бүйтіп айтып отырған себебім, екеуіміз екі заманның адамымыз, — дедім мен.
Сәбең таң қалды.
─ Менің ұшқан ұям сіздің ұшқан ұяңызға ұқсамайды. Мен сіздің мектебіңіздің адамы емеспін. Менің мектебім басқа. Мен Сәбит Мұқанов бола алмаймын, сіз Бауыржан Момышұлы бола алмайсыз. Сіздің айтқандарыңыздың көбі маған сабақ. Неге десеңіз, сіздің көргендеріңізді көрген, сіздің болған жерлеріңізде болған жоқпын. Ал, енді түсіне білсеңіз, сіз де менің көргендерімді көрген жоқсыз. Менің түсінігімше, Сәбе, арамыздағы қайшылық осында. Біз сізді білеміз. «Ия, бізден бұрын осылай болған екен ғой, қалай болған екен?» деп ойлаймыз. Ойлайтын себебіміз — біз ол заманда болған емеспіз.
Ал, сіз бізді білмейсіз. Білем деп тырысасыз. Саумал сүтке бір қасық ашыған айран араластырсақ, ол іриді, ұйымайды. Айран дегенді өзіңіз білесіз ғой. Біздің елде шикі айран деген бар. Сіздерде қалай екенін қайдам, оны бізде ешкім ішпейді.
Біздің елде сүт пісіріп, оны суытып, бір ожау ма, жарты ожау ма, айран ұйытқы салып, үстіне көрпеше, кілем бе, орамал ма жауып, үйдің іргесіне қояды. Мұны жатар алдында істейді. Таңертең қазанның қақпағын ашсаңыз, бір елі қаймағы бар ұйып тұрған қою айранды көресіз. Біз соны ішетінбіз.
Ұйытқан айран сіңімді болады. Шикі айранды ішіп көрген емеспін. Сіз өзіңіз академиксіз, үлкен жазушысыз. Сіз сияқты басқаларымыз да бар ғой. Оны өзіңіз білесіз. Бірақ та ренжитінім — ұйытқылы, ұйытқысыз айрандарды осы күнге дейін ажырата алмай жүрсіздер.
─ А-а? Айт, айта бер, Бауыржан.
─ Айта бергенде, Максим Горький шешесінен дана боп туған жоқ. Әрі-беріден кейін кәмелеттік аттестаты да болмаған. Қолына таяқ ұстап, күллі Ресейді жаяу аралап шықты. Ол кісінің «Менің университеттерім» деген кітабының аты дұрыс қойылған. Ол өмірден алдым, көрген-білгендерімді жаздым деген сөз. Иван Сергеевич Тургеневке тоқталсақ, ол кісі Горький сияқты бір тиынсыз кедей болған жоқ, дворян, помещик. Ол кісі фаэтонға мініп, не қазіргі машинаға мініп аңға барған жоқ. Жаяу жүрген. Жолдағы жолыққан шаруалардың (ол кездегі орыс шаруаларын білесіз ғой) үйіне аялдап, дастарқандас болып, дворянство-мворянство дейсіз бе, бәрін тастап, халықпен қоян-колтық араласып кеткен. Ол өте білімді кісі болған.
Баукең әлденені есіне түсіре алмай, қиналып:
─ Жалғыз баласын жалғыз көмген жазушының аты-жөні кім еді? Ұмытып қалғанымды қарашы, — деп қолын сермеді. — Е, мейлі, кейін есіме түскенде айтып берермін. Лев Николаевич Толстой, Проспер Мериме, тағы басқа нақты кісілер бай болған. Соған қарамастан, халықпен қоян-қолтық араласқан.
Соны айта келіп:
─ Сіздер ше? — дедім дауысымды көтеріп. — Қысы-жазы Алматыдан шықпайсыздар.
Сәбеңе бұл сөзім де қатты тиді. Бөлмесіне келдік.
─ Әй, мына жаман қайныңмен біраз саяхат істеп, рақаттанып қайттық, — деді Мәриям жеңгейге. Нендей жағдай болғанын ол кісі түсінген сияқты, күле қарсы алғанымен, үндемеді.
Сәбең мені тағы шығарып салды. Қоштасарында:
─ Әй, Бауыржан, елге барсаң, саған қиын болады, — деді тамағын кеней сөйлеп.
─ Неге, Сәбе?
─ Сен қарап жүрмейсің, фікір (ол кісі «п» дыбысын «ф» деп сөйлейді екен) айтасың. Ал, кейбір басшылар фікір айтқан кісіні жек көреді.
─ Сәбе, бұл ағалық жанашыр көңіліңізге рақмет. Мен біреулер жек көреді екен деп сүмірейіп, үндемей жүре алмаймын.
─ Иә, сен фікір айту үшін жаралғансың, — деді Сәбең күліп.
Бұл, түсінсем, маған берілген үлкен баға ғой…
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.
Суретте Бауыржан Момышұлы, Мәжит Бегалин, Кәукен Кенжетаев және Ғабит Мүсрепов «За нами Москва» фильмінің тұсаукесерінде.