02.05.2021
  428


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Қартқожа

Елі үшін күйген,
Еңбекті сүйген,
Ізгі тілекті,
Ер жүректі,
Жұртшылық көсемі
Жалынды жастарға арнаймын.


Жазушы


БІРІНШІ БӨЛІМ


ОҚУ


Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйіңде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. О кез Мекалайдың аузынан жалын шығып тұрған шағы еді. Ал, бұ күнде Мекалайдың жалыны түгіл, әуелі қабірін таба алар ма екенсің. Бұ күнде ондағы ызбарын төгіп отыратын Мәжекең де, бет-аузы ақпандағы алабас бураша сорағытып, ақ сабауға қош айтысып, қыжырайып, төсегінде жатыр. Пай-пай-пай! Көрінде өкіргір, Қожаекем-ай! Жөнсіз қатал едің-ау, жарықтық! «Бибіден» дабыл жесең де, жаназадан құр қалсаң да, ашуыңды балалардан алушы едің-ау! Өткен күннің белгісі жоқ қой, әйтпесе нағыз...


Әйтеуір бесті айғырдан да шақар оқытады. Қожасы бар болсын, оның басын ауыртқалы отырғам жоқ, әшейін аузыма түсіп жатыр. Со кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта — астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай... Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Со баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай ондап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа. Жас балаға лайық ат емес қой.


«Жуас түйе жүндеуге жақсы» ғой. Қартқожаны жуассынып, баласынып, балалар үстінен түспейтін. Шайнап-шайнап, домалақтаған қағазбен атып, әйтпесе: «Мынаны қарашы»— деп мұрынға түртіп қалып, болмаса мандайын өлшеп, мазақтай беретін. Қартқожа оларды артық елең қылмайтын, ең ашуланғанда ғана:


«Қой дейім, жындымысың өзің»— деп, сабағын оқи беретін. Өзге бала алақтап, ойнап, сабақ оқыған болып, өтірік ыңылдап, болмаса бірдеңемен алданып, сарылып отырғанда, Қартқожа жалықпай, қағазын шұқылап, «Құл ағүздан» шығып, «бірәбін насқа»түсіп, екі-үш күнде «Уасуасілханнастарға» да барып қалатын. Сабақтан шыққан соң Шелекбайдікіне барып, бір тостаған көже ішеді. Бесін кезінде оқуға тағы барады: екіндіде «әптиегін» қойнына тығып, аулына қайтады. Аулы — бір жарым шақырымдай жер. Осылайша жазы-қысы оқып, баспа түркі жазба танып, хат жазатын болды. Хат танығанша, «отау иесі» азамат та болып қалды.


ҮЙ ІШІ


Жұман — аз, нашар атаның тұқымы. Жұман дегенім: әлгі Қартқожаның әкесі. Жұман момын адам: кісіден тіленбейді, кісіге жағынбайды, бес уақыт намазын оқып: «А құдай, бергеніңе шүкір» деп, барға қанағат, жоққа сабыр ететін бір бейуаз. Жазы-қысы төртті-бесті қарасын өзі айналдырып, қаласына да өзі шығады, қорасының жыртық-тесігін өзі бүтіндейді. Ол сұғанақтық етіп, біреудің дүниесін пайда қылған жан емес, ел екі ұдай партия болғанда да байлардан ат мініп, ақша алған жан емес. Ауыл-аймағы қай жаққа кетсе, Жұман да солармен бірге. Үзіп-жұлып шығатын артық білімі де жоқ, әйткенмен бір қазақтан ақылсыз да емес, желікпен, бұзықтықпен ісі жоқ. Ол бұзылған адамдарға сенеді, жабықса, тарықса, «құдай жеткізер» деп, жұбаныш қылады. Қысқасы, ол тірі пендеге зәбірі жоқ, «құдай» деген қоңыр адам. Оның алданышы, азбыншы-ораза ашары; оның қуаты, қуанышы — үш-төрт қарғасы: үшеуі — еркек, бірі — әйел бала. Жасынан қалың беріп, жыл сайын аз-аздан малынан құтылып, тұңғышының аяғын шырмады. Қызын «аман-есенінде» құтты жеріне қондырды. Қартқожа болса, сабақ оқып жүр. Кенжеқара әлі бесікте.


Қартқожаның шешесі де бір түрлі момын, біртоға жан. Күйбеңдеп шаруасын істеп, балаларының үсті-басын бүтіндеп, анаған да, мынаған да; «Қарағым, шырағым!» дегеннен басқа, бар дәмін кісіге бергеннен басқа бөтен мінезі жоқ. Кей қатын аузы сүйреңдеп, өсек айтады; енді біреулер ауылды басына көтеріп, шаңқылдап баласын, байып қарғап жатады. Ондайдың бірімен ісі бола ма екен?! Жо-жо-жоқ. Қайта ондайды естігенде: «Беу, осы байғұстың тілінің жаманы-ай»,— деп, тыжырынып жаратпайтын еді.


Әр ауылдың, әр үйдің бір қазан бұзары, бір биі болады ғой. Ана үйді, мына үйді көрсең де, еншіге, не киімге, не тамаққа таласып бірінің тілін бірі алмай, ұрыс-жанжал болып жатады ғой. Жұмандікінде ондай әрекеттің бірі болмаушы еді. Ондай тентектен, «биден» құдай сақтап еді. Жұман қатынымен қатты ұрысқанда: «Қақ басқа салып жіберейін бе?»— деп еркекше кісімсініп, қоқиланатын. Бірақ құр тілі болмаса, бас түгілі, өмірі арқаға да бір салған пенде емес еді. Жұман сүй дегенде, ұрмайтынын білсе де, қатыны недәуір шамданып: «Сені қойсайшы... сөйтпей» дейтін еді. Жұман ашуланғансып, жайымен отырып: «Сен бір таяқ жемей басылмассың» дегенде, қатыны кекетіп: «Иә, шіркін-ай, мені төркініме апарып тастайтын шығарсың» деуші еді. Сол кезде: «Еу, екі кәрің желігіп келеді! Екеуіне не жетпей отыр екен? Біреу шын ұрысып жатыр екен деп ойлар. Аға, қойсаңызшы!»— деп, балалары жуып-шайып, аяғын күлкіге шаптырып жіберетін.


ҰЯДАҒЫ ЗОРЛЫҚ


Ер жетіп, ес білген сайын, Қартқожа өмірде талай әділсіздіктерді көре береді. Өз басын құрбы-құрдастары талай кемсітіп, мазақ етіп қорлағаны, зорлық көрсеткені бар. Қаржасбайдың шалдуар баласы бір күні қарындашын тартып алып, бермей қойды. Жалынды, жалпайды, болмады. Әбден ыза болған соң, бай баласының қағазын тартып қалып, жыртып тастады. Бай баласы мен екі-үш бала жабыла ұрып, мұрнынан қанын ағызды. Қартқожа көрген қорлығын жылап келіп, әкесіне айтты. Әкесі Жұман назаланып, атына мініп, Қаржасбайдікіне барды. Байға мән-жайды түсіндіріп айтып еді баласына ұрысып, қарындашын алып бергені сол, «Балаға ара түсесің»— деп, Жұманның өзін сөкетті қылды. Не қылсын, салы суға кетіп, Жұман үйіне қайтты. Баласына: «Қарындашың жоғалып қалған екен, уақа етпес, бақалшыдан тағы қарындаш әперемін» — деп жұбатқан болды. Қартқожа аулының бір баласын Жұмат деген бала ұрып жатқан соң, болысайын деп еді, Жұмат қарулы бала — желкеге қойып-қойып жібергенде тасқа жығылып, қолын даладай қып қанатып кетті. Жалғыз ол ма? Жас күнінде бай балалары талай қарға да аунатқан, қойнына қар да толтырған, тонын да жыртқан, кітабын да шашқан, өгізшесінен аударып қуып жіберіп, талай жаяу да қалдырған. Қайсыбірін айтарсың, қорлық-зорлығы толып жатыр. Осының бәрі Қартқожаны ойландырды, жанын кейітті: «Әттең, менің кедейлігім-ау! Әйтпесе солардың менен ақылы артық па? Зейіні артық па?


Артық болса, малы артық, Дүние шіркін-ай! Кегімді алатын да күн болар ма екен!..» деп, ішінен зығыры қайнап жүрді. Ол онымен тұрсын. Жалғыз өз басы ма? Күштілер әкесіне де зорлық етпеді ме? Мақымет бай үйлерінің бір құнан өгізін қарызға алып, неше сұраса да, ол бермей қойды. Мақымет болыспен құда: оған шамасы қалай келсін? Оның үстінен кімге шақсын? Қыстай қала-даласына мінетін жалғыз кер қасқа атты өзінен сұрамастан: «Тілмашқа керек, үйіне барып келеді»— деп, шабарман ұстап әкетіпті. Ол аттың «ай» дегенде, тулағын алып еді, зорыққан екен: Бір жұмадан соң пышаққа ілінді, бір-екі рет алым төлей қоймадың деп, ауылнайдың дікілдеп, боқтағанын да Қартқожа естіп жүрді; көрші ауылда Бұқабай би шабындысын тартып шауып алғанын да, әкесінің әркімге барып, сандалып, түк өндіре алмағанын да Қартқожа жақсы біледі. Мұның бәрі Қартқожаның жүрегіне түйткіл болды. Болыс, тілмаш, ауылнай, шабарман дегендерді, тағы түрлі «адам» болып «атқа мінгендерді» Қартқожа зорлықшыл, жалмауыз, жан алғыш деп ұғынушы еді.


ЕЛІКТЕУ


Қартқожа ескіше оқып дүмше, тақуа молда болды. Аят оқығанда күйеу Мағзұмның мақамына да салып алды; құран оқығанда шарта жүгініп, көзін жұмып, сызылып отыруды да білді. Құран бағыштауды да, жаназа шығаруды да, «тәямімді» қалай соғуды да үйренді, ғұсылдың қашан уажып болатынын да, ыстынжа қылғанда тамағын кенеп, сол аяғын тебінуді де тоқып алды. Осының бәрі қанша көп білім болса да, көп еңбекпен табылса да, не әкесін, не өзін қорлық-зорлықтан арашалауға бір тиындай да пайдасы болмады. Қартқожа талай қынжылғанда, бар ынтасымен намазды бажайына келтіріп оқып, құдайға жалбарынып көрді; одан қала берсе, пайғамбардан, шадиярдан, әулие, машайықтардан да медет тілеп көрді. Олардың бәрінің құлағы керең болды білем, бірі де дұғасын естіген жоқ, бірі де медетінен қарайласқан жоқ. Қайдан қарайласады? Өздері де әлдеқашан топырақ болып, жоғалып кеткен.


Қартқожа әр болыста ауылнай, үшкөл деген бар деп естіді, пәленшенің, түгіленшенің балалары сол үшкөлде оқып жүр, екі-үш жылда орыс тіліне судай болады екен, сонсоң, тілмәш, періуатшік болуға жарайды екен, деген сөздерге құлағын салатын болды. Ол былтыр кірестиански нашалніктің періуатшігін көрген. Ол қандай еді! Үсті-басы аппақ! Сары ала түйме! Шашын қайырған. Аяғында әмірқан етік. Нашалніктің алдында аузы-аузына жұқпай судыратқанда кісілер таң қалмаушы ма еді?! О л бір стражнікпен орысшыласып-орысшыласып, жеңіп кеткені қайда! (Орысшыласқан кісілер қай көп сөйлеп бастырмалатқаны жеңіп кетеді деп жоритын). Әбілда періуатшіктің стражнікті жеңіп кеткеніне Қартқожа қатты сүйсінген. Қазақтан да мұндай жетік, орысшаға судай кісі болады екен-ау!— деп таңданған. Әбілда періуатшікті болыстікі қонаққа шақырғаны да, оның таза көрпе, жастықтың үстінде шынтақтап жатып, шылымын бұрқыратып шай ішкені де бір керемет болып көрінген. Оның аты жоқ қолындағы алтын жүзігі де, ақ желеткесінің омырауындағы салбыраған сағатының күміс бауы да, омырау қалтасынан қылтиып көрініп тұрған қара тарағы да бір түрлі жат болып көрініп, есінде қалған. Ал енді Мақыш тілмәш ше? Одан қорықпайтын, оны құрметтемейтін қазақ бар ма? Мақыш тілмәш қандай жағымпаз! Қартқожаның ойынша — тілмәш бір қалам тартып жіберсе, оның жазуы «Лауқылмақпүздан» кейін емес, бекіп қалатындай көретін. Тілмәштің қаламына ілінген кісі оңбайды деп білетін. Бұрынғы көрген «ұлықтары» тілмәш пен болыс болушы еді, Әбілда перуатшікті көрген соң, одан үлкен «ұлық» жоқ екен деп қол қойды. Орысша оқыған қазақ жігіттерін көргені, орысша оқытатын үшкөл бар деп есітуі Қартқожаның ойына бір түрлі жаңа нәрселер кіргізді. «Япырмай, орысша оқыр ма еді! Әбілда періуатшіктердей болар ма еді... Олардың да арманы бар ма екен...» деген ойлар еді оның басын қатырған. Қартқожа осы ойларды көп ойлайтын болды. Көк құнанына мініп, әжесінің сәлемдемесін артына бөктеріп, апасына бара жатқанда да осыны ойлайды; қайтқанда да осыны ойлайды, бұзауға барса да, тезек терсе де осыны ойлайтын болды. Әбілда тілмәш оның түсіне де кіретін болды. Түсінде бұ да бір орыспен орысшыласып, жеңіп кетті. Қалаға да барды; қорықпай көп орыстардың арасында да жүрді. Ояна келсе баяғы жаман Қартқожа, баяғы жапырайылған жаман тымағы, бастама мәсісі, шамажайы шалжиған, бір жамбасына қисайған жаман кебісі, ләңке шапаны, мойнындағы кішкене қалтаға салған тері сасыған «Ісім ағзам» дұғасы. Қартқожа дамыл көрмейді, тағы ойлайды, тағы да жақсы-жақсы түстер көреді. Оянса — жоқ.


ҚАРЛЫҒАШ


Қартқожаның ауылы Қара құдық басында. Ел жайлауда, әкесі үйде жоқ. Бірге туған ағасы итарқа күркесінде түске шейін тұрмайды. Сәске мезгіл еді, әжесі: «Сиыр суға келді» деген соң, Қартқожа құдық басына жөнелді.


Өздерінің сиырларын суарам ғой деп барып еді — Қартқожаның ол ойы болмады; ауылдың сиыры қаптап кетті. Қартқожа қауға тартты. Сиыр мал бірін-бірі итермелемей, кимелемей, мүйіздеспей, астауды құлатпай қай жөнді су ішкен. Астауға үймелеп, бірін-бірі арт жағынан іліп тастап, су ішіп жатқан жолдасының бүйірінен жайқап қалып, мүйіздері соқтығып, сарт та сұрт! Кіші үйдің көк сиыры Қартқожаның тарғыл шолақ сиырын су ішкізбей, түріп шығарды. Қартқожа қауғаның сабымен: «Ой, арам қатқыр, көк ит!»— деп, кеңсіріктен салып жіберді. Кек сиыр тұмсығын шайқап, сазайын алып, шыға берді. Ұрғанды тыңдайтын емес, оты қанып, қаңсып қалған мал қырып барады. Көздері аларып, аузын толтыра-толтыра, таласа-тармаса, өлердей жұтып жатыр. Құлақ оты жердегілері болмаса, кейінгі жақтағыларға судың иісі ғана барады, бір құйған су алдыңғы екі-үш сиырдың жалпақ аузымен бір жайпағаннан да аспайды. Тағы бір жаманы — қауға жыртық, астауға жеткенше, бір-ақ тостағандай су қалады. «Өңкей тоғышар, қауғасының жыртығын да бүтіндемейді, қайтерсің?» деп кейіп қояды. Қартқожа жанталасып, мықшындап, тері пұшпағынан ақты, ауылдағылар көріп тұрса да, көрмегенсіп, сиырын суаруға ерініп, кісіге иек сүйеп кеткен ел, келмейді. Ана Ыбырайларды қарашы, көріп тұрып, әдейі келмей тұрғанын, «ерегіскенде суармай қояйын ба!» дейді Қартқожа. Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді; сыр алдырмағысы келеді. Сиырлар қарқынын басқан кезде, Қартқожа бітегене тыныстап, оң жаққа қарады.


Үлкен ауыл жақта екі атты кісі келе жатыр екен. Біреуінің сымпиған қара киімі бар, басындағысы — ноғай бөрік. Орныға алмай, қоқиып, атқа отырысы; екі тізесін қомдап, аяқтарының басын аттың шынтағына тығып, қамшылағанда қолтығы көтеріліп, қолп-қолп етіп желгені «ел қазағы емеспін!»— деп анадайдан айғайлап, айтып келеді. Қасындағысы — үлкен ауылдағы Сәдуәлі. Құдықтың қасынан бүлкектетіп өте шығып барды да, Шідербайдікіне түсе қалды. «Бұл не қылған адам екен, білейінші» деп сиырын суарып бола сала Қартқожа да келді. Әбілда періуәтшікті көргеннен бері орысша киінген кісі оған таңсық көрінетін, қасына жақындаса, бірдеңесі жұғып кететіндей, жанына баруға көңілі соға беретін. Келген соң білді: Үпіде оқып қайтқан қазақ шәкірті екен, ылаулап үйіне кетіп бара жатқан.


Шідербай шәкірттен оны-мұны сұраған болып отырды. Ол жалақтың қай берекелі сөзі болады, баяғы «Қаратау қаладан қашан шықтыңыз? Орыс-орманнан не жат хабар бар? Қай ел боласың? Оқығалы қанша болды? Әке-шешеңіз бар ма? Неше ағайынды боласың? Жамағатыңыз жоқ па еді?»— деп, тұп-тұғиянын қаза сұрады, дәл бір құда болатын кісіше. Шәкірт қысқа-қысқа жауап қайырып отырды. «Қалың берген жоқ па еді?» — деп, ойланып отырып тағы сұрады. «Жоқ» деген соң, көңілін жұбатқаны ма, әлде несі: «Әлі жас көрінесіз ғой», — деді тыныш отырмай. Бұл сұрауларды Қартқожа жарадай көріп отырды.


Шідербайдың әңгімешіл, кісіге жұғысқыш, білетін кісімсіп айтқан сөздері тұрпайы екендігі көрініп тұр. «Құдайдың құдірет-ау! Оған қалың берген, бермегені Шідербайға не керек? Әшейін сөз таба алмағандық-ау!» деп ойлап отыр Қартқожа. Қартқожаның жанына үшкөл мектеп, қала, оқу жайынан айтса, жағар еді. Үлкен кісі сөйлесіп отырған соң, бірдеңе сұрауға әдепсіздік болар деп, Қартқожа бойын бақты. Лay әкелген жігіт атты тезірек қамдатайын деген оймен: «Бұ кісі көп бөгелмейтін шығар, лауды қамдата отырғаныңыз дұрыс болар»,— деді. Шідербай: «Е, қамдалады ғой»,— деді. Сәдуәлі еріп келгеннен-ақ, лау мінерін сезіп, Шідербай шәкіртпен әңгімелескенде де, лау мәселесі бүйрегінің бір жағында отыр еді. Нақ жылқы тор байтал еді, онымен түйе қарап кетті. Көк биені берсе, орыс сияқты, қоқақтаған шіркін қатты жүріп, қинап тастайды-ау. Жоқ әлде көкжалдың өзін бере ме? Оны суытып жіберіп еді, қара аттың арқасының шиі бар, шығып кете ме? Кім біледі? Бұған лайық қандай жеңіл қол жылқы болар екен? Міне, Шідербайдың манадан ойлап отырғаны осы еді. Бір жақсы ой сап ете түсті. Кідірмей-ақ: «Қартқожа, сен құнаныңа мініп, бұ кісіге ер-дағы, Балдекең аулына дұрыстап апарып сал»,— деді. (Қалай «дұрыстайтынын» құдай біледі.) Қартқожа ойланбай-ақ: «Жарайды ғой»,— деді, өйткені оңаша сөйлесуге құмар еді, құнанның қиналатыны ойына да келген жоқ. Шідербай «Ретін қалай тауып жібердім!» деген кісіше, мұртынан бір жымиып, «пәледен» тезірек құтылғалы: «Қатын, тұр, аяқ жуғыз, қымыз құй мына кісіге»,— дей бастады. «Қартқожа, шайға алданбай-ақ сенде осыдан қымыз ішіп шығарсың»,— деп, мейірімі түскен кісім болды, сөйтті де ат қамдатуға тысқа шықты.


Бір аяқ қымызды ішті де, Қартқожа жүген алып, қотанда үйездеп тұрған көк құнанын ұстап, үй қасына алып келді. Желқом ерді шандырлап тұрып, мықтап ерттеді. Сөйтті де, үйге кіріп, әжесіне лау апаратындығын айтып, қамшы алып, белін буынып тысқа шықты. Қол-аяғы жерге тимей, құнтыңдап жүр. Құнанын шешіп алып, мінгелі жатқанда, келіншегінің қойнынан жаңа тұрған ағасы жалаң аяғына кебіс іліп, бір қолымен тақылжырын дырдыр қасып, бір көзін сығырайтып: «Уай, сен қайда барасың?»— деп еді, Қартқожа: «Лауға барамын», — деді де алды-артына қарамай, құнанының көтін қыңырайтып, құйрығын сипаңдатып жөнеле берді. Түйешінің тор шолағына мініп, қоқайып шәкірт те шықты. Шідербайдың ойлап-ойлап тапқан, «жеңіл қол» жылқысы түйешінің жалғыз торы шолағы болып шығыпты, Қартқожа торы шолақты көргенде: «Әй, құдайдан қорықпайтын доңыз-ай», — деді. Одан басқа қолынан келері жоқ қой.


ХАБАР БЕРДІ


Былай таман шыққан соң, Қартқожа шәкіртпен әңгімеге кірісті. Шідербайдың қандай адам екенін шәкірт сұрады. Қойшының торы шолағына мініп келе жатқанын біліп өте қынжылды. Қынжылғанмен қайтсін? Шідербайды жөнге салу қолынан келе ме? Өзі лаумен келе жатқан жалынышты бір шәкірт. Содан кейін Қартқожа да сұрай бастады. Ол қаланың, үшкөлдің, медресенің, оқудың жайын сұрады. Шәкірт қаланы әдемілеп қызықтыра сөйледі. Ол медресе жайын да, оқыды да, қаланың тамашаларын: борақотын, отарбасын, аптомабелін, тиатрын да суреттеді. Кей жерде өте мақтап, жанынан да қосып жіберді. Қаладан келген шәкірттің қаланы өз қолымен тұрғызғандай болып, көп білген, көпті көрген кісімсіп, бір жағын мақтанышқа тірейтін бір мінезі бар ғой. Айдалада қаланың не екенін білмейтін Қартқожа қолына оңаша тиген соң, ерігіп келе жатқан шәкірт аузын аясын ба?.. «Мынауың өтірік» дейтін кісі жоқ, асыра-асыра соғып берді. Айтқан сайын Қартқожаның көзі бажырайып, аузын ашып, аузынан суы ағып тыңдап келеді. Не керек, Қартқожа осы жолы көп жаңа нәрселерден хабар алды, қала, үшкөл, медресе, шәкірттер тұрмысы жайынан көңіліне елес-елес сурет пайда болып қалды, отарба, борақод, аптомабель деген нәрселер ми жетпейтін, бір сиқыр тәрізді көрінеді. Қартқожаның «Әбуғали сина», «Әбүлқарыстың» әңгімесін оқығаны бар еді. Сондағы тамашаның бәрі қалада екен деп ойлады. Аяқтап келгенде, Қартқожа өзіне оқуға болар-болмасын сұрады. Медресеге түсуге болатындығын, оған жылына кем болса, 40-50 сомдай қаражат керектігін шәкірт баяндады. Қартқожа ол қалаларға қалай тауып барар? Әлгідей қаражатты қайдан алар? 40-50 сом деген кіші-гірім үш қараның құны. Ондай қара Қартқожаға қайдан табылар? Қартқожаның ойындағысы «мұсылманша» оқу емес еді, оның ойы Әбілдадай періуатшік болу еді. Сондықтан медресе деген жаққа онша құмарта қоймады. Үшкөлге түсудің ретін сұрады. Үшкөл жайынан артық көп мағұлматы болмаса да, шәкірт: «Оған да қаражат керек»— деді. Қартқожа: «Біздей ересек жігітті үшкөл ала ма?»— деп сұрады. Үшкөлдің алмайтындығы мәлім болды. Жасы өтіп кеткен жігітті үшкөл алмайды екен. Бұнысы тағы пәле болды, Қартқожаға ақылдасып-ақылдасып, Қартқожаның оқуға ынтық екенін көріп шәкірт: «Қайтсең де оқы, оқысаң адам боласың» — деп, сөзін бітірді. Қартқожа оқымақ болды. Айрыларда әлгі шәкірт Қартқожаға бір кішкене кітапша берді. Қартқожа шәкіртке рақмет айтып, кішкене кітапшаны қойнына тығып, қоштасып, аулына қайтты.


Қараңғы түнде елден адасқан адам алыстан жылт еткен от-ұшқынын көзі шалғанда қандай қуанады; Қартқожаға да бүгін қараңғы елдің ішінде «оқу» деген нәрсенің жарық сәулесі жылт еткендей болды. Қуантты. Келе жатып, кітапшасын оқығанша асықты. Қойнынан суырып ат үстінде оқымақшы болып еді, шыбындаған екі ат қолын жұлқып, оқытпады. Әйтсе де кітаптың басынан бір-екі жол оқыған соң ұнап кетті білем, көзі жайнап, аттан түсе қалды. Торы шолақты қаңтарып, тұсап, көк құнанды оның мойнына байлады да, отырып кітап оқуға айналды. Кітапшаның аты «Тумыш» екен.


Мидай жазық, кең дала, жел жоқ. Күн шуақ. Аспанда ақ сабынның көбігіндей, ақ мақтадай ақ бұлттар. Деген шеке қызар, ми қайнар уақыт. Инелік, шегіртке, бөгелек, масаның қалың шөптің арасынан ұшып, әуені қаптап, шарықтап, олай-былай жүйткіп шыр-шыр етіп, қанаттары дырылдап, ызылдағанынан басқа, екі аттың пысқырып, құйрығы суылдап, аяғын тебініп, бөгелек жасқағанынан басқа, анда-санда шық-шық еткен торғайдың даусынан басқа жаңғырыққан ешбір тықыр не бір үн естілмейді. Қартқожа сайын далада киімін шешіп, жайрап, көйлекшең, жалаң бас, көк шөпке бауырын төсеп, күнге қарап, қошқыл маңдайынан тері шып-шып шығып, кітабын оқып жатыр. Оның кітапқа ынталанғандығы сонша, жан-жағына да қарамайды, анда-санда мұрнын да тартып қояды, демін де білдірмей алады. Ол екі атты да ұмытып кетті. Біреу алып кетсе, білер емес. Өзінің айдалада жатқанын да, аулын да, басқа дүниені де ұмытты. Оқыған сайын ажарланады, бет-аузы балбырап, иегін созып, көзін қадап, қағазды жеп қоятын тәрізді...


Әлден уақытта аяғына жетті. Ол кітапты жаппай, ойланып, басын шайқап, таңдайын қатып біраз жатты. Содан кейін кітапты басынан аяғына шейін бір қарап шықты да, басын көтерді. Қарала, шыбындаған екі ат жылжып, едәуір жерге барып қалған екен. Далада жалғыз екенін сонда сезіп, жалма-жан киімін киіп, аттарына барды. Мініп алып аулына тартты.


Қартқожаның есі-дерті оқуға кетті. Өзіне-өзі «оқимын» деп серт етті. Қалай оқиды? Қайдан оқиды? Қайда барады? Қаражатты қайдан табады? О жағымен ісі болмады, ойына да келмеді, қайтсе де оқымақ болды. Бұрынғы бұлдыр ойларына мына шәкіртпен әңгімелескені, мына кітапшаны оқығаны, олардың шығарған түйіні бір қазық, бір тиянақ болды.


ҚИТЫҚ


Жұмандікі — біреуден ілгері, біреуден кейін оразасын ашып, күйбеңдеп күнелтіп отырған үйдің іші ғой. «Құдайекең қырына бір алса, жуырда оңдырған ба? (Жұрт солай аңыз қылысады ғой). Бас қағынды тілмаш мінетін жирен қасқа аттың өлуі екен, содан былай-ақ әр нәрсенің жағдайы келмей, қырсық шалып, қитықтан ситық ұшырай берді. Жылдан жылға Жұман үйінің шаруасы тұжырылып, тұқыра берді. Таңдайын жібітіп отыратын «бір бие бұлақтың басы, екі бие елдің асы» деп дәтке қуат қылатын, жалғыз көк бие еді. Осы жаз жамандатып ол өлді. Жұман бар емді істеп көрді; тұз қайнатып та құйды, қара қоңызды да тесіп тықты, алмас та салды, қайдағы — түк болған жоқ, бір жарым сөткеде меңдеп барып, сенделіп тұрып күрс етті. Жануардың құрсағы құр жатқан емес еді. Азды-көпті 4—5 жылқы бәрі соның балалары ғой, ұстамай-ақ қоя берсе, әлдеқашан айғыр үйір жылқы болмас па еді? Өйтуге Жұман үйінің қай бір төрт түлігі сай тұр, киім-кешекке де, соғымға да, берімсекке де айналдырған көк биенің тұқымын мінген, шыдатпайды. Сонсоң қайдан құрасын? «Жалғызда да, мында да құт бар» деген ып-ырас қой. Жұманның құты көк биесі екен. Ол өлген соң-ақ кетті; мал құлдырай бастады. Жануардың құлынын бір ауылға апарып, бір байдың құлыны өлген биесіне теліп еді, оны қасқыр жеп кетті. Көк тайдың алқымына шығу шығып, басқұрт па, маңқа ма, мандам ба, бұғымала ма? Әлде кім біледі, содан бері шыр жұқпай, инеліктей қатып ол кетті. Күздігүні шөпке мініп барған жерінен көк құнанды ұры алды. Қызыл шолақ сиырдың қарадан қарап жүріп желіні ісіп, бір жағы қалпетімен беріштеніп, сүтінен айырылып, сыңар емшек болып ол қалды. Күзекте отырғанда қара інген шығып кетіп, оны қарай қоятын көлік болмай, жеті шоқпарлар бір жұмадай шөп тасуға салып, бота тастатыпты. Содан ыстық-суықты болып, аяғы қысағаға шалдықты.


Қартқожа әкесінің аса тарығып, балаша еңіреп жылағанын екі рет көрді. Бірі: қасқа атты бауыздап, жануар ішін тартып, ышқынып қорқырай бастағанда, әкесі төмен қарап: «Қол-аяғымызды кестің бе?» деп кеңкілдеп қоя беріп еді. «Кестің бе» дегенде, Жұман атына айтты ма, әлде құдайға айтты ма, болмаса тілмәшқа, болысқа, шабарманға айтты ма, Қартқожа кімге айтқанын білген жоқ. Енді бірі: көк биенің бауыры астаудай болып ісіп, сенделіп келгенде «таңдайды біржола ағартайын дегені ғой» деп, тағы да егіліп, зарланып жылап жіберді. Ол жылаған соң, әжесі де солқылдап жылады. Үйді айнала беріп, Қартқожа да жылады.


Шаруаның жайы мынадай; реніш анадай болған соң, «оқимын» деп бекінген Қартқожаның үні өшті, тілі күрмелді, ойын тұман басты, іші-бауыры, өзегі өртелгендей болып, иығы түсіп, еңсесі салбырап кетті. Оңаша жерде Қартқожа тәңірге налып, зарланатын болды. «Құдай-ау не жаздым? Мұнша сорлы қалғандай неңді алдым? Бүйтіп қор еткенше жаратпасаң етті! Қырсықтан көзімді ашатын күнің бар ма? Жоқ па?..» деп зарлаушы еді. Сонда да оқудан күдерін үзбеді, өйткені түсінде оқып жүретін еді.


АЖАЛ


Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуратып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, аласапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр-шықыр етіп қыс келді.


Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қары қаңтарға қосты. Ұдайымен алай-түлей ақтүтек боран соқты. Боран ашылса, шартылдаған сары шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр-қараймаста, күнбатыстан шатынаған, шақшиған, жалғыз көзді жан алғыштан жаман жарық жұлдыз шығады, күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай ызғырады да тұрады.


Енді жұт болмаған несі қалды?


Биыл жұт болады деп, күн бұрын есепшілер де айтқан: шөптің шығысы жаман, серейген-серейген еркек шөп, бұйдай бас, кеде, боз қаптап кетті. Тышқанның шөп жинауы бұзық, інінің төңірегін тап-тақыр қып тастапты. Құмырсқаның илеуі ортасы шұқырайып кетіпті. Сиыр далаға түнеп, жусамайды, кеш болса, ауылға жүгіреді. Жылқы аңырайып тыраңдап жатпайды. Малдың ындыны құрып барады, «атау кересін» жеуге асыққан немеше. Адал құс ерте қайтты. Есепшілер, малмен көзі шыққан бақташылар, қариялар тағы-тағы талай ырымдарды айтып жүрді; түсі қате кетпейтін сәуегейлердің қысқа арнап көрген түстерін де жұрт естіп жүрді. Биылғы жылдың «Қоян» екенін де білді. Сонда да, ерте бастан қам істеп, малға, жанға жетерлік азық та даярлайын деген қазақ болған жоқ. Ала жаздай қымыз ішкенге мәз болып, партиядан қолы тиген жоқ. Жадағай, алқам-салқам күйін «құдай сақтар» деп жүріп, кәрлі қысқа маңдайы тақ еткенін бірақ білді.


Иә, сонымен қыс қатты болды. Жерден қайран болмады. Қара мал қолға қарады. Аз ғана пішенді аз күнде-ақ бітіріп алды. Бір уыс шөп бір ділдаға да жоқ. Жұттың аяқ шенінде шенді басты үйлер азығын да тауысты. Жұт жеті ағайынды болмай тұрсын ба? Отын қабат таусылды. Дүние тарылды. Ел тарықты, састы, қысылды — қай ауылды алсаң да қалт-құлт.


Қартқожа ағасымен екеуі Қарашоқының бір сайынан күнде сиырларына күрек аршиды. Бір туырлықты кесіп, сиырларына жабу істеген. Күн толас болса, сиырларын жабулап күректерін иығына салып толарсақтап, айдап жөнеледі. Бетті, мұрынды аязға жұлдырған, күнде күрек аршумен аштан арығы жетіп, титықтары құрыған. Үйде кенеу болар тамақ жоқ, арықтан өлген бұзау-торпақтың су татыған жасығы жүректі кесіп, төмен тартады. Жалаң жасықпен жүрсе, әлдеқашан аштан өлер еді. Әйтеуір әбүйір болып, әжесі байғұс тісті бақаланып, қысып-қымтырып жүріп қойдың бір жамбасын сақтаған екен. Күнде сиырға барарда сол майдан ерітіп: «Жүректерің үзіліп кетер», — деп екеуіне екі қасық май ұрттатып жүрді. Күн ұзын соны нәр қылады. Әкесі үйдегі көтеремдерге қораның жамылышын, көр-жерді қағыстырып әперіп, бір мезгіл бел байлау қылсын деп, сиырларға қар астынан қара құмақ аршиды.


Бір күні кешке көже ішіп бола берген кезде, әжесі отырып:


«Бұл көженің өзі де табылмай, көзімізді ағартпаса неғысын», деді. Жұман шошып кеткендей: «Е, ұның азайып қалды ма?»— деді. Әжесі 3-4 істемдік ұн қалғандығын білдірді. Әжесі айтуға бата алмай, жасырып жүр еді. «Әкеңнің өлгенін жасырасың, көмгенде қайтесің» дегендей, жоқшылық айтқызбай қоймады. Үй ішіне бұл бір ауыр қайғы болды. Бәрі де құлаққа ұрған танадай, тым-тырыс сап бола қалды. Жұман қатты күрсініп, төсегіне барып қисая кетті. Балалары да бет-бетімен бүк түсіп жатты. Жұманның ойын қара тұман басты. Малдан бұрын кісі аштан өліп қала ма, қайтеді? Сиырдың бірін сойғанмен жілігі татымайды. Қарызға табылатын елде астық жоқ, енді қайтпек керек? Міне, оның ойын қаптаған осылар еді. Жұман түні бойы дөңбекшіп, көзіне ұйқы келмеді.


Ертеңінде Жұман ауылдың әр қайсысынан: «Сататын астық білген жерлерің бар ма?» деп сұрастырды. Отыз шақырымдай жерде Байбек дегенде қызыл бұзауға сататын астық бар деп естіп, Жұман бір қапты беліне байлап соған жөнелді.


Қарға бір батып, бір шығып, шолақ борбай тырбындап, омырауы ашық, көзінен, мұрнынан сорасы ағып, сақал мұртына сүңгі тұрып, қалтақтап келе жатқан қазақ көрсеңіз, ол — Жұман. Ондай Жұмандар ел ішінде толып жатыр.


Сол жүріспен араға бір қонып, Жұман байдікіне жетті.


Азырақ бойы жылынып, амандасып отырған соң-ақ Жұман келген жұмысын айтты.


Байбек осындайда қысылған кедейлерге өсімге ақша, астық сатып, солардың қызыл бұзауынан байыған бір жалмауыз. «Астық таусылып қалды» деп, таң атқанша маңына дарытпай қойған. Ертеңінде Жұман жүрерде, рақымы түскен кісі болып, өзіміз ішуге алып қалған азырақ астық бар еді. Сонша жерден әдейі жаяу келген соң, сол астықтан азырақ жырмалап берейін. Бірақ бұзауымды дөкейлетіп бересің деп, екі қызыл бұзауға бір пұт астық берді. Жұман тек бергендей көріп, қуанып кетті. Алғысты үйіп-төгіп, қабын арқалап мықшындап үйіне қайтты.


Жұман екі-үш шақырымдай жүрген соң, өкпесі аузына тығылып, дымы құрып, жүре алмады, отырды. Ескілікті жөтелі болатын, сонысы тағы күшейіп күркілдете берді. Оның үстіне келерде тер қатып, бойын суық ұстап, тұла бойы сіресіп танауы тарс бітіп, басы зеңіп келе жатыр еді. Ыңқылдап, күрсілдеп тер пұшпағынан атып, әлденеше дем алып ақшам әлетінде Арбабай аулына әрең жетті. Ол ауылдың да сиқы кеткен. Әбігер. Олар да азықсыраған. Пішені біткен. Олардың да қорегі қатықсыз қара көже. Отындары тағы жоқ. Жұман азынаған, бықсыған, сасық, бір үңгірде түнеп шықты. Түні бойы тұла бойы күйіп-жанып, бір жағынан жөтел қысып, көрер танды көзімен атқызды. Шықпаған шыбынды сүйретіп, таң атқан соң тағы қалтаңдап, ұнын арқалап аяңдады. Жолға төрт қонып, бесінші қонақ дегенде, әлі әбден біткенде, қардың арасынан өлімсіреп шыққан ауылының көгілдір түтінін көрді. Жұманның құр сүлдері қалып еді. Жиырма-отыз қадамнан артық жүре алмай, бір дем алатын еді. Үйіне қалай жетті, солай мұрттай ұшты. Екі-үш күндей қиналып, алас ұрып жатты. Төртінші күні көзі ішіне кіріп, жағы солып, танаулары қусырылып, ерні кезерді. Түріне қараған Қартқожаның іші мұздай болып кетті. Кірпігін әрең қағып, аз уақыт жатқан соң, ақтық күшін жинап, қатын-балаларын шақырып алып, қол ұстасып, қоштасты. «Сендердің алдында... алғанына... арманым жоқ... кемпірге... көздерің... қырын салыңдар.. қош... кешіңдер...» деуге тілі әрең келді. Батар күнмен бірге соңғы демі бітті, көзі жұмылды.


ПІДИЯ


Арада бір жыл өтті ме? Қалай...қортиған күпісінен жіңішке жілігі сираңдап, орақ тұмсық қызыл саулық безілдеп маңырап, ентелей басып, қораға тартты. Оның ар жағына жабуы бір жағына жапырайылған жапырық қара інген басы-аяғы жоқ, ұзақ «гөйгөйш» қоңыраулатып, жайылып жүр. Желікпелі, жел құрсақ қызыл айғыр әзіл-мәзіл етуге торы биеге келіп, мойнын күдірейтіп, қоқырақтап, иіскелеп, оқыранады. «Қойшы өзің! Сендей ерігіп жүргем жоқ, менен басқа да қатындар бар ғой, қол-аяғымды бауырыма ала алмай жүрсем жоқ жерде қысқаны несі...» деген немеше, торы бие құлағын жымитып, артын қиқаң еткізе түседі. Жал қидың қасында, тасқа шоқиып: «Мен қайдамын, тауып ала қойшы?» деген жас балаша «қида менің ұям жоқ» деп, қу жігіт боп, құйрығы жылт-жылт, дауысы шырт-шырт етіп, ақкөт торғай отыр.


Ауыл маңы отта жүрген ерттеулі аттар. О жер, бұ жерде үйме-жүйме топтанысқан, бүкшеңдеп дәрет алысқан кісі. Шеткі қыстаудың арт жағында үш қанат күйеу күрке тігіліп қалыпты. Оның алдында қолдарында құманы, орамалы жалаң қағып, екі-үш қатын жүр. Дәуде болса, Әлімбайдың кемпірі тырапай асқан болар. Айтамын ғой, әнеки, кемпірді арулап, сүйекші қатындар шығып бара жатыр. Мінеки, бақайына сүрінген шынжау ала жабағыны ала жіппен жетелеп, тоқты, торпақ, арық саулықтарын сүйресіп, міне, біреулер де киіз үйге таман келе жатыр. Кісілердің ішінен шығып, ала сақал молдалар да осылай қарай аяңдады. Қора жақтан да 4-5 желбегей ұмтылды. Олардың артынан солбырайып, көң шалбары көтіне қатқан бала молда да жүрді. Аяғын баспай, неден құты кетіп барады? Кемпірдің өлгені осыған батты ма? Кежегесі кейін тартып жүргісі келмейді ғой. Ол не ойлап келеді?


Таба алмасаңыз, ол осы ауылдың молдасы. Оның не ойлап келе жатқаны мынау. Ол қазір «підиеге» отырады, оның «підиені» есіткені болмаса, көріп отырғаны осы. Ол қазір сексенге келген кемпірдің күнәсін мойнына көтермек. Тым болмаса, орта жастағы кісі емес, сексенге келген кемпірдің күнәсі. Кемпір болғанда да қай жөні түзу, сүйкімді кемпір? Ауылды безер қылған бір қақпас. Япыр-ау! Шынымен осы мыстанның күнәсін арқалағаны ма? Ол иттің күнәсі шашынан да көп шығар — өзі бала, оны қалай көтереді? Жаман жабағыға бола тозаққа шынымен кеткені ме? Қазақта биттей рақым жоқ-ау! Көре тұра отқа итергені қалай?! Қиямет қайым болғанда «Жаман тайға бола осынша күнәні неге алдың?» деп құдайекең қысатын болса, не деп жауап береді? «Підиясы» құрысын! — отырмай қойса, қайтер еді? Онда бірақ үй іші ұрсады-ау. Әттең кедейлік-ай! Малы болса, күнәсін көтермек түгілі қара кемпірдің маңынан жүрер ме еді? Осыларды ойлап, оның жүні жығылып келе жатыр еді. Көп ойлағанмен, бір көніп қойған соң, бола ма? Амал жоқ. Не де болса үйге кіру керек.


Бала молда үйге кіріп келді. Қақ орталықта — басын төрге, аяғын есікке қаратып, ұзынынан сұлатып, сарт шапанды айқара жауып, тақыр жерге салам төсеп, кемпірді салып қойыпты. Кемпірдің қақ басында мінбелеп, шарт жүгініп ала сақал молда отыр. Сол жақта қатарласып кемпірдің баласы, тағы да бір-екі қожа, тағы бір Алтын дейтін молда отыр. Кемпірдің серейген сүйектері білеуленіп, сорайған түрінен шошып, бала молда кіруін кірсе де, босағада қалшиып тұрып қалды. Егер ала сақал «бері таман кел» деп, оң жағынан орын сілтемесе, әлгі бала бірталай тұратын еді. Ала сақалдың нұсқаған орнына, кемпірден аулағырақ, қоқиып отырды, көзі бажырайып кемпірге қарап, шығып барады. Отырғандардың бетіне қарап еді, бәлендей қорыққан адам көрінбеді. Қайта, алдына табақ тартқан немеше, ала сақал, Алтындар сұғынып, кемпірге мінбелеп барады. Олардың бетіне қараған соң, жүрегі орнығайын деді, сөйткенмен кемпірдің түсі суық, көзінің астымен еріксіз қарап қояды.


Бітегенеден соң, ала сақал тәсбиығын сыртылдатып, оң қолына ала жабағының ала жібін ұстап, ерін ғана қозғалып, көмейі бүлкілдеп, «Тәлиел» оқи бастады. Оны бітіріп, ала сақал өзге бір сарынға түсті: жыбырлатып кемпірдің атын, әкесін атап міңгірлетіңкіреп: «Салат, саумат, сабыр уажибатларының кіпараты үшін үшбу малын қабыл қылып алдыңыз ба?»— деп, қолындағы ала жіпті бала молдаға ұсынды. Жіпті аларын да, алмасын да білмей бала молда аңырайып ала сақалға қарады. Сол кезде қарсыда отырған Қарақожаның әмір еткен кісіше: «Алдым деп айт!» деген даусы қаңқ ете түсті. «Алдым-алдым» деп, бала молда сасып-пысып ала жіпті ұстай алды. Ала жіппен «алдым» бір емес, әлденеше істелді. Бала молданың есебінше мың қайтара жүгіртілген шығар. Анығында кемпірің жасы қанша болса, ала жіп қолдан қолға сонша жүгірген еді. Бала молда тотыша тақылдап, «алдым-алдымды» қағып, «қашан бітер екен?» дегеннен басқаны ұмытып кетті.


«Дәуір» бітті. Кісілер тысқа шықты. Арасанға түскендей, пысынап, қошқыл маңдайынан, қоңқақ мұрнынан шып-шып тер шығып, бала молда да тезірек далаға ұмтылды. Сонда ғана ауыр күрсініп, демін бір алды. Осы бала молданы оқушылар өзі танымас па екен? Танымасаңыздар, бұл өздеріңізге мәлім Қартқожа еді.


Үй іші кедейленген соң, Қартқожа апасының аулында бала оқытып тұр еді.


ЕКІНШІ БӨЛІМ


ӨЗ ҚАМЫ


Шілде. Шағала көлдің басы иін тірескен ауыл, бықырлаған мал, жердің жүзін, көктің түрін сары, қызыл алтынға бояп, жаздың құрлы қызыл күні белеңнен асып, шеті қылтиып барады. Шаңдатып, қарауытып, топырлатып жылқы шауып суға түсті. Жамыраған қой, азынаған сиыр, өкірген бұқа, айғайлаған бала, ауқаулаған қатындардың даусы қосылып, көлдің басы ың-жың, у-шу, ауыл-ауылдың түтіні ұрандасып, ұласып, көл арнасын көк тұман басып тұр. О жерде, бұ жерде қара құрық, біреуді біреу біліп болар емес.


Жадыраған жаз елді де жадыратты. Ел маужыраған. Елде ес жоқ. Ел мас. Маужыраған елдің ішіне кіріп не қыламыз? Ұйқымыз келер, басымыз ауырар. Ардақты оқушылармен бірге серуендеп, дөң басына шығып, бой көтерелік.


Дөң басына шықсақ, Шақшаң адырының бір төбесінде екі жігітті көреміз. Екеуі де жас жігіт. Оның бірі — бақырың Қартқожа. Енді бірінің киімі орысшалау: басында шләпә, үстінде пәлте, аяғында қисық табан. Teгі қаладан орысша оқып жүрген шәкірт болу керек. Шәкірт дегеніміз болмаса, жасы едәуірге келген сияқты, қарайып мұрты да білініп қалыпты, сақалдың нысаны да жоқ емес. Қартқожаның қолында кітабы бар, қасындағы жолдасының алдына түсіп, сабақ алып отырған тәрізді. Шәкірт жерден тас алып, бір сүйекті көздеп атып отыр. Қартқожаға көрсетіп болды да: «Осымен орыс қаріптерін танып бітірдің. Енді қысқа-қысқа әңгімелерді оқытып, періуаттап үйретемін»,— деді.


— Қалаға жүргенше осы кітапты бітірсем, жақсы болар еді.


— Мына кітапты ме? Мына оқысыңмен бір-екі жұмада-ақ ауызға саларсың. Тек қолыңа тимей қор болып жүргенсің ғой.


— Айтып не қыласың? Үшкөлге түсетін де күн болар ма екен деп, жатсам да, тұрсам да ойлаймын...Әй, дүние-ай!— деп күрсінді.


— Мен де сеншілеп зарыққам. Сөйтіп жүріп, тілмәштән хат танып, періуат оқып, көзім ашылған. Үй ішім оқытпайым десе де, қашып кетіп оқығам. Барған жылы екі отделениені «сразу» бітірдім, сен де сөйтесің.


Қартқожа: «Құдай-ай енді» дей берді.


Шәкірт жантайып жатты. Жоғары қарады. Күнбатысқа қарады. Ауылға көз салды. Көйлектерінің етегі ағараңдап, түзге шығып бара жатқан бір топ әйелдерді көрді, аздан соң керіліп-созылды да, Қартқожаға: «Әлі сен не деп айтты дедің?»— деп сұрады.


— Бізді неғысын өз ауылында да қыз бар ғой,— деп күлген болды. — Онысы жай сөз ғой. Салғаннан «жарайды» деп айта қоя ма? Алады ғой, сөз жоқ,— деді Қартқожа.


Бұл сұрауды шәкірт осымен бесінші рет беріп еді.


— Сен қалай ойлайсың? Көл басындағы елде осыдан жақсы қыз бар ма?


— Әй жоқ шығар деймін...


— Түнеугіден бері қайда жүрген?— дегенде, сен не жауап бердің?


— Онда ма? «Сені бұрын көре алмай жүріпті, әнеугі шілдеханада анық көріп, содан бері сені ойлап, ұйқы көре алмай жүрсе керек», дедім.


— Бұ жерін үйлестіріп жіберген екенсің!— деп, шәкірт күліп, мәз болды. — Тағы немене? Оны да азырақ мақтадым дейсің бе?


— Оған қыз табылмай жүрген жоқ, сені өзіне тең көріп, кәдір біледі деп айтып отырған шығар дедім.


— Онда не деді?— деп жымыңдады шәкірт.


— Оған едәуір көтеріліп қалды. Көп сөйлесуге реті болмады. Бірдеме айтқалы тұр еді, ар жағынан жеңгесі шығып қалды. Сонсоң, басқа бірдемеге жұбатып әкетті.


— Осыдан барған соң, тағы жолығасың ғой?


— Аңдып көрем ғой енді.


Екі жас жастықтың әңгімесімен қас қарайғанша жатып, ауылға қайтты.


Мына шәкірт қыс үшкөлде оқып, жаз қаражат табуға елге келіп, бір байдың екі баласын оқытып жатқан Жүніс деген жігіт еді. Шағала көлге ел жиі қонғанның бір пайдасын Қартқожа көріп, осы жігіттен бір мезгіл орысша сабақ алып жүрген. Күз осы жігітпен еріп, қалаға баруға сөз байласқан. Жүніс ыңғайлы, әйелге жұғымды Қартқожаны жеңге қылып, Шамкеш деген қызбен сөйлестіріп жүрген кезі еді. Жүніс Қартқожаға шынымен жаны ашыды. Жалғыз Қартқожа емес, жылдағысын жылда кедей балаларын ертіп ала кетіп, оқуға түсіретін. Қайткенмен біздің Қартқожа көптен бері арман қылған мүддесінің бір шетіне іліккендей көңілі бір дауалап қалды. Күндіз екі мезгіл бала оқытады. Кісі жоқта бие де сауғыза салады. Қонақ келсе шай жасап, төсек салып даяршы да болып кетеді. Бала молданы қолқанат қылғанына Көрпебай мәз. Аз күн болса да, Жүністен сабақ алғанына Қартқожа мәз. Молда басымен даяршы болғанына қорланса да, сыртына шығармай, шыдап жүр. Әзер болса, екі-үш-ақ ай. Содан кейін өзі де қалаға кетеді. Онда үшкөлге кіреді, ол орысша оқып, тілге судай болады. Онсоң «ұлық» болуға да жарайды. Міне, Қартқожаның жұбанышы.


ЖАСТАР


Арада 4-5 күн өтті.


Жаздың бір түні. Көгерген аспандағы көп жұлдыз көк торғынға шашылған біріләнт тасындай жылт-жылт етеді. Айдын көлге шомылған аққудай, көкторғындай көкте сұлу ай жүзеді. Бір гүл селк етпейді, не бір жапырақ сыбдырламайды, төңірек құлаққа ұрған танадай, ауыл маужырап, ұйқыда. Анда-санда қотаншыл төбеттер саңқылдайды. Ара-арасында бозбала көрген қала әйелдерінше қабаған қаншықтар желпілдетіп, шәуілдейді. Жоғарғы ауылдан қыз-келіншектердің шырқаған әні естіледі. Қартқожаның ауылынан «Айтақ-ау, айтақ» деп бір қатын даусын созып отыр. «Мен де ояумын» дегендей, боз бойдақ түрегеліп, түшкірініп-пысқырынып «зікірін» салып басылды. Ыңыранып, бырт-бырт күйсеп қара мал жатыр.


Жүністі бір жарлауыттың астына тастап, Қартқожа бүкшеңдеп, буыны сыртылдап, Шамкештің іргесіне келді. Қыздың іргесі қай бүтін тұрған, үлкенірек бір тесіктен қолын жүгіртті. Ояу екен. Ыңырсып аунаған болды да, қолын ұстай алды. Қартқожа ақырын ғана «мен» деді. Еңкейіп, шиге аузын таяды. Қыздың ыстық лебі Қартқожаның бетіне тиді. Бар денесі тітіркеніп, електір ұшқыны жүгіргендей болды. «Тезірек шық» деді де, Қартқожа өрмектен аттаған әжедей аяғын көтере-көтере басып, үй артындағы қосқа барды. Ішіне кіріп, кигізді бетіне ұстап, сығалап отыр.


Көп кідірмей, шапанын бүркеніп, есікті ептеп жауып, Шамкеш те шықты. Төңірекке қарады да күзетшінің дауысы естілмеген соң, сызыла басып үй артындағы жарлауытқа таман аяндады.


Қартқожа сығалап отыр. Былайырақ шығып түзге отырған кісі болып, Шамкеш отырды. Ауыл жаққа тағы қарады. Ешкім білінбейді. Тағы жүрді. «Қашан келер екен? Шыға алар ма екен?«деп жүрегі дүрсіл қағып, жар астында бас бағып, Жүніс отыр. «Көзге түсіп қалам ба? Әкей оянып кетер ме? Жеңешем біліп қояр ма?»— деп келуін келе жатса да Шамкештің жүрегі де тұрмай барады. Өзі жолығатындай, екі жастың тілеуін тілеп, «А-құдайлап!» Қартқожа отыр. Шамкеш аяғын басқан сайын, Қартқожаның жаны кіреді. Жүрек қандай туласа, жастықтың қызығы да сонша ләззатты тәрізді, ұятты да, қорқынышты да тыңдатпайды. Шамкеш жетті жарлауытқа! Жүніс қолын созды. Көтеріп жар астына түсірді...


Шағала көлдің беті айнадай. Сұлу құшқан жігіттей ай сәулесін құшақтап, көл жымың-жымың етеді. Көлді біреу көшіріп кететіндей, әлсін-әлсін қиқылдап, әлек болып қызғыш жүр. Кабинетінде отырып, әмір еткен кемесерше маңғазданып, оқта-текте аққу сұңқ-сұңқ етеді. Кәдеге таласқан қатындарша ию-қию болып, бажылдасып қаздар жатыр.


Үлкен ауыл жақта жаңғырыққан дауыс шықты. Түнгі дауыс саңғырап, қандай естіледі. Қартқожа құлағын түрді. Анда-санда бір жерін естіп қалады. «Патшаның жарлығы», «19 бен 31-дің арасы», «Қазақтың түні қараң болады десейші», «Ой, алла-ай!», «Бұ не деген сұмдық?» деген дауыстар естіледі. Айқай молайды. Ыстық күнгі ызылдаған бөгелектің дауысындай дауылдасты. Әрі-беріден соң саябырлайын деді. Бара-бара дауыс тым-тырыс басылды.


Қартқожа не екенін ұққан жоқ. Әйтеуір бір жаман хабар екенін іші сезді.


СУЫҚ ХАБАР


Қартқожа кеш оянды. Күн сәскеліктен асып кетіпті. Жылқы келген. Бие байлауға шыққан кісі жоқ. Қотанда үйездеп сиыр тұр. Ақ таяғын артына қыстырып, сиыр өргізетін Байбол отағасы да көрінбейді. Қалампыр сиырдың бауырынан тұра берем деп, қолы қағып кетіп сүтін төгіп алды. Шеткі үйлерден қымызға жүгіретін Тезекбай, Терлікбайлар үйлерінің қасында солбырайып тұр. Сабаның дауысы шықпайды. Көрінгенмен құрдас болып, арсалаңдап жүретін Тұрмағамбеттің де иығы түсіп кетіпті. Қолында жүгені, жылқы жаққа бара жатыр. Айғайласып жүгіріскен, шуласқан, асқа өкпелеген балалардың да дауысы естілмейді. Биені желі басына айдап келіп, Иманқұлға сөйлесті де, Орманбас жылқышы құрығына таянып, сілейіп тұрып қалды. Ел сең соққан балықтай.


Қартқожа киініп, үй жаққа аяндады. Көрпебай ақсақал таяғын кеудесіне таянып, босағада қақиып тұр. Қартқожа сөйлеуге бата алмады, өте шықты. Байдың баласы Мұқаш жүктің бұрышында қисайып жатыр екен. Қартқожа соның қасына келіп отырды, Мұқаш ауыр күрсінеді. Сөз қатпайды. Олай-бұлай жалтақтады Қартқожа. Жағын тіреніп бәйбіше отыр. Оның да қабағы жабыңқы, жұпар сабынын бұрқыратып, бетін, мойнын жуып, шашын жылтыратып тарап қоятын Шамкеш те бүгін ажарсыз. Шашы таралған жоқ, жерден ши алып, тырнағын шұқып отыр. Қартқожа ойлады: «Япыр-ау, Шамкештің түндегісін сезіп қойған болар ма?» Әлде бір жақын адам өліп соны естіген болар ма?.. Шамкешті білгендей болған жоқ еді. Шамкеш қайта келіп жатқанда, ақсақал мен бәйбіше қорылдап ұйықтап жатқан. Кісі өлген болса, жұрт жиналып естіртер еді. Оның бірі жоқ. Шыдай алмады, Мұқашқа қарап:


— Немене? Жаман хабар бар ма?— деді.


— Естіген жоқсың ба?— деп Мұқаш басын көтеріп алды.


— Жоқ!


— Құдай оңдады ғой...


— Неғыпты?


— Қазақтан салдат алатын болыпты.


— Ә, қойшы!


— Қой түгіл, ешкі де жоқ.


— Түндегі бір даурыққан хабар екен ғой?


— Естісең сол.


— Неше жастағыны дейді?


— 19 бен 31-дің арасындағы жігітті.


— Япыр-ай! Япыр-ай! Ә!.. Қашан алады екен?


— Жақында ұстаса керек...


— Ей, құдай-ай! Сұмдық болған екен ғой!..— деп, тамсанып, мойны түсіп отырып қалды Қартқожа.


Әлде «Ақыр заман» болатындай, әлде күн біржола бағатындай, жұрттың қабағынан қан жауып, нөсер алдындағы күндей, ішін тартып, булығып тұрған мәнісі осы еді. Туғалы жүген-құрық тимеген асаудай, асау азаматтың мойнына патшаның шынжыр бұғалығы түсіп, асаудай алқынып, дір-дір етіп, ет жүрегі шошып, үрейленіп тұр еді. Қартқожа ойлады: өңкей қылқын кескендей қыршын жасты әкеткенде, бала-шаға, шал-кемпір неге тұлға болады? Елдің құрығаны ғой деп ойлады. Ол ой ұзаққа бармады, дереу өз халі, өз басы есіне келді. Солбырайып, тысқа шықты да, қостың қасына барды. Шапаны иығында, қостың етегіне жантайып, күнге мандайын беріп жатты. Қошқыл маңдайынан ащы тер тағы да шып-шып шығып, жер шұқып, терең ойға кетті....19 бен 31... Мен биыл 18-ге шығып тұрмын. Мені алмайтын шығар. Жоқ, әлде алып қоя ма? Менің шын жасымды қайдан біледі?


Тілмәштің кінегесінде нешеде екенмін? Жасты өзгертуге болмас па? Болмас, онда жұрттың бәрі не жас, не кәрі болып шығады ғой. Жасты кісінің өзінен сұрар ма екен? Жоқ, кінегедегі жазумен ала берер ме екен? Өзінен сұраса, әркім-ақ жасырады ғой. Кінегедегі жаспен алар. Сөйтеді ғой. Болыс пен тілмәштар бірдеме қып түзетпесе, өзгекісінің қолынан келмейді ғой...


Менің жасым кінегеде әлде нешеде жүр...18...19... таяу тұр-ау өзі. Қатеден бір жасты қосып жіберсе, кеткеніміз ғой... ойбай-ау! Әлі өз басымды айтып отырмын... Деген баратын біздің Тұңғышбай екен ғой, ол 25-те. Ол сөзсіз ілінеді... ойпырым-ау, ол кетсе, не болдық?.. Әкей болса марқұм болып кетті. Ендігі бас көтеретін, сүйеніш-сүйкенетін жалғыз сол... ол кетсе, үй иесіз қалғаны-ау! Әжем болса қартайды, інім болса жас. Тұңғышбайдың келіншегі шаруаға қырбай адам, оның үстіне 3 жас баласы бар... Ол кетсе, осынша жанның міндеті менде болады-ау!.. Оларды қалай асырап сақтармын... мал болса шағын. Үш бұзаулы сиыр, кер құнажын, екі тайыншадан басқа, шауқар мен көк байталдан басқа мал бар ма? Он шақты саулықтың үшеуінің қозысы өліпті, ақ қарабас саулықты қасқыр жеп кетіпті. Қызыл тұсақты қойшылар жоғалтып жіберіпті. Бұ мал қаншаға жетеді, келесі соғым, алым-шығын, киім-кешек, борыш-қарыштан несі қалады? Ол кетсе, мен шаруаны ұқсата алармын ба? Онда мен өз бетіммен шөп шауып, пішен таси алмаймын, қала шыға алмаймын. Боранда малға бара алмаймын. Кісідегі аласы-бересіні басқара алмаймын. Ондай мен қораның жыртық-тесігін бүтіндеуді, етік жамауды, пеш қалауды білмеймін. Әжемнің тілін алмағанда келіншегіне ұрсып, кейде ұрып, көндіретін ол еді. Мен жеңгеме қатты сөзді қалай айтармын? Ол кетсе біздің үй үй болмайды... қой, ол кетпесін. Құдай болысар. Япыр-ай, ол кетсе жаман болады ғой... Жүністен жаңа хат танып, үшкөлге барам деп жүргенде, мұндай күйге ұшырадым-ау! Алдыңғы жылы жаңа ойланып жүргенде, әкем ондай болып еді. Енді мұндай дүкпірт килікті. Шынымен copғa бола жаралған жан екенмін... Тұңғышбай кетсе, енді мен оқи алармын ба? Әлде құдайға тапсырып кетіп қалам ба? Қой... құдайға шет болармын... Әжемді қалай қиып тастармын. Тұңғышбайдың жас балалары жетімсіреп қалады ғой, қой, оқымай-ақ қояйын... Шынымен оқи алмай қалғаным ба? деп, үй ішін ойлағанда, терең үңгірдің кемеріне келіп қалғандай, өзінен-өзі қорқып, енді қайтып оқуды ойламауға тырысты.


Ол кетеді... Соғысқа барған кісінің тірі келуі екі талай-ау... аман болса қашан келер? Егер, зәуде жазым болып, өліп кетсе... Жоқ бірге туған бауыры, қуаты... ағасы өлмеу керек... Құдай-ай! Сақтай гөр! Жаман сұмдықты ойламайыншы...


Қараңғы ойлар Қартқожаның басын кернеді. Әсіресе «Ағасы өліп кетсе» деген ой қорқынышты көрінеді. Ағасын өлімге қиғысы келмеді. Жаман ойлардан серпілгелі басын көтеріп алып, жан-жаққа қарады.


Әркім де аттарын ұстасып, ерттесіп жатыр. Әне біреулер атына мініп, үлкен ауыл жаққа жөнелді. Әнеки, Мергенбай ауылнай да кетіп барады. Қартқожа отыра алмады. Түрегелді де Көрпекеңе барды.


— Ақсақал, мен ауыл жаққа барып келейін деп едім.


— Барсаң бар.


— Мұқаш, мен не мініп барайын?


— Тор байталды ұстап мін. Қинамай бар. Барған соң демін алдырып, жылқыға жібер, — деді Көрпебай. Қартқожа «жарайды» деп шығып кетті.


АЛҒАШҚЫ АРЫН


Болыс аулы қара құрым топ-топ ат, қаптаған кісі. Шет жағындағы жирен шолақтың мойнына байталын байлап, кісілерге Қартқожа да келді.


— Немене? Кінегені көрсетті ме?— деп сұрады өзі тәрізді бір жігіттен.


— Жоқ әлі.


— Көрсете ме екен?


— Білмейміз, тілмәш әлі шыққан жоқ.


Ұйлығып отырған бір топқа келді Қартқожа. Жар қабақтау келген жауырынды қара сұр жігіт, көзі қасқырдың көзіндей қып-қызыл, омырауын ашып, келдектей сарыбас қамшысын білеп:


— Егер бермеді бар ғой, қамшының астына алыңдар! Көк ала торғайдай қып тартып алыңдар!— деді.


— Енесін... өлім біреу-ақ!..— деп, тағы бір жігіт жұдырығымен жерді түйіп қалды.


— Не де болса көрерміз...


— Құдай ақ дағы!


— Боғымды бермес... — деп құшырланды бірсыпырасы. Қартқожаның жүрегі тұрайын деді. Әйтсе де мына сөйлеп отырған, кіжінген, қолына түкірген ер жігіттердің екпінді сөздері көңіліне бір түрлі демеу берді. Мынадай азаматтар тұрғанда ешбір жау ала алмайтындай көрді.


— Кәне, осыған байладыңдар ғой?— деді әлгі қара сұр жігіт.


— Байладық, байладық! — деп шу ете түсті көп; сөйткенше болмады болыстың үйінен теңселе басып, шалқақтап он шақты кісі шықты, топқа қарай жүрді. Ортасында ұзын бойлы, шоқша сақалды Нұрмағамбет би, қарны кебежедей, талтаңдаған Қабыл бай, мешкей Жолтай сықылды кісілер бар көрінеді. Өзгелерін танымады Қартқожа. Шеткері отырған жамау, жаман тұмақтылар сәлем берісті. Қартқожа отырған топ манағы қара сұр жігітке қарасып, оның қалпы суық болған соң, өзгелері де сәлем бермеді, серпілмеді. Топқа таянған соң Нұрмағамбет би:


— Азаматтар, жалпы амансыңдар ма? — деді. Кейбірінің ерні қыбырлады, кейбірі иек көтерді.


— Мынау үлкендердің айтатын азырақ сөзі бар. Кішкене реттеліп, дөңгеленіп отырсаңдар...


— Айтсын, отырайық... тыңдайық... — деп шет жағы серпілген болды. Орта кезі үйме-жүйме отыра берді. Құбыла жағына келіп тізіліп ақсақалдар да отырысты. Топ тым-тырыс болды. Жайланып отырған соң, Нұрмағамбет би иегін көтерді. Ол көтерген соң, айтқалы отырғанын сезіп, топ та иегін көтерді.


— Уа, бозбалалар! Түстерің бұзылып, жүректерің алқынған көрінесіңдер. Шырақтарым, алқынбаңдар, аптықпаңдар. Жүректеріңді басындар! «Ашу көпір, ақыл дос» деген. Аптыққан адам ақыл таба алмайтын...— деп бір қойды. Тырс еткен жан жоқ.


— Он сегіз мың әлемді билеуші бір құдай. Дүниеде құдай күшті. Құдайдан соң патшаның әмірі күшті. Оның құрығынан құтылатын пенде болмайды. Біз түгілі, бізден бұрынғы хандар да, билер де, батырлар да құтыла алмаған. «Арыстан айға шабамын деп, аяғын сындырыпты», қолдан келмес жұмысқа ұмтылам деп, біз де сондай мәрт болып жүрмелік. Бұл бір көпке келген селебе. Азамат басына түскен ауыртпалық. Бәрің де тістің суындай, көздің қарашығындай, жаңа пісіп келе жатқан көк өрім азаматсыңдар, баламызсыңдар, інімізсіңдер. Сендер кетсең қабырғамыз қайысады, бүйіріміз сөгіледі... оны көрмей-білмей отырған жұрт бар ма?.. Саулық қойдың жасындай жасымыз бар, мына отырған бурыл сақалдар неге тұлға боламыз? Қайтіп ел-жұрт боламыз?..— деп келе жатқанда, манағы сары ала қамшылы қара сұр жігіт ұшып түрегелді:


— Майда тілдің бізге бір тиынға керегі жоқ! Кінеге қайда? Спесік қайда? Қолымызға берсін!— деді.


— Кінегені берсін!— деп топ ду етіп түрегелді. Жамыраған қойдай гуілдеді жұрт. Ақсақалдар да түрегелді. Оларды кимелеп.. қамшысын білеп, омыраулы жігіттер ақырысты.


— Байлардың баласы неге жасын бұзады?


— Кінегені неге көрсетпейді?


— Біз де бұзамыз, өзіміз жаздырамыз.


— Болыс қайда? Алдымен соның басын мұжу керек.


— Кінегені қолымызға берсін!.. Көреміз! Өртейміз!..— деген дауыстар тұс-тұсынан күжілдеді. Анда-санда ақсақалдардың да даусы шығады.


— Жарықтықтарым-ау! Кінегені күзеткен кісі жоқ.


— Болыстың басы екеу дейсіңдер ме?


— Не қыл дейсіңдер?


— Болмайтын жұмысты айтпаңдар! Ақылға түсіңдер! — Жігіттер тоқтамайды.


— Қан көрейін демесе, кінегені қолымызға берсін! Қырғын қыламыз!..


— Атасының аузын...— деп дәуірлейді.


— Нұрмағамбеттің баласы бара ма екен?


— Қабылдың інісі нешеде екен?


— Болыстың баласы неге бармайды?— деп шулайды жігіттер. Ақсақалдардың аузына құм құйылды.


— Сабыр етіңдер! Болысқа айтайық! Айтқандарыңды істейік,— деп, топты тоқтатып болыс үйіне кетті. Жігіттер желдей гулейді, судай толқиды, ду-ду етеді. Кідірмеді. Тілмәш шықты. Жігіттер түрі бұзық, тілмәшті түтіп жеп қойғандай. Анадайдан-ақ қолын көтеріп:


— Қазір беремін... азырақ шыдаңыздар, кішкене жол беріңіздер...— деп сұп-сұр болып, дірілдеп, үй артындағы кеңсесіне кірді. Онымен бірге үйді құлатып жібергендей сықырлатып топ та үйге кірді. Үлкен жәшікті ашып, бір үлкен кітапты астыңғы жағынан алып берді тілмәш.


— Ал жүріңдер!— деуі-ақ мұң екен, жігіттер опыр-топыр болып, кінегенің соңынан көкбөрі тартатындай қиқуласып жөнелді. Жан дәрмен күйі торы байталын әрең тауып алып, жанамалай шауып, Қартқожа да кетіп барады. Бәрінің тағдыры сол кітаптың ішінде тұрғандай: «кінеге қайда?», «кінеге кімде?», «Дәрменде-Дәрмен» десіп, үздік-создық шаңды бұрқыратып барады.


АҢҒАЛ ЖҰБАНЫШ


Беті ашыққа шыққан соң, шабан-шалағайлар, бір-бірлеп тырағайлап қала бастады. Аты өкімдер алдын созып, күнбатыс жақтағы сары адырға қарай бастады. Орта кезекте тепекті қағып, Қартқожа да келеді. Алдыңғылар адырдың басына үйме-жүйме болып тоқтап, аттан түсті. Қартқожа келсе, алқа қотан салып отыр. Кінеге Дәрменнің қолында, кісінің артын күтісіп отырған тәрізді. Бір уақытта «орысша білетіндерің бар ма?» деп айғайлады. Жұрт жан-жағына қарады. Ешкім шыққан жоқ.


— Енді қайттік?


— Мен азырақ танушы едім,— деді Қартқожа.


— Е, әйда!— деп Қартқожаны дедектетіп ортаға алып барды. Кінегені қолына ұстатты. Тап «Құрандай» үлкен кітап. Қартқожа судыратып кете алмады: «Посемейный спесок» деген жазуды әрең тасымалдап шығарды.


— Сыртын қойып, ішін оқы! Менің атым бар ма екен? Мені қарашы!— деп жабырласты. Қартқожа ішін ашты. Киліккен жердей оқыды.


— Жылқайдар Малбагароп...


— Жылқайдар бар ма? Жылқайдар...- деп дауыстады қасындағы жігіттер. Жоқ. Қартқожа: «Жена...Күн...Жамал...»


— Күнжамал бар ма?


— Қатынның аты емес пе?- Қартқожа: «Мат...Жания...»


— Тәйірі, қатынды қойып, еркекті оқысай. - Жігіттер анталап, алқымынан алды. Қартқожа тез оқи алмады. Басып барады. Ыстық тер ақты. Кейбірінің аты келсе де, жасы келмейді, не әкесі бөтен болып шығады. Сонымен талай заман өтті. Жұрт жарымады: күңкіл шыта бастады.


— Мынауың түк білмейді ғой.


— Көтін қысып тыныш отырмай, оқимын деп несіне борбайын созды?


— Бәсе, Жұманның баласы қайдан жетіліп қалды десем.


— Осы не білуші еді...— десті жұрт. Дәрмен кітапты қолына алып, көтерді де:


— Жігіттер тілмәшіміз жарыта алмады. Бұл кітапты қайтеміз енді?— деді. Біреулері: «Білетін біреуге оқытайық» деді. Енді біреуі: «Тым болмаса, жасымызды түзетіп алсақ екен» деді. Енді бірі: «Түбімізге жететін осы кітап, онан да көзін жоғалтайық!» деді. Дәрмен соңғы жобаны дұрыс көрді.


— Бұны отқа өртегеннен басқа қызығы жоқ. Кітап жоғалса, көзіміз ашылады. Жасымызды біле алмай, сандалып жүрсін. Бұған не дейсіңдер?— деді. Көпшілік «құп» деді.


— Дұрыс-ақ! Табылған ақыл! Ой тілеуің берсін! Ішкен-жегенің ас болсын!— десті.


— Ал, ендеше, тезек теріп жіберіңдер! Қолымыздан өртеп тарайық!


Дереу жігіттер алқа-қотан отырысты. Ортаға әкеліп, бес етек тезекті үйді. Отты маздатып жақты. Жігіттер масайраған, насыбайларын атысып, бірін-бірі қағытып, кенеліп отыр. Жалын шалқыған кезде, кітапты жоғары көтеріп Дәрмен түрегелді.


— Мына кітапты отқа саламын, бізге қастық ойлаған Мекалай патша осы кітаптай өртенсін!— деді.


— Өртенсін кәпір, жойылсын көзі! Түп-тұғиянымен жойылсын! Кетсін бәлекет! Алды-арты осы болсын! Жатқанынан тұрмасын. Тіпә-тіпә!— деп, азан-қазан болып, түкірісті. Қағаздары сылдыр етіп, қалың кітап от ішіне жоқ болды. От лаулады. Жұрт дулады. — Кет, бәлекет, кет! Бізді сен көрдім деме? Сені біз көрдік демелік. Шу қара құйрық! Кеткеніңнен келме!— деп тағы шуласты кеп. Кінегені «құтты жеріне қондырды», көңіл тынды.


— Ал тартыңдар ауылға!


У да-шу, опыр-топыр. Шаңы аспанға шығарып, жігіттер үйді-үйіне тарқады.


УАЙЫМ КҮШЕЙДІ


Көрпебай отағасы баласы соғысқа баратын болған соң қайғы басып, бала оқытуды доғарған. Сонымен Қартқожа үйіне қайтқан. Үйге қайтпасқа болмайды. Қартқожаның жасы кінегеде 19-да деген сөз шықты. Ауылнай да солай деді. Болыс ауылына барып келген Шідербай да «рас» деді. Шідербай өтірік айта ма? Оған нанбасқа бола ма? Содан бері Қартқожаның да, әжесінің де ішкені ас болмады.


Соңғы күндерде неше түрлі алып қашқан өсек жайылды. «Солдат алуды шығарған патша емес, бергі жердегі ұлықтар екен. Тегі елді бөріктіріп мал табу үшін істеп жүрсе керек. Болыстардың да ымы-жымы бірігіпті-міс. Жоқ, жарлықты шығаруын шығарса да, «Қалипа1» жұртынан қорқып, жарлығын қайтып алыпты-мыс. Ол бекер. Қазақты алатын мәні бар екен. Немістер орысты қырып шыдатпапты, сонсоң шепке тартып, алдына ұстауға қазақ сықылды аяусыз жұртты алатын болыпты-мыс. Әнеугі болыстың берген кінегесі керегі жоқ, ескі кітап екен. Жаңа кітап өз қолында қалыпты, сонымен жігіттерді қағаздап жатыр дейді-мыс. Сондағы барған жігіттерді болыс пыртокол қылған екен. Сол жігіттерді ұстағалы әтірет келеді-міс. Ел адамдары өз балаларының орнына кедейлерді жазып қойыпты-мыс. Болысқа, тілмәшқа пәлендей мал, дүние беріп, бәленше-түгеншелер жастарын кеміттіріп алыпты-мыс. Алты айға шейін алмауға патшадан телкрам келіпті-міс. Болыс баратын жігіттердің спесегін ауылнайларға беріпті. Жуырда жинайды-мыс. Айдабол жігіттері спесекті тартып алыпты. Болысын өлтіргелі барғанда, қашып кетіпті-міс. Ақсақ, соқырды, жарықты, тазды, көксауды алмайды екен. Соны біліп алып, «атқа мінгендер» өз жақындарының орнына соларды көрсеткелі жатыр дейді-міс. Кімдікі өтірік, кімдікі шын екенін біле алмай, Қартқожа басы қатты. Жалғыз Қартқожа емес, күллі ел дел-сал болды. Бәрі де аһылау-үһілеулі, езу тартқан жан көрмейсің. Жалғыз-жарым жастар, қыз-келіншектер байқамай бірдемеге күліп жіберсе, үлкендер «Атаңның басына жетісіп күлесің бе?» деп, зекіп тастайды. Дегенмен өз баласы, өз үйінен кісі бармайтын үйлер әлдеқандай көтеріңкі, көршілерін есіркеген болса да, ішін ара өз үйлерінде шүкіршілік етіп, тамағын мезгілімен ішеді. Баласы кететін үйлер оларды көре алмайды, зығыры қайнайды, олардың сөзін жарадай көреді.


Қартқожа кеп ойлады, көп уайымдады. Ағайынды екеуі бірден кетсе, қатын-қалаш, бала-шаға түтін түтетіп отыра алмайды ғой. Тым болмаса, біреуі қалса да бір сәрі еді. Қайтіп амалын тауып, біреуі қалар? Міне, оның ойлағаны осы еді. Тұңғышбай көп сөйлемейді. Сүле болып, ауырған адамша жүні жығылып кетті.


Таңертең кетіп, кешке келеді. Қайда барғанын, не бітіріп жүргенін де айтпайды.


Бір күні әжесі күрсініп, жылай берген соң, Қартқожа шыдай алмады, ойлап жүргенін айтты.


— Әже, жылай бергеніңді қойшы! Бір реті болар. Екеуіміз бірден кететін болсақ, аз малдың жарымын берсек те ағатайымның орнына кісі жалдармыз. Мен қалып, ағатайым ілінетін болса, оның орнына құдайға тапсырып, өзім кетермін,- деді.


— Қайсың кеткенде кенеледі дейсің? Кеудеден шықпаған жан отыра береді де.


Қартқожа шешесін уатады.


— Көппен көрген ұлы той, қайтер дейсің? Жалғыз біз емес, бір үйдегі жалғыз Құсайын да барғалы отыр ғой. Жұртпен қатар жан сақтармыз...


— Туғалы түз көрмеген сорлы... Кім біледі... ауырып-сырқағандай күн бола ма?


— Әже-ау! Кісі үйден шықпағанға қорқа береді ғой деймін. Мендей қазақтың баласы жердің түбіне барып, оқу оқып келіп жүр. Мендей жігіттер жылда қалаға, борақодқа барып, пайда тауып келіп жүр ғой, дәнемесі кеткен жоқ... Қайта, ысылып, жетіліп келеді.


— Жоқшылық не қылғызбайды дейсің, қарағым! Әйтпесе елді сағынбайды дейсің бе? Сорлылардың әжесі неғып шыдап отырады десейші.


Бұл сөзді айтуға себеп болған: «Жігіттерді 15 күннен қалдырмай жүргізеді» деген лақап еді. Анығын білуге Тұңғышбай болыс ауылына кетіп еді.


Кешікті. Кісі-місі көрінер ме екен деп, Қартқожа төбеге шықты. Көрінбейді. Құдық басында жылқы су ішіп жатыр. Желтең қара мал тырағайлап жайылып жатыр. Оты қанған бөдес тайлар бірін-бірі қуалап, шапқыласып, секірісіп, тістелесіп жүр. Кенже торы құлыны құйрығын тігіп алып, енесін айнала зырқырап шабады. Енесі қасында, тамағы тоқ, ойнамай қайтсін! Ойында түк жоқ! Менен де торы құлын ырысты-ау! Қарашы, бұлталаңдап, асыр салып жүргенін... Қандай жақсы! Бір күнде осыларды көруге де зар болармыз-ау! деп ойлап тұр Қартқожа. Жылқы өріске жөнелді. Ауылдың ар жағындағы сиыр ауылға қарай беттеді. Қартқожа өзекте жатқан бұзауларын айдап үйге келді.


Қас қарайды. Қой қотанға келді. Арбаны төңіректеп, сүйкеніп сиырлар тұр. Үй басы есік алдына от жағып, кешкі сиырдың сүтін пісіріп жатыр. Қартқожа үйге сүйеніп, ашамайды шынтақтап, ауылға қарап отыр. Оған ауыл бір түрлі жылы, бір түрлі қызықты, еттен ет бауыр болып көрінді. Қоңырсыған сүт, қаңсыған қазан, қайнатқан қаймақ иісі де тәтті. Күлімсі шуаш иісі шыққан қойлар да бірге туғандай, түтіннің иісі күндегіден жағымды тәрізді, ала бұзауын қуалап, құйрығынан алам деп, домалап жатқан Кенжетайы да бір түрлі жарастықты. Кіші отаудың жынды қашары сатырлатып, үйге соқтыға жөнелгені де ұнап тұр, қотан шетіндегі екі бойдақтың шегініп, шегініп дүрс-дүрс сүзіскені де қызық! Шіркіндердің басы қалай мықты! Соғысқа жіберер ме еді? «Мықты басыңды сонда көрер ек» деп жымыңдайды ішінен. Осындай қайғыбас қиялмен Қартқожа да жалғыз өзі кеп отырды. Үйге кіруді ұмытып кетті. Егер Кенжетай келіп: «Жүр, ағатай, сүт іш!» деп шақырмаса, Қартқожа әлде қай уақытта орнынан тұрарын құдай білсін.


КӨТЕРІЛІС


Ай қараңғы. Бұлт. Желтен қолды күпінің ішіне алып, бұйығып күзетшілер тәтті ұйықтайтын жақсы түн. Қартқожа да ескі күпісін айқара жамылып, басын тұйықтап қорылдап жатыр еді, тап құлақ астынан:


— Қартқожа бар ма? Шық бері!— деген түнгі айқай, сойылмен салып жібергендей, сарт ете түсті. Қартқожа қалай тұрғанын да білмеді:


— Уа, мен мұнда!— деп атып-ақ шықты.


— Дереу киін! Міне, жылқы келіп қалды! Қолыңа түскен атты мін де жүр! Сойыл тауып ал!


— Немене, жаным? Қайда барамыз?


— Соң білерсің!— деді де, екінші бір үйге тұра жөнелді. Қартқожа аң-таң. Есі шығып кетті. Не екенін білген жоқ. Бірақ жігіт таныс — Имақан. Ол өтірік шошытпайды. Жан ұшырып киіне бастады.


— Жасаған-ай! Тағы не боп қалды?!— деп әжесі тұра бастады.


— Тетелес, о кім?— деді жеңгесі.


— Имақан, жөнін айтқан жоқ. Бір кеп болған ғой,— деп күшеніп мәсісін киіп жатыр. Лезде ауыл айғай-ұйғай болды. Дүсірлеп, шұрқырасып жылқы да келіп қалды. «Жүгір! Мін! Жүген, жүген!» деген дауыс естілді. Асығып-үсігіп, жүгенін ала Қартқожа да жүгірді. Ауыл арты — жылқы, іші — кісі. Сатыр-сұтыр. Ат қуған басып кете жаздады. Қылаң мінген бір жігіт өлер-тірілеріне қарамай бастырып жүр, жылқы құтқармайды. Көрінгенге «жүген, жүген!» деп айғайлайды. Үш-төрт жігіт: «Ай-ой» деп дауыстап, жылқыны тас қылып шашау шығармай иірмелеп жүр. Қыланды жігіт бір баран малды құрықтап: «Әкел жүген!» дегенде, Қартқожа тұра ұмтылды. Азырақ бас асаулығы бар екен, әрең дегенде жүгендеп алып, шаужайдан ұстап, жетектей жөнеді. Үйірсек жануар жылқыға қарап кісінеп жұлқынып болмады. Шаужайға қаға-қаға арпалысып алып келеді.


— Әже! Ер-тоқымды әкел!


— Әкелейін. Сақтай гөр! Немене екен, жасаған! Білдің бе?


— Білгем жоқ... Бері әкел! Басын ұстамасаң тұрмайтын мал көрінеді...


— Құр, шырағым! Тәк, жануар! — деп, әжесі басын ұстады. Жаман желқомды Қартқожа отыртты. Добалдай бір жануар. Жуық маңда айылы жетсінші. Мықшындап, тарта-тарта артқы айылды ортан белден үзді.


— Ой, бәрекелді-ай! Енді қайттік? Айыл жоқ па еді, әже?


— Қайдан босын, ағатайың атқа мініп кетті. Бір айылмен жығылып қаласың ғой... Керегенің таңғышын бермесем.


— Әкел, таңғыш та болса, қараңғыда домалап қалармыз.


Ала құрдың бір шетін күрмеп, ілмек қылып, шандырлап тұрып тартты. Жауырының күжірейтіп, белді мықтап тұрып буды; Шідербай үйінің арбасының астынан қойшының сойылшасын тауып әкеліп, қирататын кісіше атына мініп одыраңдатып жөнелді.


— Ақырын, жаным, жығып кетпесін, — деп әжесі қала берді. Өйткені әпербақан мал екен, жерошақтан қарғып кеткенде, Қартқожа қопаң етіп, түсіп қала жаздап еді.


Қартқожа ауылдың сыртына барғанда: «Ал, тартыңдар!» деген айғай шықты. Иіріліп тұрған 5—6 жігіт алдын соза жөнелді. Олардан кейін шұбырып, тағы үшеу-төртеу кетті. Қоқыраңдатып, төтесінен Қартқожа да қосылды.


Бәрі қарулы, көбінің қолында сойыл, не шоқпар, кейбірінде бақан-ау деймін, келдек, біреулері тымағының екі құлағын ішіне жымырып, бауын байлап алыпты; біреулер басын орамалмен тартып қойыпты, кейбір жігіт күресетін кісіше жеңін беліне байлап, оң қолын сыбанып алыпты, бәрінің де пішіні құнтиыңқы, тақымдары қысыңқы, жаңа жөнелген жауды түсіретін кісіше бәрі де құтың-құтың етеді. «Тымағымның құлағын мен де жымырсам, қайтер екен» деп, жаңа ойлана бергенде, басы бой бермей Қартқожаны аты ала жөнелді. Тақымына қыстырған «бір салар» шоқпары, тақыммен ойнаған есік пен төрдей боз аты, басында жас баланың үкі таққан жекей тымағы бар, мойны сорайған бір жігіт Қартқожаның қасынан сыдыртып өте шықты. Соның дүбірімен Қартқожаның аты делебесі қозып кеткен екен. «Дәуде болса, балуан Оразалы ғой» деп ойлады ішінен. Астындағысы тойып тұрған ат екен. Жарты шақырым шыққанша жөндігіп көсіле алмай, құйрығын көтеріп, шырқылдата берді. Әккі неме ішін тазалап алып, жерге жақындаған іспетті ұзарып, жайтаңдап сала берді. Желісі етекті желп еткізбейді, желдей еседі. Туғалы мұндай ат мініп көрмеген Қартқожа «Мұндай да ат болады екен-ау!» деп сүйсініп келеді. Желген сайын, жаны кіреді. Түнгі жортуыл, аттың екпіні, қасындағы әлекедей жаланған қарулы кеп жолдас Қартқожаны желіктірді, қыздырды. Қайда бара жатқаны да есінен шығып кетті.


Үзеңгі қағысқан бір жігітпен желіс салыстырғысы келді. Жаман өкшені қадап, шаужайға қағып жіберді. Анау да Қартқожаның дәмесін сезе қойды, білем, тізгінін қымтап, о да қамшыны бір басты. Оныкі текіректеп шауып кетті. «Біздің ат қалай екен!» деген немеше, оза бергенде, тымағының артқы құлағы селпең етіп, Қартқожа артына бір қарап қалды. Сыртылдатқан бойымен иттерін бүйі тигендей шулатып, бір ауылдың сыртынан өте шықты. Бір-екеуі ауылға шауып кетті. Бұл ауылдың жігіттері жөнелгенін білгелі кетті ме, қаңсып бара жатқан соң насыбай іздеп кетті ме, әйтпесе ауыл көрсе шыдай алмайтын біреулер болып, қара тартып кетті ме, неге кеткенін Қартқожа сұраған жоқ. Топты жігіттің бір шетінде айдай берді. Осы сартылмен биенің бірер сауымындай мезгіл өткен шығар, қарсы алдынан бір топ жігіт кездесе кетті:


— Уа, немене?


— Қайтыңдар, қайтыңдар!


— Немене?


— Кетіп қалыпты.


— Қашан? Қай мезгілде?


— Қас қарая жөнелсе керек.


— Күзетшілерің қайда?


— Күзетшісі бар болсын!


— Ақым үйінің етін андып отырғанда, шу қойып кетіп қапты.


— Ой, қара бассын!


— Ой, атауыңды же!


— Ой, әкеңнің аузын...


— Ет қой біздің түбімізге жететін,— деп шуласты бәрі де.


— Қуғыншы бар ма?


— Бес-алты жігіт Дәрмендер қуып кетті. Жете алад деймісің, кеш кетті, түге.


— Қап! Ой әттеген-ай!— деп санды бір соқты.


— Енді қайттік?


— Ауылда таң атқанша отыра тұрайық — не ғып келер екен.


Жігіттер дабырласып, ауылға жүрді. Қартқожа біреуінен жансыздап сұрап білді. Кеткен болыс пен тілмәш екен. Олар қалаға спесік тапсыруға кетіпті. Спесікті тартып аламыз деп жігіттер ел жинап, жылқыға шауып жүргенде, болыстар жүріп кете берген.


ЖАСАҚ


Сарша бесінде екі салт атты cap желіп Алабастың қойнауына кірді. Бірінің астында семізден қатқан қара аты бар, бірінікі торы байтал. Жүрістері сумаң, пішендері қужаң, байталдысы өзіміздің Қартқожа, анасы — Имақан.


— Биіктің басындағы сонау көрінген кісі ме? Тас па? — деді Қартқожа.


— Біздің қарауылшы ғой,— деді Имақан.


— О кімді қарауылдап тұр?


— «Бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген емес пе?


— Жау тал түсте келе ме?


— «Сақтықта қорлық жоқ» депті ғой бұрынғылар.


— Осымен жүріп, жан қалса жарайды ғой әйтеуір,— деді аздан соң Қартқожа.


— Қалмағанда, әзер болса, алар әйтеуір алатын болса, бір күнде болса, дәурен сүріп қалу-дағы жұрттікі. Көп не болса, соны көрерміз.


Соны айтысып келе жатқанда, шөлейт жақ кезеңнен солаң етіп, төрт атты кісі шыға келді. Біреуі оқ бойы алдында, тымағын ажырайта киіпті. Артқы үшеуінің алдында — салақтап өңгерген үш семіз қой. Алдындағысы жаудан түсіргендей, одырайып, терісіне сыймай келе жатқан тәрізді. Бұларды көрген соң насаттанып, шіреніп, қамшыны бір басып қалды.


— Бұлар кім?— деп сұрады Қартқожа.


— Бұ біздің жемеңгерлер ғой! Өкірткен екен сорлыларың! — деп Имақан да сүйсініп, арты бір қозғалып қойды. Лез болмай-ақ, жігіттер шұрқыраса кетті.


— Кім-кімнен соғып жібердіңдер?


— Кімнен екенін сұрайсың? Бардан алат та кісі!


— Әлде жазған Жүндібай ма?


— Ана боз бойдақ сонікі.


— Тағы шырылдаған екен ғой.


— Ол ит жылатпай мал бермеуші ме еді? Қолынан берді ме?


— Қолынан беру қайда? Шөкен барды да, құрықты тастап жіберді.


— Бажылдап төбет те ұмтылды келіп. «Соғымға арнағаным еді»... пәлен-түген еді деп қыртады. Жігіттерге «Тарта бер!» дедім. Не керек, итте талай шомбалдар бар екен... аман болса, талайын жәукемдерміз әлі...


— Төбеттің қойы бес жүзден артық-ау деймін. Ауылдың маңы ақ киіздей көрінеді ғой,— деді қой өңгергеннің біреуі.


— Жабағылы қойының өзі бестен асады десетін,— деді Имақан.


— Бәсе, бықып жатқан бірдеңе!


— Мал осындай итке бітеді. Не ішпейді, не жемейді. Бала жоқ, туысқанға қарайласу тағы жоқ. Нағыз алатын мал осылардікі ғой,— деді алғашқы жігіт.


— Жортуылға кісі аттандырғандағы Байжан батырдың батасы немене еді?— деп сұрады Имақан.


— «А құдай! Қас пен көздің арасынан безе гөр!


Қайдағы оңбайтын, тіл алмайтын,


кер кеткен қас сорлының баласынан безе гөр!


Текеметін тұйықтағаннан безе гөр!


Майға тойып, түшіркеніп ұйықтағаннан безе гөр!


Бейілі қашқаннан безе гөр!


Мейманасы тасқаннан безе гөр!


Малынан зекет бермеген,


Отыз күн ораза тұтпаған,


Бес уақыт намазын күтпеген,


Көріп-қасар, жетім-жесірің!


Көзіне ілмеген қайдағы надан,


Шіріп жатқан ішпей-жемей


Мал жиған, көрген күні кедейден,


Жаман нас байлардан безе гөр!»


дейді екен жарықтық. Сол айтқаны нағыз осы иттер ғой!— деді манағы оқ бойы келе жатқан жігіт.


— Ой, сөзіңе болайын!— десіп, Жүндібайды орнынан тұрғысыз қылды жігіттер. Бір уақытта Қартқожаға көзі түсіп кетіп:


— Е, мынаны қайда апарасың?— деді.


— Мұсылман қауымына енгізгелі әкелемін,— деді Имақан.


— Алғашқы шыққаның осы ма еді?


— Осы еді,— деді Қартқожа.


— Ендеше, Көсікбайға бақыр байланды десейші!


— Не болса да бара көреді ғой,— деді Имақан. Қартқожа не екенін ұқпады. Аузын ашып, әрқайсысына жалтақтап бір қарай береді.


— Сен ит әлгі жылқышының қара бақырын байлап, баулығын жазым қылып жүрме.


— Оны не қылайын? Баулығы бекімеген бала ғой, өзіміздей бақыр да осыған дәуалнай болар деймін! — десіп, бозбалалар Қартқожаны қаңқу қылып келеді.


Сол қалжыңмен келе жатып, Алабастың бір асуына шығып келгенін Қартқожа байқамай да қалды. Қарап жібергенде көзіне мыналар көрінді:


Қарсы алды, жан-жағы шыр айнала тау. Ортасы алақанның аясындай жазыңқай тығырық. Сыртқа шығатын бір ауыздан бұлар келіпті. Оң жақта тауды жүлгелеп аққан терең бұлақ. Бұлақ бойлаған тырбық қызыл шілік. Сол жағы шалғынды арна. Арна толған жайраған жұрт, жайылған ат. Әне жерде, міне жерде бұрқыраған түтін. Түгін басында еңкейіп от жаққан, қызартып ет көтерген, қоңырсытып бас-сирақ үйткен кісілер көрінді. Әне бір жерде түтіннен аулақ шығып, бір топ кісі екі жар отырып, күрес салып жатыр. Көтермелеген айқай-ұйқай дауыстары естіледі. Арғы шетте бір оттың басы үйме-жүйме кісі: тау жаңғырықтырған шақ-шұқ темір даусы шығады. Кейбіреу дәрет алып отыр, кейбіреу бұлаққа ат суарып жүр, енді біреулер жалаңаштанып, битін қарап отыр. Сона біреу таудың бетінен қорымнан отын арқалап түсіп келеді. Міне біреулер бастары түйісіп, төмен қарасып жатыр, ойнағаны әлде дойбы, әлде қарта. Аяқтарын бұлғаңдатып әрең басып, міне, бір-екеуі келеді. Омыраулары даладай, бірінің қолында домбыра, өзімен-өзі болып жүрген әншілер екені анадайдан көрініп тұр.


Қарап тұрсаң, тамақ мұнда, сауық мұнда. Шаруамен, басқа дүниемен ісі жоқ серуенде жатқан серілер. Мынаны көргенде ауылды Қартқожа да ұмытты. Жаңа, жат дүниеге кіргендей, жаны жай тауып, есі шығып кетті. Орталық кездегі бір түтінге келіп, Имақан екеуі түсе қалды. Аттарын талға байлап тастап, құрысып жатқан бір қара сабаны Имақан қамшысымен түртіп қарады. Сабаның қасында бір қара бұжыр жігіт айылын тігіп отыр екен, Имақан оған қарады да:


— Мынауыңда ештеңе бар ма?— деді.


— Қайдан болады? Кешке шейін бұрайды.


— Ай кәпір-ай! Бірер жұтым қоя салмайсың-ау!


— Ауылдан келіп тұрып, қымыз іздегені несі?..


— Ауылда қымыз бар ма! Барын осында әкеліп отырып... Мынауыңды бұрап көрші!


— Дым жоқ. Шөлдесең, бұлақтың суы жететін көрінеді.


— Қап, аузыңды! — деп Имақан теріс қарады.


КҮРЕС


У да-шу дойбы ойнап жатқан бір топ жігіттің қасына Қартқожа тұра қалды.


— Қойдың ғой? Қапың жоқ қой? — деді қысық көз, қу жақ қара жігіт.


— Қойғанда қайте қоясың? — деп қоңқақ мұрын, секпіл бет жігіт, тасты бармағына қыстырып, қолы дірілдеп отыр екен.


— Қорықпасаң, қойшы! — деп өршеленді, қара сұр жігіт күлімдеп.


— Нығман, қойып-ақ жіберші! — деді қасындағы біреуге.


— Ал қырып кетсең де, қойдым, — деп Нығман тырс еткізіп ұзын үйге бір басты. Қара сұр жігіт мұртын бір ширатып, жымың етті де, дауысын созып:


— Қо-ош енді! Қойсай, мен сенің әкеңді танытайын!— деп дойбыға төніп, қоқиланды.


— Ойбай шіркін! Таныта ғой!..


— Алай барамын, былай барамын...— деп қара сұр жігіт қолын шошайтып, план құрды да: «Же мьвданы!» деп, бір тасты сақ ете түсірді.


— Ойбай, оңдырмады! Кетті күріш базарына!— деп шуласып қалды жігіттер. — Тұра тұр!.. Не дейді?— деп Нығман сасқалақтап, қойған тасын қайта ұстады.


— Қозғама, қайтыс жоқ.


— Жоқ, қайтпаймын... қайтпаймын...— деп Нығман тасты орнына қойды.


— Көшен, сайранды салсайшы!— деді бұ жақтан біреу.


— Салғанда, мен салайын!— деп Көшен күліп, көзі жұмылып кетті.


— Мынау не қылайын деп отыр, ә?— деп Нығман бөгелейін деп еді.


— Же, же! Қаңқиған ит! Атаңның басына ойланамысың?— деп гуілдесіп алды. Еркіне қоймады, жегізді. Нығман тағы бір жүрді. Енді жүргенде Көшен екі беріп, үш алып, биге шықты. Жігіттер ду ете түсті. Нығманның басын уқалап жатыр.


— Ой, мұрның құрысын! Ой, аңғал ит!— десіп жатыр.


— Шақша қайда? Шақшаны әкел!— Шақша ұстаған жігіт қара шақшаны Көшенге берді. Насыбайдан айырылып, Нығман шоңқиды. Жігіттер олжа насыбайды таласып атысып, қарық болды.


— Ай-ай! Өзіме бір атым қалдыр,— деп өңкеңдеп Нығман жүр. Насыбай қалдырған ба? Қара шақшаның қара басын ұстап, Нығман қалды. Жігіттер насыбайға таласып жатқанда, Қартқожа күрес жаққа кетті. Ай-жай болып, дойбышылар да күреске келді. Қартқожа топқа келген кезде, күрестің қызған уағы еді.


Ұзын бойлы, аршын төсті ақсұр жігіт шекпенінің бір жеңін беліне қыстырып, жерден шөп жұлып алып, алақанын үйкеп жіберді де, ақпандағы бураша шабынып шыға келді. Кеспектей дембел қара жігіт талтаңдай басып қарсы барды. Есік пен төрдей келгенде аңға шабатын жолбарыстай, екеуі де арбасты. Оң қолдарын сыртқа ұстап, бірін-бірі андып, шыр айналды. Бір минут өтті ме, жоқ па, екі қол сарт та сұрт айқаса кетті. Ақсұр жігіт қолы желкеден тиген жерден-ақ теріс қарай иіре бастады. Әйткенмен қара да бола қоймады, жағадан тиген қолы тістей қатты. Сонша болмады, ақсұр жігіттің аяғы іліне кетті. Көз ашып жұмғанша ақ балтыры күнге шағылысып, жарқ етіп, бұрқ еткізіп тастап жіберді Жұрт шу ете түсті. Басы-көзі шаң болып, қара жігіт әрең тұрып, ырсиып тобына барды. Жыққан жақтан айғайлап, одыраңдап біреу шықты.


— Әй, жігіттер, осымен алтауы жығылды. Енді Нығманыңды әкел! Басқаңмен күреспейді.


Ана жақ дедектетіп, топ алдына Нығманың алып келді. Нығман жуырда шешінбеді.


— Кіммен күрес деп отырсыңдар?


— Шәкіманмен.


— Шәкіманға қолымды былғамаймын.


— Кесірленбе, кесірің алып кетеді.


— Мен күрессем, Дәрменнің өзімен күресем.


Ана жақ күліп:


— Мыналардың дәмесін көрдің бе? — деп Дәрменге қарады. Дәрмен жымиып күлді де:


— Шәкіманды жықса, күресейін, — деді. Нығман шықты. Қартқожа манағы дойбыдан ұтылған жігіт екенін тани кетті. Шүйделі, балтыры бураның санындай жігіт екен. Мана нарттай Нығман күреске шығарда қанын ішіне тартып, сұп-сұр болды. Бірақ асықпады, саспады, кердеңдей басып, майданға барды. Талайды жығып, көңілі тасқан Шәкіман дағдылы одыраңға салып көріп еді, реті келмеді. Салған жерден бір қолын Нығман ұстап алып, босатпай қойды. Нығманның тегеуріні қатаң тиді білем, қимыл қыла алмай, бойын қашыра берді. Олай-былай сілкілесіп, қатысып байқасты. Нығман орнықты жатыр. Аз жүрген соң, Нығман бір қолын сарт еткізіп суырып алды да, ішкі белбеуден алып, жамбастатып, арқалап соғып жіберді. Манағы күнмен шатылысқан ақ балтыр бұ жолы сона жақтан барып сарт ете түсті. Нығман жақ: «Шығар Дәрменді!» деп шоқтығы шытып, көтеріліп қалды.


Шәкіман жығылған кезде-ақ, өзі қызығып отырған Дәрмен кербез киімін жұлып тастап, белбеуін шорт байлап өзі түрегелді.


Қартқожа Дәрменді бұрын да көрген. Батыр деп те айтатын. Болыс ауылындағы айғай, кінегені өртегендегі сөздері Қартқожаның есінде. Сондықтан ішінен Дәрменнің тілеуін тілеп, Дәрменді өз балуаны санап отырды. Дәрмен күреске шыққанда, дымын қыспаған, жүрегі селт етпеген, бойы шымырламаған жан болған жоқ шығар. Бәрінің көзі Дәрменде болды. Оны жығылсын деп тілеуші көп бола қойған жоқ шығар. Сөйткенмен Нығманның күресін көрген Қартқожа «көзі бажырайған кәпір жығып кетер ме екен?» деген қауіптен де сау емес еді. Дәрмен өзгелердей шабынған да жоқ, қолына да түкірген жоқ, арбасқан да жоқ. Жайымен аяндап келіп:


— Сен өзің әлуетті көрінесің ғой, әуелі сен ұсташы!— деп ыржыңдап, Нығманға кезек берді.


Мұнысы да Қартқожаға жат көрінді. Нығман омырауламады, әдеп сақтады.


— Өзің ұста, өзің ұста!— дей берді. Біріне-бірі:


— Қимылда, қимылда! — деп еңкейіп ұстап жүрді. Нығман шалайын деп еді, тарта алмады. Иірейін деп еді, арқасына түсіре алмады. Содан кейін Нығман қимылдауды қойды.


— Енді болдың ба?— деді Дәрмен.


— Болдым,— деді Нығман.


Дәрмен жауырынынан ұстап, «әуіп» деп, өзіне таман тартып алды.


— Әкетті, әкетті!— десті көп.


Бір қолымен ішкі белбеуден алып көтерді. Көтерді де сілтеді. Теріс айналдырып жіберді, қырқадан шалып, доптай түсірді.


Жұрт ду етіп түрегелді. Дәрменнен кейін күрес бола ма? Жігіттер Дәрменнің күресін мадақтап, лек-легімен түтін жаққа тарай бастады.


БАЙТАЛ ЖОҚ


Қара құрықта аттан айырылармын деп ел тараған соң Қартқожа байтал жағына барды.


Батыстағы Алабас көлеңкесін ұзартып, қырқа бастары батар күннің қызыл-сары сәулесімен сандақтана бастады. Жерошақтардың будақтаған түтіні ұласып, таудың өлкесін қаптады. Ашық әуеде асқан еттің, үйткен құйқаның, қоңырсыған майдың иісі аңқыды. Кешкі самал бойды сергітіп, жұрт қимылдауға, жүгіруге, асыр салуға кірісті. Біреу алысқан, біреулер насыбайға таласқан. Енді біреулер қатарласып, солдат ойынын ойнасқан, тағы біреулер қарсыласып, найзагерлікке үйреніскен, бір қатары қалмақ ойыны десіп, бірін-бірі көтеріскен, бәрі де арсалаң, уайым-қайғы жоқ, көңілдері шат.


Қартқожа манағы қойған жеріне келсе, Имақанның аты тұр, байталы жоқ. Шешілмесе керек еді. Қазық бау шалып және бір шорт байлап еді. Біреу мінсе, қасындағы білдей атты мінбей, байталды не ғып мінетін болды? Қартқожа алақтап, сасайын деді. Сонда да жүрегі артық қорықпайды. Кісі мінген шығар деген ой жеңе берді. Жеңілтек малға өш болушы еді. Кедейдің малына кедей өш болушы еді. Дәуде болса, біреу мінген шығар дей берді. Қазақ ит кісі атын мінуге даяр тұрады. Өз атын мінсе, қайтер еді? Суытып, отқа жіберейін деп тұрғанда, қинап тастайды-ау! — деп, ішінен назаланып, ентелей басып, ат жаққа жөнелді. Көп ат таудың саласында, кеңірек алқапта жатқан көрінеді. Бір-екі жерде таудың ығында, аттарынан түсіп, жылқышылар отыр. Жан-жағына алақтап, Қартқожа келеді. Жолда бір оттың басында бақырдан пісілі-шикілі көтен-ішекті алып, бір қара жігіт асап жатыр екен. Майлы ішекті көргенде Қартқожаның аузынан суы ақты. Сөйткенше болмады: «Жүндібайдың қойын сен бағып па едің?» — деп, бір жігіт көлденеңнен келіп, көтенді ала қашты. Алғашқы жігіт аузы толулы, бажылдап, аузын буған бұзаудай мөңіреп, қуа түсіп қала берді. Соңғы жігіттің сұғанақтығына Қартқожа сүйсініп қалды. Одан өте беріп еді, бір-екі жігіт от басында сорпа ұрттап отыр. Одан аулағырақ біреуі ысылдап ыстық бұғананы сыдырып жатыр. Бес-алты жігіт, қолдарында найза темірлері бар: «Менікі мықты, сенікі сағақты, ананікі жетесіз...» деп, қаруларын әңгіме етісіп отыр.


Жігіттердің ішінде Дәулет ұста найза соғып жатыр еді. Одан әрі үйме-жүйме. Жігіттердің ішінен: «Осы құйрықты жалғыз жеуіме әпкел қолыңды!» деген дауыс шығады. Қартқожа мешкейдің бәйгесі екенін білді. «Пышақ үстінен жеп таусасыңдар ғой» деген бір бақыршының байбаламы шығады.


Қартқожа жасақтан өтіп, бұлаққа таянды. Талдың тасасында бір-екі жігіт сөйлесіп тұр екен. Қиылған қара мұртты кербезше жігіттің: «Оқбастың ызасы өтті, бүгін іргесін көтерсек те кіру керек» деген сөзін құлағы шалып қалды. Қартқожаның есіне шағала көл, Шәмкеш түсті. Кемпірі есікті құлыптап, кілтін жамбасына жастап жатқан біреу ғой деп ойлады. «Дүниеде қызы, келіншегі бар үйдің қабаған иті мен қақбас кемпірі болғаннан кесел жоқ» деген Жүністің бір сөзін Қартқожа тағы есіне түсірді.


Одан да әрі жүрді, ат суарып тұрған бір жігіттен:


— Торы байтал мінген кісі көрдіңіз бе?— деп сұрады. — Құйрығын екі керткен домалақ тобылғы торы байтал болса, әне біреу жылқыға мініп барады,— деді әлгі адам.


— Е, тап сол!— деп Қартқожа қуанып қалды.


— Япыра-ай, байқап қалғаныңыз мұндай жақсы болар ма? Ауылға тартып кетті ме деп, сасып келе жатыр едім.


— Е, мал бақсаң, сен де байқарсың,— деді жігіт.


— Мынаның қай жерінен өтеді екен?— деп сұрады Қартқожа бұлақты нұсқап.


— Қайда барасың?


— Байталыма.


— Байталыңды қайда әкетеді дейсің. Өзі де келеді. Атын әкелуге барған біреу шығар.


— Ендеше, тосам ғой.


— Өзің қай ауылдікі едің?


— Шідербай ауылінікі боламыз.


— Мұнда қашан келіп ең?


— Бүгін келіп ем.


— Байталдан айырылатын жөнің бар екен ғой. Байталмен жүргенің қалай?


— Барын мінеді де.


— Ей, бала-ай! Осы күнде барын мінемін деп отыра ма екен кісі. Байдан мінсең болмай ма?


— Бай бере ме?


— Бермесе, мынау астымыздағы маңдайға біткен ат деп тұрмысың? Осы күнде байдың малына сұрау бар ма?


— Сұраусыз кісінің малын міну обал емес пе?


— Обалдан қорықсаң мұнда неге келдің? Жасақта не жұмысың бар еді?


— Әйтеуір жұрт келіп жатқан соң, жанымыздан қорықтық.


— Ендеше, обал дегенді айтпа. Байларға обал бар ма? Бәрі баласының жасын жасырып, өңкей кедейді беріп отыр.


— Оныңыз рас, мені де жасым ілінбесе де, бай баласының орнына жазып қойыпты.


— Енді атаңның басы бар ма? Байдың бір шонжарын мініп алмай. Жақсы ат жанның серігі емес пе? Кім біледі, заман бір қилы болып кетсе, жанды кісі атпен сақтайды. Балалықты қойып, ат тауып мін...— деп, әлгі жігіт бір талай өнеге айтты.


Бұрын жабыланып, обалдан қорқып жүрген Қартқожаға мына сөз қуат бергендей болып, көтеріліп қалды. Сөйтіп тұрғанда Қартқожаның байталы да келді. Ана жігіт кете барды.


— Астыңыздағы байтал менікі еді, ыстық болып қалды ма екен? Суарып отқа жіберейін деп тұр едім.


— Ыстық болып қайда барды дейсің? Әне жерде тұрған атымды әкеле жатырмын. Ал, сенікі болса,— деп жаман тымақ, шоқша сақал жігіт аттан түсті.


Өз байталын өзі олжа қылып, Қартқожа атын суарып, бұлақ басында қала берді.


ТАМАҚ


Байталын отқа қойып, ер-тоқымын көтеріп қайта келсе, жұрт апа-сапа етке қолды қойып жатыр екен. Имақан артына бір қарағанда, Қартқожаны көріп:


— Қайда жүрсің? Килік мына жерден!— деп, тағы қағыла берді. Қартқожа бір тізелеп, қырындап табаққа кірді. Бәрі де қаужаңдап, пышағы жоғы итше жұлқылап жеп жатыр. Табаққа түсер-түспестен анау да, мынау да қақшып әкетеді. Қартқожа орнынан бір-екі рет ұмтылып еді, қолына еш нәрсе түсіре алмады. Ұрымтал жердегі озбырлар жұлып әкетті. Әйтеуір Имақанның қолындағы сүбеден қармаулырақ төрт-бес алып жіберді. Күні бойы қымыз ішіп, алысып-жұлысып, шабыттанып отырған жігіттер сортаңнан келген сиырдай оптығып, қырып барады.


Ерні жұқалау бір сұқым жігіт жамбасты тұтамдап, майын бармағымен бүркітше басып ұстап алыпты. Табаққа жұқалап кеседі де, өз аузына келгенде, түйеге асататын жемдей-ақ түйіртпектеп тастап жібереді. Аузына түк жұқпайды. Соған қараймын деп Қартқожа бір-екі алатын сыбағасынан құр қалды. Енді біреу асықты жіліктің ойымды етін шеңгелдеп, шолақ пышағымен мыжығырлап, жөнді кеспей, өз аузын тауып жатыр. Имақан шыдай алмады:


— Өмірзақ, кессей, өз аузыңа сала бермей!— деді.


— Кесіледі ғой, кесіледі ғой,— деп ақжарқын кісімсіп, күлімсіреп Имақанға таман бір кесіп тастады да, өз аузына тағы бір нығытып қалды.


Әрі-беріден соң жұрт қарбытайын деді білем: «Сендер шыдатпадыңдар ғой, ал жеңдерші! Жылқы сойса да шақ келмес» деп біріне-бірі ақыл айтқан болып, бейілі кеңіп кесейін деді. Манағыдай емес, табаққа тураған ет те түсейін деді. Кейбір қомағайлар қапыл-құпыл болып қалса керек. Сүйек мүжуге айналды. Қартқожа да құрсақ болып, жауырынның сүйегін алып, кейін шықты. Манадан бері аузына құм құйылып, сөйлеуге мұршасы келмей жатқан жұрт тамаққа тойған соң жайраңдап, қалжыңға кірісті. Сорпа берген бақыршыға жамбасты жайлаған жігіт:


— Уай атшыға ет қойылды ма? — деуі сол-ақ екен, жұрт ду күлді.


— Атшысын тамағы тойған соң ойлайды екен... Ой, шіркіннің қамқоры-ай! Әй, көк атқан! Ой, құлқының құрғыр! Әлгі бір қойып жатқан жамбас сенікі екен ғой...— десіп жатыр.


— Қоюға сендер мұрша келтірдіңдер ме?


— Мұрша келмей, неден сонда басыңа күн туды? Сонша не әкетіп барады?


— Бәрің де әлгіде қырылып жаздап ең, қарашы енді.


— Дәл сендей онжырғасын салған кісі жоқ шығар деген сықылды.


Тамақтанып, көңіл жәй, әй-жәй болған соң, жұрт атты ойлады.


— Аттарыңды ұстап алыңдар! — деген айқай шықты. Жүген іздесіп, атқа жүгірісті. Жігіттер аттарын ұстап әкеп арқасын сипап, жалағына түкіріп, кейбірі не үшін екені белгісіз, құйрығын көтеріп көріп жүр. Көзі көріп отырса да, бір жақтан кісіге: «Аяқ-қолың аман ба? Денің сау ма? Аман-есен келдің бе?..» деп, іштегі ниеттестігін білдіруге сөз таба алмай, қайта-қайта амандасатын бір әдет бар ғой. Аттың құйрығын көтеріп көру де сондай бөстекі жұмыстың бірі ме, көптен ескермеген аты бас-аяғын түгендеп, амандығын білгенге разы болсын дегені ме, кім білсін?


Аттарын әкеліп, кейбіреулері байлады. Енді біреулер жаюлы терлігін уқалап, ат ерттеді. Біреулер айылдан айырылып, «қап, қай атаңның аузын тана... алып қойды екен!» деп жаппай боқтасқа салып жүр. Біреу: «Терлігімді көрдің бе?» деп бақырып жүр. Қартқожа атына келе жатқан Имақанға:


— Мыналар қайда барады?— деді.


— Күзетке шығатыны бар, ауылға баратыны бар — атқа мінбей отыра ма?


— Өзің қайтесің?


— Көрпебай ауылында менің де бір шаруам бар еді. Барып келем бе деп тұрмын.


— Мен қайтемін?


— Қайтесің? Осында бол!


— Мұндағылар не істейді?


— Не істесін? Ұйықтағаны ұйықтайды, отырғаны өлең айтып, ойын-сауық құрып отырады.


Соны айтысып тұрғанда ішінде манағы қара мұрт жігіт бар, үш атты бүлкектетіп, қамшыны борбайға бір басып, қастарынан өте шықты.


— Бозбалалар да жөнелді ғой, мен де атқа қонайын,— деп Имақан атын ерттей бастады.


Қартқожа да байталына кетті.


ӘН


Қартқожа қайтып келсе, бір топ жігіт жиналып, ортасында біреу ән шырқап жатыр екен. Байталын атқа таман жақындатып қойды да, сонда барды.


Ақ саңдақ батқан жоқ. Жазғы майдай кеш. Көк судай ашық. Дәрмен шынтақтап жатыр. Оның тізесіне басын қойып тағы бір жігіт жатыр. Бәріде бір адамның баласындай, біріне-бірі сүйеніскен, айқасқан, құшақтасқан.


Қисайып жатқан бір жігіттің алдына келіп Қартқожа да қисайды. Анау мойнынан құшақтады. «Күн қалай рақат!» — деді құшақтаған жігіт. Қартқожа нені айтқанын өзі де білмеді, тек: «Қалай жақсы» — деді.


Әншінің екі жағында телмеңдеп екі көтермеші отыр. «Өлтіре соқ! Сүмірейт!» деп қояды. Айтып бола бергенде: «Мынау салың не дейді — орарарақ!» деп, енді біреуі айқайлап көтерді. Әнші пәлен дәріпті емес.


Бар дейді Қараөткелде мейіз сатқан.


Бар ма екен сол мейіздің дәмін татқан?


Молдалар шариғатқа обал дейді


Бір үйде бой жеткен қыз жалғыз жатқан, —


деген сияқты шілдеханада айтатын салдаман өлеңдер мен әр әннің басын шатып, соғып отыр. Әлгіндей өлеңдері болмаса, әннің ырғағына да жетік емес, жолсыз жерде жүрген арбадай, текіректетіп, бір беткей, қылып соғып отыр.


Ұнатыңқырамаған кейбіреу: «Осы ретті қып соға бер!» дейді. Шын айтып отыр екен деп, анау онан жаман екілене соғады. Әуелі түрпілеп алмай, майда егеу салған бар ма? Мынау әнші түрпі болса керек. Өйткені: «Шырағым, сен енді қойсаң қайтеді?» деген бір-екі сөз шықты. Аздан кейін біреу жатып:


— Уай, сен Біржаннан білетінің болса, айтшы!— деді.


— Біржанның «Жаймашуағын» айтпасам, көп білмеуші едім, — деді әнші.


— Е, соны айт, бәрібір, — десті.


Айтып бола берген кезде:


— Сен әне бір жерін келтіре алмадың-ау! Оның бір кілтипаны болса керек еді. Дәрменге берші домбыраны! Өзі айтып берсін!— деді.


— Сендердің ойың маған айтқызбақ екен. Айтпаса көңілдерің көншімес,— деп, Дәрмен басын көтеріп, қолына домбыраны алды. Дәрмен тұрған соң өзгелері де басын көтерді.


— Бәсе, жөні со ғой! Әдепбай сорлыны күшендіріп, әуре қылғанша, естірлік сөзді естиік те! — десті.


Дәрмен домбыраны күйлеп, келтіріп алды да, «Жаймашуақты» айтты. Әдепбай тәрізді көрінбейді, домбыраны да баурап, бармағы сартылдап әннің ырғағына келгенде, мойнын да бұлғаңдатып, көмейі бүлкілдеп кетті. Бірақ онша қатты айғайлаған жоқ, басын тежеген жүйріктей, салмақты дауыспен салды. Одан кейін жігіттер Дәрменге тағы да айт деп сұрады. Ол өзі де айтқалы отыр екен, бөгелген жоқ. Иманжүсіпті, Бүркітбайдың «Мұстапасын», Жарылғап қажының «Алтыбасарын», тағы бірнеше әндерді түйдегімен тастап жіберді. Мұң мен назы аралас Мұстапаның зарлы әні, жорғадай тайпалып, құйындай екпіндеген Жарылғаптың екілі «Алтыбасары» Дәрменді де қызықтырды, екілендірді, салған сайын оның асқардай асқақ, Арқадай байтақ, тұлпардай желді, алыптай еркін ащы айғайы аспанға құлаш сермеді, тау да, сай да, бұлақ та, тал да Дәрменге үн қосты. Саңғырады, күңгірледі, айғайлаған сайын Дәрменнің алқымы кеуіп, күрелері білеудей болып, тер бұршақтай домалады. Омырауды ашып тастап, әнмен баурын жазып алған ақын әрберден соң қара өлеңге басты. Дәрменді ақын емес деп кім ойласын? Кім сынасын? Аузына құдай не салса, соны жүндей төпей берді.


Ол қазақтың еркін күнін, ескі дәуірін жоқтады, бұрынғы өткен ерлерді, батырларды, билерді жоқтады Ол күндегі байлықты, берекені, бірлікті, ерлікті, серілікті өлеңге қосты. Бері таман келген соң, қазақтың алты ауыз болып орысқа бағынғанын, елдің азғанын, жаттан көрген зорлығын, қала салғанын, жерді қақол алғанын, қол-аяқты кісендеп, жылдан-жылға өрісті тарылтып бара жатқанын сөйледі. Бір жағынан қазақтан шыққан жақсылар елдің қамын ойламай, шенге, шекпенге мастанып, елді қанап, пара жеп, жауыздыққа салынғанына кектенді. Ендеше қызық қалмады, өнері бар жігіт аз өмірін немен жұбатып өткізу керек? Соны айтып келгенде, тапқан ермегі, алданыпты, арманы:


Жүйрік ат, сұлу қатын — ер қайрағы,


Жігіттің болып өстім боз тайлағы.


Қара шай, ащы насыбай — ер арпасы,


Болмаса сол төртеуі «байбай» даты,—


деген сықылды ұсақ нәрседе қалғанын, оны қанағат қылмаған жігіт жорықпен қайратын көрсетіп, атағын шығару керектігін айтты. Ол жортуылдағы жолдастарын мақтады. Ақмолада Иманжүсіпті, Қарқаралыда Боранқұлды, Рәтайды, тобықтыда Тәукені, Майғараны мадақтады. Солардың істеген ерлігін, елдегі күштілермен, қазақ-орыспен, қақолмен жауласып, алысып, аяғында заманның тарлығынан қорлықта өлгенін, не жер ауғанын сөйледі. Бұ күнде қолдан күш кетіп, азамат басына күн туып, қазақтың басы қаңғырып, не болары белгісіз екенін сарнап, сары даланы басына көтеріп, күңіренді. Тыңдаушылардың сай-сүйегі сырқырап, көзіне жас алды. Дәрмен домбырасын тастап, сылқ етіп, жантая кетті. Жұрттың бәрі тым-тырыс төмен қарап, жер шұқып қалыпты. Қартқожа не болғанын білмеді. Аузын ашып, қалшиып, көзінің жасы бетін жуып отыр, анда-санда әр жерден солқылдаған, ішін тартқан дыбыс естіледі. Аттың пысқырған, алыстағы біреудің күбір-күбір сөйлескені болмаса, жат нәрсе білінбейді. Сол кезде қақ төбеден Оқбақтың «Оқ!» деген даусы, сойылмен салып кеткендей, дүрс етті. Қартқожа селк етіп, оң жағына жалт қараса, таудың ығынан қып-қызыл қан болып ай туып келеді екен.


БӘТІШ


Ай сәскелікке келген кезде, бозбалалар қысыр әңгімеге кірісті. Біреу жылқы баққанын, біреу қала шыққанын, біреу «түн қатқанын», біреу сасқанын, біреу ұялғанын айтысты. Аяқтап келгенде әңгіменің беті әйелге таман бұрылды.


— Дүниеде әйел көріп жүріп, Жартыбайдың тоқалынан сұлу әйелді көргем жоқ,— деді бір жігіт қолын сермеп.


— Ой, тәңірі-ай! Сен де жоқты мақтайды екенсің. Қалидың қызынан әйел өтуші ме еді!— деді тағы біреуі.


— «Сұлу — сұлу емес, сүйген — сұлу» депті ғой. Әркім өз сүйгенін мақтайды да,— деп қойды жантайып жатқан бір жігіт.


— Шіркін, әйелдің сұлуы қуандықта болады ғой! Әйелдің мен бір шолпанын көрдім! Оны Дәрмен де біледі,— деді біреуі.


— Қайдан көрдің?!— деп Дәрмен басын жұлып алды.


— Мен үш жыл болды, Алтайға нағашыма барғамын. Қайтып келе жатып бір үйге қондым. Бай үй екен. Сол үйдің келіні «Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар» бір перизат екен, не керек. Бір жаманға қор болып отырған көрінеді. Менің жөнімді, елімді білгеннен кейін, әлгі әйел сені сұрады.


— Япырым-ай! Баяғы Бәтіш болмаса игі еді?


— Тап сол. Бірталай кептерің болыпты ғой! Маған түгел айта алмады. Дәрменнің өзі айтсын.


— Ал енді өзің айт!— деп жігіттер Дәрменді тағалап қоя берді.


— Өтіп кеткен нәрсенің керегі не? — деп Дәрмен жуырда айта қоймады. Ақырында жігіттер қоймаған соң бастады.


— О кезде қуандық, сүйіндік, найман, қаракесекті біріне-бірін сапырып жүретін күніміз. Түн баласына ұйқы көрмейміз. О бір дәурен-дағы!— деп Дәрмен бір күрсініп алды. — Алтайдың саңлақтарын алып қайтуға жылда атқа мінетінбіз... Бір жылы жолдасым — Рақымберді қолға түсіп қалып, соны іздеп жалғыз шықтым. Астымда мейізден қатырып алған Ақауыз ат, артымда жанторсығым, қоржыным бар. Жолдағы елге Алтайдағы нағашыма бара жатырмын деймін, тамыздың тамып тұрған ыстық кезі. Күндіз езіліп жүре алмаймын. Бір күні Есілден әрі өтіп түн қатып келе жаттым, «Есек қырған» туды. Таң таяу, елең-алаң сәуле бар. Сыпылдатып бір қырға шыға келдім. Сонадай жерде, ылдида қарауытқан бидайық шетінде бірдеме қараңдайды, қыбырлағандай болады. Бұ не? Мал дейін десем, шоқиып отырған тәрізді. Құс деуге — қомақтырақ. Жын ба? Пері ме? Сайтан ба? Құла түзде, түн ішінде жападан жалғыз дені сау адам қалай отырады деймін. Не де болса барайын, албасты болса, шашынан сүйреп, сабармын. Адам болса, бір кісіге әлім қаптал, несіне қорқамын, жүрдім. Таянған сайын шалғыннан басын қылтитып, шашы қарауытып көріне бастады. Жүз қадамдай қалғанда, әлгі нәрсе қалқиып түрегелді. Көйлегі шұбатылған бір әйел. Аузымнан қалай шыққанын білмеймін:


— Адамзатпысың? Перімісің?— деп ақырып қалдым. Даусы өлімсіреп, әрең шығып:


— Мен бір сорлы бейбақпын, шошымаңыз, — деді. — Таң рауандап, төңірекке сәуле кіре бастады. Күн тамылжып тұр. Бозторғай шыр-шыр етіп, шөп арасынан көтеріліп, аспандап жүр. Шөптің бастары қыбыр етпейді. Жапандағы жалғыз әйел атыма да таңсық көрінді білем, таянып келгенде, осқырып тұра қалды. Түсе қала, атымды жетелей, қасына келдім. Үлде мен бүлдеге оранған, ай мен күндей бір сұлу қыз! Тәжім еткен келіндей сызылып, атқан таңдай жымиып, қара көзі жаудырап көзіме түсіп кетті. Хордың қызы екен деп ойладым.


— Жаным, неткен жансың?! — деп қолынан ұстай алдым.


— Отырып сөйлесейік,— деді.


Отырдық. Бастан кешкен жайын сөйледі. Сендерге қысқасынан айтайын. Бір байдың қызы екен. Күйеуі қол ұстауға ұрын келіп, мейлінше жаман болса керек, түрінен шошып кетіп, «қаңғып өлейін» деп шыққан беті екен. Ауыл бір көш жерде қалса керек. Биідайыққа келіп дем алып отыр екен.


— Ой, қызыңа болайын!


— Ой, айналып кетейін!


— Ей, дариға-ай десейші!— деп жігіттер қимылдап, көтеріліп, желпініп қалды. Шақшаны өкшесіне бір қағып, Дәрмен насыбайды бір тастап жіберді.


— Ал, сонсоң?


— Қыз айтты: «Құдай не бағыма, не сорыма кез қылған шығар. Алаштың азаматы ер жігіт көрінесің. Етегіңнен ұстадым»,— деді.


— Енді не десін? Жөні со ғой!— десті бозбалалар.


— Тұра тұршы, сөзді бөлмей.


— Сонымен серт етісіп, атқа қондық.


— Шалғында кішкене жатпадыңдар ма? — деді біреуі.


— Жаның шығып бара ма? Қоя тұрсайшы,— деп, тежеп тастады біреу.


— Күн қызып, ел тұрғанша бойды алыстатып алайық деп ойладық. Алдыма мінгізіп алдым. Ақауыз атты сынайтын жер келді. Ақырын жүрісіміз бұлаң құйрық, әйтпесе жіберіп-жіберіп аламыз.


Күн қыза Есіл бойындағы иесіз бір қораға келдік. Бәтіш шаршайын деді. Жанторсықта сусыным бар еді. Жұтқызып алдым. Атты жалаңаштап, қораның көлеңкесіне байлап тастадық та, Есілге келіп, суға шомылдық. Менен ұялып, кәне шешінсінші. Еркіне қойғам жоқ. Шешіндірдім. Жалаңаш әйелдің сұлуын адам көрмейді екен ғой! Еті уыздай аппақ, білектері, сандары оқтаудай жұп-жұмыр, мойны құйған шамдай, ақ етіне қара шашы салбырап, қос алмасы үрген торсықтай делдиіп тұрғанда, жұтып қойғың келеді екен! Тал бойында бір міні жоқ, дәл он сегіздегі кезі еді. «Ұят-ау енді, ұят-ау енді!» деп жасыл жібек шәлісін жамылып отырды да, атып тұрды, Есілдің ақ қайраңындай суға барып шолп ете түсті.


Жүзгенде Бәтішті көрген адам не перінің қызы, не аққу деп білер еді. Өңім бе түсім бе деймін. Екі көзіме нанбаймын. Енді көрген түстей болды. — Дәрмен ауыр күрсінді.


— Сонымен не болды аяғы?


— Айрылып қалдым, не керек...


— Қалай айрылып қалдың?


— Үш күн мінгесіп шапқан соң, Ақауыз ат қажыды. Өзім де жауыр болдым. Бір күні түнде ат тауып алайын деп, жақын елге қарай бұрылдым. Сайын далаға Бәтішті жалғыз тастай алмадым.


О да қорқа берді. Қалың жылқының үстіне тап болармыз ба? Бәтішті түсіре сала, «Құдай берді ғой» деп жөнелдім.


Со кезде ел арасының барымтасы болып, жылқыға сақ болып тұрған кез болса керек. Неше күндей жылқы көрмей келе жатқан үйірсек жануар шаужайға қақсам да, болмай кісінеп қалғаны. Сол-ақ екен, дүрсе қоя берді. «Аттаншы аттанды» салып, жер де айғай, кек те айғай болып кетті. Жалт бердім. Ә дегенше болмады, бір боз атты келді де жетті. Салып жіберді. Шап беріп, сойылын жұлып алдым. Тұра ұмтылып едім, атым қарлығып қалған екен, маңайласпады. Алдымды орай берді. Түйдегімен үшеу-төртеуі тағы жетті. Бірін бір, екісін екі сілтеп қалдым, мұрттай ұшты. Тайқып соға берді. Енді құтылдым ғой деп, қара үзе бергенде, қарсы алдымнан бір жарлауыт килігер ме? Анау-мынау жардан Ақауыз аттап кететін. Қамшыны басып қалып, ырғып кеттім. Арғы жиегі алыс екен. Ат-матыммен омақаса жығылдым. Осы бұғанам сонда кетті. Не керек, мертігіп қолға түстім. Содан тұтқында бір ай жатып, әрең дегенде қашып құтылдым.


— Бәтіш қайда қалды?


— Бәтішті тауып алды. «Ел құлағы елу», естімей тұра ма? Елінен кісі келіп, көп шүйінші беріп алып кетті.


— Сорлы-ай! Арманда кеткен екен!


— Ой, бәрекелді-ай!— десті жігіттер.


— Дүние деген сол!..— деп Дәрмен қатты күрсініп, насыбайын тағы атты.


ТҮС


Жасақтағы алғашқы түн. Дәрменнің өлеңі, әңгімесі, о жер, бұ жердегі шаңқылдаған дауыс, беті ашық дала, сәулетті тау-бәрі де Қартқожаға жаңа дүниедей көрінді. Көңіліне әлденелер келіп, көзі ілінбеді.


Дәрмен сықылды ерлері тұрғанда, Алабас сықылды таулары, гүл аңқып, масатыдай құлпырған жерлері тұрғанда әлекедей жаланған жасөспірім жігіттері тұрғанда, қазақты ешбір жау ала алмайтындай көрді. Біресе орыстың зеңбірегін, поезын, параходын, ділграм тілипонын ойлап, оларға қарсы тұрарлық қазақтан қару таба алмай, қазақты зеңбіректің бір атқанынан қалмай жоғалатын, қорғансыз, қурай тәрізді көрді. Біресе бұл жарлық әншейін қазақты шошытуға, тәубесін есіне түсіруге, ұйқысын ашуға жіберген «құдайдың сыны» шығар, ел боз қасқасын айтса, құрмалдығын берсе, мойнына бұршақ салып еңіреп жыласа, «Өзінен» тілесе, көздің жасын иетіндей, жарылқайтындай көрінді. Қайтсе де осынау cap далада асыр салып сайрандап, сай сүйекті сырқыратып жатқан жаны бірге жастарды ертең жоғалады деуге көңілі жібермеді, өлімге қимады. Олар өлмес, бәрі бірдей жоғалмас, әзер болса, аз күн бейнет тартар. Бірақ дүние бір қалыпта тұрмас, көктен түскендей бір «керемет» болар. Неколайдан күшті «құдірет» те табылар: жазықсыз елді шулатып, зарлатса, оған да бір зауал болар деген жұбанышпен жатып, көзі ұйқыға кетті. Ұйықтап кетсе, ғажап бір түс көрді.


Түсінде қалаға барған екен дейді. Қала деген кісінің миы жетпейтін шым-шытырық бірдеңе. Ылғи бір заңғар үйлер, аспанмен тілдескен мұнаралар, қара құрттай қайнаған ығы-жығы кісі. Солардың ішінде Қартқожа да жүр. Бұрынғы Қартқожа емес. Сымдай орысша киім, аяқта қу табан, Әбілда тілмәш тәрізденіп шашын қайырып қойыпты. Орысша тілді де біліпті, көшеде өтіп бара жатқан орыстарға қалпағын алып «іздірәсти» деп амандасып жүр, танымал кісідей олар да Қартқожаға басын шұлғып барады.


Көшеде жалғыз кетіп бара жатыр еді, артынан қазақтың көп балалары қуып жетті. Бәрі де оқып жүрген шәкірттер екен. Қартқожа:


— Қайда барасыңдар?— деп сұрады.


— Өзенге барамыз. Сеңді көрмейсің бе?


— Бармай енді...— деп Қартқожа да ере жөнелді. Жар басында көп кісі тұр екен. Олардың жанына балалар да келіп тұрды:


Міне, Ертіс. Суы қара барқынданып, жауырынын күжірейтіп, көк ала сең арқалап, езуінен көбігі бұрқырап, екпіні үй жыққандай долы Ертіс. Әне бір сендер иін тіресіп, үзеңгі қатысып келеді. Оның ар жағында аңдағайлаған жеке қара сендер атой беріп зымырап барады, біріне-бірі мінгескендей үйдей шомбал кесек мұз майдандағы даулескер батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соныдан жол салады. Алыптың айбарына неғып шыдасын? Шошалаңдаған қағілез сендер тұмсығын жұлдырып, курс-курс сынып басы зеңіп, шыр көбелек айналады. Алыстан бұршақ теңдеген нөсер келе жатқандай, әйтпесе қамыс кешіп жолбарыс жүргендей, сеңге қақалған Ертіс булығып, кеудесі сыр-сыр етеді. Ертістен бойды шіміріктіріп қоңыр салқын жел еседі. Кемерді тасқын кернеген. Аралды су алған. Аралдағы сәні кеткен сояу ағаштар. «Пәленді аулақ қыл!» дегендей, жан сауғалап, сендерге басы тиіп теңселеді. Тамыры тармақты, әлуетті ағаштар тана басын көкке көтеріп, елен қылмай тұр. Бетіне әжім кірген қолабалар «алла» деуге әлі келмей, екпінді сеңге құрбан болып жатыр. Ағаштың түбірінде шоқайып, қайда барарын білмей сасқалақтап қоян отыр. Алдын болжай алмаған сорлының ажалына айуандығы себеп болды да.


Арғы бетте, қалың талдың түбінде жермен-жексен қазақтың көң қоралары көрінеді. «Көлемдірек бір сең соқса, мыжырайып қалады-ау. Тасқынның шарпуы болмаса, көк сең жете қоймас. Қағажу тұр ғой, қалқиып, аман қалар» деп ойлады.


Соны ойлап тұрғанда, нөсерлі қара бұлттай жоғарғы жақтан таудай бір сең шыға келді. Өз салмағы мен жүрісі білінбейді. Беті биік жар жақындап қалды. Жар басындағы топ топырлап, ұйлығып, біріне-бірі жол бермей шулай берді. Зеңгір сең келді де, жарды соқты. Күрс етіп, опырылып жар да құлады. Жармен бірге Ертіске ел де құлады.


Қартқожа енді кеттім ғой деп жан дәрмен қармағанда, қолына ақ сүйріктей тал ілінді. Талдан ұстап, ар жаққа шықты. Шықса құрғақ жер, көк майса шөп. Әрі таман жүріп еді, алдынан аулының балалары жолықты. Мәз-мейрам болды да қалды.


— Ел аман ба?


— Аман. Өзің қайдан жүрсің?


— Қалада оқуда жүрмін.


— Танымай қала жаздадық қой, киімің өзгеріп кетіпті ғой. — Біз шырағым қазыналық оқуға түскенбіз.


— Қалаң жақын ба, көрсетші!


— Жақын, жүріңдер, көрсетейін!


Шуласып ентелей басып келеді. Беті ашық дала жүре-жүре орманға айналды. Ара-тұра шоқ-шоқ бұталар аздан соң биік-биік ағаш болып кетті. Ағаш қоюлана бастады. Жыныс орман ішіне Қартқожа бәрін бастап келді.


Бір уақытта артына қараса, көп балалар көз жазып қалыпты. Қасында бір әйел қалыпты. Қараса — өзінің жеңгесі. Қартқожаның түп етегінен ұстап алыпты.


— Сен неге кетесің? Балалар жылап қалмай ма?


— Үйде әжем бар. Мен сенен қалмаймын.


Түн екен дейді. Орман қараңғы. Орманда аю, жолбарыс жүреді деп еститін, Қартқожа үрейленді. Жам аяқ жолмен келе жатыр. Алақтайды — түк көрінбейді. Қасындағы жеңгесі де көрінбейді. Тек етегінен біреу ұстап келе жатқанын сезеді.


Сол жағынан еміс-еміс бір дыбыс естіледі. Құлағын түріп келеді. Жүрген сайын — дыбыс анығырақ. Әлде ұлыған аң, әлде әупілдек, әлде ыңыранған адам. Әйтеуір келте-келте күрсінген дыбыс. Міне, тіпті анық естілді. Бебеулеген, ыңыранған адам. Бұ не?! Қарақшы тонап, жаралап кеткен адам ба? Болмаса аю кездесіп, алқымын езіп кеткен бір жан ба деп ойлады Қартқожа. Қайтсе де жаралы адам болуы керек.


Қартқожа «Барайын, білейін, қолымнан келсе, жәрдем берейін» деп ойлады. Солай таман бұрылды. Жүрейін деп еді, жеңгесі:


— Бармашы, тетелес!— деп байбалам салып, кәне жіберсінші. Қартқожа дауысқа қарай барам деп бұлқынады. Жеңгесі:


— Бармашы, бауырым, бармашы! Өлтіреді ғой!.. — деп безектеп, кейін қарай тартады, жібермейді. Екеуі ерсілі-қарсылы тартысып тұрғанда, оң жағынан сырнай-кернейдің сыңғырлаған сұлу күйі талмаулап құлаққа келді. Екеуі де тыңдай қалды. Күй бара-бара күшейді. Шырылдады, сыңғырлады, бірдемесі дабылдай дүмпілдеді. Дәрменнің ащы айқайыңдай бір дауыс бәрін жарып, саңғырады. Тоқсан құбылтты, ормаңды жаңғыртты. Естімеген жат күй Қартқожаны әрі қорқытты, әрі таңырқатты, ері жанына жағымды тиді. Жеңгесі: «Жүр, барайық!» деді. Қартқожаның есінде ыңыранған адам бар, жүрмеді, тұрып қалды.


Сөйткенше болмады, орманға сәуле кіре бастады. Күй даусы да дәл қасына келгендей болды. Жалт қараса — үшкөлдің балалары екен. Қолдарыңда қошқар мүйіз сары түтіктер бар, солдаттай сап құрып, күй тартып келе жатқан солар екен. Жүздері гүл-гүл жайнайды. Қартқожа бір үлкен той болған екен деп ойлады.


— Сен не ғып тұрсың?— деп бір шәкірт Қартқожаны қолынан тартып қалғанда, оянып кетті.


ІШІНАРА


Күн асқан сайын Қартқожа жасақтың қалыпты бір азаматы болды. Қарауылда жүріседі, күзетке барып ат бағысады. Кім жұмсаса да, тілін қайырмайды. Лепілдек, елгезек-ақ.


Қартқожа жасаққа келгелі екі жұмаға айналып барады. Көңілінде бір қаяу бар. Жұрт қатарлы аты жоқ, өзі қатарлы жігіттер жылбуыр ат мініп, көкбар тартып, жерден күміс алып, жарысып, аударысып ауыл қыдырып, сайран салып жүргенде, Қартқожа торы байталымен шаба алмайды, көсіліп бойын жаза алмайды. Ойын-сауыққа белсеніп кірісе алмайды. «Әй, бір жақсы ат-ай!» деп емешесі құриды. Жақсы ат болса, қатардан қалыспастай көреді.


Атының жоқтығын жолдастары көрмей жүрген жоқ. Қартқожа қамшылаған сайын, байталы көтін қиқаң еткізіп, құйрығын сипаң еткізіп, атқа бара жатқанда көлденеңнен көзі түскен жолдастары:


«Мына байғұсқа бір жөні түзу ат тауып беретін ғой» деген. «Мен тауып берейін» деп ешкім айта қоймайды. Ондай көп ортасына айтылған сөз көбінесе жадағай қалады. Кейбіреулер Қартқожаның солай жүргенін қызық та көреді. Аяғын қомдап, сұқиын бара жатқанын көріп: «Мынау жан шыдатпас!» деп әжуалап, күлісіп алады. Өз аттары сай болған соң, күлмей несі кетіп барады? Жаны ашыр деген жігіттер де көзі көргенде есіркегені, қынжылғаны болмаса, дүрмекке кірген соң, әркім өз қамына кетеді.


Өз бетімен ат тауып міну Қартқожаның қолынан келмейді. Ол жолдастарына сенеді. Жолдастарының түрі әлгі. «Сен салар да, мен салар», бәрі де енжар. «Кісіге күніңді салмасын!» деген осы да. Имақандар маған бір күнгі еңбегін қимайды, бір қойдың терісін пайда қылғанды тәуір көреді...» деп ойлайды.


Бір күні желдеп кеткен аттарды қарап, Қартқожа өзі де шаршап, байталын да болдыртып келді.


— Аттар бар ма?


— Құрып қалсын! Байталымды өлімші қылдым...— деді Қартқожа кейіп.


Ұялды білем, Имақан:


— Қайтсем де бір ат тауып әкелейін,— деп атқа мінді. Байталын титықтатып келгенімен ісі жоқ.


— Тәйірі, өзің мал қарай білмейді екенсің ғой! Қайда жүріп өскенсің?.. — деп, Қартқожаңның өзін шенеді.


— Не қыл дейсіңдер, өздерің қарасандар ауырып қалдыңдар ма?— деп күңк етті.


Соны айтысып тұрғанда, мына жақта жаңылдасқан, керіскен айғай шықты. Жалт қараса, шапыр-шұпыр төбелес болып жатыр.


Сөйлесіп тұрған үш жігіт тұра жүгірді. Қартқожа да ұмтылды. Қызыл шеке төбелес.


— Атаңның ғана...


— Сенің атаңның аузын мен...


— Ойбай-ай!.. Өлтірді-ау!..


Айқай да ұйқай. Жалаңаш кеуде... қызыл тұмсық. Жұдырық. Күрс-күрс. Төбелесуші кім, арашашы кім екенін біліп болар емес. Атаның атын, ұранды шақырып қыздырып жатыр. Таяқ жеген арашашылар төбелеске өздері кіріп жатыр. Қиратпаймын деп бір жан айтсашы. «Қой-қойлаймын» деп арасына кіре бергенде, қолағаштай жұдырық Қартқожаны құлақ шекеден періп кетті. Ұшып түскен бөркін ала-мала басын сипалап, топтан атып шықты. Басы жарылды, тісі сынды, мұрны бұзылды, көзі көгерді, құлақ қыршылды. Таяқты жеп-жеп, сусыны қанған кезде, шегінісіп, кіжінісуге, дауласуға айналды. Төбелестің бас себебі былай қалып, төбелестен туған боғауыздар, ащы тілдер тексеріліп жатыр. Қызу басылған кезде, астында қарагер аты бар Дәрмен келді.


— Бұ немене?


— Мынаның зорлығы өтті. Бұ қорлыққа шыдап тұра алмаймыз, кетеміз.


— Зорлық қылған кім? Сендер емес пе? Біз кетеміз... Әркім өзінікін жүптейді.


Дәрмен төбелестің себебін тексере келе, бір қойдың терісінен шыққан екен. Байжұманның иемденіп қойған терісін Сары Омар алып кетеді, «Өз қосымда сойылған теріні мен аламын» деп Байжұман айтады. «Жау қаштының» қойы сойылса, терісін мен аламын деп Сары Омар айтады. Бірінің дәлелі — қойдың қай қосқа сойылуы, екіншінің дәлелі — қойдың кімнен алынғандығы. Дәрмен екі жағынан екі төреші шығып бітірсін деп, төбелесті жуып-шайып, топты тарқатты. Бірақ төбелестің салдары жуырда үзілмеді. Жеген таяғын, тиген тілін кек қылып, жігіттердің арасында араздық, аңдық, егес өрши берді. Бұрын бір тілекте, бір жолда болмақ жігіттер енді ата-ананың ұлына, руға бөлінісіп, ілік тауып шиеленісе берді. Құданда, сүйек тамыр-таныс бірін-бірі тартып, азғыру, пым-пыш ұлғая берді.


Имақан бір байдан ат ұстап әкелген екен. Ол атқа ие табылды. «Бұл атты бермейміз. Өз тұқымында бай құрып қалды ма?» деушілер шықты. Имақан айтысып Дәрменге барды.


— Бізге ата, тұқым намысы керек емес. Жігіттерге ат табылғаны керек. Басымызға күн туып отырғанда, байлар баласын алып қалып жатқанда, оларға несіне жанымыз ашиды? Бүйте берсек берекеміз кетеді, мұны қойындар!..— деп Дәрмен көп ақыл айтты.


Естілер тоқтады, есерлері сөзге түспеді, былай шығып: «Бізге Дәрменнің керегі жоқ. Ол аналардың сөзін сөйлеп тұр. Қанша айтқанмен түбі бір ғой. Дәрмен сықылды өзімізде де кісі бар. Ол бір ұры, оның сөзін кім тыңдайды?...»— деп желденген жігіттер де болды.


Жасақтың ұйымшылдығына, берекесіне, бірлігіне қуанып жүрген Қартқожаның көңілі мынадай жаман қылықтарды көрген соң, тоқырауға айналды.


Жасақтың өз ішінен жік шықты деген лақап дереу елге де жетті. Байлар, жарамсақшылар, атқа мінерлер жігіттерге жел беріп, қолтығына дым бүрке берді. Басқа атаның тұқымынан соятын қой, ішетін қымыз алу да дау-жанжал туғызды. Араздықты, ертті сөндірем деп басшылары сөйлесіп, жігіттерді осынша үгіттеді, қауіп-қатерді де көрсетті. Жалпы оқпанын аз-маз түзегендей, сыртын бүтіндегендей болды. Әйтсе де ішкі жағы тазарып, әуелгі беттегідей бола алмайды.


Қартқожа «әлде қайтедімен» жүргенде, ағасы келіп, шақырып, үйіне алып қайтты.


ҚОЙШЫ


Күн ыстық. Аспанда ақ сабынның көбігіндей, мамық ақ бұлт жүзеді. Әуе шыбынның ызыңы, шегірткенің шырылы. Ащы өзеннің бір мүйісінде ақ борықтай ауыр қотан ақтылы қой жатыр. Біргебай қойшы жиырма шақты саулықты қосақтап қойып, үлкен қара сапты аяғына бор-бор сауып жатыр. Қойдан шетірек шилеуіт арасында «Қояйыншы енді, қашанғы оттай берейін, бәрібір Біргебай мұрнымнан сығып алады...» деген кісіше, мойнын салбыратып, құлағын салпитып, шыбындап тұсаулы Сұршолақ тұр.


Қойшы да тұтқыштай қара, жарғақтай ысқаяқ, кір тон, дамбалдан басқа лыпа жоқ. Күп-күрең қара қайыс арқасы күнге шағылысып, желінді шеңгелдей ұстап, анда-санда құлаштап бір қойып қалады. Қытықтанып, қымсынған саулық қара жұдырықтың игілігін көреді. Емшегін жаңа тарта беріп еді, боз қасқа саулық сапты аяққа тәсібісін тырс-тырс түсірді. Қойшы бес бармақты салып жіберіп, бозғылтым қара маржандарды сүзіп алып тастап: «Ой иттің малы!» деп, желінге екі нұқып қайта сауды. Сұйық болмаған соң, шәриғат көтере береді. Біргебай түгіл, ерте күннен намаз оқып жүрген Дәрігүл, Айжандар да құмалаққа бола сүтті шығын қып көрген жоқ. Адал қойдың ішінен түскен таза құмалақтың оқасы не?


Сауып болған соң Біргебай қойларын ағытып, үйген тезегіне таман келді. Мырзаның қатынынан жымқырып алған оттығын жартақ дорбасынан суырып, от тұтатты. Қуарып тұрған тезек маздап жана бастады. Лаулаған кезде ортасына алты-жеті тасты тастай берді. Бүкшиіп отырып, құрысып қалған белін жазғалы шалқая беріп еді, көзі Ащының аяқ жағына қарай сығырайды. Қуығынан шаншыла отырып, байталының құйрығын сипалақтатып тепең-тепең етіп біреу келе жатыр. Сүтіме ортақ болатын біреу ме деп, нұсқынын байқаған қолын қалқан қып, битті қызыл көзді қадап еді, бәлен құнды кісі көрінбеді білем, «Е, бір қаңғырған неме ғой!» деп, отына тезек тастады.


— Салаумәликум!


Қойшы естімеген кісі боп, еңкейген отын үрлеген болды да, күннен ұялған мысықша бір көзін қысып, менсініңкіремей:


— Сен қай баласың? — деді.


Аты-жөнін айтты. Қойшы «е» деп қоя салды.


— Отағасы, бұл қай ауылдың қойы?


— Бұ ма? Қай ауылдікі сияқты?


— Қайдан білейін?


— Мұндай қой кімде бар деп ойлайсың?


— Ыбырай қажынікі болмаса.


— Енесінің... Ыбырайға арам болар.


— Енді кімнің қойы?


Қойшы жаратпаған кісідей тыржиып қарады да:


— Өзің қайдан жүрген баласың? Мырзаның аулынан көрмеп пе ең?— деді.


— Ә, сол ауылдікі ме? Дұр-рыс.


Қойшы бір ыңыранып, қоразданып сырт берді.


— Отағасы, болыс дуаннан қайтты ма?


— Қайтты.


— Сөзін естідіңіз бе?


— Естімей, құлағым жоқ па?


— Не ғып кепті?


— Не ғып келуші еді? Бәрінің де аузын... кепті... Сыпыра боқташақ күнін көре алмай жүрген немелерге қайда? Мырза баласымен кім белдеседі? Бәтие шығарам деп Тәкештерің де Сібір ауып кеткен жоқ па?


Тағы да оны-мұны сұрап байқап еді, отағасы дұрыс жауап бермейді. Мынау қой өз қойынан жаман бұлданып, көпіріп көп сөзге әкетті. «Бір қап тезек толтырғанның да буы болады» деген осы-ay деп ойлады да, сүтінен іше кеткелі:


— Қорықтықтың үстіне келдім. Құттың дәмінен ауыз тиіп кетейін, жолым болар ма екен,— деді.


О кезде қойшы екі тезектің арасына қызарған тасты қысып қор-қор еткізіп, сапты аяғына салып жатыр еді. Сүт заматта бүлк-бүлк қайнайды. «Ауыз тием десең, не ғып тұрсың?» деген соң, жолаушы аттан түсті. Өзіне қарсы келмеген соң, мейірімі түсті білем қойшы:


— Сен қайсысының баласысың? — деп жылы ұшырады.


— Жұманның баласымын.


— Сен де барушы ма ең?


— Барушы ем.


— Жап-жас бала көрінесің ғой.


— Жасқа қарап жатыр ма? Кінегедегі жасым кем болса керек еді.


«Кінегеден де хабарым бар» дегендей:


— Е, кінеге ме?— деп қойшы күшеніңкіреп, бір нығыздап қойды да, сапты аяғын Қартқожаға ұсынды.


Қартқожа қоңырсып піскен қою сүтті бор-бор ұрттап, қарқындады. Қаймағын сораптап тартса да, қойшы шетінен тартып тұрғандай-ақ, аузына түспеді. Сапты аяғын өзіне берді де, ауылдың төте жөнін сұрап, жүріп кетті.


БОЛЫСТЫКІНДЕ


Жеті қанат ақ орда лық толы кісі. Төрде күректей теке сақалды ақсақалы, күбідей тырсылдап көзін ашып-жұмған ақ сәлделі қара шұбар қожасы бас болып, жемсауы көнектей өңкей күшігендер отыр. Оларға таяу жуанды-жіңішкелі, ұзынды-қысқалы, сақалдысы, көсесі, қырықпасы, қырмасы аралас бақа көзденген, жылан көзденген билер, ауылнайлар, елу басылар, атқамінерлер отыр. Көн шалбары көтіне қатқан жалғыз-жарым кедейдің көк шолақтары төмен отыр. Белуардан төселген кілем, көрпесінің үстінде көк шұға тройкасы үрген тұлыптай тырсиған, шашы кірпікшешендей тікірейген, жұқа қабақ, кейкі тұмсық, ақ пұшық жігіт ақ жастықты шынтақтап, жантайып жатыр. Аяқ жағында шытырдай болып ширатылып, қасын керіп, шынашағын шошайтып, ақ құба, ұзын мұрын жұқа ерін ерке келіншек қымыз сапырып отыр. Кекіре-кекіре сіміріп, «жақсылар» босатқан қызыл кәрден кеселерді қаршығадай сыпырып, аяғын мысықша басып, жылпос жігіт аяқшы болып жүр. Тізе қабы салбыраған, саулы боз інгендей талтайған биеші сүтті жаңа құйып, қара сабаны ыңқылдата пісіп тұр. «Болыстың сабасы осылай пісіледі» дегізгендей құлашын кере-кере, түйіп-түйіп, түбін түсіре, күрсілдете піседі. Дабылдың дауысы көлдегі құстарды да ұшырады білем.


Қожаекең қанатын қаққан қырандай шапанын бір желпіп, шалбардың бауын босатты. Боз қасқаға көтергендегісіндей қолды серпе көтеріп, қымызды бір тастап жіберді.


Сол кезде аяғын қалтырай басып, үйге кіре берген Қартқожаны қазаншы Қойтеке иығымен қағып кетіп, жығып тастай жаздады. Төрдегілер көріп қойды ма дегендей Қартқожа қалбалақтап, қызараңдап, көп ұзамай жаман тымақтардың қасына отыра кетті. Қартқожаны жан екен деп елеген, амандасқан кісі болған жоқ. Кіруін кірсе де, Қартқожа қысылайын деді. Жайнаған жасау, кілем көрпе, шытырдай маңғаз болыс, жарқыраған күміс, шыны ыдыс, керім келіншек, ер-тоқым, қара саба, ең аяғы оқа белбеуге шейін Қартқожаға жан алғыштай көрінді. Байқамай бірдеңесіне тиіп кетіп, қиратып, былғап алатындай, жаза тартатындай, қалай отырудың есебін таба алмай, қорғанып, қысылып, пысынай бастады. Амандаспағанға көңіліне келер деді ме, әлде өзі Қартқожаның сыңары біреу ме, қасында отырған шоқша сақал шалдау адам иегін көтеріп: «Аманбысың?»— деді.


Қартқожа келген кезде «жақсылар» қожаның аузына қарап отыр екен. Қожа қолды сермеп, тамақты қатты бір кенеп: «Сонда қазірет Ғәли Рази аллаһу Ғанһи айтқан екен,— деп бір қадісті жіберді. Ақсақалдар шұлғыды. Аяқтап келгенде: — Уәлқадаре хайриһи миналлаһи тағала деген. Ізгілік жіберсе де, жауыздық берсе де алла тағаланың еркіне бұл не болады дейсіз? Лауқыл-мақпүзда жазбаған болса, адамның бір түгі жерге түспекші емес. Солай емес пе, ақсақал?»— деп оң тізесіндегі текенің сақалына қарады.


— Рас айтасыз,— деп, сақалды омырауын үш соқты. Шындықты ашқан кісімсіп, қожа сақалды тізеге қағып қалып:


— Не дейсіз?— деп қайта сұрады.


— Дұрыс сөз, мақұл айтасыз,— деп сақал тағы селкілдеді. Қожа «Бәсе!» деп мақсаттанып, тамақты тағы бір кенеп, болысқа қарап сөйледі:


— Шырағым, ата-бабаңа пірлердің дұғасы тиген, бақ қонып, қыдыр дарыған. Ғазиздердің дұғасы мақбүл деген. Саған ешбір дұшман зарар келтіре алмайды. Сенің тұқымыңа ірілік, пандық жаққан. Анқазратіміздің бір қадисі бар... — дей бергенде төменгі жақта отырған бір-екеуі аяққа таласып, қожаның сөзін Қартқожа ести алмай қалды. Аздан кейін қожа тағы, міне бір шариғатты соқты.


— Рәсул алланың бір тал қылы бойында сақталған адамға оқ өтпейді, қылыш батпайды, дозақ оты харам деген екен!


Отырғандар таңданысып, аузын ашты. Болыс: «Рәсул алланың қылын қайдан тауып аламыз?» деп күрек тісі кетиіп, ішін тартып «қи-қи-қи!» деп күлді. «Соғысқа барғанда, бойға сақтап жүрер ме еді» деген ой келді Қартқожаға, жұртты надан қылып, көзін уқалап отырғанын қайдан білсін.


«Жақсылардың» мәжілісі сондай «үлгілі» сөзбен дуылдап жатқанда, Қартқожа мұрнын қос-қосымен тартып, тершіп отыр еді. Қартқожаны елеп, аяқ берген кісі болмады. Жаңа ғана қойшыдан сүт ішкен, өзегі талып отырған жоқ. Бірақ өзгелердің санатынан қалдырып, өгей баладай елемегеніне қатты қапаланды. «Сен де кісі едің ғой. Сенің де тілің, қол-аяғың, жайнаған көзің бар, қайнаған қаның, жүрегің бар. Сені сонша неге қорлайды?» деп, ішінде біреу сөйлеп тұрғандай болды. «Кісімін» деген сезім қапастағы құстай жарыққа шығуға аласұрып, талпынып қоймады. Өзін-өзі шаужайлап, тоқтатпақ болады. Бірақ терісіне сыймай ауыздықпен алысады. Мынау көзді тұнжыратып тұрған сән-салтанат жасау, мынау қарыны тоқ, қайғысы жоқ бордақы, мейірімсіз, тәкаппар, өзімшіл адамдар бір түрлі жауыз, жауыздықтың ұясы тәрізді көрініп, ішінен лағнет айтады.


Манағы амандасқан жаман тымақ шал аяқшы бір оралған кезде:


— Мына бала құр отыр,— деп Қартқожаны нұсқады. Қартқожа көбікке өкпелеген баладай: «Зәмзәм болса, өздері-ақ ішсін? Татпасам да өлмеспін!» дегендей әбден көңіл қалып, елеусіз құр қалғанын тәуір көріп отыр еді. Қасындағы тымаққа «Несіне қамқор бола қойды?» дегендей ала көзімен қарады. Бірақ ләм деген жоқ.


Көздей cap тостағанмен бір жұтым қымыз әкеп берді. Қартқожаның түрі — қымызымен бетке бір қойып, шығып кеткендей еді. Өйтуге дәрмән бар ма? Қымызға амалсыз қолын созды.


ДОЛЫ ЖҮРЕК


Қонақ үйдің арты қияқты шилеуіт, шилеуіттің бер жағы үркердей-үркердей кісі. Шеткі үркердің ішінде көк шұға киімді, сұр қалпақты болыс отыр. Бастары түйісіп, анда-санда жан-жаққа бір қарап, сыбырласқанына қарағанда бір құпия, қауіпті нәрсені сөз қылған тәрізді.


Әттең, дүние! Қартқожа естіп тұрар ма еді? Қартқожа естісе, біздің құлағымызға да тиер еді.


Бізден гөрі батыл жазушы болса, болыстың қаладан не бітіріп қайтқанын, енді үшеуі не сөйлесіп отырғанын есітіп тұрған кісіше айтып берер еді. Біреудің ішіндегісін болжайтын қырағылығымыз жоқ. Елдің «игі жақсыларының» ішінде қандай алтын жатқанына кісінің миы жете ме? Әлде олар елдің қамын жеп, шара таба алмай, дағдарып отырған шығар. Әлде патшадан келген жақсылық хабарды қалай естіртудің есебін таба алмай отырған шығар ол арасына көзіміз жетпейді. Аз-маз құлағымыз шалған хабарды қазір айта қоюға «бәленше сүй деп жүр» деген өсектен қорқып, аузымызды бағамыз.


Десек те, томаға-тұйық тастайды деп қауіп етпеңіздер. Қазақтың ішіне сөз тоқтамайтыны өздеріңізге мәлім. Ішімізде сақтасақ, жарылып өлмейміз бе? Біз айтпағанмен басқа біреуден есітіп қоярсыздар. Болыстан естіген хабарды айтқанымыз өзімізге де мәртебе екенін әбден білеміз. Әйтсе де жолдасқа опа қылайық деп, Қартқожаны қаңғытып, тастап кеткіміз келмейді. Жүріңіздер, әзірше сабыр етіп, Қартқожаны тауып алайық.


Қымыздан кейін ел адамдары үйір-үйір болып, оңаша сөзге кіріскенде, Қартқожа қайда барарын білмей, сандалып қонақ үйдің қасына келді. Ондағы ойы — қонақ үйде тілмәш болса, соған жолығу еді. Босағадан бас бағып сығалап еді — Қожаекең қолына бір саятшыға су құйғызып, дәрет алып «істірақат етіп отыр екен. Басқа кісі көрінбейді.


«Осынау маған түзу жауап айтар» деген бір жаман тымақтан:


— Тілмәшті көрдіңіз бе?— деп сұрады.


— Тілмәш дуаннан келген жоқ,— деді.


Жауап бергенге емексініп, Қартқожа келген шаруасын айтты.


— Болыстың өзінен сұра,— деді.


— Өзі айтар ма екен?


— Кім біледі? Көңілі түссе, айтар.


Қартқожаның екі көзі болыс жақта. Болыстар аузы жабысып жатыр. Анда-санда байталына бір қарап қойып, шыбығымен жер шұқып отыр. Болысқа баруға бата алмайды. Жолықпай кетуге тағы болмайды. Сол ойда отырғанда, Қартқожаның алдынан байталын мініп бір бала өте берді. Қартқожа:


— Әй, қайда барасың?— деп тұра ұмтылды. Бала тоқтамады, тебініп қаша жөнелді.


Айғай салып соңынан жүгіріп бара жатыр еді, болыстың малайы:


— Немене? Жаның шығып бара ма?— деп ұстай алды.


— Басқа ат жоқ па? Неге мінеді?


— Мен мінгіздім, қайтесің?


— Сенің не ақың бар?


— Кет былшылдамай! Өзің бір пысық неме екенсің!.. — деп кеудеден итеріп қалды. Қартқожа не дерін білмеді. Жүрегі аузына тығылып, қысылып қалды. Төбелесуге әлі жетпейді. Болыстың жігітімен қалай төбелессін? Азуын шайнап қала берді. Күйінді, ызаланды. Бұл ауылдың итіне шейін зорлықшыл, ұлы кеуде екен деп ойлады. Тезірек кетуге асықты. Бірақ байталын мініп кетті, қалай кетсін? Өзінен еріксіз аяқтары қонақ үй жаққа қарай аяңдады.


Қонақ үйге таянған кезде, екі қолы қалтасында шартиып, үйіне қарай кердеңдей басып, болыс келе жатыр екен. Ойланғандай болған жоқ, төтесінен қосыла кетті. Болыс көрмеген кісідей, қарамастан кетіп барады. Тоқтамасын сезген соң, Қартқожа қипақтап, тұтығып:


— Мырза... кішкене мойныңызды...— дей бергенде, болыс жүріп бара жатып:


— Не арызың бар? — деді.


— Кінегедегі жасымды білейін деп едім...


— Не білетіні бар?


— Ілінген бе екем деп...


— Кет ермен... мыжымай!— де үйіне кіріп кетті. Қартқожа қала берді.


Байталы келген соң:


— Не деген баласың! Өлгенше қинағаның не?— деді де, міне сала жөнелді.


Жарты шақырымдай шыққанда, дуан жақтан қара жолмен бұрқыратып бір пәуеске, бір трашпейке келе жатқанын көрді. Ұстап алатындай, жалт-жұлт қарап, байталына қамшы салды.


Дүниеде болыстан жауыз жан болады деп ойлаған жоқ. Дәрмен біліп жүр екен. Бұл итті аяу керек емес екен. «Өлтірер ме еді» деген ой сонда келді. Одан бұрын кісі өлтіру деген нәрсенің атынан шошушы еді. Болыстан кек әперетін кім болу керек? Жасақтағы жігіттер болу керек. Болыстың келгенін олар білмей жатыр ғой. Оларға есірту керек. Бәлемді шапсын, өлтірсін деген ойға тоқтады да, аттың басын Алабас тауына бұрды.


ЕГЕР ҚҰДАЙ БОЛСА...


Ідіріс қажының ауылы жолда. Бай ауыл. Көп ауыл. Байдың үйінен тауы шағылған Қартқожа шеткі бір қараша үйден айран іше кетейін деп ойлады.


Таяна бергенде көрінген бұрқыраған, ұласқан қалың түтін ауылын өрт қамап жатыр ма дегізгендей еді. Дөңсенің үстіне шыға келді. Будақтаған қою түтіннің астынан үйме-жүйме еркек, әйел, бала-шаға көрінді.


Келсе, жардың басына жерошақ қазып, үш ауыл тасаттық беріп жатыр екен. Өлке қан, түтін сасиды. Қартқожаның етке зауқы соқты.


Қара құрық. Түтін. Қазан. Ит. Бала. Ию-қию.


Қартқожа көгалда отырған ақсақалдарға бұрылды.


Қожа, молда, мешкей, ындыны жаман неше түрлі сұқиған, сімтік шалдар жемтікке үймелеген қарға, құзғындай осы топта екен. Баласын, туысқанын қалдыра гөр деп, біреулер құдайдан тілек тілеп жүрсе, құзғындар ынта-көңілі — етке тою, тері, май пайда қылу. Молдалар садақаның шарапатын сөйлеп отырғанда, топқа таман бір құшақ тері көтеріп, бір бала келді.


— Қожаеке, мына терілерді қайда апарайын? — деуі-ақ мұң екен, шариғат соғып отырған қожа ұшып түрегелді:


— Кәне, бері әкелші нешеу болды? Мылтықбайдың терісін алдың ба?


— Алдым.


— Мақтайдікін алдын ба?


Қожа терісін санай бастағанда, Құсқымбай молда да шыдап отыра алмады.


— Я алла! Терімізді біреу қағып кетер ме екен?..— деп, қой сойған жаққа жөнелді.


Жолтай деген бейпіл ауыз:


— Осыларды әулие қылған қазақ та оңады дейсің бе?— деді. Оның сөзін салпы ауыз мешкей қағып әкетті.


— Әулие қайда? Осы заманда әулие бар ма? Айтқаны өтірік, қылғаны ойнас, ұрлық. Мал табу үшін көзін сүзіп, ағуз тартқан болады. Осылардың білген әлқамын біз де білеміз. Бұларға бергенше нашар кісі бізге бер, мына ашылып отырған борбайымызды жабайық.


— Олай демеңдер. Атасына дуа қонған Атай пірдің әулеті ғой. Тек байғұстардың дуасы қабыл болсын! — деді бір жаман пірадар. Салпы ауыз тағы сөйледі:


— Осылар дуасын өздерінен аяп жүр ме? Ана таз қожада бала жоқ. Қасымбайдың баласы нақұрыс па, мәжнүн бе, шорт мазарат, әне бір ақсақ қожа ылғи шешесін бақыртып ұрып жатқаны. Қасиетті болса, өздерін неге жарылқамайды?


— Бұлардан өзіміздің сарайымыз ана құрлы түзу,— деді сақау мешкей.


— Сендердің сарайың етке тәуір шығар? — деді бір ақсақал.


— Қожа, молда бізден кем жесе, үстіміздегі шапанымды шешіп берейін,— деді салпы ауыз.


— Бұ қожа, молдаларың шариғаттан түк білмейді екен. Былтыр құрбанға қой таба алмай, осы қожадан шариғат сұрадым. Кәрі саулығым мен бір семіз марқам бар. Саулықтың еті жеуге келмейді. Қайсысын сояйын?— дедім. «Еті жұмсақ, семіз болса, жасы кемдік қылмас, марқаңды-ақ сойсайшы!» дегені ғой. О неге десең, етін өзі жеймін дегені. Марқаның терісі де құнды ғой. Алдында Күнтекең ауылында марқа жарамайды, семіз бойдақ қой соясыңдар деп кетіпті. Бұлардың шариғаты құлқынына қарай өзгеріп отыратынын сонда білгем,— деді бір жігіт.


Жұрт: «Ой, шариғатыңа болайын!» деп күлісті. Осындай қыңыр кеңеспен отырғанда ет пісті. Астаулап тегенелеп, қазан-қазаннан буын бұрқыратып түсірген етті талтаңдасып, дедектеп бір жерге жинай бастады. Ақсақалдар, мешкейлер пышақтарын суырды. Табақ жая тартылып, қолды қоя бергенде:


— Таста! Таста!.. Аттан!.. Аттан!..— деп жерді-көкті жұлып, бір жігіт атой берді.


— Немене? Не боп қалды?!— деп жұрт жамырап қоя берді.


— Соғыс... Әскер...— деген сөздер ғана құлаққа тиді. Ұйқы-тұйқы болды. «Ат қайда?.. Ұмтыл!.. Шап!..» деген жаң-жүй, қарбалас... жанталас, жүгіріс. Қартқожада байталына ұмтылды. Отқа жіберіп еді, жуырда таба алады. Аяғы босанып, саяққа қосылып, дөң асып кеткен екен.


Тасаттық берген жердің қасынан өтіп бара жатса, ет біткен жайрап қалыпты. Еттің басында аузы, басы қалпетімен май, екі мешкей қорапты арбаға піскен етті төгіп, кенеліп жүр, ауыздары толулы: «Ана табақты бері әкел!» дегеннің орнына тұмсығын көтеріп мөңірейді. Олардың ар жағында ет пен теріні бірдей жинап, аяғы сайға тимей, қожа-молдалар қаздаңдап жүр. Қаптаған ит, жетім бала, кемпір, қайыршы сықылдыларды мешкейлер мүйізімен жайпап қуып жүр.


Қартқожаның ойына әлде нелер келді. Қазақтың қан жылап жатқаны мынау. Құзғындардың, «жақсылардың», адамдардың түрі анау. Мыңдаған, миллиондаған азамат ажалға кетіп бара жатады. Жүздеген жауыздар масайрап, тамақтан басқа қамы жоқ, елді еміп жатады. Олардың жауыз баласы үшін біз жанымызды құрбан қыламыз. Не өтесісі, не жақсылығы үшін? Әділет, тендік, адамшылық қайда? Олар бос сөз бе? Оларды кім шығарды? Осының бәрін істетіп отырған адам ба? Құдай ма? Егер құдай болса... деген ойға тірелді де, Қартқожа күпір болдым ба деп тәубе келтіреді.


ЖАН САУҒА


Есекқырған найза бойы көтерілгенде, екі-екіден тізілген елу шақты аттылар тауды бөктерлеп, Қанай моласына қарай құлады..


Бозторғай шырылдап, таң ала көбей болған кезде, моладағы жау дүрбі салып, Алабастың иығынан үш атты кісіні көрді. Тау басындағы қарауылшылар да жауды көрді білем, ініне кірген суырдай шөгіп кетті.


Таудың басы сәулеленіп, төңірек айқын көрінді. Қартқожа бір сайда келе жатыр еді. Екі атты кісі сыпылдатып. Алабасқа қарай өтіп кетті.


Қартқожа жасаққа келсе, азамат ат үстінде екен. Төмпейдің бетінде топ. Басқылар ортада. Бір-екі кісіге жігіттер қамшысын білеп, ақырып, төніп-төніп қояды.


— Сендер байдың сөзін сөйлейсің...


— Соғысамыз...


— Бәрібір, осында өлеміз...


— Алдымен болыстың басын жұтамыз... — деген айқай, гуілдеген, дүрілдеген кеуде, тепсінген тегеуірін.


— Көп білсін, қауым білсін...— десті.


Көп олай толқыды, былай толқыды, біреу іреді, біреу сойды, ақыл шықпады. Жалыны қайтқан кәрілер, ынжықтар, қорқақтар, байдың, жуанның қоңсылары, жуан атадан тізе көрген қорғалақтар жұмыстың қайғысын сөйледі. Жау жүректер, күйінділер, жастар, бір кісілік әлі бар даңғойлар, «өжеттер, ұр да жықтар, ұрылар «соғысамыз» деді. Жамыраған қойдай шулады. Қай жағы көп екені білінбеді. Дәрмен қамшысының сабына ақ орамалын байлап:


— Соғысатындарын бері шық!.. — деп топты таудың бетіне қарай соза жөнелді.


Қорғалақтар, қорқақтар шегініп қалды. Ерлер іріктелді. Тайқалақтар қай жағына қосыларын білмей, екі жаққа кезек жүріп, екі топтың арасын жуырда жіктетпеді. Бөлінгендер қалғандарға кіжінді. «Жаны тәттілердің атын аударып аламыз, қамшы береміз. Соғыспайтын болса, жасақта не ақысы бар?» деп жанкештілер қамшы басты. Қамшы жеген қорқақтар қайта тығылды. Жасақ қайта жанданды, соғысқа қамданды.


Қалай соғысу керек?


Бірнеше жоба көрсетілді. «Алабастың қуысынан шықпай, бекініп жатайық, мергендерді тар асуға қояйық» десті біреулер. Енді біреулер: «Атысып жеңе алмаймыз, қолма-қол қара сойыл болмай оңбаймыз, қаптап киіп кетейік» десті. «Одан да қайратты жігіттерді іріктеп алып төбелеске кіргізейік те, қалғанымыз артынан тиейік» дегендер де болды. «Түнде, қапылыста басайық» дескендер де болды. «Елші жіберіп, алдаусыратайық» деген де болды. Аяқтап келгенде бөлінуге кісі шықпады, біріне-бірі қара тартып, не де болса бірге көруге бел байлады.


Кіші бесінде жасақ асудан шұбырып түсіп, тауды қойнаулап, Қанай тамына қиялай салды.


Опыр-топыр. Дыбыс жоқ. Сұр қашқан. Тымақ жымырулы, бас тайулы, тақымда — сойыл, шоқпар, найза, айбалта. Кейбірінде бытыра, шиті. Аттар ала жабулы жарауы, тоғы, жадауы, күйлісі, жүйрігі, шобыр аралас. Біреу желіп, біреу шоқытып келеді. Қанайға бес шақырым қалғанда, шеткі адырды бетке ұстап, жасақ тоқтады, ұйлықты. Үш жігіт тауға тырмысып, — қарауылға шықты. Қарауылшылар бұғып қайта түсті. Жасақ қозғалды. Насыбай атылды, айыл тартылды. Қару қолда. Адырдан сопаң етіп шыға келді.


Қанай өзеннің қабағында. Төңірегі жазаңқай адырдан шыққан кісі бадырайып тұрады.


Жігіттер қанат жайып қаптай алмады, түйдектеліп қақ жарылды. Дәрмен бастаған жақ жалтаңға шығысымен құйындай зулап, сатырлатып шауып кетті. Сол қанат созалаңдап, артқылары адырдан жуырда арыла алмады.


Молаға екі шақырымдай қалғанда мылтық даусы сатыр-сұтыр етті. Жазаңқайды түтін қаптап кетті. Жігіттердің бірсыпырасы жарқ берді, кейбірі аттың жалын құшты, кейбірі түсе қалды. Алдында жиырма жігіт кетіп барады. Қартқожа арт жағында келе жатып: «Ойпырым-ай!»— деді. Алдағылардың бірі омақаса жер қауып еді. Оқ бұршақтай жауды. Түтін ішінде тағы біреулер қан көбелек ойнады. Көсем топ ыдырай бастады. Бір-екеуі жығылғандарға айналақтап, өзгесі кейін жарқ берді.


Қалың топ алғашқы мылтық даусымен бірге-ақ бытыраған. Тоз-тоз болып андағайлап, «қаш-қаштың» астына алып, алды артына жөнелген.


Сол қашқаннан мол қашып, жігіттердің көбі аулына тарады. Арттағылар не болғанын білген жоқ, Қартқожа да жансауға қылды.


БҰЛТ ҚОЮЛАНДЫ


Батыстан шыққан кетпектей қара бұлт желді ішіне тартып, уілдей бастады.


Торғай ұясына, тышқан ініне тығылып, жан-жануар бас қорыттау қамында.


Ауыл әбігер. Үй бастырып, қазық қағып, бақан тіреп, арба тартып, аласапыран. Жаулығы басына түрілген қатындардың айғайын дауыл жұлып әкетеді. Желідегі құлындар үрпиісіп, шұрқырап, құйрықтары шошайып делегейленді. Енелері тоңқая жайылды. Қозылар айырылып, бұзаулар ыға бастады. Иттер арба астына, ашамайдың панасына кірді.


Жел кенет тынайын деді. Тынғаны емес, ішін тартқаны еді. Қайта соққанда, ауылдың шаңын аспанға шығарды. Жауын сырылдап келеді... міне тамды, міне құйды. Найзағай жарқ етеді, алыстан емес, қақ төбеден шарт етеді. Қатындар шылапшын, самауырын, темір шелектерді жауып жүр. «Жүгірме! Есіктен былай кет! Отыр!» деп, еркектер балалармен алысып жүр. Айналасы бір-екі минут болған жоқ, долданған дауыл уықты сықырлатып, үйді еңсеріп, әкетіп барады. Жұрт желбауға, бақанға, керегеге жабысып жатыр. Дауыл үдеді. Құтырған құйын шеттегі қараша лашықтарды доптай ұшырды. Тойқаймалар — үш қанат, төрт қанат үйлер жалп-жалп етті. Үлкен үйлер де алдына таман итініп, ұйықтап тұрған қатынның жаулығы құсап, қиқайып қалды.


Алдымен ұшқан үйдің бірі Қартқожанікі еді. Жауын сабап тұр. Қартқожаның үйі жайрап жатыр. Әжесі керегенің арасына қысылып қалыпты. Қартқожа мықшындап суыра алмай, жеңгесін шақырады. Жеңгесі жаулығын қуып кеткен. Бесігімен домалап жас бала тұншығып жатыр. Кенжетай бұзауда. Төгілген айран, жарылған қарынды иттер жеп жатыр. Үсті-басы суға малшынып, Тұңғышбай шауып келіп түсе қалды. Бесікті көтере сала, әжесін шығарып алды. Үй бүлінген, шаруа күйзелген. Әжесі бұғанасын ұстап, бебеу қағады.


Жауын саябырлаған кезде:


— Бүгін құдайдың ұрған күні ғой, тарғыл құнажынды алып кетті,— деді Тұңғышбай.


— Кім әкетті?— деді Қартқожа жұлып алғандай.


— Сенің жасаққа барған кесірің. Болыстың шабарманы әкетті.


— Малда не ақысы бар?— деді Қартқожа.


— Малы түссін! Басты айт, — деді әжесі.


— Жасаққа кіргендердің бәрінен сойып алып жатқан көрінеді. Төлебайдың жалғыз атын әкетті. Қазақ-орыстан әтірет алып, елді қиратып жатыр.


— Жасаған-ай! Барма дей ем, болды ма? Осында бір Имақан дегенге еріп...


Жаңбыр ашылған соң аман үйлердің кісілері құлаған үйлердің топанын тамашалап көрісті. Аяған болды.


— Бір құнажынмен құтылсаңдар не қылсын? Жігіттерді де ұстап жатыр дейді. Нығманды, Шәкіманды ұстап әкетіпті. Ыбырай қашып кетіпті. Оның бір өгізін әкетсе керек,— деп әркім естігенін айта бастады.


— Дәрмен қайда екен?— деді Қартқожа.


— Дәрмен ерлік қылыпты. Елді арандатқанша, өзім құрбан болайын,— деп, қашпай өзі беріліпті.


— Ұстағандарды қайтіпті?


— Абақтыға жөнелтіп жатса керек.


— Имақан қашам деп, үйін жаман шығындатса керек.


— Қашу бекер ғой. Қашып жүріп күн көре ала ма?


— Әркімге жан керек. Біреудің отына біреу күйе ме? Имақандікі ақымақтық. Оның кесірінен ауылына да зиян салып отыр,— деді біреу.


Енді бір отағасы тұрып:


— Сендерді іздейтін болса, шырақтарым, қашам деп, ауылды масқара қып жүрмеңдер. Алдымен өзіміз ұстап береміз,— деді.


Мына сөз Қартқожаның өңменінен атып жібергендей болды. Туысқанның, ауылдың түрі мынау. Енді қайда барғанда жан қалады? Ағайыннан, ауылдан қайранның жоқтығын, қазақтың береке, ұйымның бас паналатқандай ешбір тиянақтың қалмағаның, қиын қыстау күн туса, әркім өз басын қорыттап кететінін Қартқожа сонда білді.


Бұрынғы сенім, бұрынғы талабы, бұрынғы үміті бәрі де жоққа шығып, қарусыз, жапан түзде жалаңаш, жалғыз қалғандай көрінді.


Ауыл кісілері шайылдап сөйлесіп, қираған үйлерді жинасып, біреуді мінеп, біреуді шенеп, біреуді жүптеп жатты. Қартқожа ешкімге тіл қатпады. Көзін сүртіп, кемсендеп, бұғанасын сипап, ауырсынып отырған әжесіне қарап, сілейіп отырып қалды.


ҚАРА ТАЛАСҚАНДА


Күзем өтті. Ауылды айналып, қиқулап, қош айтысып тырна да кетті. Көк сұрқыл тартты. Шөп қуарып, жапырақ сарғайып, мал-жан тоңазуға айналды.


Жігіттерді 15 күннен қалдырмай жөнелтеді деген жарлық шықты. Ел сандалды.


Біреулер керуенге мал айдауға, біреулер тас көмір қазуға, біреулер тұзға, біреулер пошта тасуға кірісіп, қайтсе жан қалудың қамын істеуде.


«Жауынды күні ит пен бала құтырады» дегендей, со кезде ақсақ, таз, мылқау, бүкірлердің қаны жерге тимеді. Оларды орнына көрсетуге жалдаған кісі Қытай қорғанына тығылғаннан кем болған жоқ.


Байжұмырдың тазына бір сиырға сөйлескеніне үш күн болып еді. Уәделі күнде мал алуға келмеген соң, Қартқожаны тағы жіберді.


— Япыр-ай, ол ит тағы айнып қалды ма? Келсе керек еді ғой... Ол айныса, екеуіміз бірдей кетеміз-ау!.. Екі әйел не күн көреді? Кімге сүйенеді?.. Ағайынның түрі мынау... Япыра-ай, шынымен ағатайым да кеткені ме? Қой кетпес. Таз көнер. Ең болмағанда, мал қосармыз. Ол болмағанмен неғып бір жарымжан табылмайды? Неғып бір жарық сәуле болмайды?


Үміт пен қатер безбенге түсіп, кейде үміт, кейде қатер басып, Әшетер ауылына жеткенше жетісе алмады. Басқа ой тұмсыққа ұрғандай шегініп, келмейді.


— Әшетер ауылында Зекен сасып жүр еді. Біле кетейінші!— деп солай жүрді.


Әлде жылаған баланың, әлде қыңсылаған иттің, әлде сырқат адамның дауысындай алыстан бір дауыс естілді. Таянған сайын дауыс сарнауға айналды. Жүрекке жайсыз тиеді. Баратын үйіне ауылдың кісілері жүгірісіп кіріп жатыр. Дауыс сол үйден шығады.


Кіріп келсе, толған кісі. Зекен сарнап бебеу қағады. Біреулер басын сүйеп, біреулер қолын ұстап отыр. Қан дірдектеп ағып тұр.


— Күл әкел!.. Құрым киіз жоқ па? Былғары етік қайдан табылар екен? Молда жоқ па?..— деп, сасқалақтап қанды тоқтата алмай жатыр. Өз бармағын өзі шауып тастаған екен. Бір үйдегі жалғыз жігіт. Жалдамақ кісісін бір қаржы артық беріп, тартып әкеткен екен.


Қартқожа аяды, жиіркенді, қорықты. Атына тезірек мініп, жүріп кетті.


Байжұмырдікіне жеткенше талай қатерлі ойлар келді. Зекеннің қолы елестей бергендей болды. Келсе, таз үйінде жоқ.


— Қайда кетті?


— Бұқабай ауылына кетті,— деді шешесі.


— Бізге берген уәдесі қайда?


— Оны білмеймін. Басқа біреуге келісіп қойды, білем.


— Ой, аллай! Мұндай да жауыздық болады екен!— деп тұра жөнелді. Жас ыршып кетті.


Жер дүние тарылды. Қараңғылық түскендей болды. Жылтыраған сәуле қалмады. Басы салбырап, иығы түсіп, денесі былқ-сылқ етіп кетті. Қалай, қайда бара жатқанын да сезген жоқ. Артынан келген біреу: «Мал-жан аман ба?» дегенде селк етіп, басын көтерді. Нұрымқан екен. Ол бір бүкірді сілтеді.


Бүкір арзанға жалданар деген сөз недәуір демесін болды. Жалданар ма, кім біледі деп күдіктенсе де, жалданар деген үмітке жабыса бергенді тәуір көрді. Ол үміт болмаса, жардан құлап кететіндей еді. Үш үй жатақтан түзге отырып жатқан бір қатынды көріп «жолым болды» дегендей, үміті тағы нығайды.


Тауға кірген соң орман жиіленді. Алды — тар кезей. Біреу ұстап алатындай, жүрегі түршігеді. Жалтақ-жалтақ етеді. Қияға қарай өрлей бергенде, ер-тоқымды бір көк шолақ шыға келді. Кісісі қайда? Неткен ат? Енді бір 20-30 қадам асуға өрмелей бергенде, Қартқожа: «Алла!» деп, атынан ұшып түсті.


Есі ауып қалған екен. Балтасы белінде қыстырулы екен. Еңбектеп, ептеп, тастан барып сығалады. Қарағайдың бұтағында қол шылбырмен мойнынан асулы бір кісі салбырап тұр. Мойны сорайып, басы бүгіліп, қолы денесіне жабысып сіресіп қалыпты. Түрі танымал тәрізді. Әнеу күні жасақта көріп еді.


Ілгері жүруге қорқып, Қартқожа шегініп ылдиға түсті. Өңі екенін, түсі екенін айыра алмады. Жын соққан кісідей, аузы жыбыр-жыбыр етті. Түрі жұртта қалған су шүберектей болып, ерні кезерген.


Ылдиға түсе сала, Қартқожа артына алақ-алақ етіп шауып барады. Сол шапқаннан шауып, тауды айналып кетті. Қайда барады? Не бітірді?


Міне естисіз.


ҚОШ АМАН БОЛ


Ол күні Қартқожа лағып теріс шығып кетіп, далаға түнеген. Ертеңінде есін жинап, сұрай-сұрай бүкірді тапқан. Өлдім-талдым дегенде, көздің жасын иіп, бір бұзаулы сиыр бермек боп, бүкірді алып қайтқан.


Бүкірдің бүкіріне бас шұлғып, құдайдай табынып, түскен жерде алақанына салғандай, мәпелеп алып келді. Үй іші де «қыдыр» келгендей, қуанып қалды.


— Әже, барың болса қимылда!


— Бүйен қартадан бір тұтамдай қалып еді. Ақ ірімшікке қосып, соны береміз де.


— Әйтеуір разы болсын! Өзі бір қылжыр адам көрінеді. — Барын бүкірдің алдына тартты. Бүйен қарта шылғи май екен. Бүкір кепиетсініп жемеді. Жалынса да болмады. Бүкірдің салып отырған салқыны екен, ертеңінде сиырдан сиыр жаратсыншы. Айналдырған үш-төрт сиырдың қақ маңдайына жабысты. Сүттісі де, құттысы да ақбүйір сиыр еді. Өз игілігі болған соң, қынжыла-қынжыла берді.


Ауыл күрсінеді. Күрсініп жүріп қыбырлайды. Әр ауылдан 5, 6, 7, 10 шақты азамат кеткелі жатыр. Өңкей көк өрім, көген көз, жанмен жан асырап жүрген сорлылар. Он тоғыз бен отыз бірдің арасында байдан, жуаннан бір адам жоқ, болса да жол тапты. Қай жерде тесік болса күштінікі, малдынікі болды. Ысқатқа, төлеуге беретін арық-тұрақ, қатпа қыршаңқылардай, кедей біткен шетке қағылып, іріктелді. Балапан — басына, тұрымтай— тұсына...


Етігін ұлтартып, киім-кешегін жаматып, ала қоржынды аударып-төңкеріп абыржып жүр.


— Азыққа не аламыз? Төсенішті қайтеміз? Текеметтен бір тіліп алсақ қайтеді? Аналар қайтеді екен? Алуға жарайтын көрпе бар ма? Ақшасыз бола ма? Жолда ауырып-сырқасаң қайтесің? Сатарлық мал бар ма? Барлық майды аласың да. Өздерің қайтесің? Міне, Қартқожаның үйіндегі әңгіменің түрі.


Бас асаулық былай қалды. Бұлқынуға дәрмен жоқ. Жардың басына иіріп, тоғытатын қойдай, соятын малдай жұрт жиналуда. Ана дүниеден иман тілеген, өлімге бас байлаған үмітсіз аурудай ендігі тілек — жол амандығы, денсаулығы. Күш салғаны қолындағы қара-құрасы, қинағаны қолынан келгені — жаны.


Жүргенше талай сұмдықтар болды. Бармағын шапқан, жіліншігін тырнап алмас жаққан, жарасына тазқарын жапсырған, сау денесін отқа күйгізген, көзіне тұз, ізбес сеуіп, соқыр болған, мертігер ме екем деп асау мінген, биік тамның, ағаштың, тастың басына шыққан, күйдіргі жағынып жамандаттың етін шала пісіріп жеген, ұшынар ма екем деп аузын сүртпей, далаға жүгірген... көп болды. Талайлар дертке ұшырады, талайлар жарымжан болды, некен-саяқтар өліп те қалды. Алайда көпшілік жанкештілік ете алмады. «Көппен көрген — ұлы той», «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» сықылды дәтке қуатпен көндігіп кетті.


Жігіттер аттанғалы жатыр.


Ауыл улаған-шулаған. Мал бағусыз, сұраусыз, құдықбасы, қотан опыр-топыр. Арбада бұзау мөңірейді, үй артында ит ұлиды... Азан-қазан. Шапқыласқан, жүгіріскен, жапылдасқан еркек, күрсінген, солқылдаған, ішін тартқан шал-кемпір, апа-қарындас, шешесі итеріп тастап, шырылдаған жас бала. Төсек-орын, азық-түлігін арбаға таңысып, көліктерін қамдасып жатқан жігіттер. Әлден уақытта көлік даяр болды, алды айғайласып, ауылдан баяулап жөнеле бастады, арты созалаңдап, ауылдан айналақтап шыға алмай жатыр.


— Әйелдер бармасын, қалсын! — деген бір-екі айғай шықты. Бірақ әйелдер көпке шейін еріп қалмады.


— Әже, шаршап қаласың ғой... — дейді Қартқожа. Әжесі Қартқожадан көзін айырмайды, жасы телегей-теңіз боп атады. Сөйлей алмайды, кемсеңдей береді.


Көп молаға таянғанда, арба мен әйелдерді анадай жерге тастап, еркектер тырым-тырағай жаяулап, мойны салбырап молаға шұбырды.


Жұрт жиналып, өзді-өзінің өлігіне құран оқысып болған соң, Қосымбай молда түрегеліп:


— Дәреті жоқтарың дембі соғыңдар! Садақа беріп, аруақтан медет, құдайдан тілек тілеп, екі рақат намаз оқиық!— деді.


Дәретсіздер алақанын топыраққа соғып, дембі қағысты.


Топ сап түзеді. Аспанды сұр бұлт басып, қабағын түйіп, күнді көрсетпеді. Төбесі опырылып, үңірейген көрлер күздің ызғарлы желімен үн қосып, желді күнгі бөшке күбінің аузындай уілдейді. Қосымбай молданың «Алла әкбар!» деген дауысы жер астынан шыққандай күңіренеді. Көз сәждеде, жүрек аллада. Тізе басқаны тілсіз күшке, жауыз тағдырға бас игендей болды, сәждеге бас қойғаны жер құшқандай, көр құшқандай болды.


Қартқожа егілді, тұла бойы, бар тамыры солқылдады.


Егілмей қайтсін? Арба басында әжелері күңіренеді, мола басында еркектер күңіренеді, молада аруақтар күңіренеді, далада мал күңіренеді, жалғыз Қартқожа емес, қалың қазақ, Сарыарқа күңіренеді.


— Аумин!..— деп батаға қол көтереді.


Кеңкілдеген дауыс:


— Я аруақ!.. Я бабам!., тұқымыңды шынымен құртқаның ба?..


Ақ сарбас... Я Ғаусыл ағзам!.. Боз қасқа!.. Қыршын жастарды... бәлеңнен, қазаңнан қағас қыла гөр... қолдай гөр!..


— Аумин!


— Илаһи аумин!..


— Қош аман бол!


ҮШІНШІ БӨЛІМ


МАЙДАН


Аяулы оқушылар! Қартқожаның тартқан бейнетін оқып, жандарыңыз жабыққан шығар. Сондықтан сіздерді Қартқожамен бірге қалаға апарып, жігіт алған (прием болған) жерде қаланың саудагерлеріне, бай, болыстарға аунатып жегізіп, доқтырлардың пара алғанын көрсетіп, Қартқожамен бірге жалаңаштап моншаға апарып ауыртып, тоғыз тазбен бірге қамап, дүңгендерден таяқ жегізіп, әуре қылмай-ақ, тура майданға алып барғалы отырмыз.


Орман төңірек ор. «Окоп» дегені ор екен. Таң атса, жігіттер тамақтанып ор қазуға кетеді. Түсте бір тынығады. Күрс-күрс зеңбірек дауысы естіліп жатады. Дүрілдеп аптамабел өтіп жатады. Қақ төбеден дырылдап айырпылан келіп қалды. «Қаш», «жат!» деген айқай шықты. Жігіттер тырым-тырақай жата қалады.


Қартқожаға «пароход», «пойыз», «аптамабел», «айырплан», «окоп», «бомба», «гранат», «пулемет», «самолет» деген сөздер ауылдағы Сәрсембай, ала сырмақ, қара кебеже, тор байтал дегенмен бір есеп болып кетті. Бірақ аты таныс болғанмен, қандай тетікпен жүргізіп, зымырап ұшып жүргеніне миы жетпейді. Тетік әлемі қараңғы түнмен бір есеп көрінді. Мәшинемен, мотормен, бумен, бензенмен, спиртпен жүреді деп естиді. Бәрін жүргізетін мәшинені жүргізетін не? Ол «бірдеме» болсын. Ол «бірдемені» тағы не жүргізеді? Сиқыр ма? Пері ме? Жын ба? Құдай ма? Оған ақылы жетпейді. Жын, пері дейін десе, аптамабелге, айырпланға мініп жүрген кәдімгі адам. Кәдімгі көзі тұздай, мұрыны біздей сары орыс. Қартқожа орыстың, татардың білетін оқыған кісілерінен сұрастырды. Олар оқумен, ғылыммен табылған деп түсіндірген. Кейбірі Қартқожаға ұқтырмақ болып та әуреленген. Қартқожа түк ұқпаған. «Оқумен табылған» дегенге сенген, қол қойған.


Қартқожа — жүзбасы. Көбінесе қолы бос. Аспандағы торғайдай шырылдап жүрген айырпланға қарап, қиялы аспанды кезеді. Айырпланға мініп, бұлтпен араласып, көкке шарықтасам, көкте жүріп жердегі жыбырлаған жандарға көз жіберсем, ұшып жүріп, қазақ даласын кезіп шарласам, ауылдың үстіне барып, қара құстай қалықтасам, айырпланды дырылдатып, елді бөріктіріп, ұйқысын шайдай ашсам, қазақ қорқып, тасаттық берсе, тасаттықтың етінен жеп, «әлемет» емес «өнер» деп жұртқа түсіндірсем, өздерін де мінгізіп көрсетсем, көп айырпланмен надан елді көшіріп әкеліп, осы тамашаларды аралатсам, қазақ та айырпланнан қорықпайтын болып, өздері істеп үйренсе... тағы, тағы, болмайтын қиялдар басына келеді. Қиялына өзі қуанады, жымың қағып масайрап отырады. «Әй, жүрмейміз бе?» дегенде, қиялын бөліп, жерге түседі.


Тағы да жұмыс. Қара жұмыс. Жаяу жүріс, шаршау, ұйықтау, ұрыс, керіс, боғауыз — бәрін басып кетеді, құл тұрмысқа тағы бағынады. Айырплан алыс, қайда барсын?


Әуелі кезде Қартқожа мылтықтың дауысын естісе, оқ тиіп жараланып қалдым ғой деп бұғып жата қалушы еді. Жаралы кісі болып, жуырда басын көтермеуші еді. Қимылдап көрсе, аман болады. Содан кейін мылтық дауысы шығысымен аяқ-қолын қимылдатып байқайтын болды. Әуелде аяғын қия басса білдірмесіне тиіп кетіп, жарып алатындай, атылып кететіндей, соқтығып, ілініп кететіндей трамбайынан да, пойызынан да үркіп тұрушы еді. Жүре-жүре бойы үйір боп, трамбайға өзі мініп кететін болды. Әйтсе де атқа мінген бала тәрізді, тақымы бекімей жүрді.


Келерде «Самар», «Мәкәржі», «Мәскеу», «Петрбор» деген қалалардың атын есітіп, анадайдан қарасын көргені болмаса, күзетші солдат қамаған қойдай шашау шығармай айдап келіп еді. Майданға келген соң, кішкене еркіндеу болды. Бір татармен еріп Рига қаласын да аралап көрді. Көшелері маса тайғандай теп-тегіс. Төбесіне қарасаң тақия түсетін биік, сұлу үйлер. Өңкей жарқыраған шыны магазиндер, магазин алдында еңгезердей — арыстан. Қартқожа тірі екен деп қалады. Сөйтсе, сүгірет болады екен.


Бір тай қалған нәрсесі — андар, құстар бақшасы болды. Шарбақ. Шарбақтың іші — тау, көл орман, көгал. Көлдің үстінде сымнан тоқылған күмбез тұр. Көлдің беті, орман іші, таудың жүзі қайнаған неше алуан құс. Бүркіт, қаршыға, қарғаға шейін бар. Аю, жолбарыс, арыстан, қасқыр, түлкі, киік, бұғы, марал, арқар, таутеке, сілеусін, құлан, бұлан, маймыл... не керек, дүние жүзіндегі жан-жануардың бәрін сонда жинаса керек. Қартқожа пілді де көрді.


— Япырмай, бұларды қалай ұстап алды екен?! Қалай асырап сақтайды екен? Жердің жүзіндегі мақұлықты бір-ақ күнде білетін болдық қой! Әбзи, осы өнерді кім тапты екен?


— Не нәрсені?


— Аңдарды ұстауды.


— Немістер тапқан болар. Алар күлтурни халық бит.


— Неміс өнерлі екен-ау!


— Ту! Неміс шулай енді.


— Неміс күшті ме, орыс күшті ме?


— Орыс немістің бир бармағына келмәс.


— Ендеше неміспен неге соғысады?


— Патшалар бит. Сен не ишләрсің?


— Патшаға не жетпейді?


— Алар көпеслернің, алпауытларының пайдасын ішли.


— Ендеше көпестер неге соғыспайды?


— Алай болми енді. Хүкумәт болғаш, армиясі болырға тиіш. Купеслер қарнын қампайтқаннан башқа әниінің... суғыша ма?


— Солдаттар ақыны кеп ала ма? Неге қырыла береді?


— Шортының ақысын алсын ма? Надан бит. Надан болмаса, қазақлар, сартлар шушындай харап булмаған болар еді.


— Солай де...


Қартқожа мұндай сөздерді әркімнен естиді. Майданда қандай керемет, қандай қиянат көрсе де, сұрастыра келе, не ғылымның күші, не ақшанын күші болып шығады. Қартқожа өзінің жаман ойын жүгіртіп, дүниенің қызығын көруге екі-ақ нәрсе керек екен деп жорыды: бірі — ақша, бірі — ғылым.


ҚАРАҢҒЫДАН ЖАРЫҚҚА


Қартқожа аңғал, аңқау, салқам болушы еді. Жүз басы болып бар тапқан ақшасын жолдастары қалтасынан ұрлап қойып, бір ренжіді. «Оңбағанның саяғы түзде жүріп тебіседі» деп ор қазуда, майданда жүрсе де, жігіттердің ата намысы, бақ күндестігі арылмай, арасынан бүлік шықты. Бір жағы Қартқожаны түсіреміз деп, бір жағы түсірмейміз деп қиян-кескі болды. Жүзден бір кісі елге қайтуға жеребе ұстағанда, Қартқожа осынша дәмеленсе де шықпады. Жақын арада сүйіндік жігіттері жиналып Қартқожаға ағасы Тұңғышбайдың өлгенін естіртті. Осының бәрі Қартқожаның еңсесін көтертпей, жүдетіп жүрген үстіне аяғына шарапнелдің сынығы тиіп, назретке жіберілді.


Назретте қолын, аяғын кестірген, көзінен айырылған, мұрнын жұлдырғандар да бар екен. Оларға қарағанда, Қартқожаның жарасы ойыншық тәрізді. Соларға қарап, Қартқожа шүкіршілік қылды. Әйтсе де сары уайым қыр соңынан қалмады.


Өзі болса, жаралы. Ел қайда, күн қайда? Қай жақтан келгенін білмейді. Өлсе, иман айтатын да жан жоқ. Ағасы болса, өлді. Үйі қой торғай, панасыз. Бір құнажынын ұрлап қойыпты. Үйіне көр-жер алып қайтам ба деп жүрген ақшасын ұрлатты. Кейіді, назаланды. Құдайға да тілі тиді. «Қор ғып несіне жараттың? Түк білмейміз соқырмыз. Басқалардың күтуші әйелдеріне шейін тап-таза, ойыны — ойын, күлкісі — күлкі. Біздей қаңғып өлетін емес. Қайда барса да адаспайды. Құтырмай қайтсін?»


Іші пысып жүргенде бір башқұртпен таныс болды. Тіліне алғашқыда тосаңсып жүрсе де, аздан соң аңғаратын болды. Башқұрт тұрмысын сұрады. Олар да қазақ сықылды жұрт екен. Артық оқулы да, өнерлі де емес, бірақ егін, бақша салады, бал кәсіп қылады, солдатқа барады, еті тірі, ерлеу көрінеді. Сол башқұрттың ерлігін Қартқожа көзімен көрді.


Қартқожа екеуі тыста отыр еді. Назреттің жанына келіп, бір қазақ дамбалын шешіп, түзге отырады. Күзетші орыстың көзі шалып қалды. Жүгіріп барып, қазақты желкеден қойып-қойып жіберді. Қазақ дамбалының бауын ұстап жығылып тұрып, есі шығып қалды. Бір қолымен басын қорғай берді. Башқұрт жігіт атып тұрып, жүгіріп барып, күзетшіні жағадан алып, жақтан тартып-тартып жіберді. Дәрігер келгенде недәуір төбелес болатын еді.


— Надан екен деп ұруға бола ма? Осындай зорлығы қалмайды,— деді келіп ентігіп.


— Біздің туысқандікі де жөн емес қой. Басқа жер құрып қалғандай.


— Даланың қазағы қайдан білсін?


Қазақтың таяқ жегенін көргені жалғыз бұл емес-ті. Бұрын бүйтіп ара түсетін кісіні көрмеуші еді. Башқұрттың өжеттігіне сүйсініп қалды.


Қартқожа башқұртпен әңгімелесіп жүріп, оқытатын бір орыс тауып алды.


Андрей дейтін орыс. Қазақшаға судай. Сібірге айдалып жүріп жер ауған қазақтың ұрысымен бірге қашып, қазақ ішіне келіп, сіңісіп 5 жыл тұрған екен. Қазақтан көрген жақсылығын ұмытпайды екен. Сол орыс қолы тигенде Қартқожаны аздап оқытып тұрды. Оқытқанынан бұрын, Қартқожаның көзі ашылғандай көп сөз айтты. Қазақты мақтады.


«Қазақ қайырымды, кең, меймандос, зерек, ақылды жұрт. Ауыз әдебиеті, музыкасы бай. Оқыса, қазақ тез түзеліп кетеді. Оқу керек. Патша жаман. Қазақты ел қылмайды. Біздің мұжық та надан. Басқа жұртты жек көреді. Патша тұрғанда, қазақтың да, мұжықтың да, жұмысшының да тұрмысы оңбайды...»— дейді. Осындай сөздерді Андрей көп айтады. Қартқожа нанар-нанбасын білмеді. Нанбайын десе де сөзі шын: еріксіз нанады. Қараңғы ойына аз-аздап сәуле түскендей болады. Жұмысшылар арасында қызмет істеп, оны-мұны көріп, башқұрт, татар, орыс, қазақ оқығандарымен сөйлескеннен бері, нелер тамашаны, елді, жерді қалаларды көргеннен бері, дүниенің шеті Баянауылдан неше күндік екен деп ойлайтын Қартқожаның ақыл ауданы азырақ кеңігендей, жалғыз өз басынан гөрі көптің де қамы деген сөздерге құлақ қойғандай болды.


Кейде ойланып отырып, Неколайға тәңір жарылқасын айтатын болды. Неколай қазақ жігіттерін қара жұмысқа алмаса, Қартқожа жол көрер ме еді, көзі ашылар ма еді! Бұ да бір есептен теріс болған жоқ деп ойлады. Қартқожаға жақсылық қылам деген ой үш ұйықтаса Неколайдың түсіне кірмегенін қайдан білсін...


Сондай күйде жүргенде, бір күні Андрей Қартқожаға қуанышты хабар естіртті.


— Жақсылық болады.


— Немене?


— Революция.


— О не сез?


— Патшаны түсіреді. Бостандық теңдік болады.


— Патшаны кім түсіреді?


Андрей саяси партияларды, саясатты, жұмысшыларды айтты. Қартқожа партия-сартиясына түсінген жоқ, тек «патшаны түсіреді, бостандық болады» дегенін ұқты. Патша түскенде, кім билемек? Ол арасын да білген жоқ. Әйтеуір жақсылық хабар екенін біліп, Қартқожа да сүйінді.


— Бізді қайтеді? Қайтара ма?— деді.


— Қайтарады, патша түскен соң, соғыс бола ма?


— Болмайды.


Қартқожа онан жаман қуанды.


Екі күн өткен жоқ: «Ребәлітсе! Патшаны түсіріпті!» деген лақап дүңк ете түсті. Андрейдің айтқаны келді. Қартқожа жолдастарымен бірге қызыл жалау көтеріп, дүрмекке кірді де кетті.


ЖОЛДА


Көктемнің бауырмал, жарқын күні жерге нұрын үшкіріп, ызғарын аластап, жүзіне шырай бергенде, жігіттердің де бойы жадырады. Тоқымдығы кеппей жүрген қуаңқы жануардай жерге тыраңдап аунап, сілкініп, артқы аяғын тебініп. Арқаны сағынған кезде, сүйіндік жігіттеріне де кезек тиді. Қайтқан қаздай қиқулап, лек-легімен пойызға міне бастады. Бетін елге қарай бұрды. Айда! Несін сұрайсың?


— Ке-ре-ку!


Пойызға міндік — ауылға келдік! Шіркіннің жүрісі дүлдүл емес пе? Ойын-күлкі, қызық, думан, өлең, айқай, ән, басқан сайын тау, орман, өзен, көпір, барақод. Қала, қала, қала... Қаладан аяқ алып жүре алсаңшы. Орыс қалай есе берген?!. Қайда сыйып жатқан!.. Қазақты қалай басып кетпей жүрген. Қазақты көп дейді. Қайда, қарасын көре ме?


Түнеугіндей емес. Мылтық алып қойша қамамайды, «Арда», «киргиз» деп, желкеге түймейді, кеудеден итермейді, ұстаудан босанған тұтқындай, түскен жерде ананы бір, мынаны бір тамашалап, көше қыдырып, еркіндеп кетеді. Ашық ауыздар қалып та қояды. Қалғанмен не керек! Жол белгілі, пойыз даяр, билет тегін, тауып келеді. Сұрастырып, жүретін жолды да, соғатын қалаларды да біліп алған. Парабоз да Қартқожаға танымал қара өгіз сықылданып кетті. Пойыздың тәртібін де біліп алды. Пойыз тоқтағанда, ішіндегі дәретханаға отыруға болмайтыны, қоңырау үш қағылса жүретіні, есік аузында тұрғызбайтыны, көпірден өткенде терезеден қаратпайтыны, жүріп келе жатқанда секіріп түскен кісі өліп қалатыны бәрі белгілі болды. Енді орыстан да қорықпайды: тілінің бөтендігі болмаса, жүрегі де, ойы да өзіміздікіндей. Андрей қай қазақтан кем? Артық емес пе? Қартқожаға сондай ақыл айтқан қазақ болды ма?


Сүйіндік жігіттері он шақты күнде Омбыға келіп қалды. Домалаңдаған қара торы жігіттер саптамасының қоныштары салпылдап, тымақтары шолтиып, айғай-ұйғай итермелесіп, боқшаларын, төсек орнын сүйрелеп пойыздан түсіп жатыр. Жігіттер түскен кезде бағзалдың алдына жинап жүрген біреулерді көрді. Киімі орысша бір жас жігіт жұмысшыларды жинап алып, ортасында тұрып шешендік құрды.


Неколайдың қазаққа істеген зорлығын: жерін мұжыққа әпергенін, тілін, дінін бұзуға шаралар тұтынғанын, қазақты қара жұмысқа алғанын, жоғалтып, жұтып қоймақ болғанын, енді ол жауыздың қарашығы батып, бостандық туып, қазақ жұрт болуға бет қойғанын, қазақ жігіттері қайтып келе жатқанын көріп, қуанған соң, құттықтамақ болып тұрғанын... тағы да алқынған, көпірген, лепірген көп сөз сөйлейді.


Жігіттер алғыс айтып, қуанысып:


— Өзің қай елдікісің? — деп сұрады.


— Сүйіндікпін.


— Бауырымыз екенсіз ғой... туысқан болдың ғой...


— Мен де сендердің сүйіндік екендеріңді танып, сөйлемеске дәтім шыдамады.


— Ел аман ба екен?


— Ел аман. Шығын жоқ. Қыс жақсы болып, күйлі шықты.


— Біздің ауыл аман ба екен?— деп сұрағандар да болды. Көңіл жықпайтын жігіт екен.


— Сіздің де ауыл аман, сіздің ауыл да аман... — деп бәрін кәні қылды.


Сөз біткен соң, жігіттер пірістенге қарай баратын шойын жолмен қаланың ішіне тартты.


Пірістен басында улап-шулап, екі күн жатып, борақодқа мінді. Борақодта қазақтан да матрос, кәшегерлер бар. Олардың ішінен де сүйіндік табылып, жампаңдасып, шуласып жатыр.


Кешке жақын борақод үстінде гармон дауысы шыққан соң, Қартқожа жоғарыға кетті. Орыстың жас жігіттері гармон тартып, ән салып жатыр екен. Орысы, қазағы қамаласып, тыңдап тұр екен. Бұрынғыдай емес, сырнай-кернейдің, орыстың дауысы да жылы көрінді. Ертістің екі беті — жасыл орман, жасыл тоғай. Сол жиекте қазақ ауылы, қазақ малы көрінеді. Жар басында борақодты тамашалаған қатын-қалаш, бала-шағалар да тұрады. Басқан сайын елдің лебі еседі. Нан, жұмыртқа, сүт, балық сата келген жиек қалалардың мәтүшкелері де қазаққа бір жақындығы бардай, жылы көрінеді. Қартқожаның жүрегі лепіреді. Туған ауылының, үйінің, әжесінің көңірсіген, қоңырсыған туған иісі мұрнына келгендей болады.


ТУҒАН ЖЕР


Туған жердің кәдірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?


Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?


Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?


Туған жердің артығын, жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айырылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе, кім білсін?


Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, карта, сары қымыз көзінен бір-бір ұшып есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім білсін?


Туған жердің кәдірін әлеуметтік ісіне басын байлап жегілген, кеңседе қағаз кемірген, күйіп-пісіп, көбен боп, еңбегінің жемісін көрсем-ау деп телмірген, тар көше мен тар үйде бойы бір сергіп көрмеген азамат білмей, кім білсін?


Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтін шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз... Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал әженің бауырында еркелеп өскен, үлбіреген балапан жүректі Қартқожа қайтіп сүймесін? Қартқожа туған жерін жанындай сүйеді. Туған жер еске түскенде, іші-бауыры елжіреп, өртенгендей күйеді. Еліне жетуге ұшарға қанаты болмайды.


Қартқожамен бірге біз де асығамыз. Аялдағымыз келмейді. Елін сүйген оқушылар, жүріңдер, туған жерге жетейік! Қартқожаның алдынан шығайық!


Шөгіп жатқан түйедей, ортасы кезеттеніп, денесін қошқыл қара түк басып, қырарқасы тарақтай ирек-ирек болып, шудасы желкілдеп тұрған, мынау өзіміздің Баян тауы! Жарықтық, қандай салауатты! Қандай айбатты! Міне, Ащының бойы! Әне, Бөрікөл, Быламбай, Қарасор. Ана көрінген Мойылды. Ой, шіркіндердің көзі жаудырап, самаладай болып жарасып тұрғанын-ай!


Анау сары адырдың иығынан түсіп, созылып келе жатқан қалың көшті қара! Сүйіндіктің көші! Әлде бұл қай ауыл? Көші қалың, малы шоғыр не қылғанмен көші бай ауыл ғой! Анау Ащының бойын өрлеп, сыпылдатып бара жатқан құс салушылар-ау! Қаз, үйректі көк жендетің қырып жүр екен! Әне тастады. Түйді дабылды. Жарқ етті. Алды білем. Атты қойды ғой. Не деген қыран! Балаларды қара! Көштің артында қалып, тай, құнанмен жарысып келе жатқанын! Көк құнан озды! Жоқ, құлалы да жетті, озады-ау енді, озады-ау! Айдасайшы, шірік ит! Қап! Қарсы алдынан сиыршылар киліккенін көрдің бе? Жығылады-ау енді. Жоқ, тоқтады. Әне бір сиыршы кейін қарай шапты. Арбасы қирап қалды-ау! Сиыр ит сүйкенбей жүре ме? Бәрін бүлдіріп келе жатқан әне бір күйлеген қызыл құнажын екен. Көп жылқы ана ауылдың шабындысына түскенін көрдің бе? Байлардың осынысы жаман-ау! Жоқ, жер қорушылар да шапты.


Қартқожа соны ойлап келе жатқанда, тау арасына кіріп кетті. Көш артта қала берді...


Әлден уақытта ауылдарының адыры да көрінді. Қартқожа бала күнінде анау қойтастан жуа теруші еді. Әне бір қуыста, бұзауды таба алмай шаршап отырып, ұйықтап қалушы еді. Міне бір сайда жұт жылы күрек аршушы еді. Анау беткейде көтерем ала сиыр тура алмай, соқтығып өліп еді. Бәрі де танымал, бәрі де өткен күндердің ащы-тұщысын есіне түсіріп, ойын әлде қайда сүйреп әкетті. Ауылы да, үйі де, әжесі де есінен шығып кетті. Шыққан жоқ-ау, араласып, арасында қалды. Төбе де, тау да, өзек те, өлке де, жазық та, қыр да — бәрі де әжесі сияқтанып кетті. Ауылының қарасы көрінгенде ғана Қартқожа әжесін тауып алды.


— Әжемнің жүрегі қандай жарылар екен! Көзінен жасы ағып... ойбай-ау, ағатайым жоқ екен-ау!


Көзіне мөлтілдеген жас келді. Жасын тыя алмай, ауылдың бәрі бұлдырап көрініп, үйіне жетті.


Есік алдында топай ойнап жүрген Кенжетай Қартқожаны көре сала: «Ағатайым, ағатайым!» деп тұра жүгірді. Қартқожаны аймалап жатыр. Арбадан түсер-түспесте, кеңкілдеп әжесі де бас салды. Тұңғышбайдан айырылып, жалғыздық көріп, сорлы болғанын, құлынын сағынғанын айтып, кеп көрісті, мауқы жуырда басылмады. Қатындар айырды. Үйге кірген соң қаралы жеңгесі де зарланып, сұңқылдап жылады.


«Ағуз» тартылып, аят оқыла бастағанда, Қартқожа солығын басайын деді.


ЖАЙЛАНҒАН СОҢ


Шаруаның жайын сұрастырып, аруақтарға құран шығып, көңілі жайланған соң, бір күні әжесінен ағатайының неден өлгенін сұрады. Ағатайы Әшірбек ұрлаған құнажынға қатты аяз күні сұрау салам деп, суық өтіп кетіп, үйге келе ұшына жығылыпты. Содан кейін өне бойы күйіп-жанып, сүзекке шалдығып, он бір күн дегенде көзі жұмылыпты.


— Содан кейін құнажынды сұраған жоқсыңдар ма?


— Отағасы бір-екі рет сұрайықшы деп айтып едім. Барған-бармағанын да білмеймін. Жесір қатынның тілін кім ескереді?


Ағасының бата оқырын өткізген соң, Қартқожа құнажынды сұрауға атқа мінді.


Әуелі Әшірбектің өзіне барып:


— Біздің құнажынды қайтесіз?— деді.


— Құнажының не?!


— Құнажын сізге таман келіпті ғой.


— Сен түгілі, әкең де маған мұндай сөз айтып көрген жоқ. Мені ұры қылатын сен қайдан шықтың? Бірдеме үйреніп келдің бе?— деп, қайда... аяғына отырғызбады. Қартқожа сампылдап, ауылнай ішіндегі «адам» — Жәнібек қажыға арызын айтты.


Кісіге жаман сөз айтпайтын кісі екен, жақсы сөзін айтты. «Ел іші — партия. Біреуден біреу мал өндіретін заман емес. Әшірбек біздің ыңғайымыздағы кісі еді, шыдай тұр...» деді.


Қарсы жағындағы Айманбай ақсақалға барып мұның шақты. О да «біздің ыңғайымызда жоқ, қолымыздан келмейді» деді. Болысқа барғысы келмеді. Өткен күндегі «кет былшылдама!» деп қолын бір-ақ сермегені есінде бар. Сол болыс әлі де болыс екен.


— Неколай түскенде, жұрт кенеледі дегені қайда? Нашардың қолы тендікке жетпейді. Малынды сұрасаң, партияға сындырады. Досы қорғай түрегеледі, қасының қолынан келмейді. Екі ортада кедей өлетін болды ғой! Қой, бұлай болмас. Елді қан қақсатқан Неколайға да зауал болып еді. Күштілерге де бір зауал болар. Бірақ қашан болады? Неколайды жұмысшылар, солдаттар, кедейшіл кісілер түсіріпті деп еді. Қазақтың болыстарын, байларын, жауыздарын кім түсірер? Қазақтың кедейінде ұйым бар ма? Солдаты, жұмысшысы бар ма? Қазақтың өңкей кедейінен солдат жасаса, қайтер еді? Осы окопқа барған жігіттердің басы қосылмас па екен?.. Әр атаның тұқымы, басы бірігеді дейсің бе? Әйтсе де көңілдес жігіттерге бір сөйлесіп көретін екен?.. Түзде жүргенде бір-бірімізді тастамаушы едік ғой... елге келген соң жолдас ақымызды ұмытып кете қояр ма екен... деген ойға тірелді де, Қартқожа Сейкебай ауылына бұрылды.


— Жаңбырбай үйде ме?


— Үйде.


Түсе қалды.


Қайдан келе жатқанын, түк өндіре алмағанын айтты.


— Жаңбырбай, маған кішкене жолықшы... Оңашаға қазекей қандай құмар, делегейлене жөнелді. Төбенің теріскей бетіне отырып, екеуі әңгіме құрды.


Қартқожа арғыдан қозғап сөйледі. Спесік тапсырғаннан, жасақ құрғаннан, отряд шығарып, жігіттерді атқызғаннан, малын алғаннан құлатып, болыстардың, ел адамдарының зорлығын, қиянатын қылға тізді. Майдандағы көрген-білгенін, Андрейден естігенін Неколайды кім түсіргенін айта келіп:


— Окопқа барған жігіттердің басын қоссақ қайтеді? — деді.


— Қалай қосасың?


— Астыртын сөйлесіп алмаймыз ба?..


— Ал, қостық. Бітіретініміз не? Былтырғыдай жасақ болып, байлардан ат алып, қой жейміз деп ойлайсың ба?


— Жоқ, ондай болмаймыз... Тек ауыз бірлік қылсақ деймін...


— Күш болмаған соң, бірлігіңнен не шығады? Әркімге жан керек. Желіктірген бос сөзден байдың үйінен бір тостаған саумал ішкенін артық көреді ғой жұрт. Былтыр жасақтың арты қандай болды? Ұмыттың ба? Аузы күйіп қалған кедейдің өмірі басын қоса алар ма екенсің? Мұның, бала, болмайтын жұмыс қой деймін. «Дияла» кімнің қолында болса, соның айтқаны болады. Не беделі жоқ, не пұлы жоқ кедейдің байбаламын кім тыңдаушы еді...


Айтуын айтса да, Қартқожа өзі ұялыңқырап қалды.


— Солай екені рас,— деп, атына мінді.


Кедейден береке шықпасын білген соң, Қартқожа енді басқа шара іздеді. Ойлаған сайын Андрейдің сөздері есіне түседі.


— Рас-ақ, Андрей оқу оқы деп еді-ау! Оқысай, ақыңды ешкім жей алмайды деп еді-ау! Оқуға бұрыннан құмар едім ғой... Енді қаланың, даланың жайын әбден біліп алдым. Мен сияқты оқыған қазақ жігіттері қала-қалада көрінеді. Енді оқуға кетсем қайтер екен? Үйде мал тауып, шаруа істеп отырғам жоқ. Күнді босқа өткізіп отырмыз ғой. Қой мен оқиын! Әжеммен ақылдассам ба, ақылдаспайым ба? Жалғыз ілікті кісі, оқығанымды ұнатады дейсің бе? Үйіне жеткенше ойлағаны осы болды.


БАЯН


«Оқимын» десе әжесі де, жеңгесі де жібермейтін еді. Бұл жолы Қартқожа тіс қаққандық қылды. Қалаға барып кәсіп етіп, пайда табам деп үй ішін алдап, Баянға келді.


Баян — жердің шұрайы. Тау, тас, орман, жеміс, көл, бұлақ, былқылдақ, егін, шабын — бәрі Баянда. Баян тауының күнгей қойнауында, оқар-шоқар тастың ішінде, солында тау, оңында Сабындыкөл. Қазақ-орыс қаласы тұрады. Екі жүзге тарта үйі бар. Қазақ-орыстың станциясы шығыс жағында. Кіре беріс қара жолдың аузында, дөң басында кішкене ағаш мешіт, қаланың көл жақ шетінде тапалтақ ақ шіркеу көрінеді. Шіркеудің қасында қазақ-орыстың үшкөлі болады.


Екі жүз үйдей қазақ-орыстан басқа, Баянның жатағы да бар.


Жатақ үй бір құнды халық. Өзі де аз болған соң, ұмыт қала жаздапты.


Баянның жері, суы, ағашы, көгі қазақ-орыстікі. Бір кезде қазақ-орыстың қала салған жері Баян аулының қыстауы болса да, бұл кезде Баян қазақ-орысқа ата мұра тәрізді...


Қазақ-орыс қазақ болып кеткен, орыстың тілін де ұмытып қалған, қулық-сұмдыққа қазақтың ар жағына өтіп алған. Қазақ-орыс шетінен парақор, жалқау, ұры-қарасы да, бұзақысы да көп. Бірақ бәрі де бай. Үй басы — қазақ малайы. Егінді қазақ салады, пішенді қазақ шабады. Отынды қазақ тасып, жарады. Үйлерді де қазақ салады. Қазақ-орыстың өмірі арақ ішіп, мас болумен, тәлтіректеп көшеде өлең айтумен, тас түбінде қылжиып жатумен өтеді. Ол аз. Маңайдағы он болыс елдің ұлығының ореднегі, тілмәші, прістебі, айбекеті, абезшігі — қазақ-орыс. Он болыс елдің игі жақсылары қазақ-орыстың тамыры, танысы, айласы он болыс елді билейтін екі жүз үйге толмайтын қазақ-орыс. Қаланың кедей жатағы қазақ-орыстың етікшісі, ұстасы, үйшісі, балташысы, тас қалаушысы, жалшысы, малайы, қазақтың ең пысығы: не алыпсатар, не ұры, әйтеуір бір бұзақы болады. Қазақ-орыс пен қазақ әншейінде «бәленшеке», «түгеншеке» десіп жүрсе де, жеріне, суына, балығына, ағашына қазақтың тұмсық сұққанын көрсе, «еке-меке» далада қалады. Қазақтың шаңырағына қобыз тартылады. Айтта, тойда күреске түсіп, қазақтан жығылып қалса, «Бетке-Сеткелер» жатып төбелес салады.


Боқыраудың басында Баянда ұлы жәрмеңке болады. Омбы, Қызылжар, Ақмола, Атбасар, Жетісу, Семей саудагерлеріне дейін жиналады. Қазақ-орыстың уряднигі, пәлесейі, атауыз, шайбасар дақод жинаушысы бір кенеледі. Пәтер жалдап, буылдық сатып, барлық қазақ-орыс бір шала байып қалады. Он болыс ел бас қосып, шерезбіштайті сиез құратын, ат шабыс қылатын нашәлнігі, судиясы, дәрігер тұратын қара шайырағы — Баян.


Баян маңындағы іргелі ел — сүйіндік. Қанжығалы, қозған, қақсал сықылды бір-екі болыс кірме елдер де бар. Сүйіндіктен Төлебай, Собалай, Жаңа батыр, Едіге, Шой, Шорман, Боштай сықылды алты алашқа аты шыққан билер де туған. Тоғжан, Сақау, Көтеш, Жаяу Мұса, Жамшырбай, Мұстапа, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт сынды ақындар, әншілер, серілер де, туған, кешегі патшаға білікті дуан басы Шорманның Мұсасы да, пай қазысы Серкебай да Сүйіндіктен шыққан, Құсайын, Тәнті сықылды азуы алты қарыс көкжал болыстар да сүйіндікте болған. Қозғанда Қабылға; айдаболда Шоң мен Боштайға; қаржаста Шорманға; күлікте Әлдебек, Қуанға; қанжығалыда Ішікбайға құт қонған, бір кезде алдына 12 мың қой, 5 қос жылқы біткен. Осы сықылды елдің ортасындағы үкіметі де, қожасы да, ұйтқысы да Баянның түбіндегі бір шөкім қазақ-орыс еді. Сол қазақ-орыстың қаласына ғылым іздеп, біздің Қартқожа да келді.


Күн жаз. Егін науқаны өткен. Оқу жоқ. Сандалып жүріп Қартқожа бір танау Пашкаға малайлыққа тұрды. Пашка — жүзге тарта жылқысы бар, үй салдырып жатқан бай орыс. Қартқожа қора тазалайды, ат суарады, су әкеледі, отын жарады. Тақтай да тіліседі. Көзі ұйқыға барғанша дамыл көрмейді. Алты айда алатыны — бір қой, бір тайынша. Ac үйде отырып итке құйған астай қойған тамағын жейді. Басқа дүниемен артық қатынасы болмайды.


Бір күні ат суарып келе жатса, кеңсе алдында елдің кісілері жиналып жатыр екен. Қартқожа біле кетейін деп, атын байлап, қастарына келді. Өңкей «қасқа мен жайсаң» жиналған екен. Жұрт алқа қотан отырған соң орысша киімі бар бақа тамақ жігіт топқа сөз сөйледі.


Семейдегі қазақ азаматтары қазақ камитетін ашқандығын, өзі сол комитеттің «шлені» екенін, камитеттің дәрежесі бұрынғы жандаралдікінен кем еместігін, енді қазақ жұмысын қазақ басқаратындығын, бұрынғы кірестиански нашәлніктің орнына аудандық камитет сайлағалы келгенін... сөйледі.


«Камитетке сайлайтын кісілеріңізді көрсет!» дегенде, отырған жұрт көкжалдарын атай бастады. Дәмелі адамдардың бәрі де жазылды. Болыс та, бай да, молда да, ақсақал да, мырза да аталды. Тым көбейіп бара жатқан соң, сөйлеуші жазуды тоқтатты. Болыс басы бір кісіден көрсетуін сұрады.


— Олай болса, ақылдасып көрсетелік,— деп, «жақсылар» оңашаға кетті.


Сайлау көретін жігіт кешігіп қалған сазайын бір танаудан «тоқмаш» жеп, ат қораға барып көзін уқалады.


САУАТ АШЫЛА БЕРДІ


Бір танаудың егін шөбі біткен соң, үйіне барып, шөп жинастырып беріп, Баянға қайта келсе, Баянда боқшасын қолтықтаған қазақ балалары да жүр екен. Оларды көрген соң Қартқожаның да зығыры қайнады. Оқыған кісінің арманы жоқтай көрінді. Көшеде бір-екі шәкірттен: «Мені оқуға алар ма екен?» деп сұрап еді.


«Орын бітіп қалды, жасың да үлкен екен» деді. Әйтсе де сөйлесейін деп, өшетілге барды. Орын болмады.


Қыстайғы бар тапқан олжасы — бір қазақ өшетілімен таныс болып, анда-санда содан кітап, елей, газет алып оқып тұратын болды.


Жұмыстан қалт еткенде қонышындағы газетін суырып алып, қадала қалады. Қазақ өз алдына аптономия алу керек, оқу ана тілінде болу керек, земстуо ашу, әскер жасау керек... дейді. Ел ішінде не болып жатқанын жазады. Әйтеуір көп сөз жазады...


Қартқожа бәріне де имандай ұйиды. Аят пен қадістен кем көрмейді. Бірақ кейбір сөздерін ұқпайды. Ұқпағанын өшетілден барып сұрап алады.


Газет Қартқожаның көзін ашты. Газет оған жабыққанда — жұбаныш, еріккенде ермек, оңашада жолдас тәрізді болды...


Қыс ортасы ауғанда, ауылынан бір жігіт келді.


Ac үйде отырып, бірталай сөз қозғады:


Ағасының жылы біткенін, аға өлсе жеңге мұра екенін, жеңгесінің төркіні келіп кеткенін, әжесінің кәрілігін, жалғыздығын, шаруаның кемдігін, ағасынан жетім балалар қалғанын, жеңгесі кетсе, үй үйліктен қалатынын... сөйледі. Қартқожа сөздің түрін көрді. Ой түсті. Жарылып жауап бере алмады, «жаз шыға барамыз, көрерміз...» деп қайырды.


Бұ бір түйткіл болды.


Әжесінен соңғы үлкен көріп, сыйлайтын, сыпайы сөйлесетін жеңгесін, өзінен жасы үлкен апасындай жеңгесін, ағасының қойнында жатқан жеңгесін Қартқожа қалай қатын қылып алады? Ұят қой. Ағасының аруағынан ұят қой! Ағасы тірі болса, Қартқожа қиянат етер ме еді? Өлгенді сыйламайтын заңды кім шығарды. Адамшылыққа лайық па деп бір ойлады. «Жоқ, оның балалық, шешенді, жетімдерді аямағандық. Әмеңгер болған жалғыз сен бе? Жеңгеңді алмасаң кемпір қалай жан сақтайды? Ағаңнан қалған тұяқтар қайда қалады? Оларды кім күтеді? Қаның, бауырың емес пе? Өзің «оқимын» дейсің. Сен оқығанда, үйдегі шаруаңды кім ұқсатып отырады? Ол шаруақор емес пе?..» деп тағы біреу айтып тұрғандай болады. Осындай ойлармен қыс бойы Қартқожаның басы қатады. Үйіне барғысы келмейді. Барса қақпанға түсетіндей. Біржола қол-аяғы кесілгендей көреді. Түн қасарғанмен, күн еркіне қояр ма? Қыз қасарғанмен, күйеу еркіне қояр ма? Өмір қасарғанмен, өлім еркіне қояр ма? Көнбейін десе де, Қартқожаны тұрмыс еріксіз көндірді. Болмайын десе де әдет-ғұрып болдырды, алмайын десе де жеңгесін зорлап алдырды, ноқтаға басын кіргізді.


Қартқожа бала еді. Жаны да, тәні де әйелден таза еді. Көрмегенін көрді. Әйелмен «обалға» батты. Жол көрген, жырынды адам жырындылығын көрсетті. Қайным екен деген жоқ, күн асқан соң-ақ Қартқожаны баурай бастады. «Оң жақта күйеу мұңдық, байлаулы бұзау мұңдық» — жеңгесінің қойнында Қартқожа мұңдық. Еркіндеуге именеді, жеңгесінің қойнына жатса, көңіліне ағасы елестейді. Жеңгесін «қатыным» деп айтуға батылы бармайды, көпке дейін «жеңгей» деп жүреді.


Қартқожа үйде отырғысы келмейді. Жоқты сылтауратып, ел кезіп кетеді. Үйге келсе, «жеңгесі» ұрсады.


— Қайда тентіреп кеттің? Жүре түссең етті?.. Үйдің саған не керегі бар?..— деп, бұрқ-сарқ етеді.


Қатты айта алмады, айтуға бата алмайды. Беті ашылған сақа қатын мен нәресте жанды, ұялшақ Қартқожа қалай ұрысар?


Күзге салым Қартқожа астық іздеп Баянға барды. Таныс өшетіліне жолықты.


— Жақсы келдің!


— Немене?


— Семейде мұғалімдер курсы ашылғалы жатыр. Расқот — қазынадан. Хат танитын жігіттер алына береді депті. Бізге де кісі жібер деп, қағаз келіп отыр.


— Ой, алақай-ай!


Қалай, қашан бару керек екенін сұрап алды. Керекудегі комитетке өшетілмен еріп барып, мұндағы комитеттен қағаз алды. Қартқожада ес қалған жоқ. Келген жұмысын тез бітіре сала тымақты шекеге салып, арсалаңдап ауылға тартты.


КУРС


Бетінен май шыққан, ақжарқын мес мұғалім, облыстық комитетке «ресми» түрде қатынас қағаз жазып, сүзеген бұқа тәрізді, мұрты түксиген жұқа қабақ мұғалім түйіліп газет оқып отырғанда, қутыңдаған қунақы зиялы жігіт жайтаңдап кіріп келді.


Партпелді үстелге қоя салып, екі мұғалімнің қолын ұстар-ұстамаста:


— Жұмыс қалай?— деді.


Мемлекет тетігі өз қолында отырған кісіше, мес мұғалім жымиып:


— Дүрсектетіп жатырмыз,— деді.


Қунақы жігіт:


—Бұ не қағаз?— деп қабағын түйіп, қарай қалды да, мес мұғалімді арқаға қағып, сақылдап күліп жіберді.


— Несі бар? Несі бар?— деп мес мұғалім қызараңдап сасып қалды. Өйткені мес мұғалім орысша оқығандар көп біледі деп қол қоятын — бір, дәрежесі өзінен бір елі жоғары кісінің сөзіне баға беретін — екі.


— «Ресми сіркәтібін» не? Ойбай-ау, мынауың масқарашылық қой!— деп қунақы жігіт ішек-бауыры қатып, күліп жатқанда, мес мұғалім ұялып, пысынаған кезде, сүзеген бұқадай мұғалім:


— Түріктер «сүркатіп» деп жүргізеді. Пән тілдерін түріктен алуға болмайды,— деп мұртын түкситті.


Дау ұлғайды. Қазақ пен түрік, Ебропа мен араб мәдениеті салыстырылды. Екі мұғалім бір жақ, өшетіл бір жақ болып, қазақты мәдениетке жеткізудің төте жолын таба алмай жатқанда, үстінде қой жүні тақталы шекпені, аяғында солдаттың бұрантабан етігі, басында сүтке түскен тышқанның тымағы бар қоңқақ мұрын қошқыл жігіт ит қуып келгендей жалтақтап:


— Ассалаумаликүм!— деп кіріп келді.


Қашағанға шөп жұтқызбай, бас салатын оңтайлы бедеудей өшетіл:


— Не керек, қарағым?— деп іле тұра келді.


— Көріске оқуға келіп едім.


— Қай уездікісің?


— Керекудікімін.


— Комендировкаң бар ма?


— Орысшаға жетік емес едім, ағай...


— Дакумент қағазың бар ма? Кім жіберді?


— Қағазым бар,— деп, омырау қалтасындағы ысқаяқ қара шолақ кінешкесін ақтарып, қолы дірілдеп бір қағазды ұстата берді. Алған тышқанына түйіліп қараған бөктергіше, өшетіл қағазға оқшия қарады.


— Қартқожа Жұманов!


Қартқожа басын шұлғыды, қағаздан шатақ таба ма деп, қыпылдап барады.


— Пауалодардың орны толды ғой. «Нормадан» артық алуға болар ма екен...— деді мес мұғалім.


— Ағатайлар... бірдеме қылыңыздар... Нашар, жетім едім... Оқуға ынтық едім...— деп Қартқожа жалына бастады. Өшетіл мес мұғалімге қарап:


— Зайсанның есебіне кіргізерміз,— деді.


— Ой, тәңір жарылғасын! Бала-шағаңның...— деп Қартқожа алғысты саулатып келе жатқанда, өшетіл мырс етіп:


— Жарайды, қарағым! Батаның қажеті жоқ. Ертең таңертең келе ғой,— деді.


Өшетіл қырағы жігіт екен, Қартқожаны бір көргеннен-ақ — ішіндегісін біле қойғандай болды.


Ертеңінде көп шәкірттің қатарында Қартқожа да партаға отырды. Бет ажары — бақ, орыны — ұжмақ болды? Жүрегі неғып жарылып кетпеді десейші!


70-ке тарта шәкірт жиналыпты. Үлкен бөлме. Парталардың алдындағы үстел басында мұғалімдер. Партпел қолтықтаған екі-үш орысша киінген кісі келді. Кешегі өшетіл түрегеліп оқу басталатындығын, облыстық камитеттен келген азаматтарға құттықтау сөз берілетіндігін білдірді.


Мұрнында қыспа көзәйнегі бар, желкілдеген сұлу шашы қарсы қайырылған, тұйғындай жұтынған жас жігіт түрегелді. Ағып тұрған сөз екен: неше түрлі жалынды, жігерлі, үмітті сөздерді соғып еді кеп, адамның сай-сүйегін сырқыратты. Сөз бұлбұлдың күйіндей денені балқытты, Қартқожа: «Адам емес, жебрейіл ме?» — деп ойлады. Қарап отырып мас болды. Жүйесі босап, көзіне жас келді. Сөзін бітіргенде, шапалақ шартылдап кетті. Кейінгі шешендердің сөзін Қартқожа ұққан жоқ, тек жақсы сөз айтпақшы екенін қолдарының сермесінен сезді.


Со күні-ақ оқу басталды. Ертеңінде шәкірттердің пәтеріне, тамағына ақша үлестірілді. Кереку шәкірттерімен бірге қазақтың бір тоқал үйіне Қартқожа да мекендеп, қатарлы шәкірт болды.


Күніне бес сабақ болады. Оқыту қазақша. Қазақ тілі, есеп, жағрапия, жаратылыс, тәрбие ғылымы, дене тәрбиесі, ән-күй — бірінен-бірі қызық.


Қартқожа жолдастарымен еріп, қазақ мекемелерін де, азаматтарын да көрді. Базарды да аралады. Базар толған қазақ. Мекеме алды қазақ. Сауда, қызмет, оқу, қымыз, қайық. Күн ыстық. Жұрт қызыл танау. Өмір қызу. Қартқожаның жүрегі де қызу.


Қазақ азаматтары земстуо ашты деп есіткен. Земстуоның не екенін Қартқожа білмейтін. Байлар, саудагерлер земстуодан кездеме, қант, шай алып базарға сатып жатыр дегенді естіген. Земстуо маңындағылар киімді, атты, арбалы, салтанатты көрінді. Әбен дейтін бір өжет шәкірт бар еді, земстуодан кездеме сұрайық деп, Қартқожаны ертіп апарды. Есік алдында қабаған төбеттей бір күзетші тұр, арсылдап кіргізбейді. Жаман тымақтар кезек күтіп отыр. Қаланың, қырдың мырзалары, саудагерлері кезексіз кіріп жатыр. Әбен шыдай алмады. Күзетшімен жағаласып, омыраулап кірді. Қартқожа бірге кірді. Үстел басындағы қазақ екен. Байдармен жайтаңдап сөйлесіп, қағаздарына қол қойып, разы қып жатыр. Бір қаға берісте Әбен де арызын ұсынды, қабағын түйіп:


— Кездеме жоқ,— деді.


— Heгe жоқ?


— Істепендие беріп отырмыз, пәтер, тамақ тегін. Тағы не керек? Астамшылықты қойындар!


— Жұрттың бәріне берілгенде, кедей шәкіртке неге берілмейді?


— Кімге берілген екен?


— Күнде көріп жүрміз ғой, қаланың байларының көтеріп жүрген пұлы кімдікі? Қырдың соғылғандары жеп жатқаны кімдікі?


— Оны тергейтін сендер емес. Ешкімге пұл бермейміз. Елдің өкілдеріне бергеніміз рас...


— Өкілді тапқан екенсіңдер. Жармұқан, Мақым қажы, Қараман өкіл болса, елді жарылқайды ғой.


— Ой, өзің менімен айтысқалы тұрмысың? Әйда, шық үйден... оқымай жатып..


— Шықпаймын, сенің мекемең емес, қазақтікі.


— Қазақты мына түріңмен сен оңдырарсың...


— Сен оңдырып отырсың...


— Өзің қалай дөрекісің... мынаны шығаршы!— деп есік алдындағы төбетін шақырды.


Бұл земстуо емес, хамство,— деді шығып бара жатып Әбен.


Қартқожа қорқып тұрған. Артында тұрып Әбеңді етегінен тартқан, тоқтата алмаған. Земстуоның не екенін Қартқожа сонда көрді.


Күзге таман Қартқожа курс бітіріп, мұғалім болуға елге шыққалы жатқан кезде, «балшабектер» келіп, митинг жасап жатыр, земстуоға қарсы көрінеді, қазақ азаматтары қосылып жатыр деген хабарды естіді. «Балшабектің» кім екенін Қартқожа білген жоқ.


ҚАРАШОЛАҚ


Ертістің сол қабағында Қарашолақ ауылы бар. Қарашолақтың алпысқа тарта үйі бар. Қарашолақтың халқы қазақ болмаса, әжептәуір қаласымақ болар еді. Қарашолаққа қаланың ауылы алысырақ еді. Не бір көше жоқ, не үй сияқты үй жоқ. Боқтықтан, күлден, көннен, көз жылтыраған, жалпиған, үйме-жүйме бірдеме. Бір кездегі ауқатты үйлердің қора-мүлкі қиқайып-сиқайып қалыпты.


Отырған жерінің шөбі арғы беттегі қазақ-орыс қаласінікі. Солардан жалдап шабады. Қарашолақтың кедейлері отын, шөп сатады. Тәуірлеуі алыпсатарлық қылады. Еті тірі Әсембай дейтін бетке шығары қазақ оқығандарымен танысып, земстуодан пұл алып, енді ауылын ағартуды ниет қылады екен. Мұғалім сұраған соң, азаматтар Қартқожаны берген екен.


Қарашолақ бала оқытуды жаңа ойлады деп ұқпаңыздар. Бір кезде Қарашолақ өзінше мәдениет ошағы болған. Төрт бөлмелі ағаш үй салынып, ауылнай үшкөл ашылған. Бергі заманда үшкөл үй тағдырдың кермесіне кездесіп, ағашы, тақтайы Қарашолақтың пештерін қыдырып, бұл кезде топырағы күлтөбеден бұйырған.


Мұғалім келген соң, Қарашолақ азаматтары жиналып кеңес құрды. Мәселе: мектеп үйі, мұғалімнің жатар орны. Мәселе тым қиын тиді. Қарашолақ азаматтарының ащы тері шықты. Біреуге біреу сілтеді. Шешендердің шеке тамыры білеудей болып, жыққан сиыр көзденіп, сөзге қонақ беріспеді. Қозыдай жамырап, қойдай шулады. Әйткенмен азаматтардың сілесін қатырып, қажырлы топ басылар мәселені шешті. Алпысбай дейтін кірме шалдың үйін қазына пайдасына алуға қаулы туғызды. Жатар орын мәселесі жеңіл шешілді. Мұғалім мектепте жатып, тамақты баласы бар үйден кезек ішсін деген сөзге байласты. Нашар кісілер бір үйде жатқаны тәуір болар еді деп әлділеріне аударуға саясат қылып көріп еді, әлділер үйлерімізде жас әйел бар деген дәлелдерді келтіріп, жеңіп кетті.


Қаулы бітіп, топ тараған соң, Қартқожа мектеп жұртын зерттеуге кірісті. Үйі де Алпысбайдың тап өзі сияқты жылтыраған екі көзі бар талпақай жер үй екен. Төбесі сирек шыршымен жабылған, салдауына Қартқожаның төбесі тиіп тұрады екен. Қағаз көр-жерін қыстыра салуға қолды созып әуреленетін емес, қолайлы. Қазандықтың түтіні, буымен аз-маз қара барқын тартып, қабырғалары қақырық, түкірікпен бірегей салтақтанғаны болмаса, еденнің оқабы да салт кісі жүруге ылғал ететін емес, былай ғана тұруға жарарлық үй көрінеді. Бір қолайсыз жері — орындық, үстел скәмие деген заттардан ырым болмады. Төсеніш табылмады. Ұлық түсетін үйлер жалғыз жарым «тақтарын» шығарып бере алмады. Көптің көмегі арқасында Қартқожаға бір төрт сирақ табылды. Балалар үйлерінен жаялығын ала келуді ұйғарысты. Қаланың мектебін, үй сайманын көріп келген Қартқожаға үй әбзелі қораштау көрінсе де, жоққа жүйрік жете ме, баяғы өздері оқыған Мәжит қожашылап оқытуға тура келді.


Курстың бір ұнаған сайманы қара тақтай еді. Қартқожа қара тақтайсыз оқытса, ескі молдадан айырмасы болмайтынын жақсы біледі. Қара тақтайсыз мұғалім — тебенсіз кемпір ғой. Сондықтан қара тақтай мәселесін қырынан қойды.


— Үшкілдің қара тақтайы болушы еді... Соны мен қай үйден көрдім?— деп ойшылар ойға жүгіртті.


— Кәзибенің апасы үлкен қазанына қақпақ қылдырып алған...— деді бір бала.


— Бәсе, сол үйде көрдім!..


Кәзибенің апасынан үлкен қазанның қақпағын қазынаға алуға тура келді.


Қара тақтайдың шежіресін білген кісі болмаса, бұл кезде тосын кісі «мұрнымды кесіп берейін!» десе де, қара тақтайлығына қанбастай түрі бар еді. Дөңгеленген, шеттері күйіп, мұжылған, қарғаша қағылып, бет аузы жырылып, сыры күйеге айналған еді. Қарашолақ азаматтары «қара тақтай осы» деп, азарда-безер боп тұрған соң, асылдың жұрнағын бұрынғы дәрежесіне қайта мінгізді. Астыңғы беті бері қарап, Алпысбайдың құбыласынан орын алды.


Бордың орнына ізбес алдырып, тақтайға жазып көріп еді, соқа салғандай жыртып кетті. Бір ойшы жігіт тұрып:


— Әйтеуір сызық түсіру керек болса, бармақты түкіріктеп жаза берсе қайтеді...— деді.


Бірақ ол мәслихат жүзеге аспады. Қартқожа мұғалім: «Қалжыңды қоя тұрсаңыз екен»— деп түсін суытты.


Қалаға баратын кісіге бор тапсырды. Мектептің жайын баяндап, Қартқожа земстуоға ресми қағаз жазды. Бордың келуіне қарамай Қартқожа сабақ бастады.


Курста көргені ғой: сабақ бастарда Қарашолақ азаматтарынан өкіл шақырып, әуелі өзі шешендік құрып, артынан өкілдерге құттықтау сөз берді.


— Мұғалімдікі дұрыс сөз, босқа киім жыртқанша, енді оқыңдар. Мынау да өздеріндей қазақтың баласы ғой...— деген сияқты насихатын бітіріп, өкілдер мінбеден түсті.


Хат танитындарын бірыңғай, нырайларын бірыңғай отырғызып, екі класқа қолайлап алды. «Баяншыдан» хабары бар, шу дегеннен «шақшадан», «тұтқадан», «құс тұмсықтан», «шәйнектен» бастады. Сауаттыларға кітап жоқ болған себепті «Сарыарқа» газетінің бір нөмірінен бастауға тура келді.


Қос жүре түзелмек қой. Жата жастана қара тақтай да істетілді, бор да табылды. Бірақ отырыс-тұрыста өзгеріс болмады. Не қылғанмен ит малтуға салып жүріп, отыз шақты баланы тынбай оқытып, түрпілеп сауатын ашты.


«Қой кезегі» келген үй баласын жүгіртіп, мұғалімді тамаққа шақырды. Алғашқы кезде әйелдер мұғалімді күтімі қиын «жұтқыш» көрсе де, не берсе, соған қанағат ететін қойшының өгізіндей қоңыр жігіт болған соң, Қартқожадан жиренбейтін болды.


Қарашолақтың арызы Қартқожаның қолынан шығады. Шелпекке құран оқып, молдалық та істеп қояды. Ерлі-байлы кісінің арасына бүтінші де болып қояды. Мұндай бесаспап мұғалім кімге жақпасын. Қарашолақ ауылы Қартқожаға қожадай қол беретін болды. Азды-көпті табысына құба төбел киім алып, көбін үй ішіне керек-жарақ алып қайтуға сақтады. Жаз шыға Қартқожа еліне қайтуға рұқсат сұрады. «Кәрі шешемді көремін» деген соң әрең босатты. Әйтпесе тағы да ұстамақ еді. Қартқожаның шолақ оқуы бітіп қалып, өзінен-өзі ұялып жүргенін Қарашолақ қайдан білсін...


ТАБАН ЖАЛТЫРАТТЫ


Қартқожаның қыстайғы газеттен көргені, естіген-білгені расқа шықты.


Алаш қаласына келіп, ескі пәтеріне тоқтап, март, апрель айының қызмет ақысын сұрайын деп земстуоға барды. Барса земстуоның алдында бұрынғыдай ат, топтанған кісі көрінбейді. Бұлар қайда кеткен деп таңданып, ішіне кірді. Қазақтар жоқ. Кеңсенің қағазын мәңгі тықырлатып келе жатқан хатшы орыс, машине басушы әйелдер бар екен. Оларда да жұмыс жоқ, екеу-екеу, сыбыр-сыбыр. Қартқожа жүгіріп, «алашорда» мекемесіне барды. Онда да кісі жоқ. Көшеде бір шәкіртке жолықты. Қазақ азаматтары қайда кеткенін сұрады. «Ар жақта сиез болып жатыр. Мен сонда барғалы тұрмын» деді.


Сиез «Бостандық үйінде» екен. Есік ашық, кіріп-шығып жатқан кісі. Ел қазақтары. Бұлар да кіріп кетті. Сиез ашылып, шешендер сөйлеп жатыр екен. Сөздері қызу. Қазақ камитетінің баяндамасын істемек болып, оған төтен сөз килігіп, азаматтардың көбі бір жақ, біреу бір жақ болып, дауласуда екен. Еңгезердей қара кісі сөз сұрап, осынша тіленді. Сиездің жарым-жартысы беруді, көпшілігі бермеуді мақұлдап, «алашорда» азаматтары терісіне сыймай бақырып, аяғында қара кісіге сөз берілмеді. Қара кісі қара бұлттай түйіліп, сиезден шығып кетті.


Он шақты минут өтер өтпестен балшабектің кемесері — қасында үш-төрт солдаты бар сиезге келді. Қазақ азаматтары үрпиісіп қалды. «Бұл сиез байлардың сиезі, облыстың атынан сөйлесуге өкілдердің прауосы жоқ. Сондықтан Совдеп атынан сиезді тараттық деп жариялаймыз!» деді. «Алашорданың» азаматтары сиездің болуын жақтап сөйлеп көріп еді, балшебектер білетін білей сөйледі, мылтығын кезей сөйледі. Сиезшілер берекесі кетіп, тарай бастады.


Қартқожа Алашқа қайтты.


Курсте қазақ тілі мен ән-күйден сабақ беретін Қасен дейтін орысша оқыған жас жігіт болатын. Курсте жүргенде «Жанар» ұйымының жиналысында сол жігітті көп көріп, артынан үйіне барып таныс боп кеткен. Бұрынғы оқыған азаматтардың мінезін жаратпайтын, Қартқожа сықылды шәкірттер Қасенді жағалайтын. Қасен олармен сырласатын. Кешке таман әңгімелесуге Қартқожа соны тапты.


Қасен жиылыстан жаңа келіп отыр екен, түсі бұзылған, қысылған адам тәрізді. Қартқожа:


— Қалай болды? Не боп жатыр?— деді.


— Жұмыс жаманға айналды. Большевиктер күшейді. Съезді қуды. Ар жақтағы «әсерлердің» бастығын да жауып жатыр. «Алашордаға» қуғын таянды. Бірақ сен ешкімге аузыңнан шығарушы болма, біз соғысайық деп жатырмыз.


— Қалай? Кіммен?


— «Алашорда қазақ-орыспен бірігіп отыр. Бүгін түні ар жаққа шығып, жастар соғысамыз деп сөз байладық... Қайтейік, қазақ үшін өлсек, арманымыз жоқ. Жолдасымыз Қази да өліп қалды... деп қағаздарын жинап, шамаданына тығып, кетуге айналды.


— Жастардан қанша кісі барасыздар?


— Отыз-қырық болар.


Қартқожа Қасенді жақсы көретін. Түрін көрген соң, аяп кетті. Жыламсырап, қолын ұстап:


— Жолдарың болсын!— деп шығып кетті.


Елінен келген делегаттарға — өкілдерге жолығайын деп, пәтерін іздеді. Баян жағынан келген үш-төрт делегат бір үйде екен. Келіп есігін итерді. Жабық. Жүгіріп терезесіне келді. Терезеден қараса, подбалға түсіп жатқан бір бөксені көрді. Үйден: «Қазақ, қазақ»— деген дауыс шыққанда, бөксе басын суырып алды. Қартқожаның өз болысы. Балшебектер байларды, болыстарды ұстайды деген лақаппен бодбалға тығылып жатыр екен. Қартқожаны көрген соң, күрсініп демін алды. Қартқожамен жампаңдап, амандасып: «Бодбалға түскенімді аузыңнан шығара көрме!»— деп тапсырды.


Көшеде неше түрлі алып қашты хабарлар жүр. «Атыс болғалы жатыр», «Алашорда кісілерін іздеп жатыр», «пәленді, түгенді жауып қойыпты» деседі. Алаш қаласы аласапыран, байлар қашып кетіп жатыр. Ес жоқ, ентіккен, жанталас...


Ертеңінде іңірде Қартқожа шеттегі пәтеріне келе жатса, басы мен кеудесі қазақ, аяғы орыс бір жігіт, қазақтың артына мінгесіп, аяғы салақтап, шағылға қарай қашып барады екен. Нұсқарынан тани кетті. Түнеугі Әбенге ұрысып қуып шығатын жігіт екен.


Қазақ азаматтары түнде кетіпті деген хабар таңертең дүңк ете түсті. Қартқожа тұра сала Қасенді іздеді, пәтерінде жоқ. Қасеннің бір жолдасы жолықты. Қасен шеткі қазақ үйлерінің бірінде екен, тауып алды.


— Не боп қалды?


— Бізді оқтың астына жіберіп, азаматтар қашып кетіпті. Біз 20 шақты жастар қолымызға найза алып, қазақ-орыстың кеңсесінде жаттық. Атыс болса текке өлетін едік, әйтеуір болмады. «Алашорда» кісілерінен Тұяқтан басқа кісі қалған жоқ. Үсей батырмен екеуі мылтық қоймасын бұзып аламыз деп күзетшісін өлтіріп, өздері қолға түсіп қала жаздапты.


— Енді өзіңіз қайтесіз?


— Біз де қырға қашқалы отырмыз.


— Мен делегаттармен қайтқалы тұрмын,— деп қош айтысып, табан жалтыратты.


ҚҰЛАҚ ЕСТІГЕНДІ КӨЗ КӨРДІ


Үш ай өзі оқып, бір қыс бала оқытып тапқан білімін, тәжірибесін Қартқожа ішіне сақтамады, елге келген соң өзінің інісін, жиенін, жақындарының баласын оқытуға кірісті. Жолыққан жастарды оқуға баруға үндеді.


Бір-екі ай өткен соң, Семей жақтан түрлі хабар келе бастады. «Балшебектер» қашып кетіпті, қазақ азаматтары қырдан қайта келіп, қызметке кірісіпті. Семей бұрынғы қалпына түсіпті...


Мына хабарды есіткен соң, Қартқожа күз інісін, жиенін алып, Семейге оқуға баруға ниет қылды.


Қыстың қамын ерте бастан істеп, шөбін үйіп, азығын жинап, үйін жездесіне тапсырып, соғымына соятын малын ыңғайлаған соң, әжесіне оқуға жүру туралы тағы сөйлесті. Әжесі уайым-қайғылы сөйлесе де, артық қарсы болған жоқ. Қартқожаның оқуға барам дегенін ауыз үйде жүрген қатыны есітіп тұрған екен.


— Немене тағы? Бармайсың оқуға!— деді бас терісі аузына түсіп.


Бір жұмаға шейін теріс қарап жатып, қыран жапқандай қылып балаларын жылатып, отты өртеп жағып, сүтті суалтып, қыр көрсетіп жүрді. Қартқожа жақауратып байқаса:


— Кететін болсаң, бір жола қарашығыңды батыр. Сенің қу молаңды күзетіп, салпылдап, боғыңды сыпыратын малайың жоқ!— деп ащы кететін болды.


Сөйтіп жүргенде Қартқожаның әжесі ауырып қалып, Қартқожаның жүйкесі құрыды. Оқудан күдер үзді. Әжесі басын көтеріп, тәуір болған соң, Қартқожа шаруасы болып Баянға келді.


Баяндағы баяғы таныс өшетілін тауып алып, газет, хабар сұрады. Қартқожа елде шаруаға айналып жүргенде, саясат дүниесінде бірталай өзгерістер болып қалыпты. Семей тағы да таршылыққа түсіпті. Омбыда Колчак үкіметі орнапты. Қазақ-орыстар күшейіп, бұрынғы әніне басыпты. Семейде «алашорда» әскері жасалыпты. Анненков деген атаман кеп әскермен Семейге келіп орнап, қазақ азаматтарының екеуін жауып қойыпты. Қарқаралыда бес жігіт жабылыпты. Семей төңірегі тынышсыз. Ел шабу, кісі өлтіру, талан-тараж көбейіпті. «Алашорда» әскерін Колчак билеп, Жетісу жақтағы майданға жіберіпті. Әлихан қазаққа аптономия алам деп, Колчакқа кетіпті. Ресейді балшабектер алып, Сібірге қарай келе жатыр дейді. Торғай, Орал, Бөкей жағынан хабар жоқ. Олар да балшебектің ортасында қалса керек.


Осы сықылды хабарды есіткен соң, Қартқожа Семейге бармағанына артық өкінген жоқ. «Заман әлде не болады» деген ойға қалды.


Қартқожа о жылы қыс бойы үйінде болды. Елде пәлендей өзгеріс бола қойған жоқ. Керекуден елге ат алатын камисие шығыпты, пәленнің атын алып кетіпті, пәленнің үйін шауып кетіпті, әйелін басып кетіпті, өлтіріп кетіпті деген сықылды алып қашты лақаптар жүріп жатады. Біреулер балшабекті келтіріп қояды, біреулер Оралдан асыра қуғызып қояды; біреулер қазаққа аптономия әперіп келеді; біреулер Әлиханды абақтыға жапқызып келеді, енді біреулер Семейді балшабектерге беріп келеді, әйтеуір дүрліккен хабар көп келіп жатады.


Жаздың ортасында-ақ балшабектердің данқы елге тым жайылып кетті. Қорғанды алды. Қызылжарды алды, Омбыға келді... деген тілипондар оңды-терісті қазақ даласына соғылды. Сол қопылдақтың аяғы сұрапылға әкеп соқты. Жұрт аласапыран болды. Не боп қалды? Дутовтың, Беловтың әскері келіп қалды. Ақтар қашып келеді... деп гулесті.


Қартқожа апасының аулына барған. Енді үйіне қайтқалы отырғанда: «Ал, келіп қалды!» деп бір жігіт шауып келді.


— Кім? Немене?


— Жер қайысқан ақтардың қалың әскері жолдағы елді қиратып келе жатыр... ат, тамақ, жасау, әйел — бәрін сыпырып келеді, қарсы келгенді атып келеді...


Әйелдер ойбайды салып, жылап жіберді. Шөптің, қидың, жүктің арасына тығылысты. Бөшкенің, әбдіренің ішіне кіргендер де, құдыққа түсіп кеткендер де болды. Ауыл құйын соққандай әлем тапырық. Қартқожаның есі шығып кетті. Біресе үйге, біресе атына жүгіріп, қамшысын таба алмай сасқалақтады. Жан дәрмен күйі атына міне сала жөнелді.


Ауылдан бір-eкі шақырым шыға бергенде, қақ өкпе тұстан 5— 6 солдат cay етіп айқаса кетті. Мылтығын кезеп, Қартқожаға тап берді. «Алла» деп атынан ұшып түсті. Келе Қартқожаға:


— Әйда! Ауыл қайда? Ат бар ма? Қайда қашып барасың?— деп ежіреңдей бастады. Түстеріне жан шыдайтын емес.


Қартқожа бірдеңе деп былдырақтаған болып еді, керек те қылған жоқ. Алдына салып, айдап жүрді. Апасының ауылы емес, басқа бір ауылға алып келді.


Бұл ауылды да әскер қамап жатыр екен. Айғай-ұйғай жүгіріс. Ат, арба, қазық, желке, мылтықтың дүмі, ыңқыл, ойбай. Құшақта — киіз-кілем, жасау — қолдарда. Сақина, шашбау, орысшалау, күлкі... Ана үй жақтан мылтық тарс етті. Қартқожа қалбаң-құлбаң, қамыт, доға, «қорадан қара», шошақ үйде үш солдат, ортасында, жабу үстінде жас қатын... зәресі ұшты.


Қартқожаны лаушы қылып, алып жүрді. Мұнда келген әскердің сілемі екен, көбі алда, артына көз жеткісіз. Өңкей жүкті арба, зеңбірек, пулемет, азық, жасау, қару артып, тізіліп, салт аттылары шабуылдап, жер қайыстырып кетіп барады екен. Қартқожаны көп әскерге қоса тастап, 15 шақты салдат тағы да шауып кетті. Үрей ұшты. Иығында шені, сымбатты әпесер солқылдақ арбада қазақтың сұлу қызын құшақтап қос боз атпен Қартқожаның қасынан өте шықты. Қартқожаға түскен қыздың көзі жыпылықтап кетті.


Қара күшке құрбан болған сорлы! Заманың әлде не болады?


Екінші ауылға жеткенде, Қартқожаны босатты. Құлақ естігенді көз көрді...


БЕТ ТҮЗЕЛДІ


Ақтың әскері басқан жерге шегіртке жайлағандай, бүйі тигендей болды. Шауып кеткен, басып кеткен, атып кеткен кезден шоласыз. Желтау маңында бір ауылды қалпымен қырып кетіпті. Жарылқаптау ішіне босып кеткен бір қора қатын, қыздардың үстінен түсіп, ойына келгенін істепті. Қаржаста пәленше байдың далаға тыққан жасау-мүлкін өртеп кетіпті.


Ақтардың зорлығына жұрт тұяқ серпе алмады. Бірақ Дәрмен сықылды өжет ерлер кегін алды. Шашау шыққан солдаттардың, бастықтарын бас салып, қырып тастап отырды. 15 шақты жігіт іріктеліп алып, күні-түні аттан түспеген. Оның бір жерде жетісін, бір жерде төртін бауыздап, атып, құдыққа тастағандары болған. Тобықтыда бір қазақ жиырма шақтысын қонақ қылып, бір үйге жатқызып, пешті шаласымен жапқызып, иіс тигізіп қатырған. Қаракесекте бір ер қазақ жігіттерден әтірет жасап, шетке шыққандарын өлтіріп, қаруын алып отырған. Соңғы кезде өткен үш жүздей ақтың әскерін тау ішінде қамап, атысып қырып салған. Ақтар өтіп саябырлаған кезде, Қартқожа ел аузынан осындай сөздерді есітіп жүрді.


Қазақтың басына зобалаң туған кезде, «Семей не болып қалды? Азаматтар не күйге ұшырады» деген сұрау Қартқожаның ойынан кетпей жүрді. Мына сықылды көкпеңбек қалың әскерді қуған қызылдарға қарсы тұрарлық күш болар деп білген жоқ. Ойлағанындай-ақ, Семейді қызылдар алыпты, «Алашорда» қашыпты деген хабар сап ете түсті. Кешікпей Омбыдан шыққан қызылдардың әскері Керекуге де келді деп естілді.


Сол жылы Сұлтанмахмұт деген жас ақын Семейден ауырып, еліне келген. Қартқожа Махмұтты білетін. Ол ақ жүрек, кедейшіл, жалынды жас ақын болатын. Елдегі байлардың, жуан атаның нашарға істеген қиянатын, зорлығын газетке жазып, күштілермен ұстасып жүретін. Сұлтанмахмұт жуандардан қорықпайтын, бетін-жүзің бар демей, көңілдегісін айтып салатын. Семейдегі жастар Сұлтанмахмұтты қолдайтын, үлкендері адамгершілігін, турашылдығын, тазалығын, ақындығын бағалап, сыйлайтын. Сұлтанмахмұт елге келгеннен бері көңілін сұрап, көріп, әңгімелесіп қайтуға Қартқожа құмар болса да, ел жанымен қайғы болып, күн туған соң, Қартқожаның да мұршасы келмеген. Семей жақтың хабарын анық біліп тұрған кісі Сұлтанмахмұт. Газет алып тұрады, жолдастары хат жазып тұрады. Қартқожа ай-жай болған соң, әдейі іздеп Торайғыр ауылына келді.


Махмұт үйде екен. Қартқожаның келгеніне қуанып қалды. Бірақ жүдеу екен, жөтелі жиі ұстап, көп сөйлесе зорланып қалады екен. Қартқожаның қолын ұстасымен:


— Е, Қарт-екем! Күнің туды, балшабек табарыштарды көрдік, — деді күліп.


— Қайдан көрдіңіз?


— Керекуге барып келіп отырмын.


— Қашан, жаным?


— Кеше, кешке келдім.


— Салт бардыңыз ба?


— Салт. Бірақ суық өтіп, меңдеп қалдым. Оқа емес, жолдастарды бір көру парыз еді,— деп жөтелі ұстады.


— Немене? Қалай көрінеді?


— Жақсы. Аса оқымыстысы алдымен келе қоя ма? Жеңіл қолдау біріне жолығып, екі сағат сөйлестім... — деп тағы жөтеліп қалды.


Жөтелі басылған соң, тасымалдап тағы сөйледі: — Бұлардың тұтынған жолы, идеясы жақсы ғой, кедейге пайдалы. Түбінде қазақ ел болатын болса, балшабектердің арқасында болады. Тірі болсақ, көрерсің. Мен көрмеймін ғой...


— Неге? Олай демеңіз?


— Қызық заман ғой! Не керек... Әттең 10—15 жыл өмірім болар ма еді!..


Махмұттың көңілі бұзылайын деді. Қартқожа басқа сөзге жұбатқысы келді.


— Семей не боп жатыр екен?


— «Алашорда» қашыпты. Жастар жұмысқа кірісіпті. Бірсыпырасы камунес болыпты. Газет шығарыпты. Көрген жоқсың ба?


— Жоқ.


Жастығының астынан бір шумақ газеттерді алып жатыр.


— Жастар байғұс та бірдеңеге жарар білем: газеттері жаман емес. Ел жұмысы иесіз қалмағаны жақсы болды...— деп газетті Қартқожаға ұсынды. Көп сөйлей алмады, жөтелі тағы қысты.


Қартқожа «Қазақ тілі» газетінің бір-екі нөмірін қарап, көңілі дауалап, Махмұтпен қош айтысты.


Жаз шыққан соң Қартқожаның үйде отырғысы келмеді. Есіл-дерті Семей болды да жүрді. Бірақ Семейге жетуге қаражат керек. Үйде сатарлық мал жоқ. Күн көргішке салмақ салғысы келмейді. Сонымен тағы да жұмыс іздеп көрейін деп Қартқожа Баянға келді.


Баянда жартымды жұмыс табылмады. Жер қазу, отын жағу, қораның боқтығын тазалау сықылды күндеме жұмыспен жүріп жатты.


«Бай бастас, батыр құлақтас» болмай тұра ма, Қартқожа бір танауда малай боп тұрғанда, қырылдауық Иванның малайы Доғамен бастас болатын. Қазекең сөзге қандай жаны құмар, Доғаның естімейтін хабары болмайтын. Сол Доға қора күреп жатқан Қартқожаға келіп:


— Семейден бір қазақ кемесер келіп, мырзаларды бүрістіріп жатыр дейді, білдің бе?— деді.


— Жоқ, білгем жоқ. Кім деген екен?


— Қасен деген жігіт дейді.


— Ойбай менің Қасенім ғой!


— Әй, қойшы!


Қартқожа жұмысын шала-бұла бітіре сала, салып келді. Қасен он шақты дөкейлерді иіріп алып, мүңкір-нәңкірдей тергеп жатыр екен. Ішінде Қартқожаның болысы да отыр. Қартқожаны көре сала, Қасен ұшып тұрып, қолын ұстап амандасып, аузынан сүйді, өз қасына отырғызды. Мырзалар аң-таң. Не керек, Қартқожа со жерде бір жетілді. Жуандарды тергеп-тергеп, ертең Керекуге жүресіңдер деп, қолдарынан қағаз алып босатты. Қасен бір уездің сайлауын өткізуге келген екен. Сайлаудан бұрын жуандарды ығыстырып алмақ екен.


ЖАҢАРДЫ


Шілденің шеке қызар, ми қайнар күні. Ділграмның тақтайдай қара жолымен қос ат жеңіл тырашбенкені быжылдатып келеді. Тырашбенкеде Қасен мен Қартқожа, кеудені ашып тастап, қолды сермеп, әңгіме соғып келеді.


— ...Сол атыс боп жатқанда, ішінде жүрдіңдер ме?


— Жүрдік. Өлімге басты байлаған соң... Ақтар Алаш қаласын басып ағыл-тегіл боп кетіп жатыр. Ар жақтан күрс-күрс мылтық атылады. Оқ жауып тұрғанда, Әзім мен Тоқтарды ар жаққа жібердік. Олар қызылдардың басшыларына сөйлесіп, төңкеріс комитетіне кірді. Біз ақтан қалған қару-саймандарды «Опрауаға» жинап, жанталасып жүрміз. Біреуді біреу біліп болмайды. О жерден де, бұ жерден де әскер шыға келеді. Кешеде жүргізбейді, атып тастайды. Талай жерде ажалдан қалдық...


— Нығметолла мен Ғалымжан сонда ма өлтірілгені?


— Жоқ, ол артынан ғой.


— Қызылдар өлтірді ме? Кім өлтірді?


— Жоқ, ойбай! Қызылдар не қылсын? Абақтыдан босанып кеткен өңкей бұзылғандар ғой. Шыға сала балшабекпіз деп қолдарына мылтық алып, талайды қырды ғой. Бұрын талай кісі өлтірген, қаныпезер ұрылар абақтыда жататын ғой. Ақып, Соқыр Мақан, Жолды дегендер, Батқолла, Қалау дейтін ноғайлар... солар ғой бүлдірген.


— Мұғалімдерде олардың жұмысы не?


— Оның мәнісі бар, шырағым! Олар күллі оқығандарға өш. Оқығандар оларға жауыздық істетпейді, ұстатып жапқызады. Оларға лай судан балық аулау керек. Жаңа мұғалімдерге жаны өш. Алаштың Әбдірахман деген имамы болатын. Ол жаңа оқуға қарсы. Жаңа оқу дәуірлесе, молдалар аяқситыны белгілі ғой. Ел надан болмаса, олар күн көре алмайды. Сол соғылған имам да балшабек болып, ұры-қарылармен қосылып, мұғалімдерді өлтірткен со ғой.


— Олар енді не болды?


— Олар бұ күнде ұсталды. Бірақ көп алыстық. Елге көп зиян салды. Ақтар қару-жарақ жинамақ болып, елге әтрет алып шығып: ел шауып, кісі атып, көп қырғын қылды. Аяғында істігі басынан асып, қылмысы мойнына ауған соң, абақтыға жабылды. Алды жабылған соң, өзгелері қашып кетті. Партиядан шығарылды, күн-жын болды.


— Әбдірахман молда ше?


— Ол әлі аман жүр. Әлімнің залымы жаман ғой. Әй, бір қу екен, бойын көрсетпей-ақ қойды. Материал жоқ. Қайтерсің? Мәрден мұғалімді де өлтіріп тастай жаздады ғой.


— Не ғып?


— Қарны жуан мес қой, түріне қарап: «Боржойсың» деп, алып кетіп, Ертіске апарып, атпақшы болған жерінен: «Бай емеспін, байларға қарсымын» деп жалынған. «Қарсы болсаң, байлардың үйін, мүлкін көрсет!» деген соң, түні бойы Алаш қаласын қыдыртып, байлардың үйін көрсеткен. Әйтеуір аман қалды... Үш күнге шейін өңі кірмей жүрді: есі шығып кетіпті. Атпақшы болып, мылтықты кезенген жерде барып әрең босатқан ғой.


— Алаштың байлары қайда?


— Байдың бәрі қашып кеткен. Үйлері қазынаға түсті. Жалғыз-ақ Жәнібек деген сараң бай қашпай қалды. Сол иттің не ғып аман қалғанын білмейміз. Қайыршы боп киінген бе, жұмыртқа, насыбай сатқан ба, әйтеуір қылмағаны жоқ болса керек. Талай таяқты да жесе керек, талай пара да берсе керек... Ондайлардың жаны берік келеді ғой...


— Айтпақшы, Әлекей қайда?


— Қашып кеткен.


— Осы күні қайда жүр?


— Тобықтыда болса керек... Үй ішін тобықтыда жатқан жерінен ұстап, қалаға алып келді... Қысатай дегенді естуің бар ма еді?


— Бар. Әлгі бай Қысатай ғой.


— Өз елінің партиясын таратыпты. Қазақ комитетімен қас болатын. Ана жылы ол балшабек болып, «Алашорда» кісілерін ұстауға әтрет шығарған ғой. Артынан балшабектер Семейден қашқан соң, оны «Алашорда» ұстамақ болып, Қысатайды «Балшабек» деп газетке жазған. «Алашорда» қызық қой, 500 қарасы бар Қысатай «Балшабек» болушы ма еді? Қырдың партиясын саясатқа қатыстырғаны үлкен ұят қой.


— Я, сонымен?


— Сол Қысатай ер екен өзі. Әлекеңнің үй ішін ұстап Семейге апара жатқанда, тобықтыда бір бастасы Қысатайға кісі шапқызыпты. «Тобықтыға келген бір қонақ еді, бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады. Өз басының өкпесіне ел аруағын сатпасын, ерлігі бар еді, мынадарды аман алып қалсын!» депті. Сол Қысатай араздығын тастай беріп, Әлекейнің қатын-баласымен ере келіп, аман сақтап қалды.


Осы сарынды әңгімемен Қартқожа Керекуге келді. Керекудің сайлауын өткізбек болып, Қасен қалып қойды да, Қартқожаны Семейге жөнелтті. Қасен үйіне хат берген. Қартқожа сол хат бойынша Қасеннің үйінде тұрып жатты. Мекемелерін аралады.


Бірлі-жарым болмаса «Алашорда» азаматтары көрінбейді. Іс басындағы семинария, гимназия шәкірттері, өшетіл, мұғалімдер. Қазақ бөлімінің алды қаптаған арызшы қазақ. Басқа мекемеде қазақ қызметкері кем. Жастар қазақтың арызын орындап, жиылысқа, мекемеге жүгіріп, газет шығарып, сайлау басқарып: қызмет қылып жатқан көрінеді. Қартқожа оқу бөліміне барып, үшкелге кірем деп сұранып еді, бастығы орыс екен, арызын артық тыңдамады. Қазақ бөлімінен қағаз алып, қайта ізденіп жүргенде, Керекуден Қасен де келіп қалды.


Қасеннің бір таныс өшетілі бар екен, бір орыс үшкөліне түсірді. Онда оқитын орыстың ұсақ балалары екен. Қартқожаны «Өгіз», «Түйе» деп мазақтап, соңынан қалмады. Оқытушылар жөнді қызмет ақы ала алмай, сабаққа да салақ келеді екен, оқуы жартымсыз болды.


Октәбір аяғында көптен күткен қазақтың институты ашылды. Қартқожа соған көшті. Татардың үш бөлмелі мектеп үйі тиген екен. Оқытушыларының көбі Ресейден қашып келген татар екен. Оның оқуы да мәз болмады. Қыстай отын ала алмай, мектеп азынап тұрды. Оқу аспабына тағы жарымады. Шәкірттер қазақ бөліміне талай мұңын шақты, оқу бөліміне де барды. Еш нәрсе шықпады. Губерниялық қомитеттің бастығы Бренский дейтін орыс арыз қыла барған шәкірттерді: «Ну! Кируалніки» деп қолын сілтеп қуып шықты. Не сөз екенін Қартқожа білген жоқ.


Жаңа қала жатағында, жаман үйде, жалаңбас лампының жарығымен Қартқожа кітап қарап отырғаны. Орын жайсыз, тамақ нашар, мектеп суық. Қартқожа бір айдай сүзек болып, әрең тұрды.


Қазақ азаматтары көңілсіз. Сібір ревкомынан Иванов дейтін губерниялық комитетке бастық болуға жіберіліпті. Губерниялық комитетке қазақтан бір-ақ мүше сайланыпты. Оқыған азаматтардың әркімі қызметтен торығып, жаз шыға елге бару қамын істеп жүр екен. «Қазақстанға қарап, көзіміз ашылмаса, орыстар бой беретін емес, қазаққа зорлық істеп отыр... — деп Қасен де бұрынғы қызу бетінен қайтып қалғанын білдірді.


— Уездерде бейбастықтық... мелитсенің лаңы, пара дегендер есепсіз... Дәрмен дегенді білуші мең?


— Білем. Біздің жақтікі ғой. О не қыпты?


— Қарқаралыда Барнақып дейтін соны атқызып тастапты.


— Рас па?


— Рас.


— Ол ұрлығын қойып, түзеліп кетіп еді ғой.


— Түзелсе, сол Барнақыптың қазаққа қылмағаны жоқ. Зорлық, пара, әйел басу, кісі өлтіру — бәрін істеген. Үстінен арыз қылуға бір қазақ бата алмай қойған. Соның үстінен Дәрмен арыз жазып, толық материалын мұнда жіберген ғой. Қазекең жыбырламай тұра ма, біреу Дәрменді көрсете қойса керек.


— Сонсоң?


— Сонсоң Дәрменді шақыртып алып, тергеп-тергеп, түнде абақтыға жіберген болады да, жолда атқызып тастаған. Қартқожа таңдайын қағып, басын шайқады.


ЕЛДЕ


Қартқожа елге қайтқан.


Оқу бөлімінен алған мандатымен Керекуден «Трамотқа» барды. Лау мінушілер «Трамоттың» аузында тізіліп, кезек күтіп тұр екен. Қартқожа да келіп тұрды. Үш сағаттай тұрып, кезекке жазылды. Үш күннен кейін «Аббатилский» ат әрең тиіп, Қызыл шырпы қаласына бет алды. Ат қырдан келген қалашыныкі екен. «Жақын жерден қайыра көр!» деп шыққаннан жалынды. Жиектегі бір ауылға түсіп, Қартқожа лау сұрап жүргенде, лаушы Қартқожаның нәрсесін түсіріп, зым-зия болды.


Қалаға жақын ел безер болған екен, лау бермеді. Қартқожа мандатты қалтаға тығып, қоржынын арқалап, өз «Аббатылысымен» аяңдауға тура келді. Қай ауылға келсе де, аттарын милиция, агент, инструктор мініп кетеді. Не жаңа апарып тастап келіп тұрады. Бір жақсы жері — Қызыл шырпыдан Баянға қарай қайтып бара жатқан «Трамоттың» көлігі кездесті. Қартқожа соларға ілесіп кетті. Баян мен екі ара ағыл-тегіл жүріп жатқан атқа, түйеге салған көлік. Тартқандары: тұз, астық. Бұл не? «Трамоттың» көлігі. Жолда өліп жатқан, жығылып жатқан ат, түйе, қирап жатқан арбалар да көрінеді. Кейбір көліктер өлгенше арық, салт арбаны зорға тартып барады. Баянның «Трамоты» да арба, шанаға кеңірдегінен келіп жатыр екен. Онда да қаптаған қырдың қазағы көрінді. «Трамоттың» қандай мекеме екенін Қартқожа сонда көрді. «Амандығын біле кетейін» деп Қартқожа бір танаудікіне келді. Қазақ-орыстар шығындады деп Қартқожа қысты күні есіткен. Бірақ танаудың өзі жоқ, қатын, баласы бар екен. Амандықтан кейін Қартқожа:


— Бай қайда?— деп сұрады.


— Бай кеткен,— деді қатыны.


— Қайда кетті?


— Субалыш комунистер қазақ-орысты құртты ғой. Он тоғыз қазақ-орысты атып тастады. Он бес кісіні абақтыға жіберді...


— Оларды неге үйтіп жүр?


— Павлодарды ақтар алды деген хабар келген ғой. Өске деген бұрынғы атаманы бар ғой...


— Иә.


— Сол қазақ-орыстарды шақырып, жасырын собрание қылған. Қазақ-орыстар да бұзылды ғой. Бір Петке Куртуков деген антұрған коммунистерге айтып қойған...


— Ақтар алғаны бекер болды ғой?


— Бекер, бекер... құдай сақтасын!.. Жаман болды. Ас іше алмадық...


— Қиын болған екен,— деп Қартқожа есіркеген болды. Өйткені бір шай ішіп кеткісі келіп еді.


— Жалғыз-ақ Гимадып аман қылды.


— Ол қазақ-орысқа тілеулес еді ғой. Оның барлық магазиндерін, ысклатын, үйін де алып қойды.


— О не ғып аман қалды? Ұсталғанның ішінде бар ма еді?


— Бар. О да ұсталған. Оны алып қалған қызы ғой. Жарин деген комиссармен қызы тамыр болған. Қызының пайдасы тиді.


Қазақ-орыстар расында қалжырап қалған екен. Шошаң еткен бір адам көрінбеді. Қайта қазақ жатақтарынан кейбіреулер партияға жазылып, жиылысқа баратын көрінеді. Бұрынғыдай емес, жатаққа теңдік тиіпті. Баянның жер-суына, ағашына, балығына олар да ортақтасатын болыпты.


Қартқожа үйіне барып, он бес шақты күндей болған соң, күзгі оқуға қаражат табуға Кәрібай қажының балаларын оқытуға тұрды. Оқығандардың қызметіне кіріп, «ұлық» болып жүргенін көріп қажы балаларын жетілтіп, малын қорғайтын бел қылғысы келеді екен. Ол кезде Семейден оқып жүрген қазақ жігіттері елге келіп, селтиіп жүретін.


Бір күні Қартқожаның Семейдегі жолдасы Бабатай келді. Қартқожа: «Не бітіріп жүрсіңдер?» деп сұрады.


— Жастар ящейкесін ашып жатырмыз.


— Қайырлы болсын! Мақсаттарың немене?


— Не болушы еді? Байлармен, жуандармен алысу, болыстық комитетке өзімізден кісі сайлау. Өткен сайлауда Қақабай қажы жиенін сайлап алып, кәперацияны жеп қойған жоқ па?


— Оны қайтпексіңдер?


— Газетке жазып жібердік.


— Оның орнына кімді қоймақсыңдар?


— Жастардың бірін қоямыз.


— Оқуды қайтесіңдер?


— Болған кісі оқуды қоя тұрады да. Кедейді қорғай алмасақ, өңкей ғана кедей баласы несіне оқып жүрміз?


— Бұларың жақсы мақсат екен! — деп Қартқожа қуанып қалды.


— Өзің ұйымға кірмейсің бе?


— Бала оқытып қаражат тауып алғалы жатырмын, әйтпесе...


— Тәйірі қаражат табылмай ма? «Болысты» өзімізден шығарып алсақ, байлардан жинатып алмаймыз ба?


Қартқожа «кедейді қорғаймыз» дегенге қуанса да, соңғы сөзіне жарымады. Сондықтан: «Жұмыстарыңды істей беріңдер, көрерміз» деп жауап қайырды.


Бабатай лау мініп, жүріп кетті.


Бір-екі жұманың ішінде: «Жастар топтанып, ел аралап, сойыс қылдырып жүр...» деген өсектер тарай бастады. Қартқожа жастардың ұйымына елдің арызын айтпақ болып жүргенде, ел әбігерлікке айналып, жұмыс қабаттап кетті.


Үй артындағы қоста Қартқожа бала оқытып жатыр еді, бір күні Кәрібай қажы:


— Бері шығып кетші! — деді.


Шықты, қолына бір газетті ұстата берді. Қажының өңі бұзылып кетіпті.


— Міне жерін, міне жерін оқы!


Оқып жіберсе, «Байлардың малын алады» депті: «Разберстке» екен. «Мал тықпасаң, тығылған мал қазынаға түседі» депті.


Байдың көзі шарасынан шықты. Қажы онда шапты, мұнда шапты. Ақыл сұрады. Малын қоярға жер таба алмады. Жалғыз қажы емес, бай біткен малын тығып, көңіл жетер кедейлерге тарата бастады.


Бір жұма өтті ме, жоқ па? Мал жиюшы әтрет те шығып қалды. Ауылнай, шабарман, мелитсе ел ішін қаптап кетті. Бір ауылнайдың малын бір-ақ жерге жинайды деген хабар шықты. Малды лек-легімен тоғытып, айдай бастады. Қартқожа да барды.


Барса, үлкен жәрмеңке екен. Қара құрым кісі, қаптаған мал, шабуыл шартыл. Шабарман мен мелитсе малды айдап, үлкен бір ашық аранға қамап жатыр. Аранның аузында белінде алты атары, қолында дырау қамшысы, бентопкесі бар, түсі суық орыс тұр. Аранға кірген малды санап, таңбалап шығарып жатыр. «Мынау менікі еді, осымен пәлен қарам кірді...» деп ұмтылған бір-екеуі қақбастан қамшы жеп, шыр айналды. Исахан деген бір қазақ күзетші байқамай тұрғанда аранға кіріп бара жатқан өгізін тұмсыққа қағып қалды. Орыс көре сала ұмтылды. Исахан тұра қашты. Қоймады. Мылтықтың дүмімен желкеден түйіп-түйіп жіберіп еді, Исахан сілейді де қалды. Су Ыбырай деген бір сиырын қақпалап, әкетіп бара жатқанын көріп, оны қошқар тұмсық қара торы орыс қуып жүріп сойып еді. Ыбырай жан ұшырып үйдегі әйелдердің астына тығылды. Сонда да қоймай суырып алып сойды. «Мал адамның бауыр еті ғой», талайлар ойбайды салып, жүгіріп, арандады: сыбағасын алды. Қазақ таяқты да керек қылмайтын еді, серпілдірген мылтықтың дауысы болды. Қартқожа өз ауылының кісілерін іздеп жүр еді, қора жақтан мылтық тарс етті. Топтанған жұрт жалт беріп, тұра қашты.


— Немене? Не, не?


— Әубәкірді атып тастады!


Жұрт тым-тырақай, малдан қаша бастады.


— Менің бар малым кетті...


— Менікі де кетті.


— Біз әйтеуір аман қалдық,.. — деп зарланғандар, тәубе қылғандар толып жатыр. Біреу үшін біреу күйген. Көрінген малды айдап келе берген, көрінбегендер қала берген. Ұлықтардың түскен ауылы аман-сау қалыпты. Қулар пайда қылыпты, кедейлер күйіпті, Қартқожа шапқылап өз-ауылының кісілерін тауып алды. Әйтеуір өзі үйі аман екен. Демін сонда бір алды.


НӨСЕР ӨТКЕН СОҢ


Жиырма шақты шәкірт орталарынан ат жалдап, алты арбамен Семейге елдетіп, төтесімен тартты. Түскен жеріне отрядтай-ақ қорқынышты. Лаудан ығыр болған ел арбалылардың қарасы көрінгеннен-ақ жылқысын іннен-інге тығады. Лау мінбейтін шәкірттер екенін білген соң ғана жүрегі орнына түседі.


Баян төңірегіндегі айдабол, қаржас, қозған, күліктің малы дөңгеленіп қалыпты. Ең бай деген ауылдан өрген сиыр 60-70-тен аспайды. Қотан боларлық қой қадау-қадау ұшырайды. Көбінесе жазықтың қоянындай бытырап, үркердей шошайған сандырамалар. Түндікке (атағозы бойы) құлап, орманды қаракесек ішіне кірген соң ғана қара мал қоңырланып көріне бастады. Айғыржалдың найманына кіргенде мал тағы селдіреді. Кейбір ауылдың қыстаулары иесіз қорадай, маңайы жым-жылас болып қуарып сорайып тұрады. Төңірекке мойын созып, дөңеске шыққанда адырдың саласында, әйтпесе татырдың құлағында, құдық жақтағы ойпаңда айғыр үйір жылқы, таздың шашындай қыдырынды сиыр көзге түседі. Малсыз ауыл — сақал-мұртсыз ауыздай, жылмырайып жараспайды екен. Жерінде не шабындық, не егіндік, не биік тау, не бір көл, өзен жоқ, кер бетегелі кедір-бұдыр жалтаң, сортаң, шөлейт, құба жол, Дуадақ отырмаса, адам қоныс қылар жер емес.


«Мына жерге не ғып мал бітсін? Мал не ғып тұрсын. Бұл ел қалай күн көріп жүрген» деген ой келеді. Бірақ бұл елдің бір кезде бай болғаны анық, малды мыңдап айдағаны анық. Мал кеткен соң, елінен сән кетіп, жерге кінә қоясың. Әйтпесе қазақ жерінің көбі-ақ осындай емес пе? Қазақ есепшілері: «Баяғыда қыс жылы болушы еді, жұрт жер үйді білмеуші еді. Мал қар үстіне жатып шығушы еді. Енді ондағыдай емес, қыс қатайып барады» дейді. Әлде солардың сөзі шын болар ма екен? Әлде қораға салғаннан бері мал шажа болып, азып кетті ме? Әлде қазақ ұзын өріс кең жайлаудан, көк шалғыннан, қалың таулардан айрылған соң, түйеге қом, атқа үйек, қойға шайыр, сиырға лике бітпей малдан шұрай кетіп, мәйектене алмай, өңі жұқарғаннан қысқа шыдамсыз болды ма? Әлде партия, сайлау шабыс малға шыр бітірмей, берекесін алып, таусылуға себеп болды ма? Әлде малға сүйеніп күнелтетін қазақтың дәурені кеткелі тұр ма?


Осының бәрін ойланды да, Қартқожа келешекке көз жіберіп үңіледі. Келешектен үміт, сәуле, шара күтеді. Мынау қуарған дала енді баяғыдай қалпына келіп,толықсыр ма? Қайтқан дәулет қайта тағына қонар ма? Төгілген шара қайта кемеріне келіп толар ма? Жоқ, қонбайды, толмайды.Ендеше басқа шара табу керек. Ол қандай шара? Қандай күш?Қартқожаның көзі жетпейді. Әлде отырықшы болып, егін салып кәсібіне айналу ма? Сонда қазақтың көзі ашылар ма? Бірақ Қартқожа отырықшы болған Қарашолақ ауылын көрді; «Белағаш», «Қайындық» болыстарындағы қазақ қалашықтарын көрді. Қала ма олар? Боқтың, сасықтың арасынан көзі жылтырап, еңсесін сүйреткен «тірі мола» ғой. Әрі малдан айрылып, әрі егіннің тілін біле алмай, әрі сайманға, көлікке жарымай, итшілеп, дертке-дерменге шалдығып, азып-тозып бара жатқан жоқ па? Сондықтан кәзір отырықшы болғаннан қазақ оңалып кетеді деп кім кепіл болып, аузы барып айта алар? Отырықшы болуға қазаққа жер жете ме? Анау он болыс сүйіндік, мынау жолдағы қаракесек, найман елдері сыйып орнығарлық қырда қандай жер бар? Қала болу түгілі, 30—40 үйге жазы-қысы қоныс болғандай ұлтанды шабындысы, шиманды егіндігі бар қандай жер бар? Отырса, Ертіс бойындағы өзен, өлке, тау, бұлақ, сызалы, құйқалы жер сағалаған елдер отырар. Мынау қу жондағы найман қалай отырады? Қайда орнығады?.. Бірақ мынау жолдағы елдер қырқылған құстай, арқандаулы аттай қолы-аяғы кесіліп, еріксіз кеше алмай отыр. Қыстауынан ұзай алмай отыр. Мұның аты отырықшы емей немене? Бұл сорлылар осы тау, тасқа, сор тақырға отырып қалғанда, не күн көреді? Бұлардың жері егінге жарамайды, егін салуды білмейді. Жақсы жерін жұрт бермейді. Біраз жылда бұлар қалай күнелтер екен?..


Қартқожа арбада қисайып жатып, осындай ойда келе жатқанда, қасындағы бір жолдасы:


— Әй, басыңды көтер! Мынау ауылдан ат шалдырмаймыз ба?— дейді.


— Шалдырсақ, шалдырайық,— деп Қартқожа басын көтеріп алды.


Түскен ауылда кейбір жолдастары қонақасы, лау сұрап, ұлықтық көрсеткісі келеді.


— Қазақтың қонақасысы қалып па еді? Не деген ауылсыңдар деп сөгіп жатады.


Қартқожа ұнатпайды.


— Қойсаңдаршы! Несін берсін! Орынсыз қысқандарың обал емес пе? Өз үйіміздің кімге қонақасы бергендей жайы бар? Жолдастар, біз кім үшін оқып жүрміз, өзімізді де ұмытып кетпейік...дейді. Басалқы айтады. «Аталы сөзге арсыз таласады». Жолдастары ойланады: бейпіл тілден тоқталады.


Семейге таянғанда қалың-қалың мал ұшырай бастады: өңкей қара мал. Табыншылардан: «Бұл кімнің малы?» деп сұрайды. «Қазынанікі» дейді. Малдары мал сияғы жоқ: арық, қотыр, жаман-жәутік.


— Малдарың тұра алмайтын арық. Күз болса мынау, енді қашан оңалады?— деп сұрайды.


— Қазынаға осы да жарар,— дейді бақташылар.


— Қазына осынша еңбекпен жиналғанда, әскерге тамақ болсын деп жатыр. Арық мал не тамақ болады?


— Семіз етті орыс өзі де жей алмайды.


Бақташылардың сөзін ойын көреді. Қартқожа танымал ел кісілерінен сұрағанда айтатыны:


— Қазынаға тұяғы барса болғаны да. Елдің қуларынан малға басшы сайлаған соң, мал қоюшы ма еді? Семіз мал, ірі қараның бәрі айырбаспен біткен шығар. Жұрт жаман-жәутігін салып, алып қалып жатыр. Қазынаға барғанша, елде қалғаны тәуір де...


— Қазына біліп қойса, оңдыра ма?


— Қайдан білсін. Таңбаны өзінікіндей қылып жасатып алады. Бір жақсы жері — қазына малдың ұлы, кішісін есептемейді екен. Тұяғын есептейді екен. Өлген малдың терісін көрсетсе бұртокөл қылса болады екен. Елден тері қоятын емес. Былтырғы терілер де жарап кетіп жатыр. Бұртокөлге мөрін сатып, ауылнайларға да теріс болған жоқ...— деседі.


Малдың алуын білсе де, іс қылуын білмеген екен. Мал кім көрінгеннің қолында кетіпті. Не елге, не қазынаға пайда келтіре алмай, есіл малдың бей-берекет болғанына Қартқожаның жаны ауырады. Амал не?


Қалын ойға бата-бата Қартқожалар қалаға келді. Семей бұрынғыдай емес, түрленіп қалыпты. Қазақстанға қарапты. Сауда ашылыпты. Жұрт сауданы ашқан Қазақстан деп ойлайды. Мекемелердің маңдайындағы жазуы қазақша болып қалыпты. Губерниялық комитеттің бастығы қазақ болыпты. Қазақ қызметшілері көбейіпті. Оқу бөлімінің бастығы Қасен екен. Қартқожа қуанып кетті. Інісін бұйрық жазып, жетімханаға алғызды. Өзі институтқа түсті. Қазақ мектептері көбейген екен, жаңа қаладағы мектепке Қартқожа бір мезгіл бала оқытпақ болды.


Семейдегі қазақ жұмысын көрген соң, қызметке, оқуға кіріп, інісін орналастырып, көңілі жайланған соң, жолдағы уайым-қайғының бәрі ұмытылып кетті.


ЖҰМЫС


Оқу бұрынғыдан гөрі құнақты. Сабақ қазақша. Кітап жоқ. Оқытушылар сөйлеп-сөйлеп кетеді. Қартқожаның жадында бұлдыр бір нәрселер қалады. Аздан соң бұлдыр күңгірттене береді. Күніне үш сағаттай бала оқытады. Кешке мұрттай ұшады. Әйтсе де Қартқожа жабықпайды. Ол жұмыс қылып жүрген қазақ жігіттерін көреді. Губерниялық комитетке барса, қазақ. Соттың алды — қаптаған қазақ, оқу бөлімі сеңдей соғылысқан мұғалімдер, шәкірттер. Жер бөлімінде — қазақ. Бұрын қазақтың тұмсығы батпайтын азық-түлік мекемесіне де қазақтан кісі кіріпті. Кәсіпшілер кеңесінде саяси бөлімде де қазақ қызметшілері. Мұның бәрі Қартқожаға асқар белдей, аштан өлтіріп, көштен қалдырмайтындай көрінеді.


Жас жігіттердің бәрі кеңес, партия, оқу, газет жағын жағалап жүр. Tic қаққандар, кеңес өкіметіне әрі-сәрілер шаруа мекемелерін сағалап жүр. Уайым-қайғыны төгіп жүрсе де соңғылардың тұрмысы жақсы. Кейбіреулері саудаға айналған, кейбірі үй сатып алған. Ана жылы судья болып, партиялы елге «болыс» (ревком) болып жүретін Боранбай, Жанахмет, Ғабдолла сықылды қаланың мұғалім, оқығансымақтары сауда ашылған соң қызметтен шығып, талкөшкенің саудагері болып алыпты. Қала майынан шыққан оқығандардың бәрі — өз басының қамына салыныпты. Семей қазақтары қатын-қалашына шейін саудагер болып, талкөшке бықырлап жүргені.


Оқыған кейбір азаматтың саудагер болып кеткеніне Қартқожа ішінен наразы болып жүрді. Бірақ сондай бір жігіттің сөзін естіген соң, «мұнікі де шын шығар, кім біледі?» дегендей тағы да ой түсті. О жігіт:


— Қазақ саудагер болмаса, ұтылады. Тұрмыс — күнкөріс тартысы. Шаруа жүзінде тартысқа жарамаған ел — ел болмайды. Елді ішек құрттай жайлап, теспей сорып, жоғалтатын нәрсе — капитал, сауда-саттық. Қазақ сауда-саттыққа кірісе алмай, қағылып қалса, ұтылғаны, жеңілгені деп ойлау керек. Семейдің әйелдеріне шейін сауда қылғанына мен қуанып жүрмін. Неге? Бұл — қазақтың тұрмыс жағдайына құбыла білетіндігін көрсетеді. Заман ыңғайына, шаруа тартысына иілікпеген ел жасай алмайды, жұтылып кетеді,— деп еді.


Қартқожа сенбейін десе, оның келтірген дәлелдерін күшті көрді. Ол қазақ қолды нәрсе мен қаланың нәрсесінің арзан, қымбаттығын салыстырды. Қазақ байлығы жат саудагерлерінің қолына ауысып бара жатқанын ұқтырды.


Жолда қазақтың кедейлену себебін таба алмай келген Қартқожаға мына сөздер түйінді шешкендей мағлұмат болды.


«Сабақтан кейін маған келіп кетші» — деген соң, бір күні Қартқожа Қасендікіне барды. Бұрын да барып жүретін. Қасендікінде Төлеген отыр екен. Ол сонда қызмет қылатын. Қызмет туралы әңгіме құрып отыр екен.


— Жоқшы мекемең қалай? — деді Қасен.


— Әй, бір соғылған мекеме екен. Агенттері өңкей қаланың соғылғандары. Материалы қолыма түсіп, бүгін екеуін жаптым.


— Осында тобықтының бір қазағы келсе, астындағы атына қағаз сұрап, апарып дүре соғыпты. Мен саған айтайын деп едім. Сол қазақтан 25 миллион алып босатыпты.


— Ойбай, ондайы толып жатыр. Базардағы қазақтарды пұлымен ұстап, талайын пара алып шығарып отырғанын біліп отырмыз. Бүгін тексеруге кірістім. «Безабразие», кім, не үшін жабылған, қашан босатылған — түк жазылмайды екен. Қаладағы талаушылардың ішінде де солардың әгенті болады екен. Оның ізіне де түсіп отырмыз,— деді Төлеген.


Төлеген кеткен соң, Қасен шақырған жұмысын айтты.


— Осында қазақтың мұқтаж шәкірттері тым көп көрінеді Арыз беріп, мекеменің есігін босатпайды. Кеше қазақ оқығандары сөйлесіп, институттағылардың нағыз мұқтаждарын біліп беруге маған тапсырып еді. Мен де олардың тұрмысына қанық емеспін. Соны сенен сұрап білейін деп едім,— деді.


— Мұқтаждары бар екені де рас. Бірақ ол арыз беріп жүргендердің көбі мұқтаждарға қосылмайды. Тек бірдеме алғанын көрсе, бәрі шұбырады. Көбінікі астамшылық, — деді Қартқожа.


— Оның рас. Қазақ сұрамшақ, жылауық жұрт қой. Қарап отырып жылана береді. Нағыз мұқтаждары қанша болады екен? Қартқожа санап 8-9-ға апарды.


— Бұларға не жәрдем бермексіңдер?


— Үкіметтің беретін жәрдемі жоқ. Өзіміз басшы болып, ойын қойғызып ақша жиып берейік деп едік.


Бір жұмадан кейін ар жақтағы қазақ группасы «Лунашар» клубында ойын қойды. Жұрт көп келді. Ахмет, Смағұл, Әбдірәсілдер қандай тамаша ойнайды, орыс әртестерінен кем емес. Жұрттың айызын қандырды. Ақша тәуір жиналды. Мұқтаждар қарық болып қалды.


Артынан естіді: Төлеген «Губрозыск» мекемесін тексеріп жұмыстарынан қылмыс тауып, бастығын 5 агентімен «аресгоуайт» етіпті. Не деген өжет десейші, жалғыз өзі барып: «Қазақстан республикасының атынан сендерді жабамын» деп ақырғанда есі шығып кетіп, алдына түсе беріпті.


Сот мықты болған соң, ел ұрылары да тыйылды. Бір болыс елден 60 ұры жапқан соттар болды. Пара алған, «төрелік» қылған кейбір судиялар жазаға тартылды. Газетке басылған хабарларды соттар қолданып тексеріп отырды. Бәрі де көңілді. Қартқожа үзбей газет оқиды.


Газетте көбінесе ашаршылық жазылады. Күллі қазақтың үштен екі бөлігі аштықтан қырылып жатыр деген хабар көңілін бұзады. Өйткені ол ашаршылық жайын әңгіме қылған азаматтардың уайымын көп естиді. Жаз шыға азаматтар жәрдем жинауға елге шыққанда, Қасенмен бірге Қартқожа де еліне қайтты. Танымал байларға түскенде Қасен:


— Сәбет қалай? Тұрғанын жақсы көресіңдер ме? Құлағанын жақсы көресіңдер ме?— деп сұрайды.


— Ойбай, қарағым, құламасын! О не дегенің?


— Бұрын жек көретіндерің қайда?


— Бұ құлағанда, жақсы бола ма? Тағы соғыс болады. Онсоң малдан не қалады дейсің?


— Сендер қалай көресіңдер? — дейді кедейге.


— Біз неге теріс көрейік? Лауды, шығынды байға салып жатыр. Кісідегі ақымызды алып, теңдік көрдік. «Соқырдың тілегені екі көзі емес пе? Некен-саяқ жолсыздық болмай тұра ма? Анда-санда мелитсенің, ауылнайдың кішкене зорлығы болады. Не дегенмен бұрынғы жоқ қой,— дейді.


«Бұрынғы жоқ қой» деп Қартқожа да жымияды.


МӘҢГІ АҢСАУ


Білімге осынша шөлдеп, қолына түскен қазақ баспасөзін бір нүктесін қалдырмай арылтып шықса да, кез келген оқығанға жабысып, білімге сұрау салса да, қазақша оқу Қартқожаның сусынын қандырмайды. Адасып жүріп, тұмсығы тығырыққа тірелген адамдай, беттеген жолынан тайқып, қайта берді. Орыстың тіреліп тұрған кітапханасын, кітап дүкендерін көргенде, байлардың табағына телмірген есіктегі малайдай екі көзі телміріп, арам астай көрініп, ауыз тие алмады. Орысша білсем екен деп талпынады. Оңай кітаптарын оқып көреді, ұқпаған сөздерін теріп, жазып алады, сұрастырады, лұғаттан қарайды, сөйлейін деп тыраштанады, бола қоймайды. Үйренбеген құлақ қағып ала алмайды, қатып кеткен тіл бұралуға көнбейді. Қартқожа тырыстығы болмаса, жады аса тұтқыр, зейіні жұлма, орташа еді. Сенгені: талабы мен жігері болушы еді.


Орысша білмесем, кісіге де, өзіме де пайда тигізе алмаймын. Орысша оқымасам, адам болып жүрмеймін, не де болса орысша оқудың соңында өлейін деп, Қартқожа өзіне-өзі серт қылды. Қартқожа біртоға, бір бет жігіт — сертінен қайтып көрген емес.


Үй шаруасын жайлап, қыстың жабдығын қамдап берген соң, жалғыз өгізі мен жалғыз атын қазақ арбасына жегіп, інісін қасына ертіп, омбышылармен қосылып, Омбыға сапар шекті, жол алыс — ат арық. Жүрісі шабан, митың аян. Көліктерін шалдырып алып, күні-түні қыбырлата береді.


Өлеңті өзенінен асқанда, жолдан қосылғандар мен барлығы он шақты арбалы керуен болды. Іштерінде оқу іздеп бара жатқан шәкірт те, сүйек шатыс қуған еркек те, төркін іздеген қатын да, жұмыс, кәсіп іздеген пайдашы да, арзан пұл алып қайтып, елге сатып, мал таппақ болған саудагер де бар. Бәрін айдап бара жатқан — күн көріс қамы.


Омбы — жердің түбі. Жеткізер емес. Көліктен тер шыққан сайын, бір елі кемиді. Қартқожаның аты мезгілі таянған әйелдей, кешеден бері аяғы қоюлап келеді. Шу-шу деген түгілі, қамшы салғанды елемейді. «Бұ жануарға не болды?!» деп Қартқожа көзін уқалайды. Құйрығын көтеріп, борбайын байқайды. Көзі терлей береді, борбайы қалақтай болыпты. Сол меңдегеннен аты бас көтере алмады. Торы шолақтың арбасын қасында келе жатқан өгізге жекті. Торы шолақ өгізге ат қосшы болды. Жолдастары атты айналдырып көрді: «Кетуі кетіп қалған екен, болмас» деді. Айтқанындай 4-5 шақырым жүрген соң, ат сілейіп тұрып қалды. Ұзақ жолда жолдастан қалып, өлімтікті күзетіп отырсың ба — бауыздап терісін алды. «Нар жолда жүк қалмайды» десіп, жолдастары Қартқожаның жүгін сиыстырып, таратып алды. Арбасын тастатты. Аттың өлгені қатты батты. Қырсықтың басы болмаса не қылсын деген ой келді.


Қатынын да ренжітіп кетіп еді. Әжесі де ішінен разы болмай қалып еді. Әлде солардың сілесіне қалдым ба деп ойлайды. Әйтсе де сыр білдіргісі келмейді. Қартқожаның кейістік көргені жалғыз бұл ма? Көнбістікпен шыдады.


Жолдастары: «Арбаға отыр!» десе де, сыпайылық құрып мінбейді, жаяу жүреді. Інісін мінгізгеніне алғыс айтады.


Омбыға таянған сайын күн сұрқай тарта бастады. Түнде бозқырау тұрып қалады. Ұры қатты: керуеншілер кезектесіп көлік күзетеді. Інісін киізге орап жатқызып, Қартқожа ұйықтамайды. Қасында 11—12 жасар қызы бар бір қатын да бірге келе жатқан. Қартқожа байқап жүретін. Әлгі кішкене қызды түскен жерде тезекке, суға айдайтын, жөнді тамақ та бермейтін. Түн болса, көлік күзеттіріп қоятын. Байғұстың жөнді киімі де жоқ. Шашы білте-білте, түрі жүдеу, арық. Қартқожа әлгі қызды ішінен аяп келе жататын. Қатынға айтайын десе де, бата алмайтын.


Бір күні күзетте отырып, Қартқожа баланың жанына барды.


— Қарағым, неге ұйықтамайсың? Мен көріп отырайын, жата ғой!— деді.


— Ұрады ғой,— деді қыз ақырын.


— Неге ұрады? Өз шешең емес пе еді?


— Жоқ. Өгей.


— Әкең бар ма?


— Жоқ.


— Туысқаның бар ма?


— Жоқ.


— Сені қайда әкеле жатыр?


— Омбыға.


— Омбыда кімің бар?


— Ешкімім жоқ. Қайтетінін білмеймін. Біреуге сатып кететін шығар.


— Жасың нешеде?


— Он төртте.


Омбыға жақындағанда Қартқожа қатынмен сөйлесті. Қатын төркініне келеді екен. Қызды осы жаққа біреуге тастап кетпек екен. Алушы табылса, малға, әйтпесе тек болса да, көзін өткізбек екен. Қартқожа:


— Жеңеше, тым нашар көрінеді ғой. Мал беріп ешкім ала қоймас. Маған беріңіз...— деп жабысты.


Қатын әуелде көнбесе де, артынан еркегімен ақылдасып, қызды Қартқожаға берді. Қартқожа торы шолағы тірілгендей қуанды, жолдастары мазақтап күлді.


— Атың бір жерде, арбаң бір жерде қалды. Өзің жаяу келе жатырсын. Бұ қызды қайтпексің? Әй, қожанасыр!— десті.


— Күлмеңдер! Надандықпен күлесіңдер. Бір кезде бұл қандай адам боларына көздерің жете ме? Құдай осындайдан жеткізеді. Несі бар? Бұ да өзіміздей кісі. Бұ қарындасымды, аман болса, адам қыламын,— деп Қартқожа басынан сипады.


Омбыға келген соң, жолдастарымен бірге шетірек бір қазақ үйіне түсті. Ертеңінде қарындасы мен інісін сонда қойып, өгізін сатуға базарға кетті.


Әуелде күйлі болғанмен, жол жүріп азып, қаны қашқан өгіз артық құнды болмады. Аса арзан да емес, будыраған бір қойын ақша болды.


Ақшасын қойынға салып, базарды аралап, еңпеңдеп келе жатыр еді, қолында ірі ақшасы бар бір қазақ:


— Міне біреуді уатып бере қойшы, міне бір кісідегі алымсағым кетейін деп тұр,— деп зыр қағып, әркімге бір жалынып жүр екен. Қартқожа аяп кетті.


— Ағай, қанша керек еді?— деді.


— Қырық бес миллион еді! Е, қарағым! Жақсы болды ғой!.. Ой, тілеуіңді берсін!..


Ірі ақша Қартқожаға теріс болған жоқ. Жаман былғары күмажнігіне сыйып кетті. «Не дегенмен ыдыс қой, қойныма салып жүргеннен гөрі, қойнымнан түсіріп алам ба, кім біледі?» деп ойлады. Күмажніктің бір басында документ қағаздары бар. Бәрі бір жерден табылуға онды болды. Сол қуаныштың үстінде қарындасын жуындыруға бір сабын ала кетейін деп, талкөшкеннің ортасына таман кірді. Қара құрым кісі. Иін тіресіп жүргізбейді.


Бір сабынға сөйлесіп, келісе алмады. Тағы бір сабынға келісіп, ақшасын төлейін деп жан қалтасына қолын салып еді. Масқара! Күмажнік түгілі, сымбылбай да жоқ. Алас ұрды. Қалтасын олай ақтарды, бұлай ақтарды. Қойын, қонышын сипалады. Түк жоқ. Көзінен жас шығып кетті.


Не қыларын білмеді. Дел-сал болып, пәтеріне қайтты.


ЗАРЫҚҚАНДА


Қартқожа ақшадан, дәкумент қағаздан жұрдай болды, Омбыда танымал жоқ. Жолдастар жайына кетті. Ақшасыз кісіні кім ұстасын, түскен үй шығарып жіберді. Інісі мен қарындасын соңына ертіп, бағажын арқалап, Қартқожа көшеге шықты.


Омбының көшесінің ұшы-қиыры жоқ. Таусылар емес. Аяңдап келеді. Бақайшағы майысады. Тер пұшпағынан ағады. Арығы жеткен қарындасы жаяуға жарамады. Сарыжілік інісі ғана шыдап келеді. Қартқожа қоржынды інісіне арқалатты. Киізге тіккен майы мен төсек орнын өзі арқалады, оның үстіне қарындасын мінгізді. Қартқожа жүк артқан көк есектей болды. Беті — қаланың ортасы. Қайда барарын өзі де білмейді.


— Төрт-бес көше жүрген соң, інісі де шаршады. Бір шарбақтың түбіне отырып дем алды. Жүре беруге балалар жарайтын емес. Қартқожа ойланды. Бұлай отыруға бола ма? Бірдеңе ету керек. Біреуге бару керек. Не істейді? Кімге барады? Ойын тұман басты, Тұман ішінде адасты. Көп адасып сандалғанда, көзіне бір нәрсе елестегендей болды. Ол кім? Ол — қазақ. Қазақтың оқыған азаматы. Ол Қартқожаға жәрдем ету керек. Омбыда кім бар? Кімді біледі? Бір атбекет қазақ бар еді? Әзімқан... Әлімқан... жоқ, ол емес. Сәлімқан... о да емес, әйтеуір бір «қаны» бар еді... е, Жайдарқан!.. Жайдарқан!


Қартқожа жоғы табылғандай, ұшып түрегелді. Балаларға бағажын күзеттіріп қойып, үкідей ұшып жөнелді. Ентігіп, арсалаңдап келеді. Көлденең кісіні құр өткізбейді. Жайдарқанның пәтерін сұрайды. Көшеден көше қоймады. Әбден өлдім-талдым дегенде тапты-ау!


Үш бөлмелі сәулетті үй екен. Қызметші әйел «Жайдарқан тамақтан кейін тынығып жатыр» деп кіргізбеді. Екі сағаттай күткені екі жылдай болған шығар, тықыршып шыдай алмады. Әлден уақытта есікті тағы қақты. «Тұрып жатыр» деді. Қартқожа бір күдірден асқандай болып қалды. Бірақ «қанның» жуынып, киініп, таранғаны бір ай болды.


Қартқожа кірді. Тықшыңдаған жалпақай қазақ. Ақ жағасы, тройкесі болмаса, нағыз қырдың байшікеш қазағы, Қартқожаның «қаны», бауыры. Дәмеленіп қалды.


— Саған не керек? — деді Жайдарқан қораздай қоқиланып.


— Оқуға келген қырдың жігіті едім. Ақшамнан, дәкүментімнен айырылып, сорлы болып қалдым... маған бір жәрдем ет... Документ...


— Сені кім біледі?


— Адам білмейді.


— Ендеше, мен қайдан білейін? Кім біледі? Ұры шығарсың...


Қартқожа жыламсырады, жалынды, қарғанды, сөзін құлаққа ілмеді. Қартқожа күйінді, ашынды, ызаланды: Жайдарқанды ұялтып, үкім-үкім сөз сөйледі. Тыңдамады, күшке кетті.


— Шық үйден!— деп ақырды.


Қартқожа аузына не түсіп, не қойғанын білген жоқ. Ұрсып-ұрсып, есігін бір қойып шығып кетті. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді...» дегенін ғана біледі.


Балаларды әрең тапты. Ол eкі арада күн де батты. Қарындасы ұйықтап қалыпты. Інісі алақтап, жыламсырап отыр екен. «Бұл арадан кет!» деп мелитсе келіп кетті,— деді. Тағы да келді. «Кет!» деді. «Қайда баруға болады?» деп сұрады. Мелитсе: «Көшеде түнеуге болмайды» деді. Жолаушылар қараңғы көшірмен бірге тағы сүйретілді. Сүйретіліп, шіркеудің шарбағына жетті. Ол жерден қуа қойған жоқ. Түнемекші болды. Балалар қарны ашып, шөлдеген екен. Қартқожа қоржыннан ірімшік алып, құманмен су тауып әкеліп, тамақтандырды. Өзі де бір құмандай су ішті. Қаны кеуіп қалған екен.


Ауқаттанып әлі кірген соң, Қартқожа тағы ойланды. Жан-жағындағы еңгезердей үйлерге қаранды. Жалғыз үйлі күзетші жатаққа келсең ең болмаса бір бұрышын берер еді. Мыңдаған үйі, миллиондаған жаны бар қала тым болмаса есігінен қаратпады-ау. Мұны білімнің, адамгершіліктің орны дейді-ау! Адамгершілігі қайда? Білімді ел тас бауыр бола ма екен? Мына тұрғандар үй ме? Жыртқыш, жалмауыз ғой. Ай, кеңпейіл қазағым-ай! Қадірін осындайда білінеді екен ғой. Андрей қазақты білген екен ғой!..


Таң атқанша інісі мен екеуі багажын кезек күзетті. Таң атты. Қартқожа тағы сандалды. Ең болмаса нандық ақша табайын деп жұмыс іздеді. Жұмыс табылмады. Малайлыққа бір орыс алайын деп еді, дәкументі жоқ болған соң, алмады. Бармаған үшкөлі жоқ. Дәкүментсіз ешқайда өтпейді. Көшеде тағы бір оқыған қазаққа жолықты. Омбылық екен. Алай-бұлай етіп, сөзіне құлақ қоймады.


— Анна Николаевна! Мое почтение!— деп анадай көрінген бір әйелге жүгіріп кетті.


Төсеніш киізін сатып, екі-үш күндей қорек қылды. Отыруға болмайды. Қыдыра береді. Жетімхананы, үшкөлді, мекемені арылтты. Бәрі орыс.


Бір күні әбден кейістік көріп жылап жатып, таң алдында көзі ілініп кеткен екен. Түсінде әжесі келіп, аялап, маңдайын иіскеп, «Қарағым, ренжімеші! Кешегі барған жеріне тағы да барып көрші!» деді. Ояна қалса – шіркеудің шарбағы екен. Тамылжып, рауандап таң келеді екен. Әжесінің сөзі құлағында тұр. Жеті тиын айтып, кешегі жеріне тағы барды. Ол — губерниялық атқару комитеті еді. Алдында жұмысшы пакултеттің бір молдасына жолығып, ол губерниялық комитетке арыз жазып беріп еді. Комитет бастығын кеше жолықтыра алмай кеткен. Бастықтың босағасын құшақтап, бір сағат күтті. Қараңғы ойлар басып, қалғыған кісі тәрізденіп тұр еді: өңі жылы, ұзын бойлы, сары сақалды орыс партпелін қолтықтап келді де, Қартқожаға таңдана қарап, кабинетіне кірді. Қартқожа селк етіп, оянғандай болды, қағазын қолына ала артынан ере кірді. Бастық «бері кел» дегендей, алақаның жайып ұстата берді.


Қазақша біледі екен. Жай-жапсарын, уезін, болысын сұрады. «Қазақтың оқыған азаматтарынан кімді білесін?» деп сұрады. Қартқожа өзі білетін азаматтарды саулатып айтып жатыр. Сөзін тыңдап болды да, арызына ұйғару (резолюция) қондырды.


— Секретар қағаз жазып береді. Соны алып оқу бөліміне барасың! — деді.


Қуанып кетті. «Қағаз береді» деген сөз «Сүйген жарың келеді» дегеннен кем болған жоқ. Жүгіріп оқу бөліміне барды. Ондағылар қағаз жазып, жұмысшы пакултетіне жіберді. Көзінің жасы тыйылды. Қартқожа пакултетке түсті. Қарындасы мен інісін жетімханаға кіргізді.


Жақсылық қылғаны Керекулік Полидуб деген орыс екен. Қазақпен, қазақ оқығандарымен таныс екен.


КІМ


Қос қабат тас болат үйдің үстіңгі бөлмесінде электр нұрына шомылып, қара шолақ бешпетін жамылып, Архимед, Торилел, Пифагор, Ньютон, Богданов, Каутский, Уйпперлермен айналысып, терең ойға бойлап отырған қошқыл жігіт кім?


Үш қабат ақ үйдің аузында домалаңдаған, шолақ көйлекті қара торы қыз бала: «Ағатай-ау, мен пионер болдым!» деп жүгіріп келіп, мойнынан құшақтай алғанда: «Рас па, жаным?» деп жымиып тұрған жігіт кім?


«Сабағыңды жақсы оқы! Ұқпаған жеріңді келіп сұрап алып тұр!» деп, он екі жасар балаға ақыл айтып, шығарып салып тұрған ажарлы жігіт кім?


Күштіден зорлық көріп, не жері, не жесірі кетіп, арызын қайда берерін білмей қаңғып жүрген қазаққа ақыл айтып, жөн сілтеп тұрған қайырымды жігіт кім.?


Базарда ақшасын алдырып, зарлап келе жатқан қазақты есіркеп, қалтасындағы барлық тиынын ұстата беріп тұрған мейірімді жігіт кім?


Әкесі зорлап малға сатқанына көнбей, қаладағы бір таныс қазақтікіне қашып келіп, мұның кімге шағарын білмей, басына күн туып отырған Гүлсімге ағалық міндетін атқарып, пәтеріне келіп оқытып тұратын, шығарып салып: «Қашан келесіз?» дегенде, «бүрсігүні!» деп жымыңдап бара жатқан қара жігіт кім?


Бала оқытып тапқан тебен-теңгесіне қырық шақты кездей нәрсе алып, елге баратын қалашыдан әжесіне сәлемдемеге жіберіп отырған бауырмал жігіт кім?


Жаздыгүні Гүлсімнің ауылында 30 шақты үлкендерді оқытып, хат танытып, Гүлсім мен екеуі бірін-бірі сүйіп, күзге таман қалаға алып қашып келген ер жігіт кім?


Суық хабар есітіп, іздеп келген жеңге алған қатынының алдынан шығып, бетінен сүйем деп ұмтылғанда: «Жаңа алған қатыныңды сүйе бер!» деп қолын итеріп тастағанда, не айтарын білмей, қипақтап, ұялып тұрған жігіт кім?


Жеңгесіне ерік беріп, сүйген күйеуіне тиіп, бақытты өмір сүруін тілеп, еліне қайтарып, көңілі бір демдеген соң, жаңа жары Гүлсімді үшкөлдің жатақханасына орналастырып, жолдастарына: «Сендер мүйіздеп кетпеңдер!» деп, ойын-шынын бірдей соғып отырған кім?


Шәкірттердің жиналысында ұйымның ісі туралы баяндама қылып, кемшілікті тура айтып, өз міндетін дұрыс атқарып, сенім алып тұрған жігіт кім?


Қартқожа, Қартқожа, Қартқожа...


Қартқожа өзгерді. Бұрынғы соқыр нанымнан, діншілдіктен, ісім ағзамнан тазарды. Елді надан қып жүрген, құлқынның құлы, өзі надан қожа-молдалар екенін білді. Бұрынғы жабығу, уайым-қайғының бірі жоқ. Қартқожа талапты, жігерлі, жалынды жігіт болды. Бұрын жуаннан қалай тендік алудың жөнін біле алмай жүрген Қартқожа енді тап тартысы не екенін білді. Тап тартысына Маркстің көзімен қарап, қазақтың шаруа жайын, өнеркәсібін өндіру қатынасын зерттейтін болды. Қартқожаның жалғыз-ақ арыла алмай жүрген нанымы — «Тағдыр». Талай жаны күйіп зарыққанда, Андрей, Қасен, Полидуб сықылды адамдар ұшырап, көз жасын игені, әжесі аян бергені, төңкеріс боларда, жеңгесін аларда, ақшасынан айрыларда түс көргені де әлі шешусіз. Әлі де пәннен тірек тауып, түсіне алмайды. Тосыннан, қиқудан кездескен талай уақиғаны Қартқожа «тағдырға жориды, Қартқожа «Тағдырдың» не екенін ұқсам деп іздеуде.


«Іздесей, табасың» деген нақылды ойына сақтайды.


Қартқожа қазағын, елін сүйеді. Байын, жауызын емес, бұқарасын, кедейін, жалшысын, жерін, суын сүйеді. Қазақ пен орыс төбелесіп жатса, орыстікі зорлық деп ұққысы келеді. Бірақ орыстан көрген жақсылығын ұмытпайды, орысты да бауыр тұтқысы келеді. Андрей, Полидубтерге қазақтың неше Жайдарқандарын құрбан қылғысы келеді. Қазақ та, орыс та Андрейдің, менің көргенімді көрсе, көзі ашылса, менің жүрегімдей бауырмал жүректер болса, зорлық, қиянат, теңсіздік жоғалар еді-ау деп, бір мезет ойлайды. Бірақ ол мүмкін бе? Барлық адам баласының мінез-құлқын, жүрегін бір қалыпқа соғып шығаруға бола ма? Адам баласының табиғаты бірдей болуын көксеуі идеализм — санашылдық жолы ғой. Бұл Толстойдың пікірі ғой. Жауыз Әшірбектерді қалай езгі қылуға болады? Адамды тұрмыс, күн көріс талқысы билеп, басын қосар, біріктірер. Қол бостық жатып ішер жалқаулық емес, еңбек, бейнет түзетер.


Маркс бұған не айтады екен? Жалпы адамгершілік, жалпы әділдік болу мүмкін бе екен? Бұған жауап қарау керек деп ойлайды да, тағы кітап қарайды.


ЕҢБЕКТІ ЕЛГЕ ҚЫЛ


Омбыда екі жыл оқыды. Қатын алды. Інісі, қарындасы қамсыз. Оқуға, қызметке берілді. Тұрмыс түзелді. Әйтсе де Қартқожаның бірдемесі жетпей тұрғандай болады, көңілі бірдемені іздейді де тұрады. Ол іздегені қалада емес, далада тәрізді көрінеді.


Бір кезде жер-суынан айрылып, көрші мұжықтан таяқ жеп жатқан ел — ашаршылыққа, жұтқа, төтендеген апатқа ұшырап, басынан қиын-қыстау күндерді өткізіп, малынан, дәулетінен айрылған ел: қазақ-орыстың, болыстың, тілмәштің, қожа-молданың жемі, атып жейтін аңы болып, қанаудан көзі тұнжырап жатқан ел; партияның, барымтаның, ұрлықтың, күндіктің ойнағы болып, тұншығып жатқан ел — бұл күнде не күйге түсті екен? Әсіресе өз елі, өз ауылы қандай болды екен? Соларды көрсем, көмегімді берсем, сонда менің жетілгендігім, жетілгендігімнің пайдасын көргенім. Әйтпесе мен не үшін, кім үшін оқып жүрмін? Өз басымның қамымен кетсем, менің оқығанымнан елге не пайда? Бас қамымен елде талай жауыздар да жүр. Олардан менің айырмам не болу керек? Өзі үшін сүрген өмірде мағына, қызық бар ма? Адам айуан болып кетпей ме деген сұраулар келеді. Жақсы тұрмыстан жалығады.


Тобылғы гүлденіп, торғай жасарып, орман ың-жын боп, мал-жан тыраңдап, көкке, аққа тойып қарық болған кезде Қартқожа Гүлсімін қасына алып, барақотқа мінді. Қартқожамен бірге жиырма шақты қазақ жігіттері де демалысқа елге қайтты. Зашөт (емтихан) берілген. Билет тегін. Жол азық бар. Көңіл шат.


Бароқотқа 20-шы жылдан соң Қартқожаның мінгені осы еді.


Түзеліп қалыпты. Бұрынғы тәртіпсіздік, бассыздық, қымбатшылық жоқ. Бароқот жаңарған. Каюталарға електір орнаған. Орын таза. Бәрі көңілді.


Ертісті өрлеген сайын жер кезге жылы ұшырайды. Тоқтаған жерге қымыз, сүт сатқан қазақтар да келді. Қартқожа сөйлеседі, тұрмыс жайын сұрайды. Ертіс қаласы жақын. Онда қазақтың соты, тергеушісі тұрады. Олар Қартқожаға таныс. Биік жарға келіп, бароқот тоқтады. Трап көпір тасталды. Жиекте қызылды-жасылды үйме-жүйме әйелдер. Тар көпірмен арлы-берлі жүгіріскен кісі. Әнеки, жайбырлық киген, қалпақты қазақ жігіттері де келді. Қартқожа жолдастарымен жиекке шықты. Шұрқыраса кетті.


— Қалай, аман ба? Жақсы тұрасыңдар ма?


— Жақсымыз.


— Кеңсе қалай? Қазақша ма?


— Екі жыл болды, қазақша жүргіземіз.


— Бұрынғы бейбастақтық жоқ па? Мелитсе құрық әкетпей пе?


— Жоқ. Заңға бағынатын болып келеді. Кейде жалғыз-жарым ауа жайылатындар болады. Қазақ-орысқа бағынып, ұлыққа жағынып жаман үйреніп қалған ел ғой. Қызметшіні елдің өзі бұзады. Әйткенмен енді тәртіпке үйретіп келеміз...


— Керекудің бұзылғандары қалай? Тыйылды ма?


— Олардың берекесі кеткен. Жабылды, айдалды, осы күні тыныш болса керек.


— Ел қалай? Күйлі ме?


— Шаруа күйлі. Жұт болған жоқ.. Жалғыз-ақ, налог кезінде қысылды. Мал су тегін болды ғой...


Көп сөйлесуге болмады: «Қонаққа жүр» деп еді, қала алмады, бір шелек қымыз әперді. Уыз қымыз. Жаз шыққалы қымыз көргендері сол еді, шәкірттер қырылысып қала жаздады. Бері келген соң, Ертістің сол қабағында аттылы-жаяулы топтасқан қазақтарды, арқан тартқан орысты көрді. «Бұ не?» деп сұраса, Ертіс бойындағы қазақтарға жер өлшеп беріп жатыр екен. Бұрын аренда төлейтін, пәтер отырған қазақтар қызыл танау болып, жер иемденіп:


«Қала боламыз, мектеп ашамыз, каперация жүргіземіз» деседі, Қартқожа «Іске сәт!» дейді. Көңілі өседі.


Месжан қаласында партпел қолтықтаған бір сары жігіт жиекке келді. Түсі таныс сықылды. Шырамытады, бірақ киім өзге. Ол Қартқожаны тани кетті. Айқайлап амандасты.


— Қолыңдағы не?— деді Қартқожа.


— «Диала...»


— Кім болып едің?


— Болисполком.


Керекуде жүк көтеріп, жұмыс қылып жүретін Қалимолда.


— Жуандарды үйреттің бе? Сайлауда таласпай ма?


— Ініне су құйылған,— деп қолын сермеді.


— Өзің хат таныдың ба?


— Газет оқуға жарадық.


— Біздің елден хабар білдің бе?


— Білдім, аман.


— Исполкомы кім екен?


— «Екібас» жұмыскері.


Кереку қызметшілері нашарлау екен. Орысша білмейтін жұмысшыларға, жастарға орыстар ырық бермейді екен. Қартқожа Кереку жайын «Қазақстан» газетіне жазып жіберді. Қартқожа елге келгенде каператсие сайлауы болып жатыр екен. Бұрынғы каператсиені байлар билеп, ішіп-жеп қойып, бұл жолы уезден кісі келіп, елдегі жастар, ұялар, мұғалімдер, соттар қатысып, каператсиеге кедейшіл, таза кісі сайламақ болып жатыр екен. Жиналысқа Қартқожа да барды. Топ алдында жігерлі сөз сөйледі:


— Сөз емес, іс керек. Жоғалсын бас қамы! Құрысың надандық! Жасасын жұртшылық! Жасасын елге еңбек қылған ерлер!— деп сөзін бітірді.


Сарт-сұрт шапалақ Баян тауын жаңғырықтырды.





Пікір жазу