02.05.2021
  891


Автор: Оралхан Бөкей

Сарыарқаның жаңбыры

Күн еңкейіп барады. Мен Қызылқайың сарқырамасының жағасындағы кәрі қайыңның түбінде ойға батып отырмын.



I


Жазатырдан елең-алаңнан шыққан қос атты күн екіндікке таянғанда, Аршаты ауылына келіп түсті. Жүрістері суыт емес, аттарын сипай қамшылап қатты аяң мен бүлкек ит желістен оздырған жоқ-ты. Сондығы ма, міністерінің алқы- мы мен құлағының түбі ғана жіпсіпті. Өздері сергек. Дік-дік түсе-түсе қалысты да, аттарын бұғының қатып-семіп қал ған мүйізі қағылған кермеге байлай салды. Ағаштан қиып салынған қос бөлмелі үйге беттеді. Айнала сыңсыған қалың тайга. Қия бетке орналасқан жиырма шақты киіз үй етекке домалап кетердей. Бойларын көкке маңғаз созып, аса тәкаппарлықпен жайлап қана тербеліп тұрған ағаштың ұшар басына қарасаң, бөркіңді қолыңа аласың, қазбауыр ақша бұлт торлаған аспанды көресің. Шайырдың иісі қолқаңды атады. Алтай табиғатының осы бір оқшау көрінісін қызықтағысы келді ме, дөңгелек жүзді, сұңғақ бойлы, құба шұбарлау жігіт қапсағай денелі қауға сақал шалды оздырып жіберіп, өзі жүрісін ірке берді. Салт аттылардың бөтен сыңайын таныған бірлі-жарым адам жасқаныссыз бедірейіп тесіле қарады. Ши борбай айран бет үш-төрт бала құйрығын сабалап құйғытып кеп қалды да, бөтен болған соң, сілеусін көрген еліктей едірейіп қалт тұра қалысты. Қапсағай шал «Насыбай бар ма?» — деп, жорта тап беріп еді, бажбаң етіп ыржиысты да, бет алды тыраңдай жөнелді.


— Ақсақал, сіз үйге кіре беріңіз. Мен сыртта тұра тұрайын, — деп құба жігіт шалға қарады. Шал бұрылған да жоқ.


— Мейлің.


Жігіт шағын ғана ауылдың жүдең қалпына көз жүгірте тұрып, қабағын кіреукелендіре тық-тық жөтелді. Күндізгі жүріс жон арқасын құрыстырып тастапты. Салт көп жүрмегендігі болар. Бағана ет қызуымен білмепті. Екі иығы мен қара саны талып, адымын аштырмайды. Күн алып дәу шоқылардың қалқасында қалды. Мұнда ерте батады екен. Бірақ ұйыған қоңыр барқыт кеші ұзаққа созылып барып, ымырт үйіріліп, көз байланады. Алтай табиғаты қаншама әсем болғанмен, ауыл адамдарын әбден жалықтырған секілді. Жолаушы жігіттің үн-түнсіз айналаға көз тастап, балаша аңтарылған жұмбақты тұрысына бірер жалтақтасты да, үйлеріне беттеді. Сонан соң әр түңдіктен болар-болмас жетімек ұшқындар ұшты. Тау кешінің өзгеше сырын ұққысы, зерделеп алғысы келді ме, жолаушы жігіт сонау батып кеткен күннің артында қалған қызыл батсайы жалқынға қарап тұр. Көңілі бейжай. Көңілін татар әніндей мұңды да зарлы сезім басқан. «Тағдыр тарантасы қайда әкеліп тастады. Енді қайда апарады. Адам бұл пәниде тек жүре беруі керек шығар. Адам бұл тертедей ғана шолақ өмірде тек күліп қана өтуі керек емес пе еді. Бірақ менде жүру бар да, күлу жоқ. Өмі- рімнің өрлерін бүтіндей оқуға, білім алуға бағыштамақ едім. Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Қырсықтың құрығы үзілмеді. «Міне, бақыт ұшпағына шығарар баспалдақ», — деп кім ұсынар алдыңнан игілікті. Шоқпыттың қайда қалмаған бір ұлы. Егер ертеңгі күні көзің жұмылып кетсе, бата оқылып, бет сипалады. Қырық күннен соң ұмытыласың. Қандай сорлы әрі аянышты пенде деген. Мынау жаһанға келіп-кеткеніңді кім білер, кім сезер. Меңдеген сырқатым күндердің күнінде алып жесе, артымнан аңырап қалар кімім бар? Е... е... Мақыш, ақын емес, дәруіш болғаның осы».


Жігіт ауыр күрсінді. Көзіне ащы жас іркілді. Таудың кешкі салқын лебі бойын ұстап тоңдыра бастады. Желбегей жамылған кеудешесін қаусырынып, қоналқы үйге кірді. Сығырайған май шамның жарығы бөрене-бөрененің ара- сынан мүгі сапсиған ағаш үйді қара көлеңкелеп тұр. Төр алдында дөңгелек тақтай стол. Стол үстінде орта тегене қымыз. Сыңайы — ішіп орталаса керек. Қауға сақал шал төрде бір шынтақтай жатыр да, оң жағын ала ағаш төсекке арқасын сүйей, бір жақ көзінің тарыдай ағы бар тағы бір қарт отыр малдас құрып. Махмұттың сәлемін сақалын саумалай ілтипатпен қабыл алды.


— Уағалайкүмассалам, жол болсын, балам! Төрге шық. Былай, ана жолсерік атаңның ар жағына шығып кет. Сыртта көп аялдап қалдың-ау.


— Махмұттың ол әдетін жақсы білем, Ореке. Кеш болса, күбірлеп түзде жүреді. Әлгінде қымыз ішуге шақырттырмағаным да сол. Ойдың адамы ғой. Кешкі көкжиекке көз жібермесе, ұйықтай алмайды білем, — деп Махмұттың орнына жауапты қауға сақал берді. Көзі шегір, шәушиген сары бәйбіше қымыз құйып беріп отыр. Кимешегінің жақтауын қайта-қайта созғылап, самайынан құлағына ысыра береді. Тегі, тар тігілген секілді. «Шүкір» деген есендіктен соң, ләм деп аузын ашқан жоқ. Тұқырған күйі жалын шалған ағаш ожаумен үйірілген сары қымызды дамылсыз сор-сор сапырады. Ішінде жалын жатса да, бала жылап жатса да, сездірмейтін мерез адам сыңайлас. Әлгі әңгіменің ақыры шолақ қайырылды да, қылқ-қылқ қымыз ішісу біраз үнсіздік жайлатты. Төргі үйде не бары беймәлім. Алдыңғы ауыз үйде қаза- қы қара сықырлауық төсек, бірер бөстек, жез құман, ортадағы дөңгелек стол мен үй иесі шалдың ескі ішігінен өзге жә деген зат жоқ. Оң жақ босағада күміс маңдайы жалтырап, қасқайып жатқан қазақы шапқан ер-тұрман ғана, зәудеғалам ұры түссе, қолына ілігері. Бұл үйдің бар байлығы осы — ер, бар шайлығы — қымыз секілді. Ербең еткен бала көрінбейді. Махмұттың жай-күйін Шағиман шал таныстырса керек, үй иесі «Баянауылдың азаматы екенсің ғой» дегеннен басқа қадалып ештеңе сұрамады. Тіпті сұраса да Махмұттың әңгіме айтар реті жоқ-тын, дәуілдекті суқаны сүймей, мына отырыстан ерқашты болайын деген. Күндізгі ұзын-сонар іркілдек жүріс соқты ма, аса шаршастың райы бар жүзінде. Қымызға да зауқы шаппайды. Дел-сал маужырап отыр. Осы ретте сары кемпір шегір көзін бақшайтып бір қарады да, күңк етті:


— Балам, шаршасаң жат, төсек сап берейін, — деді Махмұттың мына күйіне шынымен жаны ашығаны ма немесе қусырылып бара жатқан қымыздың қамы ма, оншасын ажырату қиын.


— Сөйтіңізші, әже. Демалғаным дұрысырақ болар.


Жатуын жатса да Махмұт көпке дейін көз ілмеді. Ертеңіне бір сәт көз жүгірткен жоқ, өткенін есіне ала берді ауық-ауық. Қымызға қызған екі шал дүрілдесіп әңгімеге кірісті. Сары кемпірде үн жоқ, тобық жұтқандай томпайып отыр-ау.


«Қаратай қазақтарының мінезі қызық екен, — дейді Махмұт ішінен, — ғажап, тылсым мінезді адамдар. Адамдар сырын ұғу қиын ғой». Махмұт Алтайдың өр қойнауына келгелі, осындай тайталас ойдың ұшығынан ұстай алмай жүрген. Мына өзін Шәңгіштайға бала оқытуға апара жатқан Шағиман шалдың жүріс-тұрысы, қысылмай қайқайтып тұрып дүңк еткізетін сөздері, керек жерде кәдеге жарататын ақыр заман ылпың-жылпың қулығы, нар жығар қаруы мен өткір, сексеуілдің шоғындай әмісе жайнап тұратын көзі аса таңырқатқан-ды. Болыс екінің біріне тапсырмайды ғой жауапты шаруасын. Бірақ Шағиман — Махмұттың сирек жолықтырған шалы. Қара дүрсін орысшасы мен там-тұмдаған моңғолшасы, шүлдірлеген қытайшасы бар. Шаруасын ыңғайлауға келгенде, қай ұлтпен болсын тіліне тиек сап көрген жоқ. Арқаның еліндей емес, діндарлығы да босаң. Тамақтың алды-артынан «құдай жарылқасын» деп бет сипағаны болмаса, күніне бес уақыт шоңқаңдап намаз оқып, құманын сүйреген кезін кезіктірмеген. Махмұт бұған да қайран қалды. Әр нәрсені тез сезіп, мән-мағына тастай қарайтын жіті көңіл Алтай қазақтарының ғұрпын жыға танымай сарсаң. Қазір де ертеңін емес, бүгінін ойлап жатыр. Осынау тау халқының жайсаң да жабыңқы, еркін де қатыгез, қаһарлы да жасқаншақ, шаттықтары мен сорлылықтары аума-төкпелене беретін оқшау тірлігін бағамдап жатыр. Өздері тақылдаған тақуалығы, сораптап кетер ділмарлығы жоқ, тұйық жұрт. Осының бәрі Махмұт көңіліне бұрынғыша өрнекті жыр ұялатпаған, топырлап кеп тоғытылып қалған ғаламат әсер, түпсіз ой жыр көзін тұмшалап, жігіт сезімін буып тастаған-ды. Алтайда туатын өлең әдетінше лақ етпей, шым-шымдап, сыздықтап, сірнеленіп шығатын-ау...


Сығырайған жалғыз терезеден түскен сәуле таңның атқанын әйгілей алмады бұл үйге. Бозамықтанған жарықтан әр заттың нобайы ғана бұлдырайды. Үркер тас төбеге шыққанша, көз ілмей жатқан Махмұт талықсып барып, қатты ұйықтап кетіп еді. Әсіресе, қазір маңдайы жіпсіп, ессіз, еркін һәм тәтті ұйқыда жатыр. Мынау жарбиған ағаш үй өртеніп кетсе де, сезбес еді. Түндегі анталаған көп ойдың кесірі ме, әйтеуір, сандырақ түстің сан-сапалағын көрді.


...Баянауылдың шыңайты мына Алтайдан әлдеқайда биіктеп, көк күмбезіне бой созып кеткен екен. Ұшар басы барып-барып шыңылтыр көк тасқа айналып, найзаланып біткен. Қап-қара бұлттан болар-болмас қана болжанады. Дүние ызың-шудан адыра қалған тұл, әлем-тапырық дауыл алдындағы тылсым тыныштық секілді. Мүбәдә көзге түртсе көргісіз түнге айналды. Тек Баянауылдың тауы ғана көзге шалынар. Махмұт осы таудың етегінде еді, енді бір уақытта қоңырқай оба тастардан жеңіл ырғып-ырғып өтіп, Баянға тырмыса бастады. Қоңырқай тастар бітіп, көк тайғақ жылтыр шыңға ұласты. Махмұт жан дәрмен өрмелей берді, өрмелей берді. Үстіндегі лыпасының түгі қалмаған. Тырнағының көбесінен, қос тізесінен сорғалаған қан ақты. Құр сүлдері.


— Баянның басында әкеңнің құны қалған жоқ, етекке түс! — деп әлдекім ақырып еді, Махмұт құлағына да ілмеді оны. Әлгі әлдеқайдан күңіреніп шыққан сайқымазақ дауыс әжуа келекеге айнала бергенде:


— Өрмеле, Махмұт! Шынар басына шықпасаң, шындық қуғаның неткенің! — деп дауыстады. «Міне, қараңыз, Махмұт Баянауылдың аспанмен тілдескен шыңында тұр. Аспанда күн жоқ, тек Махмұт қана. Әлгіндегі тұлан тұтқан қа- раңғылық сейілген, дүние Махмұттан тараған нұрдан қуат алып, шұғылаға шомылып тұр. Қазақтың дарқан даласы гүл-бәйшешекке бөленіп, иран бағындай құлпырады. Махмұт қолында — найза. Найза емес-ау, қаламсап. Соған сүйеніп тұр ол. Әлден уақытта, әлдеқайдан өзгеше тегеурінді қол Махмұтты шың басынан бөріктей іліп алды да, түпсіз шыңырауға тастап жіберді. Шыбын жаны шырқырай зулап, жұлдыздай ағып бара жатқанда, Шағиман шал қағып алды».


Махмұт булығып барып, көзін ашып еді, Шағиман шал жіпсіген маңдайынан сипап тұр екен.


— Есіңді жишы, балам, шаршап ояндың-ау. Шошынып қала ма деп, маңдайыңнан сипап ояттым, — деді майда қоңыр дауыспен. Махмұт Шағиманның үлкен ұялы көзінен әкелік қамқорлықтың айтып жеткізгісіз игі райын байқады. Басы зеңгіп, ауырып қалған екен, таудың суық суымен ұзақ жуынды. Күн сонау апайтөс таулардың басынан енді-енді ғана қылтиып келеді. Ауыл адамдарының көбісі ұйқыда. Қолында жүгені бар әлдекім жалғыз аяқ соқпақпен орманға беттеді. Шағиман шал аттарды ерттеп қойыпты. Ертеңгіліктің таза жұпар иісі сарайыңды салқын тарттырып, бой сергітеді. Тау саһары соншалық сұлу. Айтып жеткізе алмайсың. Табиғат толайым бар інжуін дәл осы өңірге төге салғандай. Тіпті әудем жерде жер ошақтың отын көсеп, көк түтінді бықсытып отырған сары кемпірдің ана қаракеті өзіне бір түрлі жарасымды, аса ұнасымды іспетті. Аршатының кешінен таңы, таңынан кеші артық, өзіңді ессіз құмарлыққа, ынтызарлыққа итермелейді екен. Махмұт осыны бажайлады. Күн көкжиектен көтеріле бере, екі жолаушы атқа қонды. Бірі — Алтайдың көмпіс сұңғыла шалы да, екіншісі — болайын деп бола алмай, толайын деп тола алмай тыраштанып жүрген Сарыарқаның боздағы. Бірінің ендігі үміті, көрер таңы — әзіргі тірлігі. Шығандап кетер өрісі жоқ бар болғаны — Әбдікерім болыстың тауанын шақпау. Өз иесіне әділ, адал ниетімен қызмет қылу, шау тартқан шалдың өткені мен болашағы осыған көгендеулі. Ал желкілдеп шыққан көк шөптей жаңа ғана қауашағын ашып келе жатқан жасамыстың өткені аяулы, ертеңі бұлдыр да арайлы. Екеуінің тірлігі екі басқа. Екі басқа болғанымен — мәмілелес. Екеуінің талап-талғамы, ой-арманы екі басқа. Екі басқа болғанымен — өзектес. Ол өзектестік жалпы иісі қазақ баласына деген ұлы махаббат, ыстық ықылас, жамандық атаулыны мансұқ етіп, мынау тұрлауы жоқ пәниге адамның ең асыл қасиеті — адамгершіліктің ұрығын себу. Сайып келгенде, олардан бұдан зор ерлік, бұдан асқан инабат дәмету — бекершілік болар. Қос жолаушының әзіргі ойы тоқайлас келеді. Мынау қатыгез даланың қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, бейқам жомарт таңы, неткен ғажап едің! Өрелдің өріне келгенде, Махмұттың қылаң қарагері Шағиман шалдың тобылғы торысынан оқ бойы озып, сар желіп кетті.


II


Махмұттың Әбдікерім болыстың қол астына кеп бала оқытқанына жыл уағынан асқан. Ту Семейден қажығандықтан емес, қамыққандықтан, ашу мен ызаны ауыздықтай алмағандықтан, парықсыз қазақ арасына тартып берген жас жігіт алаңсыз әрі бейқам өмір құшағына енгендей еді. Шаһарда кем көрініп жүргенше, ызың-шудан ада Қатонқарағайда дем алып, бала оқытып жүргенін артық санаған. Әбдікерім болыстың бұған деген көзқарасы екі ұшты. Сыр бермейтін сырбаз бай оны да ал дегенде-ақ сынай қарсы алып еді. Әлі күнге өз пікірін сездірмеген. Болыстың алғашқы жүздесуі Махмұт көңіліне де әдемі әсерін қалдырған. Сәлем беріп кіріп келген қалаша киінген жігітті Әбдікерім:


— Е... е, ақын жігіт, сен екенсің ғой. Төрлет, шырақ. Атың Сұлтанмахмұт па еді? Алтай — Баянауыл емес, Махмұт болсаң да жарар, Сұлтан бола алмассың, — деп қақтаған күмістей аппақ маңдайына аса жарасымдылықпен қиыла орналасқан қара қасын кере кеңк-кеңк күліп алған. — Анау-мынау адам емессің ғой. Сөз төркінін түсінетін боларсың. Атаңның әзілін көңіліңе ауыр алма, — деп уытты қалжыңның артын бықсытпай майпаздай салған. Бірақ сөз астарын аңғарып қалған Махмұт жүзінің жайдары қалпын бұзбастан:


— Алашқа барып Сұлтан болғанша, өз еліңе барып ұлтан бол дегеніңіз-ау бұл, ақсақал. Мүбәдә мен Алтайға сұлтан болайын деп те, ұлтан болайын деп те келмегенім рас. Мөріңіз де, төріңіз де өзіңізде қалады. Секем алмаңыз. Менікі де қалжың, Әбеке. Әзілің жарасса, атаңмен ойна деген, — деп күле жауап берген. Тоғыз қанат ақ отау. Қаратай елінің игі жақсылары түгелдей осында жиналған екен. Әбдікерім орыс ғұрпынша жағалай таныстырып өтті. Күзге айнала бастаған мезгілдің күшті сары қымызы қыздырып дүрілдесіп, көңілді мәжіліс құрып отыр. Қалтасынан ақ торғын бет орамалын алып, жіпсіген маңдайына басты болыс. Быршып терлеп, қалжасы әбден жағып отыр. Есендіктен соң бір сәт үнсіздік басып еді, Әбдікерім:


— Уа, Мұса! Ахметбек пен Жанмырзаның арасында бітіспей жүрген не дау еді? Шақыртшы мұнда! Сен шеше алмасаң, көмейінің желі бар мына ақын жігіт шешер, — деп шағаладай аппақ тісін ақсита күлді. Мұса есік жақтағы бадырақ көз жыпылық қара бұжыр жігітке иек қақты. Бұл үйдің әр ым-жымын қас қақтырмай сезу қадетіне қалыптасып кеткен жігіт сыртқа тұра атылды. Есіктен екеу кірді. Алдыңғысы — жап-жас жігіт те, екіншісі — орта жастан асқан кемиек шал. Маңдай тісі түгелімен жоқ, опырық ауыз. Тегі, қарттықтан емес, қанқұрттан түсіп қалған секілді. Анасы — Ахметбек те, мынасы — Жанмырза екен.


— Сөйле, Жанмырза! — Болыстың үн қатуы мұң екен, әлгіден бері таспиғын санағандай мүлгіп жүресінен отырған опырық ауыз шал кемсеңдей жөнелді.


— Мына Ахметбек тентектеріңіз талшық етіп отырған жалғыз тазы итімді өлтірді. Міне, бақандай екі жұлдыз ауысты, сырғақтап құнын төлемей жүр. Айыбын алып берсеңіздер екен, әділ қауым.


Жігіт ләм деген жоқ. Жымияды. Әлпетінде мысқыл бар. Әбдікерім: — Рас па? — дегенде, — рас, — деді. — Ал, ақын, біздің бидің төрелік бере алмай жүргені — осы ит дауы. Түйіні өзіңде. — Отырған қара сақал, ақ сақалдар мырс-мырс күлісті. Бөтеннен келген адамды орталарына алып сынап, сөз көкпарына салатынын сезген Махмұт іркілген жоқ.


— Қаратай елі, баршаңның үкімін айта алмай сарсаңға түскендерің жалғыз ит болса, жер дауын, жесір дауын қалай бітірісіп келген екен, қайранмын. Ақсақал, итіңіз тазы ит дедіңіз бе?


— Иә, қарағым. Итім ит-ақ еді.


— Жігіт, сізде құныкерге берер күшік бар ма?


— Бар. Аламойнақ күшіктегелі екі ай болды. Көбін елге таратып жібердім.


— Қазір қолыңда қалғаны нешеу?


— Екеу.


— Құныкер ақсақал, мықтасаңыз, иттің басы — екі-ақ күшік. Екеуі өсіп бір иттің басын толтырар. Айыпкер жігіт, екі күшігіңді шалға бер, — дегенде, отырғандар ду күлісті. Кемиек шал Махмұтқа көзін ақшита бір қарады да, үнсіз шығып кетті. Жігіт те іле-шала жөнеле беріп:


— Ұқтыңыз ба, отағасы. Мықтаса, иттің басы — екі-ақ күшік, — деді дауыстап. Осы бір сөз қақтығысынан кейін Ахметбек жаңа келген жас жігітті іш тартып кетіп еді. Махмұттың қайран қалғаны: орта жастан асып кетсе де, өңін бермеген Әбдікерімнің келбеттілігі. Тостағандай дөңгелек бота көзді, жұқалтаң жүзді, аппақ сазандай кісі екен. Не ұзын, не келте емес, қара сақалы өзіне өзгеше жарасады. Кірпияз, әрі талғампаздық жағынан бірегей. Неге болсын көзін күлімсірете тура қарап, үкімін айтады. Бұл өңірде тұңғыш рет бұдан жеті жыл бұрын орыс-қазақ мектебін аштырды. Онда орыс учительдерін ұстайды екен. Кіші ұлы Шабдан Петерборда оқиды. Басқа ұл-қыздары да білімнен кенде емес. Өздері шетінен сұлу. Махмұт осының бәрін бағамдап, көңіліне топшылап жүретін. Өзін ана іргедегі орыс-қазақ мектебіне онша араластырмай, бөтен үй тігіп, болашақ молдаларды жиып бергеніне риза болмаса да, «Қанша жүрем дейсің. Бір жылға қоянның терісі де шыдайды» деп, өзін-өзі алдаусыратып қояды. Әйтсе де орыс тілі пәнінен сабақ беретін Михаил Комаров деген орыстан анда-санда тіл сындыратын. Махмұттың тіпті ертеректе қайтып кеткісі бар-ды. Қасқыр мен қойдың ғұмыры дос болмайтынын да біледі. Қалың жұрт қазақтың дертіне ем іздеп, басын тауға да, тасқа да ұрған ақын өмір айдынындағы тау толқындарымен айқасып, үмітін желкен, жігерін қайық етіп жүргенде, тек жыр ғана кеулеген жүрегі сеңдей бұзылып, Алтай талына жармасқан еді саусағы. Ол әлі өзі ғана білетін, өзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін, жұмбақты сыр. Әр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сәулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір кезде лепіріп бақ іздеп, албатыдан жар іздеген көңілі ақ ерке сұлу тауып, байызданған. Сүймейтін бір сұлуды сатып алып, «Сүй» деп зорлайтындарға тумысынан қаны қарсы Махмұт өзінің жұмбақты әрі мұңлы сүйіспеншілігін өзгені қойып, өзіне қиғысы жоқ. Қызғанады. Ол, әсіресе, соңғы күндері сеңдей соғылысқан азапты сезімнің құрсауында жүр. Бұрында ауыл шетіндегі қарағай түбіне алтыбақан құрып тастап, осынау меңіреу өңірді ән мен күйге бөлеген шаттықты шақтары бұлдырап, күн жылжыған сайын, артта қалып бара жатқандай. Бағана Ахметбек келіп:


— Махмұт, бүгін алтыбақан құрайық деп едік. Сенсіз жиынымыздың сәні болмас. Келіп гармонь тартып бер, — дегенде: — Мақұл, — деп келісімін беріп қойған. Онда да Бағила барады деген соң, дидарласудың ыңғайы келе ме деп үміт еткен. Бала оқытудан қолы босаса болды, Қызылқайың сарқырамасының жағасына келеді. Оның барар жері, отырар орны біреу-ақ — су жиегіндегі кәрі қайыңның түбі. Осында ұзақ отырып, дәптерге әлденені сарыла жазатын. Бірақ неге отыратынын, көз майын тауысып не жазатынын тірі пенде білмейді. Кейде күн таласып батып бара жатқанда, екі қолын басына жастап көк күмбезіне телміретін. Аспанда қалқып бара жатқан бұлттарға қарап күбірлейтін. Мүмкін, ол кіндік жұрты Баянауылына ала кет, мінгестіре кет деп немесе Сарыарқаның жаңбырын құя кет деп сәлем жолдайтын шығар. Не, мүмкін, бүгін түнде ақ еркеммен жолыққандай болсам, айдың бетін жап, қорғала бізді, түннің құшағында тербет дей ме екен. Әлде «жанды мал үшін жаратып жүрген» мынау елге деген өкпе-назын, ішіндегі қазандай қайнаған құса ойын, ел тағдырын кемеңгерге емес, езге, малға өңгеріп берген заман зарын еншілес дей ме. Кім білсін. Әйтеуір, ұзақ ойланады, әйтеуір, жалықпай жазады. «Кім жазықтының» мынау кәрі қайыңның түбінде тұсауы кесілгенін қайдан білсін мынау бейбақ ел. Әлі есінде: Махмұт болыстың үйіне барған сайын, Әбдікерімнің үлкен қызы Бағилаға көз қырымен қарай отыратын. Ал сезімтал қыз болса жігіттің өзіне деген ниетін қымыз ұсынып отырып-ақ аңғаратын-ды. Екеуі бір-бірінен балаша ұялатын. Неге қысылатынын өздері де сезбейтін. Бұл үнсіз жұмбақ сүйіспеншіліктерін бір-бірінен қызғана да жасқана жасыратын. Бір-бірлерін ойламаса да, жүректерінде әрқайсысының бейне бір буалдыр көлеңкелері тәрізді бір сағым кезетін. Махмұт бұл үйге келген сайын, келуін зарыға күткенін қашан болса да жәудіреген мойыл көзінен танитын, оның өзі де ертеден-ақ бөтен сезінгендей, оның келетінін білгендей, аңсап күткендей болып жүргенін қимыл-қыбырымен-ақ аңғартатын. Бір-бірін жан-тәнімен қиыла сүйетіні ашылмаса да, ауызекі сұхбаттасудан әлдеқайда күшті құдіретті сезім жеткізіп қойған. Бұл үнсіз сүйіспеншіліктері бой бермей билеп әкетсе, түбі неге апарып соғатынын, мына Бағиланың әкесі не дейтінін ойлаудың өзі аса сұмдық еді. «Қыз менің етегімнен ұстады делік. Оны осынау жылы қонысынан бөліп қайда апарып, қандай ұшпаққа шығарар едім. Қара басты қаңғыртып, ел кезіп жүрген Махмұт, жар күтерлік жалақың бар ма? Жарайды, оған да мойымаймын. Сонда Бағиланың құдандаласқан жері бар ғой, Әбдікерім салт басты, сабау қамшы сақа жігіттің қолына жетектетіп жіберер деймісің қызын». Міне, осы бір тастаяқтай қақтығысып тыншу бермейтін түпсіз ой Махмұт жүрегіне ақпанды азынатып жүрген. Нұрмаш қыздан беріп жіберген алғашқы хатына өзгеше назбен сазды жауап беріпті. Бұл да жігіттің күйреуіңкі жанына үлкен медеу болды. Бағана Бағиланың жауабын көкірегіне мықтап қысқан күйі үйреншікті орны — қайыңның түбіне келген. Етпетінен жатып алып, жалпақ көк тастың үстіндегі қағазға әлденені беріле жазуда. Нұрмаштың келгенін сезген жоқ. Ерке қыз сыралғы жігіттен жасқанбайтын. Бірінің астына бірі мөрдей тіркеліп жатқан өлең жолдарын үнсіз оқып тұр:


Келді хатың мен шаршап,


Отырғанда қамығып.


Хабарыңа бек аңсап,


Созылып көзім талығып.


Сөзіңнен көріп өзіңді,


Құшақтай алдым жамығып, — деген жеріне келгенде, қыз шыдай алмай сықылықтап күліп жіберді. Махмұт селк ете түскен. Атып тұрып, дәптерін жасыра қойды.


— Е, сен екенсің ғой, Нұрмаш.


— Ақын жігіт, сағыныштан әбден біткен екенсіз. Құшақтап жатқаныңыз Бағила емес, көк тас қой. Оны неге өлеңге қосасыз?


— Адасқан қаздай қаңқылдап әбігері шығып, жар іздеген жабыңқы жүрек ойда жоқта туласа, есеңгіретіп тастайды екен, Нұрмашжан. Тұйық ағаңның тұтқиылдан туған махаббаты тұмшалаған тұманды ойдың тұнығын тілімен емес, жырымен жеткізуге талпынғаны да. Нан іздеймін деп жүріп, жар таптым ба деп едім, үмітім ескексіз қайыққа айналды.


— Қамықпаңыз, Махмұт аға, Бағиланың сізге деген ықыласы оң. Тыншу бермей сізді қинап жүрген сезім оның басында да бар. Түбі қайырлы болсын деңіз. — Әлгінде ғана бұлтыңдап қуақыланып тұрған қыз Махмұттың бет-әлпетіндеті мұңайыстың ауыр табын аңдап, момақан күйге көшті. Белін қынай тіккен пүліш камзолының арқасында шашбаулап өрген қос өрім күрең шаш қыздың қара торы өңіне өзгеше жарасымды, басын піскен алмадай иіп, жігіттің алдында бейне бір өзін борышкер адамдай сезініп тұр.


— Қолымнан бар келгені — хаттарыңызды бір-біріңізге табыс ету болса, оның өзі де қияметке айналып бара жатыр. Бағиланың үй-іші секем алады білем. Бағана Бағила шақыртты деген соң, кіріп шығып едім, шешесі жер-жебір, жекен суыма жетті. — Сен қыз бұл үйге сумаңдай берме, — дейді.


— Тәңірім-ау, сенгенім сен болсаң, сенің жолыңды да жіңішкерткен екен. Алладан медет тілегендей, намазшам арасында қырға шығып қайтатынмын. Сонда сенің тілеуіңді Бағиладан кем тілемейтінмін, Нұрмаш. Сен мен бейбаққа үлкен жақсылық жасадың. Қайда жүрсем де ұмытпаспын. Бодауын қайтару қолымнан келмейді. Тіліме тиек, жырыма өрнек боларсың.


Күн таласып барады. Шәңгіштайдың бар малы өрістен құлап келеді. Кешқұрымғы ауа салқын. Аздап жел бар. Махмұт жел өтіне төсін беріп тура қарап тұр. Жүзі сынық. Нұрмаш қайтуға ыңғай білдірді.


— Махмұт аға, желге бұлай қарсы қарап тұрмаңызшы, суық тиер. Кешке алтыбақанға барарсыз. Бағила әкем Үлкен нарын жақтан келіп қалмаса, бір соғып қайтармын дейді. Сәті келсе, жүздесіп, тілдесіп қаларсыз.


— Айналайын, Нұрмаш-ай, көңілімнің көк мұзын жалғыз сөзіңмен-ақ еріттің-ау. Ымырттың тез үйірілгенін тіле десеңші.


Махмұт шолпысы тілерсегіне соғылып, ырғала басып, асықпай оқшау жүріспен аяңдап бара жатқан Нұрмаштың артынан ұзақ қарап қалды. Жүрегін әлденендей жақсы үміттің сағымы шарпи бастап еді, булығып кеп үздіге ұзақ жөтелді. Алыста, қызыл ала кеңістікте бір топ жабайы үйрек қоналқыға беттей ұшып барады...


III


Көз байланған уақ. Тау сілемдері ауыр сібірленген мұнараға бөгіп тұр. Күнбатыс көкжиекте ақшылтым жолақ бар. Әлемді түннің кейуана тыныштығы баса-көктеп жайлап алған секілді. Әншейінде тағат таппай безілдейтін шегірткенің үні де дәл бүгінгі кеште семгендей, оқта-текте үйірінен адасып қап кісінеген жылқының арқыраған қоңырау даусы ымырт тыныштығын тіліп өтеді. Ауылдың түнге айналған уағы біржола меңдеп бара жатқан меңіреу тыныштықтың құшағына ойыса беріп еді. Ұзақ тауының етегіндегі шоқ қарағайдың түбінен жарқ еткен жалын мен сыңғырлаған күміс күлкілер мазасын алды. Қатар тұспа-тұс өскен қос қарағайға алтыбақан құрған ауыл жастары лаулатып от жаққан еді. Топтың топаны мол. Бүгінгі кештің басалқасы Ахметбек те, гүлі — Махмұт. Ол Нұрмашпен әрі-бері алтыбақанда тербелді де, «гармонь тарт» деп қыздар жағы қолқалап болмаған соң, түсіп кеткен. Әр әннің басын бір шалып келді де, әлденендей тылсым жаныңды жаннатқа бастайтын мұңды күйді термелеп кетті. Ортадағы сатыр-сұтыр лапылдап жанған отты қаумалай тұрған қыздар мен жігіттер жүзі бал-бұл жайнап, шадыманды әрі мұңлы күйге көшкен. Әркім өз арманын аялап тұр, әркім өз жүрегінің сырын Махмұт тартқан музыка үнімен бір-біріне жеткізіп тұр, әркім өздерінің буалдыр болашағын болжауды тыйып, бір сәттік тәтті минуттың жалқынды құшағында әнтек тербеліп тұр. Біреу ауыр күрсінгендей болды. Махмұт гармоньды зарлатып барып шұғыл үзе қойғанда да, қауым бірер мезет әлі де тұрып қалған-ды. Тек Ахметбектің «Тусаң ту, ақын аға!» — деген өр даусы шеңберленген топты бал ұйқысынан оятқандай дүр сілкіндірді. Жан-жақтан:


— Махмұт аға, өлең оқыңызшы!


— Ақын аға, ғашықтар жайлы қисса айтыңызшы!


— Махмұт аға, Ақын аға... — деп жамыраған дауыстар тұс-тұстан андыздап кетті. Ал Мақыш болса алысқа, ақжолтайланып тұрған көкжиекке кірпігін қақпастан телмірген қалыпта жуықта жазған өлеңі «Алты аяқты» қоңыр дауыспен бастай жөнелді де, мына бір тұсына келгенде, от-жалынына шағылысқан екі көзі жайнап, екілене мақамдап кетті:


Тайдай толқын тағы кеп,
Ұшты қайық аспанға.
Әзірейіл тұр «болшы» деп,
Қайда барам қашқанда.
Жанталастым тұншығып,
Бір батып суға, бір шығып.
Міне, сол уақытта:
Алтайдан бір тал, білмеймін,
Түсті неғып қолыма?
Кез қылды ма құдайым,
Ажалсыздың жолына.
Талдан ұстап қарманып,
Судан шықтым аллалап.
Суық өткен, шаршаған,
Бола ма адам, болмай ма?
Соққы жеген қаншадан,
Дауасы яки қонбай ма.
Дауа тегін, ем тегін,
Қайтар алла еңбегін.


Жастар шоғыры және де өз-өздеріне келе алмай, әлгі бір сәттегі шаттықты шақтарынан айрылып қалардай сілейісіп қалған. Таңдайда қалып қойған тәтті әсерлерін жұтуға қимағандай. Осынау қазақ даласының бір пұшпағындағы шағын ғана жұтаң ауылдың сыртынан қарап әсте тон пішуге болмайды екен. Әсіресе, жастар жүрегі әмісе жақсылыққа, жаңалыққа, ойын-күлкіге құштар-ды. Махмұт мұнда келгелі, осындай ойын-жиын тым-тым жиілеп кеткен. Жастар жағы тез үйірілген.


— Сізді Бағила Бұқтырманың жағасында күтіп тұр, — деп сыбыр ете түсті. Махмұт қайыра сыбырлады. — Қай жерінде? — Дөңгелек тоғайда. — Ал, құрбыларым, айып етпеңіздер мені, — деді Махмұт, — сендермен таң атқанша сейіл құруға шыдайтын түрім жоқ. Қазіргі күйімді өздерің де түсінесіңдер ғой. Күзге айналған маусымның түні салқын. Рұқсат етсеңдер, мен қайтайын. Сауықтарыңды жалғастыра беріңдер. — Рұқсат, рұқсат... — Рақмет, Махмұт аға! — Ризамыз сізге, ақын аға! Дөңгелек шіліктің ішіне кіре бергенде, Махмұттың денесі бір ысып, бір суыды. Буын-буыны қалтырап, иек-иегіне тимей сақылдап кетті. Бағила су жиегіндегі көлденең жығылған ағаштың үстінде шынтағын тізесіне қойып, жағын таянып отыр екен. Махмұттың алғашқы сыбдыры шыққанда, селк етіп шошынып қалған.


— Мен ғой, Бағила.


— Түу, жүрегім аузыма тығылғаны, аңдушы біреу ме деп.


Бұрын-соңды жігіттермен оңаша жолығып көрмегендікі ме, жоқ болмаса Махмұттан шындап қысылғаны ма, Бағиланың сөйлеген сөзі, қимылы бір түрлі ебедейсіз. Бірақ Махмұтқа осының өзі аса сүйкімді, ғұмыры қайталанбайтындай. Тіпті жайшылықтағы жыр кестелейтін сөз маржанының бірі түссеші аузына. Бар болғаны қатарында аққудай қонып отырған қыздың тал бойына, бет-әлпетіне телміріп қайта-қайта қарай берді. Бағила одан сайын қымсына түседі. Иә, бұлар бір-біріне жалғыз ауыз тіл қата алмады. Тіл қатса болды, осы отырыстарының шырқы бұзылып, көңіл айдынына қонған бақыт шүрегейін үркітіп алар ма еді. Бұқтырма арқырамай, сарқырамай да баяу ағып жатыр. Беті қарауытып, шолжаң толқын жарды шолп еткізіп сүзіп өтеді, сүйіп өтеді. Жағадағы түбі қопарылып, басын суға мала жығылған қызыл талдың бұтақтарын су қағып, тағатсыз әнтек дірілдетеді. Бейне сезім қағып дірілдеген екі жастың қос жүрегіндей. Олар әлі үнсіз отыр. Үнсіз отырса да тілдесіп отыр. Олар әлі оқшаулау отыр. Оқшаулау отырса да іштей бір-бірін ойлап, бір-ақ нәрсені армандап отыр. Түнгі ауа дымқыл тартты. Шөп басын шық шалды. Өзеннен жеңіл бу көтерілді де, тұманға айналып, Махмұт пен Бағиланы тұмшалап алды. Бағила жеңіл киінген. Махмұт та. Олар әлі үнсіз, әрі оқшау отыр. Бағила тітіркенгендей болды. Махмұт тамағына таяп қалған жөтелді баспақ болып жөткірінді. Бағиланың тоңа- зығанын Махмұт сезген. Махмұттың бойын суық ұстай бастағанын сергек көңілді сезімтал қыз бағанадан аңғарған. Қыз жігітке тақала түскендей болып еді. Жігіт пенжагының түймесін асығыс ағытты да, қыздың ту сыртын қаусыра құшағына алды. Тұманнан ештеңе болжанбайды. Оқта-текте бытпылдық шырылдайды. Екі жас жабысып бір-ақ адамның нобайына кірді. Бірақ бір-біріне жақындаған сайын, алыстап бара жатқандай. Екі жас ләм деп аузын ашқан жоқ. Іштей ұғынысты. Тілсіз табысты: «Жас жүрек», «сүйем-күйем», «армандамын», «енді қайттік, құдая» демеді. Бар болғаны ыстық-ыстық сүйісті. Бар болғаны түннің аса қауіптілігіне, салқынына қарамай ұзақ отырысып, таң қылаң бере, кері оралды. Олар жердің шық екенін де сезген жоқ, ертең алдарында не күтіп тұрғанын және де ойлаған емес. Осының бәрі-бәрін өздері емес, әлдекім, әлдебір төтенше сиқырлы күшпен істеп жатқандай. Ұзақ тауының етегі жағынан:


Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз,
Жайлаған алты ай жазда сарала қаз.
Шолпандай таң алдында туып, батқан,
Қайтейін, уа, дариға-ай, ғұмырың аз, — деп шырқап салған ән естілді, естілді де тына қалды. Тына қалды да, ешбір ән қайталанған жоқ, бейбақ тыныштық орнады. Шолпан жұлдыз қазан түбіндегі майдай еріп бозғылттанып семіп барады екен. Шығыс жақтағы бозамықты қызыл арай сәуле тықсыра бастады... Бұл Махмұтпен Бағиланың тұңғыш та ақырғы жолығысуы еді. Махмұт жөтелді... Бағила күрсінді...


* * *


Бір айдан соң Бағиланы атастырған жағы — Шүйге ұзататын болды. Әбдікерім қызы мен Махмұт арасындағы хикаяны білсе де білмегенсіді. Әккі болыс Махмұтқа деген ілтипатын соңғы күнге дейін өзгерткен жоқ. Бағила аттанатын күні:


— Махмұт кеп, қарындасының ұзату тойын басқарсын, — деп бала жіберткен екен. Әдейі сайқалдықпен шақыртып отырғанын сезген ақын морт кетті:


— Бармаймын. Ғабділкәрім мырза сөзінде тұрмағаны қалай? Қаратай елінде әйелге кеңшілік беру һәм жесір дауын жоғалту қақындағы әдейі бас қосқан кеңестегі сөзінен танып, қайта күйсегені несі? Шақырушыға «айта бар» — деп қадап жіберді бұл сөзді. Өзі барған жоқ. Нұрмаштан Бағилаға ұзақ хат жазып жолдады. Бағила кеткеннен соң, бір жұмадан кейін Зайсан жағына аттанбаққа жиналды. Жігіттің кететінін естіген Әбдікерім «кетпесін» деп те, «кетсін» деп те тіл қатқан жоқ. Әдетінше үнсіз екі ұдай сақ қалпын сақтады. Махмұттың қалай, кіммен жүретінін, арғы елге немен кететінін де ашып, тиянақтап айтпады. Күн ала бұлтты болатын. Махмұт ол-пұлын дәріс берген шәкірт бала Көксегенге жинатып, аттаныс қамына кірісіп жатқан. Аядай ғана есіктен еңгезердей болып біреу кірді. Шағиман шал екен.


— Сіз екенсіз ғой, ақсақал. Төрлетіңіз.


— Немене, жүрмекшімісің?


— Иә, ақсақал, ондай ой бар.


— Ой болғаны — жол болғаны. Сезем, шырағым, жай-күйіңді. Немене, мына шалдың қауқиған бойы ғана деп ойлама. Жүрек деген қыж-қыж қайнайды, күресуте дәрмен жоқ деген. Өзімнің құлай ұнатқан балам едің. Жалғыздық басыңа түскенде, қол ұшын бере алмадым.


— О, не дегеніңіз, Шәке. Сізге не деп өкпе айтайын. Тіпті қай-қайсыңызға да өкпе-назым жоқ. Тілеуім ақ, көңілім пәк. Аунадым, қунадым. Бір қауым шаруамды бітіріп алдым.


— Әй, Махмұт-ай, сипақтап қайтесің. Маңдайымызға сыйдыра алмадық қой. Алаштың ала-құласына жем болып жатқан қызымызды Арқаның ардагеріне қимадық. Білместік емей немене, бұнымыз. Білместік. Жә, аттанам дейсің, астыңда атың жоқ. Күн болса мынау жауғалы тұрған. Баяғыда Жазатырдан өзім әкеліп едім, енді барар жеріңе апару да міндетім секілді. Әйтпесе қазақ болып туғаным қайсы. Бас аман болса, аяқ артар табылады. Атаңның атын мініп кет, Махмұт.


— Жоға, о не дегеніңіз, ақсақал. Талшық тауып отырған жалғыз торыңызды маған түсіп беріп...


— Уа, садағаң кетейін! Сөзді қой, шырақ. Мініп кет. Атаң екі сөйлемейді. — Одан әрі сөз бұйдаласа, шал шатақ шығаратынын сезген Махмұт үнсіз келісті. Нөсер құйып берді. Жол лайсаң. Алтай күзінің басталысы қатты. Тау басы аппақ, қар жауып қалған. Ағаш басында сарғайып ілініп тұрған бірлі-жарым жапырақ, тамшы сабалаған сайын, есі шығып қалбалақтайды. Күз нөсері үнсіз, күркіремей жауады. Терек басында қарғалар жүр қарқылдап. Жылдың қай мезгілінде де мынау атамекенін қиып тастап ешқайда ұшып кетпей, туған жердің құлы болса да қалбалақтап жүрудің өзі де ғанибет-ау. Махмұт атқа қонды. Бір кезде Өрелдің өрінде өзі озып кеткен Шағиман шалдың торысы бұл. Шағиман Махмұттың кітап толы қоржынын қанжығаға бөктеріп тұрып:


— Шырағым, бұл әрі-бері ұшыртып барып болдырып қалатын ұшқыр ат емес. Бүлкек желіспен-ақ жер табанын қуыратын шаруаның торысы. Бармаған жер, баспаған тауы қалмаған көмпіс ат. Ұзақ жүрістің, алыс жолдың, ой-қырдың соқтырмасына шаршап-шалдықпайтын жолаушының аты. Мә, қамшы. Ал, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, балам. Артыңнан ай, алдыңнан күн туғай.


— Қош болыңыз, Махмұт аға! — Бұл — шәкірт бала Көксеген еді.


— Қош, аяулы аға! — Бұл — Нұрмаш еді.


— Қош, Алтайдың абзал адамдары, ай маңдайлы ақ еркелері! — Бұл — Махмұт еді. Жауын үдеп салды. Жол лайсаң. Алда ұзақ жүріс бар. Күннің толастар сыңайы білінбейді. Бірақ сона батыс көкжиектің таумен астасқан етегі түріңкі екен... Басылар. Алтайдың сіркіреп тұрған ақ нөсері Сұлтанмахмұттың көз алдына Сарыарқаның жаңбырын елестетті... Жол лайсаң. Тайғақ. Алда ұзақ жүріс бар...


* * *


Ақ жауын сілбілеп тұр. Мен Қызылқайың сарқырамасының жиегіндегі кәрі қайыңның түбінде таң алдындағы Шолпан жұлдыздай туып-батқан аяулы ағаны емірене есіме алып, әлі отырмын.





Пікір жазу