Мәңгілік деген - махаббат шығар
Махаббат абстрактылы, Сондықтан да теориялық жағы дами береді де, нақтылы мәнін жоғалта бермек. Негізінде, сезім дегеніміз адамға ғана тән қасиет, бірақ ол айнығыш. Айнығыш болатын себебі – адамзат өзінің жаратылысынан еш нәрсені қанағат тұтқан емес, арман мен қиял, үміт пен мақсат – осының қай-қайсысы да бір ғана ұмтылыс ұғымымен шектелмейді, тапқан дүниеңнің, шыққан биігіңнің аздығы мен аласалығын айғақтап, үнемі бір тың, басқа, жаңа да жақсы белгісіз бірдеңелерді көксеумен күн кешеді. Әдемілік пен сүйкімділіктің өзі салыстырмалы да шартты, өйткені қандай да бір керемет көркемдік сіздің көзіңізге теңдессіз көрінгенімен, басқаға әншейін жай ғана нәрсе болуы мүмкін. Әдетте, біз бір адамды құлай ұнатқанда, оның бойындағы сандаған кемшілікті елеп – ескермейміз, яғни сезім алдауына түсеміз. Сөйтіп, үйленеміз. Күн өткен сайын, оған жақындаған сайын бірсін деп сіздің жан дүниеңізге сай келмейтін қайшы қылықтары ашыла бастайды, осыдан айну сезімі пайда бола бастайды немесе өмірде одан да жақсы кісілер барын мойындайсың, жарыңыздың болмысында аз, тіпті жоқ қадір – қасиеттер мен өзгеше ерекшеліктерді өзгенің жарынан байқайсыз, осылайша асылдан да озған асыл, сұлудан да артық сұлу бар екенін түсінесіз. Көңіліміздің көк дөнені бұған дейін шапқылап жүрген шеңберін тастайды да, анау топқа қосылғысы келеді. Жалғанда ғаламат деп ойлаған ауылыңыздың кемшілігін көріп қалудан азапты не бар?! Жақсыға жақындаудан қауіпті не бар?! Асылыңды жоғалтқаннан артық не бар?! Шіркін-ай, дегізер, оның өкініші өміріңіздің өзегіне айналады. Осы «әттең-ай» мен «шіркін-ай» нағыз - махаббат. Махаббат дегеніміз – қосылмау десек, оған мынадай дәлел келтірелік. Айталық, әлем әдебиетінің арғы бергісін ақтарып отырсақ, сүйген жастардың бірде-біреуін үйлендірмеген екен. Неге? Неге Ромео Джульеттаға, Фархад Шырынға, Қозы Баянға, Қыз Жібек Төлегенге, Абай Тоғжанға қосылмады?! Неге біздер аһ ұрып қосыламыз, арпылдап айырыласымыз? «Азапсыз махаббат – арзан махаббат», «Шын ғашық бұл дүниеде қосылмайды» - деген атамыз қазақ нені меңзеді?! Бүгінде біз сыйластықты, үйренісуді, үлгілі семья құруды махаббат атты ұлы ұғыммен шатастырып алып жүрміз, сондықтан да алғашқы, ортаншы, ақырғы махаббат деп топқа бөлеміз. Шын ғашықтық - бірегей ұғым, Даралық пен Мәңгілік дегеніміз осы. Үйлі-баранды, балала-шағалы болу – табиғаттың бұйрығы, ол жан-жануардың барлығына тән, ақыл-ойдың емес, шартты рефлекстің жемісі. Саналылықтың арқасында өмірді жалғау формасын өзгерттік, адамзаттың айырмашылығы – үй салуында, жиһаз жинауында: сәулетті тұрмыс құруға ұмтылуында. Ал алғаш адам пайда болғанда оның бірде-біреуі жоқ еді ғой. От оттап, су ішіп жүріп-ақ бізді осы дәрежеге жеткізді. Алтын дегеніміз – ырыстың күні түскеде пайда болар. Нанның көлеңкесі десек, махаббат дегеніміз – жалғыз-ақ жан үшін жанған сезімнің жарқ етіп сөнуі. Семья құрудың міндеттілік, қажеттілік сипаты басым. Ғылым мен техника бар жерде, цивилизацяның масқара дамуы тұсында адамның табиғи сезімі әлсіреп, стеоротипті сезімі үстемдік алады. Ендеше, махаббат әсте зор саналалықтың, білгір-білімділіктің, асқан ақыл-ойдың жемісі болмақ емес, ол – тек жерде ғана өмір сүретін, бірте – бірте архаизмге айналатын, тууы бар, өсіп-өнуі жоқ көзге көрінбей мәңгі жасайтын бейнесі белгісіз Дара ұғым.