02.05.2021
  151


Автор: Шырын Мамасерікова

Майдан

Қойылмайтын соңғы нүкте, байламы,


Зұлымдық бар тоқсан тоғыз айлалы.


Біткенімен қанды шайқас соғыстар,


Толастамас тіршіліктің майданы.


Ақ пен қара, күн мен түннің күресін,


Батырлық пен ездің теке-тіресін.


Тоқтататын күш табылмас, сондықтан


Ажырамас бір-бірімен сіресіп.


Құрылған тор, сан кедергі қамал бар,


Құтылатын бірақ одан амал бар.


Қадіріне жету үшін жақсының,


Керек шығар кейде бізге жамандар.


Қиянатқа дайын тұрар қызба тым,


Көк езудің пиғылынан мұздадым.


Күншілдікпен күңірене отырып,


Елдің бірлік, ынтымағын бұзбағын.


Атақ қуған көкекке ұқсап сайрама,


Іріткі сап намысымды қайрама.


Күйе жақтың анаған да мынаған,


Өзің кімсің, қарасаңшы айнаға?!


Жұртты сынап мезі еттің қайталай,


Бойыңдағы өз мініңді байқамай.


Озбыр ойың опырылсын, аулақ кет,


Татулықтың шаңырағын шайқамай.


Ашқандай дәл ақиқаттың пердесін,


Алашымның улай берме зердесін.


Аспаныма төндірсең де қара бұлт,


Адалдықтың білем саған ермесін!..





Пікір жазу