02.05.2021
206
БАЛА МАХАББАТЫ
Айтатын бесік жырын баяу ғана,
Кетпейді көз алдымнан аяулы ана.
Сұм ажал ажыратты-ау бес жасымда,
Бүлдіршін жүрегіме қаяу сала.
Ай тұлға, нұр жүзіңді сағынамын,
Аңсаған жетер ме екен лағыл әнім.
Анашым, ең болмаса түсіме енші,
Рухына басымды иіп жалынамын.
Есімде, ана, елжіреп қарағаның,
Есімде оттай ыстық алақаның.
Арқаңды ат қып мініп шабатұғын,
Қанатын қақты бүгін балапаның.
Уыз бал мейрімінің сарқып бәрін,
Әжемнің жұлдызы боп жарқырадым.
Сонда да бір шаттығым жетпейтіндей,
Анашым, өзіңді іздеп шарқ ұрамын.
Армандап бұлбұлдардың дара бағын,
Әніммен шартарапты араладым.
Құрандай қастерлейтін қайда жүрсем,
Балаңның бойтұмары - Марал атың...