02.05.2021
  235


Автор: Шырын Мамасерікова

Достық

Шат өмірдің үңіліп сан қырына,


Шүкір айтар бүгінгі тағдырына.


Шын бақытты достықтың шарапаты,


Шаңырақты бөлеп тұр таң нұрына.


Тал бойына жиғандай бар асылды,


Әйелдердің ішінде дара сынды.


Кербезденіп жымиып күлгені де,


Ырымгүлдің өзіне жарасымды.


Жеңешеммен отырар сыр ақтарып,


Екеуінен өзгелер жырақ қалып.


Тонның ішкі бауындай жұбын жазбас,


Бір ананың егізі сияқтанып.


Сын сағатта сағыңды сындырмайтын,


Дос таба алсаң үзілер шынжыр-қайғың.


Бауыр, балаң, жардан да жақын жандай,


Сәл көрмесе сағынып тұнжырайтын.


Сертке берік, ұраны-тұрақтылық,


Сүйер сені, ал өзі жылап тұрып.


Нағыз доста қызырлық қасиет бар,


Жүрген жерін жіберер жұмақ қылып...





Пікір жазу