02.05.2021
  331


Автор: Шырын Мамасерікова

Ақын Айша Көпжасароваға

Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,


Оңай емес білемін ақын әйел азабы.


Оқушысын қуантар табу үшін тың теңеу,


Ертелі-кеш инемен жыр құдығын қазады.


Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,


Оңай емес білемін ақын әйел азабы,


“Түн ұйқыңды төрт бөліп, бесігімді тербет”- деп,


Жыр перзенті шырқырап күнде алады мазаны.


Шабыттанған шағында өлең билеп санасын,


Ұмытады жан-жарын әлдилеген баласын.


Падишадай әлемге ақыл көзбен қараса,


Әулиеге ұқсатып кейде тіпті қаласың.


Жазбай жүрсе қиналар айыпкердей жазалы,


Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны.


Мың-миллион ойланып, толғатқанда оңаша


Шапағатты, шуақты жыр туады ғажабы.


Аңсағанда кеудеден әдемі өлең ағылар,


Аптап ыстық сезіммен сүйіктісін сағынар.


Ақындарға ғашық боп мұңаю да ғанибет.


Махаббаттың маздаған шам шырағы жағылар.


Алай-түлей боран боп буырқанар шағы бар,


Аласарса жабырқап күміс моншақ тағынар.


Айналайын, адамдар мейіріммен қарандар,


Өлең жазған әйелдің маңдайының бағы бар!..





Пікір жазу