02.05.2021
203
ЖЕҢЕШЕ
Қалды артта тәтті арман, бал үміт,
Қарттықтың да құба төбел халін ұқ.
Қызғалдақтай Оразкүл ең бір кезде,
Сиыр сауған таң нұрына малынып.
Шаңырағыңа шұғыласын төксе күн,
Ұл-қызыңа бақытты өмір көкседің.
Мәртебесін асқақтатсаң жарыңның
Мөлдір, таза махаббатың тек сенің.
Келініңе ауысқандай гүл көктем,
Немерелер ізгі ісіңді үлгі еткен.
Есіңе алып елжірейсің достарды,
Жас дәуреннің уыз шағы бірге өткен.
Жұлдыздардай көк төсінде самсаған,
Құрметтейді өзіңізді барша жан.
Құшағыңа асығамын, жеңеше,
Кездерімде ауыр ойдан шаршаған.
Албыраған ақ жүзінен әр тайып,
Қалмасын деп қайын сіңілім қартайып.
Жеңешетай, жылы сөзбен жұбатып,
Жүре берші алдымызда марқайып!..