Мойынқұм
Қойнында алтын, мұнай, көмірі бар,
Қазыналы Бетпақдала өңірі бар.
Қайрайсың қайратымды құтты мекен,
Қағажу көре қалса көңілім сәл.
Тарихтың жібімеген мұзы жардай,
Өлкеңде шежірең көп қызығардай. –
Жәнібек, Керей хандар ту көтерсе,
Дауылпаз ақын Сәкен ізі бардай.
Құрсаулы ақ қар, көк мұз елемеген,
Қасиет қонған жерге сене ме екен.
Бостан-бос Байқара мен Ақыртауға,
Ақбөкен, арқар, елік келе ме екен?!
Ар-намыс арғымағың қамшыларда,
Айналар азаматтар тау-шыңдарға.
Ат жалын, нар қомында өзек жарып,
Алғыр жан төтеп берер сан сындарға.
Сексеуіл, баялыш, ши, бал құрақты,
Сүйген соң Жамбыл туған атырапты.
Мәуелі ағашқа ұқсап Жиенқұлов
Мойынқұм бақ жұлдызын жарқыратты.
Жеткізіп Шошақ шөлге бұлақ әнін,
Жайқалтқан Ақбақайға гүл алаңын.
Тарланы таза еңбектің Төлеуханға,
Разы боп берді ме Алла сұрағанын.
Қылышбай, Биназар би ұрпақтары –
Қаһарман батырлықтың жыр бақтары.
Қайрат боп, Жазылбек боп мәңгілікке
Халықтың жүрегінде тұрмақ бәрі!..