02.05.2021
  376


Автор: Шырын Мамасерікова

АУҒАНДАҒЫ АСЫЛБЕКТІҢ МОНОЛОГЫ

Дос таппадық құшақ жайып қарсы алар,


Қайта бізге: “Кетіңдер!” деп жар салар.


Неге келдік, не іздейміз жат елден,


Айтыңдаршы Ауғанда өскен аршалар?!


Айлар бойы моншасыз тер сасып біз,


Кейде апталап қалмадық па азықсыз.


Ауған жерін қорғаймыз деп қаншама,


Жас жауынгер көзін жұмды жазықсыз.


Дұшмандар жоқ бетпе-бет кеп шайқасқан,


Жасырынып олар тауға жайғасқан.


Бақытты екен Қобыланды, Манастар,


Қос жауымен жекпе-жекте айқасқан.


Көрсетпейтін құрған ажал қақпанын,


Сездірмейтін өзі қайда жатқанын.


Елестетер зымиян жау қулығы


Бекежанның Төлегенді атқанын.


Әкем-Асан, асқар тауым, панашым,


Өзіңді ойлап сарғаюда санам шын.


Шер көкірек болмаса екен уһілеп,


Шүберекке жанын түйіп бала үшін.


Аяулы анам пісірмеген жоқ асы,


Тілді үйірер қуырдағы, сорпасы.


Еске түссе шұрқырайды ішегім,


Қазы, қарта, қаймақ, айран, тоқашы.


Сүйіп өскен тау, тас, суын, гүлін де,


Домбыраның күмбірлеген үнін де.


Тұлпары едім мәпелеген Меркінің,


Тозақ көрдім Ауғанға кеп бүгінде.


Көзін ойып, аяқ-қолын балталап,


Кетсе тастап ап келеміз арқалап. .


Ауған тауы - ақырзаман орнатар


Ажал шашқан аждаһадай жар қабақ.


Бірақ хатқа жазғызбайды шындықты,


Айтқызбайды көрген сансыз сұмдықты.


Ең ауыры дұшман сойқан салғанда,


Ата алмаймыз рұқсатсыз мылтықты.


Біздің қанша ұшақтарды құлатты,


Қанша әскерді қапияда сұлатгы.


“Атыс!” деген бұйрық күткен сәт сайын,


Жалған намыс жүрегімді жылатты.


“Соғыс өртін өршітуден ығыңыз,


Кеңес елі - гумманист ел, ұғыңыз.


Сондықтан да оқ атпайды бірінші!” –


Деген антты бұзуға жоқ құқымыз.


Қол байлаулы олар бізді атқанша,


Шыдау керек жанға азабы батқанша.


Бауырларым қыз болғанға қуандым,


Қоғадай боп жапырылып жатқанша.


Нәзипа әкпем және қарындастарым,


Ағайын жұрт, бірге оқыған достарым,


Обалымыз Ауғандағы апатқа,


Быт-шыт еткен іңкәр жүрек жоспарын.


Жиырма жастың жалын атқан шағында,


Махаббаттың балдай уыз бағында.


Алматыда институтта оқушы ем,


Ақ арманым айналғандай сағымға.


Жеңіс дәмін татсам дейтін күресіп,


Тәтті үміттер самал желдей тұр есіп.


Мерт болғанша мағынасыз майданда,


Кетсем, шіркін, ұшқан құсқа ілесіп.


Төрт түлігі өрісінде өретін,


Күн туса егер атажұртты көретін.


Бейбітшілік бесігінде тербелген


Тіршілікті бағалаңдар дер едім.


Ал әзірге дұшман құзға тығылып,


Біз төменде жасырынып, бұғынып.


Күн кешеміз мысық - тышқан секілді,


Кейде тұрып, кейде құлап, жығылып.


Бұйрық келсе шын қуанып қаламыз,


Ашу, ыза буып ойран саламыз.


Құрбан болған жолдастардың кегі үшін,


Аямастан өшімізді аламыз.


Абыройсыз арам жұмыс сияқты,


Арыстардың адал қаны жиі ақты.


О алтын күн! Жаратқанға жеткізші,


Жегідей жер жауабы жоқ сұрақты.


Дос көрмедік құшақ жайып қарсы алар,


Қайта бізге: “Кетіңдер!” - деп жар салар,


Не іздейміз, неге келдік жат жерге,


Айтыңдаршы Ауғанда оскен аршалар?!


Неге осынша мүсәпірміз, пақырмыз,


Неге өлгенше сақтамақпыз сабыр біз.


Неге жүрміз кеудемізден итертіп,


Кімдер үшін отқа түсіп жатырмыз?!..





Пікір жазу