02.05.2021
  181


Автор: Шырын Мамасерікова

ТҰЯҒЫ ЕДІ ТЕКТІНІҢ

 


Шындықты іздеп шыңырауға бойлаған,


Үш күндігін үш жыл бұрын ойлаған.


Шойбек деген ағам менің бар еді,


Әділеттің ақ жолынан таймаған.


Қыран құстай қиядағыны ілетін,


Шежірені бес саусақтай білетін.


Айналасын жап-жарық қып нұр шашып,


Асқар таудай қамқоршым боп жүретін.


Оқ жаудырып жау тигенде батыстан,


Ұлы Отан соғысына қатысқан.


Орден, медаль жарқыратып төсіне,


Аман қайтты қанды қырғын атыстан.


Зұлымдықпен тайталасып, тіресіп,


Ғұмыр кешті арамзамен күресіп.


Содан ба екен алқабына арайлы,


Ізгіліктің самал желі тұр есіп.


Ақылыңды аңсап қанша жұтадым,


Өнегелі ісіңді үлгі тұтамын.


Ақ тілекпен өзің еккен бір кезде,


Жас шыбықтар жайды бүгін бұтағын.


Алты ұлың да ту көтеріп атыңды,


Бауыр тұтар жақын түгіл жатыңды.


Шүкүр, шүкір, табан тіреп келеді,


Халық үшін қызмет қып татымды.


Арманына бұл жалғанда жетті кім,


Аяулы ер тұяғы еді тектінің.


Артына өшпес із қалдырған жайсаң жан,


Жүректерге мейірім гүл екті кіл...





Пікір жазу