02.05.2021
  543


Автор: Шырын Мамасерікова

АЛТЫН КӨПІР

(тарихи хикая)


Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Аспара бауыры сәуірдеп толассыз жаңбырдан кейін белуардан келген қалың шөпке тұнып тұр. Кеде, селеу, жусандар көктем желімен ақырын діріл қағады. Мамырдың осындай шуақты күндерінің бірінде шаңырақ көздеріне гауһар тастар орнатқан, керегесіне манат ұстаған Ноғай мырзаның туырлығы мәуіті он екі қанат ақ орда үйіне төселген түкті кілем үстіндегі қыжым, атлас көрпешелерде үлкен кестелі қос-құс жастықты шынтақтай жатқан Сыпатай батыр Андас бауырының баласы Байбосын мен ағасы Өмірбекке ренжи қарап:


-Жасымда ел қорғаған ер едім, енді үй қорыған шал болдым. Сексен жас аз емес. Қартайып сырт буын болсам да ел-жұртқа қадірсіз емеспін. Бұған да шүкір. Үш әйелім 6 ұл сыйлады, немерелерім, Ахмет, Жаңаділ сияқты шөберелерім де өсіп келеді. Анау жылы ақ патшаның шен мен сыйын алуға бір жағы Андас бауырымның әруағы үшін, бір жағы көңілі өсіп, жер көрсін, ел танысын деп өзіңді жіберген едім. Андасымның балалары -Смайыл, Есқана, Жүндібай, Аққожаларды өз кіндігімнен тараған Ноғай, Ораз, Бірімқұл, Айтқұл, Тоқтағұл, Тоқпанбеттерімнен бөлген жерім жоқ. Әкем Әлібек те өзінің туған інісі мынау отырған Өмірбек атаңды өлер-өлгенше сыйлап, бір-бірінің алдынан қия өтпеген. Осы татулық үзілмей, ұрпақтарымыз ынтымағы жарасқан аталы жұрт атанса деуші ем... Төрімнен көрім жақын шақта Ноғай екеуің Қайындыға барып не бүлдіріп келдіңдер?! - деді ызғарлы дауыспен.


Манадан бері әке алдында жүгініп басы салбырап отырған Байбосын мырс етіп күліп жіберді де, әбестігін түсінгендей тез тыйыла қойды. Оның себебі бар. Сыпатайдың ең үлкен әйелі Әуес бір ұл, бір қыз туған. Ұлы - Ноғай. Ал, Қарабалта жақтағы қырғыз Әлімбеттің ұлына ұзатқан қызынан туған жиені биыл үйленіп, Ноғай екеуі жақында тойына барып қайтқан. Сыпатай десе ішкен асын жерге қоятын қырғыздар Ноғай мен Байбосынды төбелеріне көтере құрметтегенімен Бәйтік досы Ноғайға наздана ащы сын да айтқан:


-“Әкеден артық тудым деген бала сынық сүйем кем туады” дегені рас екен-ау?! Осыдан оншақты жыл бұрын Шу бойында Қаржау деген байға ас беріліп оған қазақ-қырғыздың игі жақсылары түгел жиналды. Ыстыдан - Мажыра, Шапыраштыдан - Шалта- бай, Қасқараудан - Кебекбай мен Ноғайбай шешендер, Құланнан - Алакөз би келді. Сол қазақ-қырғыз қаймақтарының ортасында сенің әкең Шолпан жүлдызындай жарқырап отырса жарасар еді. Олай болмады. Қашан көрсек “шал жіберді” деп екеуің шапқылап жүргендерің. Мүхаммед пайғамбарларымыздың бір хадисінде “Қартайған шағында ата-анасын разы етіп, күтпеген перзент қор болсын!” деп жазылған емес пе?!..


Ноғай:


-Ойбай, әкеміздің ішкені – алдында, ішпегені - артында. Өзің айтқан Мүхаммед пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде: “Әкеге бағыну - Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу - Алла алдында күнәһар болу”, - дегенін естен шығарған емеспіз. Бар деген жеріне барамыз, қой деген жеріне қоямыз, енді не істеуіміз керек?! - деген де:


-Әкеңді жасарт! - деді Бөйтік.


-Қалайша?! Алланың берген жасын шегеруге ешкімнің құдыреті жетпес.


-“Ноғай мырза” дегенге шын мырза екен десек, нағыз сараң бай өзің екенсің. Бес қыздың қалыңын төлесең де әкеңе жас иіс әпер, үлкен той жаса, ат жалын ұстар азаматтығыңды таныт. Қазақтардан қыз таппасаң, біз берейік. Қанай манап, қырғыз Шоңетектің қызы Түлкіні Сыпатайға қосса, әке жолын қуып мен де Әлімбеттің жақын ағайынының 19-20 жасар қызы Дәмеліні ұзатпақ ойым бар. Жас шағында бетіне шыққан шешектен қалған дағы бар демесең, басқа кінараты жоқ. Осы тойға батырдың өзі келгенде, некесін қиып, жетектетіп жіберетін едім, қарашы келмегенін...


-Бәйтік батыр, айтуға оңай, оған қыз көне ме, біздің қара шал не дейді?!


-Әй, Ноғай-ай, немерелі болсаң да ақылың шамалы-ау. Мен қарқаралы қызды көндірсем, сексендегі әкеңе сенің сөзің өтпей ме?!


-Онда қызды көрсет!..


Ордаға қыз шақырылды. Қонақ үйдегі басы артық кісілердің бәрі шығарылып, Ноғай, Байбосын, Бәйтік үшеуі ғана оңаша қалғанда, орта бойлы, қара торы, шұбарлау бетті жиырмаларға келген қарақат көз бойжеткен жеңгесімен бірге кірді. Жүзі төменшік. Ұялғаны керініп тұр. Өзінің Жалаңаш атты ұлымен құралпы қызға не айтарын білмей сасқан Ноғайға Бәйтік көмектесіп:


-Дәмелі, сені ешкім зорлап бермейді. Қиын шақтарда қырғызға дос Сыпатай батырдың баласы Ноғай мырза: “Әкем қартайды, жас иіс қосып жасартсам” деп сені сұрап отыр, қандай жауабың бар? - деді төтесінен. Қыз да үн жоқ, қып-қызыл боп басы төмен салбырап барады.


Ноғай аяп кетті:


-Айналайын, Дәмелі, әкемнің атағы зор болғанымен өзі кәрі, өлмелі шал, ертең көз жұмып кетсе, обалыңа қалмайық, оны да ойлан, - деді.


Қыздың жәйлап:


-Жаманның қатыны болғанша, жақсының жесірі болғаным артық шығар... - деуі мұң екен. Байбосын орнынан атып тұрып, қыздың маңдайынан сүиіп, үстіндегі кәмшәт терісінен тігілген тонын жауып, қолындағы Петербургтен сатып алған алтын жүзігін саусағына кигізді. Жеңгесі қызды үйден тез алып шықты. Сөйтіп ойламаған жерден құда түсіп қайтқан. Осы әңгіме Сыпатай батырға жетіпті. Енді ол бұлқан-талқан болып ашуланып, екеуін жағадан алып отыр. Әкесінен қорқып, Ноғай қашып кетіпті. Байбосын сасып, не айтарын білмей тұрғанда Өмірбек:


-“Тұлпардың өз тұяғы өзіне май” деген, Сыпатай, бір ашуыңды бер! Азар болса күтушің болар. Балалар уәде берген екен, уәде - Құдайдың аты, орындалмаса, ұяттың көкесін сонда көресің. Әрі қыз көніп тұрса, саған не жорық?! Анау әйелдерің қартайды, өздеріне күтім керек, әрі немере-шөберелерінен қолдары босар емес. Тоқал алсаң, көсеуі ұзарып, өздеріне жеңіл. “Шариғатта төрт әйел алуға рұқсат” деп отырушы ең ғой, - дей бергенде:


-Доғар! - деді Сыпатай. - Атасы азса, артындағы ұрпағы қандай үлгі алмақ?! Әкем Әлібек те, өзің де бір ғана әйелден көгеріп отырған жоқпысың!..


-Әке, отыз ұлы бар Абылайдың қанша әйел алғанын өзіңіз жақсы білесіз...


-Сендер аналарыңның көңіліне қарадыңдар ма?! Хан бол, қара бол анадан үлкен емессіңдер, олардың жүректерін жаралап, әкелеріңді жарылқамақсыңдар ма?!..


-Қанай досыңыздың баласы Бәйтік осылай шешіп-пішіп қойған соң қарсы келе алмадық, - деді Байбосын ағынан жарылып.


-Бәсе, мұндай ақыл сендерге қалай бітті десем?!


-деп Сыпатай мырс етті. Өмірбек те, Байбосын да күліп, үйдің іші жадырап сала берді.


Ертесіне ағайын-жұртын жинаған Сыпатай батыр:


-Уа, туыстарым, мынау Байбосын балам қырғыз нағашыларынан “жиенқүлақ” алып қайтама десем, қарт әкесінің жаураған арқасын жылытар жас қызға құда түсіп қайтыпты. Қанша ашулансам да өз қолымды өзім кесе алмадым. Иманды адам әдетте уәдесіне опалы болуы керек. Әрі түбіміз бір қырғыз бауырларымыздан безіну беделімізге нұқсан. Әйтпесе, немересіндей кең етекке көз салар желікпе, әуейі шалың мен бе?! Шақшадай басым шарадай боп тұр, “Көптің ақылы - көл” деуші еді, сіздер не айтпақсыздар?! - деді.


-Әке, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін даналығыңыз қайда?! Бәйтік батыр мен Байбосын ағаны жерге қаратып, уәдесінен тайдырғанда, атақ-даңқыңызға мін келмесіне кепілдік бар ма?! - деді Тоқпанбет баласы тоқ еткізіп.


Сыпатайдың үзеңгілес достарының бірі құдайғүл Тұрлыбай:


-Батыр, ердің екі сөйлегені - өлгені. Сіз бен біз қолымыздан келгенше халқымызға қалтқысыз қызмет еттік, ендігі кезек жастардікі, Ноғай мен Байбосын өздері бастаған ісін өздері аяқтасын. Екі ұлттың, екі жұрттың татулығын тереңдете түсердей той-думан өткізсін. Ертелі-кеш мал соңында салпақтаған бақташы қарашаң да ән-күй тыңдап, түрлі ойын-сауық думаннан бір серпілсін. Рұқсат бергеніңіз жөн, - деуі мұң екен жиналған ағайындар:


-Тұракең дұрыс айтады! - Балалардың сағын сындырмаңыз! - Құрсаулы жау мен қаһарлы жолбарыстан қаймықпаған батырдың қыздан қашқаны жараспас! - Ноғайдың әкесіне деген құрметін жұрт көрсін!


-Қазақ-қырғыз айта жүрер тамаша той өтсе, шіркін!... - деп шулап қоя берді. Сыпатай оларды қолын кетеріп тынышталдырды да:


-Жарайды, енді он шақты күннен кейін өтетін тойға дайындала беріңіздер!.. - деп, ауыр күрсінді де:


-Тұрлыбай, өзің бас болып, Ноғай мен Байбосынды ертіп, сәрсенбінің сәтінде жеңгелеріңді Аспараға алып келерсіздер... -деді.


Сөйтіп батыр ауылы той жабдығына қызу кірісіп кетті. Екі елдің алдында, әсіресе, Жетісу өңірінің әулие, пір тұтататын қасиетті қарт әкесі алдында, үлкен жауапкершілікті сезгендей Ноғай мырза намысқа тырысып, қалың малға 100 тайлақ, 1000 қой айдатып, бас құда Бәйтікке киіт деп тайтұяқ күміс жамбы апарды. Қырғыздар да жомарттық танытып, қарымтасын асыра 5 үй тігіп, 40 түйе арттырып, 7 ат мінгізіп, 25-тен жасау жасап Дәмеліні ұзатты.


Қалыңдық келгенде Аспараның баурайындағы аумағы 20 шақырым көк майса жазыққа мың ақ үй тігіліп, алтыбақандар құрылып, таңның атысы, түннің батысы ақын-жыршылардың тасқындай сапырылған ән-жырлары бір толастамай шырқалып жатты. Құмырсқадай құжынаған халықта ес жоқ. Тойда ат шабыс, аударыспақ, көкпар тарту, теңге ілу болды. Қосанның ат құлағында ойнайтын 18-19 жасар ұлы Ақкөздің осы


тойда бағы жанды, аударыспақ пен теңге ілуден қазақ-қырғыздардың бәрін жеңіп, бас бейгеге қалы кілем жапқан атан түйе алды. Ақкөздің ерлігіне, жүректілігіне тәнті болған Сыпатай батыр:


Бұзауға ғана ұл болма,


Алты алаштың ұлы бол!


Алланың адал құлы бол!


Ел басына күн туса,


Қол бастайтын пірі бол! - деп бата берген.


Ат майын, ас суын бір-бірінен аямайтын қырғыз- қазақтың алпыс мыңға жуық адам қатысқан дүбірлі үйлену тойынан кейінгі құдаларды шығарып салу рәсімі кезінде Бәйтік батыр Сыпатайға:


- Аға, әкем Қанайға үнемі “Екеуміз де Тілеубердінің баласымыз” деуші едіңіз ғой. Мені Ноғайдан кем көрмес деп, әрі Алланың рақымы жауған Сіздің ақ батаңызды алғым келіп осы шаруаға көптен дайындалған едім. Сіздің ашуланғаныңызды естіп, көп қиналдым. Әкемнің тірі кезінде қадіріне жеттім бе, жетпедім бе оны бір құдай біледі. “Алланың ризасы -әке-шешенің ризалығында” дегенді негізге алып, хазірет пайғамбарымыздың “Жақсылықтың ең жақсысы - әкесінің орнын басқаннан кейін әкесінің достарының үй-іштерімен қарым-қатынасты жалғастыруда” деген өсиетін орындамақ болын, әкемнің жан досын шат-шадыман разы етсем деген ізгі ниетте едім, артық кетсем айыпқа бұйырмаңыз, - деді ізетпен. Сыпатай ойланып қалды. “Қыраннан қыран туар жарқылдаған”, - деген осы-ау, қарашы қандай терең! Бәйдібек бабамның Жарықшағының шын аты Тілеуберді болған соң, Қанайдың әкесінің аты да Тілеуберді екенін жамылып, талай рет осылай әздегенімді текті сәби кішкентайынан зердесіне тоқып өскенін көрдің бе?! Иә, болар бала - боғынан... Ал өзім ше?! Мынау жарық дүниені сыйлаған әкемді шын шаттандырған кезім болды ма?!.. Жүрегі шым ете түсті. Бәйтікке тесіле қарап:


-Қарағым, Бәйтік! Әркім өз әкесінің алдында борышкер. Сен перзенттік парызыңды адал атқарған асыл азаматсың. Әкең: “Ұлым өзімнен биік болса екен!” - деп көп армандаушы еді. Тәңір тілегін берген екен. Кейде жетелеп жеткізген шикі өкпемізге үнемі бала деп қарайтын жаман әдетіміз бар, сонымыз қате. Расында Алла-тағала ата-анаға жақсылық істеуді уағыздаған, әке-шешесін ренжіткен, қарсы келгендерге қаһарын төккен. Сен соны мықтап түсініпсің, үлкен рақмет! Енді осы ізгі қасиетің ұрпағыңнан өріс тапсын. Алла-тағаламыз, құдыреті күшті құдайымыз қартайғанда саған да қуаныш сыйлап, құрмет ететін біреуді пайда қылсын, аумин! - деп бетін сипап, құшағына алды да:


-Тек, әйел әперіп қуандырам деу-әбестік, халқыңның көңілінен шығатын қайраткер, қалаулы ұлы боп өссең ғана ата-ананың арманы орындалатынын ұмытпа!.. - деді тағы.


Бәйтік балаша тебіреніп, Сыпатай батырдың қолын жібермей қыса түсті. “Әкесін аңсап, әбден сағынған-ау, шамасы”, - деді Сыпатай ішінен. Бәйтік батырдың кеудесі әлем-топырақ боп қызып кеткендей. Жүрегі аузына тығыла дүрсілдеп, көзіне жас үйіріле бастады. Қайран Алатаудай асқар әкем! Сыпатай батырды қандай сүюші едің?!.. “Жас шағымызда Алатауда аң аулап жүріп, Сыпатайдың жолбарысқа жолығып онымен жалғыз арпалысып, өлтіргенін өз көзіммен көргем. Әйтпесе, азулы аң патшасы мені де жарып кетер ме еді, кім білсін?! Әй, қоқи, мұндай көзсіз батыр, жаужүрек жан енді тумайтын шығар?!”-деп тамсана мақтағанын талай естігем. Сексеннің сеңгіріне көтерілсе де бойы тіп-тік, қайратты, қайсар қалпынан өзгермеген, сүйегі асыл жанның ақыл-парасатқа толы от жанары, дана өсиет сөздері баурап барады. Темір өзек пенде жоқтығын сезінген сайын Сыпатай батырды қартайғанда бір қуанышқа бөлеп, әке қарызын өтесем дейтін Бәйтік: “Қазақ-қырғыз арасындағы алтын көпірдей ел бағына туған батыр аға, аман жүрші әрдайым!” - деп қимай қоштасты.





-Қалқам, шөлдеп тұрғаным, қымыз берші, - деді Сыпатай қонақтар кетіп оңаша қалған Дәмеліге бұрылып. Ұзын қос бұрымына тағылған күміс шашбауларына сыңғырлай қозғалған Дәмелі оймыш текеметтерге төселген аю, жолбарыс, қасқыр терілерінен иленіп төселген жұмсақ бөстектерді жайлап басып, әшекейлі қызғылт торсықтағы уыз қымызды баппен шайқап, көк зереңге шөпілдете толтырып батырға ұсынды. Қолдары діріл кағып, қымызды төге жаздады. Сыпатай құшырлана жұтты да, босаған сырлы тостағанды қайта ұсынып тұрып, Дәмеліге алтын бауы бар гауһар тас сыйлады. Таза, мөлдір гауһардың ішіне Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген орны қасиетті Меккедеп Жүсіп сарайы бейнеленген екен. Қыздың ерекше куанғаны көрінп тұр, тасты ерніне тигізіп, маңдайына апарып тәу етті де:


-Батыр, маған сіздің тасыңыз емес, қазақ-қырғыздың ай серкесі атанған алтыннан қымбат өзіңіз керексіз, - деді іңкәр әлсіз дауыспен.


Үш күнге созылған ұлан-асыр той үстінде де кейін молда шақырылып некелері қиылғанда да жанарын көтерместен ләм-мим деп үн қатпаған. Бірақ батырдың әккі көзі қыздың отырысы мен жүріс-тұрысынан-ақ үлкен едептілік пен тектілікті байқап қалған, жорамалы алдамапты. Дәмеліні бауырына тартып құшып, аймалап сүйіп еді, қыздың бүкүл денесі алаулап, ып-ыстық, оттай балбырап, жанып тұрғанын көрді. Жіңішке белі тал шыбықтай бұралып тұрған жас қызды тік көтеріп, ақ жібек шымылдық құрылған сырлы ағаш төсекке ақырын отырғызды да:


-Дәмеш, сәуірдің көшкен қара бұлтындай өмір тез өтеді екен. Алтын көземен шарап ішетпі кезде емес, тағдырдың мені мазақтағандай қаусаған шағымда бақыт құсын қолыма әкеп қондырғанын қарашы, өттең


дүние-ай, неге ертерек тумадың екен?!..


- Онда мен бәлкім Сізге ғашық болмаған болар едім, мүмкін үйленбес едік.


- 80-дегі шалды бойжеткендер ұнатады дегенге сенгім келмейді, жалған сөйлегендерге жаным қас, - деп батыр орнынан тұрып кетті.


- Сіз көптің бірі емессіз, батыр аға! - деді Дәмелі наздана, -Мен сізді алғаш рет 1853 жылы 10-11 жасымда Сарбағыштың Орман ханының асы кезінде кергенмін. Сіз түсетін ақ боз үйге қымбат кілемдер төсесіп, көз нұрын алар алтын жіппен кестеленғен құс жастықтарды қойысып жүріп, атағы жер жара аңыз болған қазақ батырын көруді шын армандағам. Қасыңызға ерген орта бойлы, жылдам қозғалатын қызыл шырайлы бір кісімен Сіз келгенде Сарбағыш, Саяқ, Бұғы руларының кілең жас келіншектері қаз-қатар тізіліп тұрып, иіліп сәлем бергені есіңізде шығар. Солардың ішінде мені туған анамдай тәрбиелеген Бермет жеңешем де бар-тұғын. “Сыпатай батыр ғана емес, көріпкел, әулие кісі. Таудай дауға тарыдай түйін айта білген ақылгөй абыз, қызырлы бидің батасын алған- дардың бағы жанады”, - деп отыратын Бермет жеңешемнің қасымда тұрған менің шашымнан сипап, күлімсірей;


-Тілектеріңе жетіңдер! - деп үйге енген едіңіз. Содан бері есімнен бір шыққан емессіз...


Сыпатайдың есіне енді ғана түсті. Иә, иә, ысты Бөлтірікті арқалы жиынға ертіп бармақ болғанда, өкпешіл туыстары жақтырмай:


“Жатырлас туысыңнан жалғыз атты кедей жақын ба?” - деп қызғана шулаған шақта. Сыпатай:


- Отынды отын демеңіз,


Жылытады үйіңді.


Кедейді кедей демеңіз,


Келтіріп жүрген күйіңді.


Қаптаған қалың Дулаттан,


Бөлтіріктің жалғыз өзі тиімді! - деген еді-ау.


“Ерді ер таниды” демекші, өзінен он жас үлкен болса да құрдасындай сырлас, бауырындай жақын, өз қатарынан ешкімнен жеңіліп көрмеген, “Жеті жарғы” атанған Бөлтірік шешен келесі жылы өмірден қайтқан. Қазақ жеті тосқауылдан сүрінбей өтетін тұлпарды осылай бағалайтын. Өтпейтін өмір, өзгермейтін заман жоқтығын дәлелдегендей, кеше ғана жұптары жазылмайтын асылдың сынығындай қимас Бөлтірік досының дүниеден кеткенше де біраз уақыт өтіпті. Сыпатайдың ойына перзенттерінің ішіндегі ең асылы, жолбарыс жүректі, нар тұлғалы, дана баласы Ораз түсті. Орда бұзар 30 жасында мерт болған, қараса көз тоярдай сұңқардай сүйікті ұлын қара жердің қойнына қимай бес күннен бері қайғы-қасыреттен белі бүгіліп бүк түсіп, сұлқ жатып қалғанда, жәдіктің Бопы деген батырын ертіп кеп, Сыпатайды орнынан тұрғызған да осы Бөлтірік болатын. Бәрі есінде, сонда Бөлтірік:


-Батыр, Алланың салған салмағы қара тастай ауыр болса да, тек шүкіршілік жасап, тәуба десең тарыдай боп жеңілдік келеді деп отырушы едіңіз ғой. Үйімнен шыққанда қайғыңызды естімеп ем, тек қазақ- қырғыздың төбе биі Сыпатайды әдейі іздеп шыққан болатынмын. Кедей екенім рас, дегенмен анам мені де қалжа жеп асыраған еркек тоқтысы емеспін бе? Елден жасырған бармақтай алтыным бар-тын, осыдан 2-3 жыл бұрын өзіңізбен Аспара баурайына аң аулап барғанымызда жоғалтып ап ішқұса боп жүруші едім, соны мынау Бопы тауып алып бермей жүр. Қайтем, қайғыңыздың үстінен шығыппын, енді бұл өлсе де бермес, - деді мұңая күрсініп. Сыпатай жайлап Бопыға қараса, ол: “Батыр, егер мен тауып алмасам, ол қайтер еді, кімнен даулар еді, мал - баққандікі, жоғалған - тапқандікі, өлсем де бермеймін, өзімдікі!” - дейді міз бақпастан. Сыпатай қатты ашуланып: “Әй, қызталақ! Не оттап тұрсың?! Тапқан қуанады, таныған алады. Бер затын иесіне!”-деуі мұң екен, Бөлтірік:


- Батыр, Ораз да балаларыңыздың алтыны еді. Тәңір Сізге ұл сыйлағанда Сіз де қуандыңыз, ұлды болдыңыз. Енді Тәңірі берген ұлын қайтадан танып өзше алғанда, неге зорлық қып қайтармай отырсыз?! Құдайға қүпірлікті Сіз жасасаңыз, басқаға не дауа?!-деп басу айтқан. Сонда Сыпатай:


-Қап, Бөлтірік, ұят болған екен! Менен бір білместік өтіпті, құдай да, ел де кешірсін мен бейбақты!- деп орнынан тұрып, ұлын жерлеуге рұқсат берген-тін. Қиял құшағында тұрған Сыпатайдың ауыр ойын Дәмелінің көңілсіз күрсінгені бөлді. Қарт батыр еліктің лағындай үлбіреген қызға жылдам бұрылды да:


-Қалқам, аспандағы ай ілескен жастық шағымды еске салған өзің ғой, ренжімеші, - деп көңіл құштарын қандырар ақ уыз жұпар иіс балауса гүлдей нәзік аруды аса бір іңкәрлікпен бауырына басып аймалай бастады. Ұяттан өртене үздіге шыққан бойжеткеннің ғашықтыққа толы балдай тәтті шырын сөздері мен оттай ыстық балғын денесі Сыпатай батырдың басын бір сәт айналдырып, бозбала шақтағы масаң сезімге бөлегені ақиқат-тұғын. Өзін шын беріле сүйген ынтызар пәк жүректің алаулаған жалынына шарпылған мезетте қарт батыр да, арманына қолы әрең жеткеніне әлі де сеніңкіремей әдемі түс көргендей есеңкіреген періште қыз да ақыл-естен айырылғандай ғажайып күй кешті...


Ертесіне батырға сәлем беруге кірген үзеңгілес достары Тұрлыбай мен Тілеуберді, ағасы Өмірбек, ұлдары Ноғай мен Бірімқүл, Тоқпанбеттер Сыпатай батырдың жайшылықтағы қаһарлы, суық, қарасұр жүзі балбұл жанып, 40-тағы қамал бұзар жігіттей жайраң қағып отырғанын көріп таңқалысты. Әсіресе, Ноғай мырза сүйікті әкесін шаттыққа, қуанышқа бөлеген Тәңірге, Бәйтік досына, Дәмелідей аруға мың- миллион алғыс


айтқан шығар. Қатал әке мен кінәмшіл ағайын алдындағы үлкен жауапкершілікті көңілдегідей өткізгеніне көзі жеткендей бойы жеңілдеп сала берген Ноғай “Уһ!” деп, іштей шүкіршілік жасады.





Өмір - өзеннің ағысын тоқтатар құдыретті күш жоқ. Қалжаға сойылған қойдың сүбесіндей сөгілген күндер өтіп жатыр. Кеше ғана тойы дүрілдеп өткен Дәмелінің келгеніне де бес айдың жүзі толыпты. Аяғы ауырлағалы келіншектің көңіл-күйі онша емес. Ішкенін құса береді. Осылай туғанша қиналатындарды аталарымыз “ит жерік” дейтін көрінеді. Жап-жас қыздың әп-сәтте арықтап, жүдеп, бет ажары торғылданып, жиі ауырып жата бергенінен секем алған Сыпатай:


-Дәмеш, перзентсіз емес ем, асылық айтсам Алла өзі кешірсін, алжасар шағымда менен кім тумақ дейсің, көз қуанышым боп қызғалдақтай құлпырып қасымда отырғаныңа-ақ шүкіршілік етер ем... - деді бірде мұңайып.


-Қасқа айғырдың баласы ең болмағанда төбел туар деген. Сіздей асылдың тұяғын әлпештеп, мәпелесем деп армандаушы едім, қуанышыма су сеппеңізші... - деп жымиған келіншегше ойлана көз тастап; “Қап, қысқа тілек тілеуін қарашы, жалғыз перзентпен тоқтамаса не қылсын?!..” - деп іштей өкінді. Батырдың көңілсіз күйіне үңілген Дәмелі: “Төбесіне тау құласа да шыдаған, бала үшін бауырын отқа күйдіріп, оққа төсеген ер жүрек елдің қызы емеспін бе, әрі “апай төс, атан жілік” атанған азамат Алланың қаһарына ұшырай қоймас. Мен сізге арыстандай ұл туып берем”, - деді масаттана нық сеніммен. “О, Жаратқан ием! Жастықпен айтқан бар астам сөзін кешіре гөр!” -деп Сыпатай қолындағы тәспісін күбірлеп тарта бастады. Айнала тым-тырыс. Тәспіге тесіле қараған келіншек осыдан он шақты жыл бұрын көрген түсін есіне алды. Дәмелі Қанайдың немересі Бедер батырдың қызы-түғын. Пішпек маңындағы ұрыста Бедер батыр Наурызбаймен жекпе-жекте қайтыс болған. Әкесінің қып-қызыл қанға оранып өлгенін өз көзімен көрген бес жасар қыз шошынғаннан тілі байланып қалған. Бұрыннан да сырқат анасы күйеуінің қайғысын көтере алмай көз жұмған соң, Дәмелі әкесінің бауыры Бошқайдың қолында тәрбиеленген. Қаншама емші-тәуіптерге, молдаларға қаратқанмен қыз жазылмады. Тек екі-үш жылдан кейін Таластан келген Жұмақұл атты бақсы әйелден соң аздап тұтығып кекештене сөйлей бастады. Қолында көтерген қара қобызы бар қара торы мосқал әйел үйге енісімен екілене ақыра сөйлеп:


-Манас бабамның әруағы аяқ-қолымды жерге тигізбей осы үйге қуып әкелді. Кім ауру, айтыңдар?! - деген.


-Әжеке, сырқат адам жоқ. Тек мынау мылқау қыз болмаса. Бұрын сөйлейтін, айтқаныңды түсінеді. Анау қанды соғыста сорлы бала әкесінің өлгенін көргелі тілден қалды. Талай емшіге көрсеттік, дауасы табылар емес, - деп Бермет жеңешесі бақсының асты-үстіне түсіп төрге отырғызып, дастархан жайды. Сөйтіп бақсы емдей бастады. Бір қызығы бақсы күнімен ұйықтайды да, түнімен қобыз тартады. Деміл- деміл шәй сұрап ішеді. Кейде қобызға өзі де ыңылдап қосылып, жанарын жұмып отырып, Аллаға, 124 мың әулие-әнбилерге, 99 мың машайық пен 88 мың сәруарға, Мұхаммед пайғамбар, Умай ана, Манас бабасының әруақтарына жалына сыйынып дем салатын. Әр дем салған сайын қолындағы қара қамшымен қыздың арқасына жәйлап 2-3 тартып, “суф-суф!” деп бетіне үрлейтін. Алғашында қамшыдан сескенгенімен бара-бара еті үйреніп, қобыздың жан дүниеңді елжіретер зарлы шерге толы сарнаған нәзік үніне елітіп қыз да ағыл-тегіл боздайтын. Арқасына қамшы тиген сайын жаны жәй тапқандай рақатқа бөленіп, тәтті ұйқыға шоматын. Осылайша 7 күн емдегеннің ертесіпе Жұмақұл Дәмеліге:


-Қызым, сен де түнде тамаша түс көрдің ғой, соны айтып берші, - деді. Дәмелі аң-таң, шынында түс көрген, оны қалай білді екен?!.. - 0-о-ны қ-қ-қай-д- дан б-б-біл-д-ді-ң-ңіз?!..


Үйдің іші шу ете қалды. Жұмақүл зекіп:


-Тынышталыңдар! Дәмелі бізге қазір көрген түсін айтып береді, - деді.


Қыз енді аңғарды, бұрын естігенімен сөйлей алмаушы еді, жаңа ғана өз ойын дауыстап айтты. Енді сөйлейін десе, тілі тағы күрмеліп тұр. Қозғалар емес.


Жұмақүл:


-Қызым, қорықпа, сен түнде көп сейлеп жаттың, түс көрдің. “Ата, маған бір қылышыңды берші? – деп анық айттың, кімнен сұрадың, ол берді ме?!” - деді. Дәмелінің бәрі ойында тұр, айтқысы келді:


-Т-т-түс к-к-көр-д-д-дім. Ү-үл-к-кен қ-қ-қа-ра ш- шал б-бір қ-қ-қы-лыш б-б-бер-д-ді...


-Ол шал қай жақтан келді? Жалғыз ба, қасында біреу бар ма?! - деп сұрады Жұмакүл қызды сөйлеткісі кеп. Дәмелі батыс жақты нұсқап:


-Екі адам атпен келді, үлкен қара шалдың көп қылышы бар екен, біреуін сұрап алдым, - деді қыз зорға кекештене тұтығып. Бақсы үй ішіндегілерге бұрылып:


-Көрдіңдер ғой, қыздарың сөйледі. Әлі-ақ әдемі шешен сөйлейтін болады. Бойжеткен соң күн батысқа тұрмысқа шығады, он балаға татитын жалғыз ұл туады екен, - деуі мұң екен, Дәмелі: - “Б-б-б-ба-ла т- т-ту-м-майм!” - деп ашуланып жылап жіберді. Ал үйдің іші қыздың сөйлегеніне мәз. Қара қойды құрбандыққа шалып, құран оқытты, тәуіп әйелдің астына ат, үстіне қасқыр ішік жапты. Орманханның асына Сыпатай келгенде сол түсіндегі қара шалды қайтадан көргендей ұқсастығына таңырқап қатты қайран қалған. Ал батыр қасына келіп, шашынан сипағанда, шүйде тамырлары шымырлап, бырт-бырт үзілгендей күй кешкен. “Бәлкім, басым айналып жатқан шығар, құлап қалмайын”, - деп үрейленген қыз жеңгесінің білегінен тас қып қысып ұстап алған-тын. Сыпатайлар үйге кіргенде, Бермет Дәмеліге:


-Білегімді езіп жібердің ғой, не болды сонша?! - деп ренжігенде:


-Жеңеше, кешіріңізші, басым айналғандай болды, - деп мүдірмей жеп-жеңіл жауап берді.


-Не дедің, қалқам?!..


-Білмеймін, желкем мен шүйдем шытырлап кетті...


Тағы да ап-анық сөйлеп тұр. Бермет шаттанғаннан алақайлап:


-Айттым емес пе, Сыпатай әулие, қасиетті кісі деп, қарандаршы, қызым кекештенгенін қойды, - деп, Дәмеліні құшақтап аймалағаны есінде. Тілінің мүкістігінен, жас шағында шешектен қалған бетіндегі дағынан ұялып, балаларға қосылып ойнамай, бұйығы өскен қыз содан бері Сыпатайды пәк сәби көңілімен шын сүйетін. Батырдың ерлік істері, көсемдігі, қара қылды қақ жарар әділдігі жайлы әрбір аңыз әңгімелерге құлағын түріп, құмарта ұйып тыңдайтын. Солто руының басқа қырғыздардан беделі артып жұлды- зы жарқырауы Қанай мен Сыпатай достығының арқасы екенін Байсейіт, Бошқай, Бәйтік аталарынан талай естіген. Әсіресе, 1819-1821 жылдардағы Сарбағыштармен болған қақтығыстарда Сыпатайдың мүйіз жүрек, құрыш білек Андас, Тұрлыбай, Тілеміс, Шайкөз сияқты батыр жігіттері солтоларды жақтап, сарбағыштардың сағын сындырып, тізе бүктірген.


Иә, сол қантөгісте 43 жасар Андас батыр шейіт болғаны, оған Қанай атамыздың Қара Балта жақта соққан зәулім күмбезі барлығы, ал Қанай қайтыс болғанда Сыпатай да айшылық алыс жердегі орыстың Астрахан шаһарынан үш жүз түйеге күйдірілген ақ кірпіш алдырып, үлкен ескерткіш мазар тұрғызғанын да екінің бірі біледі. Тәспісін тартып болып, бата жасап қол жайған Сыпатайға қосыла бетін сипаған Дәмелі:


-Батыр, Қанай атам жайлы айтып беріңізші, - деп өтінді.


-Дәмеш, асыл адам да, асыл зат та жоғалады, тозады, тек ізгі іс, ерен ерлік қана мәңгі жасайды. Артар жүкке шыдайтын, тартар бейнетке төтейтін кәтепті қара нар еді ғой Қанай... Ауасы шипа, шөбі дәрі, жусаны төсеніш, әр өзені мен әр шоқысы шежіре жыр Алатауға бүйідей тиген қалмақ, арабтарды баудай түсіріп қырған қаһарман қырғыздардан қалған сарқыт емес пе еді Қанай... Несін сұрайсың менен?! - деп Сыпатай тиып тастады. Ернін тістеген Дәмелі батырдың жанды жеріне тиіп, ашуландырғанын байқады. Шындығында Сыпатайдың осынау жалған фәниде көзінің ағы мен қарасындай екі досы болса, бірі -Қанай, екіншісі Бөлтірік шешен еді. Қазір екеуі де жоқ.


“Жақсылар өлмес болсайшы


Жамандар қурап солсайшы”, -


деп жырлаған күміс көмей әнші, ақын, шешен Бөлтірік ат үстін әдемі меңгерген шабандоз да еді-ау. Бірде қырғыздың наурыз тойына ертіп апарғанда, өнеріне бүкіл көрермен қауым тәнті болған. Ұстараның жүзіндей лып етіп, қас қаққанша аттың мына бауырынан түсіп, ана бауырына шығуы, шауып бара жатып теріс қарап отыруы, ер үстінде тікесінен тік тұрып шабуы және жолбарыстай атырылған жүген-құрық тимеген асау құнанды ұстап мінуі тойға жиналған қалың қырғыз бен қазақтарды түгел таңдай қақтырған. Жүлдеге берілген 50 жылқыны түгел Қанай батырға тартулап: “Көгеніне береке дарытқан бай емес- пін, бір табысымды саған байладым”, -деген күліп. Оның көзі көптен Қанайдың Шабдалторы бәйгі атына түскен болатын. Қанай сезсе де білмексіп, қимай жүретін, енді шегінерге жол жоқ, достың көңілі бір атым насыбайдан қалатынын, әрі алмақтың да сал- мағы барлығын түсінген Қанай “бәйгеңіздің көрімдігі” деп немересі Байсалдың бақырын жылағанына қарамай, Шабдалторыны Бөлтірікке мінгізіп жіберген. Достыққа адал Бөлтірік Кенесары ханның қырғыздарға шабуыл жасайық деген мәжілісінде:


-Шыңғысханның жиені,


Жаға берме күйені,


Ашуы қатты қырғыздың


Жұдырығы тиеді! -


ден шығын кеткенде, патша сарайындай сәулетті ханның айшықты әсем ақ ордасы күңгірт тартып сала берген. Алтын, жібек жіптермен безендірілген үш құс жастықты шынтақтай, көз жауын алар қалы кілемге төселген қаз мамығынан жасалған жұмсақ Бұқардың атлас көрпешелерінде отырған Кенесарының оқтай өткір жанары ызғар шаша:


-Қойдың құйымшағы мен ешкінің сирағын ойыншық еткен бала өскенде тұштақай, тұрақсыз болады деуші еді. “Есекті жүгендегенмен жылқы болмас” деген осы да, бақтиярлап жауға түсер, алдиярлап дауға түсер үйсіндердің ақсақал көсемдерінің түрін қарашы... - ден зілденгенде, Сыпатай:


-Қазақтың 26 қаласын, әлемнің 900 қаласын қиратып құрдымға жіберген көк тәңірі Шыңғыстың ұрпағымын дейсің-ау?! Басқасын былай қойғанда Отырардың өзінен 35 мың адам жер жастанған жоқ па?! Хазірет Пайғамбарымыздың өзі Меккеге кірерде әскер- леріне: “Әсте қан төкпеңдер, қарулы қақтығысқа бармаңдар!” - демеп пе еді?! Адам қаны су емес ағатын. Бауырына қол көтерген оңа ма?! - деп дауласа бастап еді, бағанадан бері үнсіз отырған Байзақ датқа шыдамай:


-Сыпатай аға, Отырарды басқарған Қайырхан ата-бабаларының аманаттап кеткен ұлан-ғайыр даласын дұшпанға таптаттырмағаны үшін қайнаған қорғасынға тұншықтырылып өлтірілгенін бәріміз жақсы білеміз. Кеше сыналап келген орыс мұжығы бүгінде сүйемдеп ішке еніп барады. Ертең төр менікі демесіне кім кепіл?! 


Еліне қорған, жеріне пана болсам деп, алмағайып күн кешкен ер Кенекеңе қарсы шығу - елге, жерге қарсы шығу емес пе?! Албасты аждаһадай орыс патшасына бірігіп қару кезеніп қарсы тұрайық дегенге тілі, діні бір қырғыз туыстарымыздың бопсаға шыдамайтын бүркеміктік танытқаны несі?! Туйе жапырақтың көлеңкесіндей қырық құбылатын шақ па қазір?! Алла ғана үстем, оның барлық нәрсеге күш-қуаты жетеді. Құдайға ғибадат еткен, намаз оқып, ораза тұтып, Жаратқан Иеге бой ұсынған күллі мұсылман қауымы бір тудың астына жиналып, ұрпағымыздың санасын улап, жерін тулақ етуден сақтау үшін кәпірлерге соққы бергеніміз жөн. Хан жарлығын екі етуге болмайды, - деп тоқтам жасатты.


“Соғыс мақсаты - айқасып өлу емес, еліңді аман сақтау емес пе?! Бір күн болса да тыныштық орнаса, арқамызды күшті мемлекетке сүйесек, қытай-қалмақтарға жем болмас едік... Тұғырына саңғыған сұңқар оңа қоймас”, - деп іштей күйзелген Сыпатай айтар уәжі дайын болса да, хан алдында ағайын інісімен тәжікелесіп бет жыртысуды әбес санады...


Қайран, Қанай! Сыпатайға Аспара баурайын бергені үшін сарбағыштың манабы Таштанбек Атекеұлы. “Кірмелерге жем болдың!” деп айып таққанда:


-Кірменің кім екенін алғаш өзің біліп алсаң болмай ма?! Құрығың жеткен жердің бәрі қырғыздікі деп пе едің?! Шындап келсе нағыз кірме Сізсіз. Осыдан мың шақты жыл бұрын саяқ пен сарбағыштар қытайдың қысастығына шыдамай Алтай-Саян тауларынан ауып келгенде Үйсін бауырларымыз Шапыраштының Ыстық деген баласының қонысы Барсыған көлңілің маңайын мекендеуге жағдай туғызыпты. Ыстық жайлауы, Ыстық қыстауы, Ыстық ата арасаны бар Барсыған көлі де бара-бара “Ыстық көл” атанғаны өтірік емес. Қазақ-қырғыздың түбі бір адамнан тарағаны шындық, бөлінгенді бөрі жейді, - деп аузын аштырмаған. - Сыпатай өзінің ата-жұртына келпі отыр, себебі мынау Аспара тауларындағы қалмақтың баудай түсіп, топалаң тиген, қойдай қырылған жері “Ойранды” аталуында үлкен сыр бар. Ықылым замандағы қытайлармен соғыста қазақтардың да көп қырылып, оларды жеңген жер “Көржайлау”, “Молалы” болуы Дулаттардың бабасы Қараша ханнан бастау алады, - деген еді-ау ескі көз еренім. Қайран, Қанай! Шыбық сындырып, төс түиістіріп, бір кесе қымызға саусақтарымыздан аққан қанды тамызып, тең бөлісіп ішіп достасқан едік. Шыбықтай сынып көз жұмғанша сертке берік серкем, адалдығынан айнымаған арысым, кейінгі ұрпақтарымыз да екеуіміздей бауырмал тату боп, ынтымақтары жарасып, достықтың алтын желісін үзбей өтсе, шіркін! - деп қиялдаған қарт батырдың ойын;


- Батыр үйде ме?! - деген құдайғұл Тұрлыбайдың даусы бөлді. Дәмелі есікті ашып, қонақты үйге кіргізді. Жас келіншекке сынай көз тастаған Тұрлыбай


- Батыр, есіңізде ме, ыстының Қуандық атты ақыны Дәмелінің үйлену тойында:


-Жеңеше, қыдыр қонсын үиіңізге,


Қошқардай ұл сыйлаңыз биімізге.


Есік той әр жыл сайын бесік той боп,


Қырғыздар қонақ болсын жиі бізге! -


дегені, ақын тілегі першіте құлағына шалынған-ау, шамасы, тоқалыңыздың іші томпайып қапты, - деп әзілдей күлгенде:


- Қамқорым, қалжыңыңды қоя тұр. Адам бойындағы ең ұлы қасиет - мейірім. Мейірім бар жерде, махаббат та, достық та, бауырмалдық та болады. Анау жылы Қоқан ханы Құдиярдың зынданында алты ай жатқанымда да отбасыма қарайласқан қамқорым едің, қазір де жәрдеміңе зәрумін. Көріп тұрсың, Дәмелінің аяғы ауыр, тау бүлдіргенін жегісі келеді. Күздің қара суығында оны табу оңай ма?! Балаларды, малшыларды жіберсем өсек-аяң боп кете ме деп қаупітенем. Атың былғанса, асыл сөзің де өте бермейді. Адам жұмақты да, тозақты да өзіне өзі жасайды. Қазақтың өсек-аяңынан асқан тамұқ жоқ. Екеуміз бой жазған боп, атқа қонып алып келейік, - деді. “Бетіне дұшпан қаратпаған айбынды батыр қартайған шағында әйелдердің әзәзіл шаншу сөздерінен қашқаны-ау”, - деп ойлаған Тұрлыбай батырға үнсіз ерді. Екеуі тау шатқалындағы қой бүлдіргенін бір тостағандай теріп болған соң, аздап демалып отырғанда Сыпатай:


- Тұрлыбай, “ханға бергісіз қара бар, қылышқа бергісіз ара бар” демекші, менен жас болсаң да Ботпайдың тұңғышы, Құдайғұлдың тұқымы, аға баласы деп қасымнан тастаған емеспін. Қоқандармен соғыстарда батыр атандың. Өзің де білесің, сонау Адам- Ата - Хауа анадан бастап күллі адам баласын асырап келе жатқан қасиетті мекен, ата-бабамыздың бізге қалдырған асыл мұрасы туған жерді түбегейлі иемдену үшін бір ғана жол бар, ол - отырықшылық. Егін егін, қала салу. Сол үшін де мен “Тескентоғанды” қаздырсам, сен де өз “Көлтоғаның” арқылы елді егіншілікпенен айналысуға баулып, көкірек көзі ояу ағайын- дығыңды таныттың. “Некелі әйеліңмен тату-тәтті бол. Әйелдерді тек жақсылар ғана құрмет тұтады, ал жамандар оны аяқ асты етіп қорлайды”, - деген Пайғамбарымыздың хадисін біз үлгі етіп көрсетпесек, жастар кімнен сабақ алмақ, - деген шақта Тұрлыбай:


- Иә, қашанда ері әйеліне, әйелі өз еріне жәрдемдессе ғана, Алла оларға рақыммен қарайтынын мен де білем, Лұқпан хәкім де: “Ерлі-зайыпты адамдар! Бір-біріне бұйық беріп, бірің -би, бірің - құл болып күн кешпей, бір-біріңізді айтқызбай ұғып, тату-тәтті өмір сүріңдер!” деген жоқ па, осыны кейінгі ұрпақтарымыз ескерер ме екен?! - деді мұңая кұрсініп.


- Тұрлыбай, дұрыс айтасың. Жақсы жар, жайлы қоныс -алтын тақ емес пе?! Сенің де артыңа еккен шыбықтарың орман боп көктейтініне сенімім мол. Өз кіндігіңнен тараған Сайбек, Сейсенбек, Қоңырбай, Туғанбайларыңнан тараған үрім-бұтағың қанатын жайып, бір тайпа жұртқа айналып, сен түгіл ата-бабаларың Қосжетер, Маң, Жиембайлар жетпеген биік асулардан асары анық. Тек соны екеуміз де көре алмаймыз ғой. 


Егер он сегіз мың ғаламды жаратқан құдыреті күшті тәңір мынау Аспараның асқар шыңдары мен бұрқанған асау өзеніне тіл бітірсе, болашаққа біз жайлы, біздің асқар арман-мұратымыз жайлы сыр шертер еді... - деді қарт батыр.


Автордан:


Міне, содан бері қаншама су ақты, қаншама жылдар өтті. Батыр бабаларымыздың өсиеттерін тыңдаған Аспара тауының алып жартастары мен сыңғырлай аққан куміс бұлақтары көне көз куәсіндей әлі тұр және де мәңгі тұрары сөзсіз. Әулие бабамыз Сыпатайдың Дәмеліден туган Қомсабақ атты баласының өзінен тараған ұрпақтар да бүгіндері бір қауым елге айналып келеді. Сондай-ақ, Алатауды тел емген бір ананың егіз баласындай қазақ пен қырғыздың арасына Сыпатай мен Қанай, Жамбыл мен Тоқтағул, Әуезов пен Айтматов, Назарбаев пен Ақаев орнатқан достықтың ұлы алтын көпірі де ғасырлар аспанында Шолпан жұлдыздай жарқырай бермек...





Пікір жазу