02.05.2021
  360


Автор: Шырын Мамасерікова

Фатима - ҰРПАҚ ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Алтыншы тарау


 


Сары үйсін Бәйет қажының қызы Күнімай төркін жағында болатын той-домалақтан ешқашан қалған емес. Кеше жаздың шыжыған ыстығына қарамай қызын ертіп Шуға кеткен. Бүгін қайтуы керек. Фатима тоқып отырған түбіт орамалын жерге қойып, сыртқа шыққанда таба нан көміп жатқан Зина мен көрші тұратын Дүрия екеуінің өзі жайлы өсектеп тұрғанын есітті.


- Сиыр саумақ түгіл айран ұйтуды да білмейді.


- Өзі жетім қыз болса да, сондай кірпияз, тамақты таңдап ішетінін қайтерсің...


- Ыстық күнде нан жабу оңай ма, ал ол жап-жас боп салқын үйде жанын күтіп отыр...


- Қора тазалағанын бір көрдіңіз бе?!


Фатиманың тыңдап тұрғанын көрген Зина селк етіп қипақтап, қымсынып, сасқалақтағанымен, Дүрия айылын жиған жоқ, қайта қысылып-қымтырылмай қатқыл үнмен:


-“Дос жылатып, дүшпан күлдіріп айтады” демекші, түсінсең -біздікі достық. Келгеніңе екі айдан асты. Темірқазықты айналған жетіқарақшы жұлдыздай үйде көміліп отыра бермей, мына ыстық күнге қақталған жолы үлкен абысыныңа жаның кішкене ашыса, анау қобарсып жатқан қораны тазала, теппе жай! - деді әмір ете сөйлеп. Зина ызалы жасын ыршытып:


- Ауызыңды ауыртып қайтесің, Дүрия, бәрібір тыңдамайды. Нанымды қөміп болған соң өзім-ақ жаям! - деді долдана.


Екі әйелдің дөң айбатынан жүрегіне тікенектей қадалған орынсыз сөздеріне іштей араз боп түйіліп қалған Фатима ләм деместен қолына жусан сыпыртқы мен күрек ап қораға беттеді. Сиырдың жапасы мен қойдың қиы араласып борсыған жас көңнің мүңкіген сасық күлімсі исі кезін ашытып, қолқасын атып, танауын жарып жібергендей болса да, намыс қысып, нар тәуекелмен қораны әзер тазалап есік алдына шыққан мезетте әлсіреп құлап түсті. Екі әйел жанұшыра жүгіріп келгенде, Фатима есін білмей сұлық жатқан. Бетіне су бүркіп, шапалақтап жатып зорға көзін ашқызды. Фатима “басым!” деп қайта талықсып кетті. Зина мен Дүрия екі жақтап әрең көтеріп төсегіне әкеп жатқызды. Жүрегін үркіте түршіктірген мына сұмдық оқиға Зинаны өзгеше шошытып, ботадай боздап, ағыл-тегіл жылай бастады.


- Айналайын Фатима! Күңің боп өтейін, көзіңді ашшы! 


- Айналайын Фатима! Күңің боп өтейін, көзіңді ашшы! Ойбай, сен өлгенше, мен өлейін! О құдайым, Фатиманын ауруын маған бере гөр! Енеме енді қай бетімді айтам? Құлназар мені тірідей сояр... Уһ, не деген сор маңдай, қу шұнақ, бейбақ едім?! Ойпыр- май, қайдан ғана қора тазала деп ек?!...


Жаны өртене ойбайлаған Зинага Дүрия тоқтау айтты:


- Қойшы-ей, Зина, бақыра бермей! Егер қора тазалағандар өлетін болса, бүкіл Қарасудың малмен жан сақтап жүрген халқы түгел қырылып қалмас па еді?! Фатима, мүмкін, ұстамалы, талма ауруы бар қояншық шығар?! Дереу Меркідегі ауруханаға жеткізу керек. Өкшесі қисайса біреуден көретін қазақпыз ғой, шынында, өліп қалса екеумізді жауапқа тартары хақ, мен тезірек көлік іздестірейін, - деп абдырап тым асығыс шығып кетті.


Арада сүт пісірім уақыт өткенде Фатима аздап өзіне келе бастады. Бірақ әлі әлсіз, денесі күйіп-жанып, басы көтертпейді. Осы сәтте Шудан оралған енесі мен қайынсіңілісі үйге кірген болатын. Өңі ап- пақ қудай боп қаны қашып сүлесоқ жатқан келінін құшақтай алған Күінмайға:


- Апа, қорықпаңыздаршы, жазылам ғой. Кейінгі кезде ішкен асымды құса берем, асқазаным ауыратын шығар,- деді баяу сыбырлап. Дүрия машина тауып әкелген екен, Зина екеуі Фатиманы Меркіге, ауруханаға апарды. Екі аптадай ауруханада емделген Фатима үйге қайтқанда оны сәулелі, шуақты күндер күтіп тұрған болатын. Келінінің бойына бала біткенін, содан асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып, басы айналып жүргенін естіген Күнімайдың қуанышында шек жоқ, шаттанғаннан қарақат көздері нұр шаша үйінің оң босағасына “келінді ата әруағы қолдасын” деп ақ орамал байлап, ауыл әйелдерін шақырып, “құрсақ шашу” жасады. Жаздың күні жүкті әйелдің тәбетін ашады деп жуа тергізіп жегізді және “іштегі бала шымыр боп өссін” деп Сарғобының құм сағызын шайнатқызды. Фатиманың ажарына дақ түспесін деп бие сүтінің көбігін бетіне жағып, жатар кезде қара тікен тұзбен аузын шайғызды. Жаңа туған айды алғаш көргенде тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжет етіп, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып әкеп отқа салды да: “Ай - әулие! Әулетімді оттай қаулатып өсуіне жәрдем ете гөр!” - деді. Әсіресе қара жерді жалаң аяқ басқызып: “Кеудесі түкті Жер-Ана, күш бер, қуат бер!” - деп келіннің күпті көңілін орнына түсіріп, күш-қайратын шыңдады. Өмірге төрт ұл, бір қыз әкелген мейірбан ананың шексіз махаббатына бөленген Фатима расында бақытты еді. Оңайлықпен опырыла қоймайтын жартас сияқты көрінген азулы абысын Зина болса қу жанын қуырдақ қып, зыр жүгіріп үйдің бүкіл шаруасын мойнына алды. Фатиманың көтеріңкі көңіл күйде жүруін үнемі қадағалап, әзіл әңгімелермен күлдіріп, жастардың бас қосуын ұйымдастырып, жиі-жиі бастаңғы жасап, ән-күй тыңдатты. Кеш сайын таза ауада Қарасу бойын жағалап екеуі апалы-сіңілідей сырласып сейіл құруды шығарды.


Асанбайдан үш ай өткенде ғана хат келді. Өзінің аман-сау екенін, соғыс аяқталса да, әлі бітпеген жұмыстардың көптігіне байланысты ауылға әлезір қайта алмайтынын жазыпты. “Ұшса -қыран қанаты талатын, шапса - тұлпар тұяғы тозатын кең-байтақ Отанды қорғап, жағадан алған жауды жеңдік, енді қауышар күніміз алыс емес!” - деп аяқтапты хатын. Конвертті кеудесіне басып солқылдап жылаған Фатиманың арқасынан қаққан Зина:


-Халықта “екіқабат әйел жыласа, оның баласы жасық боп туады” деген түсінік бар, қой, жылама, бөпеміздің көзі жасық болмасын, - деп жұбатты. Ал Шолпан туылғанда Зинаның өзі босанғандай жүрегі жарыла қуанғанын айтсай, қазақ әйелінің ең асыл ме- йірбан, ізгі мінезін танытып көл-көсір “шілдехана” тойын жасады. Нәресте суық жүрек, тасбауыр боп өспесін деп жаңа босанғанда қырық күнге дейін Фатиманың қолын суық суға тигізбеді.Қалжаға сойылған қойдың омыртқасын тазалап мүжітіп, тобылғы шыбыққа өткізіп, есіктің бас жағына іліп қойды. Өйткені жас нәрестенің мойны тез қатаю үшін осындай ырым бар-тын. Қалжа жемесе бала ынжық боп өседі, туыттағы тері шықпаса ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады деп абысынын жақсы қалжалады. Кіндігі түскен соң “бесікке салу” рәсімін, қырық күннен кейін шашы мен тырнағын алып қырқынан шығарып, бір жасқа толғанда кісі санатына қосылды деп салтанатты “тұсау кесер” кешін ұйымдастырды. Қаймағы бұзылмаған салт-дәстүр ұрпақты бауырмалдылыққа, ізеттілікке, кісілікке тәрбиелейді деп ойлайтын Күнімай мен Зина ынтымағы керегедей қабысқан, асыл текті, алмас тілді бүкіл Қарасу халқына мынау жалған фәниде адамзат үшін перзенттен артық қуаныш жоқтығын осылайша паш етті. Ал Асанбай әскерден келгенде қарсы алған қалың топтың ең соңында баласын көтеріп тұрған Фатима күйеуі барлық жұртпен құшақтаса амандасып қасына жақындағанда ақшыл жүзі қызғылт тартып, жіңішке қара қасы көтеріле керіліп, сағыныш пейілін аңғарта күлімсіреп, сонша бір мөлдір, нәзік, іңкәр үнмен:


-Бар, әкеңе сәлем бер! - деп қолындағы сәбиді ұсынды. Жұрт алдында өзін кәрі қайыңның безіндей берік ұстайтын Асанбай қуаныш, бақыт араласқан жарқын жүзбен сыпайы сызылып, қызара жымиып тұрған жарына ерекше толқи қарап:


-Алтын асықты алдыма иіріп тастағандай болдың-ау, Фатима! - деп Шолпанды мейірлене құшып, бетінен шәпілдете сүйді де, екі қолымен аспанға жоғары көтеріп тұрып:


-Тезірек өсші, титімтай балапаным! Биікке талпынып, қанат қақшы, көгершінім! Құдіреті күшті Тәңірім мені Сен үшін, сенің күллі замандастарың ұшін, мынау қаумалаған қалың елім -қазағым үшіп жаудың бораған оғынан қағып, ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті де, киелі туған жерді гүлдетсін деп аман сақтап қалған шығар. О Көк аспанның падишасы, Жаратқан Ием! Саған мың да бір тәуба айта отырып, мына періштедей ұрпақ пен соғыста құрбан болған миллиондаған боздақ бауырларымның, достарымның армандарын жүзеге асыру үшін бар күш-қайратымды сарқа жұмсап, елге аянбай еңбек етуге нәсіп ете гөр! - деді даусы дірілдеп. Майданнан оралған өрімдей жас жауынгердің аңсаған мұратына жетсе деген тілеулес көпшілік:


- Арманыңа Алланың нұры жаусын, ниетіңе жет!


- Қуанышың өмірлі болсын!


- Бағың өрлеп, жұлдызың жансын! - деп шуласып жатты...


ФАТИМА ЖЕҢЕШЕМ


Меркіміздің мақтанышы, жыр-әні,


Аспараның мөлдіреген бұлағы.


Аты біздің әрқашанда асқақтап,


Алдымыздан шығады.


Күткен ылғи сырлы әлем нұр таңын,


Сұңқар көрген сұлтанын.


Фатимажан, жеңгелерім ішінде,


Шыңыраудан шыңға қарай шырқадың.


Асанбайға біткен жеңгем ай мүсін,


Бірге көрдің қуаныш пен қайғысын.


Патшаларға дәм татқызып төріңнен,


Төрдегінің тең бөлістің бәйгесін.


Аппақ арман айналса егер қараға,


Ем табылмас жүректегі жараға.


Жеңешем мен ұлы Тұран ел-жұртын,


Қорға, қолда әруағыңмен, нар аға!...


АСАНБАЙ АҒАҒА


Халқым берген бағасын,


Арыстан туған ағасың.


Ат жалын тартып мінгелі,


Арман отын жағасың.


Асылбек би атамның,


Жайсаңдығын алдың ба.


Батыр бабам Мұраттың,


Қайсарлығын алдың ба.


Бәйдібектей тектінің,


Тұяғы боп қалдың ба.


Әулие анаң Нүрилә,


Жұлдызы боп жандың ба.


Жайдың атқан тасындай,


Бабамнан қалған асылдай.


Көш бастаған көсемсің,


Аспаннан аққан жасындай.


Алмас қып өмір шыңдаған,


Ақ иіліп сынбаған.


Қонаевтың өзі де


Ақылыңды тыңдаған.


Өзіңіздей қайраткер,


Дей алмаймын көп шығар.


Асанбайға жар болған


Жеңгейде арман жоқ шығар?!...





Пікір жазу