02.05.2021
  268


Автор: Шырын Мамасерікова

Фатима - КЕЛІН ШӘЙ

Бесінші тарау


 


Той өткен соң төрт-бес күннен кейін Асанбайдың майданға аттанып кеткеніне үш айдың жүзі толса да, хат келген жоқ. Почташының жолына көзі боталап көп қарайтын Фатиманың еңсесі түсіп, тал шыбықтай майысқан сұңғақ денесі ілмиіп арып барады. Бөтен елге бауыр басып кете алмай жалғыздықтың жапасын шеккен келіншектің ішқұста тірлік кешіп жүрген жайы бар. Оның үстіпе көк-сөк жеп өскен қаланың қызы ауылдың айран, сүт, қымызын, ет, жент, қаймақ, майын ауырсынғандай ішкенін құса беретін әдет тапты. Басы айналып, әлсізденіп жата бергісі, ұйықтағысы келеді. Бір тәуірі анасының жастайынан кесте тігіп, тор тоқып, түрлі тамақ пісіруді үйреткенінің қазір рахатын керіп жүр. Асанбай кетісімен-ақ Зина енесіне: “Тойымызды өткізуге ат салысқан абысын- ажын, көрші-қолаңға ертең Фатима “Келін шәйін” берсін”. Келгелі бері күйеуі екеуінің қыдырғаннан қолы тимеді, біз де келін жұмсап бір күн дем алайықшы адам құсап... - деген. Фатиманың ойына Асанбайға еріп Сыпатай батырдың күмбезіне барып тәу еткені, Аспара тауының баурайында сарқырап ағып жатқан Меркі өзенінің жағалауында серуендеп бой жазған шақтары түсті. Сонда Асанбай:


- Бүгін үлкен арманның мама қазығын қаққан күніміз. “Келіні жақсы үйдің керегесі алтын” деуші еді, сол керегенің алтын болуы, немесе қалайы темірге айналуы саған байланысты. Фатимаш. Атақты Шал ақын:


“Жақсы әйел алғанның тойы үйінде,


Жаман әйел алғанның соры үйінде” -


деген екен. Қан соқталы, ожар күш те, жарқыраған гауһар тас та адамдарды бақытқа жеткізбейді. Бақытты бізге ешкім әкеліп бермейді де. Оны жасайтын екеуміз екенін ешқашан ұмытпа. Ай мен күндей жарасып ғұмыр кешу үшін тіккен отауымыздың босағасын берік, керегесін кең ету сенің қолыңнан келер ме екен?! Баяғыда бабаларымыз астында тұлпары, басында шыңдалған ақыл-айласы, қасында айнымас адал жұбайы бар жігітті “нағыз жігіт” атайтын, ал мұны бүгінгі заманға айналдырсақ - білімді, ақылды жігітке парасатты жар жолықса, бақытқа апарар жол сол болмақ. Той күні “беташар” жасаған Өмірбек ақынның:


Ерте тұрып кеш жатып,


Ата-енеңе жақ, келін.


Тантайларды көбейтіп,


Жылда бала тап, келін! -


деп жұртты мәз-мәйрам еткен өлең жолдары есіңде жүрсе, жаман болмассың, жаным! - деп аймалап құшқан. Бір-бірін қатты ұнатқан іңкәр жүректер мәңгілік айырылмасқа Аспара тауын куә етіп ант берісіп, ыстық, нәзік жалынмен сүйіскен.


Абысынының айткандарын орындау үшін Фатима түнімен ұйықтамай ұнға сүт, май, қант, жұмыртқа қосып илеп ашытып, жүп-жүмсақ бауырсақ, құймақ, тұшпара, бәліш, самса, шелпек пісіріп шықты.Түскі асқа дәмді мәнті даярлап, келген қонақтарға сексе- уілдің шоғына сақырлап қайнап тұрған самаурынның ыстық шәйін ұсынды. Жас келіннің тілді үйірген таңсық тағамдарына өте разы болған абысын-ажындары Күнімайға: “Фатиманы жүзі сынық, инабатты жан деуші ек, өзі керемет аспаз да екен ғой, Ташкенге барып өзбектің дәмді тағамдарын жегендей ауыздан дәмі кетер емес,- деп таңданыса шұрқырасып жатыр. Әсіресе Құлназардың құрдасы әрі туысы Мәдімардың өйелі Тұрсынкүл:


- Анада Фатиманы отқа шақырғанымда Надырханыма “Батырхан” деп, Июлькүліме “Юля” деп ат қойды, ал туған қайынсіңілісі Әсемкүлді “Сары алтын” атап жүр, бұл да -келініңіздің жан-дүниесінің нәзіктігі, ой-санасының, көңілінің кіршіксіз мөлдірлігі шығар. “Қаланың қызымын, орысша оқығам, черт- порт” десе қайтер ек?! - деп сыңғырлай күліп ағынан жарылса, Әлиман:


- Сәлем жасап ілтипат көрсету - тәрбиелі, өнегелі жан екенін танытады. Адамның мінез-құлқы ішкі сарайының айнасы емес пе, ошағың әктеліп, шыны- шәйнегің жарқырап, үйіңнің іші тұгіл сырты да тап- тұйнақтай, сыпырулы. Бәрінен де көрпе-жастықтың сейсептерін, ақ жаймаларды аппақ қып кірін ашып жуғанын айтсайшы! Күнімайдың кешегі сарғыш кимешегінің өзін қараңдаршы бүгін ақша қардай тап-таза! - деп жұртты ду күлдірді. Дастархан қайырғанда Қонысбай қажының ерке келіні Сәрсекүл де жымиып:


- Фатиманың кілегей қатқан күрең шәйі де боза ішкендей терлеткенін қарашы, - деді де, қол жайып:


- Айналайын келінжан, 


Тіккен отауың сәнді болсын,


Өмірің ұзақ, мәнді болсын.


Асанбайың соғыстан оралып,


Ағайынның алды болсын! -


деп бетін сипады. Бата беріп, ақ тілек арнаған Тұрсынкүл, Алиман, Сәрсекүл, Дәне, Тербендерге өзі кестелеп тіккен ұзынша келген шілтерлі көгілдір жұқа шыт сүлгілерді ұсынғанда, Күнімай қалың қасын керіп;


- Сіздер үшін түн ұйқысын бөліп өзі пісіріп даярлаған “Келін шәйінің” жалғасы Асанбайым аман оралса тойға ұласар, сонда балам бәріңе қымбат кәйлек кигізер, - деп еді, қонақтардың кепшіліп:


- Қүдай сол қуанышқа жеткізсін!


- Асанбай баламыздың оралуы тез болсын,


Қайда жүрсе Қызыр бабам кез болсын!


- Келіннің дәм -тұзы көтеріліп, бағы ашылсын!”


-деп жамырай бата берісті.


Осы бір шарапатты сездер жас келіннің жабырқаулы жанына шуақ сеуіп, кәдімгідей көңілін өсіріп тастады. Ауыл әйелдерінің ақыл-кеңестері даналықтың бұлағынан сусындатқандай болды, әрі ез ұлтының жілікті де сіңірлі салт-дәстүрлерін ежелден берік ұстап, қастерлеп келе жатқан осынау ақ жаулықты абзал аналардың періште көңілдерінің саумал көліне шомылғандай күй кешіп, абысындарын шығарып салуға кеткен енесінің артынан қызыға тамашалай қарап тұрған Фатимаға Зина оның тәтті қиялын құйындай ұшырған зілді дауыспен:


- Фатима, тамаққа лық тойған қатын-қалаштың жылы сөздеріне малданып таспа, тасырақтама. Бұл - әлі үлкен істердің бастауы ғана. Рас, үй шаруасына, қол өнерге ебің, икемің бар, бірақ сиырды кім сауып, мал қораны кім тазалап, көмеш нанды кім жауып жүр?! Сойған малдың етін мүше-мүше етіп жіліктеп тастамақ түгіл, ішек-қарын аршып, бас-сирақты үйтуді де білмейсің. Енді осы жұмыстармен айналыс. Шымылдықтан жаңа шыққан сен тұрғанда, колхоз бастықтың әйелі маған қазан-ошақтың басында жүру жараспас, елден де ұят...- деді.


- Жеңеше, мен сиыр сауып көрген емеспін.


- Не айтып тұрсың?! Үйрен! Осы ауылдың он үш жасар кез-келген қыздары сиыр түгілі бие, түйе сауады. Жаңа ғана Дәне апаң: “Фатима тор тоқығанда саусақтары кең далада асыр салған құлындай ойнақтайды”, - демеп пе еді, көрсет пысықтығыңды. Ал егер істей алмасаң қайныма “Қатыныңның қолынан түк келмейді” - деп жазып жіберемін.


Фатима үнсіз қалды. Оның қызғаныш ызғары қонақтамаған балапан көкірегіне біреу біз сұғып алғандай әсер етті. Онсыз да сағыныштың сарғайған суын жұтып жүргенде, күл етек күдіктің құшағына итергені несі?! Үйге келген қонақтардың жас келінді жабыла мақтағаны Зинаның шамына тиіп, бақастығын қоздырған-ау шамасы, әйтпесе ине боп шаншылған көзінің өткір сұғын қадап ұрыс шығарар жөні бар ма?! Үндемей көнбестікке салынайын, ашуландырсам Асанбайға жамандап абыройымды төгер деп ойлаған Фатима зығыры қайнап тұрса да ашуын жеңіп:


- Жеңеше, жарайды, айтқаныңды орындаймын,- деді ақырын. Осылай десе де қарашаның қара желі соққандай көңіліне қорқыныш аралас реніш кіріп, жанарына толған ашу жасын көрсетпей сығып алды. Кешке дейін мең-зең жүрген Фатима түнімен де жөнді ұйықтай алмады. Жайшылықтың өзінде қора маңынан өткенде қойдың қиы мен көңнің күлімсі сасық исінен жиреніп мұрнын басып өтетін Фатима ақырзаман орнағандай қайғырды. Көзі ілінсе болды қызыл сиыр мұны мүйізімен сүзбек боп артынан қуып келе жатады, бұл жығылып, қорқып, шошып оянады. Тек таң алдында Зияда анасы түсіне еніп: “Фатима, оян, сиыр сау!” - деп тұр.


- Апатайым! Сенің келгенің қандай жақсы болды, үйге кетейікші, Хакима маған келме деген, - деп мұңын шағып кемсеңдей бастағанда, анасы баяғыша жақтырмай: “Жылама, жылағанды жек көрем. Адамнан күшті жер бетінде ештеңе жоқ. Қорықсаң қолыңа таяқ ал!” - дейді салқын қабақпен. “Маматай!” деп шыңғырған өз дауысынан шошып оянған Фатима аппақ жазық маңдайын қос қолымен тіреп отырып:


- Аяулы асыл анашым-ай! Қатты қиналғанымды сезіп жебеу үшін келдің бе екен?! Жас кезімде шашымды өріп тұрып:


“Ерте тұрған еркектің ырысы артық,


Ерте түрған әйелдің бір ісі артық”.


“Жан қиналмай жұмыс бітпес,


Талап қылмай мұратқа жетпес”, -


деген мақалдарды жиі айтушы едіңіз, сол аталы сөздеріңіздің мән-мағынасын, мен байғұс тек Меркіге келгенде ғана түсіндім. Не аға-інім, не әкпе-сіңлім жоқ, соқайып неге жалгыз туылдым екен?! Сіздің бауырларыңыз Семейде, алыста... Шіркін-ай, ең болмаса Сүлеймен ағам қасымда болса гой?!... Оларды қайтадан көретін күн туар ма екен?!... Асанбай кеткелі анасының да ажары келіспей жүр. Соғыста қаза тапқан Сыдықназар мен Асанжан атты екі ұлына ұқсап Асанбайдан да көз жазып қалам ба деп зәресі қалмай уайымдайтын сияқты. Таңғы “Памдат” және түнгі “Құптан” намаздарынан кейін “Ясин” сүресін үнемі оқып, Алла тағалаға жалбарынып, Асанбайға мейір-шапағатын төгуін шын тілеп жылап отырғанын күн сайын көрем. Ал Зинаның түрі мынау. Егер қарсы шықсам мені түбіттей түтіп, қамырдай илеп, тас-талқанымды шығармақ. Қой, сиыр саууға барайын. Анашым айтқандай адам жеңбейтін қиыншылық жоқ. Менің жасымдағы қаншама жастар фашистермен соғысып жатқанда, менікі жосықсыз емес пе?!... - деп орнынан нық тұрды. Өзді-өзіне күш-қайрат бере күбірлей сөйлеғен Фатима темірдің тотындай жанын жеп қажаған запыран сұрақтарға жауап тапқанына масаттана қуанып далаға шыққанда, қораздар шақырып, таң сібірлей атып келеді екен. Көктемнің жұмақтан ескендей жұпар иіс, жып-жылы, жұмсақ самал желі буын-буынын алып балбырата ұйқы шақырып есінеткенімен, ұзатылатын қыздай кербез керілген жап-жасыл даланың көркем бітімі сұлулыққа құштаржан дүниесін кеңітіп сала берді.Көкте жүзген қазбауыр мамық бұлттың жылжыған көлеңкесі бұған жеткенде, ол алжапқышын байлап, қолына шелегін ұстаған күйі қызыл сиырды айналсоқтап тұрған. Фатима сиырдың басы қатты байланғанын көргенде, қобалжыған жүрегі орнына түскендей болды. Ақырын еңкейіп желінін таза сумен жуып, саууға отырды. Саусақтарының әлі келер емес, қанша тартса да сүт шық- пады. Сиыр жақтырмағандай орнынан қозғалғанда Фатиманың жон арқасы мұздап бақырып жіберді. Қызыл сиыр “Не болды сонша?!” дегендей бажырая қарап үнсіз тұр. Фатиманың есіне анасының жас кезінде сиыр сауғаны түсті. “Айтпақшы, бұзауын еміз- дірген...” деп , дереу қасындағы бұзауды ағытып, сәл емізіп, орнына әрең байлады. Содан кеін жұмсара түскен сиыр емшегінің үрпін уыстап қатты қысып еді, сүт шықты, бірақ тартқан сайын жан-жаққа шашырап, үсті-басын малмандай етті. Сиыр тыпыршып бір- екі кеседей сүтті зорға сауғызды. Сол уақытта дәрет алуға шыққан Күнімай қасына келгенде сиыр сауа алмағанына ұялып, әрі намыстанып, ыза буған жас әйел жылап жіберді. Енесі келінін жұбатып:


- Қарағым, сиыр саумай-ақ қой, тамақ істеп, киім- кешекті жуып, үйді таза ұстасаң, сол да жетеді. Асанбайым келіп, өздеріңе сиыр алғанда сауып үйренерсің,-деп үйге кіргізіп, Зинаға ренжіп ұрысты:


-Әй, Зина, жап-жас боп келін жұмсамақпысың?! Әлде аяғыңа оралып жылап жатқан балаң бар ма?! Тұр, шолжиып жатпай! Әйел деген биязы, сыпайы, жібектей есіліп тұруы керек. Таң атпастан кетіп, түн ортасында келіп, аузыңнан ақ май ағызып отырған еңбеккқор байыңның қаймақ сүтін дайындау сенің міндетің. Асанбайы келсе Фатима да өз қотырын өзі қасыр. Жарты құртты бөліп жейтін тату болмасаңдар, екеуіңді де қуам, алтындай балаларыма тағы бір шүйкебас табылар... Сиырды дұрыс иітіп саумаса, тез суалатынын басқа білмесе де, Зина, сен анық білесің. Сондықтан үй шаруасымен өзің айналыс. Фатима маған, саған, Әсемкүлге анау ақ ешкілердің жүнін тазалап, иіріп, түбіт шәлі тоқысын! - дегенде жас келіннің жүрегі жарыла қуанғаны сонша - енесін құшақтап сүйіп-сүйіп алды. Бір жағынан үлкен абысынының тәкаппар кеудесі жер болғанына ыңғайсызданса да, мына ақыреттей ауыр азаптан құтқарған Күнімайды туған анасындай жақсы көріп кеткені рас-тұғын.





Пікір жазу