02.05.2021
  292


Автор: Шырын Мамасерікова

Фатима - АСАНБАЙДЫҢ ХАТТАРЫ

Үшінші тарау


 


Қымбатты қарындасым Фатима!


Ұлы Абай ауылында туған Сізге алғашқы хатымды Амударияның оң жағына орналасқан Термез қаласынан, яғни 1441-1501 жылдары өмір сүрген “Ләйлі-Мәжнүн”, “Фархад-Шырын” атты мәңгі өлмес поэмалардың авторы Әлішер Навоидың елінен жазып отырмын. Кеше ғана өздеріңізбен қоштасқаныммен туған жерге, Сіздерге деген сағыныш дегбір тапқызбай қолыма қалам ұстатты, оған ғафу өтінемін. Сіздің ақкөңіл, адал, мейірбан Сүлеймен ағаңыз бен сүйкімді Хакима жеңгеңіз менің Меркідегі Құлназар ағам мен Зина жеңешеме өте ұқсас екен. Сүлеймен ағаның артықшылығы - домбырамен ән салатындығы. Ол халық әндерін тебірене шырқағанда туған жерім Тәттідегі Қарасу бойын аралап, Аспара тауының биік шыңдарына шыққандай қүй кешем. Әттең, әнші емеспін, дегенмен тұла бойымдағы 360 тамырым елім, халқым деп соғып тұрғанына шүбәм жоқ. Бізге асқақ әуен, сұлу жыр сыйлап, ұлан-ғайыр дархан кең даланы мұраға қалдырған ата-бабаларымыздың асыл аманатын абырой тұлпарына мінін қорғағаннан артық мәртебе жоқ. Сәлеммен – Асанбай ағаң.


Бар болғаны осы. Фатиманың хатты ашардағы алып - ұшқан жүрегі су сепкендей басылды. “Япырау, жігіт адам бойжеткенге өліп-өшіп жазбаса да, ең болмаса емеуірін білдірсе қайтеді, әлде басқаны сұйе ме?! Ауылын әрдайым көп айтады, мүмкін сол жақта жүрегін жаулаған қызы бар шығар ...” - дейді іштегі қүдікшіл дауыс. Осылай әрі-сәрі жүрғенде әлемге Фердауси, Омар Хаям, Жами сынды алып ақындарды берген Ираннан хат келді. Мешхед қаласынан жазыпты:


Сәлемет пе, аяулы қарындасым Фатима!


Сіздің жауабыңызды тоспай-ақ өзіңізбен сырласқым кеп хат жазуға бекіндім, оны сөкет көрмеңіз. Әскердегі жауынгерлердің арманы - туған елден хабар алу. Хат келсе - үлкен мереке, өйткені аспан астында оқ бораны ұйытқыған сұрапыл соғыстың рақымсыз бейнесі сәл-пәл болса да ұмытады, әркім кіндік қаны тамған өлкесін ыстық сезіммен еске алып, желпи соққан қоңыр желін, жұпар шашқан жусанын, алкүрең көде мен селеуін, тау-тасын, ата-ана, туыс- достарын көз алдарына елестетеді. Шіркін, дүние жүзн шайқаған қырғын соғыс тезірек аяқталып, тыныштық, бейбіт, азат күн орнаса екен, сонда бақыт таңы рауандап атар еді. Құс ұшу үшін жаралса, адам бақыт үшін жаралған. Шындығында, ана перзентін өмірге ажал құшуға емес, артнда ізі қалсын деп тумай ма?! Ұрпақ жалғастығы үзілмеуі үшін алтын басын тау мен тасқа соққан кездері тарихта аз ба?! Мысалы, сіздің Арғын атаңыздың бауыры Найман екі әйел алған екен. Бірінші Қырғауыл деген әйелінен Ақсақал, Үйелші, Күйелші деген үш бала, екінші Шүңірекей деген әйелі Тоқбай деген жалғыз ұл туыпты. Бір жаугершілікте Найманның төрт баласы бірдей қаза тауып, ішіндегі жаңадан үйленгені Тоқбай екен, оның шымылдықтан шығып үлгермеген Әлпеші жесір қалыпты. Үйсін Дулат бидің қызы Әлпеш әмеңгерім деп алаңдайтын ешкімі болмаған соң, 80-ге келген Найман атасына төркін жұртындағы Ақмырза деген кедей жамағайынының Гүлше есімді қызын малға жығып қосады. “Енді маған сіңілі емес, ене болдың деп Гүлшені “Қызене” атап кетіпті. Үйленгеннен кейін алты ай өткенде Гүлше жүкті болыпты. Бірақ Найман шал ауырып қайтыс болса керек. Гүлшенің туған баласының атын Найманнан қалған белгі деп “Белгібай” қояды. Сол Белгібай он жетіге толғанда отыз жеті жастағы Әлпеш әмеңгерлік жолмен үйленіп, одан ұл табады. “Сүйінші! Найманның тұяғы жалғасын тапты” деп баланың атын Сүйінші қойыпты. “Мен әруақты сыйлап саған қосылған жеңгең едім, енді өз теңіңе қосыл” деп Белгібайды Қаракоз деген сүйген қызына үйлендіріпті, бірақ одан бала болмапты. Сол екі арада Әлпеш тағы да босанып, Сугірші деген екінші ұлын Қаракөздің бауырына салыпты. Кейін өзінің немере сіңлісі Тоқсұлуды Белгбайға қосып, одан Өтеген деген бала көреді. Қазіргі қалың Найман жұрты сол Белгібайдан туған Сүйінші, Сүгірші, Өтегеннен тараған екен. Ал Найман шал өлген соң, асын беріп, Гүлшені Найманның туған інісі Наймантайдың Елтай деген ұлына қосады, одан Серікбай туады. Сол Серікбайдан туған Кетбұға - арқалы ақын, керемет күйші, дана би атанған, атақты Шыңғысханға көмекші болған кісі. Оның “Ақсақ құлан” атты ғажайып күйі сегіз ғасырдан бері ұмытылмай халықпен бірге жасап келеді. Ал 1227 жылы Жошы хан өлгенде жоқтау өлең шығарған:


Теңіз басынан былғанды,


Кім тұндырар, а ханым?


Терек түбінен жығылды,


Кім тұрғызар, а ханым?..


Бұл жыр - XIII ғасырдағы қазақ өлеңінің үздік үлгісі, ана тіліміздің асыл қазынасы.


Қымбатты Фатима!


Бұларды жазып отырған себебім - Сіздің маған құдаша екендігіңізді ескертсем деп едім (Әзіл). Екіншіден, мен тек өзімнің жеті атамды ғана емес, Қазақ деген бір кісіден туған үш ағайынды Ақарыс, Жанарыс, 


Бекарыстан тарап, жұлдыздай шашылған мың сан ру - тайпалардың шежіресін білсем деймін. Халқымыздың ғасырлар қойнауынан бастау алатын тек-тамырын, мәдени-рухани болмысын, ұлт ретінде қалыптасуын, салт-дәстүрін, алтын үзікті, жез құрсаулы киіз үйде туып-өскен түркі туыстас бауырларымның ұлы тұлғаларын зерттесем деп армандаймын. Сұйікті Фатима! Сол кемеңгер, ақылды Әлпеш әкпеміздің Найман ұрпағын жалғастырып жүз елу болыс болған Балталы, Бағаналы, Теріс таңбалыдай асу бермес қалың елге айналдырғаны секілді Сіздің Сүлеймен ағаңыз мырзалық танытып қарындасы Фатиманы Асқардың Асанбайына ұзатса, кім біледі, біз де бір кездері өсіп-өніп жапырағы жайқалған орманға айналармыз... Бұл - менің ертегідей бал-шырын қиялым, асыл арманым... Оны жүзеге асыру тек Сіздің қолыңызда... Егер жүрегіңіз мен деп соғар болса, біздің бақытты болуымызға еш кедергі жоқ, - депті.


Фатима Асанбайға жауап ретінде қысқаша аман - саулығын жеткізіп, конверттің ішіне жұқа ақ бәтес беторамалдың бір бұрышына:


“Ас!


Күтем!


Фат” деген жазуды жібек жіппен кестелеп салып жіберді. Кешікпей жігіттен қуанышты хат келді.


“Асылым , Фатима! Сенің: “Шаршағанда маңдай теріңізді сүртіп жүріңіз”, - деген беторамалыңызды бойтұмардай қастерлеп төс қалтама сап жүрмін. Күдік бұлты сөгіліп, кеудеме көктегі күн орнағандай жүрегіме жылы шуағын төгуде. Осы бір хош иіс бетора- малды кестелеп, су моншақпен торлаған үлбіреген сүйріктей сұлу саусақтары бар іскер, мейірбан жанды аймалай құшақтап, алғыс айтып, оның бал бұлақтай сыңғырлаған, мөп-мөлдір, шат күлкісі төгілген шиедей қып-қызыл ернінен сүйгім келеді...” деген от жалын сөздері Фатима жүрегінің терең нәзік тамырларын дөп басқандай елжіреткені рас-тұғын. Содан бері Асанбайдың әр хатын зарыға тосып ақшыл өңіне ыстық қан теуіп қуана оқитынды шығарды.


Көп ұзамай 1945 жылдың наурызында Меркідегі туған жеңгесі Зина, қарындасының күйеуі Жақсылықбай және Асанбайдың өзі кеп, Сүлейменнің алдынан өтіп, құда түсіп, китін кигізіп, қалың мал, өлі-тірісін қолдарына ұстатып, қызды Тәттіге алып кетті. Фатиманың аға-жеңгесі де ұзату кешін ұйымдастырып, киім-кешегін, жасау-мүлкін беріп дегендей қимай қоштасып, Фатиманы вокзалға шығарып салды. Поезд қозғалғанда Хакима қайынсіңілісінің құлағына сыбырлап:


- Ақбота! “Қыз жат жұрттық” деген осы, бөтен жаққа кетіп бара жатырсың, не айтам, әке-шешесі жоқ, тәрбие көрмеген көргенсіз дегізбе. Біз зорлап бергеміз жоқ, өзің таңдап қосылдың. Барған жерге тастай батып, судай сің. Қайтып келме. Хош, сау бол! - деді бетіен сүйіп. Бұрын мұндай салқын сөзін естімеген қыз солқылдап жылап жіберді. Поезд жүріп кетті. Асанбай Фатиманы бауырына тартып, жұбатып: “Жеңешең не айтты?” -деп қанша қиылып сұраса да, өксігін баса алмаған қыз басын шайқап үн қатпады. Зина жақтырмай:


- Қайнымды осыншалық қатынжанды деп ойламап ем, о несі-ей, оң жақта отырған қызғалдақтай қыз ғұмыры таусылғанына тарықпайтын бойжеткен болушы ма еді?! Одан да Әулиеата өңірінен әйел табылмайтындай жер арқасы қияннан әкеле жатқан ана шүйке басыңа ауылдың қала еместігін түсіндір!- деді әмір ете.


- Жеңеше, ауыл жаман болса Құлназар ағама желімдей жабыспай өкшеңізді жалтыратып, кетіп қалмайсыз ба?! - деген Асанбайдың сөзіне ішек-сілесі қата күлген Жақсылықбайға қарап отырып:


- Мен Құлназарды өте жақсы көремін, сұйемін ғой...- деді Зина мұңая күлімсіреп.


Фатима да іштей :


- Мен ше?! Кім үшін келе жатырмын? Асанбайдай құдай қосқан азаматты арысым деп, алтын босағасының абыройын асқақтатып, қуаныш-шаттығын ғана емес, қайғы-қасіретін де тең бөлісіп, басқа түскен бақ пен сорын бірге көруім қажет, - деді өзді-өзіне серт беріп.


Дәл осы мезетте жуйіткіген поезд артында аялаған ата-қоныс мекені мен балалық бал дәурені тырнадай тізіліп қол бұлғап қалып бара жатқан еді...





Пікір жазу