02.05.2021
  253


Автор: Шырын Мамасерікова

Фатима - АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ

Екінші тарау


 


Зияданың жетісін, қырқын, асын өткізгеннен кейін Сүлеймен Қарауылдағы әкпесінің үйін сатып, Фатиманы өз қолына алып, Семейдегі №220 мектепке оқуға орналастырды. 1943 жылы онжылдықты үздік 


бітірген қыз дәрігер болуды армандағанмен, сұм соғыстың кесірінен оқи алмады. Семейдегі қалалық ет комбинатына есепші боп қызметке тұрды. Аяулы анасын аңсап, ыңырсыған әлжуаз тіршіліктің ащы уын жұтқандай, жадап-жүдеп жүрген шағында атқан таңның алқызыл шапағына бөлегендей көңіл күйін күрт өзгерткен бір оқиға болды. Бұл 1944 жылдың ақпан айының жиырма үшінші жұлдызы болатын. Қызыл Армияның құрылған күні мерекесін әрбір мекеме, өндіріс орындары салтанатты түрде атап өтіп жатқан. Осындай жиын қалалық ет комбинатында да болып, онда қалалық әскери комиссариатынан келген жиырма бір жасар А. Асқаров деген қазақ жігіті баяндама жасады. Кең жазық маңдайын көмкерген мойылдай қара қалың шашын артына қайырған, сымға тартылғандай сымбатты денесіне әдемі әскери форма ерекше сән беріп тұрған жас жігіттің жанға жайлы қоңыр дауысы, мазмұнды баяндамасы жұртты бірден ұйытып тастады.


- Қымбатты бауырларым! Ардақты ағалар, әкелер, іні-қарындастар! Мен Сіздердің алдарыңызға сонау қара құртша қаптаған фашистерге қарсы әрбір сүйем жер үшін өлімге бел байлап, өз шебін қорғап, жаудың күлін көкке ұшырып жатқан қаһарман Кеңес жауынгерлерінің ортасынан оралғанымды айтқым келеді. Жаңбырдай оқ бораған сойқан соғыс суретін тілмен жеткізу мүмкін болмаса да, Отан үшін, ел үшін, мына отырған Сіздер үшін батыр бабаларының атақ-даңқына шаң жуытпай, жеңімпаз туын желбіретіп жүргендердің және әділдік үшін арпалыста жапырақтай үзіліп, құрбан болған сарбаздардың арман-тілегін, өсиетін жеткізгелі отырмын,- деді толқи сөйлеп. Сондай-ақ Абай, Пушкин, Низами, Тоқтағұл, Мақтұмқұл, Саади т.б. ұлы ақындарды тудырған еліміздің барлық ұлт ұрпақтары бір кісінің баласындай бірігіп, ынтымақтасқандықтан құрыштай берік тұтасқан қамалға айналып, қарақшылардың болат құрсанған күштерін талқандап жатқанын өте өсерлі баяндады. Ең ғажабы, алдындағы қағазға көз қырын салмай қос тілде сауатты, көсіле , көсемсөздің майын тамыза өңгімелеп тұр. Әсіресе, Жамбылдың, Суворовтың, Бауыржанның жалынды сөздерін жатқа айтқанда жұрт сілтідей тынып, жиі-жиі қол шапалақтап қошемет көрсетті. Баяндамасын Махамбет ақынның:


Беркініп садақ асынбай,


Біртіндеп жауды қашырмай,


... Қасарысқан жауына,


Қанды көбік жұтқызбай,


Ерлердің ісі бітер ме?! -


деген өлең жолдарымен аяқтай келіп:


-“Қобыланды батырды, Манас, Көроғлы, Илья Муромецті тудырған қаһарман халықтардың бүгінгі ұрпақтары фашист жендеттерінің сазайын тартқызып жатыр. Әлем тарихында соғыс өнерінің шоқтығы биік жарқын жұлдыздары саналатын Ұлы Әмір-Темір, Александар Македонский, А.В.Суворов сияқты атақты қолбасшылардың жеңімпаз ерліктерін жалғастырушы Айбынды Қызыл Армияның даңқы арта берсін!” - дегенде, халық ду қол шапалақтап, әр жерден: “Жасасын Қызыл Армия!”, “Фашистерге өлім келсін!” деген дауыстар естіліп жатты. Фатиманың басында ақ қоян жүннен өзі тоқыған береті бар-тын, мойнына ораған сондай аппақ бөкебайының екі ұшын пальтосының сыртына тастап қоятын. Баяндамашы жігіт алдыңғы қатарда отырған қыз жаққа жиі көз тастай берген соң, бас киіммен отыруды әбес санап қолына алған. Лекцияның Фатимаға ұнағаны сонша баяндама аяқталса да орнынан қозғалған жоқ.


- Қарындас, баяндамашыға сұрағыңыз бар ма?! - деген сұрақтан селк еткен қыз ұйқыдан оянғандай жан-жағына қарағанда, жұрттың тарап бара жатқанын көріп, орнынан ыршып тұрып, қызыл арай реңге бөлене есікке беттеді. Шығар кезде сәл еңкейе залға бетін беріп клубтан сыртымен шықпақ болғанда көз қиығымен баяндамашы жігіттің жымиып, от шашқан жанармен үздіге қадалып қарап тұрғанын байқады. Жан дүниесін ғажайып қуаныш сезімі билеген бойжеткен маңдайы жарқырап бақыт босағасын аттаған- дай шаттыққа бөленді. Көз алдынан күлімсіреген жас жігіттің нұрлы жүзі, құлағынан қоңыраудай әдемі үні кетер емес. Көптен аңсап күткен рахат құшағына енгендей боп, бар жанымен құлай табынар, пір тұтар, іңкәр адамына жолыққандай жүрегі аттай тулап, өрекпиді. Ойына түскен сайын өңі уылжи елжіреп, өз-өзінен жымиып қояды. Ертесінде Абайдын “Айттым сөлем, Қаламқасын” ыңылдап айтып, үйді жинастырып жүргенде есік қағылды. Ашса Сұлеймен ағасының әскери комиссариатта жұмыс істейтін Марат деген досы екен, қасында кешегі баяндамашы жігіт. Шалқуы мен шарықтауы мол өзгеше жұмбақ сезімнен есі шығып алабұртқан қыз қолындағы сыпырғышын түсіріп алды. Фатима Сұлейменнің үйде жоқтығын айтқанда, Марат ертең келетінін айтып, қайтып кетті. Түні бойы дөңбекшіген қыздың: “Шіркін, мына сүйкімді жігітті тағы да көрсем” деген тәтті қиялы қияға қалықтап, ұйқы бермеді. Шынында, Марат ертесіне сол жолдасымен келіп, Сұлейменмен ұзақ әңгімелесті. Қонақтарға шәй жасап, тамақ әзірлеген Хакимаға жәрдемдесіп жүрген Фатимаға Асанбай мүлде назар аударған жоқ, екі достың сұхбатын сұлқ тыңдап отыр. Тек кетер кезде қоштасып тұрын, қыздың қолын сәл қысып еді, Фатима тағы да қызыл арай реңге бөленді. Осыдан кейін де екі-үш рет Маратпен ілесіп үйге келген. Асанбайдың соғысқа қайтып кеткенін естіген кезде Сүлейменнің: “Көзінің оты, сөзінің қуаты бар жігіт екен, аман болса жарар еді”,- деген жанашырлығын қарындасы қуана құптады. Содан үш-төрт ай өткенде Семейге бір аптаға командировкаға келген Асанбай Марат екеуі Сүлейменге соқты. “Бір күн танысқа қырық күн сөлем бер” деген, Сіздерге бауыр басып қалыппын. Хакима жеңгейдің шәйін сағындым,- деді Асанбай есіктен кіре.


- Қорқыт бабамыз: “Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық”, -деген екен,- “Қырықтың бірі - Қыдыр”, қонақтың көп болғаны жақсы, - деп Сүлеймен де туысын көргендей шын пейілімен шұрқырасып жатыр. Ет асылып, тамақ желінді. Майданның мазасыз күндерін айтып түн ортасына шейін сыр шертісті. Лүпіл қаққан бейтаныс, күшті, тәтті сезімін сырт көзге білдірмеуге тырысып қуыстана азаптанған Фатима тілге жоқ, кінәлі кісідей теменшіктеп жүр. “Бір жерің ауырмай ма?!” деп неше мәрте сұраған жеңгесіне де тіс жармады. Асанбай бір күні; - Қарындас, ертең Иранға аттанамын. Соғыстың аты - соғыс, ажалмен үзеңгілес жүресің, әрі енді қашан келерім де белгісіз... Егер сіз рұқсат етсеңіз хат жазып тұрайын, - деп өтінді. Фатиманың аппақ жүзі қою қызғылтпен ду ете түсіп, басын изеп, діріл қаққан қолын қоштасуға ұсынғанда, жас жігіт үлкен ілтифатпен қыздың ып-ыстық саусағын қысып ұстап, бетіне басып, жұп-жұмсақ ерніне апарып, үнсіз сүйді. Қыз денесі қорғасындай балқып қоя берді. Абырой болғанда мұны Асанбай байқаған жоқ. Үстінде жап-жаңа сарғыш гимнастеркасы, жарқыраған түймелері, белдігі, галифесі, сықырлаған қара етігі, әскери әдемі фуражкасы бар жас жауынгердің инабатты, мәдениетті, бекзат қылықтарына сүйсінген қыз оны бұрынғыдан бетер жақсы көріп кетті.





Пікір жазу