Фатима - ҚАРАУЫЛДАҒЫ ҚАПАЛЫ КҮНДЕР
Бірінші тарау
(Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері А. Асқаровтың жары жайлы деректі хикаят)
Қыс кезі. Біресе қиыршықтап, біресе жапырақтап жауған қар толастар емес. Қарауыл атырабының адыр-жоталары аппақ. Жатақ ұйлерді де, ағаш бұталарын да күпсек қар басқан. Шытқыл аяздың зәрлі суығынан тоңған жандар үйге тығылған. Ауру ана- сының қасында терезеден тысқа қарап Фатима отыр. Жарты жылдан бері қатты сырқаттанып жүруші еді, үш күннен бері тамақ ішуден де қалды. Зияда анасының кезерген ерндерін сулы мақтамен ауық-ауық сүртіп, Хакима жеңешесімен екеуі кезек-кезек қарайды. Фатиманың туған әкесі Сейсембай екі жасында қайтыс болса да, аяулы асыл анасының ыстық құшағы жетімдіктің суық ызғарын сездірген емес. Әрі ауылдың данагөй қарты саналатын нар тұлғалы, қызыл шырайлы Емберген атасының мойнына мініп, мейірімі күн көзіндей шуақты Көкей әжесінің арқасынан түспейтін балдан тәтті тұңғыш немересіне кім қарсы келсін. Баласының жылын өткізген соң ата- енесі жақсы көретін ибалы келінін қимай екінші ұлы Жүмағалиға зорлап қосқан көрінеді. “Әкең қайсы?” десе Жүмағалиды көрсететін немересін аймалап кемір мен шал мәз болып қалатын. Дегенмен қайтыс болған оқымысты дәрігер ұлының күйігі ме, әлдекәрілік пе 1939 жылы атасы, бір жылдан соң әжесі қайтыс болады. Олардың жылын өткізгенде соғыс басталып кетті. 1941 жылдың тамызында әскерге аттанған Жұмағалидан үш айға жетпей қара қағаз келгенде Фатима 14-ке толған еді. Әлі есінде, Емберген атасының жақын туысы саналатын Балқия деген сұп-сұр арық әйел қара орамал жамылып жылап отырған Зиядаға сұқ саусағын кезеп:
- “Келіннің аяғынан” деуші еді, сен келгелі біздің әулеттің сұрқы қашты. Сейсембай өлді, ата-енеңді жұттың, енді Жұмағалиды жалмап, бір шаңырақты құлаттың. Ең болмаса ұл да тумадың, ана шөп-желкеңді ал да төркініңе қараңды батыр! Кесірің өзіңмен кетсін аулақ!” - деп тепсініп ұрыс шығарған. Сонда сорлы анасы:
- Мен құдайдан осыны тілеппін бе?! Кім біледі, Фатимам он ұлға татитын қыз боп өсер, Жұмағалидың атын өшірмес,- деп зар еңіреген. Әрине, осының бәрі жаны нөзік Зиядаға оңай соқпаса керек, содан бері ауру, қаншама дәрігерлерге, емші-тәуіптерге қаралғанмен оңалмады. Зәрі қатты пәтуасыз дүние басына қанды шелек қасірет орнатқан соң үлкен күйзеліске ұшырағаны шындық. Арманының алтын діңгегі құлап күйрегендей мынау запыран мұң жұтқызған жалған фәниден запы боп тезірек аттанғысы келетін сыңай танытады. Тек қимайтыны - жалғыз қызы Фатима. Саусақтарын қысып ұстап жібергісі келмейді. Бір кезде жұмулы көзін ашып:
- Фатимаш, су әперші, - деді жайлап. Кеседегі қайнақ суды құшырлана жұтқанын көрген қыз қуанып кетіп, тағы да бермекші боп еді, анасы басын шайқап, Хакиманы шақыруын өтінді. Асыға кірген келінін көрген соң, қызына бара бер дегендей қолын сермеді. Фатима ақырын шығып кетіп, есіктен тың тыңдады.
- Қарағым, Хакима, мен күйелі көйлек кимеген жан едім. Саусағымдағы дәу гауһар көзі бар алтын жүзікті әкем бес қараға сатып әперген. Фатимаға берсем, бала ғой, жоғалтып қоя ма деп саған аманаттап тапсырғалы отырмын. Үйленгенде осы сақинаны са- тып әдемі киімдер, жаңа көрпе-жастық, азын-аулақ ыдыс-аяқ әпергін. Барған жері қозы боп сүтке, саулық боп көкке жарымаған деп жүрмесін. Бес жасынан кесте тігуді, он жасынан тамақ істеуді үйреткем. Өзі де зерделі қыз, артымда қалып бара жатқан жалғыз жапырағымды жүдетпеймін, жүзін жарқын етем деп уәдеңді берші, - деді ентіге әзер сөйлеп.
- Тәтетай, о не дегеніңіз, әлі-ақ жазылып, тойын өзіңіз өткізесіз. Туған ініңз Сүлейменді қалай сүйсем, Ақботаны (қайынсіңлісін осылай атайтын) да жанымдай жақсы көретініме төбемдегі Тәңірім куә,- деген жеңешесінің жұбату сөздерін естігенде, қыздың көкірегі шаншып, далаға ытқып шығып, боздап қоя берді. Анасының: “Жылама, жылаған баланы жек корем, құдай жылатпасын!” - деп жанарынан жас көрсе зекіп ұрсатыны ойына түсін: “Қой, жамандық шақырып жыламайыншы!” - десе де, өзін тоқтата алмады. Арада 5-6 минут өткенде Хакима үйден жылап шығып, анасының қайтыс болғанын хабарлады. Қыз жүгіріп барып бетінен сүйгенде Зияданың денесі мүздап қалған екен, кірпігінде жалғыз тамшы жас тұр.
- Анашым-ау, мені жападан-жалғыз қайда тастап барасың?! Өлмеші, маматай, жалынамын, бар тілегіңді орындайын, айтқаныңды екі етпейін, ауырсаң да аман жүрші,- деп шыңғыра еңіреп, анасын бас сап құшақтаған қызды көршілері әзер ажыратып, басқа бөлмеге әкетті. Фатима осылайша өзінің ең жақын, тілеуқор, жанашыр, қимас, қымбатты анасынан айырылды. Жасырын оңаша сәттерде анасының тері сіңген көйлегін, орамалын иіскеп, кеудесіне басып қаншама көз жасын төккені бір Аллаға ғана аян. Қайда барса да жанынан екі елі тастамай арқалап өсірген аяулы Көкей әжесі қайтыс болғанда да осылай мүжілген емес, өйткені қасында таудай тіреншіші анасы бар-тын. Сұңғақ бойлы, қолаң шаш, қыр мұрынды, аққұба жүзіне, мөлдіреген үлкен қара көзше қиылған қара қасы мен маржандай аппақ тістері ерекше шырай беретін сұлу жаннан туылғанын мақтан тұтатын. Енді, міне, ақ сирақты алапат жұт келгендей бәрінен айырылып, мойнына азап шынжырын салып, томардың түбіріндей шодырайып жалғыз қалғанын ұқты. Балауса балғын шағы алты қырдың астында қалғандай жастық желігі, еркелігі пышақтай тыйылып, ойлы, мұңлы, томаға тұйық қызға айналды.