01.05.2021
  205


Автор: Бейімбет Майлин

Пуртекел

(пьеса)


Бір бөлімді, бес көрініс


Бірінші көрініс


Екі жігіт кіреді.


Тышқанбай (Қортықты иығынан кейін тартып). Тоқта, алдымен өзім кірем. (Кіріп.) Жоқ қой. Келмеген білем.


Қортық (тымағын жұлып алып, Тышқанбайға қарап күлімсірейді). «Өзім» дейсің, мен ше? Соншама сен кім едің?


Тышқанбай. Мен бе? Таласқың келді ме? Уа, не шіркін, зор екен дәмең! Зүкенді құшақтаған, сүйген кім? Білесің бе? Ол– мынау дәдең!


Қортық. Көкуін, көкуін, ұят қой, араға мен кірісем, мен кіре білсем, қиын ба, айтшы, таза айырылып кетуің?


Тышқанбай. Падегенің! (Күліп.) Дұрыс айттың, өзім де сенен қауіп деп едім.


Қортық. Күл, күл, көрермін.


Тышқанбай. Әй, Қортық, әкел қолыңды, айналдыра алсаң, мен сөзсіз беремін.


Қортық. Бересің бе?


Тышқанбай. Берем. (Екеуі қол алысады.) Орнына отырайыншы.


Қортық. Әзіл өз алдына, әй, сен былай қылшы. Астықты бермеуге бола ма екен? Ептеп сұрап білші.


Тышқанбай. Қой әрі, аулақ жүрші! Жасырынды қазатын, газетке жазатын мен бе ем саған «тілші»?


Қортық (кекеп). Солай ма? Сұрауға қорқасың ба?


Тышқанбай. Шаптама! (Күліп.) Әлде сүйтсем бе екен. Қой, жасырын сырды білейін, Зүкенжанның арқасында. Жүр, кеттік. (Тышқанбай орнынан тұрады.)


Қортық. Қайда? Тышқанбай. Зүкенжанға.


Қортық. Зүкен қайда?


Тышқанбай. Табамыз, Зүкенді қолға аламыз, әнді шырқап саламыз, домбыраны қағамыз. Па шіркін, Зүкен күле қараса, қара көзді қадаса, қорғасындай еріп, зауық көріп, уа дүние, бір көтеріліп қаламыз. (Жүре беріп, Қортықты иығынан ұстайды.) Тоқта, Зүкенге шығарған өлеңімді есіттің бе?


Қортық. Жоқ.


Тышқанбай. Тыңда (тербеліп соғады).


Айлы кеш тамылжытып, нұрын төгіп,
Теңселтіп жапырағын ағаш төніп,
Жүректі майда желі қытықтаған,
Мәз болған біз ғой, сәулем, түнді көріп.
Айқасқан алма-кезек білек еді,
Алқынған аттай шауып жүрек еді.
«Қос, тәңірі, қос жүректі қобалжытпай
Мәңгілік», – деген ғана тілек еді.
Бұл тілек түн көркінің тіліндей ед,
Өмірдің өшпес мәңгі гүліндей ед.
Сыбдырлап жапырақтар беттен сипап,
Құттықтап құрбақасы күрілдеп ед.
Еркелеп судың беті дірілдеп ед,
Атқан таң бір мүйнеттей білінбеп ед.
Арқалап таң шапағын Шолпан туып,
Қалықтап, көтеріліп, күлімдеп ед.
Мақұлдап әлем жүзі күріндеп ед,
Ойды алған, бойды билеп, күшті көріп
«Бұл жақсы келешекке ырым», – деп ек.


Қортық (таңданып).


Әй, Тышқанбай,
Тіл бәлесін табасың-ау,
Мені онды саласың-ау,
Байқаймысың,
Жол асқан сайын
Сен ақын болып барасың-ау.


Тышқанбай.


Ақындық емес,
Алқынған жүректің демі ғой,
Сайраған тілдің ебі ғой.
Бәрін айттырып отырған
Зүкеннің қара көзі,
«Қалқам» деген сөзі,
Сиқырлы сұлу лебі ғой!


Қортық. Дұрыс, дұрыс. Зүкен сенікі. Жүр, кеттік. (Шығып бара жатып.) Мен айналдыра алмаспын, мені қой. (Екеуі шығады.)


Екінші көрініс


Сахна біраз бос. Зүкен кіреді.


Зүкен (қолындағы қағазын үстелге тастап).


Әй,жұрт,
Істері жатқан былық.
Бәрекелдідей алмайсың,
Ішің бір жылып.
Әлгі бір қайнаға:
«Ауылнайсың ғой», – дейді
Мысқылдап күліп.
«Әкті» істе дейді,
Қалай істемекпін,
Немесін біліп.
Сол қайнаға ше
Жатқан бір бүлік.
Әлгі жазған
Соған жағынбақшы,
Мені бұрмалап,
Араға жүріп.
Мейлі,
«Артық астығын
Өздері төгер», –
Деп жүр едім,
Төкпеді.
Қарсылық қылды.
«Пуртекел» істеп
Ауданға жібердім.
(Үстелдегі қағазды алып.)
Мынаны қайтем?
Айтсам,
Әзіл көреді.
Құшақтап
Сүйе береді.
Ай, жүрек!
«Ол» қайғырса жүдеп...
(Терезеге қарап.)
Ә, пуртекел батты ма?
Бүкеңдеп
Дарылдақ қайнаға келеді.


Үшінші көрініс


Тоқсанбай кіреді.


Тоқсанбай.


Келін шырағым,
Үйге әлгі песір кеп еді.
Өзі өтірікші неме еді,
Өтірік шығар деймін,
Сізді маған
Пуртекел істеді деп еді.


Зүкен. Шын!


Тоқсанбай.


Қойшы, келін!
Пуртекел істемеске
Әддім бар ма менің.
Ішерлігіңді, тұқымыңды,
Атыңның жейтін жемін,
Бәрін шығарғанда
Бес жүз пұт астығың бар,
Төк соны.
Мата аласың,
Ақша аласын, Бермейсің ғой тегін.


Тоқсанбай. Ойбай, келін!


Зүкен.


Жоқ, қайнаға,
Басым екеу емес менің.
Жұрт сайлады,
Үкімет адамымын,
Ажарға қарап
Істемей тұралман,
Істің тиісті жерін.


Тоқсанбай (кіжініп, тістеніп). Қап,әттеген-ау! (Шығады.)


Өзі мынау деген бай,
«Құқайынан» айырылған жұрдай.
Әктіні мойныңа ілдім.
Астығыңды бермесең,
Сотқа ілігіп
Жүр солай!
«Қатын ел билейтін бе еді?» –
Дейтіндер
Қызығымды көр,
Қалай?


Төртінші көрініс


Беті қан, Толқын кіреді


Зүкен (шошып). Шешей-ау, не болды?


Толқын. Байым ұрды (жыламсырап), өлесі қылды.


Зүкен. Апырмай, мұнысы несі? Қайнаға неткен жынды.


Толқын (екпіндеп).


«Келін ауылнай болғалы
Қатындарды қорғады.
Шығардың, – дейді, –
Сен үнді».


Зүкен.


Көрдің бе,
Шандуын кімді?
Мен көрсетейін
«Үнді».
Шешей-ау,
Былай қыл:
Ауданға бар.
Мен қағаз жазайын,
Ісінді тез қолға алар.


Зүкен қағаз жазады, Толқын күтеді. Жазып болып Зүкен оқиды.


«Құрметті сот,
Мынау шиедей бет, Қан жас!
Тез қарамай болмас.
Жазықсыз сабаған,
Айыпты қайнаға.
Алдыр!
Жап!
Өнеге болғандай – Үкімет!
Ауылдық кенес ағасы
Қолым қойдым:
Зүкен деп.


Қағазды алып Толқын кетеді.


Сансыз жұмыс,
Күн-түн жүріс.
Алғаным жоқ
Әлі тыныс.
Селсәбет
Жиырма eкi,
Бәрі де еркек.
Бірақ
Жеңді жұмыс
Бітірген жоқ.


(Айналып.)


Әлгі сорлы
Жүр наза боп.
Бар ісімді
Көреді жек.
Шектенеді
Кетіп қалып,
Жүре ме деп...


(Ойланып.)


Сайланбай тұрып-ақ,
Үйде жүріп-ақ,
Шегінген көңіл,
Жерінген көңіл,
Басқаға
Берілген көңіл.
Қайтейін,
Малға сатылған жанмын,
Күң болған адаммын.
Енді...
Ерік іздеп
Жас көңіл алас ұрды.
Қайтерімді білмей –
Өзім де даңмын!
Мейлі!
Өсектей берсін.
Мен –
Жүректің тілегін
Орындауға бармын.


(Тағы да аз кем ойлап.)


Қой,
Қағазды қарайын,
Істі қолға алайын.
Егістік туралы
Елді үгіттеу керек.
Ертең жиналсын деп,
Селсәбетке хабар салайын.
Әлгі хатшы келмеді-ау,
Ет аңдиды құрғыр.
Шақырайын,
Барайын.


Бесінші көрініс


Зүкен шыға бергенде Тышқанбай кіреді


Тышқанбай (жабыңқы). Зүкен.


Зүкен. Не, жаным?


Тышқанбай.


Пуртекел.
Мен кім?
Қайда ұят-арың?


Зүкен (мүсіркеп). Жабыққаның сол ма? (Бетінен сипайды.)


Қойшы, әкем.
Жалғыз сен емес,
Пуртекелдедім жұрттың бәрін.
Дарылдақ қайнағаны да,
Қисық аяқ Әбіш,
Ынылайдың әкесін...
Бәрі де қалған жоқ,
Ең арғысы Кәрім...


Тышқанбай (ашулы пішінмен).


Айтпа оның бәрін,
Мен өзіне мәлім.
Менің, қанша малым,
Астықтың төктім бәрін,
Сүйемелдер,
Сүйер
Деп жүрсем:
Сүйген жарым!


Зүкен (қатуланып).


Үкімет ісіне
Керек емес ажарың.
Алты ай қыстай
Айыпты болсаң,
Жақындығың өз алдыңа!
Пуртекелді жазамын!
Жасырын астық сатып,
Шарлаған сен емес пе
«Әупілдектің» базарын.
Әлі артығың бар, Тек!


Тышқанбай (кекеп).


Дұрыс!
Білдік,
Басқаға
Ауған екен назарың.


Зүкен (жұмсап). Қойшы, сәулем!


Жоққа ашу...
Үкімет ісіне
Сүйіспендікті тығасың.


Тышқанбай.


«Сәулем» дегенін алдау,
Сездім: суысайын деген шығарсың,
Рұқсат!


Зүкен. Қалқам!


Тышқанбай. Жоқ! (Шығып кетеді.)


Зүкен (жәбірленіп).


Міне,
Тағы бір от! Өртеді де кетті. Әй,
Осы жұрттың
Түсінбегені-ақ түбіме жетті


(Ойланып.)


Мейлі...
Сүйгенім анық.
Шын сүйгенімді
Білген барлық халық.
Елге не бетімді айтам
Сүйгенімді қымтасам,
Айыбы жоқ деп құтқарып!


(Дағдарып.)


Жүрек сүйет,
Жүрек күйет.
Ол ренжісе,
Көңіл елжіреп,
Бойым тегіс иет.
Сонда
Жұртты істікке шаншам ба,
Соны ғана сүйеп.
Тоқта жүрек,
Орынсыз
Соқпа жүрек!
Талайды көрерсің,
Шыда,
Ыққа, жүрек!
Зәбірленіп,
Жүдеп,
Жоққа, жүрек!
Ел сайлады,
Ел адамысың.
Әлсізді сүйе,
Әлді азулыға
Құралыңды –
Оқта, жүрек!


(Жігерленіп.)


Мен –
Кеңес бастығы.
Кедей тағдырын шешем.
Жүрген сайын ширап,
Өрлеймін,
Өсем.
Ескіліктің тамырына
Балта шабам,
Кесем!
Мен –
«Сүйгенім» десем,
Сүйгеннің қамын жесем...
Қой,
Ұятты...
Біле білсем.
Мен –
Елге бас,
Көсем!
Мені тапқанда
«Бала таптым», – деп
Қуанды ғой шешем.
Көрінгенге қолжаулық, Мен –
Қуыршақ емес.
Адаммын!
Еріктімін!
Іскермін!
Тоқта!
Әй,
Ел,
Сені түлетуге,
Сені түрлентуге
Талай істер істермін!


Шымылдық.





Пікір жазу