01.05.2021
  283


Автор: Бейімбет Майлин

Өктәбірдің жемісі

Бекберген шоқысының күн батыс жағында, жарлауланған өрдің ұшар басында шөккен нардай тоңқайып жатқан обашық бар. Обаның тұрған жері белдеуленген қыр, түсе берісі көгал томар, жердің барып тұрған ұйығы. Обаның басына шықсаң, көз жетер жердің бәрі аяғыңның астында тұрған сияқты: көл басына қонған ауыл, жайылып жатқан мал, шөп шауып жатқан жұмысшы, қыдырып жүрген былғаң байлар — бәрі де мен мұндалап көз алдында тұр.


Кенжебекше айтсақ, кешегі "құдайдың беріп тұрған" заманында бұл Табылды деген байдың қонысы еді. Табылдыға мыңнан аса жылқы біткен. Бақыты үдеген. Ауыл-аймақ Табылдыны төбесіне көтерген. Кемеліне келіп тұрған кезде Табылды бай осы обаның бауырын күздік қоныс қып, шалғынын жапырып, суына қанып, малы бір түрленіп қалушы еді. Табылды бай кешке таман сонау обаның басына шығып, маңайға көз жіберіп, қаз-қатар қонған ақ үйді, жер қайыстырып жайылып жатқан қалың жылқыны көріп, көңілі бір көтерілуші еді. "Бергеніңе тоба!" деп құдайына шүкіршілік қылушы еді...


Содан бері бұл оба "Табылды обасы" деп аталған...


* * *


Екінді әлетінде сол обаның басына Нұржан келіп шықты, Қолында қисық таяғы бар. Таяғымен обаның басындағы уақ тастарды секіртіп, балаша ойнап тұрды. Бет ажарына қарасаң, баяғы Табылды секілді "құдайына шүкіршілік" қылып тұрған пішін жоқ. Ауыр ойға батып, өзінше шешуін таба алмай тұрған секілді.


Нұржанның ойы не еді?


Нұржанның ойында бір-ақ нәрсе бар. Бүгін қаладан шыққан бір жігіт Нұржан үйіне түсіп шай ішіп аттанды. Оқыған жігітті көрсе, оны-мұны сұрап Нұржан дамыл көрмейтін. Бұл жігіттен де өзінше керек деген нәрселерін сұрап отырды. Қаладан шыққан жігіттердің кейбіреулері томырық, сөзге долаң келіп, айтқан сөзін өзі де, Нұржан да ұқпаушы еді. Мынау олай болмады, Нұржанның сұрағандарына бейнелеп жауап беріп, әбден көкейіне қондырды. Нұржанның сұрамағандарын да айтты. Қыза келе:


— Қазақ кедейі Өктәбір төңкерісі арқасында басын қосып, ел болып, теңдікке қолы жетіп отыр. Өктәбір төңкерісінің қазақ кедейіне берген олжасы ұшан-теңіз, — деді.


Өктәбір төңкерісі — Нұржанға таныс сөз. Өктәбір төңкерісі болып, үкіметті бәлшебектердің қолына алғанын, үкіметті кедей-жұмыскерлер үкіметі деп атағанын — бәрін де біледі. Нұржан бәрін де басынан атқарған.


Бірақ, "қазақ кедейіне Өктәбір төңкерісінің берген олжасы ұшан-теңіз..." дегенге біртүрлі көпіртпе сөз деп қарағандай болды. Әйтсе де, "төренің" алдында бұл ойын ашып айтуға сақтанды. Мұны сөз қылса, былтырғы Жәкеңшілетіп "Контыр!" деп "арыстабат" қыла ма деп қаймықты. Сондықтан ол жерде сөзді таза доғарып еді, содан бері осы сөз ойынан кетпей жүрді...


Обаның биіктеу жеріне отырып, күн сәулесіне арқасын беріп, Нұржан ойға шомды. Өзінен-өзі күбірлеп:


— Осы Өктәбірдің бізге бергені не? — деп қояды.


— Әлі кедейміз. Күні-түні салпақтап жұмыс қылып жүргеніміз. Ішіп-жемнен, киімнен артылатыны жоқ... Тым болмаса, баяғы Табылдының малының оннан бірі бітсе де, сөз болмас еді-ау!.. —деді.


Табылды ойына түскенде Нұржан басын көтеріп алды.


— Табылды!.. — деп күрсінді.


Табылдының аты аталса, Нұржанның көз алдына ескі күндер елестейді. Нұржан өткенді ойымен бір шолып өтпей қоймайды...


Бұдан он жыл бұрын Табылды дүрсіп тұрған кезде, Нұржан Табылдының қойшысы еді. Күн ұзаққа салпақтап қой бағушы еді. Кешке жақын обаның қырынан асыра қойды ауылға беттеткенде, нақ осы Нұржанның отырған жерінде, күбідей боп Табылды отырушы еді... Ыстыққа ерні кезеріп, шаршап-шөлдеп келе жатқан Нұржанды таяғын былғап, Табылды шақырып, жоқтан-бардан сылтау тауып, жекіп ұрысушы еді. "Шаруашылығың жоқ!" деп кінәлаушы еді... Өзі шаршап күйіп келе жатқан Нұржан бұрынғыдан жаман күюші еді...


Ол күн кәзір бар ма? Мына обаның бауырындағы шұрқынды томарда жер қайыстырып жататын Табылдының жылқысы қайда? Көрінгеннің бәрін обып қоятындай болып, обаның ұшар басында күбідей боп отыратын Табылды қайда?


— Бірі де жоқ!


Обаның бауырындағы шұрқынды томар кәзір шабынға айналған. Бұрынғы ақ үйлердің, орнында жапырайған қара үйлер тұр. Ауылдың жұмысқа жарайтындары шөп шауып, кәсіп қылып жатыр.


— Кім үшін істеп жатыр?


— Өздері үшін! Аз ғана малына шөп алайын деп жатыр. Артығын сатып, олжа қылайын деп жатыр!..


— Обаның басында отырған кім?


— Нұржан!..


Нұржан ажарланып сала берді. Ауыр ойдың шешуін тапқан секілденді:


— Шынында да, солай екен-ау... Кедей ел басын қосып, өз алдына дербес өмір сүруге айналған екен ғой. Бұрынғы күн болса, мына қоныс біздің қолымызға тиер ме еді?!.. Байдың малының жеуінен артылар ма еді?.. Байдың жұмысын істеп салпақтаудан қолымыз босар ма еді?.. Шүкіршілік! Өктәбірдің бергені аз емес екен. Білмейді екеміз. Теңелген екеміз. "Төре" бекер айтпаған екен... — деді.


Нұржанның өзі-өз болып, өткен мен қазіргіні салыстырып, қорытынды шығарғанының бұл біріншісі еді. Осы бірінші қорытындысында:


— Октәбірдің берген олжасы аз емес екен, білмейді екеміз!.. —деп көңілін нығайтты.





Пікір жазу