01.05.2021
  218


Автор: Мұратхан Шоқан

Бұл ғасырда...

Бұл ғасырда ырғақ пен сарын басқа,
Амалың жоқ тарығып, тарынбасқа.
Қарайласа алмайсың бауырларға,
Қайыр жасай алмайсың қарындасқа...

Құлақ күйді түзейді кім келтіріп?
Мұң ұлиды ішіңде, мың бөлтірік,
Біреулерге бір көмек істей алмай,
Үмітіңді жүресің күнде өлтіріп.

Өзгермейді ештеңе тұрып алған,
Күн қашады балағын түріп алдан...
Ормандағы мың жылдық ағаштардай,
Сіресіп тұр қозғалмай сірі жалған.

Тырнай сала көзіңді көшке ересің,
Таңда шығып үйіңе кеш келесің.
Сен біреуге бермейсің ештемеңді,
Біреу саған бермейді ештемесін...

Бұл ғасырда ырғақ пен сарын басқа,
Амалың жоқ тарығып, тарынбасқа.
Қарайласа алмайсың бауырларға,
Қайыр жасай алмайсың қарындасқа...





Пікір жазу