01.05.2021
  196


Автор: Мұратхан Шоқан

О, қысқы бақ...

О, қысқы бақ, тұрсаң дағы қыраулап,
Көктем келсе құлпырасың бір аунап.
Аман болсақ қаз дауысын естиміз,
Аман болсақ тырна келер тыраулап.
Тоңы ери ме алыстағы ауылдың?
Мазалап жүр мені сол бір сұраулар...

Ақ сүңгіден арылады маңайлар,
Сансырадым... Санам толы сан ойлар.
Қара орманға құс келеді қайтадан,
Қарая ма қырау шалған самайлар?..

Көктем келсе, мұзы ериме көңілдің?
Баяғыдай келер ме екен жеңіл күн...
Мені мұңсыз көретіндер ақымақ,
Қанша түндер көз жасына көмілдім...

Қияқ айсыз,түнергенде қыли түн,
Көктем аңсап жердің жүзі жылитын.
Алатаудың шоқысына шығып ап,
Бір бөрім бар көкке қарап ұлитын...

О, қысқы бақ, тұрсаң дағы қыраулап,
Көктем келсе құлпырасың бір аунап.
Аман болсақ қаз дауысын естиміз,
Аман болсақ тырна келер тыраулап.
Тоңы ери ме алыстағы ауылдың?
Мазалап жүр мені сол бір сұраулар...





Пікір жазу