01.05.2021
  220


Автор: Мұратхан Шоқан

Саған қалай алаңдаймын...

Саған қалай алаңдаймын сезерсің,
Сен шөлдеме, менің ернім кезерсін.
О, Отаным, менің көркем мекенім,
Сен сөз болма, маған ғана сөз ерсін...

Бар жүгіңді сенің ұлың көтермек,
Бүл пәниге күн кешеме бекер кеп?
Сенен атақ, сенен ақы дәметпей,
Борышымды түсінемін өтер көп...

Көңілдерді көктемдейін бүрлетіп,
Жүректерді, мейіріммен нұрлы етіп.
Жыр жазамын Алатауды шынтақтап,
Көргенім жоқ жанымды еш кірлетіп...

Саған біреу кетеме деп сұқ қадап,
Саған қауіп жетеме деп бұқпалап...
Мендік сана пенделіктен биіктен,
Топырағыңды күзетеді тік қарап!

Саған қалай алаңдаймын сезерсің,
Сен шөлдеме, менің ернім кезерсін.
О, Отаным, менің көркем мекенім,
Сен сөз болма, маған ғана сөз ерсін...





Пікір жазу