01.05.2021
  175


Автор: Мұратхан Шоқан

Түсінбесең әрірек жүр...

Түсінбесең әрірек жүр, жақ ашпа,
Құдай мені ақын қылған алашқа.
Түсінеді мені құздар, қырандар,
Түсінеді орман, тоғай, ағаш та...

Шеңгелдер де қадамайды инесін,
Табиғатпен таба білсең үйлесім.
Гүлді, шөпті, тіпті қоңыз, араны,
Сүю керек, тіршілікті сүйгесін.

Өстім еркін, мейірімді мол көріп,
Көңіліме күш-жігермен толды ерік.
Мені көрсе мейірленіп жыландар,
Құмырсқалар өткізеді жол беріп...

Бақтар қанша маған жеміс пісірген?
Емен қанша жазда сая түсірген?..
Қайыршыға қағып беріп қалтамды,
Кісі болып сөйлесе алам кісіңмен!

Түсінбесең әрірек жүр, жақ ашпа,
Құдай мені ақын қылған алашқа.
Түсінеді мені құздар, қырандар,
Түсінеді орман, тоғай ағаш та...





Пікір жазу