Туындылар ✍️
Аспанды есіңнен шығарма...
1.Кірпіш қалыптан шыққанда жұмсақ, кепкенде қаттырақ, күйдірілгеннен кейін тастай қатты болады... Поэзия сарайына кірпіш болып қаланғың келсе, өртеніп-жан.
2.Адамды танып-білу үшін арман-мұраттарын сұрап көр.
3.Сен алдыға қойған биік мақсаттарың жайлы айта бастағанда, сөзіңді аяқтамай бұдан бізге қандай пайда бар? - деп сұрақ қойған адамнан көп үміт күтпе. Пайданы алдымен ойлайтын адам сенімен ұзақ сапарлас болмайды.
4.Бәйтерек секілді адамдардың қасынан табыл. Жазда сая, қар-жаңбырда ықтасын болады. Өмірде тікен секілді адамдар да жоқ емес. Біреуге тілін қадап, жанын жаралап жүретін жандардан алыс жүр. Бақытсыздығын басқадан көретіндердің қатарынан болма.
5.Үнемі жерге қызмет ете берме. Аспанға да қызмет етуді ұмытпа. Жерге қызмет ету, өзіңді ғана ойлау. Аспанға қызмет ету, өзгенің қамын жеу. Сен мәңгілік жердікі емессің. Аспанды есіңнен шығарма...
6.Билікке қолың жетсе, маңғайыңа парасатты адамды топтастыр. Парасатты адамды халық арасынан қолыңа шырақ алып ізде. Парасатты адам пайданы көздемейді. Қатеңді жасырып қалмайды. Парасатты адаммен дос болсаң, басың қатерден аман болады.