Күлшара жеңгей
— Жол болсын, қайным! Ауылдан қашан шықтыңыздар? Жол ұшы қай жер? — деп бақалау келген қара қатын Күлшара жеңгей сөйлеп өліп барады. Сөзшең адам екен, қайдағы-жайдағыны айтып, қаратып отырғызбады. Бірақ, сыпайы адамның көзінше көп сөйлеп ысылмағанға шығар деймін, сөзі байланыссыздау шықты. Біресе егін-шөпті әңгіме қылады, шаруашылықтың арасына әкеп "Дарылдақ қараның үйімен араздығын қыстырады. Әйтеуір, неге екені белгісіз, қонақ келгенде тымырайып отырып қалатын басқа әйелдер секілденбей, бізді риза қылып аттандырайын деген қалпы еріксіз сезіліп тұрды...
Жөнділеу келген сары бұжыр әйел біз барып түскеннен үйге кіріп-шығумен болды. Біресе құлағынан сүйреп самаурынды алып шығады, біресе етегіне салып көмір тасиды. Жүріс-тұрысына, аяқ басысына қарағанда, Күлшара жеңгейге кызметімен жаққысы келген адам тәрізденіп тұр. Бірақ сынға іліккен адам оңа ма, сары бұжыр әйелдің кіріп-шыққанын, аяқ басысын, нәрсені көтергенін — бәрін де Күлшара жеңгей шаншу секілді көріп, сөз арасында ала көзімен қарап қойып отырды...
Бұл үй адам жалдайтын бай үй емес еді. Келіні шығар деуге Күлшара жеңгейдің байынан басқа бұл үйде еркек кіндікті жоқ секілді еді. Сондықтан сары бұжыр әйелдің жайын сұрадым. Күлшара жеңгей күлді:
— Жеңгей ғой,— деді.
— Қайдағы жеңгей?
— Осы үйдегі ағаңның алған тоқалы...
Нанғым келмеді. Күлшара жеңгейдің байы осы ауылдағы момынның бірі. Жасы 40-тан асып кеткен. Күлшара жеңгей 30-ға келсе — жаңа келген. Мынау әйел 20-ға келген тәрізді. Аюдай ақырған Күлшараның үстіне қандай адам тоқал алмақшы?!..
Күлшара бейнелей сөйледі:
— Жақын келініміз еді. Байы өлген соң, аруақ аттап кетпеймін деп, менің байымды қалады. Байым алмаймын десе де "мен зорлап алдырдым"... "Көсеу ұзын болса, қол күймейді" дегенді білмейсіз бе?!— деді.
— Екі қатын алған адамды жазаландыратын заңды білмейсіздер ме? — деп едім, Күлшара жеңгей жымиды:
— Бақа қайным оныңа малын үйретті ғой. Әуелгі қатынын айырған қылып көрсетсе, тоқал алуға бола беретін көрінеді ғой. Қағаз жүзінде мына қалқам екеуіміздің еншіміз басқа,— деп емшектегі баласын алдына алып шопылдатып сүйді.
Көрер көзге үстіне тоқал алдырғанына, ана қатынның риза болып тигендігіне таң болдым.
Арадан оншақты күн өтпестен, басындағы жаулығы дал-дұл, көзінің алды көгеріп ісіп, Күлшара жеңгейдің күндесі ауылнайдың үйіне кіріп келді.
— Е, не болды?
— Ойбай, қайным, адуын жеңгең ұрып өлесі қылды. Тұла бойым көк ала торғайдай.
— Мұндай боларын баста білмеп пе едің?
— Аруақ аттап кетпе деп әрқайсылары айтқан соң, тие салып едім...
Сұрастыра келе анықталды, бәрін бүлдіріп жүрген сол ауылдағы Жексенбай деген қу екен. Тоқал алып бергендігі үшін Күлшараның үйінен бір сиыр соғыпты. "Әкімдердің аузын алуға" деп 50 сом тағы алыпты...
Таяқ жеген қатын ауылнайға "протокол" істеттіріп, сотқа арызын жолдады білем. Күлшара жеңгейдің көсеуінің ұзарған-ұзармағаны әзірше белгісіз.