Ел күйеуі
Биғаншаның өлімі — Жұматай, Сыдық, Байбосын үшеуіне айрықша батты. Жұматай Биғанша марқұмның күйеуі, Байбосын ішінен шыққан баласы, Сыдық — қайынінілерінің ішіндегі ең жан сүйері.
Бұл үшеуінің қайғысы үш түрлі болды: Жұматай қатынсыз қалғанына, төсекте жалғыз жататындығына күйінді; Байбосын мейірімді анасының құшағынан айрылғандығына өксіді; Сыдық шын сырласынан, жанынан артық көретін адамынан айрылғанына қайғырды.
Биғанша марқұм мезгілсіз өліп кетті: жасы жиырманың үшеуінде еді. Екі беті алмадай, көзі мөп-мөлдір қара, тал шыбықтай бұралған таңдаулы сұлудың езі еді. Биғанша Жұматайға он төрт жасында күйеуге шықты. Жиырмаға келгенше бой түзеу, қатарға кіріп адам болу дегенді ескерген жоқ. Ескермеген себебі — біреуге әйел болып тиген соң бар міндеті соның қойнында жату, соның тілегін бұлжытпай орындау ғана деп білді. Жұматайдың мінезі де осыған еріксіз әкеліп салғандай еді. Жұматай өміріне кісімен ашылып сөйлескен адам емес, қабағы жабылып, иығы салбырап, сүзектен тұрған адамша қатып-семіп тұнжырайды да отырады: қайғыға кездессе құлап қайғыруды білмейді, қуанышқа кездессе тасып қуануды білмейді, ашуы келсе шошқа құсап қорс-қорс етеді. Нақа бір жадырап кеткендей болса, аузын ыржитып күлген болады. Бірақ мұнысы да нағыз күлкі емес, болғанмен де дені дұрыс адамның күлкісінен әлдеқайда бөлек тұрады...
Басқаға қалай көрінетінін кім білсін, Биғаншаға Жұматай тап осылай болып көрінді. Биғанша Жұматаймен бірінші қосылған күннен бастап осы мінезінің бәрін сезгендей болып, бұдан өзгеше мінез шығады деп ойлаған жоқ. Екеуі тоғыз жыл бірге өмір еткізді. Осы тоғыз жылдың ішінде Жұматай Биғаншаның жоғарғы ойын түгелінен жарыққа шығарды да отырды. Бірдеме керек болса:
— Әй, қатын, — дейді.
Даусы күрр... ете қалады.
Ашуланса:
— Әкеңнің аузын... Түбіңді!.. — деп жеті атадан қозғайды.
Түн болса, шам сөндіріп жатса түлкі соғып жатқаннан жаман екіреңдеп болады. Жұматай екіреңдесе Биғаншаның денесі суық су құйғаннан жаман мүздап, қалтырап кетеді. Бетке тиген демі иттің демінен де жиіркенішті: «Әрі... қой» деп айтатын дәрмен қайда, Биғанша демін ішіне тартып, булығып зорға дегенде:
— Байғұс екенсің... не болды? Тым болмаса үйдің іші ұйықтасын да?.. — дейді.
... Биғанша езіліп, мүжіліп, езін адам қатарынан шыққанға санап жүргенде, осы Сыдық кездесті. Сыдық кездескенде алыстан ат арылтып іздеп келген жоқ, ауыл үйдің арасынан кездесті.
Кездесулері де қызық: неден басталғанын, қалай болғанын өздері де білмейді, екеуі әзілдесе кетсе, жүздері жайран қағып, сөздері жабыса кетеді, сөйтіп жүріп Биғанша Сыдықты ойынан тастамайтын болады.
Орта бойлы қара бұжыр жігіт. Оң жақ бетінде тыртық дағы бар. Көзі қысықтау. Мұрны қолағаш гай үлкен де емес, таңқиған қысқа да емес, орташа. Жебелі келген мұрты бар, әзілқой, сөзшең. Домбыра тартып, аздап өлең де айтып жібереді. Той-томалақта күреске шығып, езі қатар жігіттерді жығып, бәйге де алып жүр. Ауылдағы бірқатар жас жігіттердің ішіндегі көрнектісі осы деуге болады. Бірақ Сыдықтың әйелі тең болып кездеспеген қарақожыр, атжақты, еңгезердей — еркек пішінді адам. Жас адамның әйелі екем деп имену жоқ, сампылдап сөйлеп үйден үйге жүгіріп, өсек тасиды. Сыдықтың қатыны туралы сөз қылғанда жұрт: «Бір үйге қыдырып барғанда, қатыны үстіне келсе Сыдық ұялып шығып кетеді екен...»деп өсектейді.
Шын жақындық осыдан былай басталды. Биғаншаның өмірінде бұл бір жарықтан болды. Биғанша қайта жасап, жастық дәуірін еткізуге енді кіріскен сияқты болды. Күн сайын құлпырып, ажарланып, бойы-басын түзеп, адам болып қунап кетті...
Абысын-ажынның өсегі ұлғайғаннан ұлғайып, шет жағасы Жұматайдың құлағына шалынды. «Жұматай естісе я ұрып, өлтіріп тастар, я айырып жіберер», — деп ойлайтын еді Биғанша, бірақ Жұматай мұны істемеді.
— Ит, сен неге ойнас қыласың? — деп түнеріп келіп, қамшымен тартып-тартып жіберді, Биғанша даусын шығарып жыламады, ұрма деп жалынбады да...
Кешке шам сөндіріліп жатқан соң, Жұматай бұрынғысын бастады. Аймалап сүйіп өзіне қарай тартты. Биғанша ішінен тынып ернін тістеумен болды: «Мына шіркін малмен бір тәрізді екен ғой... біле-көре мұнысы несі?..» деп ойлады.
***
...Биғанша, Жұматай, Сыдықтың арасындағы бір-біріне байланыс, жақындық түрі, міне, осы еді.
Осы күймен жүрген Биғанша марқұм болды. Жұматай қатынсыз қалды. Сыдықтын сүйіскен жүректен айрылды. Жұматайға қарағанда Сыдықта қайғы денірек. Бірақ Жұматай олай деп ойлаған жоқ: «Сыдықтың жұбаныш қылатын қатыны бар, менің сорым қайнады-ау» деп ойлады. Жұбаныш қылатын қатын болса Биғаншаны ойламайтындығы, оның өліміне қайғырмайтындығы анық еді.
...Жұматай қатын алудың жабдығына кірісті. Өткен-кеткеннен сұрастыра бастады. «Пәлен жерде бойжеткен қыз бар екен», — деген хабарды айтқан адам Жұматайдың бес биесінің қымызын тойғанша ішетін болды. Қыз қандай, сұлу ма, ақылды ма? Әлде ақсақ, таз, соқыр, мәжнүн бе?.. Жұматай ол жағын қазбаламайды, «бойжеткен» десе соған қанағат қылады.
Бойжеткен қыздардың бірнешеуін айттыра барды, бірінің де сеті келмеді. Қыз әкесінің беретін жауабы қысқа:
— Ерік қыздың езінде, зорлап бере алмаймыз.
Бүл сөзді естісе Жұматайдың жыны келеді. Қорс етіп теріс айналып кетеді. Атына мініп еліне сызады. Замандастары сұраса:
— Реті келмеді, ерік қыздың өзінде екен, әкесі билеп бере алмады, — деп күңк етеді.
— Еркі қыздың басында болса, тіпті жақсы емес пе? Өзімен сөйлесіп, үйлесіп, малсыз әкете қою керек қой!.. — деп замандастары кеулейді.
Жұматай жақтырмай ондайға ала көзімен қарайды. Қызбен үйлесу деген не? Әкесі берсе, мал беріп айттырса, некесін қидырып төсегіне әкеліп жатқызса «үйлескен» деген сол емес пе?
Осыдан басқа «үйлесуіңді» Жұматай білген емес. Жұматай болып жаралғалы қазір жасы отыздың алтауына келіп отыр. Осы жасының ішінде үйлесу дегенді білді ме екен?! Үйлесу былай тұрсын, қызға қарап бір ауыз сөз айтып көрді ме екен?!. s
Жұматай үш ай қатынсыз жүрді. Қатынсыздықтың зары етті. s Бір күні салбырап Сыдықтың қасына барды:
— Жай жүрмісің, Жұматай?
— Жай емес қой... Не қылмақшы ем... нетіп... — деп бірсыпыраға шейін ойын ашып айта алмай тұрды.
Сыдық түсіне қалды.
— Қатын керек-ау, сірә, — деп күліп еді.
— Менің жайымды сен білесін ғой, — деп Жұматай күлген тәрізденіп ыржиып қойды.
Сыдық жымыңдай түсіп, әлденеге көтеріле сөйледі:
— Рас, саған қатын керек. Мен де білмей жүрген жоқ емес едім. Бірақ өзің дамылсыз іздеп жүрген сол бір ретін келтірер деп үндемеп едім... Менің бір балдызым бар, әйда, соған барайық!
— Бойжеткен бе?
— Бойжеткен...
***
Жездем келді, деп талдырмаш қара торы қыз үйден жүгіріп қарсы шықты. Сыдықтың иығына асылып үйге кіргізбей әуреледі. Қыздың әке-шешесі де аңқылдап мәз болып қалды.
— Рәшжан, шәйіңді қой.
— Рәшжан, етіңді ас! — деп қара кемпір үсті-үстіне бұйрықты беріп жатыр.
Рәш күліп жүріп бәрін де істеді. Жұмыс арасында жезделеп Сыдықтың қасына келіп, тізесіне асыла отырды.
— Саған оңаша айтайын деген бір сөзім бар еді.
— О не, жезде, осы жерде айтшы.
— Жайырақ айтармын...
Рәш күлімсіреп отырды да, жүгіріп жұмысына кетті. Сыдық Жұматайға қарап:
— Оңды бала, іскер. Ақылды. Мұны алсаң қатынға жарисың... — деді.
— Бері кел,Жұматай, — деп Сыдық Жұматайды қораның алдына алып барды, — әне, көрдің бе, сиырларын байлап жатыр... Мен айттым: «Саған күйеу ертіп келдім, сөйлес, соған ти» дедім. Барып сөйлес, икемге келер. Бір икемделсе ар жағын өзің нетесің ғой... — деп, Сыдық сыбырлап айтты да, Жұматайды ішке кіргізіп қақпаны жапты.
Абажадай кең қора. Қараңғы, жұлдыздай жарқырап әр жерден қораның тесігі көрінеді. Мүйіздері сартылдап сиырлардың сүзіскені естіледі. Жұматай есіктің алдында әлі тұр. Не істеу керек?
Қыз жылысып есікке жақындады. Жұматайға төніп келіп кішкене тұрды да:
— Бұ кім? — деді.
— Мен.
— Не ғып тұрсыз?
— Жай.
Тағы тұрды екеуі қарама-қарсы. Қақпадан сәуле кіріп тұр. Екеуінің де бет ажарлары анық көрінеді. Жайылып біткен шырпыдай бет-аузы жүн-жүн болып өңірейіп Жұматай тұр. Қара торы көзі күлімдеп, талдап өрген шашын арқасына бос салып, Жұматайдың баласындай болып Рәш тұр.
... Қорадан шығуын андып тұр екен, Сыдық жетіп келіп:
— Немене, сөйлестің бе? — деді.
— Сөйлескен деген не, әкесіне жолығып, қанша мал алатынын білсейші, — деп Жұматай күңк етті.
— Байғұс-ау, алдымен қызды үйрілту керек қой, қыз көнбесе әкесі бермейді ғой.
— Қыз көнбейді деген не?.. Алатын малына келісіп, қайтсең де бүгіл сол қызды қойныма сал, — деп, Жұматай өмірінде бірінші рет жүзін жылытып, жымың етті.
Ертеңіне Жұматай мен Сыдық бөлініп, аулына екі басқа қайтты.