01.05.2021
  204


Автор: Бейімбет Майлин

Болған іс

Міне, сәуір жетті, жаз болды, күні кеше қалың қармен қапталып жатқан жер, өткір күннің көзіменен қар кетіп, қарайып жыбырлаған жанды жәндікке "жайылыңдар еркін, жеңдер қалаған шөптеріңді!" деген секілденді, суық қыстың ызғарымен жер өзінің түрі кеткендігін біліп, қарағанға көңілді қылу үшін ойын, қырын қызғалдақпен безей бастады. Алты айғы қыс жер үйде жатып, күн өткізген қазақ байғұстар да таза жерге шығып рахаттану үшін киіз үйлерін тігіп қырға шықты.


Күнде шомның басында тұратын Қажыбай ақсақал, бүгін үйі қырға шыққандықтан молдасын қасына ертіп, ауылдың қасындағы бір биіктеу жерге шығып отырып: "баяғыда біздің бала күнімізде ана жерлерде қала жоқ еді, анау көрінген қара қоғаның басында талай асық ойнап едік-ау" деп қысыр кеңеске кірді.


Міне, сол уақытта ауылдың шетінде: "қайдан әңгіме табылады" деп алаңдап тұрған Жанпейіс, молда мен байдың қырға шыққандығын көріп, қуанған кісідей-ақ жүгіре басып жетіп келді.


Жанпейіс: — Ассалаумалайкум.


Қажыбай: — Әліксалам, аман ба, Жанпейіс?


Жанпейіс: — Шүкір, жақсы, мал-жан амандық па?


Қажыбай: — Жанпейіс, бүгін қайдан келдің?


Жанпейіс: — Қаладан, өткен сәрсенбіде барғанымда Андрей "Жексембіге кел!" деп қалып еді. Неге шақырды деп барсам, кәдімгі Андрей, барған соң-ақ өзімді айналдырып, "тамыр-тамыр" деп шайын қайнатып, сыйлап: "бидай шабуға азырақ жер керек еді, сізден жер табылар ма?" деп құлақ-қағыс қылған соң, дәулеті бар адам ғой, зияны тимес деп төрт-бес жер бердім. Одан шығып қайтып келе жатқанымда...—дей бергенде Қажыбай ақсақал сөзін бөліп:— Сені бір ат алды деп естідім, жерге алдың ба, ақшаға ма?— деп сұрады.


Жанпейіс: — Жерге алдым. Түнеу күні барғанда 40 жерді 93 аузынан сұрап тұр еді, соны бүгін 38 жерге әкелдім.


Қажыбай: —Жарайды, жерге алған нәрсенің қымбаттығы жоқ, бірақ, Жанпейіс, сен бұрында жер саттың, бәріне жерің толар ма екен?!


Жанпейіс: — Күн ерте ғой әлі, есебін табармын не бәрі 70-ақ жер.


Қажыбай: — Сен Жанпейіс, ертең қалаға барсаң, жайлау жақта менің 40-50 десятиндай жерім бар, соны ептеп орысқа өткізе аларсың ба?— дейді.


Жанпейіс: — Әбден болады, жер алатын орыс көп, мен өткізермін,— деп кеудесін көтеріңкіреп қойды.


Бұл екеуінің сөйлесіп отырған сөздерін жандарында тыңдап отырған молда жаратпаған қияпатта бір күрсініп: "Бай, бұл жер сатқандарыңыз қалай? Жакең болса жарлымын деп сатады, сіздің құдайға шүкір, жақсы дәулетіңіз де бар, жайлаудағы жерді саттырайын деп отырсыз, күні ертең өздеріңіз көшіп барсаңыздар, малдарыңызды ұстап күнде потраба қылмай ма?"— дейді.


Жайбарақат сөйлесіп отырғанда жандарында отырған молданың кенеттен айтқан бұл ақылы Қажыбай ақсақалға ұнап жетпеді, ішінен: "мұның да ақыл үйреткісі келеді", — деп қойды.


Жанпейіс және бір сөз бастай берейін дегенде, бір бала келіп: "Ата, шай пісті" деген соң орындарынан тұрып тарады.


ІІ


Мамырдың ішіндегі жылы күндердің бірінде бай қолына таяғын алып, қотанда жатқан қойын аралап жүргенде, соқашы жағынан шабуылдаған бір салт атты кісі көрінді: "Мезгілсіз уақытта шабуылдап жүрген бұл кім өзі?"— деп тұрғанында ол кісі Жанпейістің інісі болып шықты.


Қатты келген бойымен сәлемді де ұмытып: "Ағайды Меколай ұрып жатыр, соған сізден ақша сұрай келдім,"— дейді.


Қажыбай: — Меколай кім? Не қылған ақша?


Кісі: — Меколай түнеу күні бізге атын сатқан орыс, сол ағама "Жерімді толықтырып бер, болмаса ақшамды бер!"— деп қысым қылып жатыр. Соған сізден 20 сом ақша сұрап әкел деп жіберді,— дейді.


Белгілі, бұл ақша деген сөздің байға ұнамсыз тиетіндігі, бір тиынды бір сом орнына жұмсайтұғын кісіге, қолақпандай қылып 20 сомды Жанпейіске беру оңай ма? Түсі бұзылып, ашуланып: "Сендерге жер сатқызған мен емес, жерді жеткізе алмастарың бар, неге саттыңдар? Беретін ақшам жоқ, тарт!"— деп ақырын, зәре құты қалмай тұрған жазғанның бұрынғыдан жаман зәресін алып қоя берді.


Ал енді соқашыға келсек, күні кеше күрең атына мініп алып, былғақтап, көрінгенге "Жер алмайсың ба?" деп жүрген Жанпейіс, бүгін қақпанға түскен қасқырдай екі көзі жайнап, тамырының берген "сыйының" күштілігімен есінен де танып еді, басына нендей уақиға келгендігін білмей меңіреу адамға ұсап тұрғанында, інісінің шауып келіп: "ақша жоқ" деген сөзіне шошып кетіп, ұйқысынан оянған адамша көзін ашты.


Енді не қылмақ керек? Басқа ақша табылардай орын жоқ, амалсыздан тамырына: "Меколай, күнде көріп жүрген таныс адамбыз ғой, мені қинама, соқаның алдымен салған екі жер бидайым (осы күнде көктеп те қалған) бар, соны алып біт" деп жалынды. Бұл сөз Меколайдың басында-ақ ойында болғандықтан бір ауыз сөз де айтпай, жерді алып бітісіп, қаласына қайтты. "Ауырып жазылған жан олжа, жоғалып табылған мал олжа" дегендей-ақ Жанпейіс мырза Меколайдан өлмей қалғанына қуанса да, Қажыбай ақсақалдың 20 сом ақша бермегеніне көңілі қатты ренжіді. Қалай ренжімесін?! Жанпейістің қылған қызметінің ұшы-қиыры жоқ, баласы ауылнай боларда: "Әйтеуір ауылдағы бір мырзамыз ғой" деп штат уақытында ауылдан ауылға шауып, көрінген кісіге бас иіп, жалынып, "шар" салынғанша бір мырза үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Оның бер жағында қырық-елу десятиналап жерін де сатып берді. Міне, бұл қызметін Жанпейіс өзі де ішінен ойлап-ойлап: "қой, бұл Қажыбай жақсылық қылғанды білмейді, амандық болып, ел жайлауға барғанда, орыстың егініне жылқысын бір айдап түсірсем, кегім бітер" — деп кіжініп, күрең атына мініп алып ауылына жөнелді.


III


Жоғарыдағы айтылып келе жатқан Қажыбай ақсақалдың ауылы жайлауға барып, Қос тұмарына қонғанына ай жарымдай болып еді. Кеше кешке бай бәйбішесіне: (ауыл маңайы тозған соң) "көшу керек еді, ауыл маңайыңда ат арқандайтын да қылтанақ жоқ, һәм орыстың егіні де жақын, аман-есен тұрғанда жаңа жұртқа қонған дұрыс болар" деп кеңесіп отырып қымызды көбірек ішіп жібергендіктен, бүгін сәске түске дейін ұйықтап, жаңа ғана оянып, маужырап жатқанында дүрсілдеген аттың дыбысы білінді. "Бұл не қылған дүрсіл?" дегенше болмады, жылқышы жетіп келіп: «Жылқыны бай орыс айдап кетті» деп хабар берді. Тамақтың күштілігінен көп ұйықтап, ұйқысын аша алмай жатқан байды "жылқы жоқ" деген хабар секіртіп тұрғызды.


Бай: — Қайдағы егінге түсті?


Жылқышы: — Жалтыр көлдің басындағы өзіңнің сатқан жеріңе!


Бай: — Япырмай, шырағым, бір күнше ұйықтамай-ақ қойсаң болмай ма?! Бүгін өзімізде көшейік деп отыр едік, не қылса да зор шығын болды ғой, жылдам ат әкеліп жексін! — деп молдаға кісі жіберді. Жаңа ғана тұрып, баласына сабақ беріп отырған молда байдың бұйрығын орнына келтіру үшін баланы тастап тысқа шықты. Даяр тұрған атты жегіп, бір-екі меске қымыз толтырып алып, бай мен молда қалаға асты.


Бұл байдың жылқысын ұстаған қаладағы бір осал орыс болмағандықтан, сарша тамыз ыстықта күнге күйіп келіп тұрған байды, онша елей қоймады, "шығыным көп, үш жүз сом беріп малыңды әкет!" дегенді шығарды. "...Өзіміздің жерге салынған егін ғой, тым теріс кетпес, 20-30 соммен бітер" деп келген бай, үш жүз сомды есіткен соң есінен тануға жақындады, қымыз беріп сыйлап, "тамыр-тамыр" деп жалынғанмен де жөнге келмеді. Енді не қылмақ керек? Амалсыздан қос атпен приставқа шапты. Ол екі арада төрт-бес күн өтіп кеткендіктен қамауда тұрған жылқы аштыққа шыдай алмай бұралып, екі ту бие, бір ат өлді. Қалған жылқысын келген пристав аман-есен алып берді. Мінеки, Қажыбай ақсақал жер сатуды әуес көргендіктен бе, болмаса, бес-он тиын болса да пайда қылып қалайын дегендіктен бе, әйтеуір жайлаудағы бос жерді сатамын деп, "бес тиын қоян, он тиын зиян" дегеннің кебіне ұшырады.





Пікір жазу