30.04.2021
  202


Автор: Ұлмекен Лесбекова

Биіктік

Жаңылмайтын жарық күнде пенде жоқ,
Тек тәубеге қайта алса болғаны.
Кесел тисе, әумесерлеу, елде жоқ,
Бәрін, түге, қайта бастау... Ол – ЗАҢы!

Биіктікке әу бастан-ақ құмармыз,
Жорғалап та, жорта шауып, өрмелеп.
Бәлкім, біздер биік болған шығармыз,
АДАМ ата заманында, ертелеп...

Сыр көрсетпей ұланындай текті елдің,
Биік-биік белестерден от алған.
Жүрегіне үстем желік жеткен күн –
Шығара бер оны БИІК қатардан!

Тау басында жалғыз өмір сүрген кім?
Қол созушы ед... Бір адамға бір адам.
Жүрегіне тәкаппарлық кірген күн –
Дей бер оны БИІГІНЕН құлаған!

Кеудем соқтық кеудесіне мінген күн,
Абыл менен Қабылдарда шықты егес.
Жүрегіне мақтаншақтық сіңген күн –
Азаматың, ашық айтам, МЫҚТЫ емес!

Жерге ұрынбай адам, сірә, жүрген бе,
Жаратса да тумысынан биік қып.
Сені бәрі көтере алмай жүргенде,
Сен кімдерді көтересің, БИІКТІК?!





Пікір жазу