25.04.2021
  326


Автор: Лұқман Хакім

Лұқман хакімнің өсиеттері...

Шығыс елдерінде кең тараған рухани тағлым, Лұқман хакімнің  айтқан өсиеттерін назарларыңызға ұсынамыз. Лұқман хакім:


     О, Жаратқан ием, өзің қорғап қүнаһарлықтан сақта, жұртқа қадірлі ет, деніме саулық бер, дұшпанның пәле-қаласынан сақта, – деп, Аллаға жалынып,  өмірде күнәһарлыққа батпай, азап пен қайғы-қасірет көрмей, халқына қадірлі, бақытты, ұзақ ғұмыр кешкісі келген адам, мына сегіз қасиетті жадында сақтасын! – деген екен.  Олар:


–  Намазға тұрғанда – жүрегіңе;


–  Адамдардың арасында болғанда – тіліңе;


–  Дастарған басында отырғанда – қолыңа;


–  Бөтен біреудің үйінде – көзіңе ие болуды ұмытпаңдар!


–  Бесінші мен алтыншы, – ол, қай уақыт болсын, қай жерде болсын естеріңде сақтап, Алла – Тағала мен ілімді ұмытпай жүріңдер. Тек, сонда ғана түзу жол табасыңдар!


–  Жетінші мен сегізінші, – ол, өзіңнің біреуге жасаған жақсылығың мен басқа біреудің өзіңе жасаған жаманшылығын ешқашан есіңе сақтамай, ұмытыңдар. Тек, сонда ғана пиғылың мөлдір, арың таза болады!


Хакімнің баласына айтқандары:


–  Жаназадан қалма. Оған қатысқанда ахиретті есіңе салып, сонда ғана күнәһарлықтан арылып, өмірге құштарлығың артады;


–  Түсінігі кем адамға бір нәрсені айтып ұқтырамын деп әуре болма, одан ауыр бір тасты орнынан қозғау жеңіл. Ақылды адам өз деңгейімен ғана пікір алысады;


–  Тіршілікте дос таңдай біл. Айырылысқан кезде сен оларды, олар сені жамандамайтындай болсын;


–  Достарыңды қорғауды, туыстарыңды қадірлеуді  ұмытпа;


–  Балам, үш нәрсе әрқашанда есіңде болсын:  Жұмсақ мінез – ашуланғанда;  Батырлық – күрес майданында; Бауырмалдық – басқа іс түсіп қиналғанда, – білінеді.





Пікір жазу