Бал арасы
Айтыңдаршы, балалар,
Қайсыларың бал жеп ең?
Шығады екен ол неден,
Қандай нәрсе бал деген?
– Ол шығады арадан,
Омартада болады.
Жесең оның, керемет,
Дәмі аузыңда қалады.
– Барғам талай ол жерге,
Қасында екен шаппалық.
Алма, өрікті айт ондағы, –
Деді Дарқан мақтанып.
Естіп мұны отырған
Алақайлап балалар:
– Енді барсаң сол жерге,
Бізді де ертіп ала бар.
– Мақұл, онда сендерді
Ертең ертіп барайын.
Бал арасын көрсетіп,
Алғыстарыңды алайын.
Ертеңінде Дарқандар,
Мінгесіп ап ботаға,
Омартаға барды да,
Сәлем берді атаға...
Атай сонда:
– Балалар,
Кепсіңдер бал жегелі,
Ара қанша жасайды,
Айтыңдаршы? – дегені.
– Бес жас,
– Он жас, – деп олар,
Көріп еді көпіріп,
Оның бәрі қызық-ай,
Болып шықты өтірік.
Сонда атай байыппен,
Төгіп ыстық мерейін:
– Ал, тыңдаңдар, мұндай бір,
Ертегі айтып берейін.
Ертеректе Бақа мен
Шырыл-қоңыз, ақ тырна,
Үшеуі дос болыпты.
(Бекер қарап жатсын ба?)
Бақа соғып барабан,
Қоңыз күйге басыпты.
Тырна билеп былқылдап,
Көптің көңілін ашыпты.
Бірде олар өзара,
Жас сұраса қалыпты.
Сөйтсе олардың жастары,
Боп шығыпты парықты.
Бақа айтыпты:
– Тыңдаңдар,
Ағаларың мен деген.
Жәндіктерде мен құсап
Жүз жасайтын кемде-кем.
Сонда ақ тырна алшаңдап:
– Жасым, – дейді, – алпыста!
Кім, мен құсап ұша алар,
Жасы келген алпысқа?
Мұны естіп қоңыз да,
Шыр-шыр етіп:
– Он жеті
жасқа келу оңай ма,
Мұндай әлсіз «пендесі?» –
Деп күліпті паңданып,
«Домбырасын» сайратып.
Бақа ұрып барабан,
Тырна биін байқатып.
Ұзақ-ұзақ жасайтын
Мақтан етіп жастарын,
Бал араға депті олар:
– Сенің ғұмырың қас қағым.
Еңбек етіп күні-түн,
Бір тыныштық таппайсың.
Жасың бірақ қып-қысқа,
Бес аптадан аспайсың.
Бізден үйрен, кел бері,
Сайрандайық, күлейік.
Көтерілсін көңілдер,
Ұзақ өмір сүрейік!
– Құны қанша еңбексіз,
Ұзақ өмір сүрудің?
Маяр болып даярға,
Босқа ойнап-күлудің?
Отыз бес-ақ күн жасап,
Жер бетінен кетемін.
Бірақ өшпес, адамға,
Бағалы еңбек етемін.
Менің үшін зор бақыт,
Осы еңбегім, сен мейлің.
Ұмытпайды мені адам,
Сондықтан мен өлмеймін!
Таусылғанша өмірім,
Тағы да есе қосқым бар.
Айтыңдаршы,
Адамға,
Қанша есе қостыңдар? –
Деп сұраса үшеуі,
Жауап бере алмапты.
– Қош! – депті де Бал ара,
Гүлді аралап самғапты...