23.04.2021
  352


Автор: Қобдабай Қабдыразақұлы

Қазақтың қараңғы төрінде, ұстаздық еткен аналар


Нақтылы жазба дерек бойынша, түрік дәуірінде, Ұмай Ана мектебі жұмыстаған. Ұмай Ана мектебіндегі тәрбие туралы Орхон-Енисей ескерткіштері біршама мағлұмат бар. (Ана мектебінің кейбір ұлық ұстаздарының педагогикалық ой-пікірлері Батыс және Шығыс жазба әдебиеттері арқылы бізге жетті) Қазақ мектебінің басы – Ана мектебі. Оның даму тарихы тым тереңде жатыр. Ол даму тарихында Дана мектебі дәрежесіне жеткен. Қазақтың жеке ел болып, еңсе көтерген сол бір дәуірде, текті ата әулеттерінде Қарашаңырақ мектебі орнаған. Әулет, ауыл, ру, тайпа аумағында ақсақалдар мектебі тым ерте дәуірде қалыптасқан. Бұлар тіршіліктің бар саласында, өмірдің әр белесіне етене араласып, әже-ата, әке-шеше, жезде-женге мектебі аталып, қазақ қоғамында ауқымды педагогикалық іс-әрекет жүргізді, жас ұрпақты өмірге дайындады, үлгі-өнеге ұқтырды. Оларды жалпысынан Әулет мектебі деп атадық. Осы үрдіс сабақтастығын үзбей отырып, күні бүгінге жетті. Ұмай Анадан Ұлпанға дейін, Қарашаш анадан Алтыншаш анаға дейін, Домалақ анадан Зереге дейін дегендей ұзақ тізбекті жаңылмай жасай аламыз. Бұл жолы қазақтың қараңғы төріне, мектеп орнатып, жастарды білім-ғылым үйретіп, үлгі өнеге көрсеткен ұстаз аналар туралы әңгіме етпекпіз.


Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853) Айғаным Сарғалдаққызы, Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли сұлтанның кіші әйелі. Патша үкіметі Қазақ еліндегі хандық билікті жойғасын, Уәлиханның барлық мұрасы балалары арасында бөліске түскенде, «Хан Ордасының қызыл ағашы» - Үлкен ұлы Ғұбайдолла ұрпақтарына, ал Сырымбет кіші әйелі Айғаным-нан туған балалардың иелігіне қалады. Айғаным Есіл бойын мекен еткен отырған атақты Мәлім қажының ұлы Сарғалдақтың қызы. Айғаным әкесі Сарғалдақ Бұхарда оқыған білімді, әулие адам болады. Айғанымның өзі 6 тілді, соның ішінде араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгерген озық ойлы, алғыр болып өседі. Сол кездері орыс ақсүйектерінің сәніне айналған француз тілін де үйреніп, шығыс тарихы мен философиясын жатқа білген екен. Ақылды да парасатты Айғаным күйеуі Уәли хан өмірден озғаннан кейін ел мүддесі үшін ел тізгінін ұстамасына болмай, ханның орнын басып хан сайланған, білімімен ол Уәлидің әйелі ғана емес, кеңесшісі, ішкі және сыртқы мәселелерді шешудегі бас ақылшысына айналған. Айғанымның тұлғасы жайында С. П. Семенов-Тяншанский «Шоқанның әжесі, Уәли ханның жесірі Айғаным өз балаларымен бірге Ресейге айнымас адал дос болып қалды. Александр I Айғанымға қырғыз сахарасында үй салдыруға әмір еткен. Шоқан Уәлиханов сол үйде туған» деп жазса, Шоқан Уәлихановтың таңдамалы жинақтарында «Шоқанның әжесі Айғаным парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазып, байланыста болған. Архив мәліметтеріне қарасақ, Айғанымның қоғамдағы орны, саяси көзқарасы, ойлаған ой мүдделері өте ауқымды болғанын аңғарамыз» деген мәліметтер берілген. Академик Әлкей Марғұлан тауып зерттеген Айғаным жазбаларының саны 100-ден асады екен. Айғаным өз заманының ғана емес бүгінгі күні де үлгі алар тұлғалардың бірі. «Орта жүз жеріндегі саяси құбылыстар ХІХ ғасырдың 20-жылдары Уәлиханның жесірі Айғаным әженің араласуымен біраз белең алып дамыды. 9 баланың анасы, 38 жасында жесір қалған Айғаным ананың ұлағатты ісін академик Ә.Марғұлан және басқа зерттеушілер көрнекті бейнеде көрсете білді». Шоқанның әжесі, яки Айғаным үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болған. Ә.Марғұлан Айғаным Шоқан үшін «... Халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» - деуі сондықтан. Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып-өскен ортасының да игі әсері тиген»



«Айғаным өмірі мен саяси қызметі өткен дәуіріміздің тарихында ерекше аталады. Айғаным Орта жүз жерінде орыс халқымен, соның ішінде алдыңғы қатарлы орыс интелли-генциясымен қазақ халқы арасында достық қатынастың алғашқы негізін мықтап қалаушы тарихи тұлға. Бұл игілікті істі оның балалары жалғастырады... Оның үстіне, Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп болып халық таңдаулылары жиі бас қосты. Ақын-жыраулар,билер, сөзуар шешендер, көсемсөз майталмандары, күміс көмей, жез таңдай әншілер, ғалымдар, алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше әсер етті».     



Александр І патша арнайы бұйрықпен Айғанымның өтініші бойынша Сырымбетте қыстау салдырып берген. Қыстау сыртынан қоршалған, ал қыстаудың ішінде үлкен үйі, мешіті және қонақ үйі, және үлкен бес бөлмелі бала оқытатын меткеп үйі, монша, диірмен, керме және сарайы т.б. болған.


 



Айғаным Сарғалдаққызы


Айғаным ханымның бұл қонысында атақты қазақ болыстары, серілері мен ақын-жыраулары жиі болған. Атақты Құнанбайдың өзі қонысқа табан тіреген. Құнанбай Айғанымнан ел ішіндегі дауға байланысты Омбыға тергеуге шақырылғанда, осы Айғаным Шоқанды ортаға салып аман алып қалған екен. Қоныстағы шаңырақтан дәм татқандардың қатарында Орынбай, Арыстанбай, Шөже, Жанақ секілді өз дәуірінің дүл-дідері бар еді.


Орыстың зерттеуші-ғалымдары да бұл жерге жиі тоқтайтын. Атақты Жанақ ақыннан Шоқан осы жерде тәрбие алып, қазақтың лирикалық-эпосы «Қозы Көрпеш, Баян сұлуды» небәрі алты жасында жаттап алғаны тарихтан белгілі Шоқанның алғашқы прозалары мен «Едіге», «Еркөкше» дастандары туралы жазбалары осы Сырымбетте жазылған. Айғаным ханым – қазақ тарихында өз бетінше билікке қол жеткізген өз заманының қоғам қайраткері, ел басқарған хан, еуропаша білім алып, бірнеше тіл меңгерген, ұрпақ тәрбиелеген тәлімі мол ана, әже ретінде өз ізін қалдырған тұлға. Уәли 1819 жылы дүниеден өтеді. Ақылды ханым жесір қалғанына жасымай, билік үшін күресуге бел буады. Айғаным ханым туралы деректерге тоқталсақ, ол 1783 жылы дүниеге келген. Анасы өзбек қызы болған. Әкесі Сарғалдақ көзі ашық адам болып, Айғанымның білім алуына жағдай жасайды.


Уәлиге ақылшы бола білген Айғаным ханым осындай білімі мен табандылығы арқасында билікті өз күшінде сақтап тұра алды. Онысынан нәтиже де шығарды. 1823 жылы  І Александрдың атына хат жазып, 1824 жылы Сырымбеттен өзіне құны 5 мың рубльге тең қоныс салдыртады. Қонысты салуға осы мекенді Айғаным ханымның өзі таңдаған көрінеді. Таудың етегінде орналасқан, маңайы бұлақтың сыңғырына бөленген мекеннің көркі, шынында, керемет еді. Нағыз ақсүйектерге лайық мекен. Айғаным ханымның осы қонысты салдыртуы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласынан білім алып, көшпенді салттан отырықшылыққа біржола бетбұруы еді. Орыс шеберлерін шақыртып, қарағайдан он бөлмелі үй, ауласына мешіт, медресе, тұрмыстық сарай салдыртады. Салған медресесінде ханым аймақтағы бай-кедейіне қарамастан талапты балаларды жинап, діни пәндермен қатар орыс тілі, дүниетану, өнер пәндерін оқытады. Оқытуға атақты Құлмұхаммед молданы алдырған. Үйдің ішін батыстың сәулет үлгісіндегідей жасатып, терезеге жібек перделер ілгізіп, Қытайдан вазалар, шкафтар алдыртады. Қоныс маңында егіншілікпен айналысу үшін соқа, тырма секілді саймандарды Ресейден әкелген.   


Айғаным ханым – текті жердің қызы, руы – қожа. Зерттеуші Сарбас Ақтаевтың жазуынша: «Әкесі Сарғалдақ Құдайберді – Бәйімбет арасында бала оқытқан ұстаз молда. Атасы Мәлімқожа да оқыған, көзі ашық, кезіндегі білімді адам болған. Ол өз білгенін балаларына үйретіп, сауатын ашып қана қоймай, олардың ілгері, іргелі жерден оқып, білімді де білікті азамат боп шығуына көп көңіл бөлген. Сондықтан да ол Сарғалдағын сонау Бұқарда оқытқан. Он екі пәнді түгел тәмамдап елге ғалым-ұстаз болып оралған баласы ел ішінде бірден зор абырой-беделге ие болып, кейін билікке де араласқан. Жұрт оны айтқаны айна-қатесіз келетін көріпкел, әулие деп құрмет тұтқан». Осы Сарғалдақ қожаның шаңырағында Айғаным 1783 жылы дүниеге келеді. Озық ойлы Сарғалдақ ұлдарының ғана емес, қыздарының да оқып, білім алуына айрықша мән берген. Соның арқасында Айғаным да жүйелі білім алып, жеті жұрттың тілін біліп өседі. Ол әкесінен араб, парсы, шағатай тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының шығармаларын көп оқиды. Кейіннен орыс, француз тілдерін де жетік меңгерген деседі. Уәли ханның көзі тірісінде-ақ халықтың құрметіне ие болған ханым қаншама ұлдары бола тұра таққа Айғанымның отыруы патша үкіметіне өте қолайлы еді. Осыған орай Айғанымды «хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі» деп атаушылар да бар. Бірақ бұл «хандық» ұзаққа созылмай,1822 жылы М.М.Сперанскийдің «Сібір қазақтарын басқару» атты ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жойылып, қазақтары: Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Аякөз аталған алты дуанға бөлініп кетеді. Ал Айғаным Көкшетау дуанына біраз жыл аға сұлтан болып тұрады. Бұл туралы ғалым Әлкей Марғұлан: «Айғаным – ақылды, көреген, өз заманына сай білімді болған әйел. Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне ден қойып, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен және Петербордағы Сібір комитетімен хат жазысып, байлан-сып отырған. Айғаным жергілікті халықтың арасында өте зор беделге ие болды. Мұрағат мәліметтері Айғанымның қоғамдық-саяси мүдделерінің өте ауқымды болғанын көрсетеді. «Сібір қырғыздары жөніндегі жарғы» қабылданғаннан кейін, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы қандай да маңызды оқиғалар оның қатысуынсыз өткен емес»,-деп жазады.            


Халқына келер нәубетті арыдан ойлаған Айғаным жұртын егіншілікке де үндемек болады. Ресей патшалығына жазған хатында: «Егін егу үшін әртүрлі тұқыммен және жерді өңдейтін құрал-сайманмен жабдықтауға нұсқау берсеңіз екен. Қазақтарды жер жыртып, астық егуге үйрету үшін борышын өтеп болған бір қызметші татар жіберсе игі. Ұн тартатын диірмен салғызып берсе, нұр үстіне нұр»,-деп жазып, өтінішін орындатады да.        


Ел ішіндегі дау-дамайды да шешуге ат салысқан Айғаным солай ел анасы атанады. Тек жасы елуге таянғанда аға сұлтандықты сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып, өзі ұрпақ тәрбиесіне түбегейлі көшеді. Балалары мен немерелері сауат ашып, оқып жаза білуі үшін молда ұстап, мұғалім жалдағанымен, олардың бас ұстазы өзі болады. Әсіресе Шыңғысының тұла бойы тұңғышы,1835 жылы дүниеге келген Шоқан дегенде шығарға жаны бөлек еді. Осы немересінің есімін Әзірет Әлінің ұрпағындай «Мұхаммед-Ханафия» деп қойған да, кейіннен «Шоқан» деп атаған әжесінің өзі екен. Ә.Марғұланның: «Айғаным - Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі тегін емес Әйел затынан шығып, тұңғыш хан атанған Айғаным әжеміз 70-ке қараған жасында дүниеден өтіпті. 


Бөкей Ордасының ханы Жәңгір еуропа үлгісіндегі алғашқы мектеп, училище, дәріхана, банк, казначейство, мұражай т.б. ашып батыс стиліндегі мемлекеттің негізін қалаған заманындағы білімді саясаткер және дипломат еді. Жәңгір хан әрбіреуінде 10-70 балаға дейін оқитын үш жүздей молда ұстады.Оның мектебінен шыққан түлектер Варшава, Тарту, Саратов, Орынбор, Уфа, Қазан, С.-Петербор, Мәскеу және т.б. ірі қалаларда білім алып, қазіргі қазақ ғылымы мен өнерінің негізін қалауға үлес қосқан ғалымдарды даярлады. Жәңгір хан Бөкей ордасын жан-жақты дамыту үшін орыстың алдыңғы қатарлы ғалымдары Раевский, Мусин-Пушкин, Тапаев және т.б. пайдаланып, Бөкей хандығының топографиялық, топономикалық карталарын жасатып, жан-жақты зерттеулер жүргізді. Қазан университетінің профессоры Жәңгір хан студенттерге лекция оқып, араб тілінде кітабын шығарды. Бөкей Ордасында болған ұлы ғалым Александр Гумбольт ол туралы, “мен қазақтың жас ханы Жәңгірмен таныстым. Ол бірнеше тіл білетін жан-жақты білімді …” деп, жоғары баға берген. Жәңгір хан бес тіл, Фатима ханым төрт тіл білген. Ресей патшасы Фатима ханымға “Жабайы даланы Петербордың сарайларына ауыстырып, астанада тұрмайсың ба?” дегенде, Фатиманың “Туған жердің  түтіні де ыстық” деген жауабы халықтың есінде қалған.   


Фатима ханым (1809-1845) Жәңгірдің екінші әйелінің есімі - Фатима тоташ. Орынбор муфтиі, аса зиялылығымен аты жайылған Мұхамеджан Хусейновтың қызы. Ұлты - татар. Фатима европаша білім алған, тілдерді жетік меңгерген, би, музыкаға жақын болған. 


Тарихи деректерде татар қызы Фатиманың сұлулығы, элита өкілдеріне лайық маңғаздығы, мәдениеттілігі мен ақылдылығын айқындайтын деректер бар. Өзі европаша білім алған, қазақ және татар тілдерінен бөлек, орыс, француз, неміс тілдерін жетік меңгерген. Жәңгір ханның таңдауы Фатимаға неліктен түскендігі осы тұста байқалады. Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қалауы орындалып, 1824 жылдың күзінде Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы Фатимаға үйленеді. «Ол киіз үйде қалай өмір сүрмек, тіпті киіз үйі алтын болса да жапан түзге баруы міндетті ме?» деген жақындарының ашынған сөзіне Фатима мән бермейді. Кең сарайынан кең далада тігілген қазақы үйге келін боп түседі. Жәңгір ханның Жасқұс деген жерге сарай салдырғаны жайлы мәлімет бар емес пе, Фатиманың ықпалы осы жерде көрініс табады. Себебі, татар қызы хан әйелінің рөлін ғана атқарып қоймай, сенімді серігі және ақылды кеңесшісі бола біледі Жәңгір ханның халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында іске асырған жұмыстарына асыл жары Фатиманың бағыт-бағдар беріп отырған. 


Шынында да, Фатима анамыз ерекше жаратылған жан едi. Сол заманда орыстың “Сын отечества” журналы Фатиманың Жәңгiр ханды өркениетке ұмтылдырған ағартушылық қабiлетiн, өмiр салтының түбегейлi өзге­руiне ерекше үлес қосқанын айта келiп: “Ол – оқыған, өте бiлiмдi әйел, кiсiге деген iлти­паты ерекше, жұртпен ортақ тiл табысып, қалтқысыз қарым-қатынас жасаудың жолдарын тамаша меңгерген, орысша, французша және немiсше еркiн сөйлеп, жаза бiледi», – деп жазды. Осы журнал, оның бiлiмi мен тәрбиесiне, инабатты мiнез-қылығына, патша ағзамның iлтипатына iлiнiп, көп қошемет көргенiне айрықша тоқталып, тамсана суреттейдi.


Халық арасында Фатиманы ерке­летiп “Фатима тоташ” деп атады.Оқу-бiлiм тарату, отырықшы өмiрге көшуді жақтап, Фатима тоташ қазақ арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiздi. Хан ордасының салынуына ықпал еттi. Фатима тоташ Жәңгiр хан ашқан алғашқы мектепте сабақ та берiптi. Фатима ханым – Жәңгiр ханның сенiмдi серiгi ғана емес, ел анасы әрi ел қамқоршысы едi. 1845 жылдың тамызында Жәңгiр хан 44 жасында кенеттен ауырып белгiсiз жағдайда қайтыс болады. Ерiнiң қазасын көтере алмаған шынайы махаббат иесi Фатима ханым да 36-ға қараған шағында сол жылдың қазан айында өмiрден өтедi...(Ұлдай Ибадуллаева)


Қазақ халқы: «Ер жерді сақтайды, қыз ұлтты сақтайды» олай болса, «Руыңды сақтаймын десең - ұл өсір, ұлтыңды сақтаймын десең; – қызыңды тәрбиеле» – деген. Д.С.Шорманов: «Дінін күткен шын молда пірден артық, ерін күткен жақсы әйел, елден артық. Мысырда патша болып тұрсаңдағы, болмайды туып-өскен жерден артық». Бірде ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңдар жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, әйелі Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң «Апыр-ай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!» деп таң-тамаша болысыпты. Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха күйеуінің қабағын бағып:«Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім» дейді ақырын ғана. Сонда Дербіс батыр қуанып: «Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!» – деген екен. «Жақсы әйел - жігіттің кесектен соққан кентіндей, сары майға былғаған алуа, шекер, жентіндей» – деп, Майлықожа ақын жырлағандай, еріне қысылғанда сүйеу болып, ақылына ақыл қосқан, жарының мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатқан бұл аналардың өнегесі көпке үлгі.


Қысқа ғұмырында ел анасы бола білген Фатима тоташтың тәлім-тәрбиелік үлгі өнегесі толық зерттеліп, халық игілігіне айналары сөзсіз.





Пікір жазу