Жазу
...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,
Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?!
Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,
Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген.
Жазуы емес Тәураттың, емес мүлде Інжілде...
Отырамын оңаша қиялымда мұң бүрлеп.
Жапырағына жанымның салған шақта жұлдыз дем,
Белгісіз бір әуенде сөйлейді олар күмбірлеп.
Бірақ оны ұғуға рухы жетпей ділімнің,
Күрмеледі тілім дүр.
Ортасынан безініп күбір менен сыбырдың,
Көкке жайып қолымды көкжиекпен жүгірдім...
Сонда балқып Ай туды үрпін сүйіп іңірдің.
Құстарындай бейіштің қанаттары жап - жасыл,
Олар самғап...
Нұр өпкен қауырсынын маздатып.
Шымыр-шымыр қайнаған қасіретімді қоздатып,
Қара түнді сіміріп қарашығыма көз жасым,–
Кебісімді сүйретіп кеттім келмес жаққа бір,
Аяғыма, сонан соң өзіме сор – өз басым...
Маңдайымды сүйгізіп қараңғы мен жарыққа,
Езу тартам сәбидей өз өзімнен шалықтап.
Айғай менен ұраннан сәттерімде талыққан,
Үн жетеді бір мұңлы, үн жетеді тамұқтан.
Сонсоң мәңгі баз кешіп марапат пен даңқтан,
Санамдағы сәуленің нұрын мұңлы Ай ұрттап...
Сұлық түсіп жатамын сұп-суық бір табытта,
Сол жазулар жүреді көкірегімде қалықтап...