22.04.2021
  223


Автор: Тоқтарәлі Таңжарық

Орман

Жиілейді қара орман...
М.Жұмабаев

 


Суық һәм сүркейлі Шығыстың желі...
Ауыр бір ойларға шомған –
Мен мәңгі сүйемін сені,
Үн-түнсіз мүлгіген қап-қара орман.

Жататын жым-жылас жыныстар бүркеп,
Онда да аюлы шатқал бар –
Шытырман жолы.
Мен өскен тауларға жарасар бұл тек,
Білемін, ешкім де сезген жоқ оны.

Анамның ағарған шашындай селдір,
Менің де қиялым ағарды, жаным:
Іленің суындай тап-таза, мөлдір,
Тауындай тым асқақ тағы –
Сол орман туралы пікір жоқ оңды,
Себебі, ешкім де болған жоқ ұғып.
Дәл өзі сияқты
қиялға шомсаң бір болды,
ойыңа жап-жасыл бояуы қалады жұғып.

Төбеңде жүреді Ай балқып... толысып...
Тек соған бастайды
бейуаққы белгісіз жолдар.
Мен сені сүйемін сол үшін,
үн-түнсіз мүлгіген қап-қара орман...

...Болады енді кім қорған?!..
Өртелген мешіт
Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?
Үйі өртелді Тәңірдің.
(Түсім емес, өңім бұл).
Жанарымда боталап жазулардың елесі,
Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.
...Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,
Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.

Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,
Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.
Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,
Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.
Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,
Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.
Өртке сүңгіп барамын...

...Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,
Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.
Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,
Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл...




Пікір жазу