19.04.2021
  192


Автор: Бейімбет Майлин

Біздің жігіттер

(пьеса)


Бес перделi драма


(Азамат соғысының қызыл партизандары тұрмысынан)


ҚАТЫСУШЫЛАР:


Жалбыр — кедей, басшы. Мұқыш — оның жолдасы.
Таңсық — батырақ.
Дүйсен — мұғалім.
Есіркеп — он алтыншы жылы дарға асылған Елеместің інісі
Қaзынa — Есіркептің әйелі.
Молда.
Paқмeт — саудагер.
Ефим — бұрын осы аудандағы батырақ, майданнан қайтқан большевик.
Ақтан — жігіт аға.
Алшынбай — он алтыншы жылғы көтерілісте өлген Мұқамеджан болыстың ағасы.
Зиба — оның тоқалы.
Жантаев — алаш адамы, оқыған.
Асылбек — пысық.
Кереев — ода.
Қасен — ода.
Мұстафа — Жалбырдың он алтыншы жылғы жолдастарынан.
Боқтыбай — Мұстафаның жақын ағалары.
Ұрқия — кемпір.
Милиционер.
Елекбай — Алшынбайдың есігіндегі батырақ.


БІРІНШІ ПЕРДЕ


Алыста тәртіпсіз түрде салынған қысқы үйлер, ауылдың суреті. Сахнаның бір жағыңда үйдің сыртқы есігі. Сахнаның төр жағы дөңес. Қазына – қысқы киімде, дөңеске шығып, көзін көлеңкелеп, қарауыл қараған адамша тұр.


Қазына (шымылдық ашылған соң аздан кейін). Неге кешікті, жаным-ау? Ұзамаспын деп еді. Ұзамай қайт деп Жәкем де тапсырып еді.


Таңсық (сахнаның екінші жағынан келе жатып). Сағынып қалдың ба? Шын сағынасың ба, әй? Сағынған деген не сол. Баяғыда бір хан болған екен дейді, ханның ханшасы болған екен дейді.


Қазына (төмен түсіп). Ертегімен күн өткізетін кез бе осы?


Таңсық. Е, не бопты сонша?


Қазына. Не болмай жатыр, аз деймісің осыны?


Таңсық. Уа, қой, қорықпастан қорқып... тартып алып көрсін?! Ефим тірі тұрса, біз өлмейміз. Ефимді білмеймісің? Былтырғы сені тартып ала барғанда, бізбен бірге барып еді ғой.


Қазына (күлімдеп). «Тартып ала барғанымызда» деп адамсуын... Өзім риза боп арбаларыңа мінбегенде, көрер ем.


Таңсық. Мінбесіңе қойдық па?


Қазына. Уау дегенің!


Таңсық. Құдайшылығыңды айтшы, Қазына, біздің сол жолғы баруымыз ерлік-ақ емес пе еді? Бас-аяғы онға толмайтын жігіттің қалың елдің ортасынан тал түсте қыз алып қашқанын қайдан көріп ең? Біздің қолымыздан ғана келді ол. Өзімізді де ыза кернеп барып еді. (Күлімдеп.) Жәкемнің мінезінен мен де сау емеспін. Ашу қысқанда көзім қарауытып кетеді.


Қазына. Мақтан, мақтан.


Таңсық. Мақтан емес, шыным. Ойға алған жұмысты орындап шықпай тыным көрмеймін. Ойға алғаным орындалмаса, ыза кернеп жарылып кеткендей болам. Оңай дейсің-ау. Елеместің өлімін көріп күйінішті болып отырғанымызда, ағайындықты аяққа басып Ақтан сені тартып алам деп отырса... (Ойланып.)


Қазына, айтшы құдайшылығыңды, со жолы Ақтанға тиемін деп сөз беруің рас па еді?


Қазына (ұнатпай). Құрысын, айтпашы... Ефим қызылдың жағында ма, әй?


Таңсық. Қызылдың тап өзі.


Қазына. Жасырынып жүр дейді ғой, келгенмен не істейді ол?


Таңсық. Ол келсе ме, ол келсе...


Тыста дабыр. Сахнаға Жалбыр, Мұқыш, Дүйсен шығып, дөңестің етегіне отырады.


Жалбыр (кейіген пішінмен сахнаға сөйлей шығып). Дүйсен шырағым, сен күңкілді қой. Сенен күткенім бұл емес. Әкең марқұм кедейлігіне қарамай сені медресеге бергенде, «бізге қарағаннан да көзі ашық біреу шықса игі еді» деп екі көзім төрт боп күткен кісі едім. Кешегі он алтыншы жылдың аласапыранында бой көрсетпей бір қалдың. Жастық істеген болар деп ем. Бірақ жастық қылатын жөнің жоқ еді-ау... мен атқа мініп ер-азаматты соңыма ертіп Алшынбай тұқымына айбын көрсетсем, алынбай жүрген кектің қозғандығынан еді, «құлдық» таңбасының жанға батқандығынан еді. Алшынбайдың інісі Мұқамеджан болыс бізге не істемеп еді? Ұмытпақсың ба? Алшынбай тұқымы неге қоймайды әкіреңдеуін.


Дүйсен. Қоймауының реті бар, Жәке.


Жалбыр. Қандай рет?


Дүйсен. Мәселен айтайық, Мұқамеджан болыстың өлімін. Алшынбай мен Ақтанға, айтайық, бұл ауыр жара.


Мұқыш. Біздің жарамыз жеңіл ғой, сірә? Елеместі олар өлтіртпей отыр ма?


Дүйсен. Елемес дарға асылса, мәселен, айтайық, окружной соттың бұйрығымен асылды.


Жалбыр. Әй, не былжырап отырсың? «Елемес жазықты болғаннан дарға асылды» демексің бе? Мұқамеджан болысты өлтірткен мына мен. Мені де астырмақсың ғой дарға?


Мұқыш. Қайтесіз, Жәке.


Жалбыр (кейіп). Боқ жеген күшік. Оқымай кеткір. Көзі ашық қой, жөн сілтейді ғой десең, жаудың табанына салып бермек. Көндірерсің Жалбырды! Бұдан әлсіз күнімде де Алшынбай тұқымымен алысып өткем. Мен жемеген таяқ жоқ. Мен көрмеген түрме жоқ. (Таяғымен жерді сабалап.) Өлуге бармын, бірақ қандасқан жауым Алшынбай мен Ақтанның табанына басылмаспын! Мұқамеджан болыстың да басын қырықтырғамын (Ойланып қамығып.) Әттең Елемес сабаздың өліп кеткендігі... қанатым еді... қанатым еді... (Аздан кейін қызынып, Дүйсенге.) Сен шіркін адам болсаң, сол Елеместің елімге бұйырылғанын есіткенде, тым болмаса қоштасып қалмас па ең... мен түрмеде жаттым, мына Мұқыш түрмеде жатты.


Мұқыш. Өткенді айта беріп қайтесіз, Жәке.


Жалбыр. Әбден айтам. Айтатын жерім келді. Алшынбай мен Ақтан қолынан келсе мені үйтіп жегелі отыр... Естерінде бар ма: Елемес өлгеннен кейін тел аттың көзіндей көріп, Елеместің оң жақта қалған жесірі еді деп мына келінді өзімізге тән көрдік, келін де біздің тілегімізден шықты... Енді жұмыс бітті деп отырғанымызда Ақтан қу атқамінерлерден топ жиып, осы келінді қатын үстіне аламын деп әлек салғанын білемісіңдер?.. Енді мынау: іргеден шығарып әкетем деп бүлік салып отырғаны...


Дүйсен. Бүлік салған ешкім жоқ.


Жалбыр. Бүлік салмаса, қаладан неге отряд шақыртады?


Мұқыш. Бәсе...


Дүйсен. Шөп басы жел тұрса ғана қозғалады, өзімізден де бар шығар кінә...


Жалбыр, Мұқыш аңырып, біріне-бірі қарайды.


Қазына (шошынып, Таңсыққа). Не деп отыр мына бетсіз?


Белбеуі мықынына түсіп, тымағын қисайта киіп, алқам-салқам болып Рақмет келеді, жұрт тына қалады.


Рақмет (анадайдан күлімдей даурыға). Ассалаумағаләко-о-м!..


Жағалай қаранып Мұқыштың жанына отырады. Мұқыштан басқасы онымен шүйіркелесіп сөйлеспейді.


Рақмет (аңырап). Дүйсен мұғалім, ә Дүйсен мұғалім! Бала оқытуды қойып алғанбысың?


Мұқыш. Әй, Рақмет, Ақтанның қаладан шақыртқан отряды қашан келеді екен, білдің бе?


Рақмет. Қайдағы отряд? (Таңырқайды.)


Мұқыш. Білмегенің, ә.


Рақмет. Шорт білген бе, әңгімең менен аулақ.


Жалбыр. Астыртын ғана тыңдап жүрмін де.


Мұқыш (күліп). Рақмет, Жәкемнің сөзін естимісің?


Рақмет. Айта береді бұл кісі... Осы кісінің көңілі білсін деп тері-терсегін жұрт бәсінен артық аламын. Сонда да... (Жағалай қаранып Мұқышқа.) Әй, қане, қызыл қашарыңды сойған екенсің, терісін сат, имам ағызам саудасы, беретін жерінді айт.


Мұқыш. Елу сом.


Рақмет. Әкел қолыңды... жиырма бес сом... қайырын көр.


Мұқыш. Болмайды.


Рақмет. Қайырын көр деймін... Қане, ертеңгі сауда...


Қазына мен Таңсық дала жаққа қадала қарайды.


Қазына. Келді, келді.(Жайраңдайды.)


Таңсық. Қасында біреу бар.


Рақмет. (елеңдеп). О кім әй?


Мұқыш (оны сөзге айналдырып). Кім екенін қайтесің, қане, саудамызбен болайық, беретініңді дұрыс айт.


Рақмет (елеңдеп). Тоқташы!


Мұқыш (өжеленіп). Қане, алатын болсаң тез ал, әйтпесе қазір қалаға жүретін кісі бар, содан беріп жіберем.


Сахнаға Ефим мен Есіркеп шығыпты. Жұрт «Ефим!» –деп шу ете түседі. Есіркепті Қазына қарсы алады. Ефим жағалай амандасады.


Ефим (Қазынамен амандасып тұрып). Е, келіншек, күйеуіңді биыл бір жылға деп алып қалып ең, енді қайтер екенсің?


Қазына. Қосып берем қасына.


Ефим. Шын айтамысың? (Кейін бұрылғанда Рақметті көріп.) Түу... Өздерің... саудагер де іштерінде...


Жалбыр. Бізге бәрі үйір ғой. Қане, үйге жүр.


Бұлар үйге беттегенде, Рақмет те ұмтылады.


Жалбыр (Мұқышқа). Әкет ана итінді!


Мұқыш (тез ұмтылып, Рақметті иықтан ұстай алып). Тоқта, саудамызды бітірейік.


Рақмет. Қазір, қазір...


Мұқыш. Құрып қалғыр, жүр бері. Шаруамызбен болайық.


Рақмет (үйге сүйрелеп). Тұра тұршы әй, қазір деймін.


Мұқыш Рақметті сүйрегендей қып әкетеді. Сахна аз-кем бос. Самаурын көтеріп үйден Қазына шығып тұтатады.


Қазына (аздан кейін ойланып). Әлгі сөзді шын айтты ма Ефим? Шынымен ертіп әкетпекші ме? (Ойланып.) Бәтір-ау, онда қалай болғаны? Мен қайтпекшімін сонда?


Ағаш ұстап отырып, аз-кем ойланып ән салады.
Мен қалқаның ұстадым етепнен,
Қалмаймын деп серт бердім жетегінен.
Қалқа жоқта қайғының бұлты торлап,
Жасаған, қандай болып өтеді күн?
Сұр шекпенді кимек пе мылтық асып?
Алыспақ па жауымен қарсыласып?
Неге жүрек қобалжып қорқа беред,
Неге осы үрейленем түсім қашып?


Өлеңнің соңғы ауызы айтылғанда Есіркеп үйден шығып, бірге қосылып айтады.


Қазына (жалт қарап). Сен екенсің ғой.


Есіркеп (Қазынаны құшақтап). Тағы салшы әнге.


Қазына. Не деп?


Есіркеп (күлімдеп).


«Сен жорықта жүргенде
Мен тосамын жолыңды», – деп.


Қазына (шошына қарап). Шын айтамысың? Шын кетпекпісің?


Есіркеп (күрсініп). Кетемін, Қазына, онсыз болмайды. Үйде тыныш отырғызбайды. Одан да қызылға әскер боп, Ақтанмен алысып өтем!


Қазына. Мен ше? Мен қайтем?


Есіркеп. Сенбе?.. 


Дауыс (үйден). Есіркеп! Уа, Есіркеп!


Есіркеп кетеді. Қазына мұңайып тұрып қалады. Аздан кейін мұңайып ән салады. Сахнаға Ақтан шығады: қима ішік, түлкі тымақ, ұзын мұрт.


Ақтан. Ақын келін, амансыз ба?


Қазына (селт етіп, көпке). Сұмдық-ай,мына қарабет қайдан келіп еді?!


Ақтан. Сыпайылық қып сырыңызды білдірмеймін десеңіз де, жүрегіңіздің, жаралы екенін сездім.


Қазына. Сезгеніңізбен сізден емі сұралмас.


Ақтан. Бәлкім сұралып жүрсе... (Қазына үйге кете берем дегенде.) Ay, келін, тоқтаңыз.


Қазына. Не айтпақсыз?


Ақтан. Адам көрмеген ауылдың адамындай сырыла жөнелмеңіз.


«Қорықпас келін қорқады қой басынан,
Қанша жәбір көрді екен жолдасынан?
Жазығым – жасым үлкен қайнағаңмын,
Кеммін бе қыз күндегі ойнасыңнан», –


деп Тілеу ақын айтқандай...


Қазына. Дұрыс айтасыз.


«Қайнаға ойнар қартайса келінімен,
Не табады көкіректің сенімінен?
Өңкиіп өгіздей боп өксіп өмір,
Қара бет, ұялсаңшы өлімінен! –


дегенді сіз де есіңізде сақтаңыз.


Ақтан. Сұлу келін, сыпайы сөзіңіз бұйырмады ма?


Қазына (кете беріп). Сізге арнаулы сақтаулы сөзім жоқ. (Кетеді.)


Ақтан (тістеніп тұрып қалады. Аздан кейін). Өр көкірек әйелді жеңіп, өктемдік еткен өмірден қызық не бар екен? (Ойланып, күлімдеп.) Ол күн де ұзақ емес... Құтылмас менен! (Қатуланып.) Бұл келінді тоқалдыққа алмай, кегім кетпейді менің. Қалқаман тұқымының қара тобыры Мұқамеджан сияқты бекзатымды өлтірді! Бұл – мен сияқты жігіттің сүйегіне таңба. Мені адам қылған Мұқамеджан. Мен Мұқамеджанның кегін алуым керек! Өзгеріс боп, патша тағынан түспегенде, Қалқаман тұқымының бірін қалдырмай қырдыратын ем – әттең дүние!.. (Басын шайқап тұрады.)


Сахнаға Рақмет пен Ұрқия кемпір шықты.


Рақмет (асығыс). Ұрқия деймін, бар да отырып ал, сүйреп тастаса да шықпа, тыңда да отыр сөздерін.


Ұрқия. Беу, дарылдақ-ай, декпірімді жаңылттың-ау. (Күлімдеп.) Тапсырғаныңды орындамаған жерім бар ма еді? (Кетеді.)


Рақмет (Ақтанды көріп). Ау, Ақтан-ау...


Ақтан. Не бар?


Рақмет. Құдай ұрыпты, Ефим әлі тірі екен!


Ақтан (шошып). Не дейді? О қайда?


Рақмет. Тап осы үйде. Мұқыш деген ит мені қақпалап, сөзін тыңдатпады... ау, биыл ұстатқан жоқ па еді? Атылды деп жүр ең ғой.


Ақтан. Тәйт!.. Ие бол аузыңа... Ол тірі. Аласапыранның түрі мынау... Жаман айтпай жақсы жоқ, ертең бір күн ол үкімет басына мініп жүрсе... Оған Жалбыр... қосылса... Жалбыр, ә?.. (Ойланып тұрып, кенет шетке қадалады.) Тоқта... е, е... шаналы... пар жеккен... салт атты... Рақмет, Рақмет! Сонау шошиғаны мылтық емес пе?


Рақмет (арсалаңдап.) Мылтық... мылтық... солар.


Ақтан (тасып). Е бәсе, сабаздарым!.. Келді ме?.. Жүр, алдынан шығайық.


Екеуі асығып кетеді. Сахна бірсыпыра бос. Ақтандардың кеткен жағына қарай түсіп, үрейленіп Мұқыш келеді.


Мұқыш. Пар жеккен... сонау бір шошиғаны... Ақтан иттің дедеңдеуін... (Дауыстап.) Есіркеп!.. Есіркеп!.. (Есіркеп шығады.) Мына біреулер: аттылы, шаналы... әне, Рақмет соғылған бөркін алып шұлғып жатыр.


Таңсық (үйден шыға). Ө не, әй? (Ода қарайды.)


Есіркеп. Құдай ұрған екен: бұл ақтың, әскері.


Үйден Жалбыр, Ефим, Дүйсен, Қазына шығады.


Бәрі. О не, о не?


Мұқыш. Мына біреулерден шошынып тұрғанымыз. (Бәрі де қарасады.)


Ефим. Е... кәдімгілер... сайтандай кездесуін. Енді қайттік?


Мұқыш (Есіркепке кейіп). Бейғам отырсыңдар. Ақтан мен Рақмет жап-жаңа осы үйдің маңынан кетіп барады.


Дүйсен. Бәсе!..


Есіркеп (Қазынаға). О қалай, Қазына, бөтен кісі демеп пе ең? (Қазына сасып төмен қарайды, басқалардың назары соған ауғандай болады.)


Таңсық. Ойбай, бері қарай беттеді. (Жұрт селт етіседі.)


Мұқыш. Қой, әрі кетіп барады.


Есіркеп (Қазынаға төніп). Қазына, түсіндірші, неге жасырдың?


Қазына. Сәулем-ау...


Есіркеп. Жоқ, шыныңды айт!


Жалбыр. Есіркеп, тиме келінге!


Ефим. Жәке, қалай болар екен?


Жалбыр. Бұл келген анық ақтың әскері болса, тез жөнел.


Ефим. Дұрыс, ат әзірлеңдер... Кім ереді маған?


Аз тым-тырыс.


Есіркеп. Мен ерем!


Жұрт Дүйсенге қарайды. Ол төмен қарайды.


Таңсық. Менде!


Жалбыр. Дүйсен, сен ше... (Дүйсен үндемейді. Жалбыр қызып.) Ерттендер аттарынды! Елуге келген жасымда өзім-ақ аттанамын.


Мұқыш. Мен қасыңызға еремін, Жәке.


Жапа-тармағай кетіседі. Сахнада Дүйсен мен Қазына


Қазына (қамығып). Жасаған-ау, сол қарабетпен сөйлескенімді ұялып айтпаймын деп адал ойымды арамға шығарып алғаным ба? Енді не деп сендірем?


Дүйсен (күрсініп). Даурыққан жұрт... яғни мәселеден айтайық, өлерін білмеген-ақ жаман... тым болмаса, айтайық, осы аласапыранда бас сақтау керек емес пе? Жақсылығы болса, айтайық, түбінде ешқайда кетпейді ғой.


Сахнаның бір жағынан Таңсық ер-тоқым көтеріп шығады.


Дүйсен (ұмтылып). Әй,қайда апарасың ерімді? Таста!(Бара жармасады.)


Таңсық. Тастамаймын. Мен соғысқа баратын адаммын.


Дүйсен. Қой, қой, қой... Менің міндетіме барма. Бері әкел. (Таңсық ашуланып, ер-тоқымды лақтырып жібереді.)


Есіркеп (асығыс шыға кеп). О не?


Таңсық. Мынау Дүйсен ер-тоқымын қимай тұр.


Есіркеп. Қимаса, жалынбақпысың? Өлсең ешкімге зияныңды тигізбей өл.


Мұқыш (шыға кеп). О не?


Таңсық. Мына Дүйсен...


Мұқыш. Е, Дүйсен, «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» болды ма?


Алыстан мылтық даусы естіледі.


Жалбыр. Болсаңдаршы... (Мұқыштарды көріп.) Не болды?


Мұқыш. Мына Дүйсен інің...


Жалбыр (жағалай қарап алып). Қалқаман тұқымы, біріңді қанат, біріңді құйрық көріп, күндердің күнінде қандай қамал болса да бұзармын деуші ем. Білдім, ішімізде де шіріген жұмыртқа бар екен. Дүйсен шырағым, талай тар кезеңдерде қанатың шарпылмай келіп ең, әлде де амалдамақ шығарсың, жолың болсын! Біз тендікті найзаның ұшымен, білектің күшімен аламыз деп жүргендерміз. Арамдарың осы бастан арашалан. Адалың соңыма ер! Ефим, баста!


Бұлар жөнеле береді.


Қазына (Есіркепке). Сәулем, мен қайттім?


Есіркеп қатуланып қарамайды. Дүйсен салбырап тұрып қалады. Қазына жылап, әлсіреп, босағаға сүйеніп тұрып өлең айтады.


Өркөкірек – өлімге қарсы шапқан,
Жауын көрсе жасқанбай дабып қаққан,
Сансыз көптің ішінде үркердей боп,
Жолдасыңды сайлап ап салдың: «аттан!»
Жау бетінде мен қалған жетім қозы,
Кіжінгеннің кек алар келді кезі.
Абайсызда Ақтан жау арапшы боп,
Сәулемнің қатты батты-ау ақтық сөзі...
Алыстан мылтық даусы естіледі.


Қазына (шошынып). Мылтық... мылтық... соғыс... сәулем!


Жылаған күйі жүгіреді. Мылтық, айғай-шу.


Дүйсен (бірсыпыра тыңдап, саябырланған кезде). Басталды... (Күрсініп басын шайқап.) Жалкі... жалкі... маған жігіттер жалкі... Қайтерсің, айтайық, надандықтың кесірі...


Дүйсен сахнадан шыға бергенде, шымылдық түседі.


Шымылдық.


ЕКІНШІ ПЕРДЕ


Алыста кентше салынған үйлердің суреті. Сахнаның бір жағында төбелі ағаш үйдің қалқанды есігі, решетка, баспалдақ. Оған таяу сарайдың темірлі есігі... террастағы орындықта қаптал ішікті жамылып, бурыл сақал, денелі кісі Алшынбай таяққа сүйеніп отыр. Ақтан решеткеге сүйеніп, жерде тұр. Шымылдық ашылғаннан кейін алыста атылған мылтықтың бірнеше рет даусы естіледі.


Алшынбай (аздан кейін). Ақтан, қаршадайыңнан баулып қалың топқа қосып ем. Мұқамеджаннан соңғы көңілге медеу, арқаға сүйеу көретінім сен ең. Сендер сау тұрғанда– ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болар деуші ем. (Күрсініп.) Болмады: былтырғы көтерілісте Мұқамеджанды жазым қып алдық! (Басын шайқап.) Бейғамдығымыздан болды, сақтанбадық. Айтпап па едім сонда – әскерге арқа сүйеңдер, қарсы келгенін аямаңдар деп... елдің жайы маған мәлім, өткен өмір алысумен келем осы елмен, қорықса ғана сыйлайды бұл ел. (Алыста мылтық даусы.) Тізеңді неғұрлым батыра түс, үрейін ала түс. (Алыста бірнеше рет мылтық даусы.) Оны өршітпей өшір. Жалбырдың көзін жоймай бізде тыным жоқ деп ем, есітемісің? (Алыста мылтық даусы.)


Ақтан. Әлшеке, аруақжар болса, әлде де дегенімізді орындап шығармыз, налымаңыз.


Алшынбай (шіміркеніп). Түбінде орындағаныңды қайтейін, отаныма ойнақ салдырған соң... бір ақырғанда жым болатын Жалбырды төбеме секіртіп... Шіркін... намысың жоқ. Қандықол адамымыздың жесірі еді, Елеместің жесірін Жалбыр тобына иемдендірме деп құдайдың зарын қылдым, ағайын ауанына қараймын деп одан айырылдың, шоқтығын көтердің Жалбырдың.


Ақтан. Айырыла қоймаспыз, Әлшеке, үміт бар.


Алшынбай (ұнатпай). Тәйт әрі, су татыған сөзді есітпесем екен. (Сахнаның түбіне қадала қарап.) Әй, Елекбай! Атаңа нәлет-ау, мана айттым ғой: сонау бір жерді күреп таста деп... алғаны ас болмағыр... (Кенет ашуланып.) Неге ұрасың малымды? Неге ұрасың деймін малды...


Таяғын сүйрей жөнеледі. Аз тыныс. Үйден Зиба шығып, террасға тұрады. Алыста мышық даусы. Зиба елеңдеп тыңдайды.


Зиба. Сол ма?


Ақтан (күлімдеп). Сол.


Зиба. Сабазым, сіңіріп жүр екен еңбекті.


Ақтан. Сен тапсырған соң жанын аясын ба?


Зиба (күле қарап). Тік мұрт-ау, о не дегенің?.. Қызғанғаның ба?


Ақтан. Қызғансам айып па?


Зиба. Айып демеймін, бірақ... (Aз тоқталып күрсініп.) Өзгені де өзіндей көр: намысқа шаптым деген боп Қазына келініңе қол артқалы жүрген жоқсың ба?


Ақтан. Оның жөні басқа ғой...


Зиба (сілкініп). Не қылған басқа? Алатының шын болса, әкеп бер маған, күндікте шірітейін.


Ақтан. Ол тілегің де орындалар. Немен ақтар ең сонда еңбегімді.


Зиба. Немен ақтар ең дейсің бе? Әлі де ақталған жоқ па.


Екеуі бірсыпыра бір-біріне күлімдеп қараумен тұрады. Асығыс Рақмет келеді.


Ақтан. Зиба. Не болды? Ұсталды ма? Тегіс пе? Рақмет (ентігіп). Жалбыр ит... оқ қағары бар шығар деймін. Солдаттар оқ дарыта алмай... Сосын біреуінің мылтығын алып басып-басып жібердім.


Ақтан. Зиба. Е, өлді ме? Рақмет. Жалбыр өлер ме...


Аз тыныс.


Ақтан. Ұсталғаны бар ма, сірә?


Рақмет. Есіркеп пен Ефим қолға түсті.


Зиба. Сойқан-ай, Жалбыр итті тағы жайрата алмағандарың...


Сахна сыртыңда шаңқылдаған дауыс.


Дауыс. Бері, бері... Бері алып жүріңдер... сволочтарды.


Зиба. Әкелді білем. (Орнынан тұрады.)


Сахнаға Жантаев шығады: офицер киімді, ұзын мұрт, қолында наган. Мұның артында Ефим мен Есіркеп: киімдері дал-дүл, беттері қан, қолдары артына байлаулы. Екі солдат, қазақ жігіттері.


Жантаев (Зибаға честь беріп). Құрметті жеңге, разрешите, сарайыңызға мына бір падлецтерді қамай тұруға.


Зиба. Сіз айтқан соң... (Террастан түсіп, сарайдың есігін ашып жатып.) Құдай-ау, құритын күні болар ма бұл топырдың?


Есіркеп. Кімнің құрығанын кейін көрерміз.


Зиба (шошына қарап). Бетім-ай, тілін көрдің бе, тілін! Ефим. Несі бар, сенікінен сорақы боп па?


Жантаев (наганына ұмтылып). Малшайт,сволочтар!..


Сарай есігі ашылған соң солдаттар Есіркептерді қамап, есікті жабады. Бір солдат есікке күзетке тұрады.


Жантаев. Отанымыздың ең сенімді гражданы Ақтан Жолбасаров мырза, мен сізге, сіңірген еңбегіңіз үшін, «алаш атынан алғыс айтамын, һәм және бұдан былай да ел ішіндегі большевиктермен қатты күресуіңізді сұраймын. һәм және сіздің атыңызды «алаш» тарихына алтынмен жазуға уағда берем...» (Ақтанның қолын ұстайды. Содан кейін Зибаға бұрылып.) Құрметті жеңге, разрешите сізді подрушке алуға... (Зибаның қолтығына жабысады.)


Зиба (Ақтанға қарай түсіп). Ойбай-ау, мұнысы не еді?


Жантаев пен Зиба қолтықтасқан күйі террасқа шығады. Ақтан решеткеге сүйенеді. Албар жақтан Алшынбай шыға келіп, әйелінің Жантаевпен қолтықтасқанын көріп, аңырап тұрып қалады. Сахна сыртында зарланған әйел даусы.


Дауыс. Сәулем! Қайдасың? Бармысың? Тірімісің, сәулем?


Зиба (селт етіп Жантаевқа). Сабыр етіңіз, сұлу келіншекті көрсетейін.


Жантаев. Алқынған жүрегімді әркімге бір ұсынып әурелемей-ақ...


Зиба (назданып). Қойыңыз деймін, шалым естіп жүрер.


Зарлап, сасқалақтап сахнаға Қазына шыға келіп, алдындағыларды көріп үрейленіп, аңырап тұрып қалды.


Ақтан (мысқылдай күліп). Келіңіз, келіңіз...


Зиба (шіміркеніп). Қой әрі, келіңіз деп ардақтамай... секіртпе күңді басыма!


Қазына (селт етіп қайраттанып). Адуындап айға шабам дей берме, күнім туса, секіргенді сезбей де қаларсың!


Зиба (қалтыранып). Бетім-ай, мына күң не дейді?


Жантаев. О кісінікі жан есірігі, жеңгей, бері жүріңіз.


Жантаев пен Зиба үйдің есігін аша бергенде шымылдық жабылып, аздан кейін қайта ашылады. Сахнада отырғандар: Алшымбай, Боқтыбай, жұпыны киінген шал, Ақтан, молда, Асылбек – мұртты, сыпа киімді жас жігіт, Мұстафа – жұпыны, орта жаста. Рақмет, Дүйсен.


Сахна сыртыңда Қазынаның зарланып салған әні.


Асылбек. Солай де... соғымын сүйреп салып, өзі сытылып кеткен екен Жалбыр... he-he-he...


Ақтан. Қашанғысы емес пе?


Мұстафа. Жалбыр қолынан ұстап бермеген болар, құрулы торға қылар амалы қайсы?


Ақтан (шатынап). Ау, мынау, сау ма өзі?


Асылбек (мысқылдай күліп). Былтырғы Жалбырға ергенді есіне түсіп отырған болар, ескі досы ғой.


Боқтыбай (ежірейіп Мұстафаға). Әй, батыр қараңды!Көрерсің бірдеме.


Алшынбай. Сабыр етіңіз.


Боқтыбай. Жоқ, отырғызбаймын бұл итті! Дұрыстыққа келген жоқ бұл.


Мұстафa (дayсын есіттіре). Алжыған күшік... Айдап салғанға мәз боп...


Боқтыбай. Алда ғана ит-ай... (Таяғын ала ұмтылам дегенде, Ақтандар жібермейді.) Жібер деймін, Ақтан, жібер! Өлтіремін бұл итті! Қаны бұзық малғұнды...


Ақтан. Боқа, Боқа... сабыр, сабыр... (Мұстафаға.) Сен бара тұр.


Мұстафа. Неше сырыңды тасып ем, сезіктенбей айта бер.


Боқтыбай. Әне, көрдің бе? Жоқ, жібер деймін, жіберші! (Боқтыбай жұлқынғанмен басқалар жібермейді.)


Аз тыныс.


Асылбек. «Бітер істің басына – жақсы келсін қасына» деп... шалдар, бастарыңыз құралды, мұның жөні қалай болады? Қораны ойраңдап, қотанды шуылдатқан тілазар тентектер еді, осы бойымен қарасы батсын дейсіздер ме, жоқ, қазақтың қазақшылығы болушы еді, кәделі жолы болушы еді, тентегімізді өзіміз тыяйық деп босаттырудың қамын іздейсіздер ме?


Ақтан. Істің кілті өз қолында тұрғандай-ау, Асылбек.


Асылбек. Жантаев төре де бөтен кісіміз емес. Шалдар ауқым істесе, бұдан ірі жұмысты да Алшекеңнің аруағына байлап кетпей ме?


Аз тыныс.


Алшынбай. Боқан не айтар екен?


Боқтыбай (ашулы). Қалқаман тұқымының, бүлігіне кесе түсем деп ағайынға талай өкпесі болған. Күл болмаса, бүл болсын, кіріспеймін!


Молда. Өй, имандым-ай... баруакалла. Боқандікі дін сөзі.


Алшынбай. «Тентекті тентек десе, бөркі қара қазандай болады» деп, бетімен кеткендердің сойқанды содырына кездесіп отырғанымыз жалғыз бұл емес. Бірақ қашан да болса, ағайын ымырасынан шығып көргеміз жоқ. Он алтыншы жылы осы Жалбыр бастаған бұзықтар менің інім Мұқамеджанды өлтірді.


Мұстафа. Ескі кектің білтеленгені – істің бітпегені ғой. (Алшынбай Мұстафаға ажырая қарайды.)


Алшынбай (аздан кейін). Кек сақтамаймын. Құдайы көрші еді. Қолдарыңнан келсе, босаттырып бағындар.


Асылбек. Дұрыс!


Молда. Ой, имандым-ой... Алшекемдікі дін сөзі.


Асылбек. Ақтан, төреге сен жолық, шалдардың сәлемін айт. «Құр аяққа бата жүрмес» деген, Дүйсен мен Мұстафаны ертіп, мен орамал-шарпысын дайындайын.


Ақан үйге кетеді. Мұстафа мен Дүйсенді ертіп Асылбек сахнаның екінші жағына шығады. Шалдар сахнаның түбіне қарай кетеді. Сарай алдында күзетші солдат. Сәуле бәсең тартып, түнге айналады. Қазына келеді. Сахнаның шетінде тұрып, сарайға қарап, мұңайып сөйлейді.


Қазына. Қайтейін, менің қолымнан не келсін! Жалынбаған адамым жоқ, әйтеуір бір осы үшін... (Ойланып.) Апырм-ай, манағы сөзді тым қатты айтты-ау... Әлі сенбей ме маған? Етегінен ұстап келсем де? Ел болып азғырып «Ақтанға ти» дегенде де, бір осының көңілі үшін...тілегім осы болды да... (Мұңайып жыламсырап ән салады).


Кигенім басымдағы кәмшат бөрік,
Жан қалқа, жалын болдым сені көріп,
Мен сендік, мені бұзар қандай адам?
Тұрғанда тәнде жаным, басымда ерік...


Сахна артында дабыр дауыс. Қазына тыңдай қалады. Сахнаға: Асылбек, Дүйсен. Мұстафа шығады.


Асылбек. Сен жөнге кеш, Мұстафа. Шатаққа салсаң, Есіркептен айрыламын. Орамал шаршы мінсіз ғып берейік, әлде болса жия түсіңдер, толықтырыңдар. Ал мен төренің сыңайын байқай тұрайын...


Ақтан үйге кіреді. Мұстафа мен Дүйсен үйіріліп тұрып қалады. Елеңдеп Қазына бұларға жақындайды.


Мұстафа. Ал, Дүйсен мұғалім, әшейінде қақсайтын «меллат», «ұжданыңды» осы жерге жұмсап көр. Мына Жантаев офицерің Алшынбайдың туған бөлесі. Алшынбайдың көңілі адал болса, босаттырсын тегін! Қолдан келмеске омбылатпасын бізді.


Дүйсен. Оныңыз сөз емес, қалай түсінбейсіз, апырм-ау? Мәселен, айтайын, бұл ұсталып отырған большевик болса, оны ұстаушы, айтайық, алаштың офицері болса..


Қазына (Мұстафаға). Бірдеме берсе босатам дей ме?


Мұстафа. Әлімізден келмейтінді сұрап отыр, келін.


Қазына. Қайнаға-ау, босаттырып бақсаңдаршы... (Жыламсырап.) Барымызды алсын да, босатсын! Мә, бірін қалдырмай берейін... (Қолындағы сақиналарын, білезігін, сырғасын, шашбауын– бәрін жиып Дүйсенге береді). Сәулемнің жолына садақа, тек сол босансын!


Дүйсен (сақиналарды ұстап тұрып). Түсінбейсің, Қазына, мәселен, айтайық, осыған босатар ма?


Қазына. Қайтейін, жаным-ау? Барым болса мен соның жолына аярмын ба? Ана жалғыз мөшкені сатып, соның ақшасын беріңдер.


Сахнаға Рақмет шыға келеді.


Рақмет. Сиыр сататын кім, әй? Есіркептің қара сиыры емес пе?.. Қане, қайсың қожасың, имам ағызам саудасы, беретін жерінді айт.


Мұстафа (Рақметке бажырая қарап). Тамұқтың бары рас болса, соның нақ түбінде сен жанарсың ғой.


Дүйсенді ертіп Мұстафа үйге кетеді. Рақмет өз бетіне кетеді. Қазына сабырсызданып сахна шетіндегі ағаштың түбінде отырады, мұңайып ән салады... Үйден леген көтеріп Елекбай шығып, терраста тұрады: жыртық етік, тері шалбар, жамаулы тон, орта жасты кісі.


Елекбай (дауыстап). Құтпан, Құтпан, кә, кә!.. Құтпан!.. Құтпан!.. (Аз бөгеліп.) Ит екеш ит те иесіне тартады, маңызданып келмеуін қарашы. (Легенді әрірек апарып төгіп, қайтып келе жатып, Қазынаны көріп.) Келінбісің? Ой, қарағым-ай, сорың қайнады-ау... (Елекбай үйге жақындай бергенде, Дүйсен оған қарсы шығады.) Дүйсен-ау, жұртшылық істеп жатырсыңдар ма? Обал болды ғой сорлыға... Жап-жас бала еді.... Елеместің дарға асылғаны анау. «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» деп...


Дүйсен (Елекбайға бажырая қарап). Осыдан бірдеме түсінемісіз, айтыңызшы құдай үшін?


Елекбай. Түк түсінбеймін, қарағым.


Дүйсен. Түсінбесеңіз, аузыңызға ие болыңыз. Сіз түгіл мен де түсінбеймін. Өзгерістің бастапқы кезінде бұлдыр бірдемені сезетін сияқты едім, одан да айырылдым. Көз тіккен құрылтайымыз жоққа шықты. Жұрт бет-бетіне түйе айдады... Осындай кезде, яғни, мәселен айтайық, бас сақтаудан артығы бар ма? Дұрыс емес пе осыным. Міне, түсінбесеңіз осылай...


Дүйсен Қазынаға қарай жүреді. Елекбай аузын ашып, аңырып тұрып қалады.


Елекбай. Осы баланың сезіне өмірге түсінбей-ақ барам.


Қазына (елеңдеп Дүйсенге қарсы ұмтылып). Не болды? Босата ма?


Дүйсен. Ал, түсіндіріп көр осыларды? Босанушы ма еді Есіркеп. Атақты большевик Ефиммен жолдас болса, өзін ақтың адамы ұстап отырса, босата қояр оңайлықпен...


Қазына. Ұстап отырған «алашыңның» адамы емес пе? «Алаш» дегенде таңдайың тақылдамайтын ба еді? «Төбемізді көкке жеткізеді», – дейтін ең ғой, осы ма жеткізгені?


Дүйсен. Ал, түсіндіріп көр осыларды? Түсінбейтін мәселесіне жабысады барып, тоба-ау...


Кетеді.


Қазына. Дүйсен! Дүйсен! (Дүйсен қайта оралады.) Ағайын ымырасы деп күн ұзаққа шулағандарыңның аяғы мәлім болды. Енді түңілдім. Жәкемнің сәлемін айтайын, тыңда.


Дүйсен. Қандай?


Қазына. Әлгіде Таңсық келіп кетті жасырын. Жәкем былай депті: «Ел жатқанға шейін Есіркепті босатпаса, Дүйсен бізге хабар тигізсін»,–депті, «Бүгіннен қалса, қолымыз кесіледі. Ақтанның жіберген әскері соңымыздан қалмай тықсырумен келеді», – депті. Атыңа мін, қай жерде жатқандарын айтып берейін.


Дүйсен (шошынып). Қо-қой, атама... (Жан-жағына жалтақтайды.) Енді менің басымды жұтпақпысың? Аулақ, аулақ.. (Кетеді.)


Қазына (аңырап). Бетсіз!.. Бетсіз!.. Осыны да еркек деп... Ой құдай-ай, неге жаралдым екен әйел болып? (Ойланып.) Әлде өзім кетсем бе екен? Бәсе, неге бармаймын өзім? (Кете беріп, қайта бұрылып сарайға қадалады.) Өзім жоқта жазым ғып жүрсе, істемейді дейсің бе бұл қара беттер... Құдай-ау, енді қайттім?


Не қыларын білмей сабырсызданып тұрады. Сахнаға Ұрқия шығады.


Ұрқия. Айналып кетейін, келін-ай, жылаумен көзің ойылды ғой! Қайтерсін (Жылайды.) Ақтан қарабеттің ісі ғой. Есіл Есіркеп қарағым-ай. Жалбыр қақпастың кесірі ғой. Қашанғы әдеті оның. Он алтыншы жылы Мұқамеджан болысты өзі бауыздап өлтіріп, жаласын Елемеске жапқан ғой. Ол қақпас па – ол қақпас... Көрмеймісің: өзінің бас амандап қашып құтылғанын. Шалым кейіп отыр: «Жалбыр ит тым болмаса дерегін білдірмеді-ау, Есіркепті қайтсекте босатар ек», – деп...


Сырттан Елекбай келіп, террасқа сүйеніп, бұларға қараумен тұрады.


Қазына. Шын ба осы кемпірдікі? Айтсам ба екен осыған? (Дағдарып.) Жасаған-ау, енді қайттім?.. (Жылайды.)


Ұрқия. Жыламашы, қарағым! Сен жыласаң, сай-сүйегім босайды. Үмітай марқұм, Есіркептің шешесін айтам-ау, маған ылғи тапсыратын: «Ұрқия-ау, Есіркебіме көз бола көр», – деп... (Қазынаның басынан сипайды.)


Қазына. Ене!


Ұрқия. Әу, қарағым?


Қазына. Жәкеме хабар тигізейік.


Ұрқия. Баласың-ау, қарағым. Ол қақпастың дерегін білсе, шалымның ұшуға қанаты жоқ. Кім аянып отыр дейсің, Есіркептен аяған жан құрсын!


Қазына (кенет елеуреп). Енетай, мен білем дерегін.


Ұрқия. Шын ба, қарағым?


Қазына. «Тарғыл сиыр сойған» дейтін ағаш бар ма еді?


Ұрқия. Ие... ие...


Қазына. Сонда. Ефимнің отрядын іздеп таба алмай жүр білем.


Қазына айтып жатады, тыста барылдаған дауыс.


Елекбай. Мына құдай атқан мыстан мына сорлыдан сыр тартып жүрмесе игі еді? Аузының жабысуын-ай. (Елекбай бұларға жақындағанда Ұрқия асығыс кетеді. Елекбай оның ізіне біраз қарап тұрып.) Келін шырағым, әлгі кемпірді көрдің бе, ол тегіндікпен «мыстан кемпір» аталған емес. Сақ бола көр, қарағым. Жаңа ғана осы кемпірдің Рақметпен сыбырласып тұрғанын көріп ем.


Қазына. Сұмдық-ай, шын ба?


Елекбай. Шын, шырағым. Мен сендерге қастық ойлайтын кісі емеспін. Ойбай, қарағым-ай, не көрмеді дейсің бұл Елекбай. Сенің енең Үмітай марқұм бір кезде туған жеңгемнен артық болған кісі еді.


Қазына (жылап). Ағатай-ай, мені құдай атты!


Елекбай. Неғып?


Қазына. Айтып қойдым, Жәкемдердің қайда жасырынғанын айттым.


Елекбай. Қап!.. Сорлы бала-ай. Енді қайттік? Әй, сен «мыстан» ба!.. Талайдың қанын ұрттарсың-ау. (Кенет ойланып.) Шырағым келін, бірдеме ойлап тұрмын. (Қазына басын көтереді.) Айтшы, айтшы: солардан бұрын жетіп бағайын!


Қазына. Ағатай-ай!


Елекбай. Құдайға сенбесең де, маған сен, қарағым! (Қазына сұрланып ауыр дағдарысқа түседі.)


Елекбай. Қарағым келін, кешіктірме мені.


Қазына. Иә... дұрыс... Жәкем...


Асығып айтып жатады, тыста барылдаған дауыс.


Дауыс. Елекбай! Әу, Елекбай!.. Елекбай деймін!.. Қайда кеткен қан жауғыр... Елекбай!..


Елекбай. Жағы қарысқыр... (Тез бұрылып кетеді.)


Қазына (мең-зең). Ал, тағы айттым... Қайсысы дос? Неге айттым осыларға? Неге кетпедім өзім? Сорлы басым, біттім!.. (Тәлтіректеп ағашқа сүйенеді.) Сәулем, тарттым күйігіңді! Жандым отыңа!.. Есітемісің зарымды!..


Елеуреп сарайға жақындай бергенде, есік алдындағы солдат мылтығын оқтай ұмтылады.


Солдат.Тарт әрі! (Қазына шошып шегіншектейді. Солдат мылтығын оқталған күйі.) Кет! Кет! Атамын...


Қазына шегіншектеген күйі сахнадан шығады.


Шымылдық жабылып, кішкенеден кейін қайта ашылды, сахна бұрынғы күйінде. Түн. Сарайды күзетіп солдат жүр.


Солдат (мылтығын құшақтап есінеп). Ал, Ержан, құрдың «алашты!..» Көтердің шаңырағын! Әй, ойбай, Өтебайдың мазағына малданып... ақылың болса Ержан болар ма ең?.. (Тыңдап). Сыбдыр ма? Тағы әлгі келіншек пе? Өжетін-ай өзінің, мылтықтан қорықпайтын қатынды бірінші көруім. (Қатты есінеп.) Айқай, жылы төсек болып жатар ма еді?!


Мылтығын құшақтап, сарайдың түбінде отырып қалады. Аз тыныс... Сахнаның бір жағынан ептеп басын Жалбыр шығады, оған таяу Мұқыш, Таңсық, Қазына, басқа жігіттер.


Жалбыр (жағалай қарап алып). Жігіттер! Ефимнің отрядына жіберген адамымыздан дерек жоқ. Біз әлсізбіз. Жау маңымызды түгел торлады... Ефим мен Есіркепті қайтсек те босатамыз дегеніміз шын ба еді?


Keң дауыс. Шын!.. Шын!..


Жалбыр. Ендеше...


Сырттан шаңқ еткен дауыс естіледі.


Дауыс. Направо!.. Раз, два, три... раз, два, три...


Әскердің тәртіпсіз аяқ даусы.


Жалбыр (селк етіп). Бұлар кім?


— Біздің жігіттер ме екен?


— Солар!


— Ойпырм-ау...


— Иә сәт...


Дауыс. Раз, два, три...


— Келіп қалды!..


— Шығайын алдынан!


Жалбыр. Тоқта! Тырс етуші болмаңдар. Дауыс. Раз, два, три... Раз, два, три...


Команда, тәртіпсіз аяқ даусы. Жалбырлар өлердей боп ынтығады.


Дауыс. Стой!.. Смирно!..


Жалбырлар шыдамай шыға береміз дегенде, сахнаға Кереев шығады: офицер киімді, тапал қара жігіт. Оған жалғас ақ ту көтерген, жыртық шинельді солдат – қазақ жігіті. Жалбырлар сасып тығылады. «Біздің жігіттер емес», «бөтен» деген дауыстар., Аздан кейін үйден Алшынбай, Жантаев, Ақтан, Асылбек, молда, Боқтыбай, Рақмет, Зиба шығады.


Алшынбай (терраста тұрып). Ауылымның қотанына «алаштың» ақ туы орнағаны үшін аруаққа ризамын! Айбынды алаш сарбаздары, қадамдарың қайырымды болсын!


Молда бастаған бірсыпыра топ тудың астына жиналып, бетін сипайды, Жантаевтар Кереевпен амандасады.


— Әй, айналайын, алашым-ай!


— Қадамдарын құтты болсын!


— Е,бәсе!..


Кереев (Жантаевқа оңашалап). Хал жаман: большевик отряды өкшемізге түсіп, жанымызды шығарды. Қаладан шыққалы жігіттеріміздің жартысының көбі қашты. Жантаев. Солай болды ма?


Кереев. Тез кетейік. Ылау табындар деп жігіттерді осы ауылға қаптаттым... (Екеуі оңаша сөйлеумен тұрады.)


Зиба (Рақметке). Онды жігіт екен... мына келгенді айтам-ау.


Рақмет (далаға). Ондыға тояр ма екенсің?


Молда. Алшеке, пайғамбардың көтерген ақ туы осы-ау, ә?.. Құдай нәсіп қылған соң мұны да көрдік.


Боқтыбай. Пайғамбардың туы дейсіз бе?


Молда. Иә, қазірет Ғұсманға тапсырған ғой: «мұсылман патшалығына табыс қыларсың», – деп...


Бір солдат Дүйсен мен Мұстафаны алдап кетеді.


Кереев. Бұл не?


Солдат. Ат жекпейді.


Кереев. Ондайды табанда жайрат дегенім қайда? Әкет былай!


Солдат ол екеуін әкетеді. Ақтан мен Жантаев сыбырласып, сарайды ашып Ефим мен Есіркепті ортаға шығарады. Екі-үш солдат оларды қамап тұра қалады. Сахнаның бір жағынан Қазына шыға келеді.


Қазына. Ойпырм-ау, сәулем-ау!


Есіркеп (жалт қарап). Қазына! Ризамын саған. Жәкеме сәлем айт: кегін алып өлсін!


Жантаев (ақырып). Малшайт, сволочь!


Қазына, Сәулем-ау, не болды күнім. Қалдырмасайшы мені!..


Ұмтыла берем дегенде, бір солдат мылтығын Қазынаның төсіне тірейді.


Зиба (Ақтанға келіп). Маған деген көңіліңнің адал екенін білейін: ана күнді мыналарға беріп жібер, «ала кет»,де, әйелден қашпас.


Ақтан. Зиба-ау, қазақшылыққа келе ме ол?


Зиба. Келмесе де істе! Мен айтқан соң істемеймісің?


Ақтан (Кереевті оңашалап). Мырза, қотанға келіп құр кетуін келіспес, сонау келіншекті ала кет.


Кереев (күлімдеп). Рақмет!


Солдаттар Есіркепті әкетеді. Есінен айырғандай боп Қазына тұрады. Тыста дабыр. Кереев бір солдатты жұмсап, ол Қазынаны көтеріп ала жөнелем дегенде, Таңсық бір бүйірден шыға келіп, солдатты сойылмен салып өтеді. Кереев Таңсықты қылышпен сабайды. Таңсық домалап құлайды. Айқай, дабыр, жылау, дүрсіл... Есік алдыңда топтанып Алшынбайлар тұрады, аздан кейін дабыр басылады.


Молда (күрсініп). Апырм-ай, көрген түстей елестеп тым тез кетті-ау өздері.


Алшынбай. Осы ауылда айлап жатсын деп пе едің? Үкімет болған ірі қалада тұрғаны жарастықты.


Боқтыбай. Бәсе...


Зиба (терраста тұрып). Елекбай-ау... Әу, Елекбай... (Елекбай келеді. Зиба Таңсыққа нұсқап.) Ананы әрі апарып таста, өлсе, пәлесі бізде қалар.


Елекбай (Таңсыққа келіп). Ә, сорлы бала! Байлардың көзін жоям деуші ең, тілегіңе жетпей кеттің бе. (Көтере беріп.) Жоқ, жаны бар екен... жазылар болсаң, өзіңде ұмытпассың.


Алып кетеді, аз тыныс.


Зиба. Құдай тыныштандырса, енді де тыныштанбас па екенбіз?


Сырттан Ақтан, Асылбек, Рақмет келеді, түстері солғын.


Алшынбай. Шығарып салдыңдар ма қонақты?


Ақтан. Бұл бір өткінші жауын болды.


Алшынбай. Heгe?


Ақтан. Жөнеп барады екен.


Алшынбай. Жөнеп?


Асылбек. Шынын айт, қашып барады екен де! (Жұрт селк етеді.)


Алшынбай. Ым-ым... қатын, тыныштанатын болған екеміз!..


Зиба орындыққа сылқ етіп отыра кетеді, аз тыныс. Алыста күңіренген музыка, дүрсіл. Бұлар үрейленіп бірсыпыра тұрады.


Ақтан. Құдай ұрды. Бұл – әлгілерді қуған қызылдың әскері болды!


Зиба (ышқынып). Сұмдық-ай.


Алшынбай. Біз біттік, қатын...


Молда. Молдаға қатал келетін дейтін еді. Паруардигар-ай.


Рақмет. Саудагерге мүлдем өш дейтін еді.


Асылбек. Атқамінерді де аямайды білем.


Боқтыбай. Маған тимес пе екен?


Алшынбай (тез). Рас, Боқаңа тимейді. Ойбай-ау, ие, емі табылды. Боқанды алға салып қарсы алайық.


Алшынбай. Ал, киімдеріңді өзгертіңдер. Сәлдеңнен құтыл, Молда.


«Киім, киім» деген дауыстар. Зиба үйден ескі киімдерді шығарып, лақтыра береді. Біреу пері теріс айналдырып киеді. Молда сасып, сәлдесін аяқ астына тастап, Елекбайдың жыртық тонын киеді. Елекбай бір бүйірден аң-таң боп қараңды да тұрады. Боқтыбайды алдына салып, бірінің артынан бірі шұбырып бұлар қарсы шығуға жөнеледі. Молда ең артында. Музыка жақындайды... бұлар сахнадан шыға бергенде Елекбай молданың, жауырынынан шап беріп ұстайды. Молда сасып «ойбай», – дейді.


Елекбай. Мазағыңды қой, молда, тонымды бер!


Молда. Ойбай, айналайын.


Елекбай. Сөзді қой, шеш! Әйтпесе мен барып арыз беремін.


Молда. Қап... қап...


Елекбай тонын еріксіз шешіп апарды. Сасқалақтап молда кетеді. Зиба үрейленіп террасқа сүйенумен тирады.


Зиба (Елекбайға). Елекбай-ау, үйге жүрші, бүгін тамақ ішпедің білем... Жүре ғой... (Үйге кетеді.)


Елекбай (тонын қалтықтап). Құдай атсын иттерді!.. Көкіректерін керіп жүргенге «алаштың» хандығын құрып алған екен десем, қойыртпағы кейін екен ғой. (Музыка. Елекбай аз тыңдап). Тым күшті дауыс-ау өзі... Кімдер болды екен?.. (Ойланып.) Ә... білдім, білдім: бұл қызылдың әскері! Жалбыр сорлы әлгіде адам жіберіп күтіп отырмын деп еді... Мен де шығайын алдынан. «Алшынбайдың есігінде он жыл жүрген қара табан батырағың мына мен!»–дейін... (Кете бергенінде, Жерде жатқан сәлде аяғына оралады.) Е... Сәлденің жатысын қара... Обалын молдаға...


Теуіп тастап, шығып кетеді. Аз тыныс. Баяғы қарсы шыққандар бірін-бірі итермелеп артымен сахнаға қайта кіреді. Үрейлі, сасу.


— Ойбай-ау, анау Жалбыр!


— Мұқышты қара!


— Құдай ұрды!


— Енді қайттік?


— Тығылайық, ойбай, ойбай, тығылайық!


— Қайда?..Қайда?..


— Патполға!.. Патполға!..


Бөрі сасып үйге кіреді. Сахна бос. Сыртта саңқылдаған дауыстар.


— Біздің жігіттер!


— Жетті ме сабаздарым!


Жалбыр бастап, бірсыпыра адамдар сахнаға шықты.


Жалбыр. Біздің жігіттер де келді. Енді өлмейміз! Мұқыш! Байла қызыл шүберекті сойылға! (Мұқыш тез байлайды.) Көтер!.. Желбірет! Жайрандасын жүз!..


Жылап жібереді. Қылышын ұстап комаңдир, қызыл ту көтерген қызыл әскер сахнаға шығады.


Командир (артына бұрылып). Отряд! Стой, смирно!.. Жалбыр (жылап тұрып). Қарақтарым, қадамдарың қайырлы болсын! Арыз көп, айтуға уақыт жоқ... Жау жаңа ғана аттанды, іле қумасақ кешігеміз...


Командир. Жұмысшы, қара шаруа көпшілігіне арқа сүйеген қызыл әскердің алмайтын қамалы жоқ. Қызыл тулы кедей. Ұстасқан қолымыз бір, бет алған жолымыз бір. Мынау – өз отрядын, өз ұлдарың, орталарыңнан шыққан қырандарың: Қосыл! Күшейт. Сүйе!..


Көп дауыс. Қосыламыз!.. Күшейтеміз!


Командир. Отряд! Правое плечо вперед! Шагом марш!..


Тәртіпті аяқ дауысы. Музыка


Шымылдық.


ҮШІНШІ ПЕРДЕ


Екінші пердемен арада үш жыл өтеді. Ауылдың қотаны. Дөңгелек шарбақ. Шымылдық ашылғанда сахнада шарбаққа арқа сүйеп: Алшынбай, Боқтыбай, молда, Ақтан, Рақмет отырады.


Алшынбай (дауысын көтере түсіп). Құдайға шүкір, астасқан ағайын арамызға пана боп, айбынымызды бұрынғыдан көтере түспесе, кеміткен жоқ, әсіресе Боқтыбай, заманың бірге замандас ең, кешегі аласапыранның артынан Жалбыр кәпірдің сырттығы көтеріліп, алқымымыздан ала түскенде, аруақты атап, елді сілкіндіріп, орыс-қазақтан приговор жиып, тірелген тұңғиықтан бізді алып шыққанның бірі сен ең... Мына Ақтанға ылғи айтып отырам: басқаны ұмытсаң да Боқанның еңбегін ұмытушы болма!.. – деп.


Молда. Сөз жоқ... Боқанның еңбегі адал.


Рақмет. Әсіресе Ақанды былтыр ауылнай сайлайтындағы Боқанның еңбегі!


Боқтыбай. Менікі, әйтеуір, Жәнекем аруағына кір келтірмейін дегендік. Өткен өмірде сенің тілегінде келе жатқан адаммын ғой, Алшынбай.


Алшынбай. Мына тоғышекке қараған елдердің желбас бұзықтары, сергелдеңге серпетін сыңайлары бар деп естіп, түйсініп қалып ем. Замандастың бары жақсы-ау, кеше Жұмабай келіп еді, екі ауыз сөзбен ұғынысқаным.


Боқтыбай. Е,онда құдай оңдапты ғой: тоғышек түгелімен қосылса, Ақтан болыс болмағанда, мен болыс болам ба?


Алшынбай. Ақтан! Жұмекең бар, басқалары бар, басты - бастыларын шақырсайшы.


Ақтан. Бар, Рақмет, шақыр, Асылбек пен Қасен де келсін.


Рақмет кетеді.


Алшынбай (Боқтыбайға). Сөз түйіні әлгі айтылған ғой, сол сарынды ұстап шығарсың.


Молда (Алшынбайға). Өзіңіз айтып шықсаңыз қайтеді?


Алшынбай. Жоқ, Боқан айтсын.


Боқтыбай көтеріліп, қақырынып қояды. Ақсақалды шал Жұмабай бастап, Асылбек, Қасен, тағы біреуі келіп, жағалай отырысады.


Алшынбай. Ал, Боқа, төреңнің өзі тым асығыс көрінеді, жұртты иірмей сөзіңді баста.


Боқтыбай. Көп атын сөзде жоқ. Қысқасынан қайырғанды жақсы көрем... иә, көпшіліктен сұрайық дегеніміз – болыстықты Жәнекем аруағына байлаңдар демекшіміз.


Асылбек. Басқа біреу сайланса, аттан құлап қалады дедіңіз бе, Боқа? (Күледі.)


Қасен. Жәнекең аруағы мүшеден тойғандай болған жоқ па еді?


Жұмабай шал (Қасендерге түйіле қарап). Біздің балалар бейбастықты бөтен жерде істеуі керек. Үлгілі ауылдың қотанында, үлгілі кісілердің алдында, адам болады деген жігіт өзін-өзі ұстай білер болар.


Рақмет. Е, бәсе.


Ақтан. Сөзіңізді аяқтаңыз, Боқа.


Боқтыбай. Аяқтасам, мұның болысы Ақтан болсын, кандидаты мына Асылбек болсын, Земотделді Жұмабай балаларының біріне бер, Военкомдықты Нұрқожа сұраған екен, сол алсын... тағы нелері бар еді?


Ақтан. «Нарабыраз», «памгол» дегендері бар.


Боқтыбай. Е, оны «Құбасы», «Қоңыры», «Абыз, Көшегі» болып өзара бөлісіп алсын. Осыным дұрыс па, Жұмабай?


Жұмабай шал (күліп). Өзің өз боп билік айта қалған екенсің, теріс десек, тағы дауласасың ғой.


Ботыбай. Пәтуа осы. Осыны бұзған адамды екі аруақ... бір құдайға тапсырайық. Қане, молда, иллаһи әмиін!


Қасеннен басқасы қоя көтеріп бата қылады.


Ақтан. Қане, үйге жүріңдер.


Бәрі үйге беттейді. Қасен отырып қалады. Асылбек оған айналақтайды.


Асылбек. Жүрмейсің бе, әй?


Қасен. Бармаймын. Шындық жоқ сендерде. Параға сатыласыңдар. Ана Жұмабай қақпас Алшынбайдың шаңырағын opдасына түсіремін деп күні кеше көпірініп келіп еді, бүгін жемсауын толтырып, Алшынбаймен жымыңдасыпты да қалыпты.


Асылбек. Қой, топтан жырылып торсаңдауың ұятты. Екінші сайлауда есте болар. «Қазанбұзар» атанған Жалбыр да оңып жүрген жоқ.


Қасен. Бізден Жалбыр артық: ешкімнің жетегінде жүрмейді.


Асылбек. Өзіңе керегі әкімдік пе, басқа ма? Айтшы!


Қасен (орнынан тұрып). Сен мені ұғынбайсың.


Асылбек. Не тілейтініңді сен өзің де ұғынбайсың.


Бұл екеуі кете бергенде, сахнаның екінші жағынан Ақтан шығады.


Ақтан. Асылбек, мойныңды бұршы.


Асылбек (бұрылып). Ал, болыс-еке...


Ақтан. Болып алайық та әуелі.


Асылбек. Болмаған несі қалды енді. Сайлауды өткізуге Кереев келді дегенде-ақ ішім шұрқ еткен.


Ақтан (күрсініп). Әй, сондада қиын. Сынаптай толқыған бір жұрт. Жалбырдың көзі жоғалмай бізде тыным болар деймісің?


Асылбек. Қанша адам бар соның соңында?


Ақтан. Едәуір... Ауылдық сайлауда Жалбыр жеңіп кетіп масқарамыз шыға жаздады.


Асылбек. Сосын?


Ақтан (күлімдеп). Әңгіме жазуда ғой, қағаз жүзінде член совет қып өз адамдарымызды өткіздік. Әй, әлгі Қасенің неге бұртиып жүр?


Асылбек. Бірдеме дәм етеді-ау деймін.


Ақтан. Дәметсе тығында. (Қалтасынан ақша шығарып.) Мә, бер соған. Ақшаға көнсе аяма. Сайлаушы өз адамымыз деп сене беруге болмайды. Жалбырдың тобын тоздырсақ қана тілекке жетеміз.


Асылбек. Осының жөн-ақ...


Екеуі кете беріп, Ақтан бір бүйір қарап, Асылбектен қалып қояды.


Ақтан. Зиба, мында келші!


Зиба (күлімдей келіп). Сенің-ақ сағына беретінін-ай... Әлде мін тауып ұрысқалы тұрсын ба?.. Қиғаш тартқан мырзалардың көбінің-ақ басын айналдырып, жетегіне жегіп берген жоқсың ба?


Ақтан (күліп). Бір мақтанбайтын адам сен бе деп ем... Рас, сен серікке жарадың... сендей толқып, бордай тозған көптің басын біріктіруге айланың айласы керек.


Зиба. Шырайымды шығаршы сүйтіп... Жаным, айтшы ынтықтырмай: болыс болып шығасың ғой анық?


Ақтан (аз ойланып). Болам! Болып шығам!.. Көпшіліктің беті бұрылды. Ендігі бір қауіпті кісі Жәнеудің Жаманғалиы. Бұғалықты соған сал. Бір ұры неме ғой. Жалбырды жанына ертіп бұрқ-сарқымызды шығарып жүрмесін.


Зиба. Көндіріп берем!.. Жібере ғой, оңаша қымыз сапырып отырып сөйлесейін...


Екеуі жымыңдасқан күйі шығады. Сахна аз-кем бос. Дабырлап сөйлесіп Жалбыр, Мұқыш, Мұстафа, Дүйсен шығады.


Жалбыр. Мұқыш, сен Қасенге жолық. Әйтеуір Ақтаннан игі ғой, мен соған қол қоям. Осыны сендіре айт. Мұстафа, сен Тәукебайға жолық. Алтыншы ауыл сайлауында жеңілдім деп мойымасын, «Тәукебай жеңілді» ғып көрсетіп отырған Ақтан. Мен осының бәрін де айтам өкілге. Бар, тез келіндер.


Жалбыр бір жаққа, Мұстафа мен Мұқыш екінші жаққа кетеді. Дүйсен біресе Жалбырдың соңына ере түсіп, одан кейін Мұстафа мен Мұқышқа ере түсіп, ақырында аңырып, сахнада жалыз қалады.


Дүйсен (аздан кейін). Кім екенімді, кімге еретінімді білмей-ақ сорладым-ау!.. Мен айтсам, бұлар түсінбейді, бұлардың жұмысына мен түсінбеймін. Ғажап!..


Ойланып шарбаққа сүйеніп тұрады. Шарбақты жағалап, Қазына келе жатады.


Қазына. Дүйсен! Неғып тұрсың жалғыз? Тағы ермей қалдың ба Жөкеме?


Дүйсен. Олай деме, Қазына, мені Жәкеңнен айыра алмайсың. Менің, айтайық, мұным да, тілегім де, туысым да бір Жәкеңмен... мен, айтайық....


Қазына. Ендеше неге бой баққан адам құсап селтиіп тұрсың? Неге жүрмейсің Жәкеммен тізе қосып?


Дүйсен. Себебі бар, Қазына.


Қазына. Қандай себеп?


Дүйсен. Сен түсінбейсің оған.


Қазына. Әбден өзің түсініп тұрған шығарсын.


Дүйсен. Қазына! Тым болмаса сен ұғынсайшы менің жүрегімді! Саған деген жүрек... Сеземісің. Мен жалғызбын. Мен адасқан қаздаймын. Айтсам деп ем саған бір ашып...


Қазына (кепке). Не көңірсітіп тұр осы?.. (Күлімсірей түсіп, Дүйсенге.) Сеземін ғой байғұс... (Дүйсен елеңдей бастайды.) Әйел басыммен саған ақыл айтуым ұят, әйткенмен достық сөзім: сен бұлтақты қойып, Жәкеңе жәрдемдес. Істеймісің осыны?


Дүйсен. Қалайша? Мен осы күнге шейін болыспаппын ба?


Қазына. Оның жеткіліксіз! Жәкең бастаған жұмысты сен аяқтайтын болып кіріс.


Дүйсен. Онда... (Ойланып.) Қалай болғаны?


Қазына (күлімдеп). Жүрегіңнің біздік екеніне кім сенеді?


Дүйсен. Жүрекке тиме, Қазына, жүрек сендік!


Қазына (таңданып). Сенің жүрегің мендік?..


Асылбек (сахнаның бір жағынан келе жатып). Осылардың айтып тұрғаны қай жүрек? (Тоқтап, мұртын сипап.) Тым оңды-ау осы келін... Ақтан соғылған да тегін қызықпаған ғой бұған. Бірақ қасқыр екен. (Бұл кезде Дүйсен Қазынаға бір нәрсені айтып тұрады. Қазына күлімсіреп үндемейді. Асылбек жақындай түсіп, тамағын қырып.) Дүйсен шырағым, о келін ешқайда кетпес, мойныңды бұр, сөзім бар...


Дүйсен мен Қазына селт етіп, бастарын көтеріседі. Дүйсен жалтақтап Асылбекке беттейді.


Қазына (ашуланып). Тоқта! Аяқтамаймысың, сөзіңді? Не деп ең жана?


Дүйсен. Түсінбегеніңбе, Қазына-ау?.. (Қазына теріс айналып жүріп кетеді.)


Асылбек (сылқ-сылқ күліп). Бұ келін әмеңгерің-ау әлі сенің... Құлағын бұрай бергенің жөн. Мына сайлауды өткізіп қол босаса, ыңғайға алармыз, ешқайда кетпес бұ келін. Ал, бала, мана айтып па ем? Сыбағанды толық әкелдім, енді толқуды қой. Ұста мынаны! (Қойнынан бір буда ақша шығарып, Дүйсенге ұсынады.)


Дүйсен (шошынып). Мұныңыз не? Атай көрмеңіз, мен параның адамы емеспін...


Асылбек. Оқа жоқ, бастапқы кезде бәріміз де солай дейтінбіз... қалтаңа сал, «ақ жүректігіңе» тап осыдан келетін кір жоқ. (Дүйсен безеріп жоламайды.) Қап, балалығың-ай...жүрші, былай барып сөйлесейік.


Дүйсен Асылбекке еріп шарбақтың бір жағымен кете бергенде, шарбақтың екінші жағынан Мұқыш пен Мұстафа шыға келеді.


Мұстафа. Әне, Дүйсенді ертіп әкетіп барады Асылбек.


Мұқыш. Ойбай, айрылмайық. Дүйсен! (Дүйсен де, Асылбек те тұра қалады.) Бері кел, Дүйсен, жұмыс бар.


Асылбек. Қазір келеді, күте тұрыңдар. Кәне, жүр, Дүйсен! (Дүйсен тағы Асылбекке ере бергенде.)


Мұқыш. Дүйсен! Кеткенің шын болса, ақтық айрылысқанымыз осы болсын!


Асылбек. Айрылысқанда, өле қалар деп пе ең?


Бір бүйірден Жалбыр шыға келеді.


Жалбыр. О не?


Мұқыш. Ана Дүйсен інің Асылбекке еріп барады.


Жалбыр. Қой, ермес, мен тірі тұрып Асылбек пен Ақтанға адам беруші ме ем? Бері кел, Дүйсен! (Дүйсен Жалбырға беттейді.)


Асылбек (мысқылдай күліп). Ырзамын, Жәке, сорлыны есек қылып-ақ мінген екесің.


Жалбыр. Әй, кет енді! (Асылбек кетеді. Аздан кейін). Былай, жігіттер, әлгі қазақ өкілінің менімен сөйлеспегенін айтып па ем? (Күлімдеп.) Біздің бағымызға тағы бір орыс өкілі келіпті. Шын большевик пе дедім өзін: «Арызыңды бер, танысайын»,–деді; тегі осы қазақ өкілден мәртебесі жоғарылау ма деймін. Енді бұған арыз жазу керек. Арыз жазғанда Ақтан мен Алшынбайдың кім екенін, не істегенін түгін қалдырмай айтып беруіміз керек.. (Дүйсенге.) Осы арызды сен жазасың, бала!.. (Дүйсен төмен қарайды. Басқалар соған қадалады.) Неге тұнжырадың, жазбаймысың?


Дүйсен. Жәке, түсініңізші, мәселен айтайық...


Жалбыр. Сөзді қой, жазасың, жүр!


Мұқыш пен Мұстафа алдыңда, Дүйсен, Жалбыр артында сахнадан шығады. Аз тыныс... Шарбақты оралып Кереев келеді. Көзілдірік, жалаңбас, дудар шаш, ақ жаға, желең жабылған. Сахнада ыңылдаумен келеді.


Кереев (ыңылдап). Тоқта, бұлай емес ...(Ойланып, қайта бір әнді салып көреді.) Шорт возьми, жаңылып қалғаным. Ән жалкі емес, осы әнді салған қыз жалкі... Шіркіннің күлкісі-ай!.. (Шапанын төсеп отырып жатып.) Есіл Сарыарқам, қымыз да сенде, қыз да сенде (Дауыстар.) Ақа! Уа Ака!..


Дауыс. Әй... қазір...


Ақтан келіп, Кереевтің жанына отырады.


Кереев. Ақа-ау, әлгі бір жаман шалдарың менің жолдасыңды нықтап алыпты.


Ақтан. Жалбыр дейтін бұзығымыз сол.


Кереев. Өзін жаңа боқтап жібере жаздадым.


Ақтан. Боқтауыңыз керек еді. Есіңізде бар ма? Бұл әлгі ана жылғы сіздер ұстап әкететін Есіркеп деген баланың жақын ағасы еді ғой.


Кереев. Қой-ау, солай ма еді?


Ақтан. Ау, енді сұрайыншы: сол Есіркеп қайда? Өлі ме, тірі ме?


Кереев. Ол ма, ол... (Аз ойланып отырады.) Осы ауылдан шығатын күні... (Кенет күлімдеп.) Әлгі сіздің сілтеуіңізбен бір келіншекті ала кетіп ем ғой.


Ақтан. Сол келіншегіңіз де осы ауылда жүр.


Кереев (шошынып). Как! Қалайша жүреді? Мен оны аттырып кетіп ем ғой?


Ақтан. Атылмаған болар.


Кереев. Атылмаған? Атылмаған... да... да.,, сол әйелдің скандалында бір жігіт қылышпен шабылған сияқты еді.


Ақтан. Таңсық дейтін батырақ еді ғой. Ол қазір де больницте білем. Бір қолынан айрылған дейді, ауру.


Кереев (ойланып). Қатын атылмаған... Ымм... сволочь, со жолғы отрядымыздың ызасы... сізге Есіркеп туралы айтпақшы ем-ау: алдымыздан да, артымыздан да жау қамап, қыспаққа қысылған соң алдымен соларды жайластырмақшы болдық. Біздің Жантаев тым қызу еді: «Атыңдар мыналарды!» – деп отрядқа бұйрықты беріп қалды. Қараймын: бұйрыққа селт еткен бір жігіт жоқ, Жантаев қызуланып, Есіркептерді өз қолынан атпақ боп наганын суырып алмасын ба... Сол – сол-ақ екен, он шақты жігіт Жантаевқа винтовкесін төсеп тұра қалғаны. Зәремнің ұшқаны сондай, жігіттерге сыр бермеген боп Жантаевтың наганын жұлып алдым. Сол түні сенімді деген 4–5 жігітті ертіп, Жантаев екеуіміз қашып бердік.


Ақтан. Ойпырм-ау, сондай масқарасы бар ма еді?


Кереев (күлімсіреп). Бірақ одан зиян көрмедік: ертеңіне ақтан қашқан адам болып қызылдың отрядына қосылдық та кеттік. (Ойланып.) Ымм... сол келіншек тірі еді десеңізші... Қарыспа мінезді, өткір кісі көрініп еді кәпір... (Тыстан дауыс.)


Дауыс. Ақтан! Жұрт жиналып күтіп отыр.


Ақтан (елеңдеп). Қане, барамыз ба? Ау, төре, біздің жұмысымыз не болады? Біз әйтеуір сізге арқа сүйеп отырмыз...


Кереев (тұрып). Мен тұрғанда неден сасасың, сені болыс сайлайтыным анық.


Бұлар шарбақтың бір жағымен кете бергенде, шарбақтың екінші жағынан Қазына мен Жалбыр келе қалады.


Жалбыр (сөйлеп келеді). Шырағым, әйтеуір, қалдырмай аш.(Қазына Кереевке қадала қарап, состиып тұрып қалады. Қазынаға қадала қарап Кереев те тұрып қалады.)


Қазына. Сұмдық-ай, сол ғой!


Кереев. Апырм-ау, сол қатын ғой!.. Тап өзі...


Жалбыр. О не, шырағым?.. (Ақтан Кереевпен сыбырласып екеуі кетеді.) Ақтанды айтамысың? Ол жауыздың жолы болып жүр, мына бір көзілдірікке арқа сүйеп... мойыма, қарағым. Орыс өкілге Ақтанның кім екенін айтып берсек...


Қазына. Өзіңіз барыңыз, мен қайтам. Жалбыр. Ойбай, қарағым-ау, Ақтаннан қаймыққаның ба? Қазына. Болмайды!.. Болмайды!.. Бізді сүйейтін ешкім жоқ. (Жылап жібереді.)


Жалбыр (сасқалақтап). Қой, шырағым, жылама... Апырм-ай, енді... Е, өзіде шықты!.. Әй, товарищ, жолдас шырағым, бері келші, мына келіннің сізге бармаймын деп тұрғаны.


Степанов (сахнаға шыға кеп, анадайдан). Онысы қалай? Менен неге қорқады?


Қазына селт етіп басын көтеріп, аңырып тұрып қалады.


Қазына (ұмтыла түсіп). Сіз... сіз....


Степанов. Иә, мен партия орнынан келген өкілмін,фамилиям Степанов.


Қазына (елеуреп, жыламсырсап). Сіз... Степанов? Степанов (өзіне). Бұ кісіні қайдан көрдім?


Қазына. Ұмыттыңыз ба? Жаудың оғынан мені құтқарған сіз емес пе едіңіз? (Жылап жібереді.)


Степанов. Ойпырм-ау, ие... Қазына!


Жалбыр (сасқалақтап). Өй, ей... шырағым-ау, мені қара басыпты ғой, сізді танымай... (Бара құшақтайды. Танысу.)


Степанов. Ғажап. Сіздерді маған елді деп еді.


Жалбыр. Ақтан ба?


Степанов. Жоқ, Кереев.


Қазына. Ол жауыздың кім екенін білмейтін бе ең?


Степанов. Ол кім еді?


Қазына. Ол ақтың офицері. Біздің түбімізге жеткен сол еді ғой.


Степанов (басын ұстап). Подожди... Подожди... Как так?..


Жалбыр (аузын ашып). Ә... бәсе!.. (Аздан кейін.) Қарағым, Есіркептің дерегін білдін бе? (Қазына елең етеді. Жалбыр екеуі Степановқа телміреді.)


Степанов (аздан кейін). Біле алмадым...


Шымылдық.


ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ


Бір бөлме, екі есік, шкаф, үстел, орындықтар. Шкаф жанында писарь: ақсақалды, көзілдірікті орыс шалы. Терп үстелде Ақтан – шала орысша киім, тақияшаң. Ақтанның жанында Молда.


Молда (жымыңдап). Аллаһу тағала қазіретлерінің жәрдемінің арқасында дін мәселесін, еншалла, қал қылсақ керек.


Ақтан. Соныңызға тілектеспіз. (Писаръге барып, құлағына айқайлап.) Трафим Павлич! Трафим Павлович!.. (Писарь аңырайып қарайды.) Вот молданыкі мандат писать. Молданыкі анау мешітке садақа жинайды, молданыкі анау мешіт тозған, түзетерге надо. Вот соған мандат писать қылсаң, менікі подписать қылады, түсінген?


Писарь. Хорошо, хорошо...


Ақтан (отырып). Еріннің ымқыруынан түсіне қалатын алаяқ қой, сұңқылдатып жазып жатқанын көрдіңіз бе?


Молда. Бұл жарықтығымның несін айтасың, діні кәпір демесең, шын әулие ғой.


Ақтан. Олжаңыздан ескерерсіз молдеке, ә?


Молда. Халықтан ғана бір жиналсыншы, сосын... (Писарь жазған қағазын ұсынады, Ақтан қол қойып, мөр басады.)


Ақтан (қағазды молдаға беріп). Олжалы қайтуыңызға тілектеспін!


Молда. Әмин!..


Молда кетеді. Ақтан шалқайып, ойланып бірсыпыра отырады.


Ақтан. Да... Зымырап бара жатқан уақыт. Болыс болғаныма бүгін аттай отыз күн... «бір күн отыра алмайды» деп өсектеп еді жұрт. «Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын» деген осы да. (Үстелге сүйеніп күлімдеп, аздан кейін ойланады.) Жалбыр иттен дерек жоқ, «күбірнеден орындата алмасам, центрге шейін барамыз» деп айтты деп еді... Апырм-ай, сол иттің өзі... (Көрші бөлмеге құлағын салып тыңдап.) Қазына келіннің дауысы ғой? (Ақырын барып есікті ашып.) Келін шырағым, бері келіп кетші! (Орнына отырып дұрысталады, Қазына көрші бөлмеден шығып, босағада тұрады.)


Ақтан. Отырыңыз үстелге.


Қазына. Жәй шақырдыңыз ба?


Ақтан. Апырм-ай, отырыңызшы, келін! Сізді көргенде сасып қалам.


Қазына. Қылмысыңыз бар шығар.


Ақтан. Түу, келін-ай... сөйлессек түсініспейтін не бар?


Қазына. Түсінісетініңді содан білейін, мынаны айтыңызшы.


Ақтан (елеуреп). Ие, ие...Ал?


Қазына. «Топалаң кезінде тойдың» кебін келтіріп, аштан қырылып жатқан кедейді арестпен топырлатуыңа жол болсын?


Ақтан. Келінжан... «Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас» дегендей, бәлкім қатам да бар шығар. Бірақ мен кедей тобының адамымын. Сөйлессек, бәрі де ашылады...


Қазына (көпке). Не бетіммен сөйлесіп тұрмын осымен? Қой ойбай, өсекке танылып жүрермін. (Бұрылып кете бастайды.)


Ақтан. Келін, келін!.. Келін!.. (Аңырып аз отырып.) Уа, тоба!.. Зорлап та көндіре алмаймын, жалынып та көндіре алмаймын, неткен әйел бұл!.. (Ойлап күлімдеп.) Бір реті болар... Өзім болыстығымда бекіп алайыншы... Жүре тұрсын. (Көтеріңкі.) Құтқармаспын! Құтылмас менен! (Қағазын ақтарып отырып.) Басқаға ойыншық болсам да, әйелге ойыншық болмаспын! Әсіресе осы келінге ойыншық болмаспын. Жетерлік болды өзі.


Тыстан Зиба кіреді.


Зиба. Болыс-ау, кеңсеңе күніне бір келмесем тұра алмайтын болдым.


Ақтан (жылы шырай бермей). Досекеңнің үйінен ішік келмекші еді, алдың ба?


Зиба. Тәйірі, құр дақбырт екен ғой: жанат ішік дегенге пұл жетпейтін асыл екен десем.


Ақтан. Жұманнан келген кілем ше?


Зиба. Оның тұрарлық.


Ақтан. Байсейіттен алған ат ше?


Зиба. Мен мал танимын ба, бай мақтап отырды.


Ақтан (күлімдеп). Бай риза болсыншы.


Зиба. Менің де ризалығымды керексінбейсің-ау? Ажары тәуір келіншектерді милициямен қудырып алатын өнер тауыпсың... (Күрсінеді.)


Ақтан. Үстерінен арыз түскен соң...


Зиба (кекете). Қазына келініңмен жиі ұшырасасың білем?


Ақтан. Оның қата, Зиба, жұмыс бабында...


Зиба. Әбден, «жұмыс бабында» болмай... (Күрсініп.) Қайтейін, кезінде жеңгелік міндетімді өтеген сияқты едім, бұл кездерге келгенде...


Тыстан Асылбек кіреді. Ақтан сонымен сөйлеседі.


Зиба (біраздан кейін күрсініп). Мына қайныңа ас астырайын, еріп келе ғой, болыс. (Кетеді.)


Асылбек (иегін көтеріп.) Жеңгей неге ашулы?


Ақтан. Әй, пәле болды өзі, тісті бақадай жабысып.


Асылбек (күліп.) Тағы Қазына келінге ауытқып жүрсің бе? Үйір қыламын деп басыңа секіртіп алып жүрме.


Ақтан. Сенімен ақылдасайыншы: мен ғой советтің болысымын. Баяғыдай ысқырынуды көтермейді... солардың өзін ішке тартсам деп ем.


Асылбек. Қара тобырды ма? Әй, білмеймін-ау. (Аз ойланып.) Әлде... Жалбыр жағынан жамандық хабар естіле ме?


Ақтан. Әзір тыныш. Кереев уезде өз сөзін мақұлдатып шығарыпты... Содан кейін Жалбыр күбірнеге кетіпті...


Асылбек. «Күбірнеге кетіпті» дейсің бе?


Ақтан (күлімдеп). Бірақ, онда Жантаевымыз отыр ғой, қалай алдырар екен жауға?!


Асылбек. Әй, қой деген тілді боса да алмассың; Қазына келінді аламын дейтін болсаң, ретің енді келді. Оның үшін мынаны істеу керек... (Ақтан оған телміреді.) Дүйсен мұғалімді бар ғой... Соның көзін жоғалт.


Ақтан. Қайтіп?


Асылбек. Басқа бір мектепке жібер. Сосын Мұқыш пен Мұстафаны қолға ал. Мұстафаның басын жұту оңай: ол бір кездегі әйгілі ұры емес пе. Керек болса Мұстафаның үстінен мың түрлі материал жиып берейін. Жаны ышқынса қолтығыңа кіреді. Сүйтіп, тобын бұзып, біріне-бірін ұрыстырмасаң...


Ақтан (күлімдеп). Теріс емес-ау, ә?


Тыстан екі қайыршы кіреді. 


Ақтан (жекіріп). Не керек?


Қайыршы. Болыс шырағым, жәрдем...


Ақтан. Бар, бар... шығындар. Шық деймін енді. Жәрдем, беретін үй бұл емес. (Қайыршылар кетеді.) Толып кеткен қайыршы, күніне жүзі келетін шығар.


Асылбек. Әй, менің жұмысым бар. (Күлімдеп.) Рақмет деген соғылғаның елдің қыз-қатының қояр емес. Біздің елдің бір келінін сатып жіберіпті.


Ақтан. Сатылса ақшасы тимей ме саған? (Күліп.) Рақметтің алатыны үстіндегі проценті ғана ғой.


Асылбек. Ақшасы да теріс емес. Әйткенмен ұят бола ма деймін.


Тыстан Боқтыбай кіреді. Ақтан бәйек боп, орындық беріп отырғызады.


Боқтыбай. Құтты болсын көнсең (Жағалай қарап писарьды көріп.) Ау, мынау Федекин бе? (Бөркін қолына алып, писарьдың жанына барып, иіліп қолын ұсынады.) Здрастый, Тырапым Палыш!


Писарь. О... Боқтыбайке, Боқтыбайке... Здрасты, здрасты... Как живем?


Боқтыбай. Құдайға шүкір, құдайға шүкір. (Екеуі біраз даурыққаннан кейін орнына отырып.) Апырм-ау, бұл тірі екен ғой? Ой, сабазым-ой. Опыр-ау, осының жасы сексеннен асқан болар, ә?


Ақтан. Сексен төртте.


Боқтыбай. Болар, болар... баяғы Алшекең болыс болатынында писір болған кісі еді-ау, онда біз жас едік.


Алшынбай кіреді.


Алшынбай. Е, келдің бе, шал?


Боқтыбай. Құдай кел деген соң келдім. Ақтанның болыстығын көріп, қуанып қайтайын дедім.


Асылбек. Боқа! Әдейі қарап сайласаңыз да, осының адамшылығы кем бе деймін. Баяғының болысындай ысқырынып тұрмайды.


Боқтыбай. Асықпа, қарағым, бәрі де болар.


Винтовка сүйретіп Елекбай кіреді.


Елекбай. Болыс-ay, әлгі бір мелетсең мына бір немесін маған ұстатып: «ырыстауыңдарды күзете тұр», – деп кетіп еді. Әлі тұрмын, әлі тұрмын...


Ақтан. Тұрсаң, ақы сұраймысың?


Елекбай. Ақыңда өзіңе, мә, мылтықтарың да өзіңе, мен малымды қараймын. (Кете бергенде.)


Ақтан. Елекбай! Ұста мылтықты! Күзетесің! Елекбай. Аулақ! Ата-бабам мылтық ұстамай-ақ өткен.


Ақтан. Осыдан қамаудағылардың біреуі қашсын!


Елекбай (есікте тұрып). Атасының басына қаша ма: алдының қамалғанына он күннен асты, көбі аштан бұралып жатыр.


Есікті қатты жауып кетеді, отырғандар біріне-бірі қарайды.


Алшынбай. Бұл мінезді қайдан шығарып жүр бұл?


Ақтан. Шорт білген бе...


Асылбек. Осыларды іске тартамын дейсің-ау? Боқтыбай. Қараудағылар кімдер?


Алшынбай. Тәйірі... ұры-қары бұзықтар ғой.


Ұрқия кіріп, есікте тұрады.


Ақтан. Кел, кел, жеңгей, жұмысың бар ма еді?


Ұрқия (Ақтанға сыбырлап). Таңсық келіпті. Ақтан (шошынып). Ә?..


Ұрқия. Түнде жиылыстары болыпты.


Ақтан. Ал...


Ұрқия. Бүгін тағы жиналмақ.


Ақтан. Ал...


Алшынбай (елеңдеп). Жәй ма сыбырларың? Айтсаңдаршы ашып.


Ақтан (аздан кейін көңілсіз). Таңсық келіпті.


Алшынбай (шошынып). Таңсық?


Боқтыбай. Кім дейді?


Асылбек. Қолы шабылса да өлмегені! Не деген берік жан еді?


Ақтан. Жалбыр жалғызсырап жүр еді, мұраты берер еді-ау енді.


Асылбек. Кит етсе шолақ қолын алға тартады да тұрады-ау...


Алшынбай. Білесі4дер ме? (Отырғандар Алшынбайға телміріседі.) Әлгі Елекбай не үшін еліріп жүр? Менің есігімде жүрген батырақтың тіл қайырғанын көріп пе едіңдер өмірге? (Аз тыныс, Алшынбай күрсініп.) Жақсы ырым емес. (Басын шайқап отырады.)


Ақтан (Ұрқияға). Жиылыстарында не туралы айтқандарын сездің бе?


Ұрқия. Сездім: Таңсық айтты: «ұйым ашайық, – деді, – партия болайық», – деді.


Ақтан. Партия... Қандай партия?


Ұрқия. Коммунист партиясы.


Алшынбай.Өй, аузыңнан қағын! (Ұрқия сасып қалады.)


Боқтыбай. Мұндар... жақсы сөз бұйырмады ма?


Ақтан. Қайтсін, есіткенін айтады.


Писарь. Ақтан Әлмағанбетіш... Мә, ал, қазақша жазу... менікі білмейт...


Ақтан алып, қағазға үңіледі.


Боқтыбай. Рас, қазақша білмейді. Бай-байдың дініне берігі-ай: бала күнінен қазақ ішінде жүрсе де, бір ауыз қазақ тілін білместен келеді-ау!


Асылбек. Трафим Павловичты айтасың ба?


Алшынбай. Өр мінезді кісі... Кеп жолдас болдым ғой.


Ақтан, қағазды оқыған сайын үрейленіп, шегіншектеп барып есікке соғады, былайғылар аңырысып қалады.


Асылбек. Ау, ау...


Алшынбай. Не сұмдық?


Ақтан (үстелге әлсірей сүйеніп). Есіркеп...


Алшынбай, Боқтыбай (шошынып орындарынан тұрысады.) Есіркеп тірі ме?


Асылбек. Ол қайда?


Ақтан (сөзін бөліп). Петрімпордамын депті. Оқудамын депті. (Ақтан сөзін бөліп отырады. Басқалар телміріп соған қараумен тұрады. Аздан кейін Ақтан.) Жазға қарай... келем депті


Соңғы сөз айтылғанда бәрі де мықшиып орындарына отырысады. Аз тыныс... Рақмет кіреді. Жүзі жайдары. Үй ішіне жағалай қарағанмен, не болғанын түсіне алмайды.


Рақмет (Ақтанға төніп, құлағына сыбырлап.) Болысеке, сегізінші ауылдан он шақты кедейді топырлатып қуып келдім. Бәрінің үстінде де пүртекелі бар... Ермағамбеттің келінін де ала келдім. Ой, өзіде сұлу екен! Мынау деген сұлуың!.. Қайда қамар екеміз? Байдың сарайына сыяр емес.


Ақтан (ақырып). Қысқарт! Күйген үстіне күйдірме...


Рақмет шошып шегінгенде Ұрқияға қақтығады.


Асылбек (кекете). Рақандікі сауданың жәйі шығар!


Алшынбай. «Тышқанға – өлім, мысыққа ойын» деген ғой.


Рақмет (сасып, Ұрқияға). Айтшы, Ұрқия, не сұмдық болды?


Ұрқия мен Рақмет сыбырласады. Көрші бөлмеде көп адам қосылып «Интернационал» күйін жырлайды. Алшынбайлар түтігіп тынышсызданып тыңдайды.


Алшынбай (Ақтанға). Алып жүр ана шалды, оңашаға шығарып, осыған түсіндіріп көрейік. (Күрсініп.) Көпті көрген көне еді, ем болғандай бірдеме таппас па екен. (Күрсініп.) «Ылақ құрлы бақырмай, өлгенім не апырм-ай» деп Ахмет айтқандай, тұңғиыққа тірелетін еш нәрсе жоқ, мұнан қиынын да көргеміз.


Боқтыбай (Алшынбайға). Дұп-дұрыс-ау, дұп-дұрыс... ел сырын білетін көкжалымсың ғой.


Алшынбай (мырс етіп күліп). Қан жауғыр «көкжалың» не? Бұрын қасиетті сөз болғанмен, бұл күнде құбыжыққа айналған... мақтаймын деп боқтап алып жүрерсің.


Ақтан (писарьге келіп). Трафим Павлович! Домой пойдем, шәй пить, мақан ашайт... немножке калакайд...


Писарь. Хорошо, хорошо...


Писарь қозғалғанда, Асылбек пен Ақтан екі қолтығына жабысады. Есікке алып жүреді.


Боқтыбай. Жүріп бақ, сабазым, жүріп бақ!.. Сен кәдеге жарайтын болсаң...


Бұлар шыға бергенде шымылдық жабылып, аздан кейін қайта ашылады. Сахна бос. Көрші бөлмеде дабыр дауыс. Аздан кейін қолыңда ұстап, ыңылдап өлең айтып Қазына шығып, есік жанындағы үстелге отырады.


Дүйсен (көрші бөлмеден дауыстап). Қазына!.. Қазына деймін!..


Дүйсен шығады.


Қазына. Жәй ма?


Дүйсен. Сөйлесейін деп ем.


Қазына (күліп). Жүрегіңнің жәйін ұғындырайын деп пе ең? Бірақ өзін айтпақшы, ондай нәзік нәрсені түсіне аламыз ба біз?


Дүйсен (күлімдеп). Құрсыншы жүрек, қайтесің. Қалай ойлайсың, Қазына, мәселен айтайық, мен өмірде адаса беруге тиістімін бе?


Қазына. Өзіңше қалай?


Дүйсен. Адаса беруге тиісті емеспін. Айтайық мәселен, кешегі бір кездерді... айтайық мәселен, мен онда түсіне алмадым... (Қазына күлімдейді, Дүйсен өжеленіп.) Жоқ, шыным, түсіне алмадым.


Қазына. «Түсінбейсің» деп бізді айыптамайтын ба ең?


Дүйсен. Оның қате. Айтайық мәселен, мен қазақты тегіс алдым. «Қазақ баласы бір ауызды болса ғана, тілегіне жетеді» деп түсіндім.


Қазына. Енді ше?


Дүйсен. Енді өзгердім. Одан бері қап кітаптар оқыдым. Көп нәрсемен таныстым. Қазір мен өзімді жана адам деп санаймын. Осынымды Таңсыққа ұғындырғым келеді... ол менен бекер үркеді. Айтайық мәселен, «Кеңес үкіметінің мақсұтын бірден ұғына қалмадың» деп айыптауға бола ма? Айтайық мәселен, мына баста не жоқ: діннің уы да орнаған бас, ұлтшылдыққа да ұя болған бас, қазақшылық екі бастан кернеген. Менің жайымды сен ғана ұғына аласың.


Қазына. Оны қайдан білдің?


Дүйсен. Жоқ, ұғынасың. Білем... мен дегендегі сенін жүрегің...


Қазына. Тыс-тыс...


Көрші бөлмеден Мұқыш шығады.


Мұқыш. Дүйсен, бері кел. (Өзі екінші үстелге отырып.) Отыр, ұста мына қағазды. Жаз. (Мұқыш айтып отырады. Дүйсен жазады.) «Коммунист партиясының ұйымына Мұқыш Түйебайұлынан сәлем! Бағдың да айтатыным: тоғыз жыл батырақ болдым. Байдың таяғынан басым тілім-тілім жара...» (Бөркін алып басын сипайды.) «Он алтыншы жылғы көтерілісте Жалбыр дейтін шалдың соңына ердім. Мұқамеджан дейтін болыстың аяғына шылбыр байлап үйден сүйреп шығатын Мұқыш Түйебаев мен боламын!..» (Көрші бөлмеден Мұстафа шыға келеді.)


Мұстафа. О не, әй? Е, сен Мұқамеджан болысты сүйреп алып шыққанда, мен сенің атынды ұстап тұрмап па ем? Айтып жаздыр осыны да... Қайда баратын қағаз өзі?


Мұқыш (ойланып). Мұқамеджан болысты өлтіруде айыпталып, Жалбырмен бірге сегіз ай түрмеде жаттым.


Мұстафа (көпке қарап). Рас, патша тағынан құлаған күні босанып шықты.


Мұқыш. «...Оның үшін өтінем, мені коммунист партиясының ұйымына алсаңыз екен!»


Мұстафа. Мен ше? (Көпке қарап.) Мен қалмақпын ба далада? Осылар өлген жерде өлем деп жүргем жоқ па?.. Әй, Дүйсен, мен де айтамын мұңымды, жаз! (Мұстафа айтып, жаздырып жатады.)


Қазына (күрсініп.) Менің сәулем тірі болса, партияға алдымен арыз беретін сол болар еді-ау. Әттең дүние!.. (Мұңайып ән салады.)


Көп-ай, көп күн жолыңды тостым, сәулем!
Мұң-зарымды мұңды әнге қостым, сәулем.
Хабарына осынша ынтық қылып,
Қандай орта шықпастай түстін, сәулем!


Өлеңнің соңғы жолын жылап айтады. Кітабын ақтарады.


Мұстафа. Жаман жұмысымды да жасырмайын. Сүйтейін бе, Мұқыш?


Мұқыш. Жасырма.


Мұстафа (ойланып). Он алтыншы жылдың алдында бір жылдай ұрлық қылдым. Не үшін деңіз?.. (Бұл айта береді.)


Қазына (тағы әндетіп).


Кеткенің бе білдірмей дерегіңді,
Мәңгі-бақи қарайтып желегімді
Байға аттаныс салғалы бас қосқанда,
Нақ бүгін артық сездім керегіңді


(Ауыр күрсінеді.)


Мұқыш. Қарағым Қазына, жаңа тілектің үстінде тұрмыз, мойымашы үйтіп.


Қазына. Қайтейін-ау. Ойласам ішім өртеніп кеткендей болады. (Жыламсырап.) Таңсықты көргеннен бері ескі жара қайта ашылып...


Мұқыш. Кімге батпай жүр дейсің. Апырм-ай, бір дерегінің болмай кеткені.


Қазына. Қайдан болсын... өлді ғой. (Жылайды.)


Дүйсен (Мұстафаға өжеленіп). Жоқ, қата... айтайық мәселен, мен онда жеке басымның қамын ойлағам жоқ, бәріңнің қамыңды көздеп ем.


Мұстафа. Уақау дерсің, енді солай демей... (Бүл екеуі сөйлесе береді.)


Қазына. Шырт ұйқыда жатыр екем. Түсімде... Апырм-ай, өңімдегі секілді-ау, жайраңдап жетіп келді.


Мұстафа. Есіркеп пе?


Қазына. Иә... «Мұңайма, Қазына, мен жаныңдамын. Мен тіпті жақын жердемін, кел деп шақырсаң, жетіп келемін...» Осы сөзі бар ғой – құлағымда шыңылдап тұрған секілді. Түс деп ойларлық емес.


Таңсық келеді. Бір қолы шолақ. Басыңда ескі фуражке.


Таңсық. Түсті «түс» демей, не демексің?


Қазына. Таңсық-ау, түсті де қимайсың ба маған?


Таңсық. Қимаймын. Түске нанба!.. (Дүйсенге.) Немене, Мұстафаны азғырып жатырсың ба?


Дүйсен (ұшып тұрып). Жолдас Таңсық!


Таңсық (сырт айналып). Жолдас болған жерің жоқ. Қашан жолдас болып ең?


Дүйсен (апалақтап). Айтайық мәселен...


Таңсық. «Мәселенің» құрысын! (Қазынаға.) Күбірнедегі партия мектебіне бір адам жіберуіміз керек. Кімді жіберер екенбіз?


Қазына. Оған ба? Мені жібер.


Мұқыш. Дұрыс, келін барсын!


Таңсық. Мақұл. Сен бар. (Күліп.) Оқысаң, түске нануыңды қояр ма екенсің...


Мұқыш (Таңсыққа арызын беріп). Партияға арызым...


Таңсық. Солай ма? Жақсы.


Мұстафа (о да қағазын беріп). Менен де арыз.


Таңсық. Е сен де ме?.. (Қуанып.) Міне, біздің жігіттер осылай келеді! Больнисте алғашқы кезде Василий деген жігітпен бірге жаттым. Кереуетіміз қатар болды. Мәскеудің зауытында істейтін жұмысшы екен. Өзі оқымысты, хат таниды. Үш айдың ішінде маған хат танытып шығарды ғой.


Мұстафа. Сабаз екен, ә!


Дүйсен (Таңсыққа қағаз ұсынады). Жолдас Таңсық!


Таңсық. Бұ не?


Дүйсен. Арыз.


Таңсық. Партияға ма?.. Е... Тоқта, шырақ, болмайды олай. Кім екеніңді байқаймыз әлі...


Қазына. Қойшы? ген Дүйсен партияға төн емес-ті. Одан өзгерген болса, ісінен көрерміз. Мұқыш, бері Дүйсенді білмейтін бе ең?


Таңсық. Біл келші.


Мұқыш, Мұстафа, Таңсық үшеуі шеткі үстелде отырып сөйлеседі.


Дүйсен (қапаланып, Қазына отырған үстелге сүйеніп). Қазына! Мен қаңғырып қалмақпын ба? Қосыла алмаймын ба үйірлеріңе.


Қазына. Қайғырма, қосыласың, қосамыз!.. (Дүйсеннің қолын сыртынан ұстап, қысып, орнынан тұрып, терезеден қарайды.)


Дүйсен (елеуреп, Қазынаға төніп). Қазына? Шын ұқтың ба жүрегімді?


Қазына (жалт қарап). Ұққанда қайт дейсің? Не айтпақсың?.. (Қадала қарайды. Дүйсен төмен қарайды. Қазына жүзін жылытып күлімдей түсіп, Дүйсеннің иығына қолын салып, күрсінеді.) Тентек болма. Ұят болады. Жарамайды...


Таңсық (Қазыналарға ұнатпай қарап). Қазына, бері келші... (Қазына Таңсықтың жанына келгенде, Мұстафамен Мұқыш Дүйсенге барып сөйлеседі. Таңсық Қазынаға бір сыпыра қадала қарап.) Жаңағың не?


Қазына. Әншейін...


Таңсық. Есіркепті есіңнен шығармақпысың?


Қазына. Е, «елеске, түске нанба» деген өзің емессің бе?.. Не істе дейсің, айтшы!


Таңсық (кенет мұңайып). Рас... Түске нан ба... (Аз тыныс. Асығыс Елекбай кіреді.)


Елекбай (Таңсыққа келіп). Есіттің бе, бала. Алшынбайдың үйінде жасырын жиылыс болып жатыр... (Бәріде елеңдесіп Елекбайға қарайды. Елекбай жағалай қаранып.) Дүйсен шырағым, сені сегізінші ауылдың мектебіне жібермекші болды білем...


Дүйсен. Қалайша?.. Қалайша?..


Елекбай. Мұстафа, сені ұры деп қаралай ма, қалай...


Мұстафа. Қой әй... Неге шатасады олар? Несін ұрлаппын мен?


Елекбай (аз бөгеліп.) Келін туралы да кеңестері бар ма-ау.


Қазына. Не деп?.. Не деп?.. (Елекбай үндемейді. Қазына ызаланып.) Неге қоймайды бұлар? Неге қалмайды соңымнан?.. (Таңсықты иықтан тартып.) Таңсық! Естіп отырмысың? Әлде өзім барайын ба? Мені қаймығады екен деме, жібермеймін намысымды!


Таңсық (қатуланып, үй ішінде аз-кем жүріп). Жігіттер, не істейміз?


Мұстафа. Барамыз да, аламыз алқымнан!


Таңсық. Дұрыс емес.


Мұқыш. Ендеше...


Жалбыр кенет кіріп келеді.


Үйдегілер (шу етіп). Жәке!


Жалбыр. Е... Біздің жігіттер... Уау, Таңсықпысың? Ой, айналайын. ( Таңсықты құшақтап сүйеді. Кенет қолын көріп.) Таза айрылғанбысың?


Таңсық (күлімдеп). Кеңес үкіметі нығайған сайын менің қолым орнына түседі. Қане, жұмысыңызды айтыңызшы.


Жалбыр (жайраңдап). Степанов жолдас айтқанын істетті: сайлау бұзылды, бізде Ревком құрылатын болды!


Таңсық. Бастығы кім?


Жалбыр (жымыңдап). Жалбыр Жауқашаров деген жаман ағаң...


Мұқыш, Мұстафа, Дүйсендер даурығып, үнді басына көтереді.


Қазына (Жалбырға жақындап ынтығып). Ініңнен дерек есіттің бе?


Жалбыр. Есіркепжаннан ба? (Желкесін қасып аз тұрып.) Әй, дерек болмай тұр-ау... (Қазына мұңайып төмен қарайды.)


Шымылдық.


БЕСІНШІ ПЕРДЕ


Қала. Губерниялық оқу бөлімі кеңсесі. Жақсы бұйым. Төргі үстелде бастық – Жантаев, жанында телефон, есік алдындағы үстелде хатшы – Ержан, оның да телефоны бар. Шымылдық ашылған соң аздан кейін телефон шылдырлайды.


Жантаев (телефонды алып). Ә?.. Қатынбысың? Қанша алдым дейсің. Оның азырақ, тағы бірер бөтелке ал... Ә?.. «Базарға баруға ат керек» дейсің бе? Қой-ау, кеңсенің атын базарға жегіп... Ә?.. Е, басқалар жексе жөні бар шығар... Ә?.. Жарайды, жарайды. Ашуланба, жіберейін. (Телефонды тастап, хатшыға.) Ержан, жеңгеңе ат жібер, базарға барады білем. (Хатшы кетеді. Жантаев бір қағазға қарап үңіліп, күрсініп.) Осы телеграманың мәнісіне кешеден бері түсіне алмай-ақ қойдым: Ақтан мен Кереев екеуі бірден неге келеді? Тегін болса игі еді. (Ойланып.) Губкомға жаңа хатшы келгелі үрей де жоқ өзімде: мені біртүрлі жат санаған, шетке қаққан адам секілденеді де отырады. Маған қараған көзі-ақ (Ойланып.) Осы соған бір сөздің ретінде: «Мені .толық танымай жүрсіз», – деп ем, жұлып алғандай: «Әбден білем... көптен танимын», – деді-ау... қайдан біледі ол?


Хатшы кіреді.


Хатшы. Есік алды толған бала, «қарызымыз не болды екен?» дейді.


Жантаев. Ертең кел де, мазаламасын.


Хатшы. Өзім де «ертең келге» сілтедім.


Тыстан Кереев пен Ақтан кіреді. Жантаев жайраңдап оларды қарсы алады.


Жантаев. Ал, батырлар, сөйлеңдерші, жәй келдіңдер ме?


Кереев. Мына Ақтан болыс қаңбақ құсап қопаңдап декпірімді алғаны.


Жантаев. Саған хат жазып ем ғой, сол жақта орында істі, күбірнеге жіберме деп.


Кереев. Орындауға болды ма?


Жантаев. Болмағаны қалай?


Кереев. Көп кеңес бар. Кейін айтармын... әзірге Ақтан жәйін сөйлесейік. Ақтанның ісін дереу қолына алып бер, әйтпесе бүлінеміз.


Жантаев. Қалайша?


Кереев. Не «қалайшасын» сұрайсың? Өзіңе мәлім емес пе, Ақтанның ат арқасына мінгенінің арқасында ғана көп жұмыс бүркеліп, күңгірт қалып келеді. Енді Жалбыр Ревком болған соң, ішінен тынып отырған жұрт қойдай шулап, соның, соңына еруінде сөз жоқ.


Жантаев. Сосын?


Кереев. Сосын... Ақтарылды былық...


Жантаев (күлімдеген боп). Үрейің ұшып кетіпті ғой. Телеграмнан-ақ байқап ем.


Кереев. Байқасаң сол. Естіп пе ең: мен орнымнан алынғанмын!


Жантаев. Неге екенін сездіре ме маған.


Жантаев ойланып отырып қалады.


Ақтан. Әлшекең де сәлем айтты. Ол кісіде үрей жоқ. Жалбырдың екпіні сең соққандай. Баяғы қолы қылышпен шабылатын Таңсық дейтін жігіт қолын емдетем деп шетте қаңғып жүріп, елге коммунист болып келген, келгеннен бері дамылы жоқ: күнде жиылыс, үгіт, партияға лек-легімен кіріп жатқан кедей-батырақ...


Кереев. Сондықтан да мен орнымнан алындым.


Жантаев (аздан кейін). Шепуха... (Күлімдеп, Кереевке.) Саған ылғи айтам: осы қорқақтығыңды таста деп.


Кереев. Қалай қорықпассың: қара бұлт басыңа төнсе.


Жантаев. Төнген бұлт жоқ, үрейленбе, өткендегі жұмыс үшін кім жазаланады. Етегіне намаз оқыған ешкімді көргем жоқ. Әңгіме қазіргі жұмысында. (Күлімдеп.) Степанов маған қадалудай-ақ қадалып еді, түк бітіре алды ма?.. О да отыр партияда, мен де отырмын.


Кереев. Сөзінің төркіні тәуір екен, көңілім орнына түсейін деді, шылымыңды әкелші... (Шылым тартып отырып.) Ақа! Байқаймысың: қанша айтқанмен түбірне-ау, мынаның сөзінің қомақтысын көрдің бе?


Ақтан (жымыңдап). Ішім жыли бастады, так... әйтеуір, сендер cay болыңдар.


Кереев. Сонымен Ақанды тұғырына қайта қондыра аласың ба?


Жантаев. Әй, оны қойшы, шепуха... Губисполкомдағы Қамысбаевқа сыбырласаң, ертең-ақ жөндеп береді... (Күлімдеп). Айтпақшы, бүгін Қамысбаев біздікінде болады, таныстырайын өздеріңді!..


Кереев. Правильно!.. Сүйтші... (Телефон шылдырлайды.)


Жантаев (телефонды алып). Ә? Қамысбаевпысың? Иә... иә, мен... (Түсін өзгеріп.) Ә?.. Не дейсің, әй?.. Неге, неге?.. Тоқта, қайтып айтшы? (Тыңдап.) Ол қалай?.. Менің өзіме сездірмей неге алады орнымнан?.. Ә? Қой-ау... (Біраз тыңдап телефонды түсіреді, үйдегілер үрейлі.)


Кереев. Құдай ұрды ма?


Жантаев (аз отырып). Солай бопты... (Біраз тек отыру.)


Xатшы (күрсініп, көпке). Жантаев орнынан алынса, менің де сорымның қайнағаны ғой...


Кереев. Не дейді, материал түсті дей ме елден?


Жантаев. Ел не пашом. Әңгіме Губкомның жаңа хатшысында.


Кереев. Кім дейтін өзі? Қайдан келген адам?


Жантаев. Жұмысшы ма, батырақ па – шорт біле ме... фамилиясы Музейченко.


Ақтан (селт етіп). Музейченко дейсің бе?.. Аты Ефим емес пе?


Жантаев. Сіз оны қайдан білесіз?


Ақтан. Ол болмасын деңіз... Ол болса, біткеніміз!


Жантаев. Кереев. Қалайша? Қалайша?..


Ақтан. Ол болса ма? Баяғыда сіздер біздің ауылда Есіркеппен бірге бір орысты ұстап па едіңіздер?.. Соның аты Ефим, фамйлиясы Музейченко болатын.


Жантаев пен Кереев біріне-бірі қарады.


Кереев. Қой, ол болмас.


Жантаев (күрсініп). Taп сол болар. Мені партиядан шығарып, сотқа бермекші бопты ғой. (Иықтары түсіп аз-кем отырады. Жантаев басын көтеріп.) Кетейік, үйге барып сөйлесейік....


Үшеуі сүйретіліп кетеді. Аз тыныс. Хатшы үрейленеді.


Xатшы. Ал, Ержан, енді келген шығарсың сыныңа!.. Губком хатшысы шыны сол жолғы ұсталатын орыс болса, алдымен менің сыбағамды берер-ақ! Ойбай, не істеп ем мен оған!


Тыстан Қазына кіреді.


Қазына. Оқу бөлімі осы ма?


Хатшы. Осы.


Қазына. Бастық сіз боласыз ба?


Хатшы. Жоқ.


Қазына (аңырып). Қалай жолығар екем ол кісіге?!


Xатшы (қарамай). Керек болса, күт, келер...


Қазына диванға отырады.


Қазына (хатшыға қадала қарап). Бір көрген адамым сықылды-ау өзі... (Көпке қарап ойланады.)


Хатшы (Қазынаға қарап қойып, өзіне.) Ондысың қара өзінің... Жантаевтың бұрынғы жәйі болса, жанына алып отырып сөйлесер еді мұндайды.


(Қазына хатшыға қарай түсіп). Бір жерде көрген адамым... қайда көргенім есімде жоқ.


Қазына қолындағы газетін жағып, соған көміліп оқиды. Есіктен сыпайы киінген жас жігіт кіреді. Бұл Есіркеп. Қолында портфель. Есіктен кірген бойда хатшыға қадала қарап тұрады. Хатшы шошынып орнынан тұра бастайды.


Есіркеп. Оқу бөлімі осы ғой?


Xатшы (сасып). Иә... иә... осы... пожалуйста...


Есіркеп бастықтың үстеліне портфелін қойып, телефонды қолға алды.


Есіркеп (телефонмен). Губком... Ефим бе? Денің cay ма. (Қазына басын көтеріп алып қарайды, Есіркеп оған сырт беріп тұр) Ә?.. Иә.келдім. Істі енді алам. Жұмысымен танысам ғой, былығы болса көремін... Ә?.. Не дейсің? Дұрыс, Жантаев пен Кереевтің екеуін де қолға алу керек. Кеше айтып ем ғой! Ә?.. Елден хабар жоқ. Жәкемнің келіп кеткенін Степановтан естідім. Ревком болып бұрқылдатып жатыр білем. Ә?.. Қазынаны айтамысың? Ол бөтен біреуге ерге шыққан білем...


Қазына (ыршып ұшып тұрып). Сәулем!.. Өтірік!..


Есіркеп. Иә...Мен...


Екеуі құшақтасып, көріседі. Ержан хатшы тап осы кезде асып-сасып шыға қашады.


Шымылдық.





Пікір жазу