19.04.2021
  182


Автор: Бейімбет Майлин

Баянсыз бақ

Нұрлыбай көзі кіртиіп, қабағын тыржитып, үстеліне сүйеніп бірсыпыра салбырап тұрды да, барқытпен көмкерілген жұмсақ үстелге сылқ етіп отыра кетті.


Нұрлыбайдың жазу үстелі қай қызметкердікінен болса да артық. Қызметкер дегенің нақа бір шаруашылық орнында істеп, соның бір еңбек сіңіріп кетейін дегені болмаса, көбі жазу. Үстелін жөндеуді білмейді ғой. Қызметкерлерің былай тұрсын, күндіз-түні жаумен айналысатын жазушылардың көбі де ақсақ үстелден қол үзе алмай жүр. Далада өскен қазақ баласы, нақа бір кент әйеліне үйленгені болмаса қала тұрмысын бір жөндей қоя ма?


Нұрлыбайдың өзгешеден бір артықшылығы — осы жазу үстелін жөндегендігі. Жөндегенде — нағыз оңдысы, сырлап тастаған тартпалы үстел.


— Үстелің онды екен, — деп қызығушы болса:


— Осында бір таныс жігіт бар еді, соның істеп бергені... Керек болса, істетіп берейін, - деп жымыңдайды.


Сөйтіп, Нұрлыбай арқылы әлгі «шебер жігіт» басқада қызметкерлермен танысып, араласып кетеді. Шебер жігіттің түпкі тілегі де осы қызметкерлерге араласу болғандықтан, ол Нұрлыбайға істеп берген үстелінің басы толықтанды деп біледі.


Нұрлыбай сырлы үстелді ұстай да біледі. Үстелдің үсті тап таза болады. Бір жақ бұрышында — кесілмеген, ұсталмаған бірер кітап пен жазу аспабы тұрады. Оған таяу шылым сауыт, күл салғыш болады. Екінші жақ бұрышында арам өлген сиырдай болып тедірейіп портфелі жатады. Үстел тұрған үй қабырға" сында, бұл енді үстелге отырғанда, кісінің қарсы алдынан тұрады, кіреукеленген кішірек айна болады. Айнаның бір жағында бетіне әжім кіргеніне қарамай, қызша киініп, бір қолымен жағын сүйеп түскен бір әйелдің суреті тұрады; мұны енді сұрамай-ақ осы үйдің «хозәйкәсі» дейсің, екінші жағында — бір J қырын отырып түскен қолағаш мұрын, аққұба жігіттің суретін " көресің. Бұл енді, Нұрлыбайдың жастау кезінде түскен суреті болады.


Нұрлыбай жазу үстеліне отырғанда, үстелінің сыр-сипаты міне, осы айтылғандай еді. Әрине, енді бұл сияқты үстелдің басына отырған соң адамның көңілі өсіп, жазу өзінен өзі-ақ, бұрқырайды ғой деп ойлайсың. Бірақ неге екені белгісіз, қаламын ыңғайлап ұстаса да, қағазды бүктеп алдына қойса да, шамданшақ аттай кібіртіктеп, Нұрлыбайдың қолы бір жөнге жүрмейді. Жапырып тастайын деген адамша, ыңғайланып, қожырайып, осының кесірі тиіп отыр дегендей боп, көйлегінің жеңін ш білекке шейін түріп, мойнын бүгіп ұмтылса да, бір-екі жолдан артыққа бармай, тұрып қалады. Сосын күрсініп, қаламды тастай беріп, екі қолымен басын ұстап ойға шомады келіп...


Ой теңіз деген рас-ау, оймен адам не істемейді. Әсіресе осы ой Нұрлыбайдың миын-ақ жеп болды. Баяғыдан ойлап келеді, бір таусылсыншы.


Бірақ бүгінгі ой бұдан өзгеше еді, бүгінгі ойдың бәрі осы жазудың жабдығында жүр, қалай жазу керек, не жазу керек, й қайткенде сендіруге болады?.. Міне, қанша ойласа да, бір шешуі болмай отырған жұмбақ осы.


«Сонда осының не жазбақшы?» деген сұрау оқушылардың басында қылтыңдап тұр-ау. Мұны осы жерде айта кетейік. Нұрлыбайымыз судья еді, бүгін орнынан алыңды!


Енді қайту керек. Губсотқа арыз жазу керек, іздену керек, өзін сендіре, таныта білу керек!..


Ал, қаламды қолына алды... «Губернелік сотқа» деп басын жазып, «14-аудан халық соты Нұрлыбай Ақтамовтан» деп оған жалғап та қойды. Осыдан әрі не жазбай, бұдан әрі қысқа ғана болса да, өзінің кім екенін, қандай жұмыстарда болғанын, жұмыстардан алған отзывын, профсоюзға қашаннан бері мүше екендігін шолып өтіп, содан кейін мүдделі сөзіне екі-үш ауыз сөз жазса да болмай ма?.. Бірақ Нұрлыбайға бір қырсық кездесті. Арыз алатын жер жоғарғының бәрін ашып білгісі келді. Осыны істеп отырған басқа адам болса екен-ау, өзінің жақын көріп жүрген адамының бірі, талай бірге қонақта болып, ең арғысы Нұрлыбай арқылы үстелге де қолы жеткен кісі...


Нұрлыбай жауар бұлттай тұнжырап біраз отырды да, бірдемеге бел буғандай болып қаламды құшырланып ұстады. Қағазының басына жазылатын сөзді қайтадан ондап жазды да, енді керегіне кіре берем дегенде, тағы малтығып басын жоғары көтерді. Жоғары көтергенде көзіне айнадағы суреті түсе кетті. Екі жағы суалып, қатпарланып, көз алдары бұқаның мойнынша қыржиыпты. Бұл сияқты болам деп кім ойлаған. Бір кезде екі көзі мөлдір қара, беті шиқандай қызыл, үріп ауызға салғандай бала еді. Тоқалдан туып еді, баласыз бәйбіше мұны бауырына салып, желге, күнге тигізбей өсіріп еді. Бала болып, еркін ойнаған да емес, «ойбай, биті жұғады, қотыры жұғады» деп бәйбіше мұны жанның баласына қоспаушы еді. Тілі шықты да сабаққа жармасты. Қазақшадан аттап өтіп, орысшаңа шомды. Гимназияңды бітіріп шықты. Одан әрі оқимын дегенде шеше құрғыр кесе түсіп, қызығын көремін деп қатын алып бергізді.


Нұрлыбай отау иесі боп үйде отырып қалды...


Нұрлыбай өмірі осылай басталады. Бұл екінің бірінде бар өмір. Мұны Нұрлыбай іркілмей-ақ жазып бергендей. Жалғыз осы ғана болса, осы өмірдің ішінен «талай таптық маңызы» бар жұмысты да шығарып берер еді. Оған Нұрлыбайдыл қаламы жетеді де. Бірақ бөгей беретін нәрсе әмірдің бергі жағы ғой...


Үйде отырған соң Нұрлыбай ерікті ме, әлде, солай болуға тиісті ме еді, атқа мінді. Атқа мінгенде басқа байдың балаларындай салдық құрып «пәленше мырза» деген атақты іздемеді. Мұның құмартқаны басқа нәрсе болды: біреуді жәбірлесе, жылатса, ойран салса, сусыны қанып, құмары тарқайтын сияқтанды... Бірақ бұған қарап ел мұның атын өзгерткен жоқ, баяғы қалпынша «мырза» деп жүре берді. «Ерке өскен бала ғой, ақылы кірген соң өзі-ақ қояды», — десті.


Сөйтіп жүргенде Нұрлыбай өзгеріске кездесті. Өзінің бұрын бірге оқыған жолдасының бірі — «өзгеріс қаһармандарының» қатарына қосылған екен, соның икемдеуімен Нұрлыбай жұмысқа кіріп кетті. Бір болыс елдің жұмысын қолына ұстады. Бірен-саран пысықтар, өзіне-өзі сенгендер болмаса, Нұрлыбайдың жүрген жерінен жұрт ат-тонын алып қашқандай еді...


Мұның бәрі ертегі емес, шын. Шын болғанда Нұрлыбайдың өз қолынан істеген жұмыстары, кезінде мұның бірін теріс екен-ау деп еті шімірікпеген жұмыстар.


Басқасы басқа-ау, Нұрлыбайдың біраздан бері ойынан қалмайтыны, жатса түсіне кіретін жұмыстың бірі «алашорда» кезіндегі істері-ау!.. Бірақ өз тұсында ол жарастықты тура жұмыс сияқты еді, теріс болса енді болып отыр. Ол кездегі жұмыстың басқасы бір төбеде, ана бір большевик үгітшілеріне істеген жұмыстары бір төбе-ау! Бүйтіп дүние өзгеріп, түбі бір тергеу-тексеру болар деп ол кезде кім ойлаған. Бәрінен де жаманы сол оқиғаның ішінде болған, сол үшін өзі де жаза тартқан бір адамдар, осы күні жоғары өрмелеп, кеңес мекемесінің жұмысына ілікті. Олар, ол кезде есікте жүрген малай еді-ау! Тіпті ойдағы жоқ жұмыс. Нұрлыбай мұны ойласа тұла бойы тітіркеніп салқын тердің қалай шыққанын да сезбей қалады. «Тек құдай бетін аулақ қылсын!» — дейді ішінен күбірлеп. Дегенмен бүл әшейін бір көңіл жұбату ғой. Нұрлыбай кездессе, Нұрлыбайдың қайда екенін білсе, олар түтіп жегендей боп шіміркенуі сөзсіз...


Міне, арыз жазуға кіріскенде, өмірбаянын шолып өту керек болғанда, Нұрлыбайдың қолын байлап отырған күй осылар еді. Нұрлыбай осының қайсысына жабысарын білмей отыр еді...


Асхана жақтан салдыр-гүлдір «Қырғын келгір, көк түйнек келгір!» деп бір әйелдің шаптыққан даусы шықты. Бір бала шырқырап, үйді басына көтеріп жылады. Сөйткенше болмай, қара домалақ баланы бір қолынан ұстап сүйреп, шаптыққан сұрша әйел, ау-жайға қарамастан Нұрлыбайдың сырлы үстелінің үстіне әкеліп алып ұрды. Нұрлыбайдың жазуға ыңғайлап отырған қағазы баланың аяғымен ұйпа-тұйпа болды.


— Өзіңмен өзің болғанша бір мезгіл баланы да алсайшы, маған масыл қыла бермей, — деді сұрша әйел танауы қусырылып.


Нұрлыбай «бәу, бәу, қоя ғой» деп балаға жабысты. Бала қадірін білмеген әйеліне шын кейіді. Нұрлыбай бала күнінде бүйтіп таяқ жемек түгіл, ыңқ етіп даусы шықса үй іші боп абыржып, бүлініп қалар еді. Енді сол Нұрлыбайдың баласы мынау...


Нұрлыбай ауыр күрсінді, бала портфелін ашып бір нәрсе ала берем дегенде, біреу ұстата қойғандай боп бір пәкет қолына іліне түсті. Сұрғылт түсті пәкеттің сыртындағы иреңдеген жазуы Нұрлыбайға жаналғыш әзірейілден жаман көрінді, ол сұрланып, демін жиі алып, танауы қушия түсті.


— Қатын-ау, қатын!


— Не бар? деп көрші бөлмедегі әйелінің даусы шаңқ етті.


— Мына пәкетті кім әкелді? Мұны, менің портфелімді алған кім?


Нұрлыбайдың даусы әйеліне таныс: кексіз даусы бір түрлі болып шығады да, қысылғандағы, сасқандағы даусы екінші түрлі боп шығады. Мына сондағы дауыстың шығысына қарап, Нұрлыбайдың бір нәрседен қысылғандығын сезгендей, жақсылыққа болса игі еді дегендей, әйелі состиыңқырап көрші бөлмеден келді.


— Айтуға ұмытқан екем-ау... бір милиция кеп.. Жаман зәрем кетті. Қол қой деген соң, қол қойып алып қалдым.


Пәкет сыртындағы «19-аудан халық тергеушісінен» деген жазу қараған сайын құлпырып, зорайып, әрбір ирегі самсаған мылтықтың аузындай боп үңірейеді. Нұрлыбай пәкетке туралап қарай алмай төмен қарап, салбырап кетті.


Екі көзден сорасы аққан қара бала, Нұрлыбайдыл қорыққан пәкетін, сезбестен қолына ұстап, жұмырлап ойыншық қылды...





Пікір жазу