19.04.2021
  174


Автор: Бейімбет Майлин

Әліштің пырағы

Аудан аткомның "төтенше өкіл" деген мандатын төрт бүктеп боқшаңа салып, ауылдық "орындаушыға" келіп ылау тауып бер деп шұқшисаң, ол қалбалақтап сені Шегірдің үйіне алып барады.


Жай табан етігін қонышынан басып, жаман тымағын қисайта киіп, іш ауру болған адамдай көзі тікірейіп, Шегір алдыңнан шығады.


— Е, ылау жалғыз маған міндет пе екен? Жектір басқадан,- деп ол орындаушыны беттен ала түседі.


— Сенің жамандығың. Жаман болған соң, басынып келіп тұрғанын көрмейсің бе? — деп күйенте асынып тұрған қара қатын Шегірді шаптай түседі.


— Сөзді қой, отағасы, үкімет жұмысы екенін білесің ғой, науқанның тығыз екенін де білесің... әкел, жек! — деп орындаушы сөзді тікесінен қайырып, сұстанып бір алады.


Сен "төтенше өкіл" болсаң да, шаруаға қатаңдық көрсеткің келмей:


— Кезек сіздікі болса, жегіңіз, отағасы, біз ақша төлеп мінетін адамбыз,— десең, Шегір ала көзімен бір қарайды да:


— Рақымет — әй, бармысың? Ана қызыл өгізді әкеліп жек! — деп, албарда жүрген баласына ышқына бір айқайлайды да, ол айналып үйіне кіріп жоқ болады.


— Орташаның тәуірі. Биыл өзін байлардың қатарына да қосып жібере жаздадық. Шығымсыз, оңбаған адам,— деп орындаушы Шегірді жамандап біраз күңкілдейді.


Боқшанды қолтықтап, аяғыңды салақтатып, арбаға мінесің. Рақымет қызыл өгізді қосарға алады. Ауылдан ұзаған соң, бос айдаймын деп азаптанса, қызыл өгіз жолдан бұрылып алып, жонға қарай салады. Мың түрлі азаппен, күн жамырап бата бергенде, шоқ теректің бауырында отырған Әліштің ауылының үстінен шығасың. Ауылдың кешкі өмірін көзің бір шолып өтеді: жапырайған жер үйлер, алқам-салқам албар қора, тау-тау болып үйілген боқтық, көң, көңірсіген тезек иісі, күл тасып жүрген, от жағып жүрген әйелдер...


Ауыл өмірінде, нақ осы сағатында, ешбір өзгешелік жоқ сияқты. Бірақ Айтолқынның бұрқыраған ашуы, былаудай ісік екі көзі, көзінің алдындағы көкшіл таңба нақ бүгінгі күні осы аз да болса бір оқиғаның барлығын сездіріп тұр.


Айтолқынның басынан өткен оқиға сенің жұмысыңа байланысты ма, жоқ па, ол жағын тексеру әзір асығыс болады, өйткені Айтолқын арызын бастағалы отыр. Арызды тыңдап алып, қорытындыны содан кейін шығару керек.


* * *


Әліштің ауылы он шақты үй. Он шақты үйдің ішінде ағайынға беделі бар, аймағына айбыны бар — Әліштің үйі. Әліш — молда, ауыл-аймақтың өз сөзімен айтсақ: "қатым кәрдә молда", "құдай жолынан қия баспайтын тақуа", дұғасы қабыл болатын ізгі әулие.


— Осынша мақтағаның қандай адам, көрейікші өзін? - десең сонау ауылдың орта шеніндегі төбелі ағаш үйге бар. Басында сәлде, қолында таспиық, мұртын таңқита қырған, шоқша сақалды сары кісі. Есіктен кіргеніңді көрсе, көзін сүзе қарап, ажарын күлімсірете түсіп:


— Е, мырза, "төре", жоғары шық, шырағым,— деп қалбаңдай қалады.


Міне "Әліш молда" дегеніңіз осы кісі болып шығар.


Әліштің оң тізесін баса отырған, қапсағай пішінді, қауқиған сақалды, аларған көзді біреуді көресің. Ол — Әліштей жылмаң қақпайды, салқын қанмен, сені елемегенсіп, сенен өзін артық санағансып, саған жоғарыдан қарайды.


— Әуке, сіз қалай дейсіз? Осы күнгі жастардың өнерге ұмтылғанын мен өзім жаратамын дейді Әліш молда күлімсірей түсіп.


— Өнеріне тым — деп әлгі аларған көзді кісі теріс қарайды.


— Бұл — Әупілдек дейтін отағасымыз. Кедейлікті көп көрген кісі,— деп Әліш оны саған таныстырады.


Әупілдектің кедей екенін жұрттың бәрі растайды. Әкесі өмірде қойшы болып өткен екен. Қой соңында жүріп, бір боранда ығып өліпті. Әупілдек туғанда ауылы Есенбай деген көлдің басында отырады екен. Жазғытұрғы күн болса керек, түн күзеткен қатындардың құлағынан таң атқанша "Әупілдектің" даусы кетпепті.


Жұлым үйде бықсып шалқыған отты үре түсіп:


— Осы әупілдейтін не екен? — депті бір әйел.


— Бұл бір әулие құс болса керек. Көлдің суы тапшыланып кетпесін деп, жер астынан аузына ұрттап су тасиды білем,— дейді бір кемпір.


— Бәтір-ай, әупілдейтіні сол екен ғой! — деп жастау әйел аузын сылп еткізді.


Ертеңіне қойшы баласының атын "Қойбағар" қоямын десе:


— Баланың атын "Әупілдек" қоямын,- деп қатыны қарысып отырып алыпты. Сосын "Әупілдек" атанып кетіпті де барыпты...


Әулие құстың атын қойғандықтан ба, әлде Әлішпен ауыл-үй отырғандықтан ба, Әупілдек жасынан діншілдікке беріледі. Жасы отызға келгенде осы Әлішке намазға жығылады, "алқам", "құлқуалданың" әр жерінен бірін біледі.


— Әукеңнің ниеті таза, "алда тағала" ниетке риза боламын деген,— деп Әліш молда Әукеңді көтеріп қояды.


"Олай болса, менен озары жоқ екен ғой" деп, Әукең тұрса да оқиды намазды, жатса да оқиды намазды. Намаз оқымаған адам Әукеңе дос емес, ондайды көргенде:


— Азған пенде ғой,— деп күрсінетіні бар.


Әліш ауылындағы жаңалықпен жаны қас адамның бірі Әліш молда болса, екіншісі осы Әупілдек. Әліш молда қарсылығын шариғатпен дәлелдесе, Әупілдек Әлішпен дәлелдейді:


— Құдай жолына бас қиған, құранды үш рет шығып қатым қылған Әліштен артық білмексіңдер ме?... Сендер кәпірсіңдер! — деп Әукең мүлде көпіріп кетеді.


Әукеңді кейде іліп қағатын Қант. Қант дейтін ақ құба келген, арықша әйел. Жасы отыздан я әрі, я бері. 13 жасында Әукеңе әйелдікке тиген. 15 жасында бір ер бала тапқан. Баласының аты Болат. Аққұба, арықша, ұзын бойлы баланы көрсең Болат екен дейсің.


— Сені-ақ әулие көр. Қатым қылса, өзіне. Құдай жолына бас иіп... не істепті! — деп Қант бір іліп қалады.


— Діннен шықтың кәпір. Жасың отыздан асқанша, балаң "балиғ" болғанша, басың "сәждеге" бір тиген жоқ, күпірлігің осы емес пе? Сенің қойныңа жатудың өзі күнә,— деп Әукен, ісіп-кеуіп, жарып кете жаздайды.


Құдай туралы Қантта бұлдыр ғана сезім бар. "Құдай бар болсын, оған құлдық қылу керек болсын, ал, Қант құлдық қылмады, сонда қайтеді?.. Атама, асама?.. Құлдық қылмаған адамның бәрін атып-асатын болса, осы өлке бойында, Әліш пен Әупілдектен басқа "Құдай бар екен" деп отырған адам бар ма?


Әлішті "құдай жолына бас қойған ізгі" дегенге Қант өмірде сенбейді. Сенбеуге дәлелі бар. Бірақ сол дәлелін Әукеңе ашып айта алмайды. Әукеңе айтуға болмайтын ол бір сыр... Оған 10 шақты жыл болып барады. Қанттың жас кезі, бұдан да ажарлы кезі. Әліш кездескен сайын "жеңгей" деп жымың ете түседі. "Жақсы адам болған соң сүйтетін шығар" деп Қант жүре береді... Бір күні Әукең ел қыдырып кетіп, Қант үйінде оңаша жатады. Оңаша жатса, есік сықыр етеді. "Сүт ішкелі жүрген атам үйінің, ала күшігі ме?"— деп Қант көсеуді ала жүгірсе, адам! Адам емес-ау, Әліш молда, қазірет!


— Жеңгей, мен,— деп салқын саусағымен Қанттың ыстық білегін ұстап, қысып барады. Қанттың жүрегі алып ұшып, аузына тығылады... Құлағы шыңылдайды. Көзі қарауытады. Біраздан кейін, есін жиғандай болып, жас жүрегін ашу кернеп, қолы құшырланып түйіліп, молданы көкіректен тіреп тұра қалады:


— Неткен көргенсіз едің? Кімді басынасың өзің? — деген Қанттың ашулы даусы тынық түнде шаңқ етіп, аспанды түйреп еткен сияқты болады...


Әукең Әлішті мақтап көпіріңкірегенде, Қант ызаланып осы сырды ашып жібере жаздайды. Бірақ тартынады. Ашса Әукең ауыр алатын сияқтанады. Әукеңнің ойында сенбестік туып кететін сияқтанады. Қанттың қылдай жазығы жоқ болса да, ақ ісі арамға шығып кететін сияқтанады. Сосын Әліштің арамдығы Қанттың жүрегінде сыр болып сақталып жүре береді.


...Болат онға келгенде Қант пен Әукеңнің арасында бір тірес туады.


— Қазіретке оқытам. Дін танытам. Өлгенде басыма құран оқитын қылам! — деп Болатты Әукең Әлішке қарай жетектейді.


— Жұмақ бар болса, осы баланың құранынсыз да барасың. Тең құрбысынан кем болмайтын қылып оқытам,— деп Қант Болатты мектепке қарай сүйрейді.


Әукең Қантпен көп ерегісіп тұрмайды ғой, қарыса берсе, қара таяқ жаласып. Мына шүйке басты жаулығынан жалаңаштап қарасаң, екі-үш жерінде ай таңба бар. Ол — Әукеңнің қара таяғының таңбасы. Қанттың басы — үйренген бас. Қара қан неше рет сорғалап аққанда да өлген емес. Ендеше, Қант жеңілмейді! Ендеше, Қант Болатты мектепке кіргізеді! Қара таяқ зыңқ етеді...


Көрші ауылдағы мектеп мұғалімі ауылнайды ертіп келіп, Әукеңе протокол істемекші болып қысып барады. Әукең сұрланып, көзі адырая түседі.


— Қайтесің, шырағым, қартайғанда оны түрмеге жаптырып не бетіммен отырмақпын? Біз үйреніскен адамбыз. Біздің өміріміз осымен өтеді,— деп Қант араға түседі.


Бұл — Әукеңнің бірінші рет жеңілуі.


Екі-үш жылдан кейін Болат бала дыраудай болып өседі.


Қағазды танып алыпты. Жаттап алған өлеңі бар:


"Біз жас ұлан, жас жігер,


Ескілікті жоямыз!


Бай мен молда, қулардың


Екі көзін оямыз!..."


деп әндетіп қояды.


Қант жымың-жымың етеді. Әукен сұрланып біресе Болатқа, біресе Қантқа қарайды. Ашуы келіп алқынып, бірдеме айта берем дегенде, көзіне протокол елестейді. Әукең жым бола қалады.


— Қайтейін, қарағым, жалғыз-ақ тілегім: дініңнен айрыла көрме, "қамсамалыңа" жазыла көрме! —деп Әукең күрсінеді.


Бір күні... Бір күні болғанда, октябрьдің тойы болғалы жатқан күні Болат Қантты қырындап, бірдеме айтқысы келіп барады.


— Немене, қалқам? — деді Қант.


— Комсомолға жазылайын деп едім,— деді Болат. Қант аз-кем ойланып:


— Әкеңе білдіре көрме. Айтқанмен түсінбес, қарсы болдың деп қартайғанда оны қайда қумақпыз? — деп күрсінеді.


Білінбеу қайда, ертеңіне ауыл гу-гу етті. Гүлегенде айтатындары:


— Комсомолдар ту ұстап төбенің басына шығыпты. "Жасасын кедей үкіметі! Жойылсын бай мен молда!" депті.


— Комсомол біткен мойнына қызыл шүберек тағыпты!


— Комсомолдардың туын көтерген Болат болыпты!


Ел өміріндегі ірі жаңалықтың бірі ғой бұл. Ел тосырқаған жоқ, үріккен жоқ, қайта қуаныш жүзбен қарсы алды. Қант та қуанды. Жалғыз-ақ Әукең мен Әліш топтан бөлініп, комсомол хабарын күңіреніп қарсы алды.


— Қатын! Сені ұратын менде дәрмен жоқ. Тілегің осы еді, болды. Енді мені тентіретуің ғана қалды,— деп Әукең үйінде отырып еңкілдеп жылады.


— Қойшы, жазған, қайдағы жоқты айтпашы, қайда тентіреуші едің: қатының да, балаң да өзіңдікі,— деп Қант жылы сөйлеп, Әукенді бірсыпыра жадыратқандай болды. Шайды қоюырақ құйып беріп, Әукеңнің бойын жазылдырды. Әукең Қантпен шүйіркелесіп отыр, бір ғана тілек сұрамақшы болды:


— Есіттің бе, қатын: салкоз дейтіні шығыпты, малды да, жанды да, қатынды да ортаға түсіреді дейді,— деп Әукең бір күрсініп алды.


Қант шошып кеткендей болды:


— Апырм-ай, шын ба екен?


— Шын болмаса, айтам ба,—деп Әукен тағы бір күрсінді.


Әліш ауылына өкіл келіп, артель туралы түсініс бергенде, жұрт толқып кіруге бой ұрды. Әліш пен Әукең ат-тонын ала қашты.


— Балаң комсомол, сіздің кірмейтін жөніңіз жоқ,— деп әрқайсылары айтып кетіп еді.


— Мал менікі. Үй қожасы өзім. Бөлінемін десе, ерік баламның өзінде. Қатынмен екеуіміз салкозсыз-ақ күн көреміз деп Әукең сіресіп отырып алды.


Лоблып отырған жұрттың ішінен шегінетіндер шыға бастады. Біреу біреуді ұстап тартқылады. Артельге кірушілер мен кірмеушілер екі жік болуға айналды. Жұрттың толқуына себеп: толып кеткен өсек. Есіткен адамның төбе шашы тік тұратын өсектер бар. Қайдан шығып жатыр, таратып жүрген кім? Оны анықтаған адам жоқ. Бір сыпыралары есі жөн өсекке сол күйінше нанып жатыр, бірсыпыралары шикілігін сезгендей болып, әуре-сарсаң болып отыр.


— Молда кірсе, мен де кірем, молда кірмесе, мен де кірмеймін,— деп Жент дейтін жесір қатын келіп тапсына қалады.


Әліштің қатыны Айтолқын дейтін кісі адуын, ашудың ордасы ғой. Бір бет алса, ажарға қарай ма:


— Молдамен кіндігің бір ме еді? Кет, әрі, сықсимай! - деп. Айтолқын Женттің бетінен ала түсті.


— Сен ақымақсың! Сен кәпірсің! Сен көршіні кұрметтей білмейсің! — деп Әліш молда араға түсе кетті.


Айтолқын мен Жент бір-біріне ала көзімен қарап, артық тереңге бара алмады.


Әліш ауылыңда артель құрылмай қалды. Әліш мұны әлде болса беделінің барлығынан көрсе, Әукең "Әліш молданың шарапаты" деп ұғынды. Әукеңнің сөзін шынға шақырмақшы болып, Әліш "шарапатты" күшейтті.


— Денемнің бәрі зікір айтатын болды. Көзім ілінсе періште маңымды қамап алады,— дейтінді шығарды.


Әукең бұған да нанды. Басқаларды да нандыруға тырысты. Айтолқын бір жағынан қосарланып:


— Онысы рас, шырт ұйқыда жатқанда күбірлеп сөйлесіп жатады,— дейтін болды.


Қатын-қалаш Айтолқынның сөзін аузын ашып тыңдаса, Қант аузын жұмып тыңдайды. Бір сенбестен-ақ кеткен-ау!


Он үйдің кемпір-шалы түгелінен ораза ұстап, Әлішті имам қылып тарауық оқиды.


— Көптен қойылып кетіп еді, жарықтық, жақсы болды ғой, жақсылықтың нысанасы шығар,— деп шалдар биылғы тарауықтарын аңыз қылысады.


— Он жылдан бері тарауықтан безіп еді, осы шалдар неден құтырып жүр? — деп жастар жағы таңданады.


Оразаның орта шенінде бір хабар дүңк етті. Дүңк еткенде, есіткен адамдардың көзі ежірейе қалды:


— Апырм-ау, шын ба екен?


— Шын дейді.


— Шын болса, ғажап екен! — деп жұрт бастарын шайқасады.


Түптеп келгенде хабардың шығу реті былай екен: Ержан дейтін шалдың кемпірі әл үстінде жатады. Түн ортасы ауа бергенде, осының сыңайы жаман болып барады, иман айтқызып салайыншы,— деп Ержан Әліш қазіреттің есігін ашып кіріп келеді. Келсе, шамды бұқтырып, Айтолқын төсегінің үстінде тұрып отырады.


— Келін, шырағым, қазірет үйде емес пе еді? — деді Ержан.


— Үйде еді, бір жерге кетті, ұзамай келер,—деп Айтолқын солғын ғана жауап береді.


— Ендеше күтейін,— деп Ержан тізесін бүгеді.


Ауыл артель боламыз дегенде, "боламын!" деп алдымен өңештеген Ержан осы ғой. Шалдығына қарамай, келген өкіл болса соны қостап, айтқанын ауылға кейде істетіп жіберетіні де бар. Айтолқын — сол мінезі үшін Ержанды жек көретін сияқты еді, енді түн ортасында, есіз үйде елеңдеп жалғыз отырған үстіне келген соң, Айтолқын Ержанды жақын көретіндей болды. Ұзақты түнге ойлаған ой миында қайнап, "айтшы, айт!" деп аузына тығылып, еркін алып бара жатқан сияқты болды.


— Қайнаға! — деді Айтолқын,— інің әзірет кісі, ол кісінің сырын шетке шашуға да болмайды. Әйтсе де сізге айтқым келіп отыр.


— Айт, шырағым, - деп Ержекең Айтолқынға төне түсті.


Айтолқын бір күрсініп, "әзіреттің" сырын ашуға кірісті:


— Бірсыпыра уақыт болып барады, көзі іліне бергенде зікір айтып ұшып тұрады. Қалш-қалш етеді. "Мен кеттім, қатын, менің артымнан шығушы болма, шықсаң, соғып кетеді" дейді. Жалаң аяғына кебісін іліп, басына сәлдесін салып, асығып-үсігіп жөнеледі. Артынан шығуға қорқам. Таң сәуле бергенде қайтып оралады. Қайта баратынын бірсыпыраға шейін батып сұрай алмай жүрдім. Сосын, жолдастығым есіме түсіп, бір күні сұрадым: "Қатын,—деді,— мен керемет иесі болдым,— деді,— көзім ілінсе періште пырағын жетектеп келіп асықтырады да тұрады, күн сайын бармайтын жерім жоқ, көрмейтін қалам жоқ... Бірақ, қатын, бұл сыр, басқа адамға айтушы болма"— деді... Мұның өзіне ай болып қалды. Содан бері көрген күнім осы. Шамды бұқтырып отырамын да қоямын. Әрі беріден соң қылжырап көзім ілініп кетсе, әлденелерді көріп шатасып болам, сосын қорқып, көбіне ұйқысыз отырам...


Ержекең Айтолқынға қарап бақшия қалды. Нанарын да, нанбасын да білмеді. Әліштің сыры өзіне мәлім ғой. Бала күннен бірге өскен Әліші ғой. Әукең сияқты аңқау болмаса, Ержан оңайлықпен Әлішке алданған емес. Оны ауылдың шалдарының ішіндегі молдамен қас боп кеткен осы Ержан. Молданы тап осы жолы да іздеп келмейтін еді, кемпірін құрметтеген үшін келді: "Мен дейтін болсаң, жаным шығарда маған иман айтқыза көр" деп жалынушы еді кемпірі.


— Бұл бір ғажап нәрсе екен! — деп Ержекең тамсанды.


Ертеңіне әңгіме ауылға тарады. Біреуден біреу іліп алып кетті. Айтолқынның өзінен ауыз екі сұрағандар болды.


— Бәтір-ай!


— Жарықтық-ай!


— Айналайын әзірет-ай! — деп кемпір-шалдар қарық болды да қалды.


Жалғыз-ақ Қант таңданбады. Қант шектенуді күшейтті. "Әй, солай болмаса игі еді?" деген ой мазасын алып барады.


Бір күні Қант Болатты шақырып алып:


— Мен айтты де, осылай деп айтты де, баса айт! - деп баласын комсомол ұясына жұмсады.


...Ардақты оқушылар! Жоғарғы сөздердің бәрін мен Айтолқын мен Қанттың өкілге айтқан арызынан алып жаздым. Оқиға осы жерге келгенде, өкіл жұлып алғандай қылып:


— Сосын қайтты? — деп тікшие қалды.


Айтолқын айтыңқырамай мүдіріп еді, Қант суырып салды:


— Қайтушы еді, кіжінген жастар аңдып тұрып, Женттің қойнында жатқан жерінде ұстады! — деді.


— Әлгі пырағы қайда, пырағына мініп қашып кетпеді ме? — деді қызыл өгіздің басын ұстап келген Рақымет бала мысқылдай күліп.


Әліштің елді алдаған жұмысы сотқа тапсырды. Айтолқын басына ерік алды. Ауыл-аймақ ақтық рет бір күрсінді.


— Ал, шалым, енді не айтасың? — деді Қант Әукеңе қарап күлімсіреп.


Әукең біразға дейін төмен қарап тұнжыраумен отырды. Бір кезде басын көтеріп алып:


— Мен қойдым, қатын! Баяғыдан бергімнің бәрі адасқандық екенін білдім. Болатқа айт: ауылды жинасын, колхоз болам, алдымен өзім жазылам! —деді.





Пікір жазу