19.04.2021
  193


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Тоқсанымның шыңына шығарған..

Қанша жастағы адам болса да халыққа, тарихқа перзент. Сондықтан:


— Ассалаумағалейкүм, құрметті қауым, ел-жұрт!


Әуелі бөбек Дихан едім, одан кейін Дихан бала едім, одансын шәкірт Дихан, комсомол Дихан, одан кейін Дихан аға, одансын Дихан ата, енді, міне, өздерің тоқсанымды тойлап отырған Дихан - бабамын. Шүкірлік! Бәріне де шүкірлік!


Қарт адам бейне жас бала,
Қартайдым — мен де сәбимін,
Неткен тәтті, ел-ана,
Бүгінгі құрмет - әлдиің!
Әлди! Әлди! Әлдиің!


Мені тоқсанның шыңына шығарып отырған баба халқымыздың, дана халқымыздың ұрпақтары сіздердің елдігің мен кендігің, қанатың мен санатың, мархабатың мен салтанатың, әдебің мен өркенің, инабатың мен ғибратың, кең пейілің мен келісті зейінің, мәдениетің мен әдебиетің, әдет-ғұрпың мен ойын-күлкің, әнің мен сәнің, әзілің мен мәзірің, ақылың мен нақылың, тәлімің мен әрінің, талғамың мен талабың, шешендігің мен шеберлігің, көретендігің мен берегендігің, парасаттылығың мен шарапаттылығың. Міне, осындай да осындай алуан-алуан қасиеттерің болмаса, тоқсанға келе алар ма едім? Әрине, жоқ.


Тоқсанымның 72 жылын көркем әдебиетке - шығармашылығыма бердім. Абайдан кейінгі ұлы ақын Сұлтанмахмұт өмірінен «Сұлтанмахмұт арманы» трилогиямды 15 жыл жаздым, 4 жылым «Алтай асулары» өлең-романыма жұмсалды, торт жарым жыл Отан соғысы оты ішінде өтті. Оқ астында жүрген күндерімде жазған «Майданбек» дастанымдағы «Адамды адам қалай өлтіреді» деген бір ғана шумақ өлеңім үшін әскери трибуналда атылу жазасына бұйырылғанымда майданның (Калинин майданы) саяси басқарма бастығы генерал Дребедновтың сараптылығы-парасаттылығымен ғана аман қалдым. Содан бері, міне, 52 жыл бойы қалам сілтеп, шығармалар жазып келем. Әзір қаламым жорғасынан жаңыла қоймаған түрі бар. Иллаһи, солай бола берсін!


Жігіт-ақ едім оқтаудай,
Сілтенуші ем тоқталмай.
Қайтер екен-ей, мына,
Келе жатқан Тоқсанбай, —


деп жүрсем:


Тоқсанға келіп қалдым Құдай қолдап,
Тоқсанымның өзі де екен онды-ақ.
Жайнаған жас дәуренге кәрі еркемін,
Бәрі мендік тәрізді оң жақ, сол жақ!


Бүгін тоқсанға аман-есен мені жеткізіп отырған — туған жер, нұрлы аспан, таза ауа, салқын самал Қазақстанымның — қазағымның ақ тілеуі, жаны таза, ары асыл, кең пейіл, кең тынысты да ырысты ел-жұртымның қасиеті мен құрметі деп білем.


«Шындықты айта алмаған тілсіз шайтан»,—деп Мұхаммед пайғамбарымыз айтқан тәлімді де нанымды қағиданы 1997 жылы 27 мамырда қабылдауында болғанымда Президентіміз Назарбаев Нұрсұлтанға айтқанымды сіздерге де айтсам: менің шығармаларымның қай-қайсысы болса да өмір шындығының өрімдері. Томдап та, жекелеп те 50-ден астам кітаптарым шықты. Бірсыпырасы орыс тілінде, туысқан республикаларда жарық керді.


Жалған айту, мақтаншақтық, бөспелік табиғатымда жоқ Дихан-баба екенімді өздеріңіз де жақсы білесіздер, жаңағы кәп шығармаларымның ішінде:


«Шалқыма» мен «Алтайдың, асулары»,
«Сұлтанмахмұт арманы» — асылдары,
«Майданбегім» төртеуі — төрт құбылам,
Төрт құбылам мен кешкен ғасырдағы!


Алайда:


Өмірге бергенім аз, алғаным көп,
Наныңдар, бұл сөзімнің жалғаны жоқ.
Қаншама сілтеніп-ақ бақсам дағы,
Жырымның көкірегімде қалғаны көп.
Келмейді о дүниеге ала кеткім!
Деймін-ау...
Жасай берсем кеп жыл, көп күн.
Оны маған кім берсін?
Жұмыр басты
Мен дағы бірімін ғой «өлешектің».
Болса да бұл секілді ой кернеген,
Сонда да келе беред бой бермегім.
Армансыз өткен адам болған емес,
Мейлің — көн,
Мейлің — көнбе,
Мейлің — егес...


Дихан-баба қарттарыңыз, міне, осылай толғанады. Ең қасиетті арманым — халқымның арманы — тыныштық! Мол тыныштық! Жүзден астам ұлт мекендеп отырған елімізде қантөгіссіз, қақтығыссыз, тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлан-ғайыр тіршілігімізді, Тәңірім, тіл-сұқтан сақтасын!


Әумин! Сау-саламат болыңдар, ел-жұртым! Құрметтеріңе рақмет!





Пікір жазу