Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі
I
Алайма, султан, алайма,
Астыма мінген арғымақ
Аяңдай түсіп қарай ма?
Арғымақ дейтін жығыл
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?!
Арғымақ атқа алтыннан таға қақтырса,
Кілегей қатқан көкше мұз
Ол көкше мұздан таяр ма?!
Атаның ұлы асылға,
Малынды бер де, басын қос,
Басыңа тарлық іс түссе,
Ол ардақтаған әділ жанын аяр ма?!
II
Мен бір енеден бір едім,
Күндердің күні болғанда,
Бір енеден екі едім.
Екеуіміз бірге жүргенде,
Уәдеге берік едім.
Бір енеден үш едік,
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік,
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болма деуші едік.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік.
III
Еділді көріп еңсеген,
Жайықты көріп жемсеген,
Таудағы тарлан шұбар біз едік.
Исатайдың барында,
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.
Шабытымыз келгенде,
Ауызы түкті кәуірдің,
Шетінен сүйреп жеп едік.
Баста дәурен тұрғанда,
Біздер - дағы, Байеке,
Оза көшіп, кең жайлап,
Еркіннен еркін жатқан ел едік.
ІV
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік.
Со секілді асқан қайраттан
Ойлашы, кәні, не таптық?!
V
Ханның кірген ақ орда,
Бұзуын ойлап кеңестік.
Аламанға жел бердік,
Аса жұртты меңгердік.
Қара қазақ баласын
Хан ұлына теңгердік.
Өздеріндей хандарды
Қабырғасын сөгілді,
Қабырғадан аққан қан
Ат бауырына төгілтіп,
Ғәділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне өңгердік.
Күндердің күні болғанда,
Со секілді қайраттан,
Ойласаңдар, не көрдің?!
VI
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарында,
Басушы едім құлаштай.
Жәбір беріп, жала етсең,
Былғанған басым ықыласқа - ай.
Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса, тағы жетілдім,
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркімен бетімді - ай.
Есігіңнің алдына
Ұрмай-соқпай келтірген,
Арманың бар ма құдайға
Мынау Махамбет сынды жетімді - ай!!!
VII
Ханнан кегім ала алмай,
Арқаның алпыс саласына барғанда,
Айдаһардай арбадың,
Арбадың да қалмадың.
Қайрат қылар ерің біз болсақ,
Заманымда болған, сұлтаным,
Бізді жіпсіз байладың.
Еділ мен Жайық жер еді-ау,
Мекен еткен шаруаға,
Жағасы қорған жай еді-ау.
Жай қоныстан айрылып,
Мен бір қаңғырып жүрген қарашың,
Қайта-қайта шақыртып,
Менде қандай ауыр ақың бар еді-ау?
Қаңғырған емей немене,
Қара баста сенім жоқ.
Қаттылық емей немене,
Ханның бетін көру жоқ.
Кәрің қатты, хан ие,
Қанша қаттылық етсең де,
Ажалдан бұрын өлім жоқ.
IX
Мен ақ сұңқар құстың сойымын,
Шамдансам, тақсыр, кетермін.
Кетпей де нешік етермін?
Бұл барғаннан барармын,
Қиядан орын алармын.
Өтініп алып, от жақпа,
Дұшпанға қылыш шабармын.
Тілекті Тәңір оңғарса,
Бөліне көшкен еліңді
Үріккен қоңдай қылармын.
Жарыла көшкен еліңді,
Жаралы қудай қылармын.
Мен кеткенмен, тек кетпен ,
Сізден артық табармын.
Ашуыма көп тисең,
Өзекті жанға бір өлім,
Ордаңды талқан қылып шабармын.
Біртіндеп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген,
Мен кескекті ердің сойымын,
Кескілеспей бір басылма.
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар, намысымды қашырма.
Сүйегім тұтам қалғанша
Тартынбай сөйлер асылмын.
Ай, тақсыр - ай, тақсыр,
Бойың жетпес биікпін,
Бұлтқа жетпей, шарт сынба.
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да, жасырма.
Шамдансам, жығар асаумын,
Шамырқансам, сынар болатпын,
Кәр қылар деп тақсыр-ау,
Аяғыңа бас ұрма.
Байеке, сұлтан, ақсүйек,
Қыларың болса, қылыш қал,
Күндердің күні болғанда
Бас кесерім жасырма!
XI
Ақсүйек, сұлтан, Байеке,
Әкім болған сен едің.
Алдыңа келіп арыз айтар
Қас қарашың мен едім.
Айтып-айтпай немене,
Ер тілегі кесілді.
Мінгенде аттың тұяғы
Таға салмай тесілді.
XII
Ай, тақсыр-ау, ай, тақсыр,
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
"Ханым, ханым" дегенге
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды.
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,
Ту сыртыңнан жармай алар өтінді.
Тәуекел хаққа бел байлап,
Қималы найза өңгеріп,
Бозбалаға жел беріп,
Атқа мініп шыққанда,
Ұлым қалмақ сенің де,
Көрер едім көтіңді.
XIII
Мен, мен едім, мен едім,
Мен нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.
Ерегіскен дұшпанның,
Екіталай болғанда,
Азыққа етін жеп едім.
Ежелден табан аңдысқан
Хан баласы ақсүйек,
Ата дұшпан сен едің,
Аңдыған жауың мен едім.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Хан баласы ақсүйек,
Байеке, сұлтан сен болып,
Сендей нар қоспақтың баласы,
Қайсы бір жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес
XIV
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай даусын ақыртып,
Луәзін көкке шақыртып,
Олжа қылсам деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Еділде жатқан көп елге,
Мал толтырсам деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың
Терде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім.
Әлдилеген баласын
Жетім етсем деп едім.
Хан сарқыты — сары бал
Сұраусыз ішсем деп едім.
Ханның киген кіреуке,
Қараңғыда шештіріп,
Үстіме кисем деп едім.
Қанекей көріктіңді
Қараңғыда қармалап,
Қалыңсыз құшсам деп едім.
Тінікейдей тектіңді
Ителгі көзін төңкертіп,
Күшіктей даусын қыңсытып,
Аш күзендей белін бүгілтіп,
Әділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне үңілтіп,
Артыма салсам деп едім,
Тілекті тәңірі бермеді,
Өздеріңдей хандарды
Осындай бір қылсам деп едім.