18.04.2021
  245


Автор: Махамбет Өтемісұлы

Әрәйнә

Әрәйнә, жігіттер, Әрәйнә!
Арғымағың жарай ма?
Астыңа мінген арғымақ
Аяңдай түсіп, марай ма?
Арғымақ дейтін жығылғыр,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Күшіген жүнді шал жебе
Жауына қардай борай ма?
Ел шетіне жау келсе,
Азамат ердің баласы
Намысына шыдай ма?
Жаттан көмек сұрай ма?..
Арғымақ жалғыз, Ер малсыз,
Алланың не берері болжаусыз,
Жолдастарым, мұңайма!





Пікір жазу