17.04.2021
  287


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Қыз таңдау

Жағалбайлы: бір байдың баласы қыз таңдап, әкесі:


— Қыз айттырамын! — десе,


— Әуелі ол қызды өзім барып көріп келейін, тіл қағысқанда, сөзіме сөз қайыруға жараса, аламын! Оған жарамаса томырлықты тұнжырды алғанда, не оңамын? — деп, қыз көрерге екі жолдас ертіп, ел кыдырып жүргенде, елсіз далада үш жолаушы кез болыпты. Оның біреуі жасөспірім жас қыз екен. Жөн сұрасса:


— Тама деген елміз! — десіпті.


— Қайдан келесіздер? — десе,


— Мына баланың ұзатқан апасы бар еді. Соған амандыққа барып келеді, — десіпті.


— Бұл баланың өзін қай елге көзін өткізуге ыңғайлап қойған бала еді? — десіпті.


— Ондайдан аман, таңба салынбаған, дақ түспеген бала, — десіпті.


Қыз таңдап жүрген қу қызға қарап:


— Шырағым, «Тама қызы дәмді (тамды) келеді, қарыс сүйем а...ды келеді, — деуші еді. Қарысын тігіп, сүйемін сі...п байқаса, қалай болар еді?— дегенде, қыз жұлып алғандай:


— Ағайлар-ай, «Жағалбайлы жігіті жақты келеді, байлары көзі қиып мал сатпайтын атты келеді. «Қарысын тігемін, сүйемін сі...мін,» — деп жүргенде, сендей шекесі қушық, сорайған жақтылар сілесі құрып, талып өледі! — депті.


Олар да жөніне жүре беріпті, бұлар да еліне келіп:


— Әке, мен бір қыз көрдім, соны аламын, мал беріп, алып бер! — деген соң, әкесі құда болып, малын шоқ беріп, «қалыңдық ойнай» барып, «қол ұстатар» болып, жеме-жемге келіп, қыз үстіне жігіт міне бергенде, жігіт айтыпты:


— Мен Жағалбайлы да, сен — Тама,


Мен керги берейін, сен сана.


Екеуміздің қайсымыз өлер екенбіз,


Қызығыма бір қара! — депті.


Онда қыз айтыпты:


— Басыңда бар бөркіңіз,


Әр не қылсаң, еркіңіз.


Әкем мені малға сатты,


Аптықпай—ақ кергіңіз! — депті.





Пікір жазу