17.04.2021
  233


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүр-Жүсіптің өлер шағындағы сөзі

Жылым - қой, биыл жасым - жетпіс үште,
Өң түгіл, маған жалған жоқ қой түсте.
Өткіздім мен өмірді босқа шаршап,
Салумен ақ қағазға шимай кесте.
Жабысты он бесімде өлең маған,
Түстеніп Өлеңші ата, қона алмаған.
Бөктергідей босқа ұшып, болдым арық,
Бау ашпай көр балапан тук алмаған.
Көрінгенге - мен қызыл болдым түлкі,
Талайдың жаңаланған тымақ, бөркі.
Баяғыда болдың не, болмадың не,
Отырмыз көрген жанға болып күлкі.
Қыран боп іле алмадым аққу, қазды,
Өмірімде көрмей өттім жылы жазды.
Көздің суын ішумен, соған мәз боп,
Белшеден кешіп жүрдік батпақ сазды.
Көзтаныспен жауласқан жаттай болдық,
Апрель, май болмадық,марттай болдық.
Өзен, көлден бір жүзіп су іше алмай,
Ауыздықпен су ішкен аттай болдық.
Бақ кұсы маңайласпай басымызға,
Шаршадық жатқыза алмай қасымызға.
Қанша талап, бос шаршау далақ-далақ,
Ұшырадық өзіміздің тасымызға.
Өмір бойы ұшырамай бізге молдық,
Табысымыз, коп болса,ат пен тондық,
Әкемізді өлтірген жаудай болды:
Кедейлік, кемтаршылық, қысқа қолдық.
Құдайым бұла өсірді өзі бағып,
Жалғанның қызығынан шетке қағып.
"Өнер алды - қызыл тіл"- дегенменен,
Беталды шаба бердім текке лағып (үлағып).
Ерте азиат болғанмен алымсызбын,
Әйел болсам, күн, пұл жоқ, қалыңсызбын.
Қоға тартып көлден көп көргенім жоқ,
Ол жағынан жағдайсыз салымсызбын.
Құлақ естігенді көз бір көрмек: "Баяғы Нух Пайғамбардың заманында дүние жүзін топан су қаптады. Тау-таудан қырық кез асты",- деуші еді. Былтыр өткен 1928 жылы январьдан бастап "Наукан" - деген шығып, байлар жиған-терген мал-мүлкімен суға кетіп, толқын жұғып, мал да құрып таусылып, бай да құрып таусылып, тып-типыл болды. " Бір тамшыдан жиыла-жиыла дария болмақ, // Бір пұлдан жиыла-жиыла дүние болмақ. Байлардың ешкімге беруге көзі қимай жинаған мал-мүлкі дария болып, өздерін ғарық қылды. Бір пұлдан жиылып, үйілген дүние өздерін тұншықтырды. Кедейлер сусыз шұқанақ еді. Тасыған дария бөлініп-бөлініп бытырап, әр шұқанақта қалды.
Күн жайлатып, жаудырған қызыл туы,
Өткен жыл төгілген кез малдың шуы.
Тау-таудан қырық кез асып биіктігі,
Қаптады дүние жүзін топан суы.
Кеме қайда, жұрт мінді салын байлап,
Атызды қоймай ерікке толқын айдап.
Су жұтты, қатты толқын тұншықтырды,
"Салы суға кеткен" көп: соры қайнап.
Алай-түлей ұйтқыған боран соғып,
Көп жылқы науыт болды боранға ығып.
Талай жұтқа болмаған жарықтықтар
Шыбын-шіркей, быт-шыт боп, кетті шығып.
Қалмады іске татыр ірі кісі,
Осылай болады екен тағдыр ісі.
Құдайдың Құдайлықпен қылған ісін
Көзімен көреді екен тірі кісі.
Кедейге үлес болды құнан мен тай,
Теп-тегіс болып типыл құрыды бай.
"Дүние - кезек" —деген соз аққа шығып,
Бәрін қылған өзіңсің, Құдайым-ай!
Құдай ұрып, бай біткен кері кетті ғой,
Жиған дүние түбіне бір жетті ғой!
Құлақ бұрын шықса да құр салбырап,
Соң шыққан мүйіз өсіп ер жетті ғой!
Істің бәрі Аллаға аян болды,
Сөйлеушіге әңгіме баян болды.
Көзі қимай жинаған бай дүниесі
Өзіне жылан менен шаян болды.
Бір тамшыдан су жинап дария етті,
Түзу қарап ешкімге бұрмай бетті.
Жел тұрып, толқын қатты тулап соғып,
Жиған бай өзі ғарық болып суға кетті.
Шұқанақта су қалды болса бөлек,
Маңызы жоқ: береді кімге түнек?!
Ну орманды өрт алып, тып-типыл боп,
Бұтақсыздан сопайып қалды терек.
Ей, Мәшһүр, туа қастас болдың баймен,
Бай көрінсе, қашушы ең қолат саймен.
Байдың түбі боларын біліп мұндай,
Сөйлесіп қойғансың ба бір Құдаймен?!
Онан соңғы бір қасың қожа, молда,
Олармен елдеспедің бұрын-соң да.
Жамандап бас-басына өлең жазып,
Жазған сөзің әр жерде жүрді қолда.
Қажы мен ишандарды түйрей шаныштың,
Бәрінен бойыңды аулақ салып қаштың,
Аза бойың тік тұрып осылардан,
Арапшы жек көрсетер бар ма албастың?!
"Осымен бәр[і] бірге деп қатын бала",
Үйір-шүйір болмадың оған және (жана).
Бұ жалғанда үйлеспей ешкімменен
Жұртқа: "жынды" — дегізген Хақ тағала.
Ерігіп қаламыңды қолға аласың,
Сүңгіп, жүзіп кетуге қорғанасың.
"Өгіз өлер, болмаса арба сынар",-
Деуменен айран-асыр таң қаласың.
Мың тоғыз жүз, міне, отыз бірінші жыл,
Жылқы кетті, қой келді, мұны ырым қыл!
Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің!
"Қой анасы - бестен", деп,- бусайшы бел!
Жылан жылыс, өткіздік жазды, қысты
Жылқы жыл сапырылысып жұрт жүрісті.
"Құлағың естігенді көз бір көрмек!"
Көресің өлмегенің, қой дұрысты.
Өлмегенге бір дәурен кезек тимек,
Пенде асығып, аптығып, пісіп, күймек.
Ұрған Құдай пендесін қан қақсатып,
Құшырланып, құшақтап, аяп сүймек.
Мәңгі-бақи бұ дүние тұрмақ емес,
Қалжыратып шаршатты күнде Кеңес.
Өлмеген күл көреді, асықпаңдар,
Бұл "Кеңес" те таусылып, болар көмес!
Адыра тұл, қалды қурап қара шаңырақ,
Кетті ғой әлде қайда иесі аңырап!
Тірі кісі табыспақ бір-біріне:
Қойдай маңырап, қозыдай шулап, жамырап.
Жұрт көрді Құдай ісі оңайлығын,
Қысы-жазы тығын жоқ, күнде шығын.
Пенде асығып, жеткенше тарығады,
Құдай өзі көрсетпек - Құдайлығын!
Шайтанмен - ел, Құдаймен жат болды ғой,
Сол себепті жұрт біткен ғад болды ғой!
Көк пен жердің не пайда кендігінен,
Жақсылық, тынышлық деген қат болды ғой!
Кедейшілік - болар ма мұнша қиын,
Ойын-күлкі, ас пен той, қалды жиын.
Естігенің: жаман сөз, суық хабар,
Жұмыртқадай шайқалар күнде миың!
Ертегі емес, шын сөз ғой, Құдай - қаулы,
Қайда барсаң, жұрт болған ғаддың аулы.
Құдай жұп қып жаратқан екі түрлі,
Ішінара табылмақ һудтың қауымы.
Бас таласты Құдаймен - басты, малды,
Соларға боп пәленің қақ қарсы алды.
Кейінгіге қисса қып сөйлеу үшін,
Аман-есен қалдырған абұйыр (абур) қалды.
Бұл құлақ естігенді көз бір көрмек,
Не нәрсе әуел бастан егіз келмек.
Кейінгіге мылжыңдап, былшылдауға
Табылды заманада бізге де ермек.
Естіген бір сөз еді құлын жастан,
Таңбадай, жоғалмайтын, тасқа басқан.
"Қошқардың ені үзіліп түседі",- деп,
"Өліпті,- деген сөзді қасқыр аштан".
Естіген тегіс мұны жас пен кәрі,
Жүре бер нанбағаның әрмен ары!
"Кошқардың ені қай күн үзіледі?" - деп жүр ғой аққан, танған жұрттың бәрі.
Деп жүрміз: "Құдай бар!- цеп, бір, деп,- күшті!"
Сол сөз де болып кетті-ау дәл екіұшты!
Анық көңіл бекиді қарарланып,
Құдайлық, таң қалғандай, көрсетсе істі!


 





Пікір жазу