Ташкент сапары
Жігіттер, өлмеймін деп , қапы (ғапыл) қалма,
"Іздеген табылмас!" — деп, ойыңа алма.
Жетеді ақыр бір күн іздегенге
Құдайды бір жаратқан естен салма!
Ертеңмен дүйсенбі күн атқа міндім,
Араға сол бір қонып Шатқа келдім.
Кеудеме Құдай өнер берген шақта
Бетіне ақ қағаздың атша желдім.
Онан Семізбұғы - қорық (құдық) қондым,
Жүре алмай сол бораннан төрт күн тұрдым.
Өзіме тәңірім өнер бергеннен соң,
Жерлерде мен осындай кеңес құрдым.
Бет қойдым онан шығып Ерейменге,
Бергендей тамақ тауып кедей кімге?!
"Құрт болған сиыр етін жеймін десең,
Түс!" — дейді, сөйлес қылсаң сол әркімге.
Қаракесек, Сүйіндік жайладым тел,
Бес баласы Мейрамның дария көл.
"Құрт болған сиыр етін жеймін!"- десең,
Бозбала, қыс болғанда, Ереймен кел!
Жолымда қала берді Байбек аулы,
Неше жыл Кәрібаймен болған даулы.
Намаздыгер, намазшам арасында
Аралап өте бердім тамам тауды.
Бір ниет талап ойлап міндім атқа,
"Барсам,- деп,- иншалла, зиаратка!"
Жағдайсыз ауылдарға мен қона алмай,
Тау асып, барып жаттым Қарашатқа.
Қонаққа жоқ ел екен жайы, күйі,
Құрысын: қарын әйнегі, шымнан үйі.
Мейманға төбесімен тік тұратын
Қоскелді: жаңа болыс Баймен үйі.
Үй екен әр нәрсесі салтанатты,
Келіні - ас қылатын қолғанаты.
Баласы - біреуінен біреуі артық,
Әлікей жас мырзасы Керей атты (атлы).
Керейден сол бір нияз алдым теңге,
Тиын жоқ қара күреш онан өңге.
Құдайдың құдіретіне қарасаңшы,
Бел асып шығып кеттім дөңнен-дөңге.
Мәшһүрдің қараңыздар қызығына,
Бір түрлі жүрісінің бұзығына.
"Тәуекел, Тағала Алла, өзің бер!"- деп,
Жыланды барып қондым мұжығына.
Атқа - шөп, самаурын готов етті,
"Адам,- деп - талип ғалым сыйлап күтті.
Тік тұрды үй-ішімен теп-тегіс (тіпа-тегіс),
Құдайым күгпина алып рақым етті.
Мұжыққа болдық қонақ тіл білмеген,
Кәріп (ғарыб) бас тіршілікте не көрмеген?!
Құданың құдіретінің шеберлігі
Не білсін үйде жатып, жол жүрмеген?!
Жұма күн қонып шықтым Дауылбайдан,
Жүре алмай серке сойды жүрген жайдан.
Бәрінен ерте күдер үзген бір ел:
Қант, қаймақ, қара шай, сары майдан.
Шай іштім ертең келіп Жылқыбайдан,
Мезгілсіз жаман уақытта шықтым қайдан?!
Сүйіндік, айналайын, сенен кетіп,
Көже мен құтылмадым такты шайдан.
Онан соң барып қондым Сексенбайға,
Қандырды қос самаурын қойып шайға.
О дағы: "үш теңгең —деп нияз берді,
Қалған жоқ қарап тіпті босқа жайға.
Салғасын түзу жолға Тәңірім бізді,
Аяқ-қол, сегіз мүше, біреу көзді.
Баласы Баймен қажы - Бекмұхаммед,
Айтайын әңгіме қып онан сөзді.
Үйіне келіп түстім, уақыт - бесін,
Құдайым түгел (берсін) әр бір несін.
Куандық-Сүйіндіктің бір үйі екен,
Айтайын, жұрт біледі оның несін?!
Жібермей сол екі күн қонақ қылды,
Жайымды жүрген-тұрған сұрап білді.
"Тұрсаңыз Қараөткелде келіп түр!"- деп,
Бір ашке және үш теңге ақша берді.
Қайрадым сол арада жолдасымды,
Тапсырдым бір Құдайға мен басымды!
Айрылып ел-жұртымнан, болсам кәріп,
Құдайым көрер ме екен көз жасымды?!
Бауырсақ, қоңыр шолақ елемеген,
Жалғанда, ауыз байғұс, не жемеген?!
Құл болды, қош-аман бол, қайран жұртым,
Көтеріп көп назымды еркелеген.
Жақсыбай дұға қылдым - қажы орнына,
Жасырып кететұғын мен сорлы ма?!
Бір теңге баласынан болды ниғам,
Келмейді тамам Айтбай сөз формына!
Саһурат қонақ қылды ертіп келіп,
Ғылымның тәрбиесін о да біліп.
Бір теңге қырық тиын нияз қылып,
Жөнелтті керек-жарақ нәрсе беріп.
Қалтама ақша түсті сегіз теңге,
Жібердім мен көңілімді молдық кеңге.
Құданың құдіретіне сүйенген соң,
Бел асып күннен-күнге шықтым дөңге.
Күтінбей үйден жайсыз шыға қалдым,
Мұнымен Қараөткелге тура бардым.
Сапардың лауазымы қылайын деп,
Сол жерде керек-жарақ нәрсе алдым.
Қараөткел қаласында үш күн жаттым,
Әр жердің мен осындай дәмін таттым.
Жер - таға шегедей мұз боп қалып,
Атымды ақша беріп тағалаттым.
Тұтатса мерген білте, шақпақ шағып,
Бір Құдай оққағар бол, өзің қағып.
Періште, қағаз, сия қылма шығын,
Тұра алман мен аузымды тіпті бағып!