Момынның әйеліне шығарғаны
Қозғанға татулықты ауызға алдым,
Ақ өзек, Бүркіттіге қадам салдым.
Өліге бата, тіріге көңіл үшін,
Қаңбақтай жел аударған Момын бардым.
һумайун халал жұпты өткен екен,
Әркімдер-ақ келісіп кеткен екен.
Сырты-cay, алай-түлей іші-түтін,
Өлуге, өлмесе де, жеткен екен.
Сөз қаттым көңіл айтып, халін сұрап,
Шатпақтап онан, мұнан басын құрап.
Өздігінен кісі өлу оңай емес,
Сондықтан отыр екен зорға шыдап.
Жел сөздің тұнып жатқан кілтін аштым,
Бір түрлі тоқтау айтып, көңілін бастым.
Бұрынғыдан, соңғыдан түк қалдырмай,
Уатып, жұбату ғой менің қастым.
Мен қалып, ауыр тиді, ол өлген соң,
Қоштасып көз алдымда жөнелген соң.
Өшкен өніп, өлгенім тірілгендей,
Болды ғой, жан молдаке, сіз келген соң!
Молдаке-ау, баста бізді даңғыл жолға,
Мен айтайын, қаламды алшы қолға.
Алпыстан асқаныңда болшы жорға,
Шын болса, толғандығы кеудең нұрға.
Жарасын жүрегімнің білдің танып,
Сөз тыңда, қаламыңды қолыңа алып.
Ішкі лепті сыртыма бір шығаршы,
Мен-дағы ұмытайын тіліңді алып.
Кәпір-антқа, мұсылман тілге нансын,
Көңіл кірі айтумен кетсін, барсын!
Бірлі-байлы кісінің ғашықтығы
Артық-кемін, тыңдап жұрт, өлшеуге алсын.
Өзіңізге белгілі бастан-аяқ,
Ата-анадан жетім боп қалған саяқ.
Қалқайған, қарайғаннан дәнеме жоқ,
Құдайдың қалғаны жоқ мұнан аяп.
Мылжыңдамай қысқартып сөз айтайын,
Кешіктірмей сөзімді тез айтайын.
Алаңсыз тату-тәтті өмір сүрдік,.
Бәрі бір: мың айтайын, жүз айтайын!
Қосып ек махаббатпен шын ниетті,
Еттен өтіп, сүйекке дертім жетті!
Алты жыл, жеті ай, он үш күнгі өмір
Алты минут сықылды-болды, кетті!
Кешпеген нені білсін өз басынан,
Қалай кетіп жүргенмін мен қасынан?!
Молдаке, әлің келсе, бізді аяңыз,
Айырылған тату-тәтті жолдасынан.
Сөзіме шын ықыласпен құлақ салсаң,
Ауырлық, үстімдегі жүгімді, алсаң!
Сіз келген соң бір түрлі шаттыққа еніп,
Тірілгендей қуандым, маған нансаң!
Керек қылмай бар-жоғын мың мен санның,
Жалғызына бұрылмай жүрген жанның.
Аза тұтып бармаушы ең өліміне
Талай жерде құлаған арыстанның!
Ырзамын һумайунның өлгеніне,
Құдайдың жаңа тойдым бергеніне.
"Шын ұжмағы екен!"- деп, тынды көңіл,
Сіздей әз, ер ескеріп, келгеніне!
Бірі кем отыз жасында дүние салып,
Жаңа туған жас төлмен қосақталып.
Шәріф айдың әуелгі онында өтіп,
Ақыреттің бәйгесін және де алып.
Арыстан, һумайун, қарашы атын,
Құдай артық жаратқан асыл затын.
Күйгенім бе, молдаке, сүйгенім бе,
Сүйегіне түсірдім он үш қатын?
Һумайун жиырма тоғыз жасында өтті,
Айының, ол рамазан, басында өтті.
Ыстық боп іңкарланып көрген жас төл,
Бip жеті кейін қалып қасында өтті.
Салмақты, сабырлы еді қара жердей,
Сүйкімді, қылықты еді, көпке бірдей.
Қиянат діндарлығы өзгеше еді,
Сөйлесем, қылған ісін, кәміл пірдей.
Қалайша берген тәңірім жас басына?
Бекінген дәретсіз жер бас-басына.
Сарт, ноғай, орыс, қазақ, қожа, молда-
Бажайлап күтуші еді бас-басына!
Қадіріне түгел жетіп кәрі-жастың,
Үлкен аға, кіші іні, замандастың.
Мейманға төбесімен тіке тұрып,
Татқызып ләззатынан әр түрлі астың.
Мәуелі, ағаш болып, көлеңкелі,
Жиын, той, күнде сауық, мерекелі.
Келісімен отау үйі ордадай боп,
Үй болып, кетіп еді, берекелі.
Жалғанда аз күн дәурен сүре алмады,
Аз айтайын: он жыл бір жүре алмады.
Екі құрсақ көтерді аз өмірінде (ғұмырында),
Ешбірінің қызығын көре алмады.
Қызыл гүл, үлпілдеген, үзіліп түсіп,
Бұлбұл құс гүлстаннан кеткен ұшып.
Жүзінде кең жалғанның бір перзентті
Еміреніп, сүйе алмастан, еріні тұшып.
Мыж-тыж боп аз ғана өмір кетті, барды,
Келмейді, қанша айтқанмен, қайғы-зарды
Көк астын, жердің үстін жұрт: "кең!"-дейді,
Көрмедім, ей, бейопа, сенен тарды!
Ауыздан, қанша айтқанмен, дәмі кетпес,
Не керек, жерге кетті дауыс жетпес!
Айттым не, айтпадым не - бәрі бір бас,
Болған соң: ексе-бітпес, қуса-жетпес!
Бәйгігер, болғаның ба шаппас, желмес?!
Басына түспеген жан, айтсаң, білмес.
Құлағың естігенді көз бір көрмек
Осы екен:айтып болмас, қайтып келмес.
Бір нәрсе қолыңызда даяр, бардай,
Мен сөйлеп, тынышыңды алдым, зарлай-зарлай
Молдаке, жұрт көзіне дәнеме емес,
Өзіме ауырлығы болды дардай.
Дүниенің, опасыздық, шолағы ма?!
Ойымның жете алмаған олағы ма?!
"Қатын өлді. қамшының сабы сынды",-
Дейді жұрт, бір кірмейді құлағыма!
Жұмбақты анық шешкен, мінеки, сіз,
Сол үшін сіз құрулы болдыңыз тез.
Бар қылған бақытымызға сіздей жанды,
Құдайға өле-өлгенше ризамыз біз!
Ауырлығы өзіме бел талғандай,
Құтылмаспын,- деуші едім,- бұ жалғанда-ай!"
"Қырық күннен соң арқаңнан түседі",- деп,
Қуанттыңыз-үстімнен жүкті алғандай.
Момыныңның осылай жайы-күйі,
Неге мұны айтпайды мырза, биі?!
Тірі болсақ, алармыз сізді күтіп,
Деп кетпеңіз: "Зейне жан-қонақ үйі".
Мына бір сөз барады ұмыт қалып,
Қуандым ба мен көлден жұмыртқа алып?
Кешіп еді жетімдік басымыздан,
Өз анамыз ертерек өліп қалып.
Бір үй тола қалып ек ұл менен қыз,
Өтірік деп айтпассыз, көз көрген-сіз.
Бүгін келіп көрдіңіз: көптен бері
Отырмыз Ғабдұлғаппар,- міне, екеуміз,
Қайда кетті сол күнгі көрген жастар?
Қалғанымыз өлгенге болмайды астар.
Бұл келген соң, үймелеп бізді тапты
Бірді-екілі туысқан қарындастар.
Аялап әлпештеумен сыйлап күтіп,
Анасынан артық боп тәрбие етіп.
Ішімді өртеп мінезі көкейкесті,
Біреуінен, қылығы, біреуі өтіп.
Қылығының айтайын қайсыбірін,
Әр мінезі: бірінен бірі шырын.
Шер тыңдайтын тыңшыға кез келген соң,
Тарқатайын аз ғана іштің шерін.
Өткен өмір келмейді енді қайтып,
Басым, шатсам, алармын дертті ұлғайтып.
Көзі-жасты, көкірегі-қандыларға,
Жұбатсайшы, молдаке, ем-дем айтып.
Қасірет үшін жаратқан, тәңірім, арнап,
Кеудеңізде тұрғандай бәрі сарлап [саралап].
Тумаса да, туғаннан артық болған
Қақсап келді-ау Шаһида,- о да зарлап.
Екі бірдей аяулы кеткен жары,
Бұ жалғанда жоқ болып еш бір пары.
Өлсем-дағы кететін құлағымда
"һумайуным!"- деп қақсап шыққан зары.
Өзі кетті, һумайун аты қалды,
Жер қойнына барды да, жатып алды.
Жомарт патша, құдайым, берген өзі,
Деп тұрсыз ба біреуден сатып алды.
Ғабдұлғаппар десеңіз, ол не дейді?
Менен артық қайғырып уайым жейді:
"Саған қатын табылар тірі болсаң,
Маған келін кез болмас мұндай!"- дейді.
Жарық атқан, жалғанда, таң болғаны,
Көргендерге тамаша таң болғаны.
Қалғандардың ауызында сөз боп қалды,
Жан біткенге жағымды жан болғаны.
Жанға қимас жан еді, ажал алды,
Сүп-сүйкімді кезінде құрық салды.
Шілдехана беруге қол көтертпей,
Тана, моншақ саудырап текке қалды.
Ерлі-байлы болған жан көп қой елде,
Көрдіңіз әр түрлісін жүрген жерде.
Тоқтатуға, уатып, жұбатуға,
Дейді жұрт: "Қатын-жолда, бала-белде".
Жүзінде бұл жалғанның болған тәтті,
Құдай қосқан, кид құдай(шын еді), махаббатты.
Жалғанда жар табылу болар қиын,
Оң жұлдыз ізгі күнде туған сәтті.
Дүние - бір бұлаңдаған қызыл түлкі,
Қалмайды, қаза жетсе, кімнің мүлкі?!
Махаббат баласына кіріптар боп,
Біз-дағы жұрт аузында болдық күлкі.
Басына жаулық салса, бәрі қатын,
Асылдың, таниды ғой, асыл затын.
Молдаке-ау, ауызыңыздан айналайын,
Махаббат, не екенін, білген атын.
Махаббат - сәулесі зор, құдай нұры,
Көрген жан сол сәулені қалмас құры (құр).
Қалған соң күндізгі күн - түндей болып,
Қайғының аса қалың түсті зоры.
Бола алмас мақтағанмен суыр-сусар,
Біреуі-інге, біреуі көлге жусар.
Жалғанда еш қасірет көрмек емес,
Махаббат баласына болған душар.
Көңілдің, ел қалмаған, жайлауында,
Бұлбұлдың мүлтігі жоқ сайрауында.
Жалғанда бары-жоғы,- бәрі бір бас,
Нәпсінің, жүрген жанның, айдауында.
"Тар жер, тайғақ кешуде"-қосылғанда,
Ер қайда көңілді аулар осындайда?!
Даяр ғой ат-арбаңыз сборныймен (із бұруымы)
Кәнеки, көңілдегі кешір қайда?!
Өтпек пе пенде шіркін бір тосылмай?!
Кез болдың қайдан бүгін жыл құсындай?!
Білгенге-жыр, құр бір дым білмегенге,
Мінеки, жалған ісі бәрі осындай.
Сенбейді ғашық оты бір жанған соң,
Екі ағаш басын қосып тұтанған соң.
Жанбайды, жалбарынсаң, жалғыз ағаш,
Айырылып қосағынан бір қалған соң.
Айтқан сөзге түсуге (түсінуге) керек дана,
Сөзге түспей (түсінбей) күйдірер көп жұрт және
Неге тұлға болмақшы, ойлашы өзің,
Жұртта бықсып бір жалғыз жатқан шала?!
Құр сыртың сау болғанмен, ішің-түтін,
Жарған ағаш жартысы - болмас бүтін!
Құдай өзі күш беріп оңдамаса,
Ішкенмен ем болмайды аққу өтін.