17.04.2021
  180


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мәшһүр Жүсіптің Әмен атынан сөйлегені

Қолыма хат жазғалы алдым қалам,
Құбылып толқын боп тұр күллі ғалам.
Буылдырып құрбыларға өрнек үшін,
Кетейін бір сөз сөйлеп, келсе шамам.
Не келер қанша айтқанмен біздің қолдан,
Жазуы бір Алланың - не дүр шарам?!
Істемей ауыр жұмыс жүрген басым,
Тауына Кавказ арман(армян) қалай барам?
Қойша иіріп призывқа қамағанда,
Құр сүлдең, жүре алмайсың, басып қадам.
Патшадан құрық түсті басымызға,
Жан сақтап, паналауға қайда қалам?!
Солдаттар иіріп айдап қамағанда,
Бұраңдап жүре алмайсың, басып қадам.
Еш лаж (ғилаж) қолымыздан келмеген соң,
Қарата Керекуге бастық қадам.
Он тоғыз - отыз бірді список қып,
Жібермей қамағанда, толған аран.
Он тоғыз - отыз бірмен сорымызға
Айтқаны болды ма өтірік хадис-калам?!
Біреу-бай, біреу-нашар, біреу-жалғыз,
Үштен бір, аяғанмен, қалды ма адам?!
Бір үйден тегіс кеткен үшеу де бар,
"Патшадан льгот бар",- деп.болдық алаң.
Үйден бір қадам басып шыққан соңғы
Немене, көрген көзім, бәрі қараң?!
Мысалы ақыреттің тозағындай,
Жарқ етіп шығып жатыр қалған адам.
Тағдырдың кермесіне кез болыппын,
Дәрмен жоқ үзіп кетер, не дүр шарам?!
Басыма бұдан бұрын қалған орнап,
Таудан-зор, тастан-қатты бар бір жарам!
Құрбылар, қиын екен ойнап-күлген,
Бас қосып бір табақтан жеген тағам.
Жақсы күн тумай тұр ғой қалғанға да,
Айрылып қызық көрер заманадан.
Жарқырап ай мен күндей келер едік,
Құламай аман өтсек, бағанадан.
Не болар артта қалған үйдің іші,
Тұрған соң бала айрылып ата-анадан?!
Жоқтығы шешем үйде ойға түсіп,
Қаңғырып жүре бердім айдаладан.
Шығарып салған бір жан жоқтығынан,
Жөнелдім жұрттан бөлек, батып қарам.
Тетелес қарындасым Әмина-жан,
Айтайын саған енді кімнен сәлем (салам) ?!
Екеуміз бір ұяда қалып едік:
"Тұрар-деп-қылып дауа!"- ойыма алам.
Біз үшін кім жыласын, кім езілсін,
Суға аққан толқынында шөп-шар, салам?!
Кереку алыс жер ғой жер түбіндей,
Баяннан жөнелтерлік болмады адам.
Төрт бөліп түн ұйқысын тұратұғын,
Қайтейін жоқтығың-ды, қайран анам!
Әкенің ең жақсысы - жездедей-ақ",
Соны айтқан бұрынғыда әулие адам.
Дуасын кепке қылған аямасын,
Жадыраса, жарылқанып барша ғалам!
Жай-күйі, жетімдігі түссе есіме,
Дал болып айран-асыр (хайран-асыр) естен
Балалар, артта қалған, ал есіңе,
Дөкейі "жеті жетім"- қандай адам?
Жетімдік - пайғамбардың бір мирасы,-
Демесем, сөйлей берсем, естен танам.
"Үй іші артта қалған не болар?"-деп,
Әр түрлі ойға түсіп, кетіп барам.
Хабарсыз, дәнемеден уайымсыз
Кез болып жүрген күнде алаң-салаң.
Қам қылмай өз басыма кеткендігім,
Бір жұмыс басын ұстап, болдым алаң.
Түсіріп бәрімізге қызыл билет,
Ауылнайлар дүңк-дүңк етер, жалаң-жалаң.
Он тоғыз - отыз бірді список қып,
Жібермей қамағанда, толған аран.
Кедейлер, арманың жоқ, баймен бірге,
Бөлек қып, жұмыс бар ма ала алмаған?!
Болыстар байды іріктеп алып қалып,
Кедейді бірыңғай ғып саралаған.
Жарлыға бұ да тиген дәурен шығар,
Көшені патша жүрген аралаған.
Шын қиын бәрінен де мынау болды,
Ал енді жай-күйіңе қарамаған.
Тұрмайтын ұйқың қанбай боздақтарым,
Тұрдың ба алаң қарақ сары таңнан?!
Торланып талай жалғыз, талай маңғаз,
Асаулар үзіп торды қала алмаған.
Құнымыз біздің аттан оңай болды,
Жақсы атты еріксіз зорлап ала алмаған.
Келуге, жазсын Алла, жігіт-жасты,
Аллаға шын сыйынған құр қалмас-ты!
Бұл дүние бір қараңғы болды тұман,
Жүре алмай, ақылынан, жұрт адасты.
Қайтеді ақшасы жоқ кедей байғұс,
Қам қылып ат пен тонын ала алмаған?!
Жас бала жол көрсеткен боздақтар көп,
Аяғын бұрын қадам сала алмаған.
Ажалдай еріксіз айдап, ұшырып жел,
Шегініп ешбір мойын қала алмаған.
Мақал бар: "Аз сөз-алтын, көп сөз - көмір",
Мұны[мен] сөз аяғын тамамдаған".





Пікір жазу