17.04.2021
  196


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ит дүние (екінші өлең)

Ит дүние, мұнша неге олақ болдың,
Ұстауға құйрық-жал жоқ, шолақ болдың.
Дүниеде жолдас болған достарыңның
Ит дүние, бәрін бірдей тонап болдың!
Ит дүние, ойлап тұрсам, диуанасың,
Кеш тұрып, ерте жатсам, суаласың.
Ілескен достарыңды отқа итеріп,
Шапақтап екі алақан, қуанасың!
Ит дүние, кәне, сенің болған жерің,
Әрқашан жақсыларға қонған жерің!
Жібердің Қарынбайды жер түбіне,
О, пәлі, кәне, сенің оңған жерің?!
Ит дүние, залымдарға жолдас па едің,
Жақсыға, жақсы болса, қонбас па едің?!
Ғалы мен пайғамбарға жоламайсың,
Мен сені сонан соң-ақ: "Оңбас!"- дедім.
Ит дүние, талайлардың көзін ойдың,
Мен саған сонан соң-ақ әбден тойдым!
Жаннатқа ақымақты кіргізе алмай,
Апарып жер ортаға дел-сал қойдың.
Ит дүние, жарға ойнаған лақтайсың,
Толқыған, кетеріңде, сынаптайсың!
Алланың береріне кез келсе егер,
Тасыған таудан аққан бұлақтайсың!





Пікір жазу