Нәпсіңді атқа мінгізбе
Қалмады ойлай-ойлай басымда ми,
Оянып, көзіңді ашып, есіңді жи.
Ағыздым мен бір бұлақ көзін тауып,
Мес қылып құлағыңды толғанша құй.
Ойлайды: "Өлмей, көп жас жасайын!"-
Залалдан ойламайды қашайын деп.
Әркім жеткен жерінде сенделіп жүр,
Ілгері ойламайды басайын деп.
Базарға келіп едің ат терлетіп,
Бос жүрсің әр нәрсені тамаша етіп.
Сен бүйтіп далбаса боп босқа жүрсең,
Жұрт тарқап, сауда бітіп.қалар кетіп.
Жаслықта ұмтылып бақ ілгері өтіп,
Жұмысың жабдықтансын ерте бітіп.
Қолыңа қармағанмен түк түспейді,
Қалған соң жастық қуат бойдан кетіп.
Ұғып ал құлағыңа айтқан сөзді,
Басқа (сыра), сірә, жіберме келген кезді.
Кісің тауып жолдас бол аз өмірге,
Ойлама кісі екен деп өнерсізді (һөнерсізді)!
Ғибрат ал атқан таң мен батқан түннен,
Шықпассың, адам болсаң, айтқан жөннен.
Басыңа қайғы келсе, қапа болма,
Тарылып, назаланып шықпа діннен!
Болмайды түн күндізсіз, күндіз- түнсіз,
Ай кірсіз",- деген сөз бар,- Құдай - мінсіз!"
Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе,
Бірінен соң бірі бар артық - кемсіз.
Түзу бас, тура жолдан теріс те аспа,
Өнерсіз надандармен араласпа!
Бір істен пайда көрмей, залал тартсаң,
Бой бағып екіншілей аяқ баспа!
Жатады су түбінде шын асыл тас,
Тұрмайды дәнемеге зор қара тас.
Түк білмей өзін-өзі: "Білімдімін!"-
Деп жүрген ақымақтардан лағып қаш.
Өзіңді, есің болса, өзің ая,
Іске ұрын болатұғын жанға сая.
Қолыңнан келмес іске әуре болсаң,
Еңбегің қанша қылған кетер зая.
Пайдасыз керек қылма құр "сіз - бізді",
Артық біл: "Мың сіз - бізден бір шыж - мыжды
Туралық әркімге ащы тиер, тынышсыз,
Сонда да болып үйрен тура сөзді.
Тіл алсаң, қол қысқартып, тіл ұзартпа,
Ауыр жүк асқар таудай мойныңа артпа!
Дұшпан біліп қоймасын сырды десең,
Жан күйер досыңа да сырыңды айтпа!
Үлкенді - үлкен, кішіні кіші біліп,
Жүргейсің мүсәпірді көзіңе іліп!
Өзіңнен дәрежесі артық жанмен,
Орынсыз тайталаспа, сөзге келіп.
Ғылым біл, жұмыс істе,- оған серік,
Жарлыға мал, бұл ғылым - байға көрік!
Ғылым.білім, өнерсіз, қадірсізді,
Өлік біл, оны жан деп білме тірік!
Кеңдікпен өтсін десең, ерте - кешің,
Бір іске жұртқа ұнайтын сарып қыл күшің!
Өнермен жұрт аузына ілініп бақ,
Ұнамды охотникке болсын ісің.
Жүрерсің жайлы болсаң, жұртпен тату,
Жұмсақ боп, жұғымды бол, болма қату!
Өзіңді өзің қайғысыз қылам десең,
Пайдасыз қылмағайсың алу-сату.
Жаманның міндеті көп дәмін татып,
Шатылып жүрмегейсің басың қатып.
һәмматсыз, намірд асын жеп тойғаннан,
Бетімен өлген жақсы аштан қатып!
Орынсыз жындылық қып, күлмегейсің,
Көңіліңді, дүние көріп, бөлмегейсің.
Мың түрлі жақсы мінез көрсең-дағы,
Кісіге сыналмаған сенбегейсің!
Кетірме тілемсек боп бастың сыйын,
Дүниені олжа көріп бірер тиын.
Өзіңнен төменгіге мұқтаж болсаң,
Кеңесін жоқ бұл жалғанда онан қиын!
Қамқадан сөз білгендер ұзатыпты,
Болғанмен бедері жоқ - бөз артық - ты!
Болғанмен, пасық болса, кішіпейіл,
Орынсыз менменсіген көп артық-ты!
Орынсыз өршеленбе, адырайып,
Орынға, қолың жетпес, құлаш жайып.
"Білем!"- деп, айтып қалып, біле алмасаң,
Зор ұят, бойыңа мін, өзіңе айып.
Не пайда, күш жоқ болса, нарлығыңнан,
Пайда жоқ, кең болмасаң, тарлығыңнан!
Көрінбеген нәрсені аламын деп,
Айырылма қолыңдағы барлығыңнан!
Біреудің бір адамға түссе ісі,
Келерлік сол жұмысқа болса күші.
Қолынан келер іске болыспаса,
Болмайды онан асар жаман кісі!
Сөйлессе бетпе - бетке ойнап-күліп,
Өсектеп кетсе сырттан бір сөзге іліп.
"Күле кіріп, күңірене шыққан!"- жаман,
Тұрғайсың мұнафиқ деп, әбден біліп.
Бостан бос бір іс қылмай бекер тұрма,
Біліп қыл, бір іс қылсаң: теріс пе, оң ба?
Біреуді дүние әдепке үйретпесе,
Оны үйретіп түзеуге әуре болма!
Ойланып бұ жалғанға көз салмаса,
Жақсы (иақшы) менен жаманнан үлгі алмаса
Оны үйретіп оң жолға салу қиын,
Құдай өзі түзетіп, оңғарамаса!
Түзелер қисық ағаш құрған тезбен,
Жара оңалар, тастаса орап бөзбен.
Ақымақты түзету қиын болар,
Насиқат, көркем айтқан жақсы сөзбен.
Көп жаман, қорған болмас, жинауменен,
Түзелмес ақылсыз жан сыйлауменен.
Сый-құрметпен түзелмей кеткен жаман,
Түзелер қорлықпенен, қинауменен!
Үлгі үйрен жолдас болып нұсқалыға,
Көзің сал сөзді сөзге қосқанына.
Наданның өз басына қылған ісін
Қылмайды ақылды адам дұшпанына!
Адалдың айырмассың адалдығын,
Көрмесең бір жаманның арамдығын.
Мақтаулы жұрт алдында болам десең,
Біреудің ауызға алма жамандығын!
Дос, жолдас қылам десең қауым, көпті,
Бойыңа үйір қылма өкпе, кекті!
Жамандыққа жақсылық мінез қылып,
Бола бер бәріне де ыңғайлы,епті.
Бір қадам аяғыңды теріс баспа,
Керек қып өтірік сөзді, құлаққа аспа!
Бейнетін бұ жалғанның іздесемең,
Ісіне басқалардың араласпа!
Жастықта біздің бастан бәрі кешті,
Ақыл-ой түс ауған соң жаңа түсті.
Жынды деп жұрт айтпасын мені десең,
Көп қума бекер шаршап болмас істі!
Қарайла, шамаң келсе, жолдасыңа,
Жолдасың еріп жүрсе өз қасыңа.
Абыройым төгілмесін!"- деп ойласаң,
Ұяттан қолшатыр қып ал басыңа!
Мол болса жақсы ашиды қымыз қоры,
Көгорай көк майсада жазғытұры.
Сыналмаған сырғалаң бозға бола,
Айырылып қалма атыңнан сырлас торы!
Зор ұрма бір ісіңе қыла алмаған,
Түзелмес әуел бастан оңалмаған.
Жалғанда алданбайын деп ойласаң,
Жұмыспен әуре болма сыналмаған.
Бір сөзді шығарады бір сөз түртіп,
Ағыздым алтын қылып, мен мысты ертіп.
Өз пердем жыртылмасын деп ойласаң,
Әрқайда сөз сөйлеме перде жыртып.
Әр түрлі қылып пікір, ойла сана,
Ғылым, білім іздесең, болдың дана.
"Жұрт артымнан күлмесін!"- деп ойласаң,
Аяғыңның астына жақсы қара!
Шайтанның, шамаң келсе, сындыр белін,
Ол иттің керек қылма:жауын, елін.
Бір іске өкінбейін деп ойласаң,
Нәпсіңнің достық айтқан алма тілін.
Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,
Міне қалса, жортқызып, желгізбей бақ.
Өзін-өзі бағуға көп әл керек,
Көз соңынан көңілді жүргізбей бақ!
Нәпсінің кім құтылар хайласынан?
Залалы асып кетер пайдасынан.
"Білімді, зерек адам болам!"- десең,
Қара өзіңді басқаның айнасынан!
Көзің сал басқаларға: жақсы, жаман,
Ұнай ма қылып жүрген ісі саған?
Көңілге ұнамаса қылған ісі,
Бір қадам сен де соған баспа табан.
Егер де ісі жақсы, болса ұнамды,
Талап қып зор жаһатпен бас қадамды!
Айна қыл өзіңді-өзің түзетуге,
Бұ жүрген жақсы, жаман көп адамды.
Не пайда маңдайдағы екі көзден,
Салмақта, ақылыңды қылып безбен.
Айтыпты Лұқпан әкім өсиет қып:
"Мен білім үйрендім,- деп,- білімсізден!"
Өнерге өзіңді-өзің ерте баулы,
Жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы.
Қауіп-қатерсіз, қайғысыз болам десең,
Араз боп еш адаммен болма даулы!
Кетпесін жақсы әңгіме тіл мен жақта,
Алтын сырға боп жүрсін әр құлақта.
Қадірлі, халыққа сыйлы болам десең,
Қадірлеп жан біткенді жақсы сақта!
Қалмасын жерде десең айтқан сөзің,
Өзіңнің өз бойында болсын көзің!
Сөзіммен халқым амал (ғамал) қылсын десең,
Амал қыл өз сөзіңмен әуел өзің!
Байғыздай өзіңді-өзің жұрттан қашыр,
Ішіңді аш қып, үніңді таудан асыр.
Түгел адам болуға талап қылсаң,
Шала-шарпы жандардан сырың жасыр!
Ойласаң боламын деп халқыңа бас,
Қарасын аузыма деп кәрі мен жас.
Қойың сой, қымыз сапыр, қайнат шайды,
Жай - дағы дастарқанды, қазаныңды ас!
Жиылар маса, шыбын бал мен қантқа,
Ac, тамақ болады арқау адамзатқа.
Дастарқан мен қазанға мырза болсаң,
Тегіс жақсы сен болдың, жуық-жатқа!
Қадірлі болам десең қарындасқа,
Дуа жоқ бас айналар мұнан басқа.
Сүйкімді біткен, жұртқа, болам десең,
Ешкімнен дүние сұрап аузыңды ашпа!
Біреуден, соң берем деп, борыш алма,
Басыңды байлауда қып, кілтке салма.
Кісіден дүние алғаның - құл болғаның,
Кіріптар өз-өзіңнен болып қалма!
Жұртқа бер өз көңіліңе жарағанды,
Ас деп біл бойға сіңіп, тарағанды.
Аймағым көп болсын деп талап етсең,
Ренжітпе қол астыңа қарағанды!
Ac ішпе өз үйіңде ұрлап қана,
Жұмсама біреуді еріксіз зорлап қана.
Қойшыдай қорғандық қып қойды баққан,
Айырып ал залалдыдан қорғап қана!
Көзіңнің бір қарап қой ұшыменен,
Сырты түгіл үйірілсін ішіменен.
Кісілігі жоқ жанмен үйір болма,
Жолдас болсаң, жолдас бол кісіменен!
Пайдасы көпке тисе, әне, кісі,
Ұлғаяр өрге басып оның ісі.
Бір құлқын тамағынан құны аспайтын,
Жаман көп әлдеқандай көрінісі!