Аңқау адам туралы
Иеci білер сырын мінген аттың,
Көз жетпес қулығына адамзаттың.
Іш пысып еріккенде күлмек үшін,
Айтайын әңгімесін аңқау сарттың.
Ертемен сарт үйінен шықты дейді,
Бар екен бір есегі мықты дейді:
Өзімнен кетіп дәрмен шаршағанша,
Есегім, мінбен саған!- депті дейді.
Есегін сарт бейшара жетелепті,
Арасын тау мен тастың төтелепті.
Жолменен жалғыз қаңғып келе жатып,
Қуларға кез болыпты өңшең епті.
Адамда ақыл, айла көп - ті дейді,
Әр түрлі білер қулар, епті дейді.
- Аңқиған, ақылы аз, ақымақ сарттың
Ұрлайық, кел, есегін!- депті дейді.
- Жол үсті, түссек жаман көзге,- дейді,
-Мал жоқ па алсақ мұнан өзге?- дейді.
Жұп-жуан аяқ-қолы дығырдай сарт
Есегін ұрлата ма бізге?- дейді.
Бірі айтты:
- Мен ол сартқа барамын,- деп,
-Есегін барсам, ұрлап аламын!-деп.
-Еріп жүр меніменен, көр қызықты,
Ойлама: "Қолға түсіп қаламын!"-деп.
Аяндап сарт бейшара жолмен жүрді,
Екі ұры - бұ да жаяу, соңына ерді.
Бұлармен артындағы жұмысы жоқ,
Ыңылдап ашула айтып жүре берді.
Ұрының сонда жетіп бірі барды,
Есектің басындағы ноқтаны алды.
Киді де, өз басына кете барды.
Сол жерде есекті алып, бірі қалды.
Ұрының есекті алып бірі қалды,
Біреуі еріп сартпен кете барды.
"Есегім жетегімде келеді!"- деп,
Деп қиял, көрместен, сарт ойына алды.
Бұл ұры есекті алған қалды кетіп,
Қарасы көрінбейтін жерге жетіп.
Есек әбден орнықты - ау деген кезде,
Тартынып тұра қалды кекең етіп.
Дүниеде болсаң жақсы, ат қалады,
Ұстадан - тат, молдадан хат қалады.
- Арам өлгір, немеге жүрмейсің?!- деп,
Ажырайып, артына сарт жалт қарады.
Қараса сарт артына, есегі жоқ,
Есегін мінбесе де, көңіліне тоқ.
Қолында ноқталаулы бір адам тұр,
Орнында есегінің есектей боп.
Сонда сарт аң-таң қалды ауызын ашып,
Болғанға есегі адам жаман сасып:
- Сен өзің неменесің, жөніңді айтшы,
Кез болып, маған қайдан болдың несіп?!
Мен сенің есегіңмін еріп жүрген,
Екенім менің есек, әркім көрген.
Біреуден біреу алып саудаласып,
Өтумен қолдан-қолға саған келген.
Мен өзім дәл өзіңдей адам едім,
Шешемді көп ренжіткен надан едім.
Жұмсаса, тілін алмай қарсыластым,
Дарақы бейпіл ауыз жаман едім.
Бір күні шешемменен қарсыластым,
Бетіне жерден алып, топырақ шаштым.
Қарғады сонда мені: "Есек бол!"- деп,
Қарғыстан осындайға душарластым.
Есек боп, амал бар ма, жүре бердім,
Пейнетке неше түрлі көне бердім.
Тәубе қып, бір Құдайға көп жалынып,
Көңілді, шешемді ойлап бөле бердім.
Аяды шешем мені ойына алып:
"Балам,- деп,- азап тартып, жүр ғой налып
"Оңал - деп,- адам болып!"- тілек қылды,
Мінеки, болдым адам енді оңалып!
Мұны естіп сарт бейшара кетті шошып
Адырайып екі көзі, зәресі ұшып.
Есегің қолыңдағы адам шықса,
Мал түгіл кетерсің сен жаннан кешіп.
Үйіне сарт сол жерден кетті қайтып,
Қоржынын ол-пұл нәрсе үстіне артып.
Сөйледі бастан-аяқ қатынына,
Әңгіме бастан өткен кебін айтып.
Қатын айтты:
- Ей, байғұс, неткен жансың?!
Білмеген неге мұны мұсылмансың?!
Мойныңда қанша сенің ақысы бар,
Есек деп талай оны қинағансың!
Қой сойып, құрмалдық бер бұған,- дейді,
- Көп бейнет тарттырғансың оған,- дейді.
Есектен айырылғаны есінде жоқ,
Қатын да өз білгенін езді дейді.
Өйтті, бүйтті, әйтеуір есек кетті,
Қой сойып, құрмалдық деп, әуре етті.
Есек жоқ ермек қылар сарт байғұсқа,
Отырумен үйде босқа өмірі өтті.
Бір күні қатыны айтты:
- Базар бар!- деп, -
Бір тәуір, жөні түзу есек ал! - деп.
- Сарт болған соң, есексіз жөні келмес,
Басқаны ол есектен бақпа мал деп.
Тұрды да, сарт басына сәлде салды,
Тастамай нашагасын қолына алды.
Үш жерден орамалмен белін байлап,
Бір есек алайын деп базар барды.
Базарға бұрын сарт барып жүрген,
Нәрсесін керек-жарақ алып жүрген.
Есегін әнеу күнгі көрді дейді,
Сатуға жорғалатып салып жүрген.
Есегін көргеннен соң білді танып,
Қасынa жақындапты жуық барып.
Сыбырлап құлағына айтты дейді:
Пәлеге тұтылдың ба тағы қалып?!
Іштің бе үйге барып арақ?- дейді.
Болыпсыңтағы мұндай харап,-дейді.
- Алам деп тағы сені әуре болсам,
Қалармын дат деп бір күн қарап,- дейді.
- Сен, есек, көп жолама маған!- дейді,
Ренжіттің неге анаңды, надан?!- дейді.
Кетуің адам болып саған оңай,
Өлсем де, жоламайын саған!- дейді.
Үйіне, айтып соны, қайтып кетті,
Аяңдап кеш болғанда зорға жетті.
Солар да бір қатынға ие болып, -
Әйтеуір бұл жалғаннан өмір өтті.
Ұқпасқа айтқан сөзім кетер ағып,
Талайды қан қақсатқан тілім шағып.
Базарға бір ешкіні сарт айдады,
Мойнына ешкісінің қоңырау тағып.
Және бір есегі бар жетектеген,
Ежелден сарт қой сорды етектеген.
Табаны талқыдай боп жалаң аяқ,
Мініп ап есегіне тепектеген.
Жүрмеді жалғыз ешкі айдауына,
Сорының енді қара, қайнауына.
Ешкінің мойнында бар ұзын жібі
Есектің құйрығына байлауына.
Есекке ешкі тіркеп байлап алды,
Екеуін көп жүретін жолға салды.
Алдына екеуінің өзі түсіп,
Аяңдап ашула айтып кете барды.
Біреуі - адам.біреуі - малдың қоры,
Сарт пенен арылған ба есек соры?!
Жолменен жалғыз қаңғып бара жатса,
Кез болды жол үстінде бір үш ұры.
Бірі айтты:
- Мен бұл сартқа барам,- дейді.
-Ешкісін ұрлап мұның алам,- дейді.
-Бұл сартты аман-есен қоя беріп,
Не қылып тірі болып қалам?!- дейді.
- Жарайды, сен ешкіні ал, барып,- дейді.
- Алуың ебін тапсаң, анық,- дейді.
- Сен ешкісін бойыңа сіңірген соң,
Қалайын мен есегін алып!-дейді.
Бірі айтты:
- Кетті бұ сөз ұнап,- дейді,
- Барады сарттың несі қурап?- дейді.
- Ешкісін есегімен сендер алсаң,
Алайын мен киімін тонап!- дейді.
Үш ұры осылайша сөз байласты,
Бір сартты тонап алу болып қасты.
Білдірмей арт жағынан бұғып барып,
Біреуі ешкісіне жақындасты.
Ешкінің мойнындағы қоңырауды алды,
Есектің құйрығына байлай салды.
Қоңырау дауысы естілсе, бәрі түгел,
Сөйтіп ұры ешкіні алып қалды.
Жоғалып ешкіні алған кетті көзден,
Құлақтың құрышы қанар мұндай сөзден.
Алуға енді есекті бірі ойлады:
«Осы аман кетеді,- деп - не ғып бізден?"
Бұ жолда сарттан бөтен еш кісі жоқ,
Дауысы бар, қоңырауының, көңіліне тоқ.
Қараса бір мезгілде сарт артына,
Есекке тіркеп алған ешкісі жоқ.
- Бұ жануар қайда кетті, қашып?- дейді,
Иа шөлдеп, иа исе қарыны ашып?- дейді.
- Кешікпей, келсе керек хайуан өзі
Қоңырауын кеткен екен асып,- дейді.
Ұрының сонда жетіп бірі келді.
Ешкі, сен, көрдің бе?- сұрайды енді.
Бір ұры алып қашып бара жатыр,
Ішінe мына бақтың жаңа кірді.
- Жерде ме жететұғын жақын?- дейді,
Есекті мен келгенше, баққын!- дейді.
Бітта пұл, екі-нім шарик, біринжі бұғдай,
Беремін, байлап тұрған ақың,- дейді.
"Ұрыны, ешкі алған, келдім көріп",
- Деген соң сарт асығып кетті жүріп.
Есекті алып, зып беріп бұл жөнелді,
Сарт нанды өтірікке, құдай ұрып.
Ешкі мен есек шығып кетті қолдан,
Ер азығы ақымақ пен бейнетқордан.
"Киімді алам" деуші алдын тосып,
Салар судың бойынан түсті жолдан.
Сарт байғұс олай шапты, бұлай шапты,
Алқынып, алғаны сол тырлап қапты.
Ешкі онда, есек мұнда тып-типыл боп,
Адаспай өзі келіп жолды тапты.
Ұрғанын құдай әбден білді дейді, -
Есекке ешкі тіркемен, енді!- дейді.
Мерзімді су алдынан оқтай ұшырап,
Салар судың бойына келді дейді.
Таусылмастай сарт соры - мидай татыр,
Аз болса, оған қосылсын тұзды шақыр.
Екі көзі суда боп, етпетінен
Қарсы алдында көлденең біреу жатыр.
Осынша аңқау сарт сорлы қайдан туды?
- Талай көрген Жакеңмін сендей қуды.
Суға түсіп бірдемең жоғалды ма?
Көзің тесіп барады аққан суды.
- Айтайын, сен сұрасаң, менің жайым,
Құл едім қызмет қылып жүрген дайым.
"Ертеңмен ерте тұрып, бір қап алтын
Келтір!"- деп жарлық қылған сол қожайын.
Толтыра бір қап алтын салып едім,
Ұйқыдан өлген сорлы кәріп (ғаріп) едім!
Келгенде осы арықтың жағасына,
Кішкене ұйықтап, тыныштық алып едім.
Түбіме жүрген жанмын ұйқым жетіп,
Көремін байдың бетін енді не етіп?
Біле алмай не қыларым отырғаным,
Қабымен суға алтыным түсіп кетіп.
Жиренбей кім түседі суға салқын,
Айтамын саған ғана сөздің салтын.
Қабымды судан алып берген жанға
Бір уыс берер едім қызыл алтын.
Сол жерде сарт ойлады әртүрлі ой:
Алтынға ешкі түгіл алармын қой!
Ешкі мен есегімнің төлеуі үшін,
Құдайдың маған қосқан жылуы ғой!
Суым ғой күнде өзімнің түсіп жүрген,
Басы мен аяғынан кешіп жүрген.
Барсын деп үйге ұялмай абыроймен,
Құдайдың олжасы ғой маған берген!"
Жұлқынды киімінің бәрін шешіп,
Уыс алтын алам деп, көңілі өсіп.
Қолдай гөр иа, ер Хобби сұлтаным,- деп,
Күмп беріп, аққан суға кетті түсіп.
Түбіне сүңгіп судың барды жетіп,
Алтынды алам ғой деп үміт етіп.
Бұл суда азаптанып жүрген шақта,
Киімін жинап алып кетті жытып.
Салбырап бір мезгілде судан шықты,
Киім мен кісі түгіл шайтан жоқ-ты!
Ақымаққа адам, сірә, күлер емес,
Өмірінде қарға жемес мұндай боқты.
Ешкі мен есек бірге мана кетті,
Қосылып оған киім және кетті.
Біреуді үйтіп, біреуді бүйтіп алдап,
Құдайым әрбір жанды тентіретті.
Мырзалық жұрттан асқан Ноғайда бар,
Шошқаның не қабаны тоғайда бар.
Қайсарлық қайыспайтын әр жайда бар,
Қас сорлы, іздей қалсаң, со қайда бар?!