Партия хақында
Сөзіне (жүзіне) ақ қағаздың тартып қалам,
Сөйлеген хихаясын барша ғалам.
Болса да аспан - қағаз, дария - сия,
Болмайды сөз аяғы түгел тамам!
Көшпелі болған елдің шаруасы бар,
Шаһардың алып сатқан саудасы бар.
Айырып жапалақтан жем түсірсе,
Сұрайтын бір-бірінен сауғасы бар.
Жиылып жер жүзіне қыбырлаған,
Құпия жұмысы бар сыбырлаған.
"Пәленше бір оңаша шық!"- дегені-
Көрсетіп, оның аты, сөз ұрлаған.
Бөлектеп қай жұрт болса партиялап,
Қалмайды ұрғашыда(й) сол қиялап.
Басқа орын босағадан тимейтінді
Бас қылып, бас жегізіп тәрбиелеп (тарбиалап).
Көрініс, екі жақтан,топ көбейтіп,
Дау-жанжал, жанып тұрған шоқ көбейтіп,
Болмаса малға зиян, еш пайда жоқ,
Айғыр да тышып жатыр боқ көбейтіп.
Қазақтың мұнан кетер берекесі,
Жоқ болып ынтымақты мерекесі.
Дуагөй - жеген басқа, төрде отырған
Әркімнің ақсақалды бір әкесі.
Ие боп жамбасына отағасы,
Қасында еркесіген бір баласы.
Жілікті соған "мә!"- деп ұстатады,
Әкенің, баласынан, май жағасы.
Көп болып гуілдесе, байлауы жоқ,
Тәңір ісін сол сағатта ойлауы жоқ.
Жел, боран: алас ұрып, шаршап бітер,
Әр істің күні бүгін(бұрын) сайлауы жоқ.
Титықтап, әлі қоймас, шаршағанмен,
Күні өтіп бірін-бірі арбағанмен.
Көп бидің жалғыз аты жауыр болар,
Қол жетпес гауһар бар деп қармағанмен.
Бай түсер темен қарай шарасынан,
Айырылып аз - ауқатты қарасынан.
Аңдыған арам көңіл екі досты:
"Бір бұзық шыға ма – деп - арасынан?!"
Арасы ағайынның алыс болды,
Таласып дамылы жоқ жарыс болды.
Жетіліп партиямен дәрежесі,
Жақсыға жаман адам таныс болды.
Жаз болса, ауылдасып ыңғай қонып,
"Қызық қой бұ жүрген,- деп,- мұндай болып!"
Өңешін жалтыратып көп кедейлер,
Жүрсе де ат пен тоннан жұрдай болып.
Біреуді пана қылып, сүйенгенсіп,
Мәз болып, отырғанға саумал ішіп.
Мырзасы қасына ерткен сол нашарын
Шығынын соған артар сырттан пішіп.
Біреудің ерген ақымақ желігіне,
Жылп етер: "Жараймын - деп,- серігіне!"
Шақырса бір партия жаназаға,
Бармайды туысқанның өлігіне!
Жиылса, сәлемдеспес қырын қарап,
Ac ішпес сарпалтаңда атша жарап.
Ұзақ күн біткен сөз жоқ: керіс, тартыс,
Кетеді ерте келіп, кешке тарап.
Со(л) күн-түн азғырушы толып жатыр,
Шайтан да помогайтшы болып жатыр.
Күнәға бата бер деп ғасы құлға
Жыл, күні, құдайымның толып жатыр.
Қызады базарлары күз болғанша,
Қуарып көк жапырақ боз болғанша.
Ағайын кінәласып арбасады,
Әркімнің талас жері сөз болғанша.
"Ал енді тату бол!"- деп, біреу шығар,
Екі жақ болған елдің сөзін ұғар.
"Жақсы атын екі ортада алам,- деп,- мен!"
Бір үлкен бұ да әңгіме құлақ тығар.
Шақырысып, мал сойысып.татуласқан,
Жамырасып бір-біріне араласқан.
Июньнің аяғында жақындасса,
Күмәнін шөп шабарда, авгус(т) ашқан.
Айтысып, бата қылып, аруақ, құдай,
Болады татулығы бұрынғыдай.
Таласып шөп уақытында шабындыға,
Болады тағы қайта ел екіұдай.
Таусылмас соныменен күнде жиын,
Жұмыс жоқ бітіп тұрған соқыр тиын.
Мінуге толып жатыр байдың аты,
Кедейге күнде мінсе, болар қиын.
Кедейдің жыртылмай ма бұған таңы ?!
Білмейді қалбыр етсе, байдың шаңы.
Елді алып, үйде отырып күжілдейді,
Шыртиып, қоразданып жігіт паңы,
Көз салмас жақсы ниет жобасына,
Зoр беріп туысқанның жыдасына.
Мал алып бесіктегі жас қызына,
Жа(м)пылдап барысады құдасына.
Көрсетіп азына көп қуат-күшін,
Суытып, илікпейді, өңі-түсін.
Бай, жарлы, тере, қара - теңдік емес,
Құдалық, осы күнде партия үшін.
Аңқауды алдаймын деп бәрі ептейді,
Жұмысын құрғақ тілмен реттейді.
Жағында жапырақ ет жоқ ашаң қудың
Сиқырына неше түрлі көз жетпейді.
Халық - жұрт өзі құмар қалың дауға,
Дау болса, екі ит шығар ырылдауға.
Арам ит, осындайда, балпылдама
Болмайды ұзақ күнге омырауға.
Мойнына жеңгенінің әбден мініп,
Семірген шайтанымен көңілі тынып.
Бозарған сұр жыландай, іші - зәрлі,
Сүзектен тұрған жандай, өңі сынып.
Басына бостандық жоқ, дамыл алмай,
Сапырылып ертеңді-кеш жүрген талмай.
Тобындай қоңыр қаздың шу-шу етіп,
Аттанар көтеріле бірі қалмай.
Мұратқа бірі жетер тас салғанда,
Би, болыс, ауылнай боп басқарғанда.
Шығыны партияның суға аққандай,
Таласып, саннан кеміп тас қалғанда.
Саны жоқ қорқып енді тығылғанның,
Бәрі де пана іздейді жұлынғанның.
Мақсаты көңілдегі болған жағы
Үстінен баса берер жығылғанның.
Қайқияр сонда басы болыснайдың,
Ақшадан майын сұрап, ат пен тайдың.
Кигіз бен ақшасына дамыл бермес,
Шаруасын айналдырған көңсік байдың.
Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар,
Беліне бір кигізден күйек байлар.
Цифрын бес тиынның бес теңге деп,
Кедейдің хат білмеген соры қайнар.
Мойнына һайбаттанып знак салып,
Алдына шарылдаған даулар барып.
Күшіген, қарақұстай билер отыр,
Жемтігін өлексенің қоршап алып.
Осылай арамтамақ жеген бәрі,
Сақтанбас, обал ғой деп, жеткен әлі.
Жалықпай айта берсем толып жатыр,
Бұлайша заманада жұрттың халі.
Қорқатын адам қайда құдайынан,
Бұзық іс ойлағаны ұдайынан.
Тартылды биылғы жыл көк рахматы -
Халықтың пиғылы жаман ыңғайынан.
Қуаттап алып жүрсе әркім дінін,
Өткізсе ғаділдікте ай мен күнін.
Айтқанын жақсылардың кім ұғады?!
Сөйлеген қаламшылар сөздің шынын.