17.04.2021
  160


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Көрінбес

Көрінбес өз көзіңе, тіпті өз бойыңа:
"Өзімді-өзім білемін!"- деуді қоюыңа.
"Өзімді-өзім білемін!"- деп ойласаң,
Адасқан айдалаға бүл бір диуана.
Көк пен жер айдай ғалам көрген көзі,
Еш уақта көре алған ба өзін-өзі?!
"Қол аясы тұта алмас өз білегін"-
Деген бар бұрынғының мақал сөзі.
Ыңғайшыл дөңгеленіп келсе жолдас,
Алданған оны дос деп, әр кез оңбас.
Малдандың-ақ, алдандың, айтқан сөзін,
Ыңғайыңа көшкеннен күн бұрын қаш!
Анық досың (достың) ғайыбыңды айтқан жүзге (иүзге),
Жанашырды жоқ деп біл онан өзге.
Қақ маңдайы дұшпанның жалғандағы
Мақтағышы өзіңді көзбе-көзге!
Ақылды (ғақыллы) адам ақымақтан сілкер қолды,
Даярлап өз ғайыбына ашар жолды!
Сырттан айтпай, ерсі ісін көзіңе айтса,
Қайда бар жанашыры онан онды?!
Ақымақ адам хақлықты теріс көрер,
"Жанның бәрін бірдей"- деп, тегіс көрер.
Ақылсыздар білмейтін өз пайдасын,
Хақлық сөзді зор ауыр сөгіс көрер!..





Пікір жазу